12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҚАРА АҒАШ ТҮБІНДЕГІ ОҚИҒА

…О да құдай пендесі

Түспей кетер деймісің

Тәңірінің құрған тезіне…

АБАЙ

І. КҮДІК ПЕН СЕНІМ

           Аспанды қақырата найзағай ойнады. Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, жерді тітірете, түн түнегін тілгілей сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етті. Жас шамасы отызға жете қоймаса да шашына ақ қылау түсе бастаған шымыр денелі сымбатты жігіт қою қараңғылық құшағындағы күре жолға тесіле қарап, машина жылдамдығын үдете түсті. Айтты-айтпады, қашаннан да осындайда түнгі жолдың ұзарып кететіні бар емес пе, бұл асыққан сайын Ақмешіт қаласы жеткізер емес.

Санада күдік пен сенім шайқасы: бір ойы «Апырым – ай, мына қылмыскер тағы да құтылып кетер ме екен? Біздің әділдік үшін, заңдылықты сақтау үшін жасаған қыруар жұмысымыз тағы да босқа кетер ме екен?  Сірә, біздің арамызда да, билікте де оның  қорғаушылары мен қолдаушылары мықты болып тұр-ау, шамасы»,– деген күдік бұлтын маңайласа, екінші ойы «Не көрініпті, мұның барлығы тергеушілердің осалдығынан болып тұрған жоқ па, білікті, ары таза тергеушінің қолына түссе қанша пайғамбар болса да соттан құтыла алмас еді. Енді, қалай дегенде де барлығы 101-ге байланысты. Ол кісі қиянатқа қарсы жан ғой, бізге қолдау көрсетері анық», – деген сенім көкжиегін шолады.

Облыстық ішкі істер саласында департамент бастығын 100 – ші, бастықтың бірінші орынбасарын 101- ші, қалған орынбасарларын ретінше 102,103,104,105 деп атайтын. Бұл өзге жұртқа түсініксіздеу болғанмен, сала қызметкерлерінің барлығына түсінікті, әрі қызметтік қолданыста тиімді болатын.

           Қазақстанның көптеген аймақтарына қарағанда Сыр бойына ерте келетін көктем биыл жылдағы дағдысынан жаңылғандай, тегіндікпен кете қоймайтынын сездіре тістесе қасарысқан қысқа толық қарсылық көрсете алмай қысылуда, түске дейін – мейіз, түстен кейін – киіз болып тұрған шақ. Содан болар ерте көз байланып, лезде түн тұңғиығы салтанат құрып шыға келеді. Жеңіл автокөліктің қос фарынан төгілген жарық ілгеріге жол сілтегендей, қараңғылық көрпесін еріксіз ысыра алға ұмтылады.

«Мен барғанша 101 жұмыста отырса жақсы болар еді», – деген ойдан арыла алмай келе жатқан ол қала жетіндегі МАИ бекетін көргенде: «Уф… жеттім – ау», – деп күбірлей сағатына қараса түнгі тоғыз жарым болыпты, шиыршық атқан дене сәл босаңсыды. Бекет үйшігінен жүгіре шығып, тоқтатпақ болған автоинспектор мұны танып, қызыл шамы жарқ-жұрқ етіп тұрған таяқшасын төмен түсіре қойды, сірә, өте тығыз іс жағдайындағы жылдамдық көбейту екенін түсінсе керек, қолын шекесіне қоя құрмет жасады. «Е… бірлі-жарым ақша жолына түскендер болмаса, жол инспекторларының көбісі күн-түні ел амандығы мен тыныштығы күзетінде жүр, жол апатын болдырмау мақсатында қызмет етуде, бірақ бұл сорлыларға да бәрібір жақсы ат жоқ. Жеке тіршілігінің, отбасының, бала-шағасының емес, басқа жұрттың амандығын тілеп ұйқысыз таң атырса да, әңгіменің барлығы осылар жайлы: «Өйтіпті, бүйтіпті», – деп жатқандары. Сонда мас күйіндегі жүргізушіні, не апатқа соқтырар әрекетке барған автокөлікті тоқтатпау керек пе? Ау, сонда заң қайда қалады, адам қоғамындағы қауіпсіз ғұмыр кешу мәселесі қайда қалады… тіпті, оның үстіне кейде мас жүргізушіге облыс, қала басшылығында жүрген азаматтардың ара түсетінін қайтерсің…»

Ол облыстық ішкі істер департаментінің кезекші бөліміне келген кезде сағат тілі түнгі онды көрсетіп тұрған еді, кезекші 101-дің күтіп отырғанын айтты. Басқышпен екінші қабатқа асығыс көтеріліп келе жатқан қылмысты іздестіру бөлімінің аға өкілі, капитан Нұржан Қызырбеков санасындағы «Күтіп отырған… Нағыз азамат… Нағыз опер  ғой…», — деген ой облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полковник Ахметов Ғалымжанға деген ризалық ықыласты және басшыға деген құрмет пен мақтаныш сезімін бір арнаға тоғыстырып жіберген болатын.

           Бұл кезде жұмыс кабинетінде полковник ауыр ой үстінде отыр еді. «Заман не болып барады осы… Егемендік алдық-ау, бірақ, біраз нәрсені жоғалтып алған жоқпыз ба өзі … Қылмыс көбейіп кетті, бара-бара бұл не болар екен. Бұрын кісі өлімі, қасақана кісі өлтіру сияқты ауыр қылмыс облыс бойынша айына-жылына бірді-екілі ғана болатын… Тіпті мұндай ауыр қылмыс болмаған жылдарды да көрді емес пе… Енді не болды, қазір ай сайын ондаған кісі өлімі тіркелуде, бұрын кездеспейтін ауыр қылмыс түрлерлі өсуде. Мына заман не болып барады, өзі?… М-м…да…»

           Ол самайын уқалады, түйіле түскен қабақтар, талай жылдарғы қылмыспен күрес салған іздердей болған ерте түскен әжімдер стол шамы жарығында полковниктің өңін онан әрі сұрландыра түскен. Нағыз шебер қолынан шыққан шам қалпақшасының жоғары бөлігі ақшыл-қызғылт, ортаңғы тұсы ақшыл–жасыл, төменгі бөлігі ақшыл-сұр шыныдан жасалғандықтан түскен жарық та түрліше рең шашады, содан болар полковник кабинетке кіріп келген жанға  өзгешелеу көрінеді, стол басында бейне жауына атылғалы тұрған азулы арлан бөрі отырғандай әсер қалдырады. Күтіп отырған қызметкерінің қай мезгілде келіп жететінін ойша есептеп отырған ол қайтадан күдік шудасын ескен ойға қалай беріліп кеткенін аңғармады. «Да… Келешек қалай болар екен… Удай қымбатшылық болса мынау жағадан алып тұрған, ел жайы түзеліп кетсе жақсы болар еді. Иә…иә… Құрысын… ана бір жылдармен, 1992-93 жылдармен салыстырғанда қазір құдайға шүкір ғой. Ойпыр-ай, ішкі істер органдарының кей салаларында үлкен тоқырау болды емес пе, күзет бөлімінің қызметкерлеріне айлық жалақы үшін арақ-шараппен есеп айырысқан күндер де болды ғой… Не деген сұмдық… Есітер құлаққа ұят…Иә, басқа амал болмады… Түзеліп кетерміз… Лайым солай болсын… Тіпті сол жылдарда талай қаланы, талай үйлерді қиратып тастадық қой… Обал-ай… Жекешелендіреміз деп колхоз-совхоздың миллиондаған қаржысы да, миллиондаған малы да ұстағанның қолында, тістегенннің аузында кетті, халық ала қалта арқалап босып кетті. Бейне қорқынышты түс сияқты, біздің жүрісіміз мынау – қоғамдық  тәртіпті, заңды, ел тыныштығын сақтау үшін күн-түні үй көрмей; мұны ана биліктегілердің түсінгісі келмейтіні және елдің түсінбейтіні жанды қинап жүрген жоқ па, халық болса жоғарыда отырған ел қамын ойлайтындар бар деп біледі, ал, олар сонда нені ойлағаны…Тәртіп сақшыларына деген құрмет далада қалды, бұл дегенің үкімет пен өкіметке деген құрметті жою емес пе… Үш күн… Тек үш ғана милиция жұмысын тоқтатты делікші, жұрт бірін-бірі тонап алатынын бұл басшылар түсінбегені ме сонда… Елдің жағдайы ауыр екенін білмей отырғаны ма… Өтірік есеп кімге керек… Ау, басқасын былай қойғанда, елде ақша дегенді қолына ұстап  көрмегендер де болды ғой ол тұста… Да-а… Адам деген қызық екен ғой… Біздің аймақ басшысы халыққа сиырлардың артына қап байлап жіберіңдер, сонда сиырларың өрістен келгенде отындық біраз тезек аласыңдар деп те соққан жоқ па… Адам мемлекеттің басты байлығы емес пе, бүгін сол байлыққа басы ауырып отырған билік бар ма, ау, халықсыз, адамсыз мемлекет бола ма, ал сол адамға өз күніңді өзің көр – дегенді қалай түсінеміз. Сонда қарапайым халық өз күнін өзі көруі керек және билікте отырғандарды асырауы керек болғаны ма? Ой, Алла –ай!

Бәрінен қиыны – заң бұзушылықтың белең алып кетуі болып тұр емес пе. Билік мұны ерте ескеру керек еді ғой… Қай қоғамда болмасын ішкі тәртіпті қорғаушылар рөлі төмендетілсе  болды қылмыскерлер күшейіп, қылмыс серкелері билік жасайтыны белгілі емес пе еді. Өздерін сүттен ақ, судан таза қылып көрсету үшін биліктегілер барлығын құқық қорғаушыларға жапты, ал содан не шықты… «Жаман түйе жабуын жейді деген»… Ел наразылығы өсіп келеді, тіпті біздің ішкі істер органының өзінде өсек, өтірік көбейді. Психология өзгерді, кеше ғана өз қатарымызда қызмет етіп, ант қабылдағын адам зейнетке шығып еді, баррикаданың екінші бетіне өтіп кеткен сынды бейне. Адвокат болып, ақша үшін айтулы қылмыскерді де қорғап, оның айыбы анық болғанына қарамастан жанын сала қорғаштап, бүкіл тәжірибесін, білімін қылмысты ақтауға жұмсап отыр. Бұған не дерсің… Әрине…  Барлығы емес қой, араларында ұстанымына беріктері де бар… Бірақ, көпшілігі… Е… несін айтасың…Неге бұлай болды… Сонда енді тек ақша құндылығы үстем бола ма… Адамдар пиғылы өзгерді…»

           Табиғатта жыл шығар мезгілде, көктем шуақ әкелем десе, қыс қасарыса ызғарын төгер арпалысты, өлара сәттер болатыны сынды полковник санасында күдік пен сенім майдандасып жатқан тұста есік қағылды.

  • Рұқсат па екен, полковник мырза?
  • Иә… Нұржан… Кел… Жақынырақ отыр.
  • Айып етпеңіз полковник мырза, көп күттіріп қойған жоқпын ба?
  • Е… Ештеңе етпес… Өзім де осы шамада шаң берер деп отырғам… Ал баянда, шаруа не болды?
  • Күдіктіні көрші облыстан, тағы да Созақтан таптық. Бұдан бұрынғы ұстаған үйді бірнеше күн аңдып жүріп,  қолға түсірдік. Бүгін мана өзіңізге телефон соққан шамада Жаңақорғанға әкелдік. Бірден ИВС-ке (Уақытша ұстау абақтысы) апаруға қауіптеніп, жасырын түрде бір үйде ұстап отырмыз. Ертеңгісін РОВД угрооперативнигі Ертаев Қазыбек пен ДВД угрооперативнигі Сейітов Асқар сонда апарады. Бұрын осы күдіктіні екі рет әкеп, ИВС – ке қамадық қой, бірақ тергеушілер істі «Дәлел жоқ», –деп қысқартып тастай берді емес пе. Тағы да сондай болып, араға сөз жүріп кете ме деген оймен осылай істеуге мәжбүр болдық. Сосын тура өзіңізге келе жатырмын.
  • Күдіктінің өзі не дейді?
  • Бұрынғысы… Тура өткен жолғыдай… Кісі өлтіргенін мойындайды. Менің қорқып отырғаным: Бұрын да дәл осылай бізбен сөйлескенде қылмысын мойындап, тергеу кезінде басқаша сайрап, айтқандарынан танып шыға келді ғой. Ақыл, бағыт беретін біреулер бар және олардың бізбен қызметтес болуы да мүмкін. Күдігіміз болғасын осылай істедік… Жігіттер түнімен сол үйде ұстайды.
  • Бұл жайлы РОВД басшылары біле ме?
  • Жоқ. Әзірге Ертаев, Сейітов үшеуіміз ғана білеміз. Бұл жолы бізге мықты, өз ісін білетін, қолы таза тергеуші керек. Әйтпесе бұл қанішер тағы да бостандыққа кетеді.
  • М-м-м… Қиын іс, оқиғаның болғанына алты жыл өтіп кетті. Дерек пен дәйек табу да қиын. Кешегі күннен сотый отпускаға кетті, ол кісі де көп жылдар бойы қылмысқа қарсы күресіп келе жатқан адам ғой, бізді қолдары анық, мен уақытша оның да міндетін атқарушымын.
  • Полковник мырза, мынау тіпті дұрыс болып кетті ғой онда. Ендігі мәселе тергеушіге тіреліп тұр емес пе?! Тергеу басқармасына бұйрық берсеңіз  болды ғой.
  • Бұйрық берілер ғой… Мана сен хабарласқаннан бері осы істі кімге тапсыруға болар екен деп ойланудамын. Бұрын барған тергеушілер де тәжірибесіз емес – ті…
  • Полковник мырза, бұл істі ашса – тек Асылбаев Орынбек қана ашуы мүмкін. Қалалық ГСК (МТК) – да бірге қызмет атқардық, ол тергеу бөлімін басқарды, мен тергеуші болдым. Оның жігерлілігі, талапшылдығы, алған бетінен қайтпайтындығы тап осы жерде керек-ақ.
  • Біздегі важнякты айтып отырсын ба? Биыл «Лучший следовательді» алатын, горпрокуратураның дегеніне көнбей, өз правотасын облпрокурор алдында дәлелдеп шыққан жігіт пе?
  • Иә, аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші Асылбаевты айтамын.
  • Оны біреулер тік мінезді деп жатады ғой.
  • Бәлкім біреулерге ұнамай қалған болар. Бірақ ары да, қолы да таза азаматтың бірі. Таудағы Карабах соғысына қатысқан, жас болғанмен өмірдің ащы-тұшысын көрген жігіт. Ол барса қылмыстың беті ашылары анық.
  • Келістік. Онда ертең Асылбаевты күтіңдер. Біздің машина жеткізіп салар. Айтпақшы ол жігіт «Қыздың шұбарындағы» кісі өлімімен айналысып жатқан еді, не істеді екен… Істі жақындатты ма екен? Сен қазір кейін қайт, жігіттерге айт: Мұқият болсын. Сыртқа ақпарат шығып кетпесін. Тергеуші үлгірсе түсте, үлгіре алмаса түстен кейін барады. Күдіктіні ИВС – ке түстен кейін, бәлкім кешке қарай апарғандарың жөн болар. Кейбіреулер құлақтанамын дегенше Асылбаев та барып қалар. Так…Так… Бәлкім, тіпті былай істеген жөн сияқты. Күдіктіні алдарқатып, сол үйде бола беріңдер, Асылбаевпен кездестіріңдер, бірақ оның кім екенін айтпаңдар. Ол әңгімелессін, барлығын жасырын видеоға түсіріңдер. Бәлкім сол тұста тергеуші де ілік болар бірдеңе табар. ИВС – ке содан соң апарарсыңдар. Бұлай жасау әрі әлгінің қолдаушыларының бірден әрекетке көшпеуі үшін де керек болар. Сосын оның Жаңақорғанда екенін өздеріңнен басқа ешкім білмесін, жақтастары «Созақта жүр» деп бейқам жүре берсін, біз үшін осы тиімді. Мен де мындағыларға «Асылбаевты материалмен танысу үшін жібердім» – дермін. Себеп бар ғой оған: Бірнеше рет қаншама күн оперативниктер із кесіп, күдіктіні қолға түсіреді, алып келеді, неге тергеушілер босатып жібереді. Бұл жерде не гәп бар, біздің басқа органдарға іс туралы баяндамай тұрып өзіміздің тексеруге құқымыз бар. Осылай істелік, іс бойынша барлық материалдар тергеуші барғанша дайын тұрсын. Мен РОВД бастығына да, тергеу басқармасына да осылай айтамын. Ал, іске сәт! Жолың болсын!

Екеуі де орындарынан тұрды. Қылмыспен күрес саласында тер төккен екі азаматтың да санасында осы тұста күдіктен гөрі сенім асқақтай бастаған болатын.  Бұл кезде түн жарымы болған еді.

2. ҚИЫН ТҮЙІН

1999 жылдың көктемі кештеу келді, жер лайсаң. Аспанды қақырата найзағай ойнады. Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, жерді тітірете сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етті.

Қызылорда–Жезқазған тас жолының 120-шы шақырымындағы «Қыздың шұбары» атты жерде болған кісі өліміне байланысты іс тергеуін аяқтап қалған аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші Орынбек Асылбаевтың айыпталушыны қылмыстық іспен таныстыру үшін тергеу изоляторына бармақшы болып облыстық ішкі істер департаментінің шығар есігіне беттегені сол еді жауапты кезекшінің дауысы естілді. Кілт тоқтаған бұл кезекші бөлімінің терезесіне бұрылды.

  • Капитан! Саған Оңғарбаев «Тез келсін!» – деп жатыр.

Бұл ойланып қалды. Тергеу басқармасы бастығының орынбасары неге іздеді екен?

  • Жайшылық па?
  • Білмеймін. Көкең «Қылғынып жатыр»! Тез жеткейсің.

Бұл есік қағып рұқсат сұраған еді, нақ осыны күтіп отырғандай лезде іштен «Кір!» – деген жарықшақты үн естілді. Үстел басындағы Оңғарбаев түтеп отыр екен.

  • Қайда жүрсің? Әй…Таң атқаннан сені іздеп қырылып қала жаздадық қой, А..?
  • Кеше түндегі жиналыста өзіңіз маған арнайы тапсырып: «Басқа істерді қоя тұр да, ана істі бітір» – дегеніңіз бойынша кісі өліміне байланысты істі аяқтап қалдым. Соған қатысты тергеу изоляторына бара жатырмын, адвокатпен келісіп қойдым. Оның да жұмысы көп екен, сондықтан…
  • Тоқта! Әй… сайрап барасың ғой, тіпті. Бәрін таста! Жинал! Жаңақорғанға барасың!
  • Ау, бүгін бітірмесем ана іс отчетқа енбей қалады ғой.
  • Отчет?! Әй… Мен саған не деп тұрмын…

Оңғарбаевтың ашуланғанда дауысы қырылдап, тамағы сырылдап, кей сөздері түсініксіз болып кететінін білетін бұл әліптің артын бақты.

  • Не деген адамсың сен… Бұрын бізге бастық айтса болды – «Құп!» деп жүгіре беретінбіз. Еще… маған «Тергеу мерзімі ұзап кетеді» – дейді ғой… Смотри, а…?!  Бағынғың келмей ме, жүр онда 101 – ге.
  • Ол кісіге қандай шаруамен, неге байланысты баруым керек?

Бұл сауал онсыз да терісіне симай отырған Дат Оңғарбаевты тіпті ызаландырып жіберді. Беті қызарып, танауы делдиіп кетті.

  • Не дейсің?… Әй… мен саған не деп тұрмын. Барлығын баяндап тұрайын сол. Сыртта машина күтіп тұр… Барғасын РОВД – дағылар айтады…Болды…Бар!

Кілт бұрылып,  шыға жөнелген ол өз кабинетіне келіп, қолындағы істі сейфке салды да ойға қалды. «Ау, мына кісіге не болған? Әлде біреу өсек айтты ма екен. Арақатынастарында бұрын мұндай жәйттер болмаған еді. Мына істің мерзімін өткізіп алмасам болды да, ал олай болды дегенше бұған бұрын тісі батпай жүргендердің біразы атойлап шығары анық.

Жаңақорғандағы не іс екен? Менен басқа кімдер барады екен? Қандай қаулы, хаттамалар бланкілерін ала кеткен жөн екен? Не болғанда да бір төтенше жай болып тұр ғой, әйтпесе әлгі кісі мұнша бүлінбес еді, тіпті дұрыстап мән-жайды да түсіндірмеді ғой».

Бұл тұс әлі ұялы телефон байланысы Сыр бойына толық келе қоймаған, тек қолы жеткендер мен бастықтар ғана енді қолдана бастаған кез еді. Бір жәйтті білу үшін өзің баруың керек, не қалалық телефон қызметіне жүгінесің. Ал, шаруа көп. Таусылмайтын сұрақтар, жауапсыз сауалдар. Ол сәл тыныстап, өзін іштей сабырға шақырды. «Сап! Сап көңілім! Сап! Асықпа, аптықпа!». Кейбір керек болады-ау деген қағаздар мен құжаттарды жинақтап, папкасына сала коридорға шыққан ол тергеу басқармасы бастығының тергеу өндірісіне жауап беретін орынбасары Күнберген Бердібаевтың дауысын естіп бұрылған еді, оның кабинетіне кіріп бара жатқанын көрді.

«Бұл кісі түстен кейін облыстық прокуратурадағы жиналысқа баруы керек еді ғой. Мән-жайды осы кісі біліп қалар». Көп жылдар прокуратура саласында қызмет атқарған, қала прокурорының бірінші орынбасары болған, тергеу саласының майталманы саналатын бұл азаматты облыс ішкі істер органдары қызметкерлері құрмет тұтатын, артық сөзі жоқ, сыпайы, нағыз зиялы жан кейінгі буынға көмек беруден де қашпайтын. Тергеушілер арасында  айтылған «Қылмыстық іс Күнберген «Іс болмайды» десе 100 пайыз, ал егер «Іс болуы қиын десе» 99 пайыз соттан өтпейді» деген пікір  ақиқатты тәмсілге айналып кеткен болатын.

Бұл да оның ізін ала кабинетке енді.

  • Күнеке! Мені срочно Жаңақорғанға жіберіп жатыр! Шұғыл бір жағдай болып қалған жоқ па? Не іс, не оқиға? Хабарыңыз бар ма?

Ол орындықты қолымен нұсқады да, қораптан алған шылымды үш саусағымен баяу шиыра бастады. Бұл оның маңызды мәселеге кірісер алдындағы дағдысы болатын.

  • Өткенде Ғайса барып келген іс болса керек. Ол бір қиын түйін екен. Іс шығуы қиын, себебі оқиға осыдан алты жыл бұрын болған, қаншама уақыт өтті, бұл уақытта оның өлім себебін сот-дәрігерлік сараптамасы анықтап бере алмайды ғой.

Осы кезде кабинетке Дат Оңғарбаев кіріп келді.

  • Әй, Асылбаев! Неғып отырсың! Ей, мынаған дауа жоқ екен ғой, өзі. Менің Жаңақорғанға кет дегеніме екі сағат болды ғой. Жаңа бастық звондап, айқайлап жатыр: «Тергеушің қайда?» – деп. Кабинетіңе барам – жабық, криминалистерге барам – жоқ, сыртта анау уголовный розыскының машинасының тұрғаны таңылып. Бұл болса мында отыр ғой шәниіп… Не деген адамсың…Смотри – а… бастығым айтты екен деп жүрген бұл жоқ…

Капитан оның сөзінің артын күтпестен кабинеттен шыға жөнелді. Алайда бір от алып кеткен Оңғарбаевтың тоқтауы қиын еді, бұл ұзынша коридорды жағалай орналасқан үш-төрт кабинеттің тұсынан өткенше оның жарықшақты дауысы естіліп тұрды.

«Осы кісі біреуге айқайлағанды үлкен бедел, салмақ көреді – ау, сірә. Әйтпесе, жай айтып – ақ жеткізе беретін нәрсе емес пе. Екі сағат болды іздегеніме дейді… Мұның «Жолға шық» дегеніне он бес-ақ минут болды ғой. Қызық… Үлкейе келе біз де осы кісідей болар ма екенбіз. Ойбай, құдай сақтасын… Бұл өзімен кетсін. Тфа,Тфа… Айқаймен іс бітуші ме еді…».

Кезекші бөлімінің тұсынан өтіп бара жатқанынада жауапты кезекшінің дауысы естілді: «Тергеуші Жаңақорғанға шықты ма деп сұрап жатыр101. Ана оң жақта тұрған «Жигули» апарып салады. Мен бастыққа баяндай берейін».

Бұл отырысымен қозғалған «ВАЗ-2106» автокөлігі жер апшысын қуыра жүйіткиді, жүргізуші сержант та әңгімеден шаршар емес: «Біздің жігіттер алып келсе, тергеушілер жібере салады екен. Қызық…Оңай дей ме екен? Ойыншық па екен? Мана мені бастыққа шақыртты. Приемныйға барған бойым еді, сіздердің бастықтарыңыз кіріп кетті. Қос қабат есіктің сыртқысы сәл ашық қалыпты, хатшы қыз да бір жағына шығып кеткен екен. Ойбай… сұрама, сұрама… Біздің бастық сіздердің бастықты іреді…Ей, оның өзінен де бар…101 түсіндіріп жатса «Ондай тексеру неге керек?» – дей ме, «Ол бірнеше рет қозғалған дохлый іс қой дей ме»… әйтеуір бірдеңе деп жатыр. Біздің бастықтың қатты ашуланғанда «Е… мать, по стенке размажу, парву» деп столды ұратыны бар ғой, сол басталысымен бастық кабинетінің есігін плотно жаптым да, қабылдау бөлмесінен шығып кеттім. Коридорда тұр едім, бір кезде сіздердің бастықтарыңыз шықты түрден түр жоқ… Біздің жігіттерге де оңай емес, үй жоқ, күй жоқ, сол бақташыны сүйретіп өлтіретін қанышердің ізінде жүр ғой сабылып…».

Осы тұста тергеушінің ойына кейбір жәйттер түсе бастады. Сержант әлі сөйлеп келеді, бұл болса өзі ойының қалың қабаттарын қайта қопаруда еді. «Е…е… шамасы бұл Нұржан бір кездескенде айтқан әңгіме болды ғой… Алты жыл өтіп кетті, ә?! Әуелі атқа сүйретіп, сосын шылбырмен қылғындырып өлтірген… Иә…иә… Ау, сонда мотив қайда, қылмыскер не үшін мұндай әрекетке барды? Неге кезінде іс ашылмай қалды, тергеушілердің босатуына не себеп? Күнекең мана іс шығуы қиын – деді – ау. Онымен де ақылдаса алмай қалды… Кезінде аса мән бермеген еді, бұлай боларын білгенде Нұржаннан үтір-нүктесін қалдырмай сұрайтын еді ғой. Та-ак… Айтпақшы, құдай біледі Нұржан сол Жаңақорғанда жүрген болар. Иә, оның хваткасы мықты ғой, сол шығар күдіктіні ізінен қалмай індетіп жүрген… Не болса да бара көрермін».

Ол ойдан арылып, жолға көз тікті, Төменарықтан өтіп барады екен. Жүргізуші машинаның бар мүмкіндігін пайдаланып келеді екен, өзге жүргіншілер мемлекеттік нөмірі әдеттегіден өзгеше, төбесінде жарқ-жұрқ ете көк шамы жанып келе жатқан автокөлікке ығыса жол беруде.

  • Мигалканың қажеті қанша?
  • Ойбай-ау, 101 сізді «Тығыз жеткіз, барлық мүмкіндікті қос» – деп бұйрық берді ғой.     
  • Ә…олай болса… Айтпақшы Қызырбеков Нұржан қайда жүр екен, білмедің бе?  

Сержант лекіте күліп алды.

— Ойбай-ау, осының бәрін дүрліктіріп жүрген сол емес пе. РОВД – дағы Ертаев екеуі ғой әлгі қанышердің адымын ашырмай жүрген. Құда қаласа, қазір алдыңнан шығар. Тіпті, ол бізді Жаңақорғанның шетінен күтіп алуы да мүмкін… Әйтпесе Нұржан бола ма…

— Е… бопты.           

«Нұржан осында екен ғой. Бәсе… Жарады жігіт… Шындығында да мына іс – нағыз қиын түйін болып тұр екен, ә…».

Әне-міне дегенше Жаңақорғанның да төбесі көрінді. Сержант жылдамдықты бәсеңдетер емес, кентке жақын тұстағы жол айрығына орналасқан МАИ бекетінің де алыстан сұлбасы көріне бастады.

  • Айттым да қойдым. Ореке, мені әулие десең де болады-ау. Сержант тағы да рахаттана күліп алды. – Анау тұрған сол Нұржан болар, қателеспесем, машина соныкі.

Бұлар күтіп тұрған көлік жанына тақай тоқтаған сәтте машинадан үстінде сұр вельветтен тігілген қонымды костюм-шалбары бар, шашына ақ түсе бастаған көрікті жігіт жымия түсіп келе жатты. Иә, Бұл Нұржан еді.

  • Ореке, хош келдіңіз!
  • Хош көрдік, Нұреке!

Екі жігіт құшақтаса сәлемдесті. Амандық-саулықтан соң олар бірден іске кірісті.

  •  Ореке, менің машинама отырып, бағыттасып алалық. Братишка, ана төбеңдегіні өшірсей жұрт назарын аудартпай. Сосын көлігіңмен былайырақ бұр, мына бір іздікке түсіп трассадан алысырақ жыңғылдың арасына барып тұрарсың. Менен хабар болмай қозғалма, бұйрықты күт!
  • Құп болады!

3.    ІЗ КЕСУ БАСТАЛҒАНДА                                                                      

Тағы да аспанды қақырата найзағай ойнады. Жол жиегіндегі жыңғылдар дір-дір етті, бәлкім найзағайдан қорыққан болар, әлде адамдар жауыздығынан шошынды ма екен, әйтеуір түрлері оңып кеткен. 

  • Ореке, отырыңыз, біз де шеткерірек тұрайық. Капотты ашып қояйын, көзі түскен біреу-міреу бұзылып тұр екен деп ойласын.  
  • Бұл немене, өзі? Ылғи Штирлиц болып кеткенсіңдер ме түге… Ылғи құпия…
  • Солай боп тұр Ореке. Штирлицтікі рахат қой, фашистердің арасында жүріп барлаушы болған, жауының кім екенін біледі. Біздің жай қиын боп тұр емес пе, кімнің қарсылас екенін білмей дал болып жүрміз…
  •  Не бопты?. Біреулерді білетін шығарсыңдар.
  •  Сеземіз ғой… Бір кемпірдің баласы біраз мал-мүлкін «Жиырма бір» деп аталатын карта ойынына ұттырып жіберіп, басы салбырап отырса, шешесі: «Балам – ау, қайтейін, сені құртқан жиырма бір болды ғой», – десе, баласы: «Апа, мені құртқан жиырма бір емес, жиырма екі болды ғой, ылғи асып кетіп», – деген екен. Сол сияқты бізді құртқан өз ішіміздегілер болып тұр ғой.

Нұржан машинасын күре жолдан шеткерірек, арнайы тоқтауға қалдырылған орынға қойды да әңгімеге кірісті. 

  • Ореке, бұл анада өзіңе айтқан әңгіме ғой… Қысқарта айтпасам, түгел баяндауға бір күн кетер, ал уақыт тығыз… Оны өзің де білесің. Бірақ, өзіңе негізгі жәйттерді айтпасам тағы да болмайды. Сонан соң барып бағытымызды анықтап, жоспар құрармыз.

Иә, 1993 жылы «Нұржол» колхозының бақташысы Ордабек Әнесұлын сол ауылдың тұрғыны Сағадат Кәрішалов өріске іздеп барып төбелеседі. Содан соң ол құлаған кезде шылбырды ілмектеп жіберіп тұзақ қылады да, атқа мініп алып сүйрете жөнеледі. Содан бір кезде сүйретілген дене қыбырламай қалғасын атынан түсіп барса, ол өліп қалған екен. Сол кезде олармен ауылдас Тұрғанбай Разақов деген кісі келіп қалады да, екеулеп өліктің қалтасындағыларды алады. Ордабектің өлгеніне анық көздері жеткесін оны сол айдалаға тастап кетеді. Мұны алыстан қой кезегінде жүрген екі бала, иә…иә…көрші ауылдың қой бағып жүрген екі оқушысы Серікхан мен Жолбарыс Мәтеновтер де көрген. Бірақ балаларды да, Тұрғанбайды да біреулер қорқытқан болуы керек, олар тіс жарып ешкімге айптаған. Мәйітті бір аптадан кейін бе, әлде одан да көптеу уақыттан соң ба тапқан. Көзін және т.б. ашық тұстарын құс шұқып тастаған, бет пішінінен тану мүмкін болмаған, тек марқұмның әйелі ғана танып, сосын ел боп жерлеген. Марқұмның артында жеті баласы қалды, тұрмыстары өте ауыр.

Осы іспен алғашқы айналысқан жігіттер ешнәрсе шығара алмай қойған ғой. Мен уголовный розыскаға ауысып келгенімде ашылмай қалған осы қылмыстық іс марқұмның әйелінің арызы бойнша менің қолыма тиді. Жаңақорғанға хабарласып, Ертаевпен сөйлессем, ол «Ел ішінде ызың-ызың өсек бар», – дейді. Содан із кеспейміз бе, ауданнан Ертаев пен бізден Сейітовтерге көп-көп рахмет, нағыз оперлар ғой, біраз көмегі болды. Сөйтсем, олар да осы істің ашылмай қалғанына, қанішер қылмыскердің бостандықта жүргеніне ызаланып, намыстанып жүрген жайлары бар екен. Кездесіп, жоспар құрдық, үшеуіміз жан-жақты қаза бастадық, сөйтіп осы Сағадат Кәрішаловтан күдік ала бастадық. Оның бірде мас болып отырып, бір құрдасына мақтанып «Ордабекті мен өлтірдім» деп айтып қойғанын есітіп, әлгі адамды тауып алдық. Оған да біраз уақыт кетті, алғашында ол «Естіген жоқпын» деп ат-тонын ала қашқан, кейіннен жесір қалған әйелдің жайын айтқасын құдайдан қорықты ма, әйтеуір, «Әлгі әңгімені естігенім рас еді, бірақ Сағадат ол кезде қатты мас еді», – деді. Сонымен не керек, Сағадатты тауып, әңгімеслестік, араққа тойдырдық, міне осы кезде ол Әнесұлын өлтіргенін мойындады. Ертеңіне РОВД — ға алып келдік, біз оны-мұны құжаттармен жүгіріп жүрсек, ол біреулердің көмегімен босанып кетіпті. Санымызды соқтық та қалдық. Сұраймыз – ешкім  ештеңе білмейді, жауап беретін де ешкім жоқ, кезекші қызметкер: «Ондай адамды көрген жоқпын», – деп қарап тұр.

Не істейміз, қатты ызаландық, өзімізді өзіміз кіналадық. Кім білген, барлығын мойындап отырған адам ондай әрекетке барады деп ойламайсың  ғой. Сонымен, тоқ етері – күдіктіден айрылдық, қызметтестер бізге күле бастады. Алайда бұл бізге сабақ болды, мұның қорғаушылары, қолдаушылары тек билікте емес, өз ішімізде де жүргенін түсіндік. Тағы іздеуге кірістік. Ол ұзақ әңгіме, кейінірек айтармын. Бір жылдан аса іздеп, ақыры Созақтан таптық. Тағы да арақ ішкіздік, әңгімелестік. Өткен жолы неге қашып кеткенін сұрадық. Ол «Қашып кетпегенін, өзін менттердің босатып жібергенін» айтты. Бұдан соң негізгі әңгімеге, Әнесұлы мәселесіне көштік. Тағы да сол… Ордабекті өлтіргенін мойындап отыр. Оны Жаңақорғанға әкелдік. Баяғы ауыз күйіп қалғаны бар, бірден ИВС – ке оформить еттік. Бәрі дұрыс-ау,  бірақ, тергеу басталып еді… Басқармадан  арнайы шақыртқан тергеушіміздің өзі «Ешқандай дәлел, дәйек жоқ, соттан өтпейді» — дегенді айта бастады, сол – сол-ақ екен мынау: «Мен ештеңе білмеймін, ешкімді өлтірген жоқпын», – деп сөзінен танып шыға келді. Біздің диктофонға жазып алғанымыз дәйек болмай қалды. Бәрі де «Мас адам не демейді» – деп бізді мазақ қыла бастады. Ол да басы бұлғақтап: «Менің бұлайша айтуым мүмкін емес», – деп қарап отыр. Қалай күймессің… Ертаев, Сейітов үшеуіміз ашу мен ызадан не істерімізді білмедік.

Оны тағы да босатып жіберді. Біз мұның тегін емес екенін сездік. Әшиінде біреулер нақақтан күйіп жатады ғой, ал бұл болса тура құлып астынан сылт етіп шыға келеді. Осы жолы да оның хабарын тағы да Созақ жақтан шығардық. Мен 101 – ге барып, барлығын баяндадым. Ол кісі асықпай тыңдады да: – «Бұл не қылған суға батпайтын, отқа жанбайтын пәле, тергеушілер неге қауқарсыз қалып отыр? – деп біраз ойланды. Сосын маған: «Күдіктінің барып алып қайтыңдар, оның Созақтан кетуін өз қалауы етіп көрсетіңдер, например, Түркістанға ма, Шымкентке ме қыдырып кеткен болсын. Сендердің онда барғандарың да құпия қалғаны дұрыс. Өйткені оның қолдаушылары Созақпен хабарласып отыруы мүмкін. Жаңақорғанға әкелгесін алдын-ала дайындап қойған үйге ұстаңдар, өзге адамдардың білмегені жөн. Жігіттерге ескерт: ауыздарына ие болсын. Мұны бізден басқа тірі пенде білмеуі керек. Сосын өзің маған хабарлас», – деді.

Міне, кеше кешкісін оны Жаңақорғанға әкелдік. Бір үйде қонақ қылып сыйлап жатырмыз. Біздің Штирлиц болып жүргеніміз де сондықтан. Ауданда біреу білді дегенше болды – ел «гу» ете қалмай ма, онда тағы да тақырға отырып қалуымыз мүмкін. 101-ге хабарласып, түнде Ақмешітке барып қайттым. Бастыққа жолығып, осылай бастауға шештік. Істі тергеуге сенің кандидатураңды мен ұсындым.

  • Е…е…! Неге маған осында «Шұғыл бар!» – деді деп бас қатырып отырсам.  Барлығын  бүлдіріп отырған сен екенсің ғой… Е… бұл бір қиын іс екен…
  •  Енді ше… Қиын болмаса сені қозғаймын ба… Істі соттан өткізуге бір дерек, қолға ұстарлық бір дәлел болмай тұр ғой.
  •  Ендігі бағыт қалай?
  • 101-ші сенімен күдіктіні кездестірген дұрыс деп отыр. Оған сенің кім екеніңді айтпаймыз. Қазір ол ұйықтап жатыр. Тұрғасын сен қақпалап әңгімеге тартсаң, ол бізге айтқанын қайталаса, соны видеоға жазып алсақ деп ойлаймын. 101 мына сержанттан шетелдік шағын видеокамера беріп жіберемін деген. Сау кезінде өзі мойындап отырса ол да бір дәйек қой.
  • Е..е… бәрін дайындап қойдым десейші.
  •  Қолдан келгені ғой…Әңгіме арасында бір ілік тапсаң тіпті жақсы болар еді. Жалпы ендігі шаруа сенің қолыңда. Біз көмекшіңбіз. Бірақ абайлап жұмыс істеу керек, бұл жердің өсегі көп.
  • Өзім де соны ойлап отырмын. Істің жалпы сұлбасы белгілі болды… Бірақ сұрақ көп…Жинақталған материалдар қайда?
  • Ертаевтың өртенбейтін дәу сейфінде сақтап отырмыз.
  • Жақсы-е… Онда біз былай істелік. Менің бүгін осында келетінімді РОВД басшылары біліп отыр. Онда бармай тағы болмайды, барғасын мені аңдитыны, бақылайтыны анық. Ол кезде жаңағы жоспар іске аспай қалуы мүмкін. Тіпті «Азаматты заңсыз, күштеп ұстап отыр» – деп, бізге жала жабудан да қашпас олар. Әрекеттеріне, із жасыру тәсілдеріне қарап олардан мұны күтуге болатын сияқты. «Оны қолдаушылар, қорғаушылар  өз арамызда жүр» – дегенің көкейге қонады. Сондықтан мен қазір РОВД басшысына барайын. Ертең жексенбі ғой, бастыққа бір-жар күн Өзгентке, туған ауылға барып демалып қайтайын, тіпті сүрнігіп өлетін болдым – дейін. Ол бұл іске мүдделі болса менің ұсынысыма қуана-қуана келіседі. Сосын біреуге «Жеткізіп сал» – дер, не болмаса «Солай қарай бара жатқан көлікке мінгізіп жіберіңдер» – дер. Асылы, өздерінде машина жетпей жатқанда мені қайтсін, сол соңғы жоба дұрыс болар. Тіпті «Жігіттер солай бара жатқан бір көлікке мінгізіп жіберсе», – деп ұсынысты мен-ақ жасармын, одан пәлендей ештеңе өзгермейді. Ал сен мені дарияның арғы бетінен күтсең, өйткені әлгі мені шығарып салған адамға «Тергеушінің анық Өзгентке кеткеніме көз жеткіз», – деп тапсырма да беруі мүмкін. Мейлі, біздің бастықтарға телефондап, мені «Бір маубас екен, демалып жатыр» – дер. Онысы бізге жақсы, мүдделілердің бейқамдығын қамтамасыз етеміз. Қалай дегенде де ұтылмауымыз керек қой.  Сондықтан сәл алыстау болса да сенімді болғаны дұрыс қой. Сенің басқа біреудің машинасын сұрап алғаның жөн сияқты, көзге іліне бермейтін «Москвич» болса тіпті қатып кетер еді. Оның үстіне, марқұмның ауылы дарияның ар жағында тиіп тұр ғой. Әнесұлының отбасына барып, әйелімен сөйлесе келген де жөн болар.
  • Уақыт кетпей ме?
  • Амалымыз қайсы… уақыт кетсе де осылай жасаған дұрыс сияқты. Әйтпесе қарсы жақ тақымымызды жаздырмайтын сияқты. Видеокамераны ала кетелік. Күдіктіні «Ар алдында қиналып жүр, ұйқысы – ұйқы емес, өз-өзіне сөйлейді, біреулерді балағаттайды, біреулерден кешірім сұрайды», – деген жоқсың ба, видеотаспадан марқұмның отбасын, әйелінің сөйлегенін көрсе жаны қиналып, ашыла түсер.
  • Мұның да жөн екен.
  • Бізге асықпай, байыппен жұмыс істеу керек. Күдіктінің намысына тимей, көбірек осыған ұқсас жәйттерді айтып, құдай алдында, ар алдында тазару керектігін қозғай берген жөн сияқты. Өзі қиналып жүрсе, неге соны бізге пайдаланбасқа.
  • Әрине болады.
  • Бірақ, жігіттерге ескерту керек. Күдіктіге бекем болсын. Ашық жарқын әңгімелескенмен, мейілінше сақ болу керек. Ішемін десе – ішкізген дұрыс. Бірақ біздің барып-қайтуымызға көп болса екі-үш сағат кетеді емес пе. Бәлкім оған дейін ояна да қоймас.
  • Келістік. Онда жаңағы сержантты шақырайын да, видеокамераны алып қалайын. Сіздер қозғала беріңіздер, мен бес-алты минуттан соң трассаға шығармын. Сосын әлгі бағыт бойынша әрекет ете беремін. Ал, Ореке, сәттілік тілеймін! Иә, Алла! Істің сәтін бере гөр! Жетім мен жесірдің көз жасын көре гөр та!
  • Нұреке-е! Өзің имам болып кеткенсің бе, немене?
  •  Е-е… жұрт құдайын ұмытпаса мынадай іс болмас еді ғой. Қайбір имамдық дейсің. Қиналып жүрмін… Сенерім де, медет сұрарым да Алла, сосын сенген жігіттер болып тұрған жоқ па?!
  • Бопты. Өзіңе де сәттілік тілеймін!

4. АЛҒАШҚЫ АРБАСУ

«Жигули» тізгінін ұстаған сержант та біраз жәйттен хабардар сияқты. Бұлар аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратына қарай бұрылғаннан – ақ аңғарымпаздығын байқатты.

  • Ореке! Байқадың ба? Ана есіктің алдында отырған үш-төрт қызметкер бізді көре ішке зып берді. Хабаршылар ғой. Падлюги…Күтіп отыр екен. Өз ауданым демеңіз…Сақ болыңыз!
  • Рахмет, інім!

Бұл ғимарат алдына машинадан түсті де, көлікті кері қайтарды. Есік алдында оны осы аудандағы қылмысты іздестіру бөлімінің қызметкері Қазыбек Ертаев қарсы алды. Нұржан, Қазыбек, Асқарлардың мұнымен жас шамалары да қарайлас, шендері де бірдей. Араларында жасы сәл үлкендеуі – Қазыбек. Бірақ, жігіттер қоян-қолтық жұмыс істемесе де, бірін-бірі білетін, сырттай тілеулестік, сыйластықты жағдайда болатын.

  • Ореке, хош келдіңіз!
  • Рахмет! Бастық өзінде ме?
  • Жаңа кезекшіден білдім, өзінде екен. Жүріңіз, мен көрсетіп жіберейін.

Бұл Қазыбек туралы бұрыннан білетін, әділетсіздікке төзбейтін, шындық жолында жанын қиюға бар қайсар жігіттің «Мен көрсетіп жіберейін» дегенінен бірдеңе айтпақ болғанын ұқты. Бөлім  ғимаратының тар коридорымен келе жатқан кезде ол жүрісін сәл баяулата: «Жаймен айта   бер» , – деді баяу дауыспен. Қатарласа келе ол мынаны айтып үлгірген еді:

  • Мыналар дүрлігіп жатыр. Кәсіпкері бар, ардагері бар, әкімдіктегілері бар бірнеше рет біздің бастыққа келіп кетті. Абайлап қимылдарсың. Бірақ, саспа. Мен сені сыртыңнан бақылап жүрермін. Кеттім. Сыртта насыбай атып тұра тұрармын…

Рұқсат сұрап кабинетке кірген мұны аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы орнынан тұра қарсы алды.

  • Орынбек, кел. Енді сені жіберді ме? Қазақ десе бәріміз кетеміз, қазақ арыз жазғаннан басқаны білер ме екен осы. Кит етсе бітті – жоғары қарай арыз боратады. Жұмыс күнінің жартысы соны қараумен кетеді, не істерсің бұған?! Ал, жұмыстарың қалай? «Қыздың шұбарындағы» іс бітті ме?
  • Бітіп қалды. Нүктесін қоямын ба деп едім, жұлып алды да осында жіберді ғой. Ол істен де хабардарсыздар ма?
  • Сол ғой… Ба… Есітіп отырмын. А, как же? Облыс болып шулап жүрген іс туралы біліп отырған артық болмайды… Ба… Бұ халық адамға жұмыс істетпейді ғой енді… Ал, мұндағы… біздікі таусылмайтын бір жыр…
  • Иә, мені неғып сандалтып қойғанын білмеймін. Алайда бастықтар бұйрық береді, біздікі орындау ғой, сөйтіп келіп қалдық.
  •  Вот-вот… Қайтеміз…Бәрімізде де сондай боп тұр. Ал, енді бар ғой, мына оқиғаның өтіп кеткеніне алты жыл болған, марқұмның сүйегі бұл күнде қурап қалған да болар, кезінде экспертиза ештеңе таппағанда, қазір қалай табасың, тіпті қазір сараптама да жасай алмайсың ғой. Екі рет қайта қозғалды, угродағылар да қызық, аяғын салақтатып алады да келді бір бейшараны қылмыскер деп, бұдан іс шықпайтынын Дәкең, Оңғарбаевты айтамын, баяғыда айтқан. Сол жылдары ол осында бастық болған ғой, «Тіпті із жоқ қой, із жоқ» –деп қақсап келеді, оны тыңдайтын адам жоқ. Енді сені жібергені…
  • Солай боп тұр… Бұрынғы келген тергеушілер де тәжірибелі мамандар емес пе, олар таппағанды – мен қайдан табамын.
  • Әрине… Бірақ біздің бастықтарды да кіналай алмайсың. Арыз түсіп жатқасын – амалдары  жоқ қой… Тексеруге міндетті. Тексермесең – тағы бәлеге қаласың. Ну, ладно… құрысыншы бәрі…Ал, енді не істемексің?
  • Қабеке! Осы жұмыстан сүрнігіп өлетін болдым. Не демалыс, не отпуска жоқ. Күн демей, түн демей жүргеніміз сабылып. Бүгін сенбі, ертең жексенбі, бір-жар күн демалып, жұмысқа дүйсенбіден кіріссем бе деп едім.
  • Во…Мұның жөн. Жігіттерге тапсырма беріп, рыбалка ұйымдастырып жіберейін бе, шашлык-пашлық дегендей…
  • Ой…рахмет! Қабеке, мен мына Өзгент ауылынан шыққанмын ғой, туыстарымның барлығы сонда. Көптен келе алмап едім, қуанышы – қазасы бар… Соларға кіріп шықсам, сосын туған үйде жатып, ес жиып аламын ба дегенім ғой.
  • Әрине, қандай проблем? Я – за…
  • Рахмет! Онда мені жігіттердің біреуі сол бағытқа бара жатқан көліктердің біріне мінгізіп жіберсе жақсы болар еді.
  • Әрине. Менің машинам-ақ апарып тастар еді, бірақ жүруінен тұруы көп боп тұр. Қазір техникалық жабдықтау дегенің – өлді ғой…

Ол дереу кезекші арқылы Әбдиев дегенді шақыртты. Өзінен – өзі түнеріп, сырт қараған адамға жылап жіберетіндей болып көрінетін дөңкиген старшина кабинетке енісімен бастық: «Мына жігіт – ДВД – дан келген аға тергеуші. Қазір Өзгентке қарай жүретін көліктердің біріне мінгізіп жібер», – деп тапсырма берді. Бұлар есіктен шығып бара жатқанда Жандосов Әбдиевті қайта тоқтатты.

  • Әй… Әбдиев тоқтай тұр. Бензинге ақшаң бар ма еді… Мә, мынаны ал, машинаңа май құйып ал…Есікті жаба кел… қонақтан ұят болар…

Бұл кезде тергеуші сыртқа беттеген еді. «Әлгіні әдейі кідіртіп алып қалды… Бензинге ақша беремін деуі – маған көз қылғаны ғой, сірә. Е…е… Бастық та осы іске мүдделі болғаны – ау сонда. Әлде жоғарыдан біреулер тапсырма берді ме екен. Әлгіге маған қатысты бұйрық беріп жатқан болар қазір. Е… әзірге біз ойлағандай болып келе жатыр. Бұл істің астарында үлкен бір сыр жатқан болды ғой… Ал, енді шыдап бақ Асылбаев… Бас қатыратын кез алда сияқты».

Сәлден соң дөңкиген старшина да көрінді, сыртта тұрған мұның жанынан өтіп бара жатып көшенің қарсы бетінде жалт-жұлт етіп тұрған машинаны иегімен меңзеді.

  • Менің машинам – анау тұрған лупарик «Мерседес».

Даусынан мақтаныш сезіледі, бірақ, сол түюлі қалпы. Көшенің бергі бетінде тұрып – ақ пультпен есік ашты. Қозғалысы ауыр, бұл машинаға отырып болғанда, ол енді ғана есік тұтқасын ұстаған еді. «Мына қасқаның әйелі бар ма екен, бар болса – әйелдің соры қайнаған екен». Бұл артқы орындыққа көз тастады да, көлік иесінің автоинспектор екенін сезе қойды, себебі, жетон тағылған жасыл түсті жилет пен ала таяқ, фуражка көз тіккенге сес көрсете артқы орындықтың қыр арқасына жайғасқан екен. Көлік иесі машинаға отырды, отырғаны бар болсын, немістің атышулы көлігі бір жағына ауып барып, еңсесін тіктеді. «Әй, бір… 130 келі бар шығарсың».

  • Ылғи осы. Таусылмайтын қонақ. Жұмыс істеуден қалдық. Трассамен күніне қанша машина ағып жатыр. Біздің жүрісіміз мынау…

Ол бұрқылдап келеді, сол бұрқылдаған күйі кенттің дарияға апаратын үлкен көшесіне түсті. Ел осы Алтынсарин көшесін Алтын сарай атандырып жіберген, себебі қатар-қатар салынған ылғи екі қабатты үйлер тұрғындарының басым көпшілігі жесір келіншектер болып, 1990 жылдардан бұл маң маскүнемдер мен жасырын сауда істеушілердің, жезөкшелер мен бір түндік пәтер жалдаушылардың мекеніне айналған болатын.

Машина кілт тоқтады. Автоинспектор әбжіл қимылдып, сыртқа шықты да, соңдарында келе жатқан «Опель-вектраны» тоқтатты. Оның жүргізушісі мұның қолында таяғы болмаса да бұйрыққа бағынды, сірә, артқы терезеден автоинспектордың айбарағын көріп келе жатса керек.

  • Қай жақтыкісіңдер?
  • Ақтөбе облысынан…Ырғызданбыз.
  • Қайда тарттық?
  • Түгіскенге. «Апанқақ» деген жерде шипалы ыстық су бар деп есітіп едік. Біздің ауылдан кешелі-бүгінді үш-төрт машина кеткен. Шипасы бола ма деген ғой біздікі.
  • Жол болсын! Онда бір жолаушыны жол бойындағы Өзгентке дейін ала кетерсіздер.
  • Мақұл.

Бұл көпірдің нақ ортасына келгенде артына бұрылып қарап еді, автоинспектор да тура көпірдің аузына келіп, кері бұрылып барады екен. «Туу…Осы жерге дейін еріп келгені… Ім…м… Біздің ойымыз дұрысқа шыға бастады…РОВД бастығы да бұл іске мүдделі болды…».

Көпірден түсе Өзгент бағытына бет алған машинаны қозы көш жер шамасында Нұржан күтіп тұрған еді. Орынбек оның машинасын көрісімен, жолаушыларға өзін ауылдасының күтіп тұрғанын айтты да, «Рахметін» жаудыра түсіп қалды.

Бұл кезде автониспектор аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы кабинетінде еді.

  • Әлгіні мінгізіп жібердің бе?
  • Иә.
  • Бақыладың ба?
  • Көпірден әрі асып кетті. Ақтөбеден келе жатқандар екен, солар алып кетті. Түгіскенге бара жатыр екен, как раз жолдары ғой…
  • Дұрыс. Сонда да приемныйда кідіре тұр.

Ол телефонға қол созды, байланыстың арғы ұшындағы да көп күттірген жоқ. Мынау мәз бола баяндауға кірісті:

  • Жұрттың мынаны неге мақтап жүргенін білмеймін, ыбылжып тұрған бірдеңе ғой. Өзі де шаршап өлуге келіпті. Өзгентке бір-екі күн демалуға кетті. Иә…иә…онсыз бола ма, жігіттер біраз жерге дейін бақылап, анық көз жеткізіп қайтты. А..а….олай бола қоймас. Түгіскенге қарай кетіп бара жатқан жолаушыларға ілестіріп жіберіпті… Ба… Ол ойға келмепті-ау. Нешауа, мына жақта контрольда ұстаймыз ғой. Оның үстіне бұл жігіт шаруа бітіре қоятын жанға ұқсамайды. Ба… Апырай, ә! Дым білмеген болып отырып, қиып түседі дейсіз бе? Ну, что ж, біз де бір қауым елміз ғой, бұл салада одан артық білмесек, кем білмеспіз… Анау-мынауға көне қоймаспыз…Жақсы… Жақсы…

Ол телефон тұтқасын орнына қойды да, Әбдиевті шақырды.

  • Әй, сен әлгі жолаушылардың Түгіскенде кімдікіне бара жатқанын сұраған жоқсың ба?
  • Жоқ. Ондай тапсырма берген жоқсыз ғой маған.
  • Не – ме – не ? Ту… Өзің біліп тындыратын бір шаруа болсайшы сенде. Малосольный бірдеңесің ғой. Ладно… Енді құлағың түрік болсын. Әлгі жолаушыларды сол жақтан келе жатқан шопырлардан сұрасырып отырарсың. Күдікті бірдеңе естісең – күн деме, түн деме, маған жет!
  • Құп болады!
  • Әй… Айтпақшы… Ана сылқымды, нач.ИДН – ды айтам, Түркістанға апарып қайтуды ұмытпа. Жай жүрген, бізге жіберіле салған бір жалба шаш старлей екен деп ойлама, сәбәкі, сенің қыз десе сілекейің шұбыратыны бар, абайла! Жолда тиісуші болма, онда екеуіміздің де басымызды шауып тастайды. Әй, сен білесің бе, оның кімнің любовницасы екенін?
  • Иә.
  • Вот… Онда, тіпті жақсы… Ол тіпті ертең сенің бастығың боп қалуы да мүмкін. Сондықтан қысыңқырап жүр… Бар! Жөнел!

Ол шығысымен бастық кезекшіге телефон соқты.

  • Не білдің?
  • Ағасының үйіне хабарластым, Қызырбеков Ақмешітте екен, бұл жаққа келмепті.
  • Та-ак… Араға күн салып сол үйден хабар біліп тұр. Іштегі қыздарға звондат…Оларға ескерт – «оперативтік шаруа» деп, ешкімге тіс жармайтын болсын.
  • Түсінікті. Орындалады.

5. ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ӘҢГІМЕ

Сырқылдақ «Москвич», бұрынғы бір оқиғадан алған соққыдан болар, бір бүйіріне қарай қисая тартып келеді. Машина тізгінін ұстаған Нұржан көзіне түсіре киген ақжемденген кепкасын шешіп, үстіне киген көнетоз күртенің жағасын түсірді.

  • Нұреке, милицияға келмегеніңде сенен жақсы әртіс шығады екен-ау.
  • Ореке, қайбір әртістік дейсің… Осылай киінуге тура келді. «Аналар» менің осында жүргенімді нақты білмегенмен, сезетін сияқты көрінді. Осындағы ағайдың үйіне телефон шалып, менің қайда екенімді сұрапты. Ағам мұның сырын қайдан білсін: «Жаңақорғанға келгесін үйге келмейсің бе, кілки сырттайсың да жүресің», – деп кейіп берсін. Мен: «Аға, мен Ақмешіттемін, сіздер жаққа бара алмай жатырмын. Жұмыс көп», – деп әзер бастым.  Содан, әлгі ой маза бермеді де, осы киімдерді жігіттерге тапқызып алдым, түлкі «Қырық мың айлам бар, бірақ ең дұрысы көрінбеген», – депті ғой..
  • Ал, енді оқиғаны дұрыстап айтшы… «Нұржолға» дейін жарты сағаттан аса уақыт бар ғой.
  •  Мен Шымкенттегі милиция мектебінде оқып жүрген кезімде Жаңақорған ауданында осындай оқиға болыпты дегенді естіген едім, бірақ кейін осы істің маған кез боларын кім білген. Оқиғаның жалпы нобайын мана айттым ғой. Сонымен осы іс бойынша Жаңақорғанға келдім, менімен бірге Асқар Сейітов келді, Ертаевқа жолығып, ақылдастық, істі олар ашық, мен құпия жүргізетін болып келістік. Ордабектің үйіне баратын болдық, мен штатски киіндім, негізгі әңгіме жүргізетін Ертаев болды, оған «Менің кім екенімді айтпа, зәуқайым, өте қажет болып жатқан жағдайда шопыр ғой дерсің», – деп ескертіп қойдым. Үшеуіміз Қазбек Ертаевтың машинасымен марқұмның үйіне келдік, біз машинадан түсіп, үйге беттеймін дегенше, үш-төрт жас бала далаға жүгіре шыққан еді. Әлгі балалардың үстін көріп, жүрегім ауырып кетті, әйтеуір киім деген аты ғана. Бізді жеңгей күдікпен қарсы алды, Ертаев өзі мен біздерді таныстырып жатыр, сөйтсек, ол кісі бұл жігітті білетін болып шықты.
  • Уу-АҺ… Не дейін… Ордекең кісі қолынан кетті ғой. Мен қалдым аңырап, жеті бала қалды жамырап, үй қалды қаңырап… Есіме түссе ішіме у толып кетеді. Ең болмаса құныкерлердің жазаланбағанын айтсайшы, жаныма батып жүргені осы ғой, сонда адамның мал құрлы құны болмағаны ма? Дүмділер дегенін істеп жүре бере ме? Заң қайда? Құдай қайда? Уу-АҺ…
  • Жеңгей, түсінеміз ғой, бәрін. Біз сол сіздің арызыңыз бойынша жүрміз, – деді Ертаев.
  • Аһ…уҺ… Оны өзім де сезіп отырмын. Қазыбекжан сені дұрыс жігіт, қолы таза деп естуші едім. Алла жар болғай та…АҺ…уҺ… Одан басқа мен сенер кім қалды?!

    Осыны айтты да ол маған күдіктене қарады, әбден запы болып қалғаны көрініп тұр. – Мына бала кім? Түрі таныс сияқты, бірақ жыға таный алмай отырмын…

Мен Ертаевты түрттім, ол да түсінді. – Жеңеше, бұл бала басқа жақтікі, шопыр ғой, осының машинасын мініп жүр едік. Ал мына жігіт бізге қызметке жаңа тұрып жатқан молодой сотрудник, былық-шылықтан таза, сосын бізге көмекші болып жүр.

  • Ә… Айтпақшы, мен сендерге папканы әкелейін…уҺ…

    Ол жылдамдата төргі бөлмеге өтті де, көп кідірмей бір папканы қолтығына қыса қайта оралды.

Ертаев папкадағыларды қарай бастады, мен жеңгейге байқатпай Ертаевтың қасына қисая жатқан болып қағаздарға көз салам: Аудандық прокурор мен РОВД бастығына, Облпрокурор мен УВД бастығына, генпрокурорға, премьер-министрге, президентке жазған арыздардың көшірмесі, кейбір азаматтардың оқиғаға қатысты ой-пікірлері, түсініктерінің көшірмесі, түрлі инстанциялардың жауабы. Осылардың арасында Кенжебаев дегеннің жазбасы жүр екен. Мен Ертаевқа белгі бердім, ол түсінді де, әлгі қағаз туралы сұрай бастады.

  • Жеңгей, мына бір қағаз түсініксіздеу екен?
  • Уһ…Е… Құдай аямаған бізді – кім аясын?! Ордекең туралы не естісем, соны жаздырып алып жүрмін… бір керегі болар деп. Бұл мына көрші ауылдағы Айманның мұнайда істейтін баласының жазғаны ғой. Дірілдеп, қорқып отырып жазды, сорлының мен де жанын қоймадым «сотқа берем» деп.

           Бірде, осыдан екі-үш жылдай бұрын сол ауылдағы құдайыға барсам, әлгі бала қатты қызғын екен, көшеде кездесіп қалды да: «Ордекеңді Сағадат өлтіріпті, Алмат қожадан естідім, оған өзі айтыпты»,  – деп қарап тұр. Бұдан соң мен ізінен қалам ба, адамдардың опасыздығынан талай ауыз күйген ғой, сол жерде не естігенін табандатып отырып өзіне жаздырып алдым. Бұл сол қағаз ғой… Елдің бәрі Сағадаттан болды дейді… Қайдан білейін, көзім анық жетпей отыр ғой, жетсе қолым соның жағасында кетер еді…Бірақ, ішім «сол» дейді, содан күдіктенем…

           Оның үстіне «Ордекең насыбай сұратып жатыр» – деп Сағадат пен Тұрғанбай келіп тұр бір күні. Сол Ордекең қазаға ұшырар шама болатын. «Ау, кеше ғана біраз насыбай алып кетті ғой, бұрын осындай ғып көп алса бір аптаға жететін еді ғой», – дедім. Олар кетерде Тұрғанбай сәл кідіріп, Сағадаттың көзін ала бере: «Ордекең мен Сағадат ілінісіп қалды», – дегенді айтып үлгірді, анау Тұрғанбайды ала қөзімен ата, «Жүр — жүрдің» астына алып, шығып кетті. Әй, негізі солар со күні Ордекеңді жазым қылып келіп тұр ғой маған – деген ой келеді қазір… Қайтейін… «Балалар қамы» деп малдың соңында үш-төрт күндеп кететін еді ғой…УҺ…Ішім жанып кетеді…

Осыдан соң біз жеңгейге жан-жаққа құлақ түре жүруді тағы да ескерттік те, Жаңақорғанға қайттық. Сейітов: «Кенжебаев дегенді тауып алып, сөйлесейік», – деген ұсыныс жасағанмен, менің жұртты дүрліктіргім келмеді. «Жігіттер, оған да Тұрғанбайға да кейін келейік, біз алдымен Алмат қожа дегенді тауып алалық. Әңгіме содан шығып тұр ғой. Оның үстіне Алматпен сөйлесуге Кенжебаевтың жазбасы бізге құқық бермей ме?! Әрине, береді. Жаңақорған өңірінде қожа көп болғанмен, Алмат аттылары көп емес шығар, оның үстіне жас шамасы Кәрішаловпен қатарлас болса 26-28 шамасында болуы керек», – дедім. Үшеуіміз осыған бәтуа қылдық, сөйттік те үш бағытта іздестіре бастадық. Ізін шығарып, кім екенін анықтауға бір-екі күн кеткенмен, ол жігітпен кездесу ұзаққа созылып кетті, біресе вахтаға кетіп қалады, біресе жолаушылап Алматыда жүреді.  Қанша асықсақ та бізге істі дабыра қылмау үшін күтуге тура келді. Алматпен қабат Кабир Кенжебаев туралы да, Тұрғанбай Разақов туралы да мәліметтер жиналды. Ел ішінде айтылып жүрген «Сол оқиғаны Мәтеновтің қой бағып жүрген балалары көріпті», – деген әңгімеге қатысты да жұмыстар жүргізілді. Бір айдай уақыт өткен шамада Сыздықовпен тілдесудің сәті түсті. Оны кезекті вахтадан келгесін Кенжебаев екеуі Алтын сарай жақта «жүз грамдатып» отырған жерінен таптық. Мен оған көрінбегенім дұрыс деп шештім де, Қазыбек пен Асқар Алмат қожаны машинасына мінгізіп алды, менің машинама Кенжебаев мінді. Содан көпірге қарай келе жатырмыз. Кенжебаевтың тізесі дірілдеп отыр.

  • Немене, тоңып отырсың ба?

Ол селк ете қалды, арақ ішті дейтін емес, тіпті. Маған тесіле қарады.

  • Сен де милициясың ба?
  • Жоқ… Түркістандікімін. Кеше клиенттер әкелген едім, мына жігіттер көмек сұраған еді. Сосын жүрмін, маған бәрі-бір емес пе, пұлын төлесе болды…

Ол тағы да үнсіз қалды. Көпірден бұрылып тоқтадық. Олар алда, мен артта, алдыңғы машинада үлкен тайталас жүріп жатқанын сезіп отырмын. Оның үстіне Қазыбектің анаған шынын айтқызатынына сенімім зор. Алдында үшеуіміз әңгіменің Кенжебаевтаен шыққанын Алматқа айтпаймыз, бұл факт кейін керек болар, әуелі «жұрттан есіттік» делік, Ордабектің үйінің қасіретін, халін айталық, иманы болса шынын айтар, – деп келіскенбіз.

Мынаны әңгімеге тарту үшін оны-мұны айтып отырдым, онда тіл жоқ. Сол сәт «Егер Алмат Сағадатқа біздің әңгімеміз туралы бүгін жеткізсе, ол қашып кетуге талап қылмай ма?» – деген күдікті ой қылаң берді. Санамда жаңа бір жоспар туа бастады. Содан соң мынаны да пайдаланып көрейін, мүмкін қармақ қауып қалар, – деген  ой келді.

  • Ақшаң көп жігіт сияқтысың. Қыдырмайсың ба… Мен мыналардан босасам, ертең Түркістанға қайтамын. Бізде бәрі арзан ғой… Барып бір шалқылық… Маған пұлын төлесең болды, зыр еткізем… Әйтпесе, қашан төрт клиент тапқанша сарылып тұрамын ғой… Бұ жақта ешкімді танымаймын… Кеше мыналар жібермей, машинаға қондым…Шеше…

Ол маған тесіле қарады да, саусақтарын шошаңдатты, сірә, түрмеден оралғандардан үйренгені болар, мен түсінбедім.

  • Бұлар солай… Қолына бір ілікпе… Іліктің бітті – өлді айрылмайды, сорпылдатып сорады да отырады, сорады да отырады. Көнсең – бар жиған-тергеніңді осыларға бересің, көнбесең – сотталып кетесің. Сорлы Алмат сорлайтын болды –ау енді.
  • Алматың кім?
  • Ана машинадағы, мыналар мінгізіп алған жігітті айтам.
  • Қараптан – қарап  сорлап не бопты?

Мынау тағы үнсіз қалды. Бір кезде алдыңғы машинадан түскен Асқар бізге қарай жүрді. Мынаның түрі қашып кетті. Ол анаған байқатпай көзін қысты, мен Алматтың шындықты айтқанын түсіндім. Асқар да тәжірибелі опер ғой, бір жәйтті ойланып қалды-ау деймін, сәл тұрды да бізге таяп:

  • Машинадан түсіңдер, мында келіңдер – деді. Ішімнен бұл неге керек болды екен – деп қоямын. Ана машинадағылар да түсті, біз соларға қосылдық. Осы кезде тізгінді Асқар алды.
  • Мына жігіт кім? – деді ол Алматқа Кенжебаевты көрсетіп.
  • Бірге жұмыс істейміз. Кеше вахтадан келдік…
  • Ім-м…Сенің фамилияң кім?
  • К-Кенжебаев.
  • Мұның бізге керегі жоқ. Бірақ бүгінгі біздің кездескеніміз туралы біреуге айтар болсаңдар қылмыстық жауапқа тартамыз. Түсіндіңдер ме? Бұл шарт Түркістандық таксист саған да қатысты. Есіттіңдер ме? Қазір екеуіңді манағы жерге апарып тастаймыз. Ауыздарыңа ие болыңдар.

Екеуі басын шұлғыды, Кенжебаевтың лезде-ақ ажары кіріп қалды. Мен Асқардың ойын енді түсіндім. Осы әрекет арқылы ол біріншіден менің басқа жақтың адамы екенімді көрсетсе, екіншіден Кенжебаевтың бұл іске қатысы жоқ екенін айтып, Алматта оған деген күдік тумауын қамтамасыз етіп тұр екен.

Оларды апарып тастадық, менің машинамда отырып, жұмысты қорыттық. Барлығы өзіміз ойлағандай болды. Алмат бастапқыда: «Ондай әңгімені естіген жоқпын» деп қашқанмен, кейіннен жесір қалған әйелдің жайын айтқасын, құдайдан қорықты ма, әйтеуір, «Әлгі әңгімені естігенім рас еді, бірақ Сағадат ол кезде қатты мас болатын, күліс ойнап отырғанбыз, ол ылғи су жаңа ақшаларды салды да отырды. Тіпті жігіттердің бірі: «Мына ақшалар банкіден шыққандай ноп-новый екен» – деп қалжыңдаған еді, Сағадат: «Артыңды қысып отырмайсың ба, ақшаң жоқ па – шық ойыннан, біреудің қалтасында не шаруаң бар» – деп шытынап шыға келді, – депті. Барлығы хаттамаға түсіріліпті. Иә, бұл бір біткен шаруа болды. Мен өз болжамымды айттым: Кәрішаловты бірден тұтқындамалық, ізін бағалық, мыналар жеткізсе, ол қашуға талап қылар, сол кезді күтелік, – деп едім, Асқар: Айрылып қалмаймыз ба?- деген қауіп айтты.

  • Жоқ. Егер мыналар оған хабар жеткізетін болса, ол ертең менің машинамды іздейтіні анық. Оған ешкім білмейтін көлікпен, ешкім танымайтын шопырмен кеткені тиімді емес пе. Қазеке, қалай ойлайсың? Ал, ол қашпаса мыналардың хабар айтпағаны…Бұларды да бір тексеріп аламыз.
  • Ту… Сенің де шығармайтының жоқ. Бірақ, барлығы сенің айтқаныңдай болып келе жатыр ғой. Келістік. Ал, енді мен бір қошқыртып насыбай атпасам болатын емес…

Ертеңіне таксистер тұрағына сағат оннан өте келдім. Бұл кезде Ертаевтар трассадағы МАИ бекетінің маңында, Түркістанға бағыт алған көліктерді дүрбімен бақылап отырған болатын, егер менің машина фарымен берген белгімді көрсе олар біздің алдымызға түсіп жүре беретін болып және күдіктіні Түркістанда ұстайтын болып келіскенбіз.

Машинаны тоқтатқаным сол еді, ақ кепканы көзіне түсіре, баса киген, шаңырақтай қара көзілдірікті бір қатқан қайыс қара тап бола кетті. Есіктің әйнегін қағып, ашуымды сұрады. Ішімнен «Дәу де болса  Кәрішаловың осы болар» – деп отырмын. Ол алдыңғы орындыққа отырысымен машина әйнегінің күнқағарын түсіріп қойды, көзінің астымен жан-жағына сақтықпан қарайды, бет-жүзін анық көруге көзілдірік кедергі жасауда.

  • Таксисің бе?
  • Таксимін.
  • Түркістанға бармақ ем.
  • Апарамын. Бірақ, маған әлі үш адам керек. Күтуге тура келеді.
  • Мен сол төрт адамның пұлын өзім төлесем қалай болады?
  • Неге болмасын. Бірақ, әуелі ақысын төлейсің. Сосынғы шаруа – біздікі.

Сонымен ол ақшасын төледі де, машинаның артқы орындығына ауысып отырды. Базардың қасындағы бір үйге соға кететінін айтып еді, мен Түркістандық екенімді, Жаңақорғанды білмейтінімді, өзі жол көрсетіп отыратынын айттым. Ол базар қасындағы бір үйге кіріп, он минуттан соң шықты. Үйдің мұнаймен айналысатын кәсіпкер Жәмиттікі екенін біліп отырмын. Кәрішаловтың мұнымен байланысы барын, оның бәйге аттарына шабатын шабандозы, әрі бапкері екенін жігіттерден естігенмін ғой, енді жүзін қанша жасырғанмен мұның Сағадат екеніне күманым қалмады.

 Барлығы жоспарлағанымыздай болды, Қазыбектер алдымызда, біз соңында Түркістанға тартып кеттік. Жол үстінде ол көзілдірігін, кепкасын шешті, түрін анық көріп келемін. Ауық-ауық бөтелке аузынан арақ ішіп қояды, түрі кетіп қалыпты сорлының, көзінің алды қалталанған, беті іскен. Тұсымыздан обгон жасап машиналар өтсе сразу бетін басқа жаққа бұрып кетеді. Өйсітіп отырып межелі жерге де жеттік.

Қысқасы оның Түркістанда бірнеше туысы бар екен, ол айтқан адрестерді жадымда сақтап, соңғы айтқан үйге ғана жеткізіп салатынымды, қалғандарының алыс екенін айттым. Аз айтып, көп айтып не керек, Түркістанға кіргесін Қазыбектер менің машинамның соңынан ерді, екі-үш көшеден өтпей-ақ мынау аңду барын сезіп қойды.

  • Мына бір сұр «Жигули» ізімізден қалатын емес қой өзі.
  • Түркістан толы сұр «Жигули». Қайсысын құртасың…

    Менің сөзіме құлақ асатын емес, ол қобалжи бастады. Тез әрекет ету керек болды, жылдамдықты резко бәсеңдете бастадым. Қазыбектер де түсінді ғой деймін, мен тоқтағанда олар да жетіп үлгірген еді. Машинадан енді шыға берген Кәрішаловты Қазыбек шалт қимылдап қайтадан салонға сүңгітіп жіберді. Сезіктіні алғаш осылай ұстадық. Әуелі қолын бос қойдық, кәдімгі әңгімеге шақырып едік, болатын емес. Содан арақ ішкіздік, үшеуіміз үш бағытта сұрақ қойып отырып, ойлануға мұрса бермедік.

  • Ағайынды Мәтенов деген оқушыларды білесің бе? – деді Асқар.
  • Бүгін Тұрғанбайды көрдің бе?- деді Қазыбек.
  • Осы сенің түсіңе өлген адамдар еніп жүрген жоқ па? – дедім мен.

Ананың көзі алақ-жұлақ етеді, бір түрлі қырылдаған дыбыс шығарғанмен сөйлер емес. Бұдан бұрын да бірнеше рет кісі өлтірген қылмыскерлермен сөйлескенімде олар: «Өлтірген адамымыз түнімен түсімізге кіріп, ұйықтатпайды» – дегені есіме түсіп, мен сезіктіні осы бағытта сұрақтың астына алдым. Бір кезде ол: «Арақ беріңдерші» – деді, мен Асқарға ымдадым, ол стақанға құймақ болып еді, мынау бөтелкені алды да, шалқая көмейіне құя салды. Оның арақ ішісі де қызық, бір түрлі, адами емес әрекет сияқты көрінді маған сол сәт. Осыдан соң барып қана манадан бергі естіліп тұрған қырыл үннің орнына «УҺ…Алла – ай» – дегенді есіттік. Негізі ертең тергеу кезінде де осы «Түске кіреді» дегенді есте ұстарсың.

  • Иә, мен де осыны байқағанмын. Талай рет кәнігі қылмыскерлермен сөйлестік қой, бірнеше рет кісі өлтіріп сотталғандардың өзінде де мұндай жағдай болады екен.

— Сонымен, біраздан кейін ол Әнесұлын өлтіргенін мойындады. Арғы жағы манағы айтқанымдай болып кетті ғой.

— Сонда не үшін өлтіріпті? Ондай әрекетке бару үшін айрықша бір себеп керек қой?

— Ерегісіп қалдық, арты төбелеске ұласты. Содан кейін не істеп, не қойғанымды білмеймін, ашу қысқаннан ғой… – дейді.

  • Жақсы –ы –е… «Нұржол» ауылына да кеп қаппыз ғой.
  • Ал, енді жеңгейге өзімізді кім деп таныстырамыз. Бұл ауылда әңгіме жатпайды. Былтыр Ертаевтармен алғашқы келгеніміз жайлы сол күні — ақ РОВД – ға жетіпті, мені шопыр деп айтқанымыз және Асқардың да келгені дұрыс болыпты, «Бір шопыры бар екі мілитса Ордабектің үйіне келіп кетіпті» – деген хабар гу ете қалды ғой…
  • Апырмай…ә?! Біздің мұнда келгенімізді РОВД – ғылар белмегені дұрыс еді… Мұны қалай ескермегенбіз… Та – ак делік… Нұреке, онда бұл жолы да сенің әдісіңе көшейік. Журналистер едік дейік, камерамыз бар… Журналистен қай жеріміз кем… Сен бұрыннан таныс шопырсың… Бәрі қатып тұрған жоқ па… Аналар журналистерді іздеп бүліне берсін… Оған дейін де біз істі біраз еңсеріп тастамаймыз ба…
  • Келістік. «Исатай – басшы, мен – қосшы», – депті ғой Махамбет ақын.  Алла, істің сәтін бере гөр та!

 Дәл осы әңгіменің соңын күтіп тұрғандай аспанды қақырата найзағай ойнады. Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, жерді тітірете, бұлт қабаттарын тілгілей сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етті.

6. ТАЙТАЛАС

Бұлар машинадан түсер-түспестен үйден жүгіре шыққан екі бала анадай жерге кеп тоқтады, киімдері тым жұпыны, көздерінен үміт ұшқыны мен қорқыныш қатар көрінеді, әбден жасқаншақ болып қалғандары байқалады, еркін сөйлесуге келер емес. Орынбектің ойына Нұрланның манағы әңгімесі түсті. «Апыр-ай, бұл ауылда мыналарға  қарайласатын бір мұсылман баласы болмағаны ма?»

  • Әу, батырлар, ассалау… қайда?  Бұл күле сөйледі. Сол кезде ғана әлгілер үрке таяп, сәлемдесе бастады.
  • Әссалаумалайкүм! Бұл үлкендеуінің дауысы. Ал, кішісінің дауысы тым нәзік, үзілгелі тұр, әлде, ауырып жүр ме екен?!
  • Сәләу…мә…ликім!
  • Ау, мамаларың қайда, жігіттер?
  • Үйде. Келе жатқандарыңды терезеден көріп отыр…

Естияр болса мұны айтпас еді-ау, «Балалы үйдің ұрлығы жатпас» деген осы да. Екі жігіт бір-біріне қарады, ал балалар болса Нұрланның қолындағы бейнекамерадан көз алар емес, оларға одан өзге қызық жоқ қазір.

Марқұмның әйелі бұларды ортаңғы бөлмеде күтіп отыр екен, төрге салынған көнелеу құрақ көрпеге тізе бүгісімен Орынбек қазақ салтымен көңіл айтты, өздерінің теледидар қызметкерлері екенін, отағасының қазасына қатысты журналистік зерттеу жасап жүргендерінен хабардар етті.

  •  Уу-АҺ… Не дейін… Ордекең кісі қолынан кетті ғой, қарағым. Ауданнан бастап президентке дейін арызданып жүрмін,  бұл бір қағынған заман болды ғой, кейбіреулер тіпті мазақ қылуға айналды. «Өлер адам – өлді, алты жыл өтті, енді қоймайсың ба, босқа шаршап…» – деп ақылгөйситіндер де бар… Беу, сорлы Ордекең – ай… Іздеушісінің сиқы мен ғой… қайтейін… қолдан келгенше тырысып-ақ жатырмын… А, қу құдай… не пиғылымыздан таптық екен. Адам баласына қиянатымыз жоқ еді… Атаңа нәлет қанышерлердің талтаңдап жүргендері анау… Есіме түссе ішіме у толып кетеді. Үкіметтің шамасы келмегесін, ең болмаса ел білсін деген оймен мілитсадағы Қазыбекке айтып едім: телевизорға шығарайық – деп. Орындаған екен. Азамат қой… Уу-АҺ… Ә, сен баланы танып отырмын. Былтыр Қазыбектің қасында жүрген шопыр бала емессің бе?
  • Иә.
  • Уу-АҺ… Ағаларың барда талай-талай мықтылардың дәм татқан шаңырағы еді бұл. Қазіргі күй осы…Уу-АҺ… шай қояйын… Оған шейін мына қағаздарды қарай беріңдер, керегін сүгіретке түсіріп алыңдар, барлығы 557 бет, мілитса Қазыбектің ақылымен нөмірлеп қойдым…Сендерге сенем ғой… Сонда да айтып жатқаным…Жымқыра алмайды ешкім, жымқыртпаймын. Қорқытады мені кей «ағылгөйлер»: «Өлтіріп кетсе қайтесің» – деп, тап бар ғой ішін с…, өлтірсе – Ордекеңнен  жаным артық емес, тек балалар жас боп дымымды құртып тұр, әйтпесе бар ғой, екі қолым қанышерлердің жағасында кетер еді. Енді тек тайталасып өтем, ізінен қалмаймын… Тірі тұрсам бір ұшын шығарамын мұның… Дәкіменттердің тағы бір данасын басқа үйге тығып отырмын, қазір сенім жоқ қой… Уу-АҺ!…

Орынбек қағаздарды қарауға кірісті, кейбірін камераға да түсіріп алуда. Сәлден соң ол жүйесіздеу жазылған, түсініктен гөрі баянхатқа келетін оқушы дәптерінің екі парағын қолына алды.

  • Ореке, бұл өзіңе айтқан Кенжебаевтың жазбасы ғой.
  • Кенжебаевты содан кейін қозғаған жоқсыңдар ма?
  • Жоқ. Оны қайтеміз. Сағадаттың өзі кісі өлтіргенін мойындап тұрғасын біз оны онша қажет қыла қоймадық.
  • Осыны толық түсіріп алайықшы. Мына тұста Сағадат «Ордекеңнің қалтасынан шыққан бобыраған ақшаны Тұрғанбай алды», – деп айтты деп жазылыпты. Ол не қылған ақша?
  • Онысын білмедім. Біз бұған назар да аудармаппыз. Сағадат мойындап отырғасын, керегі бола қоймас – деп ойлағанбыз ғой.
  • Ақша…Бобыраған ақша? Бұл не қылған ақша? Мал бағып жүрген адамның қалтасында мұнша ақша қайдан жүр? Бұл, тіпті, қисынсыздау емес пе, ол ақша марқұмға қайдан келген, неге қалтасында жүр? Осы жерді бір гәп болып тұр-ау. Бұл – мәселені басқа жаққа бұратын сияқты ғой өзі. Мұны тексеру керек… Нұржан, мынаны анықтамаса болмайды.

Тергеушінің санасында түрлі сұрақтар тайталасы басталды, ішкі дүние, ой қақ жарылған, бірі – мынауың дұрыс десе, екінші қарсы шығады. «Апырмай…Нағыз қиын түйінге кезікпесем болар еді… Ол тұс қиын кез емес пе еді, өзіміз де көрдік қой, тіпті екі-үш айлап айлық ала алмай жүрген кез емес пе ол. Иә…оқиға көктемде болып тұр… Теңге қарашаның он бесінде ғана шықты. Біздің ауылдағылар да теңге шыққанға дейін ақша көрмеп еді ғой… Бәлкім, бәленің басы – сол ақшада жатқан жоқ па екен?»

Оның ойын ыдыс-аяқ дыбысы бұзды. Осы үймен ұзақ жылдардан тағдырлас екенін анық байқататын көне дастархан жайылды, сортын анықтау мүмкін емес ақшыл шай құйылды. Орынбектің назары таба нанға ауды: Жүгері ұнынан пісірілсе керек, таба нан тілімдене жарылып піскен екен, пышақпен турау да күшке түсетін түрі бар. «Е…Құдай аясын… Қайтеді енді… Ықыласына рахмет!…Не дегенмен ерлігі бар әйел екен…».

  • Қарақтарым… Жайымыз осы… Бұрын талай мықтыларды күткенбіз, қазір «Бәлду-бәлду бәр өтірік» болып тұр. Қайтеміз, көңілге алмаңдар.
  • Ой… не дегеніңіз, біздер оның адамы емеспіз. Ықыласыңызға не жетеді, Алла разы болсын!

Нұржан жөпелдемете сөйледі де: «Жеңгей, мына тілші жігітке бар білетініңізді, естіген-сезгеніңізде баяндап берсеңіз дұрыс болар еді», – деп қолқа салды.

Ол үнсіз қалды, ішкі толқыныстан ба екен, кім білген, әйел жүзіндегі әжімдер бір тереңдеп, бір жұқарады, кейде, тіпті, білінбей де кетеді. Тамағын кенеп, аздан соң болған жайды баяндай бастаған оның дауысында сәл діріл бар еді.

  •  Елдің бәрі Сағадаттан болды дейді… Қайдан білейін, көзім анық жетпегенмен, ішім «сол» – дейді, содан күдіктенем… Бірде, сол Ордекең жазым болатын шамада  Сағадат пен Тұрғанбай: «Ордекең насыбай сұратып жатыр», –деп ақ пен қызылдың арасында үйге келіп тұр. «Ау, кеше ғана бір дорба насыбай алып кетіп еді ғой, бұрын ылғи да бір дорбасы бір аптаға жететін еді»,– дедім. Сағадат ананы-мынаны айтып отырды, неге келгендерін ит білсін. Олар кетерде Тұрғанбай сәл кідіріп, Сағадаттың көзін ала бере: «Ордекең мен Сағадат ілінісіп қалды», – деді. Осы кезде әлгінің сөзін естімесе де Сағадат түсі бұзыла, Тұрғанбайды ала қөзімен ата, жеңінен сүйрей, «Жүр-жүрдің» астына алып, шығып кетті. Әй, негізі солар со күні Ордекеңді жазым қылып келіп тұр ғой  – деген ой келеді қазір… Қайтейін…  УҺ…Ішім жанып кетеді…

Орынбек әлі де манағы ой жетегінде отыр еді, әңгіме арасында сол ойдағы күдіктер тайталасын тексеріп өтуді жөн көрді.

  • 1993-94 жылдар өте қиын болды ғой елге. Біз де шет жағасын көрдік. Сабан ақша десек те, сол кезде тіпті қолына ақша ұстамағандар да болды ғой.
  • Уу-АҺ… Болды ғой… Біз де ол кезде ақша көрмедік, елдің айлығына колхоз өлейін деп тұрған тоқты-торымын беріп құтылатын еді ғой. Бастықтар ақша болатын тана, қашар, өгіздерді алатын, оны Ордекең айтатын. Бақташы болғасын біледі ғой. Кейде сол білгені бәле болды ма деп те ойлаймын. Әйтеуір, бірде Жаңақорғаннан қызулау келді, жаман домбыраны біраз тыңқылдатып, ән салған болды. Түріне қарасам алабұртып тұр екен. «Ау, папасы, не болған саған, ән салуды ұмытқаныңа ықылым заман өтіп еді, Бүгін біртүрлі болып отырсың ғой өзің», – деген едім, қабағы түйіле түсті. Сосын маған қарап: «Саспа Томпақ! Біздің де дүрілдейтін кезіміз таяп қалды», – деді… АҺ!.. УҺ!… Есіме түссе ішім… қайнап кетеді….

           Алла –ау, ағаларың «Томпақ» – деп тек бір рабайда, қатты көңілденген кезде ғана айтатын, баяғы қыз-жігіт болып танысып жүргенде қойған аты ғой… Өзі қызық еді, марқұм… Жұрт ашуланса – қабағы түйіліп, қуанса – күлетін  болса, ағаларыңда бұл керісінше болатын. Бастапқыда мен де түсінбей жүрдім ғой… Ол ашуланса – тісі ақсиып, күле бастайтын. Мұнысы бір қызық болатын…Талайлардың ол күліп отыр екен деп бейқам қалып, артынан  опынғандары болды ғой… Өте қарулы, ешкімге есесін жібермейтін… Жер айтып бармасын, кекшілдеу де болатын… Уу-АҺ…УҺ…

  • Елде ақша болған жоқ дейсіз ғой ол кезде?
  • Е, шырағым! Сол ақша дегенің бізде әлі де жоқ. Осы ауыл да, мына көрші колхоз да ақшаның мөрін тоқсан сегізден кейін ғана көрді. Бұ жақтағы кез-келген қазақтан сұрасаң – осыны айтары анық. Ал, Ордекең кеткен кезде… АҺ!… УҺ!… Ақша түгіл зымырық та жоқ. Біз сәбет үкіметі құлап қалғасын-ақ ақша дегенді ұмытқамыз ғой… Ана бір жалтыраған басында қанды қалы бар сайқал келді де көпіріп-көпіріп, құлатып тынды тым жақсы үкіметті. Өзі де құдайдан табар-ау… Ол үкімет тұрғанда бар ғой қағар едім қазықты арттарынан… Қанышерлердің… Әттең… УҺ!…

    Мұның барлығын бейнекамераға түсіріп отырған Орынбек енді көңіл жұбатары аз дастархан бетін, іліп алары жоқ үйдің ішін, марқұмның әйелін, балаларын  бөлек түсіре бастады. Балалардың дөңгелене қалған көздерінде үрей байқалғанмен, қызығушылық басым түсіп, мұның қолындағы құрылғыға әуестене қарайды. Балалар санасында үрей мен үміт, әрекеттерінде жасқаншақтық пен  әуестік тайталасы жүріп жатқан сияқты, ал, бұл кезде тергеуші ойы да қым-қуыт сұрақтарға жауап іздеуде болатын. «Иә… Елде ақша жоқ кезде далада мал бағып жүрген марқұмның қалтасындағы бобыраған ақша қайдан келген? Сағадаттар марқұмның үйіне не мақсатпен келді екен? Марқұм әйеліне «Біздің де дүрілдейтін кезіміз жақын» – деп неге айтты екен, бұл нені меңзейді? Бұл жерде біз білмейтін бір сыр жатқан сияқты ғой. Неге сол кезде бұл іс қысқаруға кетті екен?».

Оның ойын әйел даусы бұзды.

  • Жорналис бала, мен мынаған сөйлесем қайтеді? Заңнан қайран жоқ, үкіметтен қайран жоқ, енді бәрін халыққа айтайын да. Артығы болса қиып тастарсыңдар. Әйтеуір, сендерге кесіріміз тиіп кетпесін…
  • Мейліңіз. Ал, сөйлей беріңіз.
  • Мен Шынар Ермағанбетқызымын, күйеуім кісі қолынан қаза тапты. Жеті балам бар, үкімет «Алтын алқадан» бастап біраз сылдырмақтар берген, бірақ олардың соқыр тиын құны болмай тұр. Ауданнан бастап президентке дейін арыздандым, бірақ, күйеуімнің өліміне қатыстылар жазаланбай отыр. УҺ… Бармаған бастығым, қақпаған есігім қалған жоқ… Құмалақшыға да бардым, Түркістандағы көріпкелге де бардым… Қайтейін… Басы ауырған адам не істемейді…Бірақ, құмалақшы да, көріпкел де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Күйеуің кісі қолынан өлді. Бұған көп адамдардың қатысы бар, ішінде пагондылар да бар, бәрін басқарып отырған  үлкен бір бастық бар, соның айтқанымен болды бәрі. Бірақ, оған сенің қолың жетпейді. Қолы қандылар қастарыңда жүр»,  – дейді. Ел ішінде сөз жата ма, қандықол деп біреулерді атайды. Иә, күдіктенетін адамдарымыз да бар. Біз күдіктеніп отырған адам бұрыннан таныс, аралас-құралас боп жүрген жігіт, нәйіті ол біреулердің қолшоқпары болып, сорлап отыр ғой. Әйтпесе, бізде «алты аласы, бес бересісі» жоқ, күйеуімді аға тұтып жүрген жан еді. Міне, халқым, менің жайым – осы. Талай жылғы арызымнан ештеңе шықпағасын өздеріңе шағынып отырмын. Қанышерлердің мойнына біреудің қанын жүктеп, қаннен қаперсіз жүргені күйдіреді. Жылап отырған мен – мынау, шулап отырған жеті бала – анау. Біздің көз жасымызды көретін жан бар ма екен? УҺ-һ-һ!

Осы кезде ол егіле жылап жіберді, оған балалар қосылды. Жан түршіктірер, денені тітіркендірер сәт орнап, бөлме ішін қайғы мен ыза тайталасынан туған, әсте тілмен жеткізілмес дауыс кернеп кетті: Бір уақ басылып, бір уақ қайта көтерілген жылаудан қайғымен көмкерілген мұң, ыза, нала, күйініш, торығу, жоқтау сарындары қатар еседі.

Қаралы жанды тоқтау айтып, әзер басқан екі жігіт Жаңақорғанды бетке алып жолға шықты, бірақ ана үйдегі сол азан-қазан болған үн құлақтарынан кетер емес.

Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, бұлар күре жолға түскенде жерді тітірете, бұлт қабаттарын тілгілей сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етіп, аспанды қақырата найзағай ойнады.

7. КҮТПЕГЕН БЕТБҰРЫС

    Жол бойы Орынбекті әлгі бір «Бобыраған ақша» жайы мазалаумен болды. «Апырмай, «бобыраған ақша» дейді, ә? Ел болса төрт-бес айлап ақша көрмеген, ал, мал бағып жүрген бақташының қалтасында бобырап мол ақша жүргені қалай? Отбасының жайы – анау, ақша көрмегенін айтып әйелі отыр, оның үстіне ол мол қаржыны неге үйінде сақтамаған, марқұмның әйелі неге ол ақшаны білмейді? Қайдан шыққан соншама көп ақша? Айтпақшы, тұра-тұр, осы ақша дегенді тағы бір жерде естіген сияқты емес пе еді?»

  • Нұржан… Сәл кідірейікші.

Машина жол шетіне тоқтағасын ол ойын ортаға салды.

  • Нұржан,  ана үйде де айтып едеім ғой, маған мана айтылған ақша жайы, бобыраған ақшаны айтамын, маза бермей келеді. Шындығында да марқұмның қалтасында бобыраған ақша болған ғой сонда.
  • Иә, солай. Анау солай деп жазып отыр ғой.
  • Ал, осы оқиғаның түпкі себебі – ақша мәселесі болып жүрмесін. Мен ақша дегенді тағы бір жерде естідім ғой осы. Иә…иә… сенің әңгімеңнен… Сағадат карта ойынына ылғи су жаңа ақшалар салыпты – деп айтты деген жоқсың ба?
  • Иә, Алмат Сыздықовтың түсінігінде дәл солай жазылған. Қазыбек оны хаттамаға да түсіріп алған, өзі қол қойып берген.
  • Олай болса, мұның барлығы тегін емес. Біз онда ең алдымен Қазыбекпен ақылдасайық, негізі оның біраз жәйтті білетіні байқалады.

  Қою тұман мен көк жүзін торлаған қалың бұлттан мезгілдің қай уақ болғанын, не түс, не кеш екенін де аңғару қиын. Бұлар Жаңақорғанға кірген кезде әуелі қар жауып, соңынан жауын бір құйып өткен еді, кәдімгідей қақ тұрып қалыпты, машина көшедегі лай су мен балшықты кеше  Сағадатты құпия ұстап отырған үйдің алдынан келгенде, күртесі суға малшынған біреу қақпа алдына шықты. Бұл Қазыбек еді. Ол бұларды үйге емес, қарсы беттегі сарайға қарай бастады. Бірінен екіншісіне өтетін екі бөлмелі сарай кәдімгі тұрғын үйге бергісіз, төсек-орны түгел, ұқыпты жандар қарауында екенін аңғартқандай. Екі есікті де қымтай жауып барып Ертаев сөз бастады.

— Ана пәшес үйдің төргі бөлмесінде әңгіме соғып отыр, ішіп-жемі мол. Қасында  Асқар бар, одан қам жемеңдер. Ореке, мына времянка біздің штабымыз.

Ол қарқылдап бір күліп алды да, әңгімесін жалғады.

—  Мына паразиттер сенен күдік ала бастады –ау, сірә. Арттарына бұрыш қыстырғандай шапқылап кетті. Мен сендер қонып қала ма деп қорқып отыр едім, жаңбырмен араласып көзге түспей келіп қалғандарың жақсы болды. Өзгентке телефон соғу керек шығар, ол жақты ескертіп қоймасақ, бұл паразиттер тағы бірдеңе шығарып жүрер. Осы мені алаңдатып отыр.

— Мұның дұрыс ақыл болды Қазеке. Мен ағайдікіне телефондайын, көліктің реті келіп, ары өтіп кеткенімді, Көктөбе ауылында, қайынжұртта екенімді айтайын, «Қайтарда соғамын» дейін. Әйтпесе бұларға Өзгентке хабарласу түкке тұрмайды ғой. Участковойға тапсырса бітті ғой.

— Ал… Көктебеге телефондаса қайтесің?

— Біріншіден, ол жақпен байланыс өте нашар, ең шалғай, Түркістанмен шекаралас ауыл ғой. Екіншіден, ол ауылға арнайы бөлінген участковой жоқ, екі-үш ауылға берілгені бір – ақ штат. Үшіншіден, әкімің де, участковойың да біздің қайынжұрттың есігін ашуға қорқады, арызға ілініп кетеміз бе деп аулақ жүреді. Біздің шал мен қайнағаларды білесіңдер ғой…

— Онда, дұрыс… Айтпақшы, ол жақтың участковойы осында жүр, түсте көрдім, мал ұрлығы бойынша сотқа келіпті. Значит, сәті келіп тұр екен. Осы үйде телефон бар, қазір кірісейік.

— Иә, әуелі осыны бітірейік, сосын әңгімелесу керек боп тұр Қазеке.

— Әрине.

Мұның Өзгентке телефон соғуы мұң екен, ағасы ұрыса жөнелді:

— Шырағым-ау, қайда жүрсің? Сені келеді деп күткелі талай заман өтті ғой. Түгіскенге бара жатқан көлікке мінгеніңді есіттік, содан жоқсың, обедті ішпей әрі күтеміз кеп, бері күтеміз кеп…

— Ассалаумағалайкүм! Үй іші аман ба? Өткенде Көктөбеге бара алмай қалдым ғой, не дегенмен қаза ғой, шалдың немере інісі, ұят боп жүр еді, бір машинаның реті келіп, мен құдаңызға қарай өтіп кеттім. Екі есеп – бір есеп, көңіл айтайын, мұсылмандық, күйеу балалық міндетімді өтейін, екіншіден оларға да бармағалы жарты жылдай болыпты, сәлем берейін деп ойладым. Мүмкіндік болып жатса Майдамтал ар жағында тиіп тұр ғой, шалды ертіп, құран бағыштап қайтам ба, көремін. Ертең кешке қарай, кері қайтарда үйге соғамын ғой.

— Ой, бізді қойшы, ана көк көз тапал ушасковой екі рет келіп кетті сені іздеп. Дәулетовті айтам, онсыз да жүргенде екі қолы санын соғып жүретін сорлы еді, енді тіпті тыпырлап қалыпты, мұрны делдигенде бар ғой, тіпті баланың жұдырығы сыйып кеткендей боп, аққан терін сүртіп үлгіре алмай жүр. Жайшылық па?

— Аманшылық. Командировкаға келгенмін Жаңақорғанға. Ол тағы келіп жатса айтарсың менің хабарымды, күтіп әуре болмасын.

 Бұл телефон тұтқасын орнына қойғаны сол еді, Ертаев ашуға булыға сөйлей жөнелді.

— Көрдің бе…Бұл паразиттер ме…Бұл паразиттер бар ғой пәшестен де жаман ғой. Бұлардың кислородтарын жауып тастау керек қой тас қылып, сонда көрер ем қыңсылағандарын… Сені іздеуді бастағаны… Алла – ай, құдайымыз бар екен, мезгілінде Өзгентке телефондап дұрыс болды ғой. Енді жүрсін сол қиларын атып… Ана көк көз қазір Таймановқа звандап өліп жатқан шығар, сорлы онсыз да өсекке жақын қасқа еді, мына бастықтың нағыз құлағы болып алды қазір.

— Бұл  жолы да шаруа оңынан болған сияқты Қазеке. Енді маған мынаны айтшы: Осы іске қатысты құжаттардың барлығы өзіңде сақтаулы ғой.

— Иә.

-Ал, марқұмның қалтасынан бобыраған ақшаны Тұрғанбай алды деп Сағадат айтты – деген Кенжебаевтың түсінігі, Алмат Сыздықовтың Сағадаттың карта ойынына, күліске ылғи су жаңа ақшалар салып отырғаны туралы түсініктері де сенде ғой.

— Әрине, барлығы сақтаулы, тіпті, протоколдарына дейін менде тігулі. Бұл құжаттарды бұрынғы тергеушілер іске қатысы жоқ деп алып тастады ғой… Тіпті, түсіндіре алмадық қой… Күйеді екенсің тіпті…

— Ал сол оқиға болған шамада аса ірі мөлшердегі ұрлық болған жоқ па? Немесе ақшаға қатысы бар адамдарға байланысты оқиға болған жоқ па?

— Оны неге сұрадың?

Орынбек өз күдігін айтты. Қазыбек сәл ойланып отырды да:

  • Өзім де осы тұсқа бір соғар деп отырғанмын. Ақша жайы мені де көп ойландырған, бірақ, сол тұста ауданда да, облыста да аса ірі мөлшердегі түгіл,  тіпті ақша  ұрлығы атаулы тіркелмеген. Ойбай-ау, қайдан тіркеледі, халықта көк тиын ақша болмаса?! Мен де күдіктеніп, девятканың жігіттерімен біріге астыртын іздестіргенбіз, сол оқиғадан бір жарым ай бұрын банктен тек «Өскен» колхозына ғана төрт айдың айлығы босатылыпты.  Жеті миллион сом ақша… Ауданда басқа бірде – бір колхоз, не мекеме ақша алмаған. Бірақ, колхоздың құжаттарын тексердік, барлық ақша таратылған, ведомостағы қойылған қолдар дұрыс. Маған подозрительно болғаны – ақша таратылған  күні кассир мен колхоздың «Уаз» көлігін жүргізуші жігіттің мас болып, машинамен дарияға батып кеткендері. Мұны сен де естіген шығарсың?
  • Иә. Шофер банктен ақша алуға жіберілген көліктің жүргізушісі екен, екеуі де удай мас деп есіттік.
  • Иә… Денесін шығарып, экспертизаға бердік қой, бірде-бір зорлық белгісі жоқ, тіпті денелеріне сызат та түспеген, тек арақтан уланған, денедегі арақтың көптігі сондай біз судан алып шыққанда да арақ сасып жатты. Адамның мұндай мөлшерде арақ ішкенін бірінші көруім және бір емес, екеуі де сондай деңгейде. Техникалық сараптама да көліктің ештеңесі сынбағанын, техникалық күйі жақсы екенін көрсетті. Бұған не дерсің, күдіктенесің де қоясың. Бастықтар «істі жап» деп ойбайын салып жатса қайтесің. Барлығы мастықтың салдарынан деп қорытынды жасады. Сонымен ол жағдай сол жабулы күйінде қалды.
  • Апыр – ай, ә ?!
  • Мен де күдіктеніп, сондағы құжаттардың барлығының көшірмесін түсіріп алғанмын. Ксерокопия деген жақсы болды ғой, бір минутта зыр еткізесін.
  • Мұныңыз тіпті керемет болып кетті ғой. Солармен танысып шықсам жаксы болар еді. Мен Сағадат жасап отырған қылмыспен әлгі кассир мен шофердің суға кетуі байланысты емес пе екен – деп отырмын.
  • Дәлелің бар ма?
  • Марқұмның қалтасындағы бобыраған ақшалар, Сағадаттың картаға салған ақшалары қайдан шықты? Осылар сол «Өскенге» бөлінген ақшамен байланысты сияқты. Бүкіл аудан жұртшылығы үш-төрт айлап ақша  көрмейді, ал олар ақшаға қалталарын толтырып алған. Қалай ойлайсың?
  • Ие – е… Мен де солай ойлағанмын кезінде. Шындығында да күдік тудыратын нәрсе ғой. Бірақ сол кезде біздің маңдайымызға мұны ойлайтын тергеуші тап болды ма… Барлығы істі тездетіп өткізуге тырысты ғой… Көп уақыт өтіп кетті ғой, бірдеңе шығара алсақ жақсы болар еді…
  • Оның үстіне мына Сағадаттың ісінің қайта-қайта қысқарып кетіп жүргені де, бүгін ғана келгеніме қарамастан мені бақылап отырғандары да осы бағытқа сілтемей ме? Мұның сыртында басқа адамдар тұрған сияқты…
  • Солай боп тұр бала… Солай – солай, соқыр Николай… Бала кезімізде осындай бір сөз болды ғой, мағынасына түсінбесек те айта беретінбіз, сөйтсем… тура біз сияқты қай бағытқа жүрерін білмеген тұста айтылған сияқты ма қалай өзі… Әлде паразиттердің өлмейтіндігіне күйген біреу айтты ма екен… Енді не істейміз?
  • «Өскенде» жақын туыстар бар ма, сол кезде колхозда жұмыс істегендері керек.
  • Бар ғой… Менің  екі құдам сонда…Бір жақсы адамдар иманға ұйыған. Бірі колхозда механизатор, екіншісі бухгалтер болып істеді.
  • Қазеке… Онда көп дабыра қылмай, адам баласына білдірмей сонда барып қайту керек. Құдаларға да мықтап тапсыру керек, барып қайтқаныңды жан баласына айтпасын. Онда анықтайтын нәрсе мынау: Төрт-бес айлық жалақы қалай төленді екен. Ақшалай ма, әлде мал не техника бөлшектері, жем-шөп, азық-түлікпен бе екен.
  • Сонда не болады?
  • Оның жайы былай. Көп колхоздар мен мекемелер сол тұста бартер деген әдіске көшті ғой. Жалақыны мал, жем-шөп, техника бөлшектері арқылы өтеді емес пе. «Нұржол» колхозында теңге шыққанша солай төлепті, мана марқұмның әйелі айтып отыр. Егер «Өскенде» де солай төленсе жеті миллион сом ақша қолды болғаны. Ол ақша қайда кетті, қылмысты кім ұйымдастырды, оған Сағадаттың, Ордабектің қатысы қандай – міне, осыларды анықтауымыз керек. Егер сол қылмысты Ордабек кездойсоқ көріп қалды деп есептесек – онда қылмыскерлер оның көзін жою үшін Сағадатты пайдаланған. Егер бұл нақтыланса жалпы картина ашыла бастайды емес пе?
  • Тфу… Алла –ау, мынау неғып біздің ойға келмеген, ә? Ақша қайдан шықты деп ойладық… «Өскенге» қатысты іздеп едік, тарату ведомосі заңды болып, үніміз өшті… Әй, маладес… Ореке! Міне, енді ғана мидағы тұман сейіліп, басымда істің нобайы айқындала бастады –ау… Әй, пәшестер – ай… Бұларың енді сол ғой… Онда мен жаңағы Нұржан мініп жүрген «Москвичпен» тартып кетейін… Мына жақты байқаңдар… бүлдіріп алып жүрмеңдер. Жалпы осы бағытыңды телефонмен 101 – ге айтып қойғаның жөн шығар.
  • Бұл көкейге қонады Қазеке.

Осы кезде тағы да аспанды қақ айыра күн күркіреді, шатыр-шұтыр етіп найзағай ойнады.

8. МАЗАСЫЗ ТҮН

101-шімен хабарласқан Орынбектің өз ойын мәлімдегені сол еді, ол бірден іліп әкетті: «Өзім де осының арты үлкенге соқпаса болар еді – деп отырғанмын. Ойың дұрыс. Қызырбеков пен Ертаевқа айт: Абайлап қимылдасын, көзге түспеңдер. Ананы ИВС-ке дүйсенбіде апару керек. Оған дейін жан-жағына жағына бұрыла алмайтындай етіп материал дайындай беріңдер. Мен понедельникте 10-00 – де басталатын Шымкенттегі республикански совещаниеге қатысуым керек, воскресение күні түнде сендердің тұстарыңнан өтемін. Шамамен 1 мен 2 арасында. Мені постгаиға жетпей күтерсіңдер. Қалғанын сол жерде айтарсың».

Ертаев «штабымыз» деп отырған сарайға Сейітов Асқар келді, оны Нұржан ауыстырған екен.

— Күні бойы анаумен боламын деп тіпті шаршщап кеттім, Ореке, әңгімесі де таусылмайды екен, ызыңдап миымды ашытты. Өзі бір араққа тоймайтын құдық қой… Біраз бөтелкені құлатты…

— Ещтеңе етпес… Ісіміз нәтиже берсе болды да. Қазыбек келгенше көз іліндіріп алғаның дұрыс болар, мынаумен таң атқанша сөйлесу керек болатын сияқты. Сондықтан сендердің шаршамағандарың керек.

Бұл келгенде Сағадат қызыңқырап алған екен, арақтың буы қойсын ба, ана бір жылы Созақта өткен көкпар туралы майын тамыза әңгімелеп отыр екен. Бұл кіргеннен дауысы бәсеңдей бастады, көзінің астымен бір қарағаны болмаса Нұржанға көп назар аудара қоймайды, байқатпаған сияқты болып отырғанмен, мұны тінте қарайды, бейтаныс жігіттің келуі тегін емес екенін сезетін болса керек, мұның бар қимылын бағып отыр.

Мана әңгіме кезінде көзінің алды сәл тершіп отырған болатын, ол әп-сәтте жоқ болыпты, суы кеткен күріш каналын еске салғандай, көгістене қалған. Оның бейтаныс жігіттен сескене бастағанын сезсе керек Нұжлан манағы уәде бойынша іске кірісті.

  • Мына жігіт осы үйдің иесі, менен үш жас үлкен, қысылмай әңгімеңді айта бер.
  • Бұл жігітті бұрын Жаңақорғанда көрмеген сияқтымын. Қайдан келгенсің? Қай рудансың?

Сағадат лезде жиырыла қалыпты. Бұған күдікпен қарайды.

  • Қоңыратпыз. Мұнда кәсіп іздеп келіп қалдық.
  • Өй, өзіңде бір… Жаңақорған толы Қоңырат емес пе, оның ішінде қайсысы боласың? Мен қалай білмеймін сені, бір шикілік жоқ па бұл жерде?
  • А…? Біз Өзбекстаннан, Жиделі Байсыннан келдік. Қарашамыз. Ел тәуелсіздік алғасын Жетісайға көшіп келгенбіз. Енді жол осында түсті.
  • Е-е-е… Әй… Сендер өлмейтін бәлесіңдер ғой…  Жапырақ, гүл сатсаңдар да күн көресіңдер. Сорлаған бізді айтсайшы мал баққаннан басқаны білмейтін… Қарашамыз дейсің бе, е-е-е… ағайынбыз ғой… Мен Нұржанмен құрдаспын, нешауа, бәріміз қарайласпыз ғой. Ау, аналарыңнан құйып қойсаңдаршы, тамақ құрғап қалды ғой…
  •  Айтулы көкпаршы, көп әңгіме біледі – деп естігесін тыңдағым келіп отырғаным ғой, әйтпесе, шаруа көп…
  • Шаруа өмірі бітпейді, бауырым! Бітірем деп жүргеніңде бір күні шиқ ете қаласың да ана дүниеден бір шығасың. Дұрысы – өмірде шайқап қалған. Ана жақта сені құдашаң күтіп отыр дейсің бе құшағын жайып?!

 Сағадат қайтадан манағы қалпына түсті. Тер шыққан сайын әңгіме айту қалпы да құбыла түскен. Саясаттан бастап көкпарға дейінгі талай әңгіме айтылды. Бір кезде ол өзі туралы айта бастады.

«Ой, жігіттер! Сендер қайдан білейін деп едіңдер, менің обалыма қалған әкем болды ғой. Әйтпесе басымның істеуі деген сұмдық қой, сұмдық. Небір ойлар келеді, кейде осы шынымен өзім бе деп те қорқып кетем. «Тақымың мықты, тақымың мықты, өзім сияқты нағыз шабандоз боласың» – деп әкем құртпағанда менен президент шығуы да мүмкін еді. Әттең… сол сөзге малданып сегізден кейін оқымай қойдым ғой… Өтті – кетті енді… Бірақ, бастың істеуіне өкпе жоқ… құдды кампютер ғой…

Ал мен аттың үстінде келе жатқанда бар ғой талай сұлу қыздарың ғана емес, небір кемпірлерің мен қатындарың да аузын ашып отыра қалатын…».

Әңгімені Орынбек бұзды: «Сәке, әлгілердің отыра қалатынын түсінбей қалдық қой».

  • Өй…Өзің де бір…Жігіт емесің бе…Соны білмей… Аттың үстіндегі мені көріп, қозып кеткесін отыра қалады да шыдай алмай…

Бұл кезде көрші бөлмеде дыбыс жазу жұмысы жүріп жатты. Есіктен арнайы жасалған тесік те видеокамераға ыңғайланып қойылғанмен, видеотаспаға түсіру тек негізгі оқиғаға қатысты ғана жүреді деп келісілгендіктен әзірге диктафон ғана қосылып, бұған жауапты бөлім қызметкері бірнеше аудиотаспаны толтырып тастаған еді.

Сағадат қысыр әңгіменің талайын қайырып тастады, көкпар, шабандоздық, ат бабы жайына келгенде тіпті көсіліп кетеді, бірақ кісі өліміне қатысты жәйтке жолар емес. Енді не істеу керек? Уақыт болса өтіп барады, Орынбек  күдіктіге байқатпай Нұржанға ымдады. Ол түсіне қойды.

— Сәке! Қызық әңгімелеріңнің бірі – Ордабекпен айқасыңыз емес пе, біз әлденеше есіттік қой, енді мына туысың да есітсін, айта отырсаңшы.

Сағадат бір уақ үнсіз қалды, оқыс самай тұсы жыбырлап қоя берді, тіпті мынаның уақалағанына да қояр емес. Жоспарды бүлдіріп алмау үшін әңгімеге Орынбек араласты.

— Ол кім еді?

Сағадат бұған тағы да тесіле қарады: — Бұл жақтағы Қарашалармен байланысың қалай, кімдерді танисың?

  • Ешкімді танымаймын. Шиелілік Шаймерден деген жігіт бензин, солярка сатып біздер жаққа баратын, танысып, араласып кеттік, осында орналасуыма сол себеп, екеулеп бизнес жасамақпыз. Бірте-бірте бұл жақтағы туыстарды да табамыз ғой.
  • Е…е-е… Сендер жақтағылар кәсіптің майын ішкендер ғой….Дұ-р-е-с…

Күдігі аздап сейілсе керек, ол тамағын бір қырнап алып әңгімеге кірісті. Әуелі кібіртіктеп бастағанмен, үстемелете тамақтан өтіп кеткен екі стақан арақ күдікті ойдың қамалын быт-шыт қылып, бүге-шүгесіне дейін қалдырмай сонау жылғы оқиғаны баяндауға жетелеген болатын. Бір сағаттан астам уақыт алған бұл әңгіме толық видеотаспаға жазылды.

Біраздан соң Сағадат әр нәрсені бір айтып былдырлай бастады да, өтірігі-шынын бір Алла білсін, отырған жерінде қисая қалғуға кірісті. Бөлмеге Асқар кірді, бес сағат ұйқыдан біраз тынығып қалғаны байқалады. Нұржан мен Орынбектің таза ауаға шыққаны сол еді, аулада тұрған «Москвичті» және бұларға беттеген Қазыбекті көрді.

«Штабтағы» әңгіме Орынбектің болжамын растағандай болды.

  • Ореке, сен болжағандай болды. Құдалармен сөйлестім, ешкімге тіс жармайтын болды. Шындығында да олар айлық жалақыны малмен, күрішпен, ұнмен, қосалқы бөлшектермен алыпты. Бухгалтер болып істеген құда біраз  мағлұмат берді. Ведомостьке бұлар ай сайын әлгі ақша орнына бергенін алған тұста қол қойдырып алған екен. Ал соңғы айдың жалақысы үшін мал, ұн  және т.с.с. кассир аудан орталығына кетерден үш күн бұрын таратыла бастаған, ведомостьке бұрынғы ай сайын ақша беріліп жүрген дата қойыла салған сыңайлы. Мен құдаларыма ескерте, мұның барлығын диктафонға запись жасадым, керегі болуы мүмкін. Ана қыруар қаржы қолды болған сияқты. Кассир әлгі ақшаны банктен алған тұста бәлеге тап болып тұрған тәрізді. Мен шофер мен кассирді таныс адамдар әдейі араққа тойдырып, ақшаны алып, өздерін машинаға отырғызып, дарияға ағызып жіберген шығар деген ойдамын.
  • Неге таныс адамдар?
  • Нұржан-ау, таныс адамдар болмаса бұлар қарсыласар еді ғой, ол уақытта бұлардың денелеріне таңба түсер еді, оның үстіне кассирге бекітілген аңшы мылтығы да бар. Сараптама оның да артқы орындыққа сүйеулі қалпында жатқанын, қосауыздың оқпанында екі оқ болғанын, бірақ құлағы қайырылмағанын көрсетіп берді емес пе.
  • Жігіттер, бұл ұйымдасқан және үлкен лауазымдағы адамдардың қатысы бар қылмыс сияқты.
  • Неге олай дейсің?
  • Себебі, Сағадаттың бірнеше рет заң құрығынан құтылып кетуі, аудан бойынша тек  «Өскенге» ғана қыруар қаржы бөлінуі, оны банктің бөліп босатпай, келген кассир мен шоферға бірден бере салғандары, колхоздың айлық жалақыны мал, ұн және т.с.с. беріп қойғандарын біле тұра жоғарыдағылардың көп сомадағы қаржы босатуы, біздің аңдуда болуымыз, міне осының бәрі – менің әлгіндей топшылау жасауыма негіз болып отыр. Иә, жігіттер, үлкен бір іске тап болдық, сәтін берсін, қырсығынан сақтасын.
  •  Ендігі бағыт қалай?
  •  Екі-үш сағаттан соң Нұржан екеуіміз трассадан 101-ді күтеміз. Манағы өзің айтқандай ғой, Қазеке. Ертең дабыра қылмай куә болған екі оқушы Серікхан мен Жолбарыс Мәтеновтерді, Тұрғанбайды, Кенжебаев пен Сыздықовты сөйлетіп, видеозапись жасау керек. Бұған қашатын жер қалдырмауымыз керек қой. Сосын, Қазеке, өзіңдегі барлық құжатты алып шығып, бірнеше дана ғып көшіріп қою керек сияқты. Сағадаттың Ордабекті қалай жазым қылғаны түгел бейнетаспаға жазылды, бірақ талайды көрген сұм ғой, «Мас болып отырып, бөсіп кеткен шығармын» деп тайқып шығуы мүмкін. Міне, біз соған жол бермеуіміз керек. 101 оны дүйсенбіде ИВС – ке жабыңдар деді. Оған дейін барлық жұмысты тас қылып дайындап қою керек.
  • Иә, Алла, сәтін сала гөр та. Вот-вот, міне енді ғана жұмыс бола бастады. Қазыбек орнынан шалт көтеріліп, аулаға беттеді. – Мен мынаның ертеңгі арағы мен тамағын ұйымдастырайын. 101 мен жолыққасын осы штабта ақылдасып алармыз. Ал, кеттік.

Бұлар жақындаған кезде күре жол шетінде тұрған автокөлік шамын өшіріп-сөндіріп белгі берді. Күтіп тұрған 101 екен. «Көп күтіп қалмады ма екен?» Жігіттердің осы ойдан қысыла бастағанын сезді ме, Ахметов: «Біздің де келгеніміз жаңа. Кәні, іске көшейік», – деп оларды өз көлігіне шақырды. Бұлар жүргізушінің шығуын күтті, ондағылары іске қатысты құпияны сақтау еді. Полковник: «Тездетіңдер! Бұл сенімді жігіт», – деген соң барып, машинаға отырды, сөйтсе, машина тізгінін ұстаған ертеңгісін Орынбекті әкеп салған сержант екен. Ол болса мәз, жағдай сұрап жатыр.

  • Ал, баянда! Көп созба, нақты ойыңды айт!

Орынбек іске қатысты барлық жәйтті баяндап шықты, өздерінің атқарған жұмыстары да, енді жүзеге асырылмақ істер де қамтылды. Полковник біраз үнсіз қалды да, кесімді шешімін айтты.

— Жігіттер, жарадыңдар… Осы күдіктіге қатысты ой басымнан шықпай қойған: әуелі мойындайды, соңынан бас тартады… Неге? Бұл жердегі жұмбақ не екен дейтінмін. Ім…да… Топшылауларың дұрыс сияқты. Олай болса, бұған талай дөкейдің қатысы бар болуы керек. Кезінде ГСК – ның жігіттеріне де тоқтау салынған боп тұр ғой. Егер ашық кіріссек – барлығымызға да қауіп төнуі мүмкін. Қазір ең құқықтық қорғалмаған сала – құқық қорғаушылар болып тұрған жоқ па…Қанша ақша?… Үш адамның өлімі?… Вот сволочи…а? Біз былай істейік. Күдіктіні дүйсенбіде емес, ертең, то – есть, бүгін түнге қарай ИВС-ке қамаңдар. Оған дейін анаған бақташының өлімі туралы ғана емес, ақша туралы да айта беру керек, барлық видеоларды көрсетіңдер. Түнімен ойлансын. Мүмкіндігінше дежурныйлар сенімді жігіттер болғаны дұрыс. Қажет деп тапсаңдар оларға қызметтік міндеттерін түсіндіре қайталап, құпияны сақтау туралы ескерткендерің жайлы менің атыма баянат жазыңдар, оларға қол қойдырып алыңдар. Күдіктінің кісі өлтіргенін мойындатып, сотқа баратын қылсаңдар болды. Бізге керегі сол. Бұл саған, сенің мықтылығыңа байланысты Асылбаев.  Ананың крышалары да осымен құтылдық деп ойлар, ал бізге оның түрмеге қамалғаны дұрыс, ақшаға қатысты істі тергеуге ол жақта ешкім кедергі келтірмейді, әйтпесе қиын болатын тәрізді.  

Осы кезде теріскейден еттен өтіп, сүйекке жете бір ызғырық есті, тағы да аспанды қақырата күн күркіреді.

9. БЕЙНЕТАСПАДАҒЫ ДӘЙЕК  

           Сәске түс болса да күн көзін ашар емес, сол түнерген қалпы, ауық-ауық не қар, не жаңбыр екені белгісіз бірдеңені бүркіп қояды.          Қазыбек ағайынды Серікхан мен Жолбарыс Мәтеновтермен және Кенжебаев, Сыздықовтармен кездесіп, бейнетаспаға жазыпты, ал, Тұрғанбай Ақмешітке кетіпті, дүйсенбі күні келеді екен. Орынбек 101- мен болған әңгімені баяндап, жұмыс бағытын айтты да, Қазыбекке ризалығын білдіріп, Нұржан екеуіне тынығып алуға кеңес берді.

  • Ау, өзің ше?

   — Мен бұған үйренгенмін ғой. Сырт көзге тергеушінің жұмысы кабинетте отырып атқаратын қызмет сияқты көрінеді, алайда біздің саладағы ең мехнатты қызмет осы ма деймін. Екі-үш күндеп ұйықтамай жүрген күндер де аз болған жоқ.          Осы «штабтарыңда — ақ» тынығып аларсыңдар. Мана бір қарағанымда Сағадат та, Асқар да ұйықтап жатқан еді. Тағы бақылап қайтайын.

Төргі бөлмеге енген Орынбек Сағадаттың оянғанын байқады. Ол басы салбыраған күйі біруақ отырды да, ымдап мұны өзіне шақырды. Көп ішкендіктен болса керек көзі қанталап кеткен. Шамасы құпиялап бірдеңе айтпақ. Орынбек Сағадат отырған тұсқа өтіп бара жатқанда байқамаған адам болып Асқардың аяғын қаға өтті.

  • Ба-ла, рө-рө-шкі мен бір жа-пырақ қағаз әкеп берші.

Оның сыбырын бұл әзер есітті. «Ол неге керек болды екен? Не болса да көрейік, айтқандарын әкеліп берейін». Осы ойға бекіген Орынбек есікке беттеген тұста тура Асқар мен Сағадат екеуінің арасында тұра қалған еді, ол Асқардың көз қысқанынан оның ояу екенін, бірақ ұйықтап жатқан сияқты болып көрініп, күдіктіні аңдып жатқанын білді. Бұл әкелген қағазға Сағадат телефон нөмірі мен адресті тездетіп жазды, бірақ екі көзі Асқарда, бір-екі рет тамағын кенеп еді, Асқар қозғала қоймады. Анау сонда да сыбырға көшті.

  • Ба-ла! Мы-на а-дрес-ке, не телефонға менің осы үйде екенімді жеткізсең. Менттер ұстап отырғанын айт. Егер бәрі дұрыс болса, күйдірмеймін, астыңа ат мінгіземін, бизнесіңе де көмек берем.

Бұл түсінгенін аңғартып, басын изеді де, шығып кетті. «Штабтағы» Қазыбек пен Нұржанның жанына келіп, болған жағдайды айтты.

  • Тфу… Әй, мынау нағыз… екен ғой… Пәшестің пәшесі екен ғой мына сұмырай. Осыдан кейін қалай тынығарсың. Адыра қалды ұйқы да, күлкі де. Жігіттер, мынадан байқамасақ болмайды, қашырып алып, масқара болармыз әлі. Одан да, дым білмеген болып бірге тамақтанып алайық, сосын видеоларды көрсетуге кірісейік. Ореке, сен ымдап ананың сәлемін жеткізгеніңді сездіріп қоярсың. Сол кезде мынау сәл де болса сенімдірек болып, жайбарақат отырары анық.  Сендер кіре беріңдер, мен насыбай атып алайын.

Барлығы бірге тамақтанды, Орынбек Сағадатқа ымдап, тапсырмасын орындағанын білдірді, анау бірден көңілденіп сала берді. Біраз уақыт билік тақырыбына барып қайтты. «Не деген дөрактар, а? Елді осылай басқара ма екен? Дұп-дұрыс тұрған дүниені тас-талқан етті. Қала біткенді қиратып тастады, колхоз-совхоз тарады, жұмысқа орналастырамыз – дейді, онысы бар ғой – жеген әңгіме, ненің жұмысы, қайдағы жұмыс? Билік халыққа қызмет етеді – дейді, о заман да, бұ заман халыққа қызмет еткен билік болған емес, болмайды да. Кеше аудан, облыс басқарып, елді сорғандарды бүгін әспеттеп жатырмыз көшеге, мектепке атын беріп, солар не еңбек істеді? Отырды сәбет үкіметінің рахатын көріп, халықтың мойнына аяқтарын салбыратып жіберіп… Әне, елге еңбек етті деп Әуелбековті айту керек. Солай…» Бір-екі жүз грамнан соң ол тіпті шалқыды: «Осы жұрттың мілитсаны жек көретініне миым жетпейді. Ау, мілитса болмаса халық бір-бірін түтіп жемей ме? Онсыз да тонап, ұрлап жатқан жоқ па бірін бірі. Тіпті, әкім-сәкімдердің өзі солардың арқасында талтаңдап жүрген жоқ па?!» Содан соң барып: «Бүкіл мілитсаның денсаулығы үшін!» – деп алып қойды. Орынбек мынаның сөзіне іштей таңқалуда. «Білмейтін адам мынаған алданып-ақ қалғандай екен. Сонда бізді бала көріп отыр ма бұл. Мына жігіт кез-келген жерде сатып кетуден тайынатын емес қой».

Бұдан соң жеделдете іске кірісу керек болды, жауапты қызметкер бейнестаспаны телевизорға қосты, барлығының да назары соған ауды. Әуелі Сағадаттың мойындауы көрсетілді. Орынбек күдіктіні бағуда, ол болса бір қызарып, бір сұрланады. Бір сағаттан аса көрсетілген жазбаны көріп болған кезде Сағадат бетін басып отырып қалды. Түрі кісі шошырлық болып кеткен.

-Мастық қой…Мас болып, аузыма не келсе соны айтыппын. Мұны неге менен жасырын түсіргенсіңдер. Бұларың заңсыз…

-Неге заңсыз? Қазыбек, Асқар және мен қатысып отырмыз…Немене саған үш сотрудник аз болып отыр ма? Ешкім сені қинаған жоқ, айтқан – өзің. Біз саған бейнежазу жүргізіледі деп кеше ескерттік, ол да диктафонда жазулы тұр. Енді неге қыңырайып отырсың?

Нұржан күдіктіге тіктеле сөйледі, ол Орынбекке қарайды, шамасы, өзін құтқарушыларды сұрағаны болуы керек, бұл екі иығын көтеріп «Білмеймін» дегенді ұқтырды.

— Енді ғой… не ғой… Әлгі шешең… не болды екен?

— Бәрін қойып, бізге тіл тигізейін дедің бе?

— Жоқ, жо-жоқ, сендерге емес, есіме бірдеңе түсіп кеткені ғой.

— Енді келесілерін көр.

Тағы да теледидар қосылды, әуелі ағайынды оқушылар Серікхан мен Жолбарыс Мәтеновтердің, сонан соң  Кенжебаев пен Сыздықовтың бейнетаспаға жазылған куәліктері көрсетілді.

Сағадаттың ұнжырғасы түсіп кетті. Басы салбырап, жынынан айрылған бақсыдай болып отыр.

— Кешеден бері мені неғып баптап, бағып жатыр десем, бәрін қымтап, түрмеге дайындап отыр екенсіңдер ғой…ә…кәззаптар…

— Ей, не сандалып отырсың? Барлығын өзің айтып отырған жоқсың ба? Енді неғып бізден көресің?

— А-а-й-й-й… Құрыдым ғой… құрттыңдар ғой… Құрымаған нем қалды енді… А-а-а-й-й-й…

— Жоқ! Біз емес сені құртқан…Сен өзіңді өзің құртып отырған адам емессің бе. Жазықсыз жанның қанын мойныңа жүктедің, сөйте тұрып бізді кіналайсың.

Әңгімеге Қазыбек араласты: «Әлі ақша туралы да айтуың керек қой».

Сағадаттың көзі шарасынан шыға оған тесірейе қалған.

  • Не қылған ақша?

— Оу…Тыңдап отырған жоқсың ба? Сен картаға уыстап ақша тігесің, Тұрғанбай болса марқұмның қалтасындағы бобыраған ақшаны алады. Оу… ел ақша түгіл оның көлеңкесін де көрмей отыған кезде бұл не қылған батпан құйрық. Ол байлық сендерге қайдан келген?

Сағадаттың беті тағы да көгістене бастап, самай тұсы жыбырлап қоя берді, қолымен уқалап әлек, бірақ сыр берген жүйке көнер емес, бір кезде барып барлығыңды даусы шықты.

— Ешқандай ақшаны білмеймін. Оның қайдан алғанын сүйегі қурап қалған көкелеріңнен сұрарсыңдар.

— Ал, картаға салған ақша ше?

— Ақ адал ақшам – табан ет маңдай терім. Немене бізді тезек теріп жүр деп пе едіңдер?

— Жо – ға… Біздікі еске салып қойған ғой… Енді мынаны көрейік.

Теледидардан Ордабектің жесірі Шынар Ермағанбетқызының отбасы, дастархан үсті, үрпиген балалары, әйелдің зарлы әңгімесі көрсетіле бастады. Әйелдің жылап, балалардың шулаған тұсына келгенде Сағадат бетін басып отырып қалды. Тісі шықыр-шықыр етеді, ауызы бір жағына қисайыңқырап:

«Әл-г-і… шешең…. неғып жатыр екен… Ойбай-ай, ойбай… құрыдым-ау, құртты – ау мені, тап қана жеті әкеңнің аузын….», – деп жыламсырай бастады.

           Қазыбек енді оған уақыт беру керектігін ескере: «Ал, азамат Кәрішалов ойланыңыз, біз саған екі сағаттай уақыт береміз. Манадан бергі көргендеріңді ақыл елегінен өткіз. Өзің айтқандай басың қатты істейтін жігітсің ғой, келешегіңді ойла. Кедергі жасамайық, қабырғаңмен кеңес. Бұдан кейін бәрі кеш болуы мүмкін, ол кезде өзіне ренжімесең кімге ренжисің, тілеп алған тағдырың – зонада шіріисің. Біз сені келесі бөлмеде күтіп отырамыз. Саған жәрдемші – тек шындық қана. Осыны ұмытпа. Ойлан…» – деді.

           Екі сағаттан соң Сағадат қылмысын мойындап, хаттамаға қол қойды. Алда оның қалай құбылатынын кім білген, із кесушілер дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Түнгі 11 – де күдікті ИВС – ке жеткізілді, кезекшілерге қатаң ескертіліп, барлығы құжатталды.

Орынбек ертеңгі жұмысының бағытын ойша шамалауға кіріскен. Ішінен Кәрішаловтың қамалғанын түнде жақтастары біліп қалмаса екен деп тіледі, таңертеңгіге тәуекел, сенімді жігіттер бар, олардың дегенін болғыза қоймаспыз – деп бір түйіп қойды.

Бұлар манағы үйге беттеді. Кент қалың ұйқы құшағында. Көзге түртсе көргісіз қараңғы, тағы да    шатыр-шатыр етіп найзағай ойнады.

10. КҮДІКТІМЕН РЕСМИ КЕЗДЕСУ

Бұлар аудандық іші істер бөліміне келгенде сағат тілі таңғы 8 –ді көрсетіп тұрғанына қарамастан жиналғандар қарасы аз емес екен, кезекші бөлім бастығы да, уақытша ұстау абақтысы бастығы да келіпті, шырттай киінген      үш-төрт адам жүр, біреуінің кеудесінде аудандық мәслихат депутатының белгісі жылтырайды. Орынбек олардың ешқайсысын танымады, олардың да мұны тани қоймағаны анық. Кеше әр қызметкердің міндетін бөліп берген Орынбек іс бағытын бақылауда. Нұржан мен Қазыбек уақытша ұстау абақтысына бағыт алды, Асқар жоғары қабаттағы бөлме дайын болғанын хабарласымен Сағадатты сонда апармақ. Кезекші бөлімнің бастығын ертіп кеткен Асқар екінші қабаттың шығыс жағындағы ең шеткі екі кабинеттің дайын екендігін, әкелуге тапсырылған жазу машинкасы, қағаз және т.с.с. дайын болғанын, бейнежазу, дыбыс жазу құрылғыларының орнатылғанын бұған ыммен түсіндірді. Бұл да басын изеп, жігіттерге хабар беру керектігін білдірді.

Сағадатты кезекші қызметкер алып келе жатты, Қазыбек алдында, Нұржан мен Асқар күдіктінің соңында. Осы кезде депутаттық белгісі бар кісі: «Бұл жігітті на каком основани ұстадыңдар?», – деп дауыс көтеруге кірісті. Қазыбек кілт тоқтай қалып, жауапты кезекшіден: «Мұнда бұл адамдар неғып жүр», – деп сұрады. Әлгілердің де күткені осы болса керек: «Немене, бұл Қазақстан азаматтары кіруге болмайтын жер ме еді? Біздің құқығымызды таптама. Сендер бізге қызмет етулерің керек», – деп жамырай жөнелді. Өзі тар коридорда әлгі депутаттық белгісі бар адам Сағадатқа тез жақындап, бір пакетті ұстата салды да: «Қорықпа! Саған ештеңе істей алмайды. Ештеңе мойындама. Біз бармыз!», – дегенді айтып үлгірді. Мұндай жағдайдың болуы кешегі кеңестерінде ескеріліп, соған қатысты әрекет белгіленгенінің пайдасы тиді. Олардың арандатуына  уақыт жіберместен бұлар дайындалған кабинетке беттеді. Сәл кідіріңкіреп барып екінші қабатқа көтерілер басқышқа беттеген Орынбек әлгілердің ызалы қауқылдарын құлағы шалды.

  • Білмедің бе, начальник РОВД қайда екен?
  • Қайда болатын еді, кеше тойда болған, басы ауырып жатқан шығар.
  • Онда түске дейін жоқ десейші. Осындайда…

Ең шеткі кабинетке жігіттер Сағадатты апарды, одан бергі кабинет Орынбекке даярланған екен. Екі кабинеттің де есігі ашық, тергеуші мұны әдейі істеген еді. Сосын кезекші бөлім бастығын шақырып тапсырма берді:

  •  Бұл өте жауапты іс! Кісі өлімі! Сондықтан әлгіндей адамдар, тіпті, қадағалаушы прокурордан басқа менің рұқсатымсыз күдіктіге бірде-бір адам жолықпауы керек. Ешқандай зат беруге болмайды, камерада жалғыз ұстау керек. Бұған тікелей жауап бересің. Бастықтар айтты, пәлен-түген дейтін болсаң – тек қызметтен кету ғана емес, үстіңнен іс қозғалуы да мүмкін. Міне, талап қойылған қағаз, екі дана. Қол қой, бірінші данасы менде болады.
  • Құп болады!

Ол кетісімен Қазыбекті шақырып,  әлгі шу көтеріп жүрген кісі туралы, оның беріп жіберген пакеті туралы сұрады. Есікті жаба келген ол бір жымиып қойды.

— Ореке! Ол аудандағы үлкен кәсіпкерлердің бірі. Сағадат – көкпарда, ат жарысында осының атына мінетін шабандозы. Ал, пакетте екі бөтелке арақ, бір бөлке нан, пияз, колбаса бар екен. Біз оны бірден алып қойдық. Сағадаттың сүдіні кетіп қалыпты.

-Оларың дұрыс болған екен. Ал, енді оған менің тергеуші ретінде танысатын уақытым да жақындаған сияқты. Екі есік те ашық тұра берсін. Оқиға болған жерге бүгін бара алмайтын сияқтымыз.

-Неге?

— Бастық жоқ болып отыр ғой. Әлгілердің айтқаны рас болса – ол тек түстен кейін ғана болатын сияқты. Ал, бізге көлік түске дейін және кемі екі күнге қажет. Бүгін не болса да, бір шу көтерілері анық. Сақ болайық.

  Сағадатты ұстап отырған кабинетке келісімен Қазыбек: «Сәке, сіздің ісіңіз бойынша облыстық  ішкі істер департаментінен аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші келді. Кешеден бері бізге айтып отырғаныңды енді осы жігітке айтасың» – деді. Күдікті бірден күреңітіп шыға келді. Бұлардың бәрін қанталаған көзімен бір шолып шықты.

-Аса маңызды істер жөнінде – е – гі…? Маған жай тергеуші де жарайтын еді ғой. Ол сыңар езулей күлді, онысы күлкіден гөрі жаны қысылған қорқаудың ырсия ырылдағаны сияқты әсер қалдырды.

  • Иә, солай істеңіз, – деді Нұржан, – Ешнәрсені бүгіп қалмаңыз, барлығын ашық айтқаныңыз жөн.
  • Ә…Мені әбден тып-типыл етуге кіріскен екенсіңдер ғой. Енді облыстық милиция қалып еді…еще важняк… Облыстарыңа бармаймын… всё… мен ештеңе білмеймін, ештеңеге қол қоймаймын. Істеп алыңдар маған…
  • Сәке! Әуелі өзіңді сол важнякпен таныстырайық.
  • Көрейік. Апарыңдар.
  • Е…оның апартыны жоқ. Міне Облыстық ішкі істер департаментінен келген аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші капитан Орынбек Асылбаев деген жігіт. Нұржан Орынбекті қолымен нұсқады.

Күдіктіге бұл жойқын соққы болды, Орынбекке қараған көзі соңғы үмітінен айрылып, шерменде болған, мүсәпір жанды елестетеді, аузы ашылып, үнсіз қалған. Жаңағы адуындықтың ізі де жоқ. Самайы мен көзінің алды жыбыр-жыбыр етіп тарта бастады, сірә, жүйкесі тағы да сыр бере бастады – ау. Орынбек  санасында қандай әрекет етуді анықтауға қатысты майдан басталып кетті. Бөлмеде тым-тырыс үнсіздік орнады, Асқар мен Нұржан бұл да Орынбектің әдісі болар деп ойласа керек, тіл қатпастан Сағадатқа тесіле қарайды, ал Орынбек мынаған қай тұстан кірісерін ойлануда. Бұл Сағадатты онан сайын абыржыта бастады.  

Орынбектің ойына Қарағанды жоғары милиция мектебіндегі ұстазы Талғат Сәрсенбаевтың: «Естеріңде сақтаңдар! Қанша қаныпезер болса да, қылмасыкер де адам. Адам болғасын онда жүрек бар, ал, жүрек болғасын титімдей болса да шырақ болады. Егер сол шырақты тауып жаға білсең – ол сенікі. Ал, қылмысты мойындатамын деп тергеушінің қолы тиер болса онда сол тергеушінің негізгі органы – басының дұрыс жұмыс істемейтіндігі»  деген сөзі түсті. Енді не істеу керек? Не болғанда да бүлдіріп алмаған жөн.

Сезікті болса жынынан айрылған бақсыдай            тым-тырыс, шып-шып терлеп отыр. Осы кезде түнде келісіп алғандарындай Қазыбек енді.

           -Ореке, Тұрғанбай келді. Не істейміз?

           — Тұрғанбайды бүгінше қайтара бер. Ертең 11-де беттестіруге әкелерсіңдер. Негізі ол бір дұрыс азамат қой…

           — А-а-а-й-й-й…  Сағадат екі қолымен басын қыса ыңырсыды.

           — Сәке, не болды?

Бұл ананың тығырыққа тірелгенін түсінді.

— А-а-й-й-й… Құрыдым ғой… құртты ғой әлгі шешеңді… Құрымаған нем қалды енді… А-а-а-й-й-й…

— Сәке, мазаңыз болмай кетті ме? Шамасы ұйқысыз өткен түндер әсер еткен ғой.

-І-і-ң…ә-ә…

— Сәке, онда былай істелік. Сіз түске дейін демалып алыңыз. Онсыз да белгілі жәйт қой. Мас едім деп қаша алмайсыз, кеше өзіңіз видеоны көрдіңіз. Барлығын өзіңіз сап-сау отырып баяндадыңыз. Ешқандай қысым болған жоқ. Сіздің маған айтқан тапсырмаңыз видеоға да, диктафонға да жазылып алынды, жазып берген адресіңіз менің қолымда. Сараптамаға жіберсем – жазу сіздікі екенін дәлелдеп береді. Оны міндетті түрде жасаймыз. Мұның аржағында группавой деген де көрініп тұрған сияқты.

— А-а-й-й-й… Құрыдым ғой…

Бұл жолы ол ұзақ сарнап отырып алған жоқ. Орынбектің айтқаны ой салған сияқты және топ болып жауапқа тартылғаннан гөрі дара кеткеннің жеңілдеу болатынын да білетін сияқты. Біраздан соң келіскенін білдіріп басын изеді. Орынбек кезекшіні шақырып, күдіктіні алып кетуді тапсырды. Ол біресе кезекшінің арғы жағында тұрған Қазыбек пен Асқарға, біресе Орынбекке қарап, басын шайқады.

— А-а-й-й-й…Біттім…біттім…

Жедел уәкілдер Орынбек отырған бөлмеге жиналды. Қазыбек тағы да шалттығына басты.

  • Ореке, неге төпей бермедіңіз? Жақындап қалып еді ғой…

— Жігіттер, «Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар» деген. Сақтық керек. Мынаның әлгі жүрген крышалары да жауап алынбағанын білсін. Сосын «Неге бұлай істеді» – деп бастары қатсын. Олар егер мынаумен сыбайлас болса, өзіміз жобалаған ана іске қатысты болса өз бастарынан қорқады, жоғары жаққа қарай шығуы мүмкін. Осыны күту үшін және Сағадаттың әлгілерден күдер үзіп, толық мойындауы үшін осылай істедім.

— ИВС кезекшілері мықты болсын – деңіз енді.

— Асқар, одан саспа.

Қазыбек рахаттана күліп, қалтасын сипалады, шамасы насыбай атқысы келсе керек.

  • Айтсаңызшы енді.

— Мана мына кезекшілерді көргесін бір ой келген. Біздің ішкі кухнямыз ғой, бұл жігіттердің арасы дұрыс емес, жауапты кезекшіні де құрта алмай жүргендер бар. Соларға сыбырладым, ұстасаңдар момент келіп тұр – деп. Соны айтуым мұң екен, аналар жанып кетті, көздері жайнап, сол төңіректе жүрген болып, кезекшілерді аңдып отыр. Енді күзет двойной болды, Ореке, Сағадатқа тышқан жорғалап бара алмайды. Оның үстіне біз кіріп-шығып жүріп бақылап отырамыз ғой.

— Мынауың тіпті керемет болған екен, Қазеке.

— Ие, істің сәтін берсін. Мен мана «штабтан» шығарда үйге телефондап қазанға тамақ салдырып қойғанмын, пісуге таяп қалған болар. Мыналар есін жиямын дегенше тамақтанып алалық.

-Ол да дұрыс, Қазеке. Бірақ біздің осы жерде екенімізді олар үнемі сезіп отыратындай етуіміз керек. Сондықтан мен әуелі Орекеңді Сіздің үйге апарып салайын, тамақтың қай кезде дайын болатынын біле келейін, ол кезде мұнда Асқар екеуіңіз боласыздар, сосын сіз қайтыңыз, мұнда Асқар екеуіміз боламыз. Біз          кіріп-шығып, төрт-бес минут далада темекі тартып тұрып, оларға осы жерден тапжылмайтынымызға сендірейік. Сосын Асқар барар, сол кезде сіз бері келерсіз. Міне, содан соң мен барамын. Осылай кезектеспесек болмайды. Нағыз критичиски сәт келіп тұр ғой…

— Келістік.

Шындығында да бұл кезде Ақмешіттегі лауазымды адамдардың бірі Жаңақорғанға көз тігіп отырған еді. Екі арадағы телефон желісіндегі әңгімені естіген адам болса мұның сұмдық сойқанға қатысы барлығын бірден сезер еді, бірақ ондай мүмкіндікті бізге кім беріпті.

  • Аптықпа, асықпай жөндеп айт. Қашан қамапты?

— РОВД – ға ертеңгісін әкеліпті. Қашан ұстағаны белгісіз. Бірақ ана ұрқыны құрғырдың өңі қашып кеткен. Бүлдірмесе болар еді деп қорыққасын сізге телефон соғып отырғаным ғой.

— Алдын-ала байбалам салма! Ол бәрін жайып салған болса – прокурордан сені қамауға санкция сұрар еді ғой.

— Құдай сақтасын! Көке, адамның иманын ұшырып…

— Ышқынбай тұра тұр. Осы жақтан бір тергеуші барды деп еді ғой. Ол да сонда жүр ме?

— Жоқ. Оны көрген жоқпыз. Бір-екі күн демаламын деп ауылы жаққа кетті деп естігенбіз.

— Дұрыс екен…Так… Онсыз бұлар ештеңе істей алмайды. Бұрынғыша жасаймыз. Да. Бұрынғы ізбен жасаған дұрыс… РОВД жаққа барушы болмаңдар, көзге түсесіңдер.

Телефон байланысының соңын күтіп тұрғандай аспанды қақырата тағы да найзағай ойнады. Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, жерді тітірете, бұлт қабаттарын тілгілей сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етті.

11. МОЙЫНДАУ

Тергеу басталды. Сағадаттың жағдайы манағыдан да құлдыраған сынды. Әбден қажыған, іштей мүжілген жан тергеуші сөзін үнсіз тыңдауда.

— Иә, Сәке! Сіздің маған дұрыс жауап бергенді былай қойғанда, мүлде жауап бермеуге де қақыңыз бар. Сіздің айыпты екендігіңізді растайтын дәлелдер менде жеткілікті. Оны өзіңіз де біліп отырсыз. Тергеуші – тек заңға бағынатын тәуелсіз тұлға. Мен өзіңіз көрген бейнетаспалар мен аудиожазбаларды, Нұржан, Асқар, Қазыбектерден, Серікхан мен Жолбарыс Мәтеновтерден, Кенжебаев пен Сыздықовтан, Тұрғанбайдан жауап алып, ісіңді сотқа жібере беремін. Саған ақыл беріп жүрген кәсіпкер, поссовет, депутаттардың сізге көмегі де тимейді. Оның үстіне олардың манағы әрекеттері де бейнетаспаға жазылып алынды, қажет десеңіз оны көрсете аламыз. Енді олар сізге қарасын да көрсетпейді. Әйтпесе, қанша уақыт өтті бір келер еді ғой.

  • Темекі тартсам бола ма?
  • Тұра тұрыңыз. Мен айтып болайын. Сіздің жағдайыңызды түсініп отырмын, осы оқиға болғалы ішкеніңіз – ірің, жегеніңіз – желім болып, ұйқыңыз қашып жүр емес пе. Менің бірыңғай осындай қылмысты істерді жүргізгеніме жеті жылдан асыпты, талайларды көрдік, рухтың өлмейтінін, оның өзін өлтірген адамды түсінде мазалайтынын түсіндік. Сіздің де ұйқыдан қалғаныңызды сезіп отырмын.
  •  А-а-й-й-й… Айтпа…тоқта… Темекі тартайыншы.

Ол қолы дірілдеп темекі тұтатты, қомағайлана жұтып, түтінін сыздықтата шығарды, ұзақ ойланды. Сонан соң барып тістене сөйледі.

  •  Тұрғанбай да сау сиырдың боғы емес. Одан жауап алған шығарсыңдар.
  • Иә.
  • Маған жауып жатқан шығар?
  • Шындығы сол емес пе?!. Ол тек шындықты айтты.
  • Мана Мәкеңдер бірдеңе әкелген сияқты еді, тамақ жібітіп алсам…
  • Жоқ, болмайды. Тек жауап алу біткесін ғана ораламыз оған.
  • А-а-й-й-й… Бітті…Біттім… Жалтарғанда қайда барам. Барар жер қалмады ғой… Жауабыңды ала бер. Өлмеспін… Қашанғы шыдаймын бұл азапқа… Айтамын… Бәрін де айтамын.

Қорғаушының қатысуымен алынған жауапта Сағадат Ордабекті қалай өлтіргенін баяндап шықты. Барлығы бейнетаспаға жазылып, хаттамаға түсірілді.

  •  Сәке, үйден алдыратын керекті заттарыңыз болса мына қағазға жазып беріңіз, мен ертең алдырып берейін.
  • Мен айтып отырайын, өзің жаза берсейші.
  • Өзіңіздің жазып бергеніңіз дұрыс. Бұл үйдегілер үшін сенімідірек болады ғой.
  • Иә, солай екен-ау.

Солай дегенмен ол біраз ойланып қалды, сірә, өз қолымен жазғаны қағазы екінші рет алдымнан шықпас па екен – деп қауіптенсе керек, бірақ басқа амалы жоқ еді, керекті заттарын қағазға жазып берген соң, кезекші оны камераға алып кетті.

           Орынбек бұл қағазды жаздырып алғанда осы арқылы іске қатысты куә болып отырған Тұрғанбайға ықпал жасауды көздеген еді. Осыны күткендей жедел уәкілдер Тұрғанбайды алып келді.

           Көзі адырайып кеткен Тұрғанбай дау сала келді. Сөзінен бұған дейін біреулермен ақылдасып алғаны байқалады. Өктем сөйлесем, сөйтіп ықтырып алсам деген ойы болса керек.

— Ал, келдік. Бұл не деген масқара! Ертең ел-жұрт не дейді? Тұрғанбайды мілитсалар ұстапты деген сөз Жаңақорғанның ана шеті мен мына шетіне жеткен шығар. Бұл репрессияның заманы емес, бізде де таныс бар, туыс бар. Жазамыз керек болса ООН – ға дейін. Енді            қатын-баланың, ағайын-туыстың бетіне қалай қараймыз? Маған моральный өшербті кім төлейді, сен бе, әлде сен бе?

— Отырыңыз. Сіз байбалам салатындай ештеңе болған жоқ, барлығы заңға сай жасалуда. Бір іске байланысты куә екенсіз, соған қатысты анықтайтын мәселелер болып тұр.

— Сен бе, әлгі Ақмешіттен келген кәтта тергеуші?

— Менмін. Аты-жөнім – Асылбаев Орынбек.

— Мен ештеңе білмеймін. Ештеңе көрген жоқпын.

— Немене, сіз бірдеңе көріп пе едіңіз? Мен сізден әлі ешнәрсе сұраған жоқпын ғой. Шамасы бүгіп жүрген бір оқиғаңыз бар-ау, сірә?

— Жо-о-қ! Мыналар ғой…Ордабектің өліміне қатысты көргеніңізді айтасыз деп… Сосын мен…

— Бұл жасырынбақ ойнайтын жағдай емес. Бізге шындықты айтасыз. Біз тек кей нәрселерді анықтау үшін сізді шақыртып отырмыз.

— Онда кете берейін бе?

-Неге кетесіз?! Міне, Сағадаттың үйінен алдырмақ болған заттарының тізімі, қараңыз, өз қолымен жазған. Дос адамсыздар ғой, осыны жеткізіп беріңіз. Ол Ордабекті өлтіргенін мойындап, барлық құжатқа қол қойды, сіз аса қорықпай-ақ қойыңыз.

-Неге қорқады екем? Оларда «Алты аласы, бес бересім жоқ».

— Менің уақытым өте тығыз. Сіздің жырыңызды тыңдап отыра алмаймын. Қаласаңыз жауап беруден бас тартамын деп жазып беріңіз. Бірақ онла біз мәселеге басқа қырынан келеміз.

— Ол не қылған басқа қыр тағы?

— Сағадат Ордабектің қалтасындағы бобыраған жиырма бес сомдықтарды сіз алды деп көрсетті.

— Ойнама бала…Отпен ойнама, Сәкең олай айтуы мүмкін емес.

— Бұл ойын емес, Тұреке! Тағы айтамын. Дұрыстап тыңдаңыз! Сіздің барлық жауабыңыз видеотаспаға жазылуда. Сондықтан көп бұлтақтамаңыз. Сағадат сіз Ордабектің қалтасын қарап жатқанда ол әлі тірі еді – деді. Егер бұл дәлелденсе, сіз соучастник ретінде жауапқа тартыласыз. Сіз жәбірленушіге көмек берудің орнына, дәрігер шақырудың орнына оның өлуіне жағдай туғызғансыз.

-Не дейт? Ойбай-ау…ойбай-ау, мен барғанда ол өліп қалған ғой, тіпті қолы да мұп-мұздай… О несі — ай маған…

— Міне, көрдіңіз бе, өзіңіз барлығын айтып отырсыз. Оқиғаны көргеніңіз, Ордабектің қасына барғаныңыз, оның қалтасынан бобырағын ақшаларды алғаныңыз рас болып отыр ғой, яғни, Сағадат шындықты айтып отыр. Сіз не білесіз – барлығын айтыңыз, ертең кеш болады. Біз Сағадатпен сізді беттестіреміз, міне сонда әңгімелеріңде алшақтық болса… онда жалған айтқан адам заң алдында жауапты болады.

— Ойбай-ау…ойбай-ау… Мен сорлы неге соны көрдім екен, неге сол ақшасы құрғырды алдым екен?

— Оны өзіңіз білесіз. Біздің білетініміз сіздің – қылмысты  жасырғаныңыз. Қылмыскермен ауыз жаласып, мүмкін мол ақша алып кісі өлімін жасырдыңыз. Ал марқұмның жесірі, бала-шағасы анау шулап отырған. Сіздерде адамшылық деген сезім бар ма осы?

— Ойбай-ау…ойбай-ау… Мен не істеймін?! Жақ ашсаң өлтіремін деп отыр. Бармауым керек еді сол жерге. Шайтан ертіп барды ғой… Барғасын… анау тұр әзірейлідей діңкілдеп… Мен қатты қорықтым. Одан бәрін күтуге болады…

— Міне, біз барлығын хаттамаға түсірдік. Оқып шығыңыз. Келіспейтін жеріңіз болса – айтыңыз. Келіссеңіз –қол қойыңыз.

Тұрғанбай хаттамаға қол қойды. Арасында «Ойбай-ау…ойбай-ау…»ын қоса отырып, өзінің қорқынышта күн кешкенін айтумен болды. Оны Жаңақорғаннан ешқайда кетпеуі туралы қолхатпен үйіне жіберген Орынбек өзін күтіп тұрған Қазыбек пен Нұржанның жанына келгенде сағат түнгі үш болған еді. Жігіттердің қабағы ашыла бастапты. «Алла – ай, әйтеуір бұл істі бітіретін болдық қой, Ореке. Сағадаттың жауабынан кейін неге екенін білмеймін насыбай атуым көбейіп кетті», – деп жымиды Қазыбек.

  • Тұрғанбайды подраспика жібердім. Барлығын айтты. Куәлар жеткілікті, енді тек жауапты оқиға орнында бекіту үшін тергеу әрекетін жасау қалды. Ертең ертерек келейік. Начальник машина тауып берсе бергені, тауып бере алмаса бір таблетка «УАЗ» тауып алсақ дұрыс болар еді. Біраз адамбыз ғой.
  • Иә. Одан қам жеме. Көлік табылады. Бірақ, әуелі бастықты байқайық.

Олар тағы да өздері «штаб» атандырған үйге бет алды. Көше тас қараңғы, машина жарығынан көше толы судан бу көтеріліп жатқан сияқты көрінеді. Бұл солай болуы да мүмкін, бәлкім, тұманның әсер де болуы ықтимал, әйтеуір, көңілге жайсыз көрініс. Ақмешіт жақтан бұлт арасынан найзағайдың жарқылы көрінеді, бірақ, тым алыста болар, бұларға дауысы жетер емес.

12. ОҚИҒА ОРНЫНДА БОЛҒАНДА

Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметке түстен кейін келді, беті ісіңкіреген, үстінен өткір әтір исі аңқыған ол қабылдау бөлмесінде отырған Орынбек, Қазыбек, Асқарды көріп «кабинетке кірейік» дегенді сездіре қолымен белгі берді. Бұл кезде бастықтың басы әңкі-тәңкі болып тұрған, «Осы тергеуші келеді» дегеннен мазасын ала бастаған осындағы әкімдіктегілері, кәсіпкерлері, ардагерлері бар, Ақмешіттен телефондап зіңкілдеп отырған бірнеше лауазымды тұлғалар бар мұны шаршатқан еді, шаршамағанда қайтеді, олардың айтқанын істесе – заң бұзылады, қызметіне, келешегіне қауіп төнеді, істемейін десе – аналар да осал жау емес, түрлі бәлені ұйымдастырулары мүмкін, не істерін білмей дал болып отыр еді. «Халық деген қызық қой, бірдеңе болса ішкі істер органдарын кіналап шыға келеді. Театрдың сайқымазақтарының да шамасы тек бізге жетеді, жемқорлық, анау-мынау деп әжуалап жатқаны, сонда олар пагондағы, бас киімдегі елтаңбаны мазақтап тұрғандарын білмегені ме, мемлекеттік рәмізге деген құрметі қайда, оны биліктің көрмей отырғаны ғой соған жол беріп отырған, әлде, олар да оны түсінбей ме екен. Бұл қоғам не болып барады сонда? Ау, бұлар бұйрыққа бағынады емес пе, бұйрық беретіндер биіктегілер, биліктегілер, ал заңды қадағалаушы прокурор да, үкім шығарып отырған сот та әп-әдемі адамдар сияқты, қай кезде де олар «Судан ақ, сүттен таза», бәленің бәрін көтеріп отырған біздер. Ал соның барлығының басында билік жасап отырғандар, осы елдің жағдайын жасайды деп бекіткен адамдар тұрғанын осы жұрт білмейді – ау, сірә. Не істерсің енді?» Оның үстіне кеше түнде Сағадатты тағы да уақытша ұстау абақтысына әкеп қамағанын естіді. «Мұның мына қиқар тергеуші кеп жатқанда топ ете қалғанынын айтсайшы, бір бәле болып кетпесе болар еді».

  • Бұл – бір таусылмайтын жыр болды-ау. Ананы тағы әкепсіңдер ғой.
  • Иә, Қабеке. Жігіттер алып келіпті.
  • Не дейді, жауап алдың ба, бұрынғы құжаттармен таныстың ба?

— Таныстым да, жауап та алдым, Әнесұлын өлтіргенін мойындап отыр. Енді  жауапты оқиға орнында бекіту үшін тергеу әрекеттерін жүргізуді көлікпен қамтамасыз етсеңіз жақсы болар еді.

— Ма – ла –дес…Бәріне үлгіріпсің, ә? Өзің демала алдың ба?

— Рахмет. Бұл жақта демалмау мүмкін емес қой.

— Жарайды.  Бізде көлік жағы қиындау. Менің «Уазыма» барлығын тиеп алыңдар да, барып қайтыңдар.

— Қабеке, маған көлік кемінде екі күнге және таңертеңнен түске дейін керек болып отыр.

— ПаҺ деген! Ондай  жағдайды мен жасай алмаймын, айналайын-ау, бұл сенің қалаң емес, соны ұққын.

— Қабеке, іс шаткый болып тұр, солай істемесек болмайды.

— Ертең таңертең көлік өзіме керек, түстен кейін көлік босағасын ертеңгі тергеу әрекетін кешке дейін «қағып тастамайсың» ба?

— Болмайды, Қабеке!. Себебі оқиға 1-май ауылының батыс бетінде болғандықтан бейнетаспаның сапасы дұрыс болуы, яғни тергеу әрекетінің дұрыс болуы үшін күннің шығу бағытын ескеруім керек.

— Бала! Мен де тергеуші болғанмын. Оны маған несіне айтып отырсың?

— Мен сіздің тергеуші болғаныңызды білгесін іс жайын түсінеді деп айтып отырмын. Оған қоса УПК –ның талабы бойынша оқиға болған жерде бірнеше адамның айғақтарын бір уақытта тексеру мен нақтылауға жол берілмейді – деп атап көрсетілген.

— УПК – ны біз де білеміз. Сені қиқар деуші еді, тошно солай екенсің ғой.  Үлкенге уважение деген болу керек қой. Менің жасым да, шенім де, органдағы стажым да, қызметім де сенен үлкен екенін білесің бе?

— Әрине, Қабеке! Осының барлығын сізге деген құрмет болғандықтан баяндап отырмын. Сізге де, маған да тергеудің нәтижелі болғаны керек емес пе? Оның үстіне маған екі күнге кемінде алты адам керек, олар тергеудің нәтижесіне мүддесіз болуы қажет және маған 101-мен байланысып отыратын телефон керек.

— Ім – м… Да-а. Жарайды, ертеңгісін ерте келіңдер. Мен жоғары жақпен хабарласайын. Ал, Ертаев сен неғып  жүрсің?

— Қабеке! Сіздің бұйрығыңызды орындаудамын.

— Ол қандай бұйрық?

Бастықтың көзі шатынап кетті.

— Ақмешіттен келген важняктың қасында бол, көмек көрсет, біздегі тергеушілер бос емес. Өлесің бе, тірілесің бе, білмеймін, соның тапсырмасын орында – деп бұйрық бердіңіз ғой маған.

Бастық бейне қылғынып бара жатқандай галстугін босатты.

— А?… Қай кезде? Қай жерде?

—  Асылбаев осында келген күні, кешкі сағат 10 – да «Баршын» кафесіне шақыртып алып, бұйрық бердіңіз ғой, қасыңызда сот төрағасы бар…

Бастықтың сұлқ түскені даусынан да аңғарылғандай

— Ә – ә… Иә…иә… Дұрыс. Бұйрықты орында!

— Құп болады!

Үшеуі сыртқа шықты. Қазыбек ерекше қуанышты.

  • Не болды Қазеке?

— Ореке, 101- ді айтқаның дұрыс болып кетті, көзі бақырайып, біраз үнсіз қалды ғой. Сосын өсектің пайдасын көргеніме мәз болып келемін, қой, бір рет насыбай атып жібермесем болмас.

— Ол қандай өсек? Қандай пайда?

— Құдай аузыма салды…Мені өлтірсін бе… Сендер «Нұржолға» кеткен түні біздің бастық райсот екеуі «Баршын» кафесіндегі кабинада отырып, біраз сілтепті, соттың шофері бастығын әзер машинаға мінгізіпті – дегенді  естігем ғой. Мен осы РОВД – ның адамымын, анау тікелей бастығым, жаңа «Неғып жүрсің?» деген кезде «Құрыдым!» деп ойладым, содан әлгі өсек есіме түсе кеткені, соны пайдаланып «Өзіңіз бұйрық бердіңіз» – деп едім отырды да қалды. Өздерің көрдіңдер ғой. Мені шақырған – шақырмағанын ол тіпті білмейді де екен, қатып кеткен жоқ па, ә, жігіттер?

— Қатқанда қандай…

— Бұл сотыймен жақсы, бірақ ол отпускада. Та – ак, іс әлі екі күнге созылайын деп тұр-ау осы.

Ертеңіне ертемен тергеу әрекеті Сағадаттың айтуымен оқиға болған жерді тексеру арқылы нақтылаудан басталды. 1- май ауылының батысындағы «Түйетам» деп аталатын жерге қарай бес шақырымдай шыққан соң ол «Оқиға ана жерде болды» – деп, көз ұшында қарайып көрініп тұрған ағашты көрсетті. Орынбек Сағадат пен куәлер көрсетуіне сай оқиға болған мезгілге дәлме-дәл келу үшін ауық-ауық сағатына қарап қояды. Ағашқа бір шақырымдай қалғанда олар көліктен түсті, Сағадат пен оның қорғаушысы, криминалист, Қазыбек, Нұрлан, Асқар және бүгінгі тергеу әрекетіне куә ретінде қатысушы екі адамды бастап Орынбек оқиға орнына бет алды. Тапсырмаға сай криминалист бұлардың соңынан сол жақ беттен бейнекамераға түсіріп келеді.

— Міндетті түрде қай жағдайда түсіргенде де қара ағаш көрініп тұратын болсын, яғни, екі обьекті – бірі қара ағаш, екіншісі – Сағадат обьективтен тыс қалмауы тиіс.

— Соншама мұқияттамсақ та болады ғой.

Адвокаттың қарлығыңқы дауысы сенімсіздеу шықты.

— Жоқ! Болмайды! Мұны тергеу тілінде обзорлы қамту дейді. Бәрі талапқа сай болуы қажет.

Топ ескі канал бөгесіні үстіндегі қара жолға шықты. Сағадат баянын бастады.

