12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

КӨРІКТІ ЖЕРЛЕРДІҢ СӘНІНЕ САЛТАНАТЫ КЕЛІСПЕЙ ТҰР

Елдегі экологиялық ахуал дабыл қағатын дәрежеге жеткенін еріктілер мен экологтар көптен бері айтып жүр. Жаз маусымында бұл проблема тіпті еселене түседі. Қай өзен-көл мен тау бөктерін алып қарасаңыз да, шашылған қоқыс, қалған тамақ, сансыз құты, бөтелкелерден көз сүрінеді. Қазақстанның туризмді шырқ иіріп, бюджет қазынасын әлдеқашан қампайтып отыратын әлеуеті болса да, әлі күнге ол деңгейге көтеріле алмай келеді. Әрине, оған себеп – ең алдымен осы қоғамдық мәдениетті қалыптастыра алмау және экологиялық қолайлы ахуал жасамау.

Қоғамдық мәдениетті жеке адамның ар-ұяты мен таным-түсінігіне қалдырған күнде де, елдегі экологиялық тазалықты қамтамасыз ету, сапалы қызметті дамыту – мемлекеттің атқарушы тетіктеріндегі арнайы министрліктер мен жергілікті әкімдік, қосымша комитеттердің құзырындағы шаруа-тұғын. Шұрайлы мекен есебіне еніп, елдік қамқорлыққа алынған Көлсай, Қайыңды ассаңыз да, Шарынды шолып, Есік көліне соғып, Түргенді түгел шарласаңыз да, көретініңіз – осы тұмса табиғатқа адамзаттың қолымен жасалып жатқан қастандық. Қалалықтардың жаздың шіліңгір ыстығында жан сауғалайтыны жалғыз Қапшағай еді. Биыл енді ол Қапшағайдың да қаптаған қалалықтар алдында қадірі қалмады. «Суы лас, масасы малдай, айналасы қоқыс» деп қандай аптап болса да, алматылықтар Қапшағайға аяқ баспасқа айналды. Алакөлдегі ахуал да ауыз толтырып айтарлықтай емес. Бағасына бабы келіспейді. Мұнда да көл жағалауы мен көл ішіндегі көріністің күйі кеткен. Көктұманың жаны жабайылығының арқасында ғана қалып тұр. Жарықтандырылып, жайнап тұрған Жарбұлақ жағының тазалығы өкінішке қарай көңіліңді түсіреді. Айта берсек, елдегі ертегіге бергісіз жерлердің сәніне салтанаты келіспей тұр. Айналадағы ахуалды осылай бір бағамдап алып, Нұр-Сұлтан жаққа сұраулы жүзбен бұрыла қалсаңыз, бұл мәселеде олардың қамсыз, қаракетсіз отырмағаны жайлы хабарға кезігесіз. Мәселен, «Қазақпарат» агенттігі экологияны жақсартуға үлес қосқан 26 кәсіпорынға 105 млн теңге төленгенін хабарлайды. «Жасыл даму» АҚ «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС расталған міндеттемесі бойынша «EcoQolday» жобасының қатысушыларына төлем жүргізуді бастады»,– дейді ақпарат агенттігі. Бұдан бөлек, ең өзекті делінетін тағы бір мәселе – елдегі осындай туристік мекендер маңынан жаңа үлгідегі, әлемдік стандарттарға сай қоқыс полигондарын салу. Егер қоқыс полигондары салынып, оның жауапты адамдары экологиялық барлық аймақтардағы қоқыстарды дер кезінде жинап, полигондарға аттандырып отырса, бұл мәселенің шешімі әлдеқашан табылған болар еді. Одан бөлек, заңсыз жасалған қоқыс полигондарын жою табиғатқа жасаған ең үлкен қамқорлық болар еді. Экологиялық мәселелерді кешенді шешу бағдарламалары жабайы қоқыс полигондарын жойып, заңды заманауи қоқыс полигондарын көбейту мәселесін қолға алуы тиіс. 2020 жылы ҚР Үкіметінде өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу бойынша кешенді Жол картасы әзірленген. Бұл картаны Экология министрлігі бекіткен. Алайда, бұл Жол картасы аясындағы атқарылған істер ауыз толтырып айтуға келмейді. Ішкі туризмді дамытқымыз келсе, бізге ең алдымен қоғамдық сана мен ішкі мәдениетті күшейтіп, мемлекеттік дәрежедегі ауқымды істерді бастаған абзал. Экологиялық тазалықты сақтау, оны дамыту туризмнен бұрын, өзіміздің денсаулығымыз үшін ауадай қажет. Экологияға қамқорлық бір күндік қайраткерлікпен емес, ұзақ мерзімдік жанашырлықпен, жеке белсенділікпен, шынайы қамқорлықпен өлшенеді. Қазақстанда экология саласында жекелеген болсын, ұжымдасқан топ есебіндегі болсын еріктілер бар. Олар үнемі «Жасыл ел», «Жасыл экономика», «Таза аула», «Таза қала», «Көкжайлау», «Біздің үй» секілді әртүрлі мемлекеттік, жекеменшік ұйымдар тарапынан қолға алынатын жобалар аясында жұмыс атқарып жүр. Одан бөлек, әлеуметтік желілердегі әртүрлі топтар шеңберінде немесе жекелеген өз бастамаларымен табиғатқа, бізді қоршаған ортаға шынайы жанашырлық танытып жүрген замандастар да жетерлік. Мәселен, журналист Аягүл Рамазанқызының көпшілікті салафан пакеттерден бас тартып, экологиялық санатта өте пайдалы делінетін қағаз пакеттерді пайдалануды ұсынып жүргеніне біраз болды. Журналист Жұлдыз Әбділда, Жадыра Нармаханова тағы басқа да белсенді замандастарымыз көктем мезгілінде қала арықтарын тазалап, көпке үлгі көрсетті. Айта берсек, экологияға, өзін қоршаған ортаға үлкен жанашырлықпен, ерекше мейіріммен, шынайы қамқорлықпен қарайтындар өз әріптес замандастарымыздың арасында да, тіпті кәмелеттік жасқа толмаған балалардың, жасөсірімдердің арасында да бар. Сөзбен белсенді болу бөлек те, белсенділігін іспен көрсететіндер сирек. Жақында фейсбук әлеуметтік желісінде журналист Жұлдыз Әбділдә сынып қалған сынаптың қалдығын өткізетін орындарды сұрап отырды. Ал, Аягүл Рамазанқызын осы салаға жанашыр нағыз қайраткерлер қатарына жатқызуға болады. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында үнемі пластик қалдықтарын, өзге де тұрмыстық зиянды қалдықтарды қай мекенжайға өткізу керек екендігін көпшілікке хабарлап отырады. Бұлар – біздің ойға түскен санаулы ғана саңлақтарымыз. Көрікті Көлсай мен Қайыңдыға қатысты да дабыл қағып, тазалығын, сұлулығын сақтауға үндеп отыратындар да көп. Алайда, табиғаттың төрін былғап, қоқысын тастап кететіндер одан да көп. Осы тұрғыда біздің мемлекеттік мекеме, арнайы министрліктерге осы мәселеге қатысты жедел мониторинг жасап, ауқымды, кешенді бағдарламаларды бастап кеткені жөн. Табиғат – біздің тыныс-тіршілігіміз, өмірлік қорегіміз. Ендеше, оның ауасы мен табиғи сұлулығын көзіміздің қарашығындай қадірлеу – парыз. Айсұлу Құлпейіс, ерікті: – Біз екі жыл болды, жаз мезгілінде Алакөлге барамыз. Бір жағынан, демалып, екіншіден, осы экологиялық тазалықты сақтау мәселесін түсіндіру есебінде. Алғашқы кезде демалушылар түкке түсінбей, түсінсе де, жақтырмай, тіпті сөйлеп кететін. Қазір біртіндеп үйреніп келеді. Ұлы сөзде ұят жоқ. Көлге жақын маңға ақылы әжетханалар қойса да, аз-маз ақы төлеуден қашып, қажетін сыртта өтей салатын ер адамдар мен балаларын тоса салатын немесе өздерін жібере салатын әйелдерді көп көрдік. Өкінішке қарай, әлі де ондай жағдайлар кездеседі. Біз шамамыздың келгенінше осындай заңсыздықтарға қарсы шығып жүрміз. Құм толтырған пластик бөтелекелерді суға лақтыратын балалар көп. Олар көл түбін ластайды. Бұдан бөлек, саудагер балалардың арасында балық сатып бара жатып, балық салынған целлофан қалталарын жағалауға лақтырып кететіндері жетеді. Айта берсек, мысал көп. Біз волонтер есебінде барғаннан кейін сол маңдағы тазалықшыларға жәрдемдесіп қоқыстарды тазаласып жүрдік. Алайда, ол көпшілікке тосқауыл бола алмады. Менің ойымша, мектептерде, отбасында осы мәселе, көше мәдениеті тақырыбы көп айтылуы керек. Сонда ғана, бәлкім, жастар да, үлкендер де ойланар. Қоршаған ортаға қоқыс лақтыра салу – үлкен қиянат. Бала үлкендерден көргенін істейді. Сондықтан құқықтық, қоғамдық сауатты арттырмай, бұған тоқтау жоқ. Қазір көпшілік тек айыппұлдан ғана қорқады. Мемлекет оларға осы тұрғыда айыппұлдар белгілеу керек. Кім ластайды, қоқыс тастайды, айыбын төлесін. Бір төлеген соң, ол адам өзі-ақ тыйылады. Біз қоғамдық тәртіпті осылай ғана күшейте алатын сияқтымыз.

М.ҚҰРМАНБАЙ

«Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына конкурс жарияланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына орналасуға конкурс жариялайды.

Объявлен конкурс на занятие вакантной должности ректора республиканского государственного учреждения «Казахский национальный университет искусств»

Министерство культуры и информации Республики Казахстан объявляет конкурс на занятие вакантной должности ректора республиканского государственного учреждения «Казахский национальный университет искусств» Министерства культуры и информации Республики Казахстан.

Мемлекет басшысы Боао Азия форумы сессиясында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі.

Неге алматылық жүргізушілер қауіпсіздік белдігін таққанды ұнатпайды? Полиция статистикасы

Көптеген басқа қаладағы сияқты Алматыда да жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздік белдігін таққысы келмеу үрдісі сақталған.

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге жаңа тыйым салынуы мүмкін

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заң жобасы аясында мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр.