12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЕЛЕС

Түсі екенін, әлде өңі екенін айыра алмай дал болып жатты. Қорыққаннан орнынан тұра алмады. Бұрыш жақтағы шүмектен су бір ағып, бір тоқтап тұрғанын анық білді. Тек қозғалуға, тіпті жан-жағына қарауға батылы барар емес. Көзін тарс жұмып жата берді. Үрей билеп ұйқыға кеткен екен, тағы сол дыбыс қайталанды. Жайшылықта баяу ағатын су неменеге шарылдап кетті деп аң-таң күйде жатқан еді, кенет ыдыс-аяқтың салдырлаған дауысы естілді. Жер сілкініп жатыр ма деп байқап көрмекші болып еді, олай болмай шықты. Жүрегі кеудесіне сыймай, атқалақтап тұр. Не болса да көрпеге бүркеніп алып, таң атырмақ болды. Осындайда таң да атуға ерінгендей түн қараңғылығынан арылар емес.

Көзге көрінбес бір бейне үй ішін ары-бері қопарыстырып жүргендей болды. Қорыққанынан дауысы шықпай, өз деміне өзі тұншығып, көзі ілініп кеткен екен, әлдебір алып күш кеудесін басып, жаншып барады. Айқайлауға дәрмені жетпей, ақыл-есінен айырылып бара жатып, «Алла» дегені сол еді, тылсым күш қас пен көздің арасында ғайыпқа айналды. Суға түсіп шыққандай, денесін қара тер басып кетіпті. Өз-өзіне келе алмай, қаққан қазықтай боп төсегінде ұзақ отырды.

Сәлден соң барып есін жиып, терезенің пердесін ысырды. Жерге жарық түсіп қалыпты. Көңіліндегі үрейден сонда да толық арыла алмай, таза ауа жұтпақ болып, терезені ашты.

Дәл балконның түбіндегі кәрі теректің бұтақтары арса-арсасы шығып, өзінің тарихынан сыр шертіп мұңайып тұрғандай… Көзін алмап еді, кәрі ағаш барған сайын жылы ұшырап, қаусаған қарт атасына ұқсап кеткендей болды. Лезде жанарын тайдырып, терезені тарс жауып, көрпесіне бүркене кетті. Бірақ ұзақ жата алмады, қатты қорқып қалғандықтан болар, қарайған нәрсенің бәрі басында жылы ұшырап, соңында тілмен жеткізе алмайтын қорқынышты құбыжыққа айналып, өзін жұтуға оқталып тұрғандай болады.

Бала кезде атасының ертегісін тыңдап жатып, ұйқыға бас қоюшы еді. Зерделі қарт көне әңгіменің көмбесін күмбірлетпесе, ұйықтай алмайтын. Кейде ұйқысырап далаға да шығып кететін. Ондай сәтте әжесі дем салып, ұшықтайтын. Бірақ сонда да түнімен сөйлеп, сандырақтап шығатын. Әрине, ертегінің көбі мыстан кемпірсіз бола ма? Ертегіге әуестігі ат жалын тартып мінген шағында ел аузындағы аңыз-әңгімеге деген құштарлыққа ауысты. Көрші ауылдағы сексеннен асқан Мошанбай қарттың әңгімесін тыңдау үшін арнайы жайлауға барып бір күн еру болып, құлақ құрышын қандырып қайтушы еді. Ондағы ойы көнекөз қариялардың ақиқатқа бергісіз әңгімелерін жүйелеп, кітап етіп құрастырсам деген асыл арманы бар-тұғын.

Бүгін ғой қала жағалап, бос белбеу, бос тақым болып кеткені. Бірақ оның да өз себебі бар. Әкесінің қайтқанына жыл өтпей жатып, азаматтық борышын өтеуге шақырылды. Шешесі «жібермеймін» деп еді, өзінің барғысы келді. Бір жағы өмір көрейін деген ойға бекіді. Бұрын әскерге бір сиыр беріп бара алмаушы едік. Енді бір сиыр беріп бармайтын жағдайға тап болдық. Сол азаматтық борышты өтеп ауылға оралған соң, қалаға аттанды. Шынын айтқанда, ауылға сыймады. Әскери билет бай депутаттың мейрамханасына қарауыл болуға әрең жарады. Бір күн істеп, екі күн демалады. Тапқаны қыдыру мен тамағынан ауыспайды. Қалада жұмыс істеп жүр екен деген аты болмаса, қоңторғай тіршілік қана. Жамбасақыны екі иығынан зорға демалатын орыс кемпір тықақтап, күнібұрын алып алады. Бірақ осы тірлігі өзіне ұнайды. Кейде «Қашанғы бұлай жүре бермекпін?» деп өзінен есеп алмақшы болғанымен, «бәрі жақсы болады» деген бір-ақ ауыз сөз киліге кетіп, көңіліне құлта қалтырмайды.

Үрейлі, тосын оқиғадан соң, шынымен сасып қалды. Ертелі-кеш жалғыз жүргенде жан-жағына алақтап, әлдебіреу тарпа бас салатындай болады да тұрады. Бірақ онысын ешкімге айтқан емес. Аралас-құралас жолдастары – өңкей қылжақбастар. Айттың не, айтпадың не, бәрібір оларға.

Бүгін тағы да жалғыз қалды. Қорқыныш билегенмен, кімді паналайды. Басқа барар жері жоқ. Білген дұғасын оқып, жарықты сөндіріп төсегіне беттеді. Кірпік ілер емес, көзі бақырайып ұзақ жатты. Түн шымылдығын түсіріп, қарыс адым жерді көрмес түнекке айналғанда барып ұйықтап кетті. Түс көріпті. Түсінде сол баяғы Атыраудың Астраханмен шекаралас жеріндегі айдалада, әскерлерге тігілген шатырдың ішінде жалғыз отыр. Қатардағы серіктері кезекті жаттығуға кетіпті. Ұйқысынан оянса, таң сыз беріп қалған екен. Терезені ашып еді, көзі бірден кәрі терекке түсті. Өне-бойын тағы сол үрей билей бастады. Көз ілеспес жылдамдықпен терезені тарс еткізіп жаба салып, жүгіріп төсегіне келді…

Түн болса бір сәрі, жерге жарық түссе де, қорқыныштан арыла алмағанына налып, өзінен жеріне бастады. Ең жаманы – өз ойыңдағы күдік-күмәнді жеңе алмау екенін жақсы біледі. Бұрын мұндайы жоқ еді, неге сонша алапат үрейдің шеңгеліне түсіп қалғанын өзі де тап басып айта алмайды. Бір ойы Отан алдындағы жауынгерлік борышын өтеп жүргенде жабысқан пәле екенін тек іштей ғана бағамдап көрген. Бірақ онда да нақты емес.

«Әскери өмір деген – тәртіп. Оны өзгерту – тек мемлекеттің ғана қолынан келетін шаруа. Осы дала үшін бабаларымыз жан алып, жан бергенін ұрпақтарыңа айтудан жалықпаңдар. Ұлы даланы қорғау сол байтақ далаға бауыр басудан басталатынын көбіміз біле бермейміз.

Жауынгер болу – әрбір азаматтың міндеті. Абыройы. Ары. Біле білсек, ердің ері ғана тастүлектей жетіліп, шынығып шығатын қасиетті мектеп…»

Санасына сіңіп қалған бұл сөздерді қатал командир жиі айтушы еді, күні бүгінге дейін құлағының түбінде жаңғырып тұр.

Көзі бақырайып, жауынгерлік өмірін есіне алды. Қақаған суықта иығына автомат асынып, шекара күзеткен күндерін қалай ұмытсын?! Отан алдындағы борышқа деген адалдық қақаған суықты да, аптап ыстықты да елең қылмайды екен. Әскерде жүрген уағында бірде мынадай оқиға болды.

Қатардағы серіктерімен бірге ымырт үйіріліп қалған шақта арғы беттегі қалың қамыстың арасынан ақ киім киген үш әйелдің өзенге беттеп келе жатқан бейнесін көріп, зәрелері зәр түбіне жетіп еді. Ұшы-қиыры жоқ меңіреу далада жалғыз ғана әскерлер тұратын казарма бар. Одан басқа тіршілік иесі, тіпті, қанатты деген құсыңыздың өзі, ілуде біреу ғана. Ендеше, қайдан адасып жүрген «періштелер» болды екен деген ойға қалып еді. Көп уақыт өтпей, басқа да жауынгерлер арасында ақ көйлекті «жұмбақ бейнелер» туралы әңгіме желдей есіп жүрді.

Сары күздің салқын күндерінің бірінде талапшыл командирінің бұйрығымен тозығы жеткен жеңіл көлікпен Атырауға жолға шықты. Ирелеңдеген қара жол діттеген жерге жеткізер емес. Қу медиен тақыр далада темірдей тәртіптің екі жауынгері және жол бастаушы өз ойларының шүңетіне батып, үнсіз келе жатыр. Демін ішіне тартқан командир – тумысынан сөзге сараң адам.

Осы сапарға серік болуға жарағандарына марқайып келе жатқан екі жауынгердің қарындары шұрылдап, бір жағы шөл қыса бастады. Командирдің үнсіз отырғанын жақтырмай отырса да, сабыр сақтап келеді. Өйтпегенде ше? Егер қатаң тәртіптің сызығынан аттап кетсе, екеуін алдыға салып, қуалауы да ғажап емес-ті.

Көшкен елдің жұртындай әр жерде қарайған бірдеңелер көзге шалынғаны болмаса, күнге күйген қу дала. Тек жусанның исі ғана тынысты кеңейтіп, жанды жадыратады.

– Осы қарқынмен енді үш сағат жүрсек, Атырауғада жетеміз, – деді командир кенеттен тіл қатып. Жамбастары тесілуге таяған екі жауынгер сыр бермеді. Бірақ тәжірибелі жол бастаушы бәрін сезіп келеді. Көліктің қарқынын баяулатып, ас-ауқат ішіп алмақ болып, жолдың шетіне тоқтады.

– Тек он минут қана уақытымыз бар, ары қарай жолға шығамыз, – деді қанға сіңген қаталдығымен.

Алда бұралаңы көп, ойлы-шұқырлы азапты жол басталды… Ат арбаның екі доңғалағы әзер сиятын, топырағы беріш боп қатқан қара жолда салдырлаған уазикті шоқырақтатып келе жатыр. Рөлде командирдің өзі. Жолдың екі жағы қалың қамыс. Тілдерін жұтып алғандай, үн-түнсіз отырған үшеу. Үш түрлі тағдыр. Командирдің мұндай сапарға еті өліп кеткен. Үнсіздік пе, әлде талғажау еткен ауқаттан ба, екі жауынгер ауық-ауық есінеп, маужырай бастады. Бірақ ұйықтауға болмайды. Тәртіп. Егер, қалғып кетсең, біттім дей бер.

Көздері бір ашылып, бір жұмылып отырғанда алыстан көлік тосқан ақ көйлекті, шашын жайған әйел адамның сұлбасы көрінді. «Айдалада жүрген бұл кім?» деп аңтарыла бастады үшеуі. Жын-пері боп жүрмесін дегендей бір-біріне жалтақ-жалтақ қарап, жұмбақ бейнеге жақындап қалды. Ойлануға да мүмкіндік жоқ. Не де болса жөн сұраудан басқа амалдың жоғын білді ме, командир көлікті ақырындатып, терезені екі елідей ғана төмен түсіріп:

– Кімсің, неғылған жансың? – деді.

– Құрбыларымнан адасып қалдым, ала кетіңдерші, – деді. Басынан аяғына дейін әппақ киініп алған белгісіз жан. Дауысы тұнық екен. Бірақ өңі көрден шыққандай суық, қарауға батылың жетпейді. «Жоғал ары» деген сөзді тұтығып, әрең айтқан командирдің жүзі өрт сөндіргендей қуарып, көліктің жылдамдығын құстай ұшырды. Арқан бойы ұзап арттарына қараса, ешкім жоқ. Тек оның көзімен көзі түйісіп қалған бұл қанталаған көздің ызғарына шыдамай, есі кіресілі-шығасылы күйде еді.

Содан қалаға жеткенше үшеуі «Ықылас» сүресін әлденеше рет қайталап оқыды. Атырауға келген соң, командир жауынгерлерін қасынан бір елі тастамай, өзі баратын жерлерге де ертіп алатын әдет шығарды. «Батырға да жан керек» деген рас екен.

Іле ойына тағы бір әңгіме орала кетті. Ол Мошанбай қарттан естіген, абыз ақсақалдың өз басынан өткен оқиға-тұғын, мұртын ширатып отырып айтып бергені күні бүгінге дейін есінде.

Күн оқыс жылынып, көктем жылдағыдан ерте шығып, жер булана бастаған кез. Құла қасқамды екі уақ жемдеп, баптап мініп жүргенмін. Жастық қой, күншілік жердің ойын-тамашасынан қалмаймыз. Бір күні көрші ауылдағы үзеңгілес досым қонаққа шақыра қалғаны. Апақ-сапақта жолға шықтым. Суыт жүріп келемін. Жолай, күтпеген жерден аталас туысқан екі інім кезіге кетті. Мәре-сәре, көңілдері жаз. Көз байланып қалған шақ. Аттарын тебініп «жарысайық, аға», – деп құйындай құйғытып өте шықты. Еті қызып, ауыздығымен алысып келе жатқан жануар дүр еткен дауысқа елеңдеп, құлағын қайшылаған соң, еркіне жібердім. Енді жете бергенде, ұшқан құстай, атқан оқтай алыстап кетеді. Шынымды айтсам, құла қасқаның алдына түсетін қылқұйрық жоқ еді бұл төңіректе. Намысқа тырысып, ашу-ызаға булығып үсті-үстіне қамшыладым. Сонда да жеткізер емес, арттарына қарап, екі езулері құлақтарына жетіп, ыржалақтап мазаққа айналдыра бастады. Бір заманда атым сүрініп кетіп, Алла дегенім сол еді, алдымдағы екеуі көзден ғайып болды. Содан есімді жисам, атым қалшылдап дір-дір етеді. Ауылдан да недәуір ұзап кеткен екенмін. Өз-өзіме келіп, сәл ес жиған соң, самы жамыраған Ақжардың етегіндегі шеткі үйге әрең жеттім. Қара тұяғымнан әл кетіп, денем ауырласа бастағандай. Өз еркім өзімде емес. Бағыма қарай, Оспан молданың шаңырағына түсіппін. Атына сырттай қанық едім. Сүлік сорғандай қуарған жүзімнен бір сойқанның болғанын сезсе керек. Әлдебірдеңелерді ұзақ күбірледі. Болған жәйді қалтырап отырып баяндап бергенімде: «Орынсыз желік қусаңдар, осындай пәлеге ұрынасыңдар!», – деп дем салып, ұшықтады. Атым қан аралас зәр шығарды. Ертесі түс ауа мең-зең болып ауылға оралдым, жантүршігерлік сол оқиғадан кейін ес жидық қой» – деп, күрсінгені бар-тын.

Осы әңгімелердің бәрін ол бала кезінде естіп, есіне жақсы сақтап қалған. Енді есейгенде түсіне кіріп, өзін мазалайтынын білді ме? Әрине, білген жоқ. Білген күннің өзінде де тылсым әлемге, адамның ойына келмейтін әпсаналарға деген құмарлығын тоқтатпайтыны анық еді.

Жатып-жатып пәтер алмастыруды ойлады. «Қайткен күнде де бүгіннен қалмай көшіп кетуім керек» деді тістеніп тұрып. Бірақ ол күні үлгермеді, тағы сол белгісіз дыбыс қайталанып, денесін басқан ауыр салмақтан тұншығып, әрең есін жиды. Көзі жұмылса болды, қорқынышты түс көріп, баяғы қалың қамыстың арасынан көрген ақ көйлекті, қара шашты әйел ту сыртынан қанталаған көзімен ішіп-жеп қарап тұрғандай шошып оянады.

Көп өтпей пәтер ауыстырды. Қуанышында шек жоқ. Пәледен құтылдым, енді жапырып жұмыс істеп жыртығымды жамаймын деген ойға мықтап бекіді. Тірлігінің репеті оңалса, елдегі анасын қалаға көшіріп алу ойында бар.

Жаңа қоныс жайлы көрінді. Жүрегі тыныш, ұйқысы қанық. Бірте-бірте шаруасы оңалып, ырыс-құты арта бастады. Ара-тұра өткен күндердің елесіне елітіп, қиялдап кететіні бар. Ондайда бойын жинап, өзін қолға алады. Бұрын қорқынышты киноларды көп көретін.

Соңғы кездері тек қана танымдық кітаптарды оқуды әдетке айналдырды. Ғылым-білімге ынтасы артқан сайын, өмірге жаңа келген сәбидей періште кейіпке еніп, санасын тұмшалаған ауыр ойлардан бірте-бірте арыла бастады.

Дүние пенденің сынағы екенін түсініп, азат, еркін, шынайы өмір сүрудің жарқын үлгісін кеш емес, дәл уақытында бағамдай алғанына қабағат шаттанып, тәтті елестің әлдилеуімен балбырап ұйықтап кетті.

Ерғали БАҚАШ 

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...