«Екеуіміз осы жерде кездестік. Онда ылғи насыбай жүретінін білгесін, осында келгенмін насыбай сұрап». Орынбек оның келуінің себебі басқа екенін білсе де, әңгімені бұзбады. «Екеуіміз насыбай аттық. Ол маған «Күніңді көре алмай жүрсің бе, неге біреуден атқанды пайда көресің» – деп тиісті. Осыдан ерегіс басталды, не түрлі боғауыз сөздер кетті, тіпті ұстаса бастадық ат үстінде тұрып. Мен осы өңірге белгілі көкпаршы болсам да оны аттан аудар алмадым. Тақымы өте мықты болатын, бұрын қорадан қашқан үш жасар бұқаларды атпен қуып жетіп, мүйізінен ұстап, тырп еткізбегенін талай көргенмін. Неге көкпаршы болмады екен –деп ойлайтынмын, бір-екі рет сойыстыққа деген өгіздердің қашып ұстатпағанда атпен қатарласа шауып келе жатып, бір қолымен мүйізінен шап беріп ұстап, екінші қолымен үнемі қынында жүретін пышағымен тамақтан шалып жібергенін де көргенмін, өте әбжіл қимылдайтын. Екеуіміз айқасып жүргенде ішіменен пышақ шығармаса екен, – деп тіледім. Ол да іс насырға шабар деп ойламаған шығар пышаққа қол апарған жоқ, мен де бұлай болар деп ойлаған жоқпын. Екеуіміз апыр-топыр болып аттан құладық, екі ат екі жақта, біз төбелесіп жатырмыз, екеуіміздің де ойымыз тез атқа жетіп, мініп алу. Бір кезде ол қамшымен менің басымнан осып-осып жіберді, мен басымды қорғап, қолыммен көлегейлеген кезде ол жақын тұрған менің атыма қарай жүгіре жөнелді, мен жолдың келесі бетінде сәл алыстау тұрған оның атына қарай жүгірдім. Жүгіріп бара жатып көз тастап ем, киімінің алба-жұлбасы шыққан оған менің атым үркіп, ұстатпай жүр екен. Мен Ордабектің атына жеттім, бұл ылғи малға мініп жүрген жабы болатын, атқа қарғып міндім. Ашу-ызадан көзіме қан толып кетті, тіпті үзеңгіге аяғымның ұшын да ілген жоқпын, пырылдай шапқан ат басын соған бұрдым. Бұл кезде ол да менің атымды ұстап үлгірген екен, бірақ мен оның атқа мінуіне үлгіртпей, айқайды сала шабдардың маңдайынан бір-екі рет тартып-тартып жібердім. Сол кезде барып менде де қамшы бары есіме түсті, «Құдай-ау жаңа неге қолымдағы қамшыны білмегенмін» – деген ой санамды шаншып өтті, онан сайын ашуым қоза түсті. Ат жұлқа тартқанда қолынан шылбыр шығып кетті де, ол жерге бір құлап тұрды да каналға қарай қаша жөнелді. Мен атпен қуып жеттім, қолымдағы тобылғы сап қамшының өрім жағын қолыма бір орап алдым да, сап жағымен  бастырмалата басынан тартып-тартып жібердім. Ол басын қорғаштай жоңышқалық орнына қарай қашты, оны қуып келе жатып, шылбырдың бір ұшын ілмектеп күрмедім, кәдімге бұғалық сияқты болды да шықты, қуып жеткен кезде әлгіні оның мойнына тастап үлгірдім де, ат кеудесімен қағып өттім. Ол тұрамын дегенше шылбырды тақымға басып, оны сүйрете жөнелдім, поляны екі айналып шықтым да каналдың келесі бетіне шауып өтіп, ана ағаштың түбіне тоқтадым. Әрі-бері қарап едім: ол қозғалар емес, каналдан өткен тұстан бастап оның қалтасынан ақша шашылыпты. Мен аттан түспестен оның денесінің жанына келгенде оң жағымнан біреудің қарап тұрғанын сездім. Жалт қарасам Тұрғанбай екен, айқайлап шақырып алдым да: «Неге қарап тұрсың, мойнындағы шылбырды шеш», – дедім. Шылбырды шешіп жатып ол: «Өліп қалыпты», – деді. Өзі қорқып тұр, сөйте тұрып, дүниесі құрғыр-ай жаман ғой, мына ақшаларды не істейін», – деді. Мен: «Жинап, қалтаңа салып ал», – дедім, ол барлық ақшаны жинап қалтасына салып алды. Төңіректе басқа ешкім жоқ па екен деп ер үстінен бой созып ем, ана дөңнің басында тұрған екі баланы көрдім, олардың қой бағып жүрген Мәтеновтің балалары екенін біліп, айқайлап аттың басын солай бұрып ем, олар ары қарай қаша жөнелді. Содан соң түнде келіп мүрдені ескі киізге орап, әріректегі ескі кепеге тықтым. Арада бірнеше күн өткесін, ел болып оны іздеп, таба алмаған соң барып мүрдені әлгі жерден алып шығып, далаға апарып тастадым».

Қара ағаштың бұл жерге тамыр жайғанына біраз жылдың жүзі болған сияқты, бірнеше жыл бұрын өртенсе керек, төменгі жақ діңі қара күйе. Енді Сағадаттың жауабының растығын тексеру және бекіту үшін осы ағашты пайдалану керек. Куәлар да осы ағашты көрсетсе оқиға орны нақтыланды деген сөз. Оның көрсетуі, баяндауы бейнетаспаға жазылып, оқиға орнының схемасы сызылды, хаттама толтырылды.

Келесі күні дәл сол уақытта осы жерге әкелінген Тұрғанбай да, қосымша куәлар Мәтеновтің балалары да Сағадаттың жауабын растап шықты, қылмыстың болған жері, уақыты, жасалу әдісі айқындалды. Бұлардың да көрсетулері мен баяндаулары бейнетаспаға және хаттамаға түсірілді. Келгендер машинаға оралған кезде тағы да найзағай ойнады.

13. ТҰТҚЫН БА, ТҰТҚЫН ЕМЕС ПЕ?

Далаға шығып келді, тұман тағы да қалың түсіпті. Сонау Ақмешіт жақта күн күркірейді, мұнда қар аралас жаңбыр сіркірейді. Аздап сергімек болып далаға шыққан еді, адыра қалды бәрібір, денесі құсеттеніп мұздады да, үйге асықты. «Әт–тә–ңе нә–лет–ай, бүкіл әлемнің жауын-шашынын Жаңақорғанға жинап қойған ба, немене өзі?!»

Кеше Сағадатты қамады, мұны бос қойды. Бос қойғаны бар болсын, не ұйқы жоқ, не тамақ батпайды. Тіпті қара су да өтпей қойғанын қайтерсің. Қабағы сирек ашылатын қайыс қара қатыны мұны қайдан ұқсын: «Қылтамақ болып қалған жоқсың ба?», – деп қақылдайды. Сірә, жер бетіндегі қанышерлердің ту ұстары осы қатын болар, аузынан бір жөні түзу әңгіме шықпайды ғой албастының. Жаны қыдырып, не істерін білмей отырса айтып отырған әңгімесінің сиқын қарамайсың ба, өй… өзі қылтамақ болғырдың! Бірақ, бұған бәле жолайды дейсің бе, құдайыңның өзі «Осы бәледен аулақ жүрейін» – дейді-ау.

Бұдан да бар, әкесі марқұм баяғыда-ақ айтқан: «Қатын жіберген жалғыз сен емес, мына албастыны құрт!» – деп. Бұл оған бармады, кекілі желпілдеген ұлды қимады ма, әлде… Бұл қайыс қараң енді төсекке келгенде пері ғой, ойынының ғаламаттығы сондай өзіңді жұмақта жүргендей сезінесің ғой. Мүмкін сонысын… Кім білген… Әкесі болса бұлқан-талқан болған: «Нағашыңа тартқан ынжық, иіс алмассың» –деп. Ау, ол шал қалай күймесін, шайпу келіннің әрекеті қанын қайнатып тұрса.

Ауылда айта береді ғой «Асыңды әкел!» деудің орнына «Аталаңды әкел!» деп, соны мұның әкесі де айтпай ма, сөйтсе келіні атасына атала көже істеп әкелген ғой. Кәдімге көтерем малға беретін жүгеріден істелген атала дейді әкеп жүргені. Шал шатынап, шалқасынан түссе, келіні отырған көрінеді: «Істеп бер деген тамағын бір тегеш қып алдына қойсаң да бұл шалға жақпайсың»,  –деп. Сонда айтқан еді әкесі: «Балалар шетіней бергесін, әулиеге түнеп көрген бала едің, шалқытып той жасап, атыңды Тұрғанбай қойып ем, қайтейін оңбадың ғой, жасық болдың-ау. Ау, сорлым-ау, біз осы піленде жүрген сияқтымыз ғой» – деген болатын. Иә, кесір келіннің піленінен шал өліп құтылды.

Шынында да бұл өмір бойы тұтқында жүргендей екен. «Ананы істеуге болмайды, мынаны істеуге болмайды» дегеннен көз ашпапты. Әуелі пионер, комсомолдың тұтқынында болыпты, «Өйтпеймін, бүйтпеймін» деп серт беріпті, одан соң да таусылмайтын «Болмайдылар» құрсауынан босатпапты.

Тіпті түсініксіз… Ау, енді қатының, бала-шағаң бар екен деп бір сұлу қыз кездессе оны ұнатпауым керек пе сонда?! Оған ғашық болуыма болмайды ма сонда? Ау, мен адам емеспін бе? Түсінбейсің адамдарды… Байларға бәрі болады, ғашық болмақ түгел, бірнеше қатын алады, оларға: «Мұның ел-жұрттан, туыстан, бала-шағадан ұят» – деп ешкім айтпайды, керісінше: «Өй, нағыз азамат, нағыз еркек» – деп мақтайды. Сол байларың ертең өлетінін, біреулерді алдап, біреулердің тағдырын күл талқан етіп тапқан дүние-байлығының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететінін білмей ме екен… О жаққа ешкім ештеңе алып кетпейді ғой… Мұны олар білетін шығар… мұны тіпті мен де біліп тұрған жоқпын ба… Білмей не көрініпті… Құдай-ау, сонда да бірақ байи бергісі келеді… Елде жұмыс жоқ, ұрлық істесең – сотталасың, ал, байлар вагондап ұрлап жатыр. Оларға бәрі болады… Бәріне рұқсат… Осы ма демәкратияң, осы ма теңдігің… Өкімет қайда, үкімет қайда?»

Санада сапырылысқан ойлардың ішінен біреуі еңсе тіктеді, сөйтті де бұған дейінгі ойларына қарсы шыға бастады. «Өй, сорлы! Өле алмай жүріп өкімет сенің не теңің, үкімет сенің не теңің? Өй, көрпеңе қарап көсілсейші қасқа-ау, ау, тыныш жүрсең сенде біреудің не шаруасы бар. Байитындар байи берсін, аштан өліп бара жатсаң солардан алатының белгілі емес пе, ұрлап аласың ба, тартып аласың ба, сұрап аласың ба – оны уақыт көрсетеді. Олар           арқа-жарқа болып отырғанда сен аштан өлуің керек пе? Жо – о – қ, олай болмас. Енді не… ». Ойлар  майданында бәрібір бұрынғы ой үстем түсе берді.

«Ана жылы, алғаш ауыл әкімдіктері ашылып жатқанда мұның қайыс қарасы айтқан еді: «Ауыл әкімі болайын» – деп, бұл мазақ қылған, сөйтсе, ағып тұрған май екен ғой әкімдік дегенің. Алла – ау, соны мына қатынның білгені ғой, бұл ақымақтың ойына ондай шаруа түсу қайда… «Жоғары білімің жоқ қой» – дегенде «Шымкенттен сатып алмаймын ба сырттай оқып» – деген еді, башкасы істеп тұр екен ғой сонда… Шынында да солар не істеп отыр, тек бос сөз, ондай сөзді біздің қатын да тас қылатын еді. Ішің удай ашиды, ай,  үкімет – ай, қаншама ақшаны далаға шашып, өлген адам мен туған баланы тіркеп отыратын, малға анықтама беретін бір қатын жететін еді ғой сол жерге, қазір отыр жеті адам айлық алып… Осы ма еркіндігің… осы ма әділдігің…

Жоқ, шындығында да бұл – тұтқын екен. Ау, зонадағыларыңның жағдайы жақсы дейді ғой қазір, жұмысына сағатымен барып келеді, үш мезгіл тамағы, жылы орны, жұмсақ төсегі бар, көргені – телевизор, концерт, оқығаны – кітап мен газет. Бәрінен бұрын мерекелерді құр жібермей, атап өтетінін қайтерсің. Негізі солар бостандықта, бұлар – қамақта сияқты. Қызық… түсініксіз… Бұл адамнан ба, қоғамнан ба… Әйтеуір зонада бір болған адамның сол жаққа кеткісі келіп тұрады дейді ғой… Рас шығар, кім білген…

Ойбай-ау…ойбай-ау…ойбай, өткенде ана жыпық Өтештің баласы мұның ұлын ұрып жіберіпті, шешесінің шорбайына тығып жіберейін деп, киініп, ұлын ертіп шығып еді, қарсы алдынан қасқайып қайыс қара шықты. «Әй, қайда барасың?  Тыпыршымай отыр… Табатын бір тиының жоқ, намыс сенің не теңің… Оның баласын ұрма, қайта айналып-толған, біздің ұлдың ештеңесі кеткен жоқ, қай баланың мұрны қанамайды, мұныкі де қанады да қойды. Бітті. Мисыз – ау, бүкіл прадөктіні соның дүкенінен қарызға алып отырған жоқпыз ба… Бермей тастаса не істейсің. Кесесің бе… Әлде сені қуырамыз ба скәбөредкіге…»

Бұл сылқ ете қалды, сөйтсе, бұлар жыпық Өтештің дүкеніне де пілен болған екен ғой. Ой, Алла – ай…

 Әкесі марқұм көп айтатын: «Қазақты ұрып өлтіретін адам жоқ, дос болып, арақ ішіп отырып, бірін бірі пышақтайды, бірінің тауығын екіншісі ұрлайды, сонда ол иттер қыз алыспайтын туыстар бола тұра тірліктері әлгі. Әне қара, бәрінің көкірегі аспанда, өздерін пайғамбар санайды, бірін бірі отырғаны кекетіп, мұқатып. Оу, қазақ сорлы қайдан оңсын: қазақтың жындысын – жынды, қожаның жындысын – әулие – деп отырғанда» – деп. Сөйтсе, шалың бірдеңе біледі екен ғой…Башкасы варит етеді екен… Біз ғой ақымақ болып жүрген… Басқаны білмеймін, бірақ, менің ақымақтығым өзіме аян. Әйтпесе, нем бар Сағадат пен Ордабекте? Дым көрмегендей солардың төбелесін қызықтап. Ойбай-ау…ойбай-ау…ойбай,  менен гөрі Мәтеновтің құрт шабақтары ақылды болды ғой, Сағадаттың айқайына артын да сүртпей, қашып кеткен. Енді олар тек куә ғана. Сомадай болып мұныкі не десейші. Ау, артыңды қысып, тайып тұрсаң біреу саған бірдеңе дей ме. Енді отырсың сары уайымның теңізіне батып.

Сорлылығым-ай ұшыраттың-ау! Ау, Сағадат – кім, Ордабек – кім? Ордабек бұған аталас туыс емес пе… Неден қара басты мұны… Түбі ашылып отыр, сол кезде Ордекеңді кім өлтіргенін айтса ғой, шіркін, мұның ары да, қолы да таза болар еді. Енді не болды… Сағадаттың қолшоқпары болып отыр… «Өлікте қолыңның ізі қалды, енді сотталсақ – бірге  сотталамыз, атылсақ – бірге атыламыз, егер ұсталып қалсам –  Ордабекті екеулеп өлтірдік», – деп айтамын деген Сағадаттың сөзінен соншама қорқып… Елдің бетіне қалай қарайды енді… Қайыс қара ма, қайыс қараны қойшы, ол   өлмейді – жұртты өлтірмесе, сорлы балаларымның        жай-күйі не болады, осы ауылдың көрінген дөрагы көздеріне шұқитын болды-ау енді. Ойбай-ау…ойбай-ау…ойбай,  ең болмаса марқұмның қалтасындағы ақшада нем бар десейші… Болса да мына тірлікке пілен екем, неден қорыққам сонда…

Ақымақтық-ай, сонда бұлар неге төбелесіп жүр деп те ойламағыным ғой. Неге Сағадат «Ақшаны ал!», – десе алып, «Малды айда!», –десе айдай бергенмін? Құдай еркек қылып жаратып абырой болған ғой, әйел қылып жаратса, көрінген еркектің астында кетердің нағыз өзі болады екем. Сорлы басым-ай…

Қайыс қараның дауысы шықты.

— Не болды, таң атпай қақаңдап? Алтын сарай жақтағы қатындарға қарап ұлып тұрсың ба, немене?

-Әй, жағың қарыссын сенің, жағың қарысқыр. Бір дұрыс сөз айтпайсың ғой… Өзі адам не істерін білмей тұрса?

— Ө – лә! Жын ұрды ма, немене? Не істерін білмеген несі, жатқан жоқпыз ба міне, кер маралдай керіліп…

-Өй, марал болмай кет…Болмай кеткір…

-Болмаса адамға ұйқы бер, мешайт етпе… Онсыз да жұрт «Байың тұтқын ба, тұтқын емес пе» – деп миымды ашытты..

— О, не пәле, тағы?

— Сағадатпен бірге қамалуы керек еді, «Неғып үйде жүр?» деп сұрайды да адам болғасын

— Сен не дедің?

— Не дейін… Обылыста пыркарол ағам бар еді, «Қасымда болсын» деп сұрап алдым – дедім та, пыркарол дегенді есіткесін біраз қатын жым болды. Сол керек өздеріне…

 Бұл Тұрғанбайды ұйқыдан оятқандай болды.  «Пүркорор дейді, ә?! Шынында уайымдай бергенше, құдайдың өзі мәулет беріп тұрғанда таныс іздемей ме. Құр жатқаннан болмас, кейде осы қайыс қараның басы кантачет етіп кетеді, ағайын-туыс, таныстардан сұрастырып, грамотный адвокат іздейін».

Бір қолына оқушы дәптерінен жасалған телефон анықтамалығын, екінші қолына телефон тұтқасын ұстап, кішкене қара телефонның шыңылдағанын тыңдап біраз отырды. Құлқын сәріден оятқаным дұрыс болмас, ең болмаса сағат тоғыз болсын, сосын хабарласармын – деген ойға табан тіреп, тұтқаны орнына қойды.  Ойынан Ақмешіттен келген тергеушінің сөзі шығар емес. Жүдә, қатты пәлекет екен, «Соучастник болып кетуің мүмкін дей ме, қылмысты жасырдың дей ме, жалған куәлігің үшін жауаптысың дей ме», әйтеуір, таусылмайтын айып, бұл соны әдейі істеп пе, соны неге түсінбейді екен осы жұрт, шындық айтамын деп өліп кетуім керек пе сонда. Шакалдар адамды аяйды деп пе едің, кеше ғой анау камерсантының келіп: Сенен бір сыбыс кетсе                    үй-орманыңмен, қатын-балаңмен қосып өртеп жіберем – деп отырғаны, ойбай-ау, ойбай… нефтімен айналысып отырған оған бір бензавозды жіберіп, үйге құя салу сөз боп па. Не болса да өлмес қамды жасау керек…»

Жатын бөлмеге бет алды, санасында бір сұрақ: «Тұтқын ба бұл, тұтқын емес пе? Сонда бұл кім? Енді адвокатқа тұтқын болайын деп тұрған жоқ па, ол да сұрайтын шығар өкіртіп, бәрі көрініп тұрған нәрсе, оның мені қорғайтындай несі қалды, босқа шығындалам ба? Ал, адвокат таптың делік, сонда оған бере қоятын ақша қайда? Бірде-біреуіміз жұмыс істемегесін банк кредит те бермейді. Енді не істеу керек? Әй, қу тірлік-ай…

Тергеуші неғып Ордабектің сексен жеті бас малы туралы сұрамады екен, ә? Әлде білмей отыр ма… Менің айдасып барғанымды Сағадат жазып берген жоқ па жауабында. Онда неғып ол туралы сөз қозғамай отыр екен?» Ол теңселе басады, аяғы да өзінікі емес сияқты.

Осы кезде жаңбыр күшейе түсті, терезені тасырлата ұрған тамшылар «Сен тұтқынсың, сен тұтқынсың» деп тұрғандай.

14. ҚАНДЫ ҚАҚПАН 

Сағадаттың қылмысын мойындауы туралы хабар сол күні-ақ Ақмешіт пен Жаңақорған арасын байланыс пен қаңқу қазанына айналдырып жіберді. «Ойбай-ау, Сағадат дегенің талайдың қанын жүктеген қанышер банды екен, өйтүпті, бүйтіпті, аяқ-қолын кісендеп, түрмеге тастапты» деген өсек сол қазанның тасып төгілген көбігі іспеттес болса, нағыз әңгіме басқа жақта болатын. Егер жаратушымның құдыретімен сол күні телефон сымы арқылы айтылып жатқан әңгімелерді барлық адам есітетіндей болып кетсе, адамдар сұмдығынан талайлардың жүрегі ұстап қалуы да мүмкін еді.

  • К-көке… Анау мойындап қойыпты…
  • Не айтыпты? Тергеуші кім?

— Облыстан келген жігіт. Хваткасы қатты екен, анау бір күннің ішінде барлығын мойнына алыпты. Е-енді не    іс –істейміз?

— Қатынша ойбайлама! Кімнен білдің? Нені мойындапты?

— Адвокаттан. Бәрін өз еркімен мойындап, қол қойып беріпті, кеше хаттап, видоға түсіріп қойыпты, енді тек сотқа барады екен.Тергеуші де бір сұмдық дейді, адамның ішіне кіріп кетіп, айтпасын айтқызатын көрінеді.

— Әй !…Мен сенен тергеушіге характеристика бер – деп тұрған жоқпын ғой. Әлгі нақұрыс нені мойнына алыпты? Айтпайсың ба соны адам құсап.

— Енді…сасып… Ордабекті өлтіргенін мойындапты.

— Сосын? Ана жай туралы әңгіме жоқ па?

— Болмаған сияқты…

— Өй… сияқты-мияқты деген сволош… Әй, есуас болмасаң түсінуің керек қой. Ол әңгіме болды дегенше сені қамайды деген жоқпын ба өткенде.

— А- ата- маңыз, к-көке! Адамды қорқытып… Құдай сақтасын.

— Құдай да «Сақтансаң – сақтаймын» – деген. Адвокаттан ақша аяма, ананың не айтқанын толық біл. Ал, әлгі нақұрыс бақташыны өлтіргенін мойындаса – ол өзінің шаруасы, тіпті оның сол бойынша сотталып кеткені жақсы, к… шыққан шиқандай болып қанды ішіп болды ғой. Бізге тек ана шаруа ашылмауы керек. Так… Қалғанына қимаң қышымасын… Соттағыларға ескертем… Болды, телефон соғып, миды ашыта берме, маңызды болса ғана хабарлас.

Сағадат болса уақытша ұстау абақтысында ойға шомған, көз алдынан бүкіл ғұмыры, соңғы жылдар оқиғалары тізбектеліп өтуде. Ойлап қараса… Ех..! Өкінішті жалын бүкіл ішін аралап, лапылдап аузына келгендей болады.

«Елеске малданып, алдауға түсіп, кісі қанын жүктеген сияқты. Оның болу себебін ашық айтса – бірталай адам сотталуы мүмкін және мұның да қылмысы ауырлап, зонада өтер жылы да ұзармақ, сондықтан осы айтқанынан таймағаны дұрыс қой. Бірақ, іші күйіп барады, шешеңді с… жолы болуларын қарашы, тап-таза қалып барады. Сырттан қарасаң керемет адамдар сияқты, істеп жүргендері анау. Осы жұрт мына байлардың көбісі пашти қылмыскер екенін біле ме екен? Әй, білмейді – ау. Ай… дүние тағы бір айналып келсең…Түбіңе мен жетемін әлі Жәмит, қара да тұр, дірілдетіп бұтыңа сигізбесем Сағадат болмай кетейін, шешеңді с…!

Осының барлығы неден басталып еді, өзі? Иә, ана жылғы аламан дүбір, атышулы ат жарысынан, бас жүлдеге Toyota Land Cruiser Prado тігілген бәйгеден басталған екен ғой. Әкесі бар болғыр да қоймады: «Оу, мына елге белгілі Жәмит туыс асыл тұқымды жүйрік атын додаға қоспақшы, бәйгенің жайын білетін атшабары жоқ болып қиналып, саған қолқа салып отыр екен, нең кетеді, атына шауып көр, шабандоз емессің бе, озып келсең бір жағынан абырой, екіншіден, ауданның бензенін ұстап отырған камерсант емес пе, құр қол қалмассың», – деп. Иә, сол жолы көрсең ғой Жәмитті, аузы жаялықтай болып мәз-мәйрам болды емес пе, бас бәйгеге келген машинаны айналып шықпай қалған жоқ па, тіпті сол күні соның ішіне қонып еді ғой дүниеқоңыз ит. Сол күні емес пе еді тал шыбықтай бұралған Шынарды бұған қосатын болғаны, қызын шақырып алып, мұнымен таныстырып, «Жігіттің төресі, нағыз азамат», –деп мақтағаны, қыз да кетәрі сияқты емес көрінген, сөйтсе сұмдығы ішінде екен ғой, сонда бұлар мені «ойнатып» жүргені ме?! Осыдан аман келейін, көрсетемін ойнатқанды жетпіс жеті әкеңнің аузын с…».

Миы сапырылысқан ойдан қорғасындай болып, басы бейне шытынап жарылып кететіндей көрінуде. «Қызы да бір әперис екен ғой, бұл қайдан білсін, үш жыл мұрындықтады да отырды — ау… Алматыдан каникулға келді бітті – бұған хабар салады, тапқан-таянғанын қалтасына салып бұл жетеді ентігіп. Ақмешіт, Жаңақорған, Шымкент, Түркістанда бұлар бармаған кафе, ресторан қалды ма екен, сірә. Әй, жарымеспін ғой, мисыз әумесермін ғой, ау, ол кім, мен кім – деп бір ойланбағаным-ау, құмалағымды қаға алмай жүріп байдың сұлу қызы не теңім десейші… Атын да баптадым, бәйгеге де, көкпарына да шаптым… Қаншама табыс тапты… Одан бірдеңе берсе де, бермесе де риза бодым ғой мен дөрак. Әкем қасқа да мақтаншақтау еді ғой, марқұм: «Балам, солардың айтқанын істей бер, жаман болмаймыз», – деп ыңылдады да отырды, ыңылдады да отырды. Ал, істедік – не таптық, сотталайын деп отырмын енді…

Қайдан білейін мен сорлы, болашақ қайын атам болады деп жүрген, оның үстіне автозәпіравкілердің құдайы атанған адам бар, анау облысты ұстап тұрған көзі бақырайған алпамсадай дәу бар, «Өскеннің» жігіттерінің машиналары батпақтап қалыпты дария жақта, итеріп шығарысып жібер» дегесін барған едім ғой, үлкен лауазымды адамдардың машинаны бірге итерісіп жүргеніне қарап сонда: «Алла – ау, мынау не деген керемет адамдар, не деген кішпейіл жандар» – деп ойлаған едім ғой. Сөйтіп жүргенде ішіндегі адамдарымен қоса машина дарияға күмп берді. Ішінде екі адам бар екенін, олардың кім екенін кейін естіді ғой бұл сорлы. Сонда мыналар ана марқұмдарды әдейі дарияға ағызып жіберейін деп тұрған жоқ па – деген ой келмегенін қарамайсың ба. Ол ой келсе – осылай отырар ма едім. Кейін білді ғой мұның сырын, бармағыңа қоса басқа жеріңді тістесең де барлығы кеш еді ғой ол кезде. Не болса да – бітті енді, алты жылдан бері мазалап, ұйқы бермей жүрген салмақтан құтылды. Бүгін бір тыныш ұйықтайтын шығар енді. Көзі ілініп бара жатыр еді, тағы да көз алдына Ордабек келді.

Әй, Ордабек…Ордеке! Тағы келіп тұрсың ба? Бәрін мойныма алдым. Риза шығарсың. Тіпті түсіме кіріп, тісің ақсиып, маза бермей қойдың ғой. Сені өлтірейін деген ой жоқ еді, әлгі иттердің айтағына еріп… Не дейсің? Мал қайда дейсің бе? Иә…иә… сен өлерден он күн бұрын мал санағы өтті ғой, сенікі түгел шықты. Сен өлгесін жүргізген санақта сексен жеті бас кем шықты. Оны мен алдым, қара басты ғой әлгілердің сөзіне сеніп. Біліп жатқан шығарсың, ана Тұрғанбай туысқаның да бар қасымда, сенің денеңді кепеге тыққасын, оны қасыма ертіп, малды өзіміздің қораға айдай жөнелдім. Әкем сорлыға кім айтқанын білмеймін, ауылдан сырттағы қораға малды айдап келсек «Урал» мотоцикілімен келіп, есігін ашып тұр ғой. Негізі әлгі камерсант шығар солай істе –деген шешеңді… Ол малдың біразын әлгі дәу бастық, біразын камерсант құртты, маған тигені қой құмалағындай ғана. Ал, мен болдым… Тұрсынбай сорлы да  барлығын мойындапты ғой, жалғыз болмаспын, келер қасыма мөнтеңдеп. Құлың болайын, маза берші енді маған…».

Бұл кезде облыс басшыларының бірі болып отырған лауазымды адам да осы іске қажетті дегендермен телефон арқылы байланысып, көңілін бірлеп отырған. Сонда да ойынан Жаңақорғандық кәсіпкердің хабары шығар емес. Осы жігітті іші ұнатпаса да, лауазым иесі оның дүние байлық үшін бәріне дайын екенін ұнатады, онысы бұған жақсы, ақша болып құяды.

Сол күні, иә… иә, осыдан алты жыл бұрын ол «көкелеп» тағы да келген еді, Ресейден бензин әкелу үшін көмек сұрады. Бұл ішінен «Не деген аппетит» – деп қойды анау «бір состав» дегенде. Ойлана бастады, одан түсетіні де аз емес, оның үстіне көктемгі егіске бөлінгеннен қытығаны бар, оны да осыған сатқызады, қомақты қаржы болатын түрі бар. Біраз ыңыранып отырды, санасында ананың «Жаңақорған ауданы бес-алты айдан бері айлық алған жоқ, жалақы орнына мал, астық, жанар-жағар маймен құтылуда» деген сөзі, бір сәт мол қазына түсетін істің құлағы көрінгендей болды. Аудан басшысына телефон соқты, барлық шаруашылықтар бойынша жалақы қарызы жоқ екен, әлгінің айтқаны рас болды. Облфинмен, банкпен сөйлесті әр ауданға там-тұмдап беретін ақша келіпті.

Ертеңіне бұл іске кірісті. Құпия ұстайтын екі арызқойы бар еді, соның біреуін шақыртты да, қалтасына жол пұлы үшін ақша салып, жұмыс бағытын түсіндірді, ол жолға шықты. Сол күні мұның атына Жаңақорғаннан телеграмма түсті, кімнен екені белгісіз, бірақ «Өскен» колхозы халқы көптен ақша алмаған, жиналып, көшеге шықпақшы екен – деген мағынадағы хабар қолына тиісімен лауазымды адам аудан басшысына, аудандық банкке телефон соқты, «Өскеннің» төрағасын өзіне шақыртты.

Кеңес билігінің соңғы жылдарында Шымкент облысынан қызмет бабымен ауысып келген жігіт ағасы ел жағына қайтқысы келетінін бұған бірнеше рет айтқан болатын, ылдым-жылдымы жоқ оны ұнатпайтындықтан бұл келісім бермей жүрген – ді. Мезгілі енді келген сияқты. Екеуара әңгіме ел жайын сұраудан басталды. Анау терлеп-тепшіп баяндауда. Біраздан соң бұл телеграмманы көрсетті, ананың көзі шарасынан шығып кетті.

— Апыр-ау, мен шыққанда аман еді ғой…мен шыққанда аман болатын…

— Сен шыққанда не болғаны бізге керек емес, неге халықты толқуға дейін жеткізесіңдер?

— Енді… Ауылдың айтқанын істеп отырмыз ғой… Енді…

— Інім, саған жаным ашып отыр. Сырттың адамысың, еліңнен де ұяламын, ертеңдері «Бір жігіт елдеріне барып қалып еді, сиғызбай, соттатып жіберіпсіңдер», – деген әңгімеге қалармыз. Не болғанда да мына әңгімені басу керек, жоғарыға шығып кетсе – не болатынын құдай білсін. Мен ауданыңның басшысымен, райфомен, банкпен сөйлестім, қазір облбанкке келіп тұрған ақша аз ғой, әр ауданға жеті-сегіз миллионнан ғана беруге мүмкіндік болып тұр. Мен сендердің ауданға бөлінген қаржының барлығын сендерге бергізгелі отырмын. Дабыра қылмау керек, көп қаржы ғой, ертең түстен кейін кассирді бір көлікпен жіберіп, райбанктен сол ақшаны алып ал, келесі айда келесі колхозға береміз, сөйтіп отырмасақ болатын емес.

— Ау, біздің айлыққа қарызымыз жоқ, бәрін мал, запчасть, бензин есебінен беріп тастағанбыз. Мұны не істейміз сонда?

— Барлық ұжымда да сондай. Ал шу шығарып отырған сендердің ауылың, сосын мен сендерге көмектескелі отырмын. Келесі айдың есебінен беріңдер, әйтеуір, ел тынышталу керек. Понятно?

— Жақсы…Түсіндім… Бір таблетка «Уаз»  және екі-үш жігіт бөлейін кассирдің қасына.

— Өйтпе. Жұрттың құлағын көтеруге болмайды. Бес орындық «Уаз» шоферымен болса – сол жетеді. Кассир екеуінің бес-алты қап ақшаға шамасы келетін шығар…

— Келеді ғой…

— Дұрыс. Ешкімнің білмегені жөн, «Сақтықта – қорлық жоқ» деген, бүгін кері қайтып, басбухпен бірге құжаттарды дайында. Бірақ, оған ештеңе айтпа, кассир де білмесін. Банктегілер олардың түстен кейін 4-тен өте келгені дұрыс – деп отыр, сонда ешкім күманданбайды екен. Әдетте ақша алуға кассирлер ертеңгісін барады ғой, оны жұрт сезіп қояды екен. Көрдің бе… мен банкке «Өскен» қай уақытта келсе де ақша босатыңдар деп тапсырма бердім. Кассир мен шоферға тек жолға шығарда айт. Осыны ың-жыңсыз бітірсек, сенің өтінішіңді орындауды ойланып көрерміз…

Барлығы лауазымды адам ойлағандай болды, банктен ақша алып шыққан  кассирді бұлар көпірге бұрылар көше қиылысынан күтіп алды. Өз машинасын Жәмиттің гаражына кіргізіп, соның жол талғамайтын көлігіне мінген лауазымды адам машина қозағала бере: «Алла, істің сәтін сала гөр та!» – деп күбірлеп алды…

Жәмиттің көлігінің жанында тұрған облыс басшыларынң бірін көрген кассир құлдырыңдап жүгіріп келіп, сәлем берді. Көлік ішіндегі бес-он минуттық әңгімеден соң  олар Жәмиттің жол көрсетуімен дария бойындағы таса тұсқа барып, суға тойып дария бойында жатқан кент тұрғындары сиырларының  арғы жағына тоқтады, кездесу құрметіне ішу басталды. Шоферға да ішкізді, дауысы күркіреген лауазымды адам олар мас бола бастағанда Жәмитке «Кіріс!» – деп бұйрық берді. Ол әлгі екеуін «Уазға» мінгізіп, тағы да ішкізе бастады. Көп ұзамай екеуі де ұйқыға кетті, Жәмит бұл кезде олардың аузына арақ құя бастаған болатын. Әбден жеткілікті болды деген шамада күркіреген дауыс естілді: «Достаточно!». Жәмит қаптағы ақшаларды өз көлігіне апарып салды. Лауазымды адам риза: өйткені бәрі өзі жоспарлағандай болуда. Енді тек машина мен ана екеуін құрту қалды. Екеуі машинаны итеріп көргенмен орнынан қозғалта алмады, дөңгелектер дария бойының ылғал құмына батыңқырап кеткен екен, шамалары келмеді.

  • Әй, немене мұнда надежный жігіттер жоқ па?
  • Бар ғой… Жаңа үйдің жанында жүрген Сағадат деген…
  • Давай… Онда соны ертіп әкел…

Зуылдап тұрған машинаға сөз боп па, ол Сағадатты лезде-ақ жеткізді. Үшеулеп машинаны итере бастады, Сағадат жанын салып мықшыңдауда, орнынан қаттырақ қозғалып кеткен машинаның рөлін бұл кезде Жәмит дарияға бұрып үлгірген болатын. Сағадат шошып кетті.

— Ойбай…Құрыдық, аналар суға кетті…

— Енді қайттік? Бұл Жәмиттің дауысы. Сағадатқа дым білмейтін болып көрінген сиқы.

— Дымыңды шығарма! Кеттік. Біз ештеңе көрген жоқпыз. Сен бұл жерде болған жоқсың. Сотталып кеткің келмесе – тіліңе ие бол!

Барлығы да күркіреген дауыс иесінің айтқанына көнді.

  •  Сені биіктің ар жағындағы шеткі үй жанынан күтеміз. Ана сиырларды арлы-берлі айда, мына жерде із қалмасын.

Қанды қақпан осылайша «шарт» етіп, қауып түскен болатын.

15.   САҒАДАТ БҮККЕН СЫР

           Тар камераның торлы терезесымағынан жарқ-жұрқ еткен найзағай жарқылы көрінеді, Сағадат жалғыз. Жаңа бір әзірде көз іліндірмек болып еді, ойына Жәмит түсіп, ашудан шеке тамырлары білеуленді, маужыратып келе жатқан ұйқы да зым-зия жоғалды. Тісі шықырлады, бейне сирағын сындырып бара жатқан қақпанды тісімен қимақ болған көкжалдың үні дерсің. Күңірену ме, күрсіну ме, ыңырсу ма, әйтеуір, жаныңды түршіктіріп, денеңді тітіркендірер бір дыбыстар қоса шығады. «Көрерміз… көрерміз. Кездесерміз тағы да… Пайғамбардың баласы болсаң да сол кезде …» Мұның тісінің шықырын баса найзағай шатұр-шұтыр етті.

           «Әй, Құдай! Өзі сен барсың ба, жоқсың ба? Бар болсаң неге мені көрмейсің? Ана лағнеттер жазасыз кете бере ме? Неге тастамайсың солардың төбесінен зіл батпаныңды? Мен сонда қырық жыл түрмеде отырсам да армансыз болар едім… Ол қолыңнан келмесе, мына мен отырған түрмеге жібер бір жасыныңды, қимайсың ба… Қия гөрші бір отыңды… Бүйтіп отырғанша жай соғып, тіл тартпай кетейін… Жалынамын…Сұраймын… Жіберші бір от оғыңды… Жұрт ең болмағанда «Сағадат сорлы найзағайдан кетті» –дейді ғой… Не еткен сараң ең… Маған сол өлімді де қимай тұрсың ба? Онсыз да тірі өлік болып тұрған менің немді аяйсың? Аяма…Түсіме Ордабектің кіріп, тісі ақсия күлетінінің өзі мені тірілер ауылынан алыстатып бара жатқанын сезесің бе Құдай? Сезсең неге селт етпейсің? Жібер бір жай отыңды…».

           Ол күңірене күрсінді, тағы да қалғыды, тағы да күбірлей бастады.     «Әй, Ордабек, Ордеке! Тәңір атқыр – ай, ізімнен қалмадың ғой… Өшің бардай тағы келіп тұрсың ба? Иә, иә… Сенікі жөн ғой. Оны білемін. Айттым ғой: «Бәрін мойныма алдым» – деп. Риза шығарсың. Не-мене? Бәрін айтқан жоқсың дейсің бе? Нені айтпаппын? Ә… Суға кеткендерді ме? Иә, оны айтқан жоқпын… Айтсам, аналар бәрібір аман қалады да, мен келмеске кетемін ғой. Өзің де қызықсың ғой, сол нәлеттердің ісін көрмей-ақ қойсаң қайтетін еді, көрдің екен, мені бопсаламауың керек еді… Мен қайтемін, барамын да әлгілерге айтамын…Оларды білесің ғой…»

           Иә, сол күні Ордабек Жаңақорғанға келген болатын. Мал жаятын тұста қаңғыбас иттер көбейіп кеткен еді, бұл болса атпен қуып жүріп, бұғалық тастап, жетеуін жер жастандырды. Мал болса өз бетінше жайылып жатыр, қол бас, енді не істейді, иттердің барлығын әдемілеп сойды, терілерді қоржынында жүретін тұзбен пұшпағына дейін қалдырмай тұздап тастады. Ойы – жұмыстан толастау кезде илеп, құлақшын тіккізбек. Ішінен «Үй ішімізбен ит терісінен бас киім киетін болдық қой» – деп өзін әжуалап та алады. Алыстау болса да ерінбей жаңа канал бойына апарып жеті иттің   ішек-қарындарын тазалап, үнемі қанжығада жүретін қаптарға салып алды. Сол күні ауылдан туыс інісін шақыртып, малға ертеңге дейін қарай тұруын сұрады.

           — Бала… Бір шаруа шығып тұр… Мен түстен кейін Жаңақорғанға бармақшымын. Ертең түске дейін келемін, малға қара, бір-екі бөтелек ала келермін…

           — Ордеке… Маған самапал жақпайтынын білесің ғой… Тек тазасынан болсын.

           — Келістік.

           — Ордеке, жұрт «бөтелке» дейді, неге сіз «бөтелек» – дейсіз?

           — Жаңақорғанда аднапалшаным бар, Юра деген кәріс, сол «бутелок» деп атайды, соны менің «бөтелек» деп қазақшалап алып жүргенім ғой.

           Ол иттердің еті мен ішек-қарынын қапқа салып, кенттен бір-ақ шықты. Әскерде екі жыл бірге болған Юра үйінде екен, қуаны қарсы алды.

  • Әй… кәріс амансың ба?
  • А…Фронт… кел, кел…

           Юраның ұлты кәріс демесең, қазақша ағып тұр, әйелі неміс қызы Вера қазақша әндерді тамылжыта шырқайды, екеуінің де бабалары сонау өткен ғасырларда  тағдыр айдап осы жаққа келіп қалған екен, енді бұлар солардың ізін жалғауда, тынымсыз еңбекпен күн көруде. Ордабек келген шаруасын айтты, олар құптады. Юрада тұрақты жұмыс жоқ, жаз шықты күріш егіп кеткені, өзі «Менің мамандығым – гектарник» деп мақтанып отыратын ол осы аудандағы бірден – бір ит майын «өндіруші». Иә, өкпесі ауыратындар, салқын тигендер және тағы сол сияқтылар Юраның құтыларға құйып сатар ит майын қолға тигізбейді. Ал, мектепте еңбек пәнінен сабақ беретін Вераның ит терісінен тікккен кеудеше, сумкаларын Ресейден де келіп алып кететіндер бар.

           — Бір ит, мына бір семізі – Юра сенікі, бір тері, мына қара-сұр қылшықтысы – Вера сенікі, қалғанын ақша қылуым керек.

           — Білеміз ғой елдің жайын. Мақұл…

           Тауарын өткізіп Ордабек мәз, арзан ет пен тері алғандарына үй иелері мәз, столға отырды.

           Қас қарая масаңдау күйде ысқыра әндетіп, дария жақ шеттегі бажасының үйіне беттеген Ордабек кілт тоқтады. Кенттің шеткі үйлері ауласы мен дарияны жағалай салынған бөгеме биік аралығында машина жүре алатындай жол болғанмен, ылғи темір-терсек, қураған сүйек жататындықтан ол бөгеме биіктің үстімен келе жатқан болатын. Ойы – бірдеңеге шалынысып қалмай, осы әдемі күйінде қонар орнына жетіп алу. Бірақ, дария жаққа көзі түскен еді, жүрегі бір жамандықты сезгендей шаншып кетті.  «Апыр-ау, мыналар кімдер? Өй! Мына біреуі – Сағадат қой. Әне біреу – Жәмит пройдоха, ана дәу кім болды екен сонда? Ана… Ойбай… ана машина суға кетті-ау… мыналар жынды ма машинаны суға ағызып? Қой, бәлесінен аулақ, тасалау жерден байқайын бұларды».

           Манағы мастықтан із де қалмаған, мына оқиға ойын сан-саққа жүгірткен Ордабек шеттегі үй сыртында бұзылып, моторының орны үңірейіп тұрған «Беларусь» тракторының кабинасына қалай тез мініп алғанын да байқамай қалды. «Мына МТЗ-80 – нің нағыз набпункт екен» болды оған алғаш келген ой. Әскерде арнайы жасақта болып, барлаушы дағдыларын игергендігі кәдеге асты, ол өзін байқатпау үшін кабинада жатқан май-май көне күпәйкені үстіне жамылып алып, барлық оқиғаны қарап отырды. Бір ойы – «Не істеп жатырсыңдар?» – деп, айқайлап жетіп бар дейді. Мұны, әсіресе, майдан байыған Жәмитке деген  қыжылы түртпектеуде, өткен күзде солярканы екі есе бағасына сатқаны естен кетер емес, «Иттің баласы қанын ішіне тартып, бір тиын да түспей қатып қалды ғой сонда. Кеткен есе бір қайтар еді-ау». Екінші бір ой – Әй, тыныш жүр! Ана жауыздар өлтіре салудан тайынбайды. Бұл тегін емес, артын күт – дейді. Үшінші бір ой, бұл әлгі екінші оймен сабақтаса – бәрін көріп ал, сосын бұл миллионерлерді сыздықтата сормайсың ба, қисаңдаса – қорқытасың, оған көнбесе – заң орындарына  домалақ арызды бұрқ еткізбейсің бе – дейді.

           Сәлден соң Ордабек соңғы ойын дұрыс деп тапты да, аналар көлікке мініп кеткесін, трактордан түсіп, бажасының үйіне келді. Өзіне риза, себебі, енді ол мол ақша көзіне кезіккеніне сенімді еді.

           Ертеңіне түстен кейін інісіне базарлығын беріп, малға шыққан Ордабек өзіне дән риза еді, аз-маз ақша, кәмпит-печенье сияқтылар әкеліп әйелінің, балаларының көңілін бір көтеріп тастады, үй ішін ертеңгілік көптен болмаған жылы шуақ жайлады. Сиырлар жаңа шыққан көктен бас алар емес, мұның қоржынға тығып алып шыққан бір бөтелке арақты ашуға оңтайлана бастағаны сол еді, мотоциклге мініп, мал қарап жүрген көрші ауылдағы Сексеннің сап ете қалғаны. Қашан да сөзін «фіф…фіф» – деп ауызан жиналған сілекейін ішке тарта тамсанып алудан бастайтын одан естіген өсек мынау болды: «Мына «Өскен» колхозының кассирі мен «Уаз» жүргізушісі удай мас болып дарияға түсіп кетіпті.  Ертеңгісін күтуге мал қосуға шыққан шалдар дария жағасында сиырлардың өкіріп-бақырып жүргенін көріп, тегін емесін сезеді. Сөйтіп, Андрей маскүнемді көндіріп, қайығымен  сүзіп шықса, ескек жағалаудан оншақты метр жерде бірдеңеге тиеді дейді. Дария да көктем болғасын лайланып жатыр ғой, былайынша ештеңе көрінбейді, сонымен не керек, аудандық ЧС бар, басқасы бар, әлгі жерді тексерсе, суға батқан машина екен, шығарып алыпты. «Марқұмдар арақ сасып жатыр» – дейді көргендер, мүрделерді эксперизаға алып кетіпті».

           Анау мотоцикілін тырылдатып кетіп бара жатқанда – ақ Ордабектің санасында сұмдық шындық бар көрінісімен ашылған болатын, араққа да зауқы соқпай қалды, ойға берілді. «О, құдай тас төбеңнен ұрғырлар! Кешегі дарияға ағызып жүргендері осылар болмасын. Құдай-ау, осылар болмасым не, дарияға күнде машина кетіп жатыр дейсің бе, тошно солар болды. А-а… Түсінікті…түсінікті. ендігі жұмысым Сағадат пен Жәмит сендермен болсын. Маған да бір құдайдың көзі түскен екен, қашанғы қинасын. Ой, Алла-ау, берейін десең форточкадан да бере саласың – ау». Ордабек ертеңгі күнді асыға күтті. Бірақ колхозда ертеңіне мал санағы жүріп, ойдағы шаруасына бір апта кештеу кірісерін де, тәңірімнің мұның мына жарық дүниеде тағы да бір апта күн кешуіне мүмкіндік беріп тұрғанын да сол сәтте ол білмеген еді.

           Бұл кезде аудан орталығында шұғыл мәжіліс өткізген лауазымды адам өзінің арам пиғылынан туған қылмыстың артын жабуға кіріскен-ді.

           — Жігіттер! Болар іс – болды. Екі азамат бақилық болды, алдынан жарылқасын! Мұнда мынадай жағдай болып жатқанынан хабарымыз жоқ, кеше облыс басшылары болып кеңесіп, колхоз төрағасын біз басқа облысқа қызметке ауысуына байланысты міндетінен босатқанбыз. Міне, өзі отыр, еліне қайтқысы келді, біз келісім бердік. Бұлай боларын кім білген. Барлық финансовый құжаттар в порядке екен. Сондықтан істі дабыра қылмау керек, мас деген де әңгіме айтылмасын, несчастный случай дейік. Сорлылардың бала-шағалары ең болмаса жәрдемақы алсын. Бұлай болмаса қазалы үйді онан сайын қайғыға саламыз ғой, тергеу жүреді, мас болғаны айтылады, үйі жәрдемақысыз қалады. Мұнымыз мұсылмандыққа жатпас, құдайдан үмітіміз бар, осыған келісейік, жабулы қазанды жабулы күйде қалдырайық. Қалай қарайсыңдар?

           — Заңға томпақ болмаса болды. Сізді қолдаймыз.

           — Ол өзімізге, біздің имандылығымызға байланысты.

           — Банктен ақша алыпты деген сыбыс шығып тұр ғой…

           — Мұны айтқан қайсысың? Кәні, тұршы орныңнан. Случай… Сен… Сендер өсек қумаңдар. Өсек қуа берген адам өсектің жемі болатыны ықылым заманнан белгілі. Айтқан жоқпын ба жаңа, финансовый мәселеге қатысты әңгіме жоқ деп. Біз тексерттік, бәрі дұрыс. Міне, отыр ғой ауыл басшылары. Ел қаржысы өз орнында. Ал, ертең «Пәлен еді, түген еді» дейтіндерің қазір айтыңдар ортаға шығып! Көрейік кім екендеріңді!

           Бәрі сап тиылды, лауазымды адамның мысы басты. Мәжіліс сол күні ол жоспарлағандай мәмілемен тараған болатын…

           Осының барлығын жаратушым біліп тұрғаны хақ, содан болар, бәлкім, қаҺарлана жерге қарай от оғын атып қояды. Аспан бейне қақ айрылардай, шатыр-шұтыр етіп, құлақты тұндырады, тар камераның   терезесымағынан жарқ-жұрқ еткен найзағай жарқылы көрінеді, Сағадат жалғыз. «…Құлың болайын, Ордеке-ау, айтшы, енді нең қалды менде? Бәрін айттым ғой. Бәрін істеген дәу бастық пен Жәмит. Сен келіп мені бопсаладың, менің жаным мұрнымның ұшына келді. Менде қайдан ақша болсын… Әлгілерге айттым… Олар бір күн мұрсат сұрады. Сенің қорқытқаның аз болғандай, олар түнімен мені қорқытты. Неге саған келеді? – дейді. Құдай-ау, бірден неге Жәмитке бармадың? Айтпайсың, ә! Мені іиі жұмсақ деп ойладың ғой, ә ? Әрине, солай… Оны қойшы… екеуміз төбелесетін күні ақшаны алғасын маған тиіспеуің керек еді. Бәрінен бұрын мені «Ақша қалтам» деп мазақ қылғаның батып кетті, мазақтамауыңа, қорламауыңа болатын еді ғой. Жәмитке қарап «Бұл – істің басы ғана, мен әлі талай келемін» – дегенің мені онан сайын ашындырды. Оның үстіне Жәмит те «Сағадатжан-ау, мына жалмауыздан бір құтқарсаң – сен ғана құтқарасың. Әйтпесе, екеуіміз де мынағын өмір бойы құл болатын сияқтымыз ғой» деп қайрай берді…Бары осы…А? Мені өлтіріп тастап, үйге неге барасың дейсің бе? Аналар ғой үйінің әужайын біл деген… Болдым… Енді айтатын да ештеңе қалған жоқ… Маза бер…».

16.   ТЕРГЕУ ӘЛІ БІТКЕН ЖОҚ

Түскі үзіліс кезінде 101- мен хабарласып, мән-жайды баяндаған Орынбек аудандық ішкі істер бөліміне келіп, алдағы жұмысты жоспарлау үшін өзіне бөлінген кабинетте отырыңқырап қалды. Санкция алу үшін ертең прокурорға апару керек, тергеуге беймәлім болып тұрған тұстар бар ма, әлде назардан қалып қойған жәйттер бар ма, істі қайта қарап отырған, Нұржан келіп: «Ореке, байқарсың, не то жағдайлар болып жатқан сияқты», – деп ескертіп кетті. Кезекші Сағадаттың қатты қорылға басып, ұйықтап жатқанын айтты, ойына мана бөлім бастығының бұған жөнсіз тиісіп, «Істі неге дұрыс жүргізбей жатырсың», – дегені түсті. Бұл да қарап қалмады: «Сізге тергеуді дұрыс жүргізбей жатыр», – деп арызданушы бар ма? Бар болса менің әрекетіме ведомствалық қадағалау жасайтын тергеу басқармасы мен прокурор бар. Бұған сіздің қатысыңыз қандай?» – деп тіктеле сөйледі. Мұныкі заң бойынша дұрыс, ол мұны күтпесе керек, үнсіз қалды.

Барлығы жоспар бойынша келе жатқан сияқты. 101- мен әңгімеден ол мұны қайта шақыртатынын ұққан, «Біз түк білмеген бола берейік. Ананың ісі сотқа өтетін болсын. Сенің орныңа басқа тергеуші барып қалатын шығар, тікелей бастығың солай істейтін болар, бізге анау сотталып осында, десяткаға келсе болды, қалғанын кездескенде айтармын. Жалпы «ход коньем» жасаймыз. Ясно?!» дегенінен осы іске қатысты тергеу басқа арнада қайта жалғасарын түсінген.

Көп күттірмеді, телефон безілдеп қоя берді. Тұтқадан Оңғарбаевтың дауысы қырыл-сырылын араластыра төпей жөнелді: «Былықтырып жатсың ба… басқа не бітіресің… бастықпен ұрысқаннан басқа қолыңнан не келеді сенің? Сезіктіні босатпақ дей ме… Әй… есің дұрыс па… Омаровты жібердім, қазір барып қалады, шыққанына бір сағаттан асты. Істі соған өткіз, Сексеуіл станциясында двойной убейства болып жатыр, соған барасың. Түнімен жет Ақмешітке. Түсіндің бе… Смотри, ә … бұларды…».

Орынбек «101 – дің болжамы дұрысқа шықты-ау», – деп ойлады, істі өткізуге дайындауға кірісті. Омаров келісімен барлық жағдаймен таныстырып, беттері нөмірленген, тігілген істі өткізген ол бірінші қабатқа түсіп, уақытша ұстау абақтысына бас сұқты. Сағадат ояныпты. Мән-жайды айтты. «Алты жылдан бері дұрыс ұйықтағаным болды, түк сезбей қатып қалыппын» – деді ол.

Орынбекті Нұржан, Асқар, Қазыбек үшеуі күре жолдан көлікке мінгізіп жіберді. Шығарып салушылардың жүздері жарқын, өз істерінің нәтижелі болғанына деген ризалық  әр сөзден аңғарылады. Әзіл – қалжыңнан ту көтеріп тұрған әңгіме арасында енді бұрынғыдан да сақ болу керектігі айтылып қалды. Бұл оларға Сағадаттың «Алты жылдан бері дұрыс ұйықтағаным болды, түк сезбей қатып қалыппын», – дегенін айтты. Қазыбек те: «Ореке, біз де бүгін түк сезбей қатып ұйықтайтын шығармыз» – дегенде жігіттер  жарыса күлді. Олар істің сотқа кететініне, қылмыстының жазасыз қалмайтынына сенімді еді.

Ертеңіне облыс орталығынан бес жүз шақырым қашықтықтағы Сексеуіл станциясына кеткен Орынбек қылмыс бетін ашып, он күннен соң оралды. Облыстық ішкі істер департаментінің коридорында кездесе кеткен Омаров: «Оу, Ориксон! Қалайсың? Кеше Жанталиядан келдім, Макс айтпақшы мен барамын дегенше істі бұзылмайтындай етіп, шегелеп тастаған екенсің, менікі тек сотқа өткізу болды. Кешке жұмыстан соң мұны жуып жіберуге болады. Мен қарыз болып қалғанды қаламаймын, еңбек – сенікі, атағы – менікі. Ну, как? » – деп екі алақанын ысқылап қойды. Сырт адам «Ориксоны кім, Жанталиясы несі?» – деп қалуы мүмкін ғой, сондықтан мұны да аша өткен жөн, кім шығарғанын Алла біледі, әйтеуір, департаменттегілердің көбісі Жаңақорғанды – Жанталия деп атайтын, ал өзі құралпы жас тергеушілер Орынбекті – Ориксон – деп атайтын. Бұл ыңғай таныта қоймады, ал ол ізінен қалар емес. «Әй, маладес Ориксон… Бұл бір біткен іс, успешный тергеу болды», – деп ол сөйлеп келе жатқанда Орынбек ішінен «Жоқ, тергеу әлі біткен жоқ… Негізгі шаруа енді басталады», – деп қарсылық білдірді. Иә, мұны дауыстап айтуға болмайтын. Тергеушіні он бес күннен соң құпия жүргізілер жаңа бір іс күтіп тұрған болатын.

Екі-үш күннен бері шуақ төгіп тұрған ауа райы тағы бұзыла бастады, көкті бұлт торлады, тұтаса төнген бұлт мезгіл тал түс болса да төңіректі қараңғылық бояуымен әрледі. Үш-төрт күннен бері тып-тыныш болып қалған аспан лезде мыңдаған дию, жып-перілер ойнақ салғандай қалыпқа түсті, мұздай тамшылар себелей жөнелді.  Аспанды қақырата, жерді тітірете найзағай ойнады. Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, өзгешелеу сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етті.  

ӘБІЛОВ АЛДАЖАР ӘБДІРАСУЛЛЕҰЛЫ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...