28 C
Алматы
Пятница, 8 июля, 2022

ҰБТ: БІЛІМ БӘСІНДЕ — БАҚ ЕМЕС, БАП ШАБАДЫ

Тағы бір оқу жылы аяқталып, балалардың жазғы демалысының бір айы да өте шықты. Бұл мезгіл төменгі сынып оқушылары үшін ұзақ мерзімдік демалыс десек, он бірінші сыныпты тамамдап жатқан түлектер үшін болашағын бағамдайтын нағыз өмірлік сынақ деуге болады.

Биыл елімізде 161 мың 430 түлек орта мектепті бітіріпті. Соның ішінде 7,5 мың бала алтын белгі иегері. Республика бойынша ҰБТ тапсыруға 290 мыңға жуық өтініш келіп түскен. 5 шілде күні ре спублика бойынша ҰБТ тапсыру науқаны аяқталды. Оның ішінде түлектердің 75,7% қазақ тілінде, 24, 1% орыс тілінде, 0,1% ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ басталғалы шекті балды 67%-ға жуық талапкер жинады.

Биыл мемлекеттік білім беру гранты қалай бөлінбек?

2022–2023 оқу жылында бакалавриатқа түсу үшін 61 мыңнан астам грант бөлінген болса, оның ең көп бөлігі инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінген – 17 794 грант. Педагогикалық ғылымдар – 10810 грант, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 7487, жаратылыстану ғылымдары – 4088, ауыл шаруашылығы ғылымдары – 1895, денсаулық сақтау саласындағы мамандықтарға – 2700, өнер және гуманитарлық ғылымдар – 1615, бизнес, басқару және құқық – 1223, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат мамандықтарына 960 грант бөлінді.

Тестке дайындайтын орталықтар һәм ауыл квотасы

Жыл бойы 10-11 сынып оқушыларының ақылы білім беретін орталықтардың табалдырығын тоздырып жүргені жасырын емес. Бұндай орталықтар саны жыл сайын артып келеді. Әр орталықтың қызмет көрсету сапасы да, бағасы да әр түрлі. Мәселен, онлайн бөлімін қоспағанда 12 бөлімшесі бар «Қазбілім» орталығының сайтында ҰБТ-ға дайындық 38000 теңгеден басталатындығын көрсеткен.

ЖЕДЕЛ СҰХБАТ

Аятжан АХМЕТЖАН, Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 мектеп-гимназиясы директоры: «ТҮЛЕКТЕРДІҢ ҚАЙ ТІЛДЕ ТАПСЫРҒАНЫ ЕМЕС, ҚАНША БАЛЛ АЛҒАНЫ МАҢЫЗДЫ»

– Аға, қазіргі ҰБТ нәтижесіне қарасақ түлектердің 75,7% қазақ тілінде, 24,1% орыс тілінде, 0,1% ағылшын тілінде тестілеуден өткен. Демек орыс тілділердің үлесі 24% құрады. Ел арасында грант тілге теңдей бөлінеді деген пікір бар. Демек орыс тілді түлектердің грант ұтып алу мүмкіндігі көбірек пе?

– Иә, биылғы ҰБТ тапсырушылардың тілдік үлесі сондай. Бірақ, грант тілге байланысты бөлінеді деген жаңсақ пікір. 2019 жылдан бері осынша пайыз қазақ тіліне, осыншасы орыс тіліне деген дүние жоқ. Грант тек балға беріледі. Демек кім жоғары ұпай алса, сол грант иегері атанады. Түлектердің ҰБТ-ны қай тілде тапсырғаны маңызды емес, қанша балл алғаны маңызды болмақ.

– Бүгінде ҰБТ-ға дайындайтын орталықтар көбейіп кетті. Өзіңізде сондай орталықтың иесісіз. Осы орталықтардың жұмысын, табысын бақылап отырған арнайы мекеме бар ма?

– Орталықтың жұмысын ата-аналар бақылайды. Ай-сайын ата-аналарға есеп беріп отырамыз. Ал кіріс мәселесіне келсек, орталықтың кірісі кәсіпкерлікке жататындықтан салық комитеті бақылайды.

– Оқушыларды арнайы сынақ арқылы іріктеп аласыздар ма?

– Жоқ, орталыққа келген баланы тест арқылы қабылдамаймыз. Келген баланың барлығын бір ай көлемінде бақылаймыз, баласы туралы ата-анаға нақты ақпаратты береміз. Алып кете алатын баланы оқытамыз, шамасы жетпейтін баланы қайтарамыз.

– Түлектеріңіздің нәтижесі туралы статистика жүргізесіздер ме?

– Жыл сайын оқушыларымыздың нәтижесін екі мәрте жариялаймыз. Бірі – ҰБТ аяқталып, тест нәтижесі толық шыққан кезде баллмен, екіншісі – гранттың тізімі шыққан кезде грантпен. Бұған дейін «Қазбілім» түлектерінің грантқа түсу көрсеткіші 96-97 % ды көрсеткен болатын.

– Жедел сұхбатыңызға рақмет

Ақылы білім алуға ауыл балаларының мүмкіндігі аз

Әр орталықтың бағасы әр түрлі екенін айттық. Кейбір орталықтардың қызметіне тамақ пен еліміздегі ЖОО-ларына экскурсия кіреді. Бұндай орталықтарда бір баланы бір ай дайындау құны шамамен 30 мың теңгеден бастап 100 мың теңге аралығында. Ай сайын балаларды ынталандыру мақсатында қымбат сыйлықтар мен гранттар, оқу ақысына жеңілдіктер беріп тұратын орталықтар да бар. Алайда орталықтардың барлығы дерлік қалада орналасқаны түсінікті. Демек, қала балалары өз үйінде тұрып оқыды деген күннің өзінде айына кемі 30 мың теңге қаражат жұмсауы мүмкін. Ал ауыл балалары ше? Ауылдағы ата-ана баласын қосымша сабаққа беру үшін, қаладан пәтер жалдауы немесе туыс-туғанының үйін жағалауы керек. Орталықтың жатақханасында тұрды деген күннің өзінде, бір балаға қаладағы жүріс-тұрысы мен тамағы үшін кемі 80 мың теңгедей қаражат кетеді. Еліміздегі төменгі жалақының 60 мың теңге екенін ескерсек, ауыл балаларының көбі қосымша білім беретін орталықтардың қызметіне жүгінбейтініне көз жеткізе аламыз. Анығы, барғысы келмегендіктен емес, қаржылық жағдайы жетпегендіктен. Мемлекеттік грант қосымшаға барған баламен бармаған бала арасында теңдей ойнатылатыны тағы бар. Демек әлеуметтік жағдайы төмен баланың грантқа түсу ықтималдығы төмендей бермек. Осы орайда ауыл балаларына арналған ауыл квотасы бар ғой деген заңды сауалдың бас көтерері анық. 2020–2021 оқу жылында бөлінген 53,864 гранттың 30% яғни 16,159 ауыл балаларына арнап бөлінген болатын. Бірақ, БҒМ-нің мәліметі бойынша сол бөлінген грантты 5471 бала ғана кәдесіне жаратқан екен. Демек 33- 34% ғана іске асқан. Ауыл баласы ауылда ғана жұмыс істеуі керек, ауылдық жерде сұранысқа ие маман атануы тиіс деген шарт жоқ, әр баланың өз арманы боларын ескерсек бұл жобаның да тиімсіз екені анық. Үкімет ауыл квотасына арнап биылда 35%, яғни бөлінген 56 мың гранттың 19600 орын бөліп отыр. Ауылдық жердегі білімнің төмен екені айтылып та жазылып та жүр. Биылғы 161 мың 430 түлектің 46%, яғни 74 мың 257 бала ауылдан. Былтыр да мектеп бітірген 140 мың 643 баланың 46-47%, санмен айтқанда 65 мың 362-сі ауылдан. Ал сол баланың қаншасы ҰБ-ға қатысты, қандай нәтиже көрсетті ол жағы беймәлім.

МАМАН ПІКІРІ

Руслан ЕМЕЛБАЕВ, ҚР Ұлттық тестілеу орталығының директоры: «ОРТАЛЫҚ ҰБТ-ҒА ДАЙЫНДАЙТЫН ТЕГІН ОНЛАЙН-САБАҚТАР ӨТКІЗДІ»

– ҰБТ-ға дайындайтын орталықтар саны жыл сайын көбейіп жатыр, сол орталыққа қанша бала келді, орталық қызметіне жүгінген балалардың нәтижесі қандай, орталықтардың қызмет құны қанша екенін бақылап арнайы статистика жасайсыздар ма?

– Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ нәтижелері бойынша білім орталықтарына қатысты статистика жасамайды. 2017 жылдан бастап ҰБТ жоғары оқу орындарына түсуге арналған емтихан болып табылады. Оны тапсыру немесе тапсырмау мектеп/колледж түлегінің өз еркінде.

– Арнайы орталықта білімін пысықтаған бала мен орталыққа бармаған баланың нәтижелерінде айырмашылық болары сөзсіз. Бұндай арнайы орталықтар қала балаларына қолжетімді болғанымен, шалғай ауылдағы балалар мен әлеуметтік жағдайы төмен балаларға қолжетімсіз. Осындай орталықтармен бірлесіп ауыл балалары мен әлеуметтік жағдайы төмен балаларға арналған арнайы пакет енгізу жоспарларыңызда бар ма?

– Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ кезінде ғана емес, оның басталуына дейін де қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ға дайындалуға арналған тегін онлайн-сабақтар өткізеді. Онлайн сабақтар ірі республикалық білім беру орталықтарымен бірлесіп әзірленеді. Сабақтар білім беру орталықтарының YouTube арналарында тікелей эфирде өткізіледі. Онлайн сабақтардың барлық эфирі талапкерлердің кез келген уақытта көре алуы үшін сақталады. Өткен жылы 376 сағат онлайн сабақтар өткізілді. Оған еліміздің барлық өңірлерінің мектеп түлектері қатысты. Олар қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, математика, химия, биология, физика, география және басқа да пәндер бойынша дайындықтан өтті. Биыл өткен жылмен салыстырғанда түлектерді қабылдау емтихандарына дайындауға қатысып жатқан білім беру орталықтары мен онлайн-платформалар саны артты. Жоба бюджет қаражатын жұмсамай іске асырылады. Осылайша, Ұлттық тестілеу орталығы мен ірі білім беру орталықтары түлектерге емтиханға сәтті дайындалуға көмектеседі. Талапкерлерге арналған онлайн-сабақтар осы оқу жылының соңына дейін жүргізілді.

Дүбірлі дода аяқталды

Орталық маманы осылай жауап бергенмен соңғы екі сауалымызға мардымды жауап болмады. 2020–2021 оқу жылында бөлінген 53,864 гранттың 30%, яғни, 16,159 ауыл балаларына арнап бөлінген болатын. Сол бөлінген грантты 5471 бала ғана кәдесіне жаратқан екен. Демек, 33-34% ғана грантты жеңіп ала алған. Ал биыл ауыл квотасы тағы да 5% көбейді. Гранттың саны артқанымен, ауыл балаларының ҰБТ да көрсеткен көрсеткіштері төмен болса, бұл бағдарлама тиісті деңгейде жүзеге аспасы анық. Алдағы уақытта ауылдағы маман тапшылығын шешуге арналған жаңа бағдарламалар енгізіле ме? – деген сауалымыздың соңы сұйылды. Сонымен қатар қазір ауыл балаларының білім деңгейінің төмендігі ҰБТ-да болсын арнайы лицейлердің іріктеуінде болсын көрініп жүр. Ауылдағы ата-аналар балаларының нашар нәтиже көрсету себебі, ауылдағы білікті мамандардың аздығы мен қосымша білім беретін орталықтардың жоқтығынан екенін айтады. Баласын қаладағы орталықтарға апаруға ауылдағы ата-ананың жағдайы жете бермейді. Ауыл балаларына қосымша білім қашан қолжетімді болмақ? Алдағы уақытта осы бағытта қолға алынатын арнайы жобалар бар ма? Бұл сұрақ та әзірге өз жауабын тапқан жоқ. Қалай десек те, міне дүбірлі доданың ең шешуші кезеңі аяқталды, ендігі үміт үздіктердің өз нәтижесінде.

Нұрбек ҚОШКЕЛГЕН

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости