11 C
Алматы
Четверг, 29 сентября, 2022
spot_img
spot_img

КӨК БАРАҚ

Бүгін ол қоймадағы «Көк барақ» қылмыс материалдарын қайта қарау үшін түн ішінде шам жақты. Шамның жарығына тисер жел де, қолының салқыны да жоқ. Энергиясы мен тыныштығы, ақыл-қуаты ең бабында тұр. Қалайда бұл қанды оқиғаның бір көк итті айналсоқтай беретіні қырсық-ақ!

1942 жылы 7 сәуірге қараған түннің соңы. Алакөлеңке

Ұлан-Батыр қаласының айқабақ түні жылқы кекілінің төбесінде жадырап қарап тұр. Айға бір рет көз тастаған қылмыскер қақпасы ашық аулаға жылдам сіңіп бара жатты. Артынан тарс-тұрс еткен дыбыс. Аздан кейін мұны қаңылтырдың шыңылы мен ағаштың жарқышақ үні алмастырды. Тып-типыл қылып үн өшіруге келген дала желі бұл адамдардың шуын езгілеп, күбір-сыбырға айналдырып жіберді. Ұлан-Батыр таңы қала түнінде не болғанын хабарлау үшін қала аспанына қырмызы торсық күнін қызартып іліп қойған. Сақшылардың тексерісі, анықтауы жүріп жатыр. Үйде бес бала өлген, бір әйел, бұл олардың анасы болса керек. Ол да өлім құшқан. Бір көз жеткізбес нәрсе — үйде адам ізі жоқ, тек иттің иісі үй ішін кернеп кеулеп, иттің түлеген бурыл жүні жатыр. Сақшылар ештеңе таба алмай, ізкесушілер(детективтер) келіп айналыса бастады.

— Тыныштық па?

— Бұл антұрған иттің бақайшығынан аяқ киім жасап алып өзінің арам ойын іске асырған. Әйелдің бетін иттің тырнағымен аяусыз осықан. Бұдан тыс, әйелдің бетіндегі тырналған ізге зер салсаң, аюдың тырнағын нақты біле аласың. Демек, бұл қылмыскер аңның өткір тырнақтарын жақсы пайдаланады.

— Мұны енді таба аламыз ба?

— Сақшылардың миына құтырған ит шабуылдады деген ой ғана кірген бе?

— Ол да кірмеген сыңайлы. Адамдар өлген соң барып тап берген бұралқы деп ойлаған.

— Қаңғыбас ит деген дейсіз ғой?

— Иә-ә-ә!…

— Бұны қалай жауып қоя аламыз?

— Бірер күнде табылып қалар.

— Аю терісін, өтін саудалайтындарды анықтаймыз ба?

— Бұл әккі аюдың тырнағын неше жылдан бері сақтап жүрген болса шы? Шеттен алып келген біреу болса шы?

— Қалай болғанда да іргедегі Қашыртыға, терістіктегі Шағамөрденге, одан әрі Өделгенге де адам жіберу керек.

— Бұрқанданы мен өз үстіме алайын. Онда жиендерім аңшылық саудагерлерін жақсы біледі.

— Алтанбұлаққа?

— Оны қоя тұр. Ол жерден аю өтін сұрастырып таппағам.

— Аюлы ел емеспіз. Мынау біздің Құбыда мекендейтін Мақалай аюдың тырнағынан бетер состиған.

— Оны өзім де байқап тұрмын. Бұл Алтайдың қоңыр аюы.

— Бұл сонда қазақ болуы мүмкін бе?

— Мұнда мандыған қазақ барма?

— Бұл солардың арасына барып келген өзіміздің жыртқышымыз.

— Мұндай қандықолдыққа ойраттар болмаса біздің қалқалар бара бермейді.

— Қалқа, ойрат деп бөліп отыратын уақыт емес. Қаражүректе ұлт бола ма?

Барула үнсіз қалды.

Әріптесі әйелдің беті мен мойынындағы тырнақ ізінің ұзындығын қағазға дәл өзіндей ұзартып сызып естелікке алды. Қағазды бүктеп қойынына салды. Сөйтті де қойынынан қайта шығарып:

— Бұл қағаз қылмыскердің мирасы болып қойынан түскен қағаз болсын.

Күлді.

— Сен тауып алған бол.

Барула да күле түсті. Олардың шашыраған күлкісінің алдында денелері қозғалмаған мәйттер жатқан.

— Иттің адамша күлгеніндей әрекет жасамайық.

— Әруақтарға қылығымыз жақпайды.

— Сен осы әруаққа сенесің бе?

— Төраға Чойбалсан құптамайтын нәрсені айтпайық.

— Боғда ханның әруақты қатты сыйлайтынын түсінем.

— Ол кісілердің заманы өтті ғой.

1942 жылы 8 сәуір. Түннің өті — ортасы.

Барула темекісін бұрқыратып тұр.

— Тағы сол өлім жауған үйдеміз.

— Тыныш отыр.

— Өлім жаумай немене? Алтауы айдың күні аманында жан тапсырса.

— Мархұмдарды жер қойынына тапсыруға рұқсат етейік.

— Әлі де қарап алмаймыз ба?

— А, айтпақшы, мархұмдарды дала жосыны бойынша жерлетейік.

— Заңға томпақ.

Барула темексін сілкіді.

— Қылсыскерде жауыздық бар, тағылық бар. Далалық бар. Далалық қасиеті болса өлілердің денесінің табиғат құшағындағы жыртқыштарға тапсырылғанын қалайтын шығар. Меніңше бұл бір адам жегіш.

Барула бас шайқады. Қарсы тұрғаннан емес, қосылып аң-таң болғанынан.

Бұл адам өз жемін осылай тырнап, сойып ұсқынсыз етіп, өлушінің мәйітін тоздырып далаға тастауымызға мәжбүр етіп жасаған.

— Қане, осы жолмен сынап көрейік. Жоғарыға өзім түсіндірем.

1942 жылы 9 сәуір. Сағат 09:30

— Сағат нақты 09:30!

— 2 минут өткеннен кейін ше?…

— 2 минуттан кейін арбамыздың үні тағы жерді солқылдатып басады.

Екеуі де қатар темекісін бұрқырата түскен.

— Мәйіттерді осы араға тастайық.

— 3 күн жақсы сақтатыпсың.

— Бар амалды жасадық қой.

— Бетпердеңді таға сал. Мәйттерден иіс шығып жатыр.

— Темекімді тастап алайын. Әріптесі одан бұрын темекісін тастап үлгерген. Арбадан қарғып түсті да діни тастың жанындағы жалаулаған қиқымдардың тізбегіне көз ұшымен қарап тұрып, шымқалған мәйттерді тізіп сүйей бастады.

— Көмектес!

1942 жылы 9 сәуір. Түстен кейін сағат 16:38

— Жата-жата жамбас ауырды.

— Келіп қалар бірдеңе.

— Арбаны жасырған орнымыз көзге түспей ме?

— Түспейді.

— Мен түс көрдім. Ол біздің соңымыздан баспалап келе жатқан.

— Түсіңде көрсең ендеше келіп қалар.

— Қолға түсерсің әлі-ақ!…

— Сазайыңды берермін, -әріптесі тапаншасын суырып сипап-сипап жіберді.

— Қой, Гүйік. Байқамай басып жіберерсің. Неге назаланып отырсың. Сабыр ет.

— Себебі, мен оның қарасын көрдім. Сен тек сыбырла.

— Қане?

— Анау қырғауыл тектес қозғалған құс бейнесін көрдің бе?

— Құс сияқты көрінеді.

— Құс емес. Құс боп алдап жүрген бір түрлі тылсым киінген адам. Біз таптық.

— Күтейік.

1942 жылы 9 сәуір. Түстен кейін сағат 17:53

— Тоңып кеттім.

— Әлі келмеді ғой.

— О, тәуба, әлі құс ойынын ойнап жүр. Өзінің жанында екінші құс жүргендей етіп қуыршақ жасап ап екі қолын өзара төбелестіріп жүр. Бұл қандай хаюан?

— Ол шаршамайды. Төзімді. Асықпай істейді.

— Бұл кім екен, ә?

— Бері беттеді. Байқадың ба?

— Иә, ақырын, ақырын…

1942 жылы 9 сәуір. Түстен кейін 18:24

— Бәрін мұқият естелікке алып отырсың ба?

— Иә, тіпті оғаш сөздерімізді де, минуттар есебін де.

— Ұқыптысың, Гүйік.

— Маған зияны тиетін сөздерді тізбе.

Гүйік шапкысын қозғап-қозғап қойған.

Адам өлтіруші мәйіттерді тік тұрған күйінде бетін тіліп, пышағымен кеспектеп жей бастады.

— Түршігіп кеттім.

— Тапаншаңның көзін жой.

— Ол желден де сезгір болуы мүмкін. Ойнас жасайтындардың мұрынының тым сезімтал, артықша тазаланғыш болып келетінін білесің ғой. Өздері арам болсада. Мынада осындай қасиеттер дамыған болуы мүмкін. Енді тек қағазға жазып сөйлейік.

Жазулар:

— Аяғынан жаралайын ба?

— Бос жібереміз.

— Біз мұның екінші қылмысын күтеміз.

— Ол неге керек?

— Біз тың деректерге жолығуымыз мүмкін. Мүмкін мемлекетке пайдалы.

— Күткенің болсын!

1942 жылы 9 сәуір. Кешкі 19:24

Жазулар:

— Нақты бір сағат болды ол келгелі.

— Әлі жеп жатыр.

— Көріп тұрмын ғой жеп жатқанын.

— Қалай сытылып шыға аламыз?

— Арба қалсын. Жел бағытымен иіс сездірмей домалайық, жүрелейік, жүремізді басып жүгірейік.

— Тағы жазатының бар ма?

— Ештеңе жазбаймын.

Гүйік қол сілтеді де баяу аунай бастады. Көктемге қолы енді жете бастаған жердің көгере алмай жатқан сары тепсеңін олар сарғыш әскери киімдерімен шытырлата бастады. Әлденеден кейін екеуі екі сары түймешікке айналып көз ұшында бұлдыраңдап қалды. Жауыз адам мәйіттерді жеп жатыр.

1943 жыл 7 сәуір. 21:04

(Бір жылдан соң)

— Өткен жолы қылмыскерді қолдан жіберіп едіңдер. Жыл толғанда, тура сол уақытта тағы бір үйлі жанды қырып, сол жердің өзінде талап жеп кетіпті.

— Тағы қобыраған бурыл иттің түленді жүні, ит иісі. Тырнақ ізі адам белгісі жоқ, -деп қағазға қарап міңгірлеп оқыған жас сақшы басшының сөзіне тұздық қосып қойды.

Барула мен Гүйік бір-біріне аң-таң қарады. Биыл Гүйік көзіне көзілдірік таққан болатын. Көзілдірігінің төмен сырғығанын көріп қайтадан жоғары көтерді.

— Анықтаймыз.

— Жә-ә!…

Ганбатыр «жарайды» дегендей қолын сілтеді.

— Айтпақшы, тұра тұрыңдар. Оқиға екі сағат бұрын болған. Адамдар келіп қалып қарасын өшірген сыңайлы. Қала ортасынан оны іздеп таба аласыңдар ма?

— Шетке шығып кетпесе.

— Жә-ә!… Басымның сақинасы ұстап тұр.

Ганбатыр басын ұстап отырып қалды. Оның екінші бір қайыра қол сілтесінен кейін жас сақшы да шығып кетті.

9 сәуір. Таңғы 08:54

— Ә-әх… Эх-әх…

Сақшылар үйге қуана ұмтылды. Оларды қуандырған осы қиналған дауысты қылмыскердің дап-дайын болып екі ізкесушінің қолына түсуі деп білді.

Оқтаған тапаншаларын белдеріне қыстыра бастаған сақшылар кіріп келгенде Баруланың сұлық түскенін, Гүйіктің жараланып қиналып жатқанын көрді.

— Ә-ә-әх… Иг… Өлтіріп кетті-ау жауыз. Байқап көріңдерші, тынысы бар ма екен?…

Сақшының біреуі жүгіріп барып Баруланың тынысын білді. Бас шайқады.

— Бұл жауыздың неше айдан бері мекендеген күркешесі екен. Бірнеше айда бір ауыстырып тұратын сияқты. Әй-й-й, Йы-х, ауырып кетті. Не қарап тұрсыңдар. Шипагер шақырыңдар.

— Қазір келеді. Шақырып бойдым.

Босағада сойдиып, қолтығына қағаз қысқан ақсары сақшының өңіне жаны ауырсынып қараған Гүйік оның сарылығынан көзінің шұңғылдығына таңданып тұрып ауырғанын сәл ұмытып жеңілдей түсіп:

— Қазақсың ба?

— Иә.

— Онда жақсы болды.

— Қобда жағында тудың ба?

— Қобда жақ. Сақсайдан.

— Сенің мына қылмысты анықтауға көмегің болады.

Гүйік ыңыранып жатып қалтасынан қалтаға салынған бірнеше аю тырнағын алып шықты.

— Бұл сенің жеріңнің аюынан. Олар өліп қалған аю болсада тырнақтары Ұлан-Батырға келіп қылмыс жасап жатыр.

Гүйік қиналып жатып күлді.

12 сәуір. Таңғы 07:30

Гүйік ұйқыдағы қызының дәптерін ашып оқып отыр.

«Мына әлем аяқ астынан фашизмге ауыспай тұрып, мен сені «сүйетінімді» бір рет айтып қалғым келеді»

Гүйік қызының бұл үзіндісін оқып отырып ұрттаған суына шашалып қала жаздады. Ұйқыдағы қызына бір қарап қойды. Гүйіктің миын қинап жіберетін фашизм жайлы күнделікті келіп жатқан хабарлардың кезінде ол үшін бұл сөздер ең сәтті жазылған маржан сөздерге тең болып көрінді. Деседе, қызы фашизм болмай тұрған кезді айтқандай ма? Алдағы болатын кезеңдерге көріпкелдік жасау ма?

13 сәуір. Түске таяу 11:48

— Тарпа бас салған адам жегішіміз өзімізге тап беріп, сол беті осы қаладан ұшты-күйлі жоғалды.

— Маңайдағы әкімшіліктерге сұрау саламыз. Дабыл қақтырамыз.

— Қажеті жоқ Ганбатыр жолдас. Ол жуықта оралмайды. Оның айласы мен жолы көп.

— Енді қашан табылар?

— Жылдарға кетуі мүмкін. Оның үстіне фашизмге қарсы соғыс болып жатқанда елді дүрліктірмейік. Бір қанішердің соңынан шуап жүргенімізде шығыстағы Жапонды қайтеміз? Бұл солардың арасына әлдеқашан өтіп кетті.

— Жапон қайдағы бір адам жегішті атып тастамай ма?

— Мұның оларға қандай сипатпен баратынын қайдан білеміз?

— Шекарашылар айға бата қып, сам санап, құм бетінен құмырсқа қарап жүрген жоқ.

Гүйік кілт тынды.

— Мұны енді «жапондардың тыңшысы келіп істеп кетті» деп таратайық.

— Жөн. Бұл халықты жапонға қарсы итермелеуге күш. 4 жыл бұрын Қалқынғолда арыптасқан жапондар алда-жалда бері жақындаса халық оларға мүлдем қарсы бола түседі. Жаман айтпай жақсы жоқ дегенім ғой.

Басшы ызаланған ойға бекіп сәл ренжіңкі қабақ танытты.

