12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҚҰТҚАРШЫ МЕНІ…

         –  Сенің атың кім?

           –  Темір…

           –  Нешедесің?

           –  Он бірден астым…

           – Ойын тәртібі бойынша сен маған тек шыныңды айтуың керек. Тек қана шыныңды. Егер өтірік айтсаң, ойыннан шығасың. Келістік пе?

           –  Келістік…

           – Мекен-жайыңды білесің бе?

           –  Білем. Бостандық ауданы, он тоғызыншы үй.

           – Жер үй ғой.

           – Иә…

           – Яғни, үйіңнің оң жағындағы мектеп-гимназияда оқисың. Солай ма?

           – Солай…

           – Қай сынып?

           –  Алтыншы…

           – Қазір үйіңде жалғызсың ба?

           – Иә…

           – Онда бейнебайланысты қосшы…

           Темір көп ойланбастан бейнебайланысты қосып, компьютердің дауысын көтеріп қойды.

           – Сәлем, балақай!

           – Сәлем!

           – Менің атым Еңлік! Ал сенің атың Темір ғой, иә?

           – Иә…

           – Үйде расымен-ақ өзің ғанасың ба?

           – Иә…

           – Қорықпайсың ба?

           – Жоқ, неден қорқам?..

           – Жарайсың, Темір! Маған осындай ештеңеден қорықпайтын дос керек! Айтпақшы, ойынның атын көрдің ғой иә? «Құтқаршы мені» деп аталады.

           – Иә, көрдім…

           – Ендеше, сен мені құтқаруың керек! Міне, көрдің бе, мен зынданның ішінде отырмын.

           – Мен қалай құтқарам?

           – Ол сен сияқты ештеңеден қорықпайтын балақай үшін түк те қиын емес. Саған жеті тапсырма беріледі. Солардың бәрін орындай алсаң, мен бостандыққа шығам. Ең бастысы, сен әр тапсырманы орындаған сайын қымбат сыйлыққа ие боласың!

           – Қандай сыйлық?

           – О, қу бала! Бәрін бірден білгің келеді иә? Онда былай істейік! Сен қазір есік алдына шық, табалдырығыңда не тұрғанын көресің!

           Темір компьютерге сенімсіз қарап отырды да, әдемі қыз күлімсіреп есікті нұсқаған соң сыртқа қарай жүгіре жөнелді. Есікті ашып еді, расымен-ақ пицца, кола және гамбургер тұр екен. Өз көзіне өзі сенбеген бала алар-алмасын білмей жан-жағын сәл шолды да, заттарды алып ішке кірді.

           – Қалай, маған енді сендің бе?

           – Иә…

           – Ойынды бастаймыз ба?

           Темірдің қызығушылығы енді оянғандай. Пиццадан бір тістеді де басын көңілдене изеді.

           – Онда алғашқы тапсырма! Тоңазытқыштан екі жұмыртқа алып кел!

           – Не үшін?

           – Темір, біз келістік емес пе? Сенің жеті тапсырма орындауың керек. Осылай артық сұрақ қоя берсең, мені кім құтқарады?

           Темір тоңазытқыштан екі жұмыртқа әкелді де, компьютер алдына қайта отырды.

           – Енді осыны екі қолыңа ұста да, басыңа жар. Ұмытпа, сені бағанағыдан да ғажап сыйлық күтіп тұр!

           Темір көп ойланбастан басына қос жұмыртқаны жара салды. Компьютер экранында Еңлік сықылықтай күліп жатыр.

           – Жарайсың, Темір. Мен саған ризамын. Енді басыңды жу да есік алдына шыға ғой.

           Мына сөзді естіген Темір басынан сорғалаған сары уызды екі қолымен жапқан күйі ваннаға жүгірді. Басын шала-пұла шая салып сыртқа ұмтылды. Міне, керемет! Жап-жаңа самокат. Ол ентіге басып қайта келді.

           – Құтты болсын! Қалай, ұнады ма?

           – Иә!

           – Ойынды жалғастырамыз ба?

           – Иә!

           – Айтпақшы, әкең мен анаң жұмыстан нешеде келеді? Бізді көріп ренжіп жүрмесін…

           – Анам жетілерде келеді. Әкем… әкем тым кеш келеді.

           – Олай болса, біз тағы екі-үш ойын ойнап үлгереді екенбіз. Қане, бұл жолы ас үйден сұйық май, кесе, қасық, майонез және кетчуп әкел!

           Бағанағыдай емес, ойынға шын берілген Темір Еңлік айтқан дүниенің бәрін жылдам алып келді.

           – Осылардан аз-аздан кесеге құя ғой. Алдымен майонезден бастайық. Болды, болды. Енді кетчуп. Аха, жетеді. Қалғанына сұйық май құясың. Азамат! Енді жақсылап араластыр. Міне, бәрі дайын болды. Білесің ғой, бұл – екінші тапсырма! Сыртта сені жаңа сыйлық күтіп тұр! Сонымен дайынсың ба?

           – Иә, дайынмын!

           – Ендеше кесені қолыңа ал да тауысып ішіп қой. Қане!

           Темірдің бар пейілі сыртқа ауған. «Бұл жолы қандай сыйлық тұр екен?» деп шыдамы таусылған бала ә дегенде жиіркене ұрттады да тәуекелге бел буғандай кесені басына бір-ақ төңкерді.

           – Міне, жігіт! Міне, менің нағыз құтқарушым! – деп сықылықтай күліп жатқан Еңлікке қарауға мұршасы келмеген Темір жүрегі айнып әжетханаға лоқси құлады. Сосын көзінен шығып кеткен жасты жеңімен сүртіп, далаға шықты. Жап-жаңа гироскутер! Темір өз көзіне өзі сенер емес. Әке-шешесіне «Алып беріңдерші» деп жүргеніне қанша болды екен. Мұның бағасы,  шамамен, сексен мыңнан басталады-ау… Ол жаңа сыйлығын құшақтап Еңліктің алдына қайта келді.

           – Қалай, ұнады ма?

           – Иә, ұнады…

           – Түрің біртүрлі ғой. Әке-шешеме бұл сыйлықтарды қайдан алдым деп айтам деп алаңдап тұрсың ба? Түк саспа, мен саған сауда орындарында ойналатын ойындарға лотерея билеттерін берем. Сен екі сыйлықты да достарыңмен бірге барып сол жақтан ұтып алдым дейсің. Жарай ма?

           – Жарайды…

           – Алдымен екі сыйлығыңды жақсылап тығып қой. Сосын біз үшінші тапсырмаға көшеміз.

           Темір екі ойыншығын төсегінің астына жасырды да, компьютер алдына келді. Жүрегі әлі айнып тұрса да үшінші сыйлық не болуы мүмкін деген ой санасын жаулап алған.

           – Міне, үшінші тапсырмаға да келіп жеттік. Дайынсың ғой?

           – Дайынмын!

           – Орныңнан тұра ғой.

           Темір орнынан жылдам тұрды.

           – Жейдеңді шеш!

           Темір Еңліктің айтуымен алдымен жейдесін, сосын, футболкасы мен шалбарын шешті.

           – Енді кезек ішкиімге келді! Қане, қане, Темір, батыл болсаңшы.

           Еңлік қаншалықты тықақтағанымен Темір ішкиімін шеше алмады. Беті бір қызарып, бір бозарып, ұяттан кірерге тесік таба алар емес.

           – Мен саған өкпеледім, – деді Еңлік. – Сен ойын тәртібін бұздың. Мен саған сеніп едім, мені құтқарады деп үміттеніп ем…

           Темір қолын бір-екі рет ышқырына апарғанымен бәрібір тәуекел ете алмады.

           – Темір, онда былай келісейік. Міне, қарашы, алдымен мен шешем. Міне, футболкамды шештім.

           Темір басын ақырын көтеріп еді, Еңлік футболкасын шынымен-ақ шешіп тастапты. Қызыл төстартқышпен ғана отыр. Ол көзін тез тайдырып әкетті де, қыз не айтса да жерден басын көтермеді.

           – Ой, ұялшақ, мен сені мықты жігіт екен деп жүрсем, бір қарауға да жарамадың. Жарайды, ал мен енді шалбарымды шешем. Міне, шештім. Айтпақшы, сен үшінші сыйлықтың не екенін білесің бе?

           Темір көзін жерден көтерместен басын шайқады.

           – Ол ана екеуінен де күшті. Оны білгің келсе, басыңды көтер де онға дейін санағанымша маған қарап тұр.

           Лажы құрыған Темір компьютерге көз салып еді, ішкиіммен ғана тұрған Еңлікті көрді. Жүрегі еркінен тыс атқақтап кетті, тынысы тарылды, ауызы құрғап, басы айналғандай болды. Баланың бұл хәлін дәл сезінген қыз сылқ-сылқ күліп шыр айналды да сәл қайқайып бір қырынан тұра қалды.

           – Енді ішкиіміңді шешпесең, ең қымбат сыйлықтан құр қаласың!

           Бала еріксіз ішкиімін шешкенімен, бүрісіп әуретті жерін қос қолымен басып тұр. Мұны көрген қыз одан сайын сықылықтай күледі.

           – Жарайды, сен маған ұнап қалдың. Сондықтан бұл жолы жеңілдеу тапсырма берейін.

           – Ал сыйлық ше?

           – Аа, сыйлықты ұмытпайсың иә? Ол сыйлықты қазір берсем,  әке-шешең анық күдіктенеді. Рас қой. Келесі тапсырма сәл оңайлау болғандықтан екеуі үшін спорттық велосипед берем. Бола ма?

           Қуанып кеткен бала басын асығыс изеді.

           – Ас үйге тағы бар да бұл жолы пышақ пен орамал әкел.

           Баланың көзі шарасынан шығып кетті.

           – Қорықпа, жігіт деген қорқушы ма еді? Бара ғой.

           Темір қорқасоқтай басып, қыздың айтқандарын алып келді.

           – Міне, жігіт! Енді қолыңды столға қой. Қоя ғой, түк те етпейді. Менің құтқарушым, арыстаным, мынаны ұстап көргің келе ме?

           Еңлік алдымен қос анарын қысып, сосын теріс айналып жұмсақ жерін қолымен шапаттап қойды. Тағы да жанарын ала қашқан Темірдің пышақ ұстаған қолы дір-дір етеді.

           – Енді не тұрыс? Кес алақаныңды!

           Бала шошына кейін шегінді. Біреу әне-міне бас салып саусақтарын турап тастайтындай қолынан пышағы түсіп кетті. Еңлік тағы да сақылдай күліп жатыр.

           – Мә, сен ұялшақ қана емес, қорқақ та екенсің ғой. Сенің осындай қорқақ екеніңді достарың біле ме? Ауладағы балалар біле ме? Өзің жақсы көріп жүрген қыз біле ме? Қорқақ, ұялшақ! Білесің бе, екеуміздің бағанадан бергі ойынымыз видеоға түсіп жатыр, сенбесең, бері қара!

           Темір жасқана басын көтеріп еді, Еңлік екі-үш аттап барып, шағын теледидардағы бейнетаспаны ары-бері жүгіртті.

           – Көрдің бе, міне, сенің шешініп жатқаның, міне, тыржалаңаш кейпің, сұйық май ішкенің, міне, басыңа жұмыртқа жарғаның. Ертең осыны достарыңа таратып берейін бе? Таратайын ба деймін?

           Бұл жолы Еңліктің даусы тым қатқыл шықты. Бағанағы жағымды дауыс, тәтті күлкі жоқ.

           – Қане, көтер пышақты!

           Амалы құрыған Темір жерден пышақты алып жатып бір жаққа үміттене қарады, қарады да жылдам басын көтеріп, пышақты алақанына жақындатты.

           –  Ал енді кес, кес!

           Ащы айқайдан күллі денесі дірілдеп кеткен бала көзін жұмып алақанын пышақпен осып жіберді де, қолынан сау ете қалған қанды көріп бажылдап отыра кетті…

           – Орамалың қайда? Ора қолыңды орамалмен! Міне, менің нағыз құтқарушым! Ертең телефоның өзіңде болсын! Сыйлықты қайдан алуың керек екенін өзім хабарласып айтам. Әке-шешеңе не деуің керегін ұмытқан жоқсың ғой. Пицца тураймын деп кесіп алдың. Ал әзірге сау бол! – деді де, Еңлік байланысты үзді.

***

           Қолын ақ дәкемен орап алған Темір сабаққа барды. Кешегі оқиғадан кейін көңіліне бір желік біткендей. Қолына алаңдаған дос-жаранына бәрін мақтана баяндағысы келеді, дегенмен сабыр сақтау керек. Бүгін шешуші үш тапсырма бар. Кешегі тапсырмалар үшін спорттық велосипед алса, қалғаны үшін берілетін сыйлық тіпті қомақты шығар. Ол әлсін-әлсін телефонына қарап қояды, әзірге еш хабар жоқ. Бесінші сабақ біткенде телефонына жасырын нөмірден «Соңғы сабақты тастап шыға аласың ба?» деген хат келді. «Иә». «Байқа, ешкім біліп қоймасын. Білсе, өзіңе қиын болады. Түсіндің бе?». «Түсіндім». «Сыртқа шық». Осындай қысқа жауаптасудан кейін ол мектеп ауласына шықты. Ешкім көрінбейді. Жан-жағына қарай-қарай көшеге шыққанда жанына жүгіріп кішкене оқушы қыз келді де:

           – Мынаны саған беріп жіберді, – деп  қағаз ұстатты.

           – Кім беріп жіберді?

           – Білмеймін, ана жақта, достарың, – деген қыз мектепке қарай жүгіре жөнелді. Ештеңе түсінбеген Темір қағаздың орауын ашып еді, «Алматы» дүкенінің алдында жаңа сыйлығың тұр», – деген жазу ғана бар екен. Ол жиырма-отыз қадам жердегі дүкенге қарай жүрді. Расымен-ақ сауда орнының алдында су жаңа велосипед менмұндалайды. Темір жан-жағына жалтақтай қарап, енді не істерін білмей тұрғанда, әлдекім: «Темір», – деп айғайлады. Дауыс шыққан жаққа жалт қарап еді, жеті орындықты көліктің есігін ашып, күні кеше ғана көрген Еңлік қол бұлғады. Бұл аңтарылып-ақ қалды.

           – Келсеңші енді. Қорқып тұрсың ба? Велосипедіңді ала кел, қорқағым!

           Ол кешегідей сықылықтай күлді. Бала «Қорқып тұрсың ба?» деген сөзге намыстанып, велосипедті сүйреген күйі көліктің жанына келді.

           – Міне, жігіт! Кәне, сыйлығыңды ішке кіргіз. Сонымен, енді үш тапсырма қалды ма?

           – Иә…

           – Бұл великпен сен әлі талай жерді шарлайсың. Достарың аузын ашып қарайтын болады. Солай емес пе?

           – Иә…

           – Онда кеттік, менің құтқарушым.

           – Қайда?

           – Қайдасы несі? Бізді әлі үш тапсырма күтіп тұр емес пе?

           – Оны үйде компьютерде істемейміз бе?..

           – Жоқ, оны осы жақын арада орындаймыз. Сол үш тапсырманы ойдағыдай орындасаң, бас жүлде екеуміздікі. Білесің бе, бас жүлдеге не тіккенін?

           – Жо-оқ…

           – Әзірге білмегенің де дұрыс шығар. Айтпақшы, кола іш. Шоколад жейсің бе? Мә, ал, ұялма.

           Бес сабақтан кейін қарыны кәдімгідей ашып қалған Темір қыз ұсынған шоколад пен коладан бас тартқан жоқ.

           – Мынауың дұрыс болды. Қазіргі үш тапсырманы орындау үшін саған көп күш керек.

           – Қандай тапсырмалар болуы мүмкін?

           – Әй, қу бала, айттым ғой, нағыз құтқарушысың деп, бәрін алдын-ала білгің келеді иә? Онда ойынның шарты бұзылады, шыда, шыда, досым.

           Темірдің ұйқысы келе бастады, бетін уқаласа да, коладан ұрттаса да, тіпті терезені ашса да болар емес. Еңліктен ұялғанынан ғана сауалдарына жауап беруге тырысқанымен ұйқы шіркін еркіне қоймай алып бара жатыр…

           Ол бетіне шашылған судан есін жиды. О баста айналасындағы үш-төрт бейтаныс жігітті көріп, «Мен қайдамын?» – деп шошып кеткен Темір анадайда біреумен сөйлесіп тұрған Еңлікті көрді де:

           – Еңлік, Еңлік тәте, – деп жыламсырай айғай салды. Бұған бәрі ду күлді де, біреуі:

           – Еңлік де! Кеше кім едің? Лаура болдың ба, Ақдана ма, мә, атыңнан жаңылдық қой, – деп еді, бәрі тағы да жамырай күлді. – Қалай болғанда да бұл жолғы олжаң уысыңа тез түсті.

           – Болды, көп сөзді қойыңдар. Іске кірісейік, – деген бір жігіт Темірге жақындап келді де, – Темір, атың өте жақсы екен. Енді үш тапсырмаң қалғанын білесің ғой, иә?

           – И-иә… – деді ол даусы тарғылданып.

           – Білсең, ертең мектебіңе барғанда бағана өзің жеген шоколад пен коланы бір досыңа бересің. Тек, есіңде болсын, кола мен шоколадты сабақтан кейін, үйге қайтып бара жатқанда «Алматы» дүкенінен аласың. Қайдан аласың?

           – «Алматы» дүкенінен…

           – Міне, нағыз көкжал! Ол жерге солай біз айтқан күні бір ғана досыңмен келіп жүретін боласың. Түсіндің бе?

           – Түсіндім…

           – Бұл тапсырмаларды дұрыс орындасаң, велосипедтен зорын алып береміз. Электросамокат, мопед, қысқасы, бәрі сенде болады. Керек десең, ақша да бар. Ұқтың ба?

           – Ұқтым, иә, ұқтым…

           – Сен әбден ұғып алу үшін біз саған тағы бір сыйлық дайындап қойдық. Көресің бе?

           Ол шарасыз басын изеді. Сол сәтте Еңлік барды да тура кеше өзі компьютерден көрген теледидарды қосып бейнебаяндарды жүгірте бастады. Жасы өзімен шамаласы бар, үлкені, кішісі бар түрлі жағдайдағы ұлдар мен қыздардың фотосуреттері мен видеоларынан Темірдің жаны түршігіп, қорыққанынан: «Әке», – деп айғайлап жіберді. Жанында отырған жігіт:

           – Сенің даусыңды… – деп те үлгерген жоқ, сыртқы есік шалқасынан ашылып, ішке бетін тұмшалаған арнайы жасақ кіріп келді.

           – Жат, жатыңдар!

           Ешкімнің қозғалуына да мүмкіндік бермеген олар бес жігіт пен бір қыздың қолын қайырып, еденге етпетінен жатқызып тастады.

***

           – Абырой болғанда бәрі сәтімен бітті.

           – Иә, басеке, осы іс сәтімен біткенше ұйқы ұйқы, күлкі күлкі болмады ғой.

           – Тәуекеліңе қатты таңқалдым. Осы салада ғұмырым өтіп келе жатса да баласын құрбандық ретінде пайдаланған жанды кездестірмеппін. Жүрегің тас, жүйкең темір екен.

           – Сырт көзге, айтуға ғана солай ғой. Ол арандап қалар ма екен деп, мен қапы қалар ма екем деп, жанымды шүберекке түйіп жүрдім. Үйдегі компьютеріне, сөмкесіне, өзге де заттарына байқалмайтын камера қойғанда да, олар істемей қала ма деп жаным шықты.

           – Білем, бәрін білем. Бұған дейін өлген балаларды қайта тірілте алмаймыз, дегенмен талай рет қапы қалдырып әбден діңкелеткен осы топ арқылы бала саудасымен, мектептердегі наркотик саудасымен, кәмелеттік жасқа толмағандарды зорлау, өлімге мәжбүр ету ісімен айналысып жүрген бірнеше сыбайлас қылмыскерлер қолға түсті.

           – Осымен тоқтаса ғой…

           – Мен осы салада жұмыс істегелі талай жантүршігерлік қылмысқа куә болдым. Кәнігі ізкесушілер, небір детективтер «Қолға түсіру барысында қарсылық көрсетті» дегенді желеу қылып шектен шыққан кейбір қанішерлерді өлтіріп жіберді. Қылмыс сонда да тоқтаған емес. Жер бетінен адам жойылып кеткенше тоқтамасы анық…

           – Оныңыз да рас…

           – Қой, мен сенің уақытыңды алмайын. Демалысыңда не істемек ойың бар?

           – Отбасымды алып көз көрмес, құлақ естімес бір жаққа тартып кетсем бе деймін. Оның үстіне, балам да қатты шошынып қалды. Сергісін, бәрін ұмытып келсін.

           – Өте дұрыс. Тек, тым шығандап кетпе. Сен бізге керексің! Болашақта балаңнан да мықты ізкесуші шыққалы тұр, түк сыр бермеді.

           – Жоқ, ол ойынға алданып, ойынның қызығына кіріп кетті ғой. Ол емес, ақыл тоқтатқан адамның өзін бұлар тұзаққа оңай түсіреді емес пе?

           – Иә, рас айтасың. Талай адам алданып, талай адам зар жылап жүр… Ал, енді не тұрыс, жолдарың болсын!

           – Көп рахмет, басеке!

           – Келінге, ұлыңа сәлем айт! Ол енді біздің ең кішкентай жауынгер ғой.

           – Әрине айтам. Айтпақшы, ол менің бұл салада істейтінімді білмейтін. Арнайы жасақпен кіріп келгенімде көзі атыздай болды.

           Қарқылдай күлген екеу құшақтасып қоштасты.

***

           Оқиға қалай басталып еді…

           …Ол жұмысынан әдеттегіден ерте келді. Сыртқы есікті өз кілтімен ашып, аяқ киімін шешті де алдымен баласының есігін ақырын ғана ашты. Алтыншы сыныпқа көшкен жалғыз ұлы компьютерде отыр екен. Ойынға бар ынтасымен кіріп кеткені сонша, мұның келгенін байқаған да жоқ. Бұл баласына ұзақ қарап тұрды да жуынатын бөлмеге кірді, ваннаға су толтырды. Сосын жанына бір рахат сыйлаған су ішінде жатып, терезеден секіріп кеткен он жастағы ұл баланы ойлады. «Менің ұлымнан бір жас қана кіші екен»… «Ал оның алдындағы қыз ше, құдай-ау, ол мүлде өрімдей ғой»… Осы оймен жүріп ол киімін киді, тоңазытқыштан сусын алып ішті. Содан кейін ғана ұлының есігін қақты.

           – Анашым, мен бос емеспін, – деді іштегі дауыс.

           – Бұл әкең ғой, – деді бұл, есікті әлі ашпастан.

           – Әке, сен неге бүгін ерте келдің?

           Осы кезде ғана ішке кірген әкесі әлі орнынан тұра қоймаған ұлының жанына келіп жайғасты. Мейірлене басынан сыйпады.

           –  Сабағың қалай?

           –  Жақсы…

           – Мұғалімдерің ше?

           – Жақсы бәрі…

           – Достарың ше?

           – Әке, саған не болған? Бәрі жақсы дедім ғой.

           –  Ұлым, сен он бірге келдің. Үлкен жігіт болдың. Солай ма?

           – Солай, солай. Болды, баршы. Менің уақытымды алып жатырсың.

           – Жарайды, уақытыңды алмайын. Тек маған бір көмегің керек болып тұр. Соны істесең, мен жайыма кетем.

           – Ол не? Не істеуім керек?

           – Тоқта, бұл – тек жігіттердің жұмысы. Біріншіден, мұны екеуміз ғана білуіміз қажет. Анаңа да, достарыңа да, ешкімге ештеңе айтпайсың!

           – Туу, әке…

           – Көмектессең, қалаған дүниеңді алып берем.

           – Қымбат болса да ма?

           – Иә, қымбат болса да! Қалай, келістік пе?

           – Келістік! Ал енді айт, не істеуім керек?

           – Алдымен ойыныңнан шық та интернетке кір.

           – Ойыннан шықпай-ақ қатар кіре беруге болмай ма?

           – Бола береді. Енді мынаны тере ғой.

           Ол қалтасынан бүктелген қағазды алды да баласының алдына қойды.

           – «Құтқаршы мені»… Бұл не, ойын ба?

           – Иә, ойын, балам, ойын. Енді осыған тіркелу керек.

           – «Сенің атың кім?»  – дейді…

           – Жаза ғой.

           –  Өз атымды ма?

           – Иә, өз атыңды.

           Баласы атын, мекен-жайын, оқитын мектебін, сыныбын, телефон нөмірін жазып шықты.

           – «Үйіңде жалғызсың ба? Жалғыз болсаң, бейнебайланысқа шық»,  – дейді…

           – Шыға ғой. Компьютердің дауысын көтеріп қой. Не сұраса да шынайы жауап бер, не істе десе де істе. Қорықпа, мен сенің жаныңдамын. Тек, менің бар екенімді білдірме. Ал кіріс, балам.

           Әкесі компьютер столының астына жасырынды да, баласы тікелей байланысқа шықты…

Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...