12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ОРАЛМАННЫҢ ОЙРАНЫ

2002 жыл, қазан айының соңы. Бұл Қасымхан Шахмұратовтың облыстық жол полициясы бастығының орынбасары қызметінен облыстық ішкі істер департаментінің жеке тұлғаларға қарсы аса ауыр қылмыстарды ашу бөліміне қызметке ауысқан жылы болған оқиға еді. Бұл бөлімді ішкі істер саласында жігіттер өз тілдерінде «Убойный отдел» деп атайтын. Ол кезде облыстық ішкі істер департаменті криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары, полковник Чжен Андрей Инокентиевич деген ұлты кәріс азамат еді. Қасымхан осы кісінің қарамағына жеке тұлғаларға қарсы жасалған ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу бөлімінің аға жедел уәкілі лауазымына қызметке келген. Бұл бөлімнің бастығы – майор Жұмағалиев Дидар деген жігіт. Қасымханның қасында тапсырмаларға бірге шығып жүретін серігі, әріптестері Жорик деп атап кеткен, майор Сұлтанбеков Жақсылық өз ісін жетік білетін білімді, білікті жедел қызметкер еді. Әмір Жақсылық екеуі бір қылмысты іздестіру жұмыстарымен жүрген. Бірқатар жұмыстарын бірыңғайлап, сағат тоғыздарға таяу үйге қайтты. Үйге келіп, жуынып-шайынып, Әйгерімнің шайына отыра бергені сол еді, телефон безілдей жөнелсін. Серігі Жақсылық екен, «Қасеке, осындай көшедегі, мынадай мекенжайда валюта айырбастау пунктінде бір жас қызды өлтіріп кетіпті, жедел жинап жатыр. Сыртқа шыға беріңіз, қазір көлікпен сізге соғамын», – деді. Бір кесе шайын асығыс жүре ішті де, киініп сыртқа шықты. Қызылорда қаласындағы бұрынғы Карл Маркс, қазіргі Әйтеке би көшесінің М.Төлебаев көшесімен қиылысқан жерінде, «Қазақтелеком» деген мекеменің түбінде валюта айырбастау пункті болатын. Оқиға осы жерде болған. Бұлар келгенде тиісті қызметкерлер, сот-дәрігерлік сараптама қызметкерлері де келіп жатыр екен. Криминалды полицияның бастығы, полковник Сыпаев Талғат деген азамат, орынбасары Чжен Андрей Инокентиевич, жедел қызмет істері жөніндегі департамент басшысының бірінші орынбасары, полковник Ғалымжан Ахметов, қалалық полицияның басшылары бәрі келген. Оқиға болған жерді полиция қызметкерлері қоршап тұр. Қасымхандар аса ауыр қылмыстарды ашу бөлімі қызметкерлері болғандықтан, ішке кірді. Тергеушілер, криминалистер келіп, оқиға орын алған жердің сызбасын жасап, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қасымханның көзі мәйітке түсті. Өлтірілген жиырмадан енді ғана асқан, әрі кетсе, жиырма бір-жиырма үш жастағы қыз бала екен. Ақ құбаша келген, қара шашы иығына төгілген, қасы-көзі қиылған алтын асықтай қазақтың қызы. «Ойпырмай, біреудің алақанына салып, аялап, өсіріп отырған қызы-ау, ата-анасы зарлап қалды-ау, өлімге қиятын бала емес қой!» – деді Қасымхан іштей жүрегі езіліп. Денесінде айтарлықтай белгі жоқ, жарақат, соққының ізі білінбейді. Сол жерде қыздың денесі сот-дәрігерлік сараптамаға жіберілді.

Шағын екі бөлме, төргі бөлменің төр жағында темір сейф тұр, аузы ашық қалған. Ішіндегі ақша алынған. Ол кезде бейнекамера жоқ, күзеттің дабылы бар, бірақ ол дабыл ажыратылған екен. Қыз бір өзі отырады, есікте темір тор бар, бөтен адам кірмейді. Ақша ауыстырушылар сырттан кішкентай терезе арқылы сөйлеседі, ол терезеде де темір тор ұсталған. Яғни, ішке ешкім кіре алмайды, ақшаны алып кететін инкассаторлар үшін кішкентай темір торлы есік, ол да ішінен жабылады. Ештеңе сынбаған, дабыл қосылмаған, қылмыскер еркін кіріп тұр. Ол кезде қалта телефонның біздің өмірімізге толықтай ене қоймаған кезі. Барлық жерде қалааралық телефон байланысы. Қасымханның кіреберіс бөлмеде темір торлы терезенің қасында тұрған шағын үстелдің үстіндегі қалааралық телефон аппаратына көзі түсті. Сол жерде тиісті мамандар қыздың телефон арқылы соңғы рет кіммен сөйлескенін анықтауға кірісті. Қасымхан бар, басқа да маман қызметкерлер бар, оқиға орын алған жерді бүге-шігесіне дейін зерттеп, «Қылмысты қыздың таныстары істеген, қызды өлтірген өзінің жақын таныстары, өзі сенетін адам» деген қорытындыға келді. Оның үстіне түнгі мезгіл емес, кешкі уақытта жасалып тұр. Ақша ауыстыру пункті сағат жетіде жабылып, қызметкер қайту керек. Оқиға сағат алтыларда, яғни жұмыс күнінің аяғындағы алас-қапас шақта жасалған. Сонымен, арнайы іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталып кетті. Бұл қылмысты зерттеу де оңайға соқпайын деп тұр, себебі қолға ұстап тұрған нақты дәлел-айғақ жоқ. Тергеушілер сол жердегі көршілерден, тұрғындардан жауап алып жатыр, кім не көрді, не байқады деген сияқты. Валюта ауыстыру пунктінің егелері де шақырылды, олардан қыздың қандай таныстары бар екендігі, кімдермен қатысатыны, бұл жерде қашаннан бастап істеп жатқандығы сұралды. Бұл жерде қыздан бұрын кім істеді, олардың қандай таныстары болды, ол да зерттелді. Бір жай анық еді, қылмыс аса тәжірибелі қанды қол қарақшының қолымен жасалған. Өйткені еш жерде белгі қалмаған, аяқтың ізі де жоқ, бөлмедегі жабдықтарда, қыздың денесінде қолдың, саусақтың ізі жоқ. Қылмыскер өзінің соңында ешқандай із қалдырмаған. Зерттеу, іздестіру жұмыстары жүріп жатыр, түрлі болжамдар алға тартылуда. Валюта айырбастау пунктіндегі телефонға соңғы рет кім қоңырау шалғанын білу үшін соғылған телефон қоңырауларының тізімі алдырылды. Ең соңғы рет қыздың телефонына бірнеше қоңырау түскен. Соның бірі Тасбөгет қыстағынан 37-4-21 деген нөмірден 14 сағат 27 минутта қоңырау соғылыпты.

Ал, бұл кім, мекенжайы қандай, анықтау керек. Зерттей келе, телефон Тасбөгет қыстағындағы Өзбекстаннан көшіп келген оралмандар уақытша тұратын барақ үйден соғылғаны анықталды. Әлгі барақта Өзбекстаннан, Тәжікстаннан келген бірнеше оралман отбасылары тұрады екен. Осы Тасбөгеттен соғылған қоңырау иесін зерттеуді басшылар Қасымхан мен Жақсылыққа тапсырды. Қасымхан мен Жақсылық іске кірісіп кетті, Тасбөгет қыстағына келіп, әлгі барақ үйді тауып алды. Сөйтсе, бұл жатақхана секілді үй екен, дәлізде, есіктің алдында кезекші вахтер отыр. Үйде жиырма шақты отбасы тұрады. Дәліздегі вахтердің қасында бір ғана телефон бар, онымен күніне әлгі барақта тұрып жатқан қаншама адам сөйлесетіні белгілі болды. Кезекші-вахтер орта жастағы әйелден қоңырау соғылған уақытын айтып, осындай уақытта осы жерден кімнің телефон соққанын сұрады. Вахтер біраз ойланып, соңғы рет телефонды пайдаланған оншақты адамның атын айтты. Қасымхан мен Жақсылық олардың толық аты-жөнін жазып алды. Сол оншақты адамды кезек-кезек шақырып, жауап ала бастады. Алғашқы шақырылған бес-алты адамның валюта айырбастау пунктіндегі қыздың өліміне қатысы болмай шықты. Олар күнделікті шаруаларымен, тіршіліктерімен таныстарына, туысқандарына телефон соққаны белгілі болды. Бұған бір аптадай уақыт кетті, келесі күні шақырумен оралман, үш баласы бар келіншек келді. Қаза болған қызға, валюта айырбастау пунктінің қызметкері Қайырғалиева Эльвираға телефон соққан осы келіншек болып шықты. Яғни, қылмыс болардан үш-төрт сағаттай бұрын, сағат 14.27-де қызбен телефон арқылы сөйлескен. Аға жедел уәкілдер Алдамжаров Нұрлан мен Ахметов Ғалымжан келіншекпен кеңірек сөйлесті. 2001 жылы Өзбекстаннан келген Әбілханова Гүлшахар Есбосынқызының – екі қыз, бір ұлы бар. Орта бойлы, қараторының әдемісі, күйеуі жоқ. Келіншектің келбетінен, көңіл-күйінен ешқандай қорқыныш, үрей болмаса әбіржу байқалмайды. Бірақ ақша ауыстыру пунктіндегі қызбен сөйлескенін растап отыр: «Иә, сөйлестім, ақша алдым», – деді. Келіншектің таныстарынан, оны білетіндерден сұрастырып, зерттей келе, бұл келіншектің көңілдесі бары анықталды. Ол да оралман, Тәжікстаннан келген. Бірақ күдік тудырмас үшін, оның көңілдесін шақырған жоқ, келіншекке білдірмей, оралман болып қашан келді сырттай тексере берді. Тіркеу қағаздарын көтертті, жеке іс қағаздарын, басқа да рәсімделген құжаттарын қарады. Бұл жерде Қасымханның бұрын көші-қон полициясында істегенінің көп септігі тиді. Ондағы азаматтармен тікелей сөйлесіп, әлгі оралман жігіттің жеке ісін көтертті, сөйтіп, ол туралы біраз жайға қанықты. Жан-жақтан жиналған зерттеу мәліметтерін сарапқа салғанда Гүлшахар Есбосынқызының көңілдесі Андрей есімді бұл жігіт таза қазақ емес, орысқа шатысы бар, әскери офицер болып шықты.

Исмағұлов Андрей Всеволодович Ауғанстандағы соғысқа қатысқан, Ауған-тәжік шекарасында болған, Тәжікстандағы қақтығыстарға қатысқан, арнайы бөлімде (спецназ) қызмет еткен офицер екені, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденінің иегері екені анықталды. «Мәссаған безгелдек, ал, керек болса!» – деді жігіттер әлгінің құжаттарын қарап отырып. Мынадай мәліметтермен танысқаннан кейін, Қасымханның ойына алғаш қылмыс орын алған жерге барғанда тиісті мамандармен бірге «Бұл қылмысты істеген жай адам емес, бұл арнайы біліктілігі бар, тәжірибелі қандықол қарақшының ісі, артында ешқандай із қалдырмаған, қыздың денесінде де саусақ таңбалары жоқ» – деп қорытынды жасағандары келе қалды. Оның үстіне бұл кезде сот-дәрігерлік сараптама қорытындысы бойынша белгілі болғандай, қыздың мойын омыртқасы сынғаны анықталды. Яғни, қылмыскер қызды қан шығармай, сыртқы дене жарақатын салмай, мойын омыртқасын сындырып, жұлынын үзіп жіберген. Нәп-нәзік өрімдей қыздың қандықол қарақшыға қарсы тұратын қауқары қайда, сол сәтте тіл тартпай кеткен. Мәселенің беті ашылғандай еді, бірнеше күдіктіні елеп, екшеп, сараптағанда, барлық күмән-күдік оралман Гүлшахар Есбосынқызы мен оралман офицер Андрейде қалды. Қалай болғанда да қылмысқа нақ осы екеуінің қатысы бар. Бірақ бұл да әлі болжам, логика, түйсік, енді бұны дәлелдеу керек. Расында қызды өлтірген Андрей болса, оны дәлелдеу, мойындату оңайға соқпайтынын жігіттер білді. Зерттеу жалғаса берді, Андрейге де, Гүлшахарға да аңду қойылды, әңгімелерін тыңдау ұйымдастырылды. Қайда барды, кіммен жолықты, не сөйлесті – бәрі есепке алынды, бірақ ешқандай күдікті, күмәнді әрекет байқалмайды. Өстіп жүргенде бір айдай уақыт өтті. Қылмыстың зерттелуі жоғары басшылықтың бақылауында, олар күнде сұрап отыр. Ендігі жерде уақыт өткізе берудің пайдасы жоқ екені белгілі еді. Бұлардың ең осал тұсын тауып, шабуылға шығу керек болды. Сонымен Андрей де тергеуге шақырылды. Бұл жұмыспен айналысып жатқан негізінен Қасымханның бөліміндегі жігіттер, аса ауыр қылмыстарды ашу бөліміндегі Жақсылық-Жорик, Алдамжаров Нұрлан, тәжік-ауған шекарасында болған Датаев Ислам, тағы басқалар – барлығы да сайдың тасындай «Сен тұр, мен атайын!» дейтін азаматтар еді. Датаев Ислам Андреймен жұмыс істеп жатыр, тәжік-ауған шекарасында қандай әскери бөлімде болды, кімдерді таниды, тағы басқа жайларды сұрап, сөзге тартып, қалайда қажетті мәлімет алуға жұмыс жүргізуде. Ал, Қасымхан мен Жақсылық Гүлшахармен жұмыс жүргізді. Бірақ әлі қолға ұстайтындай дерек шықпай тұр. Андрей мызғымайды, саспайды. «Менің бұл қылмысқа ешқандай қатысым жоқ», – деген бір сөзінен танбайды. Жігіттердің тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Гүлшахар біраз жайтты айтты. Оның Эльвирадан қарызға ақша алғаны белгілі болды. Бірақ оның өліміне қатысы жоғын айтып азар да безер болады. Дегенмен, ол Эльвираны кім өлтіргенін білетін сияқты, тек шындықты айтпай отыр. «Иә, ақшасын беріп кеттім, одан кейін не болғанын білмеймін», – дейді. Бірақ Эльвира мен Гүлшахардың телефонмен сөйлескені, қылмыс болған уақыты, басқа да жайлар бәрі-бәрі қызметкерлердің болжамдарымен сәйкес келіп жатыр. Жігіттер онымен жұмыс жүргізуді жалғастыра берді. Осы екі арада Қасымхан жеке тұлғаларға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу бөлімінен жедел іздестіру бөліміне ауысып жатты да, Гүлшахардан жауап алу жұмыстарын Жақсылық пен кәріс Чжен жүргізді. Бір күні Чжен Қасымханға: «Қасеке, біз одан соңғы күндері қатаңырақ жауап алдық, енді сіз онымен өз әдісіңізбен сөйлесіп көріңізші», – деді. Чженнің өз әдісіңіз деп отырғаны – Қасымхан қанша уақыт полицияда жүрсе де, ешкіммен дөрекі, қысым көрсетіп сөйлеспепті. Жауап алып отырған адамымен жаймен, ішіне кіріп сөйлесіп, оның кінәлі екеніне көзін жеткізіп, оған бұлталақтауға жол қалдырмайтын. Сосын, амал жоқ, алдындағы адам кінәсін мойындап, бұған бар сырын, шынын айтып, бұдан көмек сұрайтын. Адамдармен сөйлесудің бұндай әдісін практикада көп адам қолдана бермейді. Сонымен Чженнің әлгіндей ұсынысынан кейін Гүлшахармен өзі сөйлесті. Қасымхан жауап алу бөлмесіне келгенде, Гүлшахардың көңіл-күйіндегі өзгерісті бірден байқады. Бұрынғыдай емес, өзіне көзі жәудіреп, үркектей қарайды, бұдан көмек күтетіндей сыңайлы, жүні жығылып, салы суға кетіп қалған екен. Сұрақ-жауап әңгіменің үстінде өзінен-өзі ашылды. – Жағдайыңыз қалай? – деді Қасымхан жылы жүзбен. «Жағдайымды көріп отырсың ғой» дегендей, ол үндемеді, төмен қарады. – Өмірде түрлі жағдайлар болады, адамдар қателеседі, сол қателіктен өмір бойы зардап шегетіні де анық. Бірақ сол қателікті дер кезінде жөндеуге тырысса, адам бойындағы ауыр жүктен жеңілдейді. Сондықтан қаншалықты ауыр болса да, шындықты айту керек. Орын алып отырған қылмыс ауыр, қылмыстың ашылуына көмектессең, сізге де көмек болады, – деді Қасымхан. Үнсіз, төмен қарап отырған келіншек басын көтеріп алды. – Маған көмектесіңізші, аға, менің кінәм жоқ, – деді сосын жалынышты кейіпте. – Кінәсіз адам бұл жерде отырмайды, мен қалай көмектесемін, сен шындықты айтпай отырсың? – деді Қасымхан. – Айтам, аға, оны өлтірген мен емес, бірақ кім өлтіргенін білемін. Құдай үшін көмектесіңізші, менің үш балам бар, мен түрмеге кетсем, олардың жайы не болады? – деді келіншек көзінен жасы моншақтап. – Бала бәрімізде де бар, балаларыңды ертерек ойлануың керек еді, Эльвираны қайдан танисың, оны кім өлтірді, қалай өлтірді, асықпай барлық жағдайды айт. Сол кезде мен саған көмектесемін, көмектескенде сен бәрібір жазасыз қалмайсың, дегенмен, сенің жазаңды жеңілдетуге бар күшімды саламын, – деді Қасымхан.

– Аға, бұл Андрейдің ісі, ол ештеңеден тайынбайтын қанішер, мен одан өзім де қорқамын. Эльвирамен осындай жерде танысқанмын, кейін ол маған көмектесті, – деп әңгімесін бастады ол. Оның айтуынша, Эльвирамен осыдан бір жыл бұрын танысқан екен. Қай кезде де мәселенің бәрі ақша жетіспеуінен туындайды емес пе? Ақша айырбастау пунктіндегі Эльвирамен танысқаннан кейін Гүлшахар оған өзінің жағдайын айтады. Өзбекстаннан келгенін, Тасбөгетте уақытша үйде тұрып жатқанын, үш баласы бар екенін, квотамен берілетін үйдің, жердің қашан берілетіні белгісіз екенін айтады. Еден жуатын, ыдыс-аяқ жуатын жұмыс болса да істеп, ақша тапқысы келетінін де жасырмайды. Сонда ақша айырбастау пунктіндегі қыз бұған жаны ашып: «Сен маған аптасына екі-үш рет соғып, мына бөлменің ішін тазалап, еденін жуып тұр. Мен мүмкіндігінше көмектесейін», – дейді. Сонымен Гүлшахар аптасына бір-екі рет барып, екі бөлменің ішін тазалап, еденін жуып беріп кетіп жүреді. Эльвираның әбден сеніміне кіреді, ол да бұған сеніп, арасында азын-аулақ ақша беріп, көмектесіп тұрады. Сөйтіп жүргенде бір күні «Бір жұмыстарға керек болып тұр еді», – деп Эльвирадан жүз доллар көлемінде ақша сұрап алады. Ақ көңіл жас қыз сұраған ақшасын береді. Тағы бір күні екі жүз доллар сұрап алады. «Өте қажет болып тұр, жақында қайтарамын», – деп өтініш айтқан соң, Эльвира тағы береді. Бірақ ол алған үш жүз долларын айтқан уақытында қайтара алмайды. Бір күні Эльвира: «Мен басқа жұмысқа ауысайын деп жатырмын, үш жүз доллар ақшаны орнына қойып, егесімен есептесуім керек, тездетіп қайтар», – дейді Гүлшахарға. Үш жүз доллар деген ол кезде біраз ақша, үш баласы бар, өзі жұмыссыз оралман әйел қайдан тауып берсін. Қиналады, әрі ойланып, бері ойланып, көңілдесі Андрейден көмек сұрайды. – Ақшаны қашан қайтаруың керек? – деп сұрайды Андрей. – Ол басқа қызметке ауысамын, бастығыммен есептесуім керек, тез арада қайтар деді. – Қашан ауысады екен? – Анық білмедім, жақын арада ауысады-ау, сірә. – Мен сөйлесіп көрейін, мүмкін шамалы күтер. – Ол күтпейді, онсыз да мен оның қарызын біраз кешіктірдім. – Оқасы жоқ, ондай жағдайлар болады, мен сөйлесейін, ақшаңды тауып беремін деп айтайын. – Сөйлесіп көр, бірақ ақшасын тауып беруім керек. – Тауып береміз ақшасын, мен сөйлесейін алдымен. Сен оған айт, осындай ағам барады деп ескертіп қой. Мен жұмысына кіріп сөйлесейін. – Жоқ, ол жұмысына ешкімді кіргізбейді. – Сені ше, сені де кіргізбей ме? – Мені кіргізеді. – Онда екеуміз барамыз, сен ақшаңды әкелдім де, сосын кіріп сөйлесейік. – Ақшамыз қайда оған, өтірік айтамыз ба? – Өтірік айтпаймыз, кіргесін шамалы уақыт күт дейміз, ол жағын уайымдама, мен өзім сөйлесемін, – дейді Андрей. Осылай келісіп, екеуі баратын болады. Қылмыс болатын күні сағат кешке алты жарымның кезінде екеуі ақша айырбастау пунктіне келеді. Бірақ Гүлшахардың жүрегі бірдеңені сезгендей, алға басқан аяғы кейін кетіп, өзін-өзі зорлағандай әрең келеді. Кешкі жұмыс аяғы, адам жоқ екен. Кішкентай терезенің алдына келіп, тілдесті: «Ақшаңды әкелдім, есігіңді ашасың ба?» – деді Гүлшахар. Эльвира қуанып кетті: «Ой, жақсы болды ғой, қазір, апай», – деді де, тез барып, есіктің темір торын, сосын сыртқы есікті ашты. Гүлшахарды ішке кіргізіп алып, қарыз ақшасын алып, жақын араласып жүрген адамдар болғасын, бір-екі ауыз жағдайын сұрап, әңгімелесуді де ойлады. Міне, есік ашылып, Гүлшахар ішке кіріп келе жатыр, артынан Андрей де қоса кірді. Орта бойлы, мығым денелі, төртпақ келген, түрі қазаққа келе бермейтін, көкшіл көзді, түсі суықтау кісіні көргенде, Эльвира секем алып қалды. «Ағай, сіз сыртта күте тұрыңыз», дегенше болған жоқ, Андрей қолында ұстап келе жатқан салапан қалтаны Эльвираның басына кигізді де, басын кілт еткізіп, бұрап қалды. Нәп-нәзік қыздың әлсіз ғана ауырсынған дыбысы шықты. Андрей оны басынан ұстаған күйі кіреберіс бөлмеден сүйреп, төргі бөлмеге алып барып, еденге жатқызды. Оның шалт қимылдағаны соншалық, осының бәрі қас қағым сәтте болды. Бұл кезде Гүлшахардың қорыққаннан тілі байланып қалып еді. Сұмдық оқиғаға куә болғанын ол сәлден кейін есін жиып барып білді. – Сен не істедің?! – деді Андрейге өңі ақ шүберектей болып.

– Үндеме! – деді Андрей. Бұл кезде ол қолында қолғап, сейфті ашып, ондағы бар ақшаны алып үлгірген еді. Жан-жағын жіті қарап шықты да, қыздың басындағы салапан қалтаны алды. Оған қолындағы ақшаны салды да, дабылды өшіріп: – Кеттік! – деді сілейіп тұрған бұған. Екеуі шықты да, есікті сыртынан жауып, көшеден таксиге отырды да, ғайып болды. Гүлшахар Қасымханға осының бәрін көз жасын көл қылып отырып айтты… Бұл кезде Андреймен де жұмыстар жүріп жатты. Бірақ ол бір сөзінен танбайды. Шашы ағарған, төртпақ келген, шомбал қара жігіттің оң жақ қарында инемен жазған «Никто кроме нас!» деген жазу мен парашюттің суреті тұр. Бұл – арнайы отрядта қызмет істейтін десанттық әскери бөлімнің девизі. Гүлшахар тергеу барысында Андрейдің үйде қару ұстайтынын, тіпті гранат та бар екенін айтқан. Оларды өзінің жалдап тұратын пәтерінде, үйдің қабырғасындағы арнайы орынға қойып сақтайды екен. Жігіттер барып, үйде тексергенде, расында үйден екі «Ф-5» маркалы танкке қарсы қолданылатын гранат шықты. Андрейдің тірлігі Белікөл жаққа келіп тұрады екен, сол жерде автотұрақтарда Өзбекстаннан, Тәжікстаннан келген, түрлі жүк тиеп алып бара жатқан жүк көліктерін Ресейге шығарып салады. Оларды сол кездегі рекеттерден, бандылардан қорғап, тиісті ақшасын алып қайтады. Андрейдің қызды өлтіргенін Гүлшахар айтып тұрғанымен, оны мойындату қиынға айналды. Гүлшахар өзі де: «Оны мойындата алмайсыңдар, ол ештеңеден қорықпайды, жауыз қанішер, мен айтты деп айтпаңыздар. Егер ол менің айтқанымды білсе, мені қалай болса да өлтіріп жібереді», – деген. Сонымен Андреймен жұмыс тағы да созылды. Бір күні Қасымхан камераға өзі кірді, не дегенмен адам қанша мықты болғанмен, ол да ет пен сүйектен жаралған пенде ғой, тергеу, жауап алу жұмыстары қажытқаны байқалады. Бірақ сонда да өз ұстанымынан қайтпайды, көкшіл көздері от шашып тұр. – Сен өзіңді де, бізді де қинамай, шыныңды айтсайшы, – деді Қасымхан. – Біз бәрін біліп отырмыз, бірақ өз аузыңнан естігіміз келеді. – Қалай білдіңдер? – Әбілханова Гүлшахар Есбосынқызы барлық болған жағдайды бастан-аяқ айтты. Қалай кіргендеріңді, қалай өлтіргеніңді – бәрін айтты. Сондықтан ендігі ерегістен пайда жоқ, – деді Қасымхан. – Ах, сучка, мен бәрін сол үшін істедім ғой! – деді ол тістеніп. – Солай болып тұр, сенің немен айналысатыныңды да айтты. Белікөлдегі сенің қаруларыңды, гранаттарыңды да тауып алдық, – деді Қасымхан. Ол басын көтеріп, жалт қарады. – Белікөлдегі ақшаны да таптыңдар ма? – Иә, тығып қойған жеріңнен ақшаңды да тауып алдық, – деді Қасымхан. Бірақ бұл кезде оның тыққан ақшасын Қасымханның жігіттері әлі таба алмай жүрген. Оның «Белікөлдегі ақшаны да таптыңдар ма?» – деген сөзінен Қасымхан оның ақшаны Белікөлдегі пәтеріне тыққанын білді, дегенмен үйде қай жерге тыққаны әлі белгісіз еді. Бірақ Қасымхан: «Иә, тыққан жеріңнен ақшаңды да тауып алдық», – деп өтірік айтты. – Су болып қалмап па, бүтін бе екен? – деді ол. – Жоқ, су емес, әдемілеп тыққан екенсің, жақсы сақталыпты, – деді Қасымхан. Сол кезде барып Андрей сылқ түсті. Оның: «Су болып қалмап па, бүтін бе екен?» – деген сұрағынан кейін Қасымхан оның ақшаны судың ішіне тыққанын білді. «Так, қай жерде су болады, ванна, әжетхана, асхана, ох, дұрыс!» – деді Қасымхан ішінен. Сосын дереу сыртқа шығып, Андрейдің пәтеріне тінту жүргізіп жатқан жігіттерге телефон соқты. «Жігіттер, әжетхананың су жиналатын жоғарыдағы шәугімін қараңдаршы», – деді. Көп ұзамай-ақ олар хабарласты. «Қасеке, ақша сол жерде, әжетхананың су жинайтын шәугімінде тұр екен, целлофан қалтаға орап салыпты», – деді жігіттер. – Өлсем де, мойындамаймын деп едім, бәрін білген екенсіңдер ғой, бәрін тапқан екенсіңдер ғой, – деді ерні кеберсіп Андрей. – Иә, бізге бәрі белгілі, сондықтан енді өзіңді қинама, қайтесің, болар іс болды, шыныңа көш, – деді Қасымхан. – Талай жердің қызыл жағалысын көріп едім, бірақ осы уақытқа дейін Қызылорданың полициясындай полицияны көрмедім, су берші брат, – деді Андрей кеберсіген ернін тілімен жалап… Міне, оралманның ойраны осылай аяқталып еді. Қылмыскер Андрей де, оның сыбайласы Гүлшахар да жазасын алды. Бірақ біреудің үкілеп өсіріп отырған өрімдей қызы бұл өмірге енді қайтып келмейді. Бұл қасірет, бұл қайғы! Бауыр еті баласынан айырылған ата-ана қан жұтып, отырып қалды. Үш бала анасынан тірідей айырылып, балалар үйіне өткізілді. Әр қылмыстың соңы осындай қайғыға, қасіретке ұласады. Осыны ойлағанда, Қасымханның жүрегі езіліп, қан жылайды. Соншалықты діншіл болмаса да, «Е, Алла, балаларымызды осындай жамандықтардан сақтай көр!» – дейді іштей күбірлеп.

Тұрақ АДИСҰЛЫ

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...