11 C
Алматы
Четверг, 29 сентября, 2022
spot_img
spot_img

Нүрия СИСЕНОВА, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі: «БІЛІКТІЛІК ЕМТИХАНЫ – СОТ КОРПУСЫНА ЛАЙЫҚТЫЛАРДЫ ІРІКТЕЙТІН САПАЛЫ СҮЗГІ»

– Нүрия Оралжанқызы, Жоғары Сот Кеңесінің негізгі мақсаты мен міндеті неде? Бұл институт өзіне артылған сенімді ақтады деп айта аламыз ба?

– Жоғары Сот Кеңесі – дербес мемлекеттік ұйым. Кеңестің басты мақсаты – Президенттің сот корпусын қалыптастырудағы өкілеттігін, судьялардың тәуелсіздігін, оларға қол сұғылмауын қамтамасыз ету. Кеңес қызметінің төрт негізгі бағыты бар. Олар: судьялар лауазымына біліктілік емтиханын алу, судьяларды іріктеу, кадр резервін қалыптастыру, судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау. Мұндай ұйым дамыған мемлекеттерде, атап айтқанда, Италия, Испания, Сингапур, Франция, Бельгия, Канада сынды әлемнің көптеген елдерінде бар.

Халықаралық стандарттарға сәйкес, осындай Кеңес мүшелерінің көпшілігін судьялардың өздері сайлаған судьялар құрауы тиіс. Сонымен қатар, азаматтық қоғамның, заңгерлер қауымдастығының өкілдері де кіреді. Бұл қабылданған шешімдердің объективтілігін және ашықтығын арттыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта Қазақстанның Жоғары Сот Кеңесінің (ЖСК) құрамы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Кеңес судьялардың өздері сайлаған жұмыс істеп жүрген судьялардан (бұл ретте соттардың барлық деңгейлері пропорционалды түрде ұсынылған және судьялардың өңірлік өкілдігі ескерілген), адвокатура, заң және ғылыми қоғамдастық өкілдерінен тұрады. Яғни, Жоғары Сот Кеңесі жабық корпорация емес, онда судьялар тек «өз адамдарын» таңдамайды. Жоғары Сот Кеңесі мен Жоғарғы Сот арасындағы өкілеттіктерді бөлу судьялардың тәуелсіздігін арттырады. Барлық кадрлық мәселелердің ЖСК құзыретіне өтуі судьялардың Жоғарғы Сот пен сот төрағаларына тәуелділігін азайтты. Енді судьялар сот төрелігін жоғары тұрған органдарға қарамай-ақ жүзеге асыра алады.

– Кеңестің негізгі бір мақсаты судьялар корпусына жоғары білікті мамандарды тарту екенін түсіндік. Енді бұл қалай жүзеге асады? Мамандарға қойылатын талаптар қандай? Бізде қандай адамдар судьялықтан үміттене алады?

– Қазақстанда судья болып 30 жасқа толған, жоғары заң білімі бар, 5 жылдық заңды өтілі, судьялық қызметке кедергі келтіретін сырқаты жоқ, біліктік емтиханын тапсырған, тағылымдамадан өткен адам судьялық лауазымға тағайындалуы мүмкін. Жоғары Сот Кеңесінің негізгі міндетінің бірі – сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тарту. Бұл заңгерлер үшін судьялық мансаптың тартымдылығын арттыруды талап етеді. Бүгінде аталған жұмысты жандандыру мақсатында маңызды қадамдар жасалып жатыр. Яғни, тәжірибелі заңгерлерге судьялық лауазымға орналасуға көбірек мүмкіндік бар. Мәселен, Президенттің ұсынысы бойынша жоғары білікті заңгерлерді Жоғарғы Сот судьялары лауазымына конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігі көзделген. Құқықтың арнайы салаларындағы мамандар үшін облыстық сот судьяларының лауазымына орналасуға оңтайландырылған конкурс көзделген. Ағымдағы жылдың 31 мамырында Нұр-Сұлтан қалалық соты судьяларының 2 бос лауазымына (салық, қаржы құқығы, зияткерлік меншік құқығы және жер қойнауын пайдалану саласындағы мамандар үшін) және Алматы қалалық соты судьясының 1 бос лауазымына (жер құқығы саласындағы мамандар үшін) конкурс жарияланды. Судья жұмысының тартымдылығын арттыру мақсатында судьялардың жалақысы айтарлықтай өсті. Сот төрағаларының судьяларға қысым көрсету тетіктері қысқаруда. Мысалы, облыстық соттарда жалпы отырыстардың президиумдары заңмен таратылды. Олардың құрамын төрағалардың өздері анықтап, барлық кадрлық мәселелер бойынша ұсыныстар беретін. Енді ол мәселелерді төраға емес, жасырын дауыс беру арқылы аймақтың барлық судьяларынан тұратын кеңейтілген жалпы отырыстар шешеді. Сот төрағаларын ең көбі 2 мерзімге, 10 жылдан аспайтын уақытқа тағайындауға болады. Бұрын олар тек аймақтарды өзгертіп, 20-25 жыл төраға қызметін атқарған. Сот істерін бөлу процесі автоматтандырылған. Бұған дейін төрағалар бұл процеске әсер ете алды және істер «дұрыс судьяға» түсті. Жыл сайын істерді қарау бойынша судьялардың жүктемесі азаяды. Бұл шаралардың барлығы сот жүйесіне жаңа кадрларды тартуға бағытталған. Қазіргі уақытта судьялық лауазымдардың 99-ы ашық конкурс негізінде атқарылады, ал 1 пайызға жуығы – Жоғарғы Сот төрағасы, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары және облыстық соттардың төрағалары.

– Судьялыққа кандидаттар біліктілік емтиханын тапсырады. Бұл үрдіс қандай өлшемдерге негізделген? Олар біліктілік деңгейін анықтауға толық мүмкіндік бере ала ма? Таныстық, сыбайластық өз дегенін жасап жүрмей ме? Оны әлі де жетілдіру қажет емес пе?

– Бүгінгі таңда біліктілік емтиханы 5 негізгі және бір қосымша кезеңнен тұрады. Негізгі кезеңдер заңнаманы білуге арналған компьютерлік тестілеу, эссе жазу, кандидаттардың кейстік тапсырмаларды шешуі, психологиялық тестілеу, әңгімелесу. Ал, қосымша кезеңге полиграфологиялық зерттеуден өту жатады. Қазіргі түрінде емтихан үміткерді жанжақты және терең зерттеуге бағытталған. Біз оның теориялық білімін, практикалық дағдыларын, талдау қабілетін, моральдық қасиеттерін зерттейміз. Бұл ретте, егер бұрын моральдық-адамгершілік қасиеттерді зерделеу тек ұсынымдық сипатта болса, бүгінде мұндай психологиялық тестілеу барлық үміткерлер үшін міндетті. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін біліктілік емтиханының барлық кезеңдері бірнеше жерде өтеді, ал кандидат бойынша түпкілікті шешімді негізінен сот жүйесімен байланысы жоқ заңгерлерден тұратын комиссия қабылдайды. Мәселен, комиссияның 15 мүшесінің тек 3-еуі ғана сот жүйесінің өкілі болса, ал адвокат осы комиссияның төрағасы болып тағайындалды. Объективтілікті арттыру үшін заңнаманы білуге арналған тестілеу компьютерлерде тапсырылады және нәтижелері адамның араласуынсыз автоматты түрде есептеледі. Сондай-ақ, эссе жазу және кейстерді шешу кезінде үміткерлердің жұмысында тегі көрсетілмей, жүйе тарапынан автоматты түрде шифрланады. Сондықтан тексерушілер кімнің жұмысын бағалайтынын білмейді. Тестілеу, эссе жазу және кейстік тапсырмалар шешу кезеңдеріндегі бейненің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ЖСК сайтында орналастырылады. Осылайша, бүгінгі таңда біліктілік емтиханы судья корпусына дайын емес үміткерлерді жібермейтін сапалы сүзгі болып отыр деп сеніммен айта аламыз. Соның мысалы, 2021 жылы 256 үміткердің 28-і ғана (11%) барлық кезеңдерді ойдағыдай еңсерді, ал 2016 жылы бұл көрсеткіш шамамен 25 пайызды қамтыды. Бұл ретте Кеңес біліктілік емтиханының тетігін жетілдіруді, оның ішінде оны өткізу мерзімдерін қысқарту және кандидаттар үшін қолайлылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Мысалы, ағымдағы жылы біз емтихандарды қайта тапсыру мерзімін 6 айдан 3 айға дейін қысқарттық, сондай-ақ үміткерлерге басшылық тарапынан қандай да бір қысымды болдырмау үшін жұмыс орнының мінездеме беруін жойдық. Кандидаттар біліктілік емтиханынан өткеннен кейін соттарда ақылы тағылымдамадан өтеді. Олар бұл кезеңде аудандық сот судьясы жалақысының 70 пайызын, яғни, шамамен 257 мың теңге ала алады. Тағылымдама кандидаттың тәжірибесіне байланысты 3 айдан 1 жылға дейін созылады.

– Жалпы, конкурстық іріктеуді жүргізу кезінде қандай талаптар басшылыққа алынады?

– Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтар болсақ, біріншісі – кандидаттарды сандық критерийлер бойынша автоматтандырылған компьютерлік бағдарламамен бағалау. Бұл кезеңде компьютерлік жүйе кандидаттарды заңгерлік және судья өтілінің ұзақтығы, біліктілік емтиханының нәтижесі, ғылыми дәрежесінің болуы сияқты көрсеткіштер негізінде автоматты түрде орналастырады. Екіншісі – конкурстық комиссияның кешенді бағалауы. Бұл кезеңде конкурстық комиссия мүшелері кандидаттарды автоматтандырылмаған критерийлер бойынша бағалайды. Мысалы, үміткерлердің әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны туралы мәліметтер зерделеніп, жұмыс істеп жүрген судьяларды бағалау кезінде олардың сот төрелігін іске асыру сапасы, судья әдебі сақталуы және басқа да осындай мәліметтер назарға алынады. Одан әрі қосымша бағалау құралдары (қоғамдық пікірді зерттеу), сұхбат беру, кандидатураларды одан әрі ЖСК қарауына шығару үшін конкурстық комиссияның, кеңес мүшелерінің үміткерлерді қарауы және судья лауазымына тағайындауға ұсынылатын кандидатты дауыс беру арқылы айқындауы жүзеге асады. Кандидаттарды іріктеуді ЖСК жанындағы судьяларды конкурстық іріктеу жөніндегі комиссия жүргізеді. Оның құрамына Кеңестің тұрақты мүшелерімен қатар (барлық деңгейдегі судьялар, адвокат және құқық профессоры) заң қоғамдастығының, прокуратураның өкілдері, сондай-ақ HR-менеджмент саласындағы сарапшылар кіреді. Мұндай іріктеу жүйесімен кандидаттарға формальды-бюрократиялық көзқарас білдіру алынып тасталып, келісім мен субъективизм жойылады. Құжаттарды тапсыру кезінде сауалнама, еңбек кітапшасы, медициналық анықтама және басқа да стандартты құжаттармен қатар облыстық соттар жанындағы Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің қорытындысы қоса беріледі. Мұндай кеңестер тең дәрежеде заң қоғамдастығының өкілдерінен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен және отставкадағы судьялардан тұрады. Бұл үміткерлерді қараудың объективтілігін қамтамасыз етеді. Кандидаттарды қосымша зерделеу мақсатында кеңестің сайтында судьялық лауазымдарға арналған конкурстарға қатысатын тұлғалардың тізімі жарияланады және жұртшылық әрбір кандидат бойынша өз пікірін білдіре алады. 2021-2022 жылдары үміткерлерге қатысты 1600-ден астам пікір алынды. Екіншіден, судьялыққа кандидаттарға қатысты жұртшылықтың пікірі әлеуметтік желілер мен БАҚ мониторингі арқылы зерделенеді. Сонымен қатар, кеңес шешім қабылдау барысында азаматтардың конкурстарға қатысатын жұмыс істеп жүрген судьяларға қатысты келіп түскен шағымдарын қарап, назарға алады. Яғни, әрбір кандидат бойынша шешім осындай жан-жақты, объективті және терең бағалау негізінде қабылданады. Мысалы, 2022 жылы лайықты үміткерлердің болмауына байланысты 64 бос орынға конкурс өткізілмеді деп танылды.

– Жалпы, конкурсқа қатысушылар қай өңірлерден көп болып жатыр? Сот саласынан басқа қызметте істейтін заңгерлердің судьялық лауазымға ынтасы қалай?

– Әдетте, конкурсқа қатысушылардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан (1 бос орынға 100 үміткерге дейін), Алматы (1 бос орынға 90 үміткерге дейін) қалаларының аудандық соттары судьяларының бос орындарына үміткер болады. Бұл, ең алдымен, осы қалалардың жоғары мәртебесімен, олардағы өмір сүру сапасының жақсаруымен, сондай-ақ судьялар жалақысының неғұрлым жоғары деңгейімен байланысты деп ойлаймыз. Үміткерлердің ең аз саны алыс және аз құрамды соттарға тән. Мысалы, 2021 жылы Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының судьясы лауазымына небәрі 5 адам, Қарағанды облысы Приозерск қалалық сотының судьясы қызметіне 4 адам үміткер болған. Сонымен қатар, 41 аудандық сот төрағасының бос лауазымына үміткерлер мүлдем болмаған. 2021 жылы судья лауазымына алғаш рет ұсынылған кандидаттар сот жүйесінің қызметкерлері (61 адам), мемлекеттік аппарат пен жеке сектордың заңгерлері (17), прокуратура қызметкерлері (9), өзге де құқық қорғау органдарының қызметкерлері (5), адвокатура мен нотариаттың өкілдері (3) және ғылыми-педагогикалық саланың өкілдері (1), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (2). 2022 жылы 3 байқаудың қорытындысы шығарылды, оның қорытындысы бойынша 157 адам ұсынылды, оның ішінде 38 кандидат бірінші рет судья болып тағайындалды. Судья лауазымына алғаш рет ұсынылған кандидаттар сот жүйесінің қызметкерлері (23 адам), мемлекеттік аппараттың және жеке сектордың заңгерлері (4), прокуратура қызметкерлері (3), өзге де құқық қорғау органдарының қызметкерлері (5), адвокатура және нотариат өкілдері (3).

– Судья лауазымына кадр резервін қалыптастыру туралы айтып беріңізші?

– Кадр резервін қалыптастыруда конкурстық іріктеу кезінде қолданылатын барлық элементтер пайдаланылады. Резервте тұрған адамдардың конкурсқа қатысу кезінде артықшылығы болады. Резервті жүргізу функциясын Кеңеске бергеннен кейін (2019 жылы) оған 197 адам қабылданды, олардың 34 пайызы (67 адам) мансаптық ілгерілеуге қол жеткізді. Кадр резерві мына лауазымдарға қалыптастырылады. Атап айтатын болсақ, аудандық және оған теңестірілген сот төрағасы, облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы, сот алқасының төрағасы, Жоғарғы Соттың судьясы, сот алқасының төрағасы лауазымдарына құралады. Кадр резервінде тұрған адамдар жоғары және басшы лауазымдарға іріктеу кезінде басымдыққа ие болады.

– Судьяларды жауапкершілікке тарту бойынша қандай проблемалық мәселелер бар? Сіздің ойыңызша, Жоғары Сот Кеңесі қызметінің тиімділігін арттыру үшін қосымша шаралар қажет пе? Олай болса, қай бағытта?

– Сот жюриі 2019 жылдан бастап ЖСК жанында дербес құқықтық институт ретінде жұмыс істейді. Алдыңғы комиссиялар сияқты тәртіптік органның құрамына судьялар да, қоғам өкілдері де кіреді. Сот жюриі ЖСК берілген сәттен бастап 169 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың 26-сы теріс кылыққа байланысты себептер бойынша атқарып отырған лауазымдарынан босатылды. ЖСК сот сатысы болып табылмайды және сот актілерін қайта қарауды жүзеге асырмайды. Сонымен қатар, Сот жюриінің мүшелері өз бетінше тексеру жүргізбейді. Сот жюриінің судьяға қатысты материалдарды қарауы үшін әдеп жөніндегі комиссияның қорытындысы немесе жоғары тұрған сот сатысының судьяның заңдылықты өрескел бұзуы туралы шешімі болуы керек. Сот жюриі 9 мүшеден тұрады, олардың 6-ы әртүрлі деңгейде жұмыс істеп жүрген судьялар (Жоғарғы Соттан, облыстық және аудандық соттардан 2-ден). Сондай-ақ, Сот жюриінің құрамына судьялар арасынан ЖКС-нің бір мүшесі және кеңесші дауыс құқығы бар заң қауымдастығының екі өкілі кіреді.

– Судьялар қандай жағдайда тәртіптік жауапкершілікке тартылады?

– Бұл шараға қазіргі уақытта судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін және сот әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасағаны үшін, ал соттар мен сот алқаларының төрағалары лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ғана тартылуы мүмкін. Судьяның еңбек тәртібін бұзуы тәртіптік жауапкершіліктің негізі ретінде заңнан алынып тасталды. Заңды өрескел бұзу ұғымы Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында – судья өз міндетіне адал еместігі, немқұрайлылығы немесе заңды білмеуі салдарынан жасаған айқын және елеулі заң бұзушылық ретінде айқындалады. Судьяның заңды бұзу деңгейін істі апелляциялық немесе кассациялық тәртіппен қайта қарау кезінде жоғары тұрған сот қана бағалайды. Өрескел бұзушылық туралы оның қаулысында тікелей көрсетілуі тиіс. Судьяның қателігі, сондай-ақ сот актісінің күшін жою немесе оны өзгерту судьяның жауаптылығына әкеп соқпайды. Судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасау фактісі Судья әдебі жөніндегі комиссияның шешімінде, ал сот төрағаларының және сот алқасы төрағаларының лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты тәртіптік теріс қылық фактісі Жоғарғы Сот төрағасының ұсынымында немесе жалпы отырыстың шешімінде анықталуы тиіс. Заңдылықты өрескел бұзу және лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша материалдарды Сот жюриіне беру туралы шешімдерді қабылдау Жоғарғы Соттың және облыстық соттардың жалпы отырыстарының құзыретіне, ал судья әдебі нормаларын бұзғаны үшін судья әдебі жөніндегі комиссиялардың құзыретіне жатқызылған. Заңда сондай-ақ Жоғарғы Сот төрағасының кез келген судьяға қатысты тәртіптік жауапкершілік мәселесі бойынша Сот жюриіне ұсыныс енгізу құқығы көзделген. 2019 жылғы мамырдан бастап 2022 жылғы маусымға дейінгі жұмыс кезеңінде Сот жюриі 327 тәртіптік істі және тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу бойынша 9 материалды қарады. Тәртіптік жауапкершілікке 198 судья тартылды, оның ішінде аудандық соттың 151 судьясы және аудандық соттың 31 төрағасы, облыстық соттың 14 судьясы және 2 облыстық сот алқасының төрағасы бар. Барлығы 226 тәртіптік жаза қолданылды, оның ішінде 119 ескерту, 74 сөгіс, 3 аудандық сот төрағасын қызметінен босату және 30 судьяны лауазымынан босату шаралары жүзеге асырылды.

– Мен Нұр-Сұлтан қалалық соты Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде судьялыққа кандидаттар ұсынуға қатысамын. Бізден сыннан өткен судьялардың көпшілігі мемлекеттік тілге шорқақ, ал кейбіреулері мүлдем білмейді. Олар судьялық лауазымды иеленген соң істерді мемлекеттік тілде қалай қарайды? Қазақтілді азаматтармен қалай қарым-қатынас жасайды? Бұл азаматтар құқығының бұзылуына әкелмей ме? Біздің ойымызша, сот жүйесінде мемлекеттік тілге қатысты нақты талаптар қажет. Келісесіз бе?

– Көп нәрсе соттардың орналасқан жеріне байланысты, кейбір облыстарда сот процестерін мемлекеттік тілде жүргізу басым, басқа облыстарда көрініс өзгеше болуы мүмкін. Судья лауазымына кандидатты ұсыну кезінде біз оның мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін және қандай да бір тілде келіп түсетін істердің санын қарастырамыз. Жалпы, мұндай мәселе бар. Бұл Сот төрелігі академиясында болашақ судьяларды дайындау барысында ескерілу керек деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости