12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

АЛТАЙДАН ШЫҚҚАН АРЫСТАН

ЖАЛА МЕН ЖАЗА

Ол ешқашан сенген адамым сатып кетеді деп ойламап еді. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, жаудың жар астында, бөлтіріктің бөрік астында жатқанын қалай кеш байқаған? Бөлтірікті інінде тұншықтырамын деп, бөріге тап болды. Бөрімен алысамын деп, аждаһаның апанына да түсіп кете жаздады. Соның салдарынан уақытша туған өлкеден кетуге де мәжбүр болды. Иә, тағдыры қыл үстінде тұрған сол күндерді ол жауына да тілемейді… Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы «Майқапшағай» кеденіне бастық болып ауысқанына екі жылдан енді ғана асқан болатын. Жұмыс барысы ойдағыдай жүріп жатты. Бірнеше жыл құқық қорғау органында қызмет істеген тәжірибесі кеденнің жұмысын жылдам меңгеріп әкетуге үлкен септігін тигізді. Соның нәтижесінде ұжымда қатаң тәртіп орната білді. Көрсеткіштер де жаман емес болатын. Шекарада тәртіп қатал болған соң, контрабандалық әрекеттерге де жол берілмей, кедендік төлемдер толық түрде өндіріліп отырды. Осы уақыт ішінде кеден басшылығымен «тіл табысып», әмпей-жәмпей жұмыс істесу мүмкін еместігіне талайлардың көздері әбден жетті. Сондықтан да кейбір жандайшаптар кедендік шекараның осал тұсын іздеді. Бірде өзі іссапарға кеткен кезде орнына кеден бастығының міндетін атқарушы етіп қалдырған Қалқай Зақанов есімді жігітке сол кездегі Зайсан аудандық ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлімшесінің бастығы, подполковник З.Қабидолдин келеді. Әңгіме барысында Қытай жағында ұлттық қауіпсіздік комитетіне арналған «литерлі» жүк тұрғаны, соны көпке жария етпей, кедендік тексерусіз және ресімдеу жасамай-ақ өткізіп жіберу туралы өтініш жасалады. Және де олар бұл жүкке басқа да бақылаушы органдар тарапынан еш кедергі болмайтынын ескертеді. Сөйтіп, аталмыш жүктер шекарадан еш тексерусіз және тіркеусіз өте шығады. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды». Біраздан бері қармағындағы кейбір қызметкерлерінің іс-әрекеттерінен секем де алып жүретін. Талай жыл ішкі істер саласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында оперативті уәкіл болып қызмет істеген тәжірибесі де алдамапты. Шекарадан өткен контрабанда жөніндегі қауесет оның да құлағына жетпей қоймайды. Дереу өзі іссапарға кеткенде орнына сеніп қалдырып жүрген әріптесін шақырып алып, шындықты айтуды талап етеді. Бірақ ол спирт өткендігі жөнінде ештеңені мойындамайды, тек өтініш жасап келген адамдарды ғана айтады. Осыдан-ақ бұл оқиғаның астарында үлкен бір қылмыстың жатқаны түсінікті болды. Содан уақытты көп созбай, қытайлық кеденшілерге өтініш жасап, тиісті мәліметтерді көтереді. О, сұмдық-ай! 280 мың литр контрабандалық спирт өтіп кеткен. Бұл істі сол сәтте «Бақылаушы органдармен жауласып қайтемін, кім біліп жатыр дейсің?» деп жылы жауып қоя салуға да болар еді. Олай жасауға ары жібермеді. «Бұл не деген басынғандық?» деп ойлады. Сөйтті де, 1997 жылдың 25 желтоқсанында Шығыс Қазақстан облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментінің бастығы, генерал-майор Х.Т. Ибраевтың атына кедендік шекарадан контрабандалық спирт өткізу фактісіне қатысы бар аудандық ұлттық қауіпсіздік бөлімі басшысының әрекетіне байланысты тиісті шара қолдану жөнінде жазбаша мәлімет жібереді. Бұған қоса, сол кездегі кеден комитетінің төрағасы, генерал-майор Ғ.Е. Қасымовтың атына болған оқиға жөнінде мәлімдеме жазады да, оның соңын былай деп аяқтайды: «… Еліміздің экономикалық қауіпсіздігін және ұлттың денсаулығын тиісті дәрежеде қорғай алмағаным үшін мені өз еркіммен қызметімнен босатуыңызды өтінемін»… Өкінішке қарай, өзінің осындай адалдығының арты талай жүйке тоздыру мен сергелдеңге әкеліп соқтыратынын білген жоқ. «Қара қылды қақ жарамын» деген әрекетінің нәтижесінде маңдайы тасқа барып соғылды. Кеден комитетіне жазған мәлімдемесінің арты кеден органынан қызметтен кетуімен аяқталды. Ал енді осы оқиғаны естіген жаулары оған кеденге қайтып оралар жол жоқ деп ойлады. Сөйтті де, шабуылды үдете түсті. Сонымен қатар, өзінің Шығыс Қазақстан облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының атына жазған мәліметі бойынша, сол жылдың 27 желтоқсаны күні Зайсан ауданына комиссия келеді. Комиссия мүшелері келген бойда аудандық ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлімшесінің бастығы З.Қабидолдинмен әңгіме өткізбекші болады. Бірақ та ол сол күні жұмысының көптігіне байланысты әңгімені ертеңге қалдыруды өтінеді. Алайда, сол күні түнде З.Қабидолдин өзін-өзі атып өлтіреді. Бәленің бәрі осыдан басталады. «З.Қабидолдиннің өліміне Е.Абдрахмановтың ықпалы болды» деген желеумен оның үстіне қылмыстық іс қозғалады.

ЖАН АЗАБЫ

Ерікжан қатты күйзеліске түсті. Жан азабы алпыс екі тамырын шымырлатып, тұла бойын мұздатып барады. «Сонда не үшін, не үшін?..» деген сауалдар жанын жегідей жеуде. Қаншама есікті ашуға, қаншама жаудың бетін қайтаруға, қаншама дәлелдемелер табуға тура келді. Бұған қоса, қорқыту мен үркітудің арты өзінің жеке басы ғана емес, жанұясына да қауіп төндірді. Артынан мықтап аңду түсті. Тіпті, бала-шағасын ешкімге көрсетпей, айдаладағы шопандардың үйіне апарып тығуына да тура келді. Алайда, ауған соғысының өтінде шыңдалған жігері және ішкі істер органында жинаған үлкен тәжірибесі бар ол ешбір қорқытудан да, үркітуден де тайсалмады. Енді, қылмыстық істі қысқарту жөніндегі анықтамадан үзінді келтірейік: «…Алдын ала тексеру барысында анықталғанындай, «Майқапшағай» кеденінің бастығы Е.Абдрахманов тарапынан функционалдық міндеттерін орындауда кемшіліктер жіберілмеген, керісінше, контрабандалық спирт жөнінде тиісті ақпаратты алысымен, аталмыш фактілерді айғақтау және бұндай әрекеттерге алдағы уақытта жол бермеу үшін тиісті шаралардың бәрін қолданған»… Дәл осы оқиғадан кейін ол жарты жылдан аса жұмыссыз жүрді. Сол кезде аяғына жылан болып оралып, тасадан тас атушылар да қол қусырып жатпады. Ал ұйқысыз өткен әр түннің машақатын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осындай отты күндер оны үлкен бір өмір мектебінен өткізгені сөзсіз. Бұл айқас оның алдында тұрған талай жеңістердің баспалдағы болғанын ол сол кездерде білген жоқ, әрине. Ақырында әділеттілік те салтанат құрды. Сөйтіп, 1998 жылдың 13 шілдесінде кеден органына қайтып оралды. Алайда, жеке басының қауіпсіздігі үшін басқа облысқа ауысуға тура келді. Сол кезде Е.Абдрахмановты Алматы облыстық кедендік бақылау басқармасы бастығының орынбасары қызметіне таныстыруға келген кеден комитетінің төрағасы, генерал-майор Ғани Қасымов: «Он настоящий боевой офицер» деп ерекше атап өтті.

ТОЗАҚТЫҢ ҚАҚПАСЫ немесе ШЕКАРАДАҒЫ ДҮРБЕЛЕҢ

Кезінде республиканы дүрліктірген «Қорғас» оқиғасы туралы ақиқат әлі толық ашыла қойған жоқ. Сол оттың ортасынан қалай тірі шыққанына оның өзі де көпке дейін сенген жоқ. Тіпті, оның жаңғырығы әлі күнге дейін бітпеген сияқты… 2002 жылдың 25 қаңтарында Елбасы Астанада барлық деңгейдегі әкімдермен кеңес өткізді. Сол кеңесте Қытаймен шекарада орналасқан кедендердің атына үлкен сын айтылды. «Қытаймен арадағы мемлекеттік шекаралар маңында, жол бекеттерінде жемқорлық жойылмай отыр. Бұл учаскеде бір айдың ішінде тәртіп орнатып, нәтижесін мәлімдеуді құқық қорғау органдарына тапсырамын», – деді Елбасы. Көп ұзамай Үкімет отставкаға кетіп, Кеден комитетінің басшылығы да ауысты. Кеден комитетінің уақытша төрағалығы міндетін атқаруды сол кездегі Кіріс министрі З.Кәкімжанов өз қолына алды. Іле-шала, 11 ақпан күні, З.Кәкімжанов астанаға бірнеше кеден басқармасы мен Қытаймен шекарада орналасқан кедендердің, сондай-ақ кейбір кеден бекеттерінің бастықтарын шақырып алып, әрқайсысымен жеке-жеке әңгіме өткізеді. Сол күні Қытаймен шекарада орналасқан кеден бастықтарының бәрі қызметтен босатылады. Содан кейін «Қытаймен шекарада орналасқан кедендерге тәртіп орната алатын жігіттер бар ма?» деген жауапты сұрақ туындайды. Сол кезде атышулы «Қорғас» кеденіне бастық ретінде Е.Абдрахмановтың кандидатурасы, «Бақты» кеденіне менің, ал «Майқапшағай» кеденіне сол кездегі «Уба» кеден бекетінің бастығы Б.Смағұловтың кандидатурасы ұсынылады. Сөйтіп, үшеуміз де бір күнде бір бұйрықпен үш жаққа аттандық. Мен сол кезде Қытаймен шекарадағы шиеленіскен ахуалды жақсы білетіндіктен, кеденге басшы болып емес, дәл соғысқа аттанып бара жатқан командир сияқты сезімде болып едім. Біздің алдымызға үш міндет қойылды. Бірінші – шекаралық кедендерде орын алған сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу, кадрларды кәсіпкерлігіне қарай іріктеу және кеденшілерді қылмыстық топтың ықпалынан ажырату. Екінші – контрабандаға қарсы үзілді-кесілді тосқауыл қою. Үшінші – басқа қалталарға кетіп жатқан кедендік төлемдерді түгелдей мемлекет қазынасына түсіру болатын. Осылайша, біздің маңдайымызға алты басты айдаһармен алысуға тура келетін тағдыр жазылғанын түсіндік. Сол бір айтулы кезеңде біздің көрген құқайымыз бір бөлек әңгіме. Ал Ерікжан Абдрахмановтың «Қорғас» кеденінде басынан өткерген ержүрек қимылы, табанды әрекеттері кеден тарихында үлкен әріппен жазылып қалды. Кеденге бастық етіп тағайындар кезде З.Кәкімжановтың: – Ерікжан, бәрінен де саған қиын болатынын білемін. Сондықтан да менің ұялы телефоныма кез келген уақытта тікелей хабарласуыңа рұқсат беремін. Егер де алты айдың ішінде «Қорғаста» тәртіп орната алсаң, онда Қазақстанның картасындағы қай кеденді көрсетесің, соған бастық етіп жіберемін, – деп сенім артуы бекер болмаса керек. Министрдің осы сөзі оған үлкен рух берді. Сондықтан да бұл сенімді ақтамауға моральдық құқы жоқ еді. Ақпан айының 14-інен бастап Е.Абдрахмановтың келуімен «Қорғас» кеденінен импортталған жүктерді тасу кілт тоқтады. Кеше ғана жолаушылар мен жүк көліктері ары-бері қайшыласып жатқан шекарада бір-ақ күннің ішінде мүлгіген тыныштық орнады. Қытай жағында бері шыға алмай, жүк тиелген жүздеген автокөлік керуені кептеліп тұрды. Ерікжан жұмысқа білек сыбана кірісе сала, өткенге талдау жасады. Жыл басынан бері (2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап) 14 ақпанға дейін импортталған тауармен 998 жүк машинасы өткен екен. Ал түскен кедендік төлемдер жүз миллионға да жетпейді. Жүк тасыған әр көліктегі тауардың салмағы мен кедендік құны 15-20 есеге дейін төмендетілген. Сонда миллиардтан артық қыруар ақша мемлекет қазынасына түспеген. Өне бойы мұз қарығандай дір ете түсті. Себебі, әр көліктен өз үлесін алып отырған бақылаушы органдардың қылмысты әрекетіне тосқауыл қойылуы, қаржы полициясы қызметкерлерінің қоқан-лоққылары, бандиттік топтардың ықпалсыз қалуы бір адамға өте ауыр екені түсінікті. Бәрінің қайраған тістері мен назарлары Е.Абдрахмановқа бағытталған.

ЖАЛА ҚАЙДА ДЕМЕҢІЗ

Мұндай жауапты да қауіпті сәттерде қасақана бір бәлені ұйымдастыра салу, ойламаған жерден орға түсіру түкке де тұрмайды, әрине. – Бекен, – деді бірде Ерікжан «Қорғас» кеденінен телефон шалып, – өзіңді байқа, жігіттерді сақта. – Не боп қалды, Ереке? – дедім түкке түсінбей. – Кеше маған қаржы полициясының бірнеше жігіті келді. Қолдарында «күдіктіні ұстау жөнінде хаттама» бар екен. Тұтқындау жөніндегі қағаздарымен танысып отырып, ішінен «жеке тексеру хаттамасын» көріп қалдым. Оқысам, хаттамада менің қалтамнан «өзіндік исі бар ақ ұнтақ табылды» деп жазып қойыпты. Көрдік дегізіп, алдын ала жалған куәгерлердің де қолын қойғызып алған. Ыза болғаным соншалық, дереу орнымнан атып тұрдым да, тапаншамды кезеп тұрып, өздерінің заңсыз әрекеттерін куәландырып, қаматып тастадым. Олардан зұлымдықтың небір түрін күтуге болады, сақ болыңдар, – деді. Ерікжанның көретін құқайы бұнымен де бітпепті. Бірде оны Рахат ӘлиевтІң кедендегі қаржылық жұмыстарын шешіп жүрген Аманбек Жақашов (белгілі себептермен атын өзгертіп алып отырмын) кездесуге шақырады да, әңгімені төтесінен: – Біз бұрынғыдай әр көліктен өз үлесімізді алып отыруымыз керек. Әйтпесе ана күйеу бала қатты ренжиді саған. Оның құдіретін өзің білесің ғой, – деп ашық айтады. Сол кезде Ерікжан еш ойланбастан: – Жоқ, менің алдыма қойылған міндеттер басқаша, – деп бірден кесіп тастайды.

Қаншама жыл ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып жүрген Аманбек одан мұндай жауапты күтпеген еді. Және де оның бетін қайтарып тұрған бірінші адам Ерекең ғана шығар, бәлкім. Бұл әңгімеден кейін ол өзіне мықты жау тапқанын түсінді. Осы оқиғадан кейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы күнде-күнде кеденшілерді жамандаған ақпараттар ағыны қарша борады. Естіп отырсаң, төбе шашың тік тұрады. Әрине, сөйлеушілердің артында үлкен бір күштің итермелеп, қанатына су бүркіп тұрғанын аңғару қиын емес еді. Әйтпесе, қайдағы бір қаржы полициясының полковнигі Серікбек Жаншиденовке (атын өзгертіп алып отырмын) күнделікті «Хабар», «КТК» телеарналарынан Үкімет мүшесіне қарсы ойларына келгенін сөйлетіп, соншалықты эфир беру де бекерден-бекер емес екені түсінікті. Бұл жөнінде З.Кәкімжановтың өзі де баспасөз конференциясында: – Бұл жағдайдың артында кімдер тұрғанын, шабуылды қандай бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұйымдастырып жатқанынан-ақ біліп тұрған шығарсыздар, – деп батыл айтып өтті. Иә, Ерікжан келгенге дейін Рахат Әлиев «Қорғас» кеденін «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстады. Бұл жағдайды биліктегілер де жақсы біліп отырды. Сондықтан да ол жаққа ешкім батылы жетіп, тісін батыра алмады. Бұл стереотипті бұзуға Мемлекеттік кіріс министрі Зейнолла Кәкімжанов пен «Қорғас» кеденінің бастығы Ерікжан Абдрахмановтың ғана батылдығы жетті. Қалай дегенмен де қоғамдық пікірді қалыптастыруда баспасөздің де атқаратын рөлі зор. Сондықтан да төртінші билік деп бекер айтылмаса керек. Сонымен қатап ол кезде интернет пен әлеуметтік желілер онша дамымаған уақыт. Осы орайда 2002 жылдың 11 сәуірінде «Мегаполис» газетінде: «Хоргосский скандал: «война» по заказу?» деген материал жарияланды. Онда былай деп жазылды: «…Просто после чистки таможенных кадров, начатой Министром госдоходов Какимжановым, и назначением новым начальником поста господина Абдрахманова, видимо, был полностью перекрыт «зеленый» денежный поток, текущий к тому самому эксбонзе из одной силовой структуры… Эти господа просто выполняли определенный заказ, чтобы вернуть все на круги своя». Сол кезде жалғыз осы мақала ғана біраз шындықтың шетін шығарып, қатпарланған тоң жіби бастады…

ҚЫРСЫҚ ҚЫРЫҚ АҒАЙЫНДЫ

Ерекең өзінің әр қадамы санаулы, телефоны тыңдауда тұрғанын жақсы білді. Аяғын шалыс басса немесе телефонмен артық сөз айтса болды, итше талауға дайын тұрғандарда есеп жоқ еді. Сондай күндердің бірінде оның ізін аңдушылардың айтуымен болса керек, мейрамханада тамақ ішіп отырған жерінен қылмыс әлемінің серкесі Атаба (Талғат Атабаев) кіріп келеді. Ерекеңмен сыпайы амандасып, шекарадағы жағдайға байланысты әңгімені бастайды. Тағы да әр көліктен өздерінің алып отырған бұрынғы үлесі туралы айтылады. Сол кезде: – Жоқ, Тәке! Мен ондай жасай алмаймын. Менің міндетім мүлде басқа, – деп қысқа қайырады. Атаба осы әңгімеден кейін Ерікжанның батырлығын, ештеңеден қайтпайтын қайсарлығын мойындаса керек, оған тіс қайрамайды. Алайда, басқалары қарап жатпайды. Телефонмен «Өлтіреміз, бала-шағаңды кепілдікке аламыз» деушілер де болды. Әуелі теледидардан: «Қорғас» кеденінің бастығы қамауға алынды», «Қорғас» кеденінің бастығына іздеу салынды» деген жалған ақпараттар да кетіп қалды. Сондай күндердің бірінде кешкілік ұялы телефоны шырылдап қоя берді. Қараса, Өскеменнен хабарласып тұрған жолдасы Альмира екен. Жүрегі су ете түсті. Дереу телефон тұтқасын көтерсе: – Теледидардан сен туралы жайсыз хабарды естіген балаң сабаққа да барғысы жоқ. Кластастары «Сенің әкең қылмыскер» деп айтатын көрінеді, – дегенді естігенде, төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Содан баласы Ілияспен сөйлесіп, Алла сәтін салса, бәрі дұрыс болатынына, ел алдында ары таза екеніне сендірді.

«Қырсық қырық ағайынды» деген де рас-ау. Бұған қоса іле-шала «қызметтік өкілеттігін шектен тыс пайдаланды» деп оңтүстік-шығыстағы көлік прокуратурасы Е.Абдрахмановтың үстінен негізсіз фактіге құрылған қылмыстық істі қозғап жіберді. Оған қаржы полициясы қызметкерлеріне қару кезеніп, кеденнің әкімшілік ғимаратының ішінде қаматып тастағаны себеп болды. Онымен қоймай, сол кезде қаржы полициясының қызметкерлері кедендік ресімдеуден өткен тауар тиеулі көлікке автомат та лақтырып кетті. Сөйтіп, құдды бір Италияның «Спрут» киносериалындағы оқиғалар желісі сияқты, кедендік шекарадағы ахуал тозақтың қақпасына айналып кеткендей болды. Таңертең ұйқыдан тұрған бетте ол бүгін жауларының өзіне тағы да қандай «сияпат» дайындап қойғаны туралы ойлайтын. Әр бейнеттің өз зейнеті бар емес пе? Кеденшілер кездескен қиыншылықтарға қарамастан, жанталаса еңбек етті. Кедендік ресімдеу барысында импортталатын тауар тиеген әр жүк көлігі қатаң бақылауда болды. Сәуір айының аяғында кедендік төлемдер миллиард теңгеден асты. «Я мзду не беру, мне за державу обидно» дейтін Верещагиннің ізбасарлары контрабандалық жолмен басқа қалталарға кетіп жатқан керуеннің жолын кесті. Сөйтіп, сол жылдың сәуір айында ғана республикалық бюджетке кедендік төлемдер бойынша 1 миллиард 86 миллион 473 мың теңге аударылды. Осылайша ол арының таза, өз ісінің ақ екенін қоғам алдында үлкен күшпен дәлелдеп шықты. Бұл қаражат «Қорғас» кеденінің 2001 жылғы бір жылдық көрсеткішінен асып кететін еді. Асыға күткен қуанышты хабарды телефон арқылы дереу Зейнолла Кәкімжановқа хабарлады. Сол кезде өзінің ризашылық сезімін жасыра алмаған министріміз: – Ни черта себе. Молодец Ерик, так держись, – депті.

ҚОРҒАСТАҒЫ НӘТИЖЕ

Аталмыш жаңалық туралы З.Кәкімжанов ізін суытпай, сол кездегі Үкімет басшысы И.Тасмағамбетовті хабардар етеді. Көп ұзамай, мамыр айында «Қорғас» кеденінің бастығы Е.Абдрахмановқа Премьер-Министр И.Тасмағамбетовтің қолы қойылған Алғыс хат берілді. Осы жетістікті кезінде қорғастық кеденшілер «Қорғас» революциясының жеңісі» деп атады. Бұл жерде, әрине, сол бір қиын да жауапты сәттерде қамқор қолын созып, тірек бола білген З.Кәкімжановтың да еңбегі өте зор. Зейнолла Халидоллаұлының министр ретіндегі батылдығы мен қағидатшылығында шек жоқ еді. Әсіресе, Ерікжан өзін қамауға алуға келген қаржы полициясы қызметкерінің маңдайына тапаншасын төсеп тұрып: – Министр мырза, мен қазір өзімді заңсыз қамауға алуға келген қаржы полициясы қызметкеріне тапанша кезеніп тұрмын. Сіздің тарапыңыздан қандай көмек болатынын естігім келеді. Бұндай бассыздыққа жол бере алмаймын. Атудан басқа амалым жоқ, – деген кезде: – Қызбаланба, Ерікжан. Қазір мен саған хабарласам, – деп телефон тұтқасын қоя салады. Содан бес минуттай уақыт өткен кезде қайта байланысқа шығып: – Ерікжан, атсаң өзің ғана ат. Мен сен үшін жауап беремін, – деген сөзі кеденшілер арасында әлі күнге дейін аңызға айналып кетті. Міне, адам тағдыры қыл үстінде тұрған мұндай жауапты сәтте екінің бірі өз басын тәуекелге тіге алмайтыны ақиқат. Осылайша, министріміз өз атына қаншама ауыр да әділетсіз сөздер естісе де, қаншама қиындыққа тап болса да, қарамағындағы қызметкерлерін жанын салып қорғай білді. Сонымен қатар сол кездегі Алматы облысының прокуроры қызметін атқарған Жақсылық Байтұқбаевтың да еңбегі зор болды. Себебі ол Ерікжанның үстінен қозғалған қылмыстық істер мен арыздардың барлығы негізсіз, жалған фактілерге құрылғанына көз жеткізіп, әділеттіліктің салтанат құруына үлкен ықпал етті. Сол кездері бұл жетістік жөнінде «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Қорғас»: трехлетние показатели – за три месяца» деген мақалада (29.06.02): «…Подобное понимание проблемы при суще и всей новой команде, пришедшей на основные таможенные посты страны. По крайней мере, тенденция, которая отмечена на «Коргасе», прослеживается и в остальных областях. Таможенный прогноз план в целом по Казахстану перевыполнен более чем в два раза. Пока мы беседовали с Ерикжаном Абдрахмановым, позвонил начальник таможни «Бахты» Бекен Нұрахметов. По его таможне выполнение прогнозного плана составило 117 процентов, прошлогодний показатель уже перевыполнен на 600 процентов. И в целом по стране пятимесячные показатели таможенников по областям перекрывают итоговые прошлогодние. И не на тысячи – в разы. Связываются эти перемены как с новым руководителем таможенного комитета республики, так и с приходом команды профиссионалов» деп атап өтілді. Сонымен қатар «Время» газетінде жарияланған «Хоргос гейт» деген шағын мақалада «Қорғас» кедені айына бір миллиардтан артық табыс берсе, бұл дегеніңіз Алматы облысының сол кездегі бір жылдық бюджетін құрайтыны жөнінде айтылды. Мысалы, «Қорғас» кеденінде мемлекет қазынасына кедендік төлемдер мен салықтардан түсетін ақша көлемі 1999 жылы 900 миллион теңгені, 2000 жылы 840 миллион теңгені, 2001 жылы 720 миллион теңгені ғана құраған екен. Жыл сайын импортталатын тауар айналымы бірнеше есеге өсіп отырғанына қарамастан, кедендік төлемдер, керісінше, құлдырай берген. Ал, Е.Абдрахмановтың басқаруымен 2002 жылы небәрі алты-ақ айдың ішінде ғана кедендік төлемдерден мемлекетке өткізген қаржысы «Қорғас» кеденінің соңғы он жылда бергенінен асып түскенін айта кеткен орынды. Осы орайда, сөзіміз нанымды болу үшін газет материалынан үзіндіге көз салайық: «…ранее здесь существовала система, по которой средний вес груза занижался в 15 раз, а таможенная стоимость автотранспорта – в 20 раз. Условно говоря, если сумма полного декларирования составляла $10 тыс., то участники ВЭД платили официально 500 долларов США, а в виде наличных отдавали «кассирам» $3-4 тыс… Средства аккумилировались и под прикрытием правоохранительных органов доставлялись в определенные места «боссам»… («Панорама», 22.03.2002.).

ЖЕҢІЛГЕНДЕР КЕШІРМЕЙДІ

Ерікжанның «Қорғас» кеденіндегі жеңісінен кейін ел арасында әртүрлі қауесеттер жүрді. «Жеңіліс тапқандар оны кешірмейді» деген ызғарлы сөздер де айтылмай қалған жоқ. Сондай күндердің бірінде мен кезінде өзімізді қызғыштай қорғап, үлкен қамқорлық жасаған сол кездегі Мемлекеттік кіріс министрі Зейнолла Кәкімжановпен кездескен едім. Әңгіме арасында Зейнолла Халидоллаұлы маған: – Сол кезде біздің жауларымыз мені және Ерікжанды өлтіруге тапсырыс беріп қойған болатын. Бізді неге өлтіре алмағанын білесің бе? – деді. Мен білмейтінімді айтқанымда, сөзін қайта жалғап: – Себебі, біз жауларымызбен ашық соғыстық. Бізді өлтірген жағдайда, тапсырыстың Рахат Әлиев жақтан шыққаны бірден белгілі болатын еді. Олар содан қорықты, – деді ештеңені жасырмай. Иә, шынымен де «Қорғас» оқиғасынан кейін Ерікжанның артына түсіп, аяқтан шалмақшы болған әрекеттер толастамады. Оның бойындағы айтқанынан қайтпайтын қағидатшылық пен қара қылды қақ жаратын адалдығы кей басшыларға ұнамады. Себебі, оларға Қытаймен шекарадағы «Бақты» және «Майқапшағай» кедендерінде өз билігін жүргізу керек болды. Ал Шығыс Қазақстан облысында кедендік бақылау департаментінің бастығы болып Ерікжан тұрғанда, олар ондай бассыздыққа бара алмайтыны анық. Үстінен бірнеше мәрте қызметтік тексерулер де жүргізілді. Бірақ қызметтен қуатындай ешбір ілік таба алмады. Ақыры оны шығыстан ығыстырып, кедендік бақылау департаментінің бастығы етіп Ақмола облысына жіберді. Ал Ерікжан болса, Ақмола облысына барған бетте де тыныш жатпай, үлкен бір ұйымдасқан қылмыстың бетін ашты. Жалған транзит фактілері бойынша үш айдың ішінде ғана Қылмыстық кодекстің 209-бабы бойынша (экономикалық контрабанда) 23 қылмыстық істі қозғап жіберді. Бұндай көрсеткіш департамент тарихында болмаған еді. Соның нәтижесінде талай контрабандистер ат-тонын ала қашып, олармен байланыста болған бірнеше кеденші жұмыстан қуылды. Сөйтіп, ештеңеден қаймықпайтын Ерекең аз ғана уақыттың ішінде тағы да үлкен бедел жинап алды. 2008 жылы Ерікжан Абдрахманов «Достық» кеденіне бастық болып тағайындалды. Тағы да Қытаймен шекара, тағы да айқай-шуы көп жер. Жаңадан тағайындалған төрағамыз, генерал-майор Қозы-Көрпеш Кәрбозовтың оны сол жерге не үшін тағайындап отырғаны да түсінікті еді. Кеденді бандиттік құрылымның ықпалынан ажыратып, темірдей тәртіп орнату керек болды. Осылайша, Ерікжан «Достық» кеденінде де ержүрек әрі қағидатшыл бастық ретінде өз қолтаңбасын қалдыра білді. Оған дәлел ретінде 2012 жылдың 14 сәуірінде «Время» газетінде жарияланған «Чужие здесь не воруют» атты мақалаға (авторы Т.Кучуков) тоқтала кеткенді жөн көрдім. Онда автор «Достық» стансасындағы көліктік полиция бөлімшесінің бастығы, подполковник Ерлан Әлімбековке сұрақ қойған кезде ол былай деп жауап беріпті. Газет материалынан үзінді: «– Несколько лет назад начальник таможни «Достық» Жанарбаева Нургуль жаловалась, что местный криминалитет полностью оккупировал границу и все переходы. Она утверждала, что ее же подчиненные «ходят под бандитами». Что-то изменилось с тех пор? – Я в те годы работал в другой службе, но слышал про передел сфер влияния. После Жанарбаевой начальником пришел Ерикжан Абдрахманов. Он перестал проводить растаможку грузов на «Достыке» и передал эти функции таможенникам на конечных станциях. Он довольно жесткий мужик – быстро навел порядок на границе и, не поверите, криминалитет сам по себе исчез. Сейчас организованной преступности у нас нет…»

БАТЫРЛЫҒЫНА БАС ИДІМ

2002 жылдың 12 қазанында тоғыз айдың қорытындысы бойынша Астанада Кедендік бақылау агенттігінің алқа мәжілісі өтті. Ол кезде «Бақты» кеденінің бастығы қызметінде болатынмын. Ерікжан болса, екі ай бұрын ғана «Қорғас» кеденінен ауысып, Шығыс Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментінің бастығы қызметіне тағайындалған еді. Алқа мәжілісіне көңілім көтеріліп, үлкен дайындықпен бардым. Себебі көрсеткіштеріміз кедендік төлемдер бойынша өткен жылмен салыстырғанда 600 пайызға көтерілген болатын. Өкінішке қарай, сол алқа жиынына алғыс естимін деп барған басым бәрі керісінше болып, қызметіммен қош айтыстым. Кедендік бақылау агенттігінің жаңадан тағайындалған төрағасы Бердібек Сапарбаевтың «Майқапшағай» кеденінің бастығы Бауыржан Смағұлов екеумізді қызметтен босату жөніндегі бұйрығы оқылған кезде, біз ештеңені түсінбей қалдық. Бір қарасам, Ерікжан қара бұлттай түнеріп кетіпті. Дереу орнынан атып тұрып: – Төраға мырза! Мен сіздің бұндай кадрлық саясатыңызбен және мына жігіттерді қызметтен босату жөніндегі шешіміңізбен келіспеймін. Бұлардың жұмысты жақсы жолға қойғаннан басқа не жазығы бар? Сондықтан да бүгін мен де сіздің атыңызға мәлімдеме жазып, кеден органынан кетемін…», – деді. Зал сілтідей тынды. Әрине, атышулы «Қорғас» кеденінде кландық жүйеге жақын адамдармен айқасқанда сағы сынбаған және әскери борышын Ауғанстанда өткерген Е.Абдрахмановтың мынадай мінез танытуы залда отырған талайлардың мысын басып тастады. Тіпті, төрағаға қарсы шықпақ түгілі, көлеңкесінен қорқатын кейбіреулер үшін төбеден жай түскендей әсер еткені де сөзсіз. Дәл осы жерде алқа жиналысының нүктесі де қойылды. Жиналыс біткен соң Ерікжан Абдрахмановтың жанына келіп: – Ереке, бізге араша түскеніңізге рақмет. Бірақ бекер істедіңіз. Мына сөзіңізден кейін сізді де орныңызда қалдыра қоймас, – дедім. Дәл сол кезде Ерікжанның әділдік жолында ештеңеден тайсалмайтын және досы үшін басын тәуекелге тіге білетін қасиетінің алдында басымды иген едім. Әлі де иіп келемін. Мына жағдайдан кейін біздің кедендегі қызметімізге нүкте қойылатын шығар деп ойлағаған едім. Себебі, Бердібек Машбекұлы мен Ерікжанның арасында болған түсініспеушілікті пайдаланып, жанып тұрған отты одан сайын көсеп жібермекші болған пенделер де бой көрсеткені рас. Оларға Ерекеңнің орны керек еді. Алайда, Бердібек Сапарбаев ағамыз өсекке ермей және кек сақтамай, үлкен азаматтық танытты. Оның бойындағы адамгершілік пен іскерлік қасиеттерін және мінезіндегі өткірлік пен шыншылдықты жақсы бағалай білді. «Мен тар жолда жолдасын тастап қашпайтын сен сияқты азаматтарды сыйлаймын» депті әңгіме арасында оған. Сөйтіп, мемлекеттік марапатқа да ұсынды. Соның нәтижесінде Ерікжан Абдрахманов Елбасының Жарлығымен 2005 жылы екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұндай адамгершілік екінің бірінің қолынан келмейді, әрине. Әсіресе, қазіргі заманда. Осы бір сәттік оқиға арқылы Ерікжан ғана емес, Бердібек Машбекұлының да азаматтық бейнесі айқындала түсті.

СОҢҒЫ ДЕМ немесе ЖАУЫНГЕРЛІК РУХ

Иә, тау адамдарының өзіндік мінезі болады. Бәлкім, «Тау баласы тауға қарап өседі» деген сөз де осындайдан шыққан болар. Қайсар мінез, өжеттік, керек жерінде қатыгездік пен қаталдық әр адамға туған топырақтан сіңеді десек, қателеспеспіз. Сондықтан да оның бойындағы алақұйын мінезіне байланысты лақап аты да өте көп болатын. Біреулер оны Алтайдың тумасы болғандықтан «Кербұғы» десе, енді біреулері «Афганец» дейтін. Ал енді қылышын сермеп, қып-қызыл айқастың ішінде жүргенін көрген кезде, «Чапай» деп те айтатын. Ол шынымен де нағыз жауынгер болатын. Сондықтан да оның досы қанша көп болса, жаулары да аз емес еді. Бейбіт өмірдің өзінде бүкіл өмірі күреспен өтті. Ол ылғи да: «Все можно купить, кроме чести и совести», — деп айтатын. Ерекең тек күресіп қана қойған жоқ. Қаншама шәкірт тәрбиелеп, оларға ақиқат жолында тайсалмай күресуді үйретті. Алайда, оның жасаған ерлігін қайталау әлі күнге дейін бірде-бір кеденшінің маңдайына бұйырмапты. Мүмкін, уақыт өте келе, Ерікжан сияқты азаматтардан тәрбие көрген кеденшілердің жаңа толқыны көкжиектен көрініс беретін шығар. Тіпті, соңғы демі таусылып бара жатып, тілін кәлимаға келтіріпті. Не деген ерік пен жігер десеңші! Содан кейін қасында отырған жан досы, полиция полковнигі Оралбек Белімбаевқа қарап: «Қанжарымды әкеліп берші, Ореке» деп өтініш жасапты. Оралбек дереу қанжарын қынабынан шығарып, қолына ұстатыпты. Сөйтіп, қанжарының ұшын көкке қаратқан күйі көзі жұмылып кете берген екен. Бұл да бір жауынгерлік рухтың белгісі болса керек. Себебі, ұлы қолбасшы, КСРО маршалы Г.Жуков өлерінің алдында қолына қылышын ұстап жатып көз жұмыпты деген дерек бар. Ол осы күндерге жетуді армандап еді. «Жағымпаздық пен жемқорлықтан шаршадық қой. Бұларда тойым бола ма өзі?…» деп күйінетін. Сондықтан болар, жасы елуден асқан шағында шашы түгелдей ағарып кетті. Оның ағарған әр тал шашының түбінде қаншама қиянаттың белгісі жатқаны бір өзіне ғана аян, әрине. Қазіргі уақытта Қытаймен шекарадағы ахуал өзгеріп, кеденнің бақылау аймағын монополия жасап алған кланды топтар кетті. Бұл жағдайды көргенде ол қалай қуанар еді, шіркін! Оның бар арманы осы еді ғой. Өкінішке қарай, бұл күнді көруді Жаратқан иеміз оның маңдайына жазбапты. Жуырда Өскемен қаласына жолым түсті. Бірінші кезекте Ерікжан ұстазымның мәңгілік мекеніне барып, құран бағыштадым. Бейіт басындағы полковник формасындағы суреті көзіме оттай басылды. Өткір жанары мен қою қара мұртына қарап, бейне бір Бауыржан Момышұлына ұқсатқандай болдым. Шынымен де екі батырдың мінезінде өзара ұқсастық көп еді. Бар-жоғы 58 жас ғұмыр кешіп, Алтай тауының етегінде бір төмпешік қана болып қалыпты. Алайда, осы кішкене төмпешіктің астында қандай асқақ рухтың иесі жатқанын біреу білсе, біреу білмейді, әрине. Сөйтіп, ол көзінің тірісінде ешкімнің алдында басын имей, өз биігінде көз жұмды. Ерекең шынымен де Кербұғы сияқты текті және Алтайдан шыққан арыстан жүректі азаматтардың бірі емес, бірегейі еді. Иә, дүние жалған екені ақиқат. Кейде мына бес күндік фәниде болып жататын кейбір келеңсіз көріністерге қарап тұрып, сол жерге Ерікжанның тоқпағы жетпей тұрған сияқты көрінеді маған. Шерағаңның (Шерхан Мұртаза) сөзімен айтқанда, «Бір кем дүние»…

Бекен НҰРАХМЕТОВ


Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...