-13.1 C
Алматы
Воскресенье, 27 ноября, 2022
spot_img
spot_img

Қара сейф

Ауылдан қалаға

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында колхоз, совхоз тарап, азын-аулақ кәсіпорындар жабылып, ауыл тұрғындары бала- шағаға  жұмыс жоқ болған соң қалаға қарай үдере көшті.

Қолдағы бар малын сатса да қаланың ортасынан үй алуға шама жоқ, көпшілігі қала сыртынан жер алып, үй салуға көшті. Қалтай ақсақалдың отбасы  да көп балалы отбасы еді, құдай қарасқанда үйдің үлкендері қырыққа таяп, отыздан асып, оқу бітіріп, үйленіп, қаладан үй алып, әке-шешеге қарасуға жарап қалған кезі еді. Қолдағы келіні мен баласын алып, азын-аулақ малын сатып, үлкен ұлы қала сыртынан әперген жер үйге «бала-шағаның жанында болайық, солардың бір жағына шығысып, көмектесейік» деп бір түнде ауылдан қалаға көшіп келді. Ауылдағы тұрмыстары да жаман емес еді, бақуатты отбасылардың бірі еді, алайды немерелерін оқытып, соларға қарайласу үшін көшіп келген еді.  Қалаға кіре берісте орналасқан жер үй «тоғыз жолдың торабы» десек те болады, күре жолдың арғы бетінде мал базары бар,саудаға ең қолайлы жер еді. Қалтай ақсақал оны бірден байқап, балаларына мал терісін қабылдау қоймасын ашып беріп, жем-шөп сатып, бизнесін дөңгелетіп алып кетті. «Ауыл қазағы саудаға икемі жоқ» деген лақпа сөзді жоққа шығарды. Балаларына шетінен баспана, үй алып бере бастады. Мал базарына ауыл- ауылдан ағылып келіп жатқан малды соятын орын ашты, сатылмай қалған мал екі-үш күн тұратын қора-қопсы, жеп- шөп, барлығын жүйелі бизнеске айналдырып, көзін тапты. Қазақ тегіннен тегін төрт түлікте береке бар демеген, қыз- келіндері жұмыссыз отырмады, ішек-қарын тазалап, малдың басын ұйытып, жуып-тазалап адал еңбектің нанын жеп, әжептәуір жағдайларын жасап, бір-бір көлік мініп, еңселерін түзеп қалды.

Қауіпті ақпарат

Қалтай ақсақал да шаруаға ширақ, есеп-қисапқа жүйрік, жас кезінде біраз жыл есепші болды, қойма басшысы да болып жұмыс істегені бар, бала – шағасына бағыт беріп, ақылын айтып, жөн сілтеп отырды.  Сол үйдегі Үміт апамыз да дастарханы кең, қолы ашық, мейірімді,  төрт ұл, бес қыз тапқан алтын құрсақ ана еді. Ұлдарын ғана емес, қыздарын да ренжітпей, әке-шешем деп келгесін, көмек қолын созып, ата-аналық қамқорлығын көрсетіп, демеп, баспаналы болсын деп жарғақ құлағы жастыққа тимейтін. Қыздардың барлығы тұрмыс құрған, бала-шағалы болса да ауылда қалып, балаларын оқыта алмай қалмасын, жұмыссыз отырмасын деп, қыздарды да жетелеп, жер алдырып, үй салдырып, бейімдеп, барлығын реттеп отыыратын парасатты жан еді.  Үміт әже қариясымен ақылдасып үйдің кенжесі, қолындағы ұлға арнап екі қабатты коттедж алмақшы болады. Ол кезде қазіргідей емес коттедж үйлер қала сыртынан сирек салынды. Бірен- саран ғана коттедж үйлер бой көтерген еді. Кенже ұлы да үйленіп, немересі де бар. Сонымен Қалтай қария сол кенже ұлға арнап қарастырып жүріп көрнекті екі қабатты коттедж табады.

Сауда қызып тұрған кез, жолдың арғы беті мал базар. Мал еті сатылады, құрбан айт кезінде де Қалтай атаның қызмет көрсету секторы да қызады. Мал сою, мал терісі, ішек-қарны, басы, «төрт түлік» тұнып тұрған береке, қып-қызық ақша. Жастар кәуәптың етін алады, сексеуілін де алыстан іздемейді сол жерден алады, сонымен кәуәп пісіріп, тау бөктерінде табиғат аясында демалуға шығарда керек-жарағын да сол жерден табады. Бизнестің түр- түрін жүргізіп, берекеленіп отырған отбасы болды.

Ел болғасын әр түрлі әңгімелер айтылды, алайда бұл отбасының береке- бірлігіне ешкім қылаң түсіре алмады. Өйткені, отағасы да, отанасы да парасатты жандар еді. Отбасылық әңгімелері базардағы әйелдер арасына тез тарап кететін, себебі Үміт ападан жұмыс сұрап, екі қолға бір күрек сұрап келетін ауылдастар қатары көбейе берді. Көпшілігіне көмектесті, тұратын жер беріп, жұмыс беріп, қал-қадірінше қол ұшін созды. Ауылдағы ағайынды, туысты ренжіткен емес. Алайда сондайлар отбасылық әңгімелерді естіп алып, базарға, ауылға таратып жіберетіні де болды. Осы жолы кенже ұлына коттедж бен оның бағасы базардағылардың жырына айналды.

Жүз мың доллар -ол кезде бұл ақша орта шаруаның түсіне де кірмейтін. «Қалтай ақсақал кенже ұлына  жүз мың долларға үй алғалы жатыр екен» деген әңгіме  базарда гуілдеп тұрғанымен қоймай, ауылға де жетті. « Не деген көп ақша, ондай ақша шенеуніктерде  де жоқ шығар, ммм, алатын болса, ондай ақша атамызда бар болғаны ғой…..»  деген болжамды қарапайым сексеуіл сатып отырған саудагерлер де жасай берді, енді ондай болжам жасауға өте көп ақылдың қажеті де шамалы ғой.

Қазалы түн

 Кенже ұлдары үйленген соң Қалтай қария мен Үміт ана  үлкен үйдің алдына екі бөлмелі жаздық үй салдырып алып, шал мен кемпір сол үйде ас – суын ішіп, бала-шаға, немерелерге, жұмысшыларға тамақ беріп сол шағын ғана жазғы үйде отыратын. Қалтай қарияның жұмыс орны да сол шағын үйдің төргі бөлмесінде. Келімді-кетімді саудагерлер мен де сол бөлменің бұрышында тұрған қара сейфтен ақша алып, есеп-қисап жүргізетін.

Бүгін әдеттегідей, бала-шаға, немерелері, қыздары барлығы қаужаңдасып, Үміт апаның кешкі кеспесін ішіп, үйлеріне тарасты.

Кіші ұлы мен келіні, немересі үлкен үйде жататын. Қазақшылық кеңарқалыққа салып «біз осы жазғы үйде ақ жата беремін, шал мен кемпірді құдай алмаса, кім алады дейсің» деп екеуі үлкен үйге жатпайтын. Қонақ келсе үлкен үйге төсек салып беріп, жастар жата берсін, бізге жазғы үй де болады деп қоятын Үміт ана.

Сол түні қаперсіз ұйқыда жатқан қос қария қара сейфтің ішіндегі болматын ақшаға бола ажал құшатынын білсе ғой …. Әттең… білмеді. Арқаны кеңге салып, бейқам ұйқыда жатты. Түн ауа жазғы үйге енген үш  қанішер, жетпіске жетіп қалса да қарулы, еңгезердей қариямен екі сағатқа жуық арпалысыпты. Шыны керек біреуінің шамасы жетпей атаны екі жақтап қылқындырып, басын таспен ұрып, саусақтарын сындырып, әбден азаптапты. Ал, апа ұйқыдан оянып, не болып жатқанын түсінбей, тұра салып есікке ұмтылғанда, есіктің алдында барлып тұрған жігіт кейуананың басынан таспен ұрған. Кейін дәрігерлер ананың қорыққаннан жүрегі жарылып кеткенін айтты. Көршілер естіп қоймасын деген оймен  ешқандай қару қолданбай  екі адамды бірдей үш сағат арпалысып о дүниеге аттандырған қанышер ұрылар қара сейфтен жүз мың теңге ғана тауыпты.

Азанмен жұмысқа оятатын анасының бүгін келмегеніне алаңдап кіші ұлы  ояна салысымен жазғы үйге  асығыс кіріп барды. Шағын үйдің едені қып-қызыл қанға толған. Сыртқы бөлмеде шалқысынан жатқан анасын құшақтап алып « скорый, скорый шақыр, милиция, милиция» деп жанұшыра айқайлай берді, айқайлай берді…. Ішкі бөлмеде қара сейфтің жанында жатқан әкесінің өлі денесіне жақындауға әл- дәрмені жетпеді. Қара сейфтің аузы ашық тұрды.

Дереу тергеу шаралары жүріп кетті. Қалтай қариямен сауда-саттық  жасасқан саудагерлер түгел тексерілді. Қарияның ұялы телефоны арқылы бірнеше адам күдікке ілінде. Ішінде Шу жақтан алып келіп сексеуіл өткізетін жігіттер назарға түсті. Қылмыскерлер ұсталды, жазаланды да, бірақ қазақы бейғамдық пен қазақы кеңпейілділіктің үлгісіндей болған қос қария әлі де немерелерінің қызығын көретін еді ау…..

Майлықұтова Мәрия Жұмақожақызы

Предыдущая статья
Следующая статья

Басқада | О других

Жаңалықтар / новости