1945 жылы 11 тамыз. Түске таяу 11:56

(2 жылдан соң)

«Мына әлем аяқ астынан фашизмге ауыспай тұрып, мен сені «сүйетінімді» бір рет айтып қалғым келеді»

Гүйік өзінің дәптерлеріне көшіріп алған қызының осы сөзін қайталап оқыды. Ол құдайсыз ұстанымдарын бір сәт құрдымға жібере тұрып, жем-шөп қорадағы Бұдланың қуыршақ мүсінін сабан арасынан тауып алып, пұтқа сиынып, Жапондардың тезірек жеңілуін сұрады.

— О, Бурхан минь, надад ялалтыг өгөч!

Селт ете түсті. Ақ жейделі қызы жон арқасынан қарап тұр. Иығына әкесінің шапанын желбегей жамылыпты.

— Аав, мұныңыз не?

— Мұным балам, бәріміз үшін. Моңғолия үшін, Совет одағы үшін.

— Жапондар күйрейді, әке. Мен түс көрдім.

— Өзіме тартқан. Ім-ім-ім…

Әкесі қызын тізесінен құшақтап бетінен шөпілдетіп сүйді.

13 тамыз. Түстен кейін 15:25

— Мен Баруланың інісімін.

Гүйік аңырып отырып қалды.

— Ағам сіз екеуіңіз бірге ізденген адам жегіш туралы бөлек ақпараттар жинап қалдырған болатын.

— Амансыңба? Маған амандастың ба?

— Амансыз ба? Амандастым. Өзіңіз байқамай қалдыңыз.

— Отыр, отыр!

Гүйік шәй құйып бәйек болды.

— Есімің кім?

— Менің есімім Баруладай.

— Ұйқастырып қойыпты.

— Көзіңіз әлдеқайда сұсты екен.

— Шаш ағарып кетті.

— Жылтырап тұр.

— Өте қатты жылтырап… Сен менің сірә шашымды қарайтатын қуаныш әкелдің.

— Дұрыс айтасыз. Деседе жағымды хабар пасық адам туралы болмақ.

— Ішкі Моңғол жерінде қолға түскен Кеңес-Моңғол әскерлерінің көз алдында олардың кейбірін бір адам жегіш махлұққа жегізіп жүрегін алыпты.

— Апыр-ай!…

Гүйік шәпкісін сыпырып алды.

— Мені сол кезде жеп қоймаған екен.

— Ағам адам жегіштің жапондармен байланысы барын анықтаған. Оның қалада мүлдем табылмай жақсы жасырынуына қаладағы жапон тыңшылары мүдделі болған сияқты. Яғни, оны олар бағып-қарап бір кәдеге жаратқан.

— Неге адам жегізеді?

— Тыныш қаланы үрейге толтыра беру үшін.

— Сол ғана ма?

— Түсінсем бұйырмасын.

— Жыртқыш бәрібір өледі.

— Мына қызықты қараңыз.

— Жыртқыш жапондарға қарсы тұрайық деп бір адам сирек тұратын моңғол қыстауын соғысқа үндеп, 17 адамды алып шығып, бәрін тастан құлатып өлтірген.

— Сонда бұл адамдарды еліктіріп, сендіре алатын сапасы бар жыртқыш па? Киімі де мүлдем басқа болған шығар?…

— Жә, бауырым, ағаң өлген соң осы іспен жақсы айналысқан сияқтысың.

— Себебі мен де ізкесушімін. Таныс болмағанымыз болмаса.

— Сосын оның ұлтшылдығы да бар.

— Ұлтшылдық? Адам жегіштегі ұлтш-ы-ы-лдық?

— Ол қазір өлді. Сүйегі дағарда.

Гүйіктің көзі шарасынан шығардай.

— Сыртта тұр. Ашып көріңіз.

Гүйік алақтап, сыртқа аң-таң қарады.

— Жо, жоқ, атай көрме. Әлі үрейім ұшады.

— Гүйік жолдас. Оны мен өлтіргем жоқ. Моңғол әжейді қинағанын көріп жапон әскеріне тап беріп өзі атылған. Ол жапонның иық етін асап үлгерген.

— Ұ-ұ-ұлтшылдық!..

Гүйік сандырақтап орындыққа кілт етіп отырды.

— Мәйітін қолға түсіру маған оңай болған жоқ. Түсінесіз бе?

Гүйік басын уқалай берді. Мына сөз қу басына симай, басының ішін жаңғыртып әкетіп барады.«Мәйітін қолға түсіру маған оңай болған жоқ. Түсінесіз бе?»… Тағы…«Мәйітін қолға түсіру маған оңай болған жоқ. Түсінесіз бе?»… Баруладай Гүйіктің денесін арқасына көтеріп алып есіктен шығып бара жатты. Бір қолында сүйреген сары дағары…

2022 жылы 4 мамыр. Сағат уақыты белгісіз.

(80 жылдан кейін)

Иркутскте өріктер шешек атқан кез.

«Мына әлем аяқ астынан фашизмге ауыспай тұрып, мен сені «сүйетінімді» бір рет айтып қалғым келеді». 96 жасар Замбага әкесінің ескі құжаттарынан өз сөзін оқып, бүршік атқан өрік ағаштарына терезеден қарап көз жасын сығымдап тұр.

Иркутск, переулки, дворы

Берега ангары.

Здесь мы живем Это наш дом светлый наш город.

Здесь мы живем, Это наш дом светлый наш город.

«Иркутск вальсімен» би қимылын жасап өте шыққан екі бурят қызын көзі шалды. Әжей көп жылдан бері осы қаланың тұрғыны. Екі қыздың телефонда қойып бара жатқан әніндегі «Біздің тұратын жеріміз, үйіміз, қаламыз жарық» деген сөздерді ойына алып күн көзіне қараған сайын көзінің нұры тая түскендей, жасый берген. Бойжеткендердің артына үңіліп қарап еді, қарасы өшкіндеп кетіпті. Ағаштар көлегейлеп қалды.

6 мамыр. Сағат 14:15

Әжей әкесінің әдетімен осы уақытты дәптеріне қондырды. Әкесінің ескі дәптеріндегі өз сөзін оқып тұрып «Иркутск вальсінің» ырғағымен бұлғаңдап өте шыққан өзінің қалқасына ұқсайтын екі бурят қызын тамашалаған сәтінің нақты сағатын есіне түсіре алмады.«Әйтеу, түске дейін» деп қойды. Мүмкін, түс ауған кез де шығар. Уақыттан жаңылған. Ол сол сәтті және дәл қазіргі сәтті бірдеңе жазбақ болып есінде ұстады. Сағат санын қағазға қондырды. Қаламын ұстап тұрып терезе алдындағы өрік ағашының тұсына қайта келіп еді. Екі күн бұрынғыдай тағы сол екі бурят қызы «Иркутск вальсінде» бұлғаңдап өте шықты. Жұқа терезеден көп дауыс анық естілелі. Әжей асығып терезені ашып үңілк түсті. Сол адам, екі адам… Елес емес.

— Бұл қалай болды?

Аң-таң болды да қойды.

8 мамыр. Сағат 16:03

Бүгін тағы да терез алдынан екі бурят қызы өтті. Әжей екі күн күткендей болды олардың келуін. Бұл жолы екеуі әндетпей өтті де, тұра қалып бурыл иттің бір уыс жүнін қарияның терезесі жаққа қарай шашып кетті. Әжей сенделектеп барып орындығына отырып қалды. Сыртқа жүгіріп шығып, қабатты айналып шашылған жүндерді тере бастады. Үйге келіи кілтті қоя бергенде, есік қоңырауы басылды.

— Келіп қойдың ба?

— Келдім эмэ. Есікті ашыңыз.

Немере қызының қоңыраулаған үні естілді.

— Сайна! Бастым, кіре бер хүхед(балам).

— Ашылды иә, эмэ!

— Эмэ, сізге бірдеңе болды ма? Түріңіз бозарған әрі суық.

— Бірдеңе жазайын деп ем, жаза алмай. Әлде нәрсеге мазам кетіп отыр.

— Маған ізкесушілерді таныстыр. Көмегі керек болып тұр.

Сайна тамға сүйеніп ақ жүзі босағадағы айнаға түсіп қарап тұрып қалды.

9 мамыр. Сағат 10:16

Әжей уақытты әрең жазып үлгерді. Қалбалақтап үйге немере қызы ертіп әкелген ізкесушімен танысты.

— Менің атым — Дава.

— Дава, отыр. Шәйдан ал. Немерем сен туралы жағымды ақпараттар берді.

— Мен сіздің әкеңіздің танымал ізкесуші болғанынан хабардармын. Естуімше, сізді де бұл жағында аздап жетелепті. Сайна Ұлттық хауіпсіздік комитетінде істейді ғой, бұл істен хабары біршама болсада мені алдыртқаныңызға қарап істің күрделі түрі алдыма келген сияқты.

— Шынымен, күрделі.

11 мамыр. Сағат 16:17

Ізкесуші фотоаппаратын көтерген күйі екі бурят қыздың артынан сүріне-қабына ілесіп құлаған үйлердің жанына келді. Барынша көп фото түсірмек. Екі қыз сезіп олар арттарына қарап қойып, аз-кем күбірлеп бірдеңені ақылдасып тұрды. Ізкесушінің келесі жалдамалы серігі олардың арғы жағын орап торулдады. Екі қыз құлаған тамдарға кіріп кетті. Кенет кішілеу, беті сарғыштауы құлаған үйлердің ішінен жүгіріп шығып бетін басып солқылдап жылап айналадан көмек сұрады.

— Пожалуйста помоги!

Ізкесушінің серігі шыға келіп оған көмек көрсетуге даяр болды. Қыз жылап құлаған үйлердің арасын нұсқады. Құлаған үйлердің арасынан бір көгала мысық шыға келді де, бет алған жағына қашып кетті. Ізкесуші ұстай алмай қалды.

— Ол әне жауыз мысық. Эгчемді(Әпкемді) тырнап тастады. Ізкесуші қуысқа кіргенде кіші қыз солқылдап жылап артынан кірді. Басты ізкесуші дүрс еткен дыбысты ғана естіді. Әрі қарай қуыстан кіші қыздың жалғыз шығып кеткенін көрді. Жан-жағына жалтақтамай жылдам жүре жөнелгені аңтарылтады. Серігі жоқ. Дава тағатсызданып құлаған тамдарға жағалап беттеді. Бір орыс, бір бурят жігіт шықты да мұны көтеріп алып, құйрығын ашып жіберіп, істік темірді құйрығының жоғары жағына ызаланып тұрып шанши бастады.

12 мамыр. 12:12

— А-а-аһ!…Айта алмаймын сізге, әжей. Ауырып кетті. Қанқұйлы екі бандит.

Әжей әрі қарай ештеңе сұрамады. Сайна әжесін қолтықтап палатадан шығып кетті. 

14 мамыр. 08:32

Телеарна хабары.

— Ушаковская мен Карпинская көшесінің қилысындағы қабат үйлердің бірінде жаға ұстатарлық кісі өлімі болды. Қылмыс белгілі үйдің екінші қабатында орын алған. Үйде ешқандай қылмыскер адамның белгісі жоқ. Тек мүңкіген иттің жағымсыз иісі мен жұлынған бурыл жүні қалған. Мархұм болған екі адам. Әйелі мен күйеуі. Сол күні балалары ата-әжесінің үйінде болғандықтан бұл хауіптен аман болған. Мәйіттердің беті аю, ит, мүмкін жолбарыс тырнағы да бар болуы мүмкін, осындай бірнеше аңның тырнағымен аяусыз тілгіленіп, иығы мен мойынының еттерін жұлып жеген. Тіс табы да бар.

Әжей шынымен жағасын ұстап отырып қалды.

— Олай болса хабарымызды тағы жалғастырамыз. Ертеңгі халықаралық отбасы күніне орай қаладағы супермаркеттерде жеңілдіктер легі 24 сағаттық қолайлылықты өз алармандарына жүзеге асырмақ. Айтар болсақ Вкус Счастья кәмпиттер дүкеніне жолыңыз түссе…

Әжей алыстан басып теледидарды өшіріп тастады.

5 маусым. 18:03

— Әже, Дава сізбен жолыққысы келеді. Келіп тұр. Құйрық жарақатынан айыққан.

— Кірсін.

А, тұра тұр. Оны кітап бөлмемде қабылдайын. Солай жібер.

18:09

Әжей уақытты жазып үлгерді.

Дава кіріп келеді. Әжей сүт түстегі көйлегінің етегін қағып, нығызданып отырды. Дава кіріп келеді. Соқталдай қарасының көлеңкесі босағаға түсе бастады.

18:18

— Бұлай де?…

— Осындай!

— Бары осы ма?

— Бары осы.

— Ертең сізге бір хабарын берем. Егер, екі күн уақыт берсеңіз, ертең емес, бүрсігүні келейін. Сол кезде толықтай ақпарат алып келемін.

— Жарайды, үйге 8 маусым кел. Ұлан-Батырға құдашамның қайтыс болуына байланысты баратын едім, ол жолымнан да қалатын болдым. Осы іс үшін. Әкем маған осы істі өлерінде қатты тапсырған. Ол адам жегіштің өлмегенін, өлмейтінін айтқан. Адам жегіштің мәйітін көріп тұрып соны айтқан. Кейін шынымен оның мүрдесі ұшты-күйлі жоғалды. Ізкесуші Баруладай да аң-таң. Мүрде оның қолында болды.

— Мүмкін, ол баяғыда өлген. Оның да өз мұрагері болған шығар.

— Мүмкін. Балам, енді бұл істі өзіңе тапсырам.

8 маусым. 14:16

Әжей сөйлесіп жатып, дәл қазіргі уақытынан 12 минутты кері шегеріп, өзі оқып жатқан өткен дәуірдегі жергілікті қаламгер Исаак Гольдбергтің «Его путь» шығармасының шеткі беттеріне түртіп қойды. Әкесінің кезінде бұл шығарманы жақсы оқитыны еске түсіи кетіп, сөре алдынан қолына іліккен осы кітаптің парағын асығыс-үсігіс бір аударыр қалғанда арасынан бос парақтың бүктемесі түсті. Ашса ештеңе жоқ. Дава бұған таңданып отырды.

— Әжей, сақшылардың қолында жабық жатқан бір делоны айтайын.

Әжей қарады.

— Өткен түні қаламыздың шетінде, Бетерейнея жақта бір байдың екі қабатты, көлденеңі ұзын тұрар жайында иттің мүңкіген иісі мен бурыл жүні табылған. Олар шам алып, қару дайындап қуалап бір көкала мысықты қолға түсірген. Үй иесі мысықты жазаламақ болып төменге қатты тастамақ болып, мысықтың қанша лақтырсаң да төрт аяғын жұптап жерге орнықты түсетін әрекетін ойлап, оны жіпке байлап, қауға ретінде суға тұншықтырып азаптап сосын жіберген. Бірақ, одан кейін де түні бойы босағасы бурыо иттің жүніне толып қалған. Үй иесі осы бурыл иттің жүніне байланысты қылсыстардан хабардар зерек оқымысты адам екен. Есік-терезесін, ауласын, қорасын толық бекіттірген. Кең ауласында сиыр ұстайды екен. Сиырларының саны аман. Басында оны ұрылармен байланыстырып хауіптенген.«Мысықтың көзі сұсты әрі жымысқы болды» депті. Мысықтан өштерін алған, өлтірмеген.

— Балаларға арналған қиял-ғажайып әңгімелеріне ұқсап кетті. Өзім де байыбына бармаймын.

— Әзірге оқиғаның шегі осы. Қаланың әр жерінде бурыл иттің ұйпа-тұйпа жүні, мүңкіген жағымсыз иісі.

Осы оқиғалардың соңын Батерейнаядағы бай кісінің әрекеті түйіндеп тұр.

— Жалғасын қалай анықтаймыз?

— Ол үшін жаңа оқиғаның туылуын күтеміз.

Кемпір дағдарып қалды. Үстел астындағы көлденең темірді тепкілеп қойды.

Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости