12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМАЛАР АЯСЫНДА  ПРОКУРОРДЫҢ РӨЛІНЕ ЕРЕКШЕ МӘН БЕРІЛУДЕ

  • Жаннұр Асқарбекұлы, оқырмандарға жалпы еліміздің  прокуратурасының қызметі туралы айтып берсеңіз?

Прокуратура–заңдылықтың сақталуын қадағалаушы Президентке ғана есеп беретін құқық қорғау органы.

Дәлірек айтсақ, Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабына сәйкес прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

Прокуратура өз өкілеттігін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады.

Прокуратураның нақты міндеттері «Прокуратура туралы» Заңның 4-бабында айқындалған. Олар  — адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру; заңдылықты бұзуды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың зардабын анықтау және жою; құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіру; заңда және ҚР Президентінің актілерінде айқындалған өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

Прокурорлық қадағалаудың негізгі бағыттары «Прокуратура туралы» Заңның 5-бабына сәйкес:

1) мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдар қызметінің, сондай-ақ олар қабылдайтын актілер мен шешімдердің;

2) заңды күшіне енген сот актілерінің;

3) атқарушылық іс жүргізудің және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің;

4) құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел іздестіру және қарсы барлау қызметі; қылмыстық жазаларды орындау және мемлекеттік мәжбүрлеудің өзге де шараларын қолдану; халықаралық шарттарды сақтау салаларындағы қызметінің;

5) мемлекеттік құқықтық статистиканың және арнайы есепке алудың заңдылығын;

6) заңда айқындалатын өзге де бағыттар бойынша заңдылықты жоғары қадағалауды жүзеге асыру.

Прокурорлық қадағалау тексерістер және заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізу, сондай-ақ күшіне енген актілерді бағалау арқылы жүзеге асырылады.

  • Соңғы жылдары прокуратураның қызметі мен өкілеттіктерінде біршама маңызды өзгерістер орын алып жатқанын естиміз. Солар туралы толығырақ тоқталсаңыз?

Иә, шынында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев соңғы жылдары өз бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформалар аясында прокурордың адам құқығы мен бостандығын қорғау саласындағы рөліне ерекше мән беруде.

Біріншіден, 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына жолдауына сәйкес құқық қорғау органдарының қылмыстық қудалау қызметін модернизациялау басталды. Полиция, прокуратура мен сот өкілеттіктерінің ара жігі нақты ажыратылған қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілді.

Басты мақсат – азаматтардың құқығын қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі құру.

Үш буынды модельде құқық қорғау органының міндеті – қылмысты анықтау, күдіктілерді табу, айғақтар жинау. Прокурордың міндеті – айғақтарға тәуелсіз баға беру,азаматтар құқықтарының бұзылуына жол бермеу, сотта айыптауды қолдау. Сот – органдардың әрекеттеріне шағымдарды қарайды, іс бойынша түпкілікті шешімді шығарады.

Жаңа модельге сәйкес 2021 жылдан бастап прокурор іс бойынша адамның құқығы мен бостандығын қозғайтын барлық негізгі процестік шешімдерді келісіп бекітеді (адамды күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, іс-әрекетті немесе қылмысты қайта саралау, тергеу мерзімін үзу, істі тоқтату).

Түркістан қаласы прокуратурасының қадағалауына жататын негізгі орган — қалалық полиция басқармасы. Онда тергеу аппараты 35 қызметкерден тұрады. Олардың жұмысын қадағалауды 6 прокурор жүзеге асырады. Жаңа модельге сәйкес жұмыс басталғалы 1 жыл 5 айда полиция басқармасы жалпы 3428 шешім қабылдаса, прокурорлар оның 178 келісуден/бекітуден бас тартқан, 3262 келіскен/бекіткен. Басым бөлігі — күдікті деп тану (жалпы 1029, оның 15 бас тартылған, 1014 келісілген) және күдіктінің әрекетін саралау (708, оның 5 бас тартылған, 703 келісілген). Яғни адамның тағдырына қатысты барлық шешімдер прокурордың сүзгісінен өтіп, ол негізсіз деп тапса, келісілмей, тергеушіге кері қайтарылады. 

Бұл ретте осы процестер электронды түрде онлайн форматта жасалады. Тергеушінің қаулысы электрондық жүйемен бірден прокурорға түседі. Егер шешім заңды болса, прокурор цифрлы қолтаңбамен қол қойып бекітіп береді.

Жалпы жаңа модель тергеуші мен прокурорды тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге итермелеп, тергеудің сапасын да жеделдігін де арттырды. Ең маңызды нәтижесі — адамдардың конституциялық құқығын бұзуға жол берілмеді. Оған дәлел – осы мерзімде қала прокуратурасы сотқа жіберген істер бойынша бірде-бір ақтау үкімі шығарылмаған. Бұл, бір жағынан,айыптау үрдісінің азаюының белгісі.

Екіншіден, Мемлекет басшысы жоғарыда аталған жолдауында мемлекеттік құры­лымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіруі мемлекет­ке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретін­де ба­ғалануы керек екенін және  кәсіпкерлер шенеу­нік­тер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бір­ден прокуратура органдарына жүгіну қажеттігін атап өтті.

Бұл тапсырма негізінде «Прокуратура туралы» Заңға 02.07.2021ж. өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бизнесті қорғауда прокуратура рөлі күшейтілді. Енді кәсіпкерлік субъектілердің шағымдары бойынша прокурорлар мемлекеттік органдарда тікелей тексеру жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда, прокурорлардың тексерісті тағайындау және жүргізу туралы шешімдері мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлердің қызметіне араласу фактілері бойынша олардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау үшін қабылданады. Сонымен бірге орындалуы жеке кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, прокурорлар наразылық келтірілген құқықтық актінің не әрекеттің орындалуын наразылық бойынша шешім қабылданғанға дейін тоқтата тұруға құқылы.

Мысалы, заңнаманың жаңа талабына сүйене отырып тексерілген қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында көптеген жүйелі заң бұзушылықтар (оның ішінде кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу, әкімшілік кедергілер жасау фактілері) анықталды. Атап айтқанда, 11 кәсіпкер заңсыз әкімшілік жауаптылыққа тартылған, керісінше 134 тұлға әкімшілік жауаптылықтан негізсіз босатылып, бюджетке 11 млн. теңге айыппұл түспей қалған, 8 кәсіпкерге санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беруден негізсіз бас тартылса, 2 кәсіпкерге қорытынды заңсыз берілген, 6 кәсіпкердің өтінішіне кешіктіріп жауап берілген.

Прокуратура ұсынуы негізінде 11 кәсіпкердің құқығы қорғалып, Басқарманың 3 қызметкері әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 5 қызметкер (оның ішінде Басқарма орынбасары) мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін лауазымдарынан босатылды, ал Басқарма басшысы тексеру барысында өз еркімен қызметінен кетті.

Осылайша прокурорлық тексеру нәтижесімен басқарма құрамы толығымен дерлік жаңартылды.

Үшіншіден, жоғарыда көрсетілген жолдауда Мемлекет басшысы балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын-алу және оның жолын кесу ерекше бақылауда болуға тиіс екенін атап көрсетті.

Осыған сәйкес 2021 жылдан бастап кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық қылмыс туралы әріске прокуратура органдарының ерекше қадағалау тетігі белгіленді.

Ерекше қадағалау аясында тергеу барысын қадағалау үшін міндетті түрде процесс прокуроры айқындалады. Ол қылмыстық қудалау органының әрбір іс-әрекеті мен процестік шешіміне тұрақты қадағалауды, кәмелетке толмағанның жеке өміріне қол сұғылмау құқығын және қауіпсіздік шараларын қолдануды қамтамасыз етеді, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл арқылы кәмелетке толмағандардың тұрғылықты жерін және оқу орнын ауыстыру, медициналық және психологиялық көмек көрсету мүмкіндігін қарастырады.

Төртіншіден, Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауында кылмыстық істер бойынша прокурорлардың айыптау актілерін дайындау құзыретін кезең-кезеңімен кеңейту тапсырылды.

2022 жылдан бері прокурорлар барлық аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау актісін өздері жасауға кірісті. Мысалы, Түркістан қаласының прокуратурасы биыл 4 аса ауыр қылмыстық іс (адам өлтіру -2, есірткі сату – 1, жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекет — 1) бойынша айыптау актісін әзірлеп, сотқа жолдады.

Келесі кезеңдерде прокурорлар 2023 жылдан бастап барлық сыбайлас жемқорлық, ал 2024 жылдан бастап қалған қылмыстық істер бойынша да айыптау актісін өздері әзірлейді. Бұл тәсіл прокурорлардың айғақтарға тәуелсіз баға беру механизмін, адамды айыптап сотқа жолдағаны үшін жауапкершілігін күшейтті.

Бесіншіден, Президенттің 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында жарияланған конституциялық реформа аясында да прокуратураға қатысты маңызды бастамалар айтылды.

Заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін «Прокуратура туралы» конституциялық заң қабылдау қажет екені атап өтілді.Тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды институционалды түрде нығайту мақсатында Бас Прокурорды азаматтар және Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен бірге Конституциялық сотқа өтініш субъектілері қатарына қосу ұсынылды. Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуының маңыздылығын ескере мұндай істер бойынша прокуратура органдарының айрықша тергеулігін белгілеу көзделді. Бұл тергеудің бейтарап жүргізілуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау саласындағы бассыздықты жазасыз қалдырмауға бағытталған.

Өткен республикалық референдумда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар мақұлданды. Енді тиісті заң жобалары жыл соңына дейін қабылдануы тиіс.

Қазіргі заманғы сын-қатерлер прокуратураның құқық қорғау әлеуетін күшейтуді және жоғары қадағалау функциясын жаңғыртуды, прокурорлар қызметінің кепілдіктерін нығайтуды талап етеді.

Сондықтан «Прокуратура туралы» конституциялық заңда заңдылықты сақтауды неғұрлым тиімді қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, бизнестің, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға және қалпына келтіруге мүмкіндік беретін пәрменді құралдар мен тетіктерді бекіту жоспарланып жатыр.

  • Өткен жылдың аяғында Мемлекет басшысы жариялаған  рақымшылық заңының Түркістан қаласының аумағында орындалуы қалай болды?

Қазақстан Республикасының  07.12.2021ж. №81-VII ҚРЗ Заңымен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай рақымшылық жарияланып, алты ай ішінде, яғни а.ж. 8 маусымға дейін жүзеге асырылды.

Заңмен аса ауыр емес және залал келтіруге әкеп соқпаған не оны толық өтеген ауырлығы орташақылмыс үшін жазадан босату, кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту көзделді.

Рақымшылық ардагерлерге, жасы үлкендерге, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмағандарға,бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылды.

Азаптаулар, террористік, экстремистік, қылмыстық топ құрамында қылмыстар жасаған, өмір бойына бас бостандығынан айыру, қылмыстардың қайталануы немесе қауiптi қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдар рақымшылыққа іліккен жоқ.

Осы кезеңдерақымшылық негізінде қалалық полиция өндірісіндегі 53 қылмыстық іс (17 теріс қылық, 18 онша ауыр емес, 18 орташа) тоқтатылды.Қалалық сот өндірісіндегі 13 іс бойынша сотталушылар қылмыстық жауаптылықтан босатылса, 4 адамға жаза қысқартылып тағайындалды.

Сондай-ақ сот 24 адамды пробациялық бақылаудан босатып, 30 адамға жаза мерзімін қысқартты.

  • Өткен жылы қолданысқа енген маңызды жаңа заңдардың бірі — Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі. Жаннұр Асқарбекұлы, осы кодекстің негізгі ережелерін оқырмандардың есіне салып жіберсеңіз?

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енді. Осы уақыттан бастап «Әкімшілік рәсімдер», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңдар күшін жойды.

Жаңа Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.

Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті — жария-құқықтық қатынастарда жеке және заңды тұлғалардың дау айтылған құқықтарымен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және жедел шешу. Әкімшілік процесте соттың белсенді рөлі азаматтық процестен маңызды айырмашылықтың бірі. Ол әкімшілік істің материалдарымен шектеліп қоймай, дәлелдерді жинауға бастама көтереді және қажетті құжаттарды арыз берушіден емес, мемлекеттік органнан талап етеді. Кодексте талап түрлері нақты айқындалған, олар дау айту, мәжбүрлеу, әрекетті жасау, тану туралы талап қою болып төрт түрге бөлініп отыр.

Жаңа заңнама мемлекеттік органдарға дәлелдеу міндетін жүктей отырып, істің созылуына алып келген әрекеттерге ақшалай өндіріп алу қолданылады. Заңнаманың түсініксіз тұстары азаматтардың пайдасына шешіледі. Кодексте тараптарды ымыраға келтіру шараларын белсенді түрде қолдану да көзделген.

Бұрын мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың қарауына жатқызылған салық, кеден, монополиялық, экологиялық, инвестициялық даулар, сондай-ақ мемлекеттік органдардың әрекеттеріне, актілеріне даулау туралы істер енді жаңадан құрылған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарда қаралуда.

Прокурор осы Кодекстің 31-бабында көрсетілген істерге ( салық, кеден, бюджет,қоршаған ортаны қорғауға, табиғи ресурстарды пайдалану, сайлау) қатысу арқылы сот актілерінің заңдылығына жоғары қадағалауды мемлекет атынан жүзеге асырады.

Кодекс қолданысқа енгізілгеннен бері Түркістан облысының  мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2021ж.108 іс, ал а.ж. 5 айында 102 іс қараған.

  • «Қаңтар оқиғасы» кезіндегі Түркістанда да кейбір адамдар топ-топ болып жиналғанын, тіпті арандатушылық әрекеттер жасауға талпынғанын естідік. Жалпы сол кезде қалада ахуал қалай болғанын айтып бере аласыз ба?

Иә, мұндай әрекеттер орын алғаны рас, дегенмен жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде «қаңтар оқиғасы» кезінде қала аумағында жаппай тәртіпсіздік пен тонаушылықтың алдын алып, қоғамдық-саяси ахуалдың шиленісуіне жол берілген жоқ.

Заңсыз жиналыстар мен шерулерге қатысқан 123 адам полицияға жеткізіліп, әкімдік, прокуратура қызметкерлері, қоғам белсенділерінің қатысуымен түсіндірме жұмыстарынан кейін қайтарылды, 15 адамға ресми заңға түсіндірме берілді. Бұл ретте полиция қызметкерлерінің әрекеттері прокурорлардың қатаң қадағалауында болып, жеткізілген адамдарға күш қолдану және т.б. қысым көрсету заңсыз әрекеттер орын алмаған.

Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін 22 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылып, айыппұл салынды.

Бұзақылық жасаған немесе заңсыз қару сақтаған 4 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылып, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

  • Түркістан облыс орталығы атанып, адам танымастай көркейіп дамып келеді. Қаладағы қазіргі криминогендік ахуалды қалай бағалайсыз?

Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгелі 4 жылға жуық уақыт өтіпті. Қасиетті киелі мекеннің жаңа келбетін қалыптастыру арқылы оны тұтас түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыру үшін ауқымды да қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанына баршамыз куәміз.

Қала прокуратурасыда заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі нәтижелі қадағалау әрі үйлестіру қызметімен қаланың өркендеуіне елеулі ат салысып отыр деп айта аламын. Құқық бұзушылық профилактикасына жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын қадағалап үйлестіру, оның ішінде прокуратураның бастамасымен жасақталған «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде қала аумағында қылмыстар саны жылдан жылға төмендеуде.

Нақтырақ, 2018 жылмен салыстырғанда қылмыс саны 2021 жылы 2070-тен 950-ге, яғни екі есеге азайған (2018ж. – 2070, 2019ж. – 1436, 2020ж. — 995, 2021ж. –950). Қарақшылық, бұзақылық, тонау, ұрлық (оның ішінде пәтер ұрлығы, мал,ұялы телефон ұрлау), жол-көлік оқиғалары, кәмелетке толмағандаржасаған қылмыстар, жасөспірімдер арасындағы суицид, тұрақты түрде жылдан жылға азайып келеді.

Қылмыстық ахуалдың төмендеуіне «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасы аясындағы уәкілетті органдардың, әсіресе полицияның жұмысымен қатар төтенше жағдай мен карантиндік шаралар аясында енгізілген шектеулер де біршама ықпал еткені анық.

Дегенмен ауыр және аса ауыр қылмыстардың, сондай-ақ алаяқтық және масаң күйде қылмыс жасаудың азаймауы алаңдатады. Әсіресе денсаулыққа ауыр зиян келтіру (2018ж. — 4, 2019ж. — 7, 2020ж. — 7, 2021ж. — 14, 2022ж. 5 айы — 10),балаларға қатысты жыныстық қылмыстардың (2018ж. — 5, 2019ж. — 7, 2020ж. — 7, 2021ж. — 8, 2022ж. 5 айы — 8) өскені байқалады.

Бұл алдағы уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алуға аса назар аударып, тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін одан әрі күшейту үшін атқарылатын жұмыстың көп екенін білдіреді.

  • Өзіңіз атап өткендей, прокуратура заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Өзіңіз басқарып отырған ұжым осы функцияны қандай салаларда жүзеге асырып жатыр және қандай оң нәтижелерге қол жеткізді?

Қылмыстық қудалау және жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау барысында соңғы 3,5 жылда қала прокуратурасы қылмыстық істер бойынша 622 нұсқау беріп, 58 рет процестік прокурор тағайындалды, 697 заңсыз қаулының күші жойылды, 44 іс қосымша тергеуге қайтарылса, прокурормен 9 қылмыстық іс және 36 жедел-іздестіру іс-шаралары тоқтатылды. 23 жасырылған қылмыс анықталды, қалалық полиция басқармасының қызметтік бөлмелерінен заңсыз ұсталып отырған 14 адам босатылды.

Заң бұзушылықтарға жол берген 111 полиция қызметкері тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Электронды форматта тергелген істер үлесі 2019ж.13% құраса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 95%-ға жеткізілді.

Мемлекеттік айыптауды қолдау және қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау саласында прокурорлар соттарда қаралған 747 адамға қатысты 650 іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдаған. Апелляциялық өтінішхаттар негізінде 6 адамға қатысты 3 іс бойынша үкімдер өзгертілді.

Әлеуметтік-экономикалық салада заңдылықтың сақталуын қадағалау барысында талдау және тексерулер жүргізу арқылы елеулі оң нәтижелерге қол жеткізілді.

Соңғы 3,5 жылда қадағалау актілері бойынша 132 970 жеке және заңды тұлғаның (соның ішінде 5898 кәсіпкер мен 78 395 кәмелетке толмаған баланың) құқықтары қорғалды. 5981 заңсыз құқықтың актінің (оның ішінде жергілікті өкілді және атқарушы органдар қабылдаған 11 нормативтік құқықтық актінің) күші жойылған немесе заңнамаға сәйкестендірілген. 451 адам тәртіптік және әкімшілік жауаптылыққа (оның ішінде 7 мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін) тартылған. Тексеру нәтижесімен тіркелген материалдар бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды.

Мемлекеттің материалдық мүдделерін қорғауда жүйелі тиімді жұмыс жүргізілуде. Қадағалау актілері негізінде өндірілген сома жылдан жылға ұлғаюда. Жалпы мемлекет пайдасына 262 226 698 теңге өндірілген (2019ж. — 39 972 895 тг., 2020ж. — 53 864 927 тг., 2021ж. – 144 386 563 тг., 2022ж. 5 айы – 24 002 313 тг.). Бұдан бөлек, 107 381 570 теңге әкімшілік айыппұлдар өндірілген (2019ж. – 75 750 тг., 2020ж. – 9 363 720 тг., 2021ж. – 44 972 297 тг., 2022ж, 5 айы – 52 969 803 тг.), мемлекетке жалпы құны 723 914 338теңге (2019ж. – 231 629 362 тг., 2020ж. – 267 439 784 тг., 2021ж. – 89 196 800 тг., 2022ж. 5 айы – 135 648 392 тг.)құрайтын мүлік қайтарылған.

Қала аумағында қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылдан бері қала прокуратурасы бастамасымен Әлеуметтік шиеленістер ошақтарының картасын жасақтау қолға алынған. Карта ай сайын жаңартылып, прокуратураның келісуімен қала әкімі бекітеді. Картаға мониторингпен анықталған өзекті проблемалар енгізіліп, барлық жауапты мемлекеттік органдар оларды түбегейлі шешуге, әлеуметтік шиеленіске әкеп соғуы мүмкін жағдайлар мен себептерді жоюға бағытталады. Картаға бүгінгі күнге дейін барлығы 48 мәселе енгізіліп, оның 39 оң шешімін тапқан.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – прокуратура қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі, себебі бизнестің дамуы, іскер адамдардың ұлғаюы халықтың әл-ауқатын жақсартып, жұмыссыздықты азайтумен бірге қылмыстық ахуал мен құқық тәртібіне де оң ықпал етеді.

Прокуратураның бұл бағыттағы жұмысы кәсіпкерлер палатасымен тығыз ынтымақтастықта атқарылады.

Соңғы 3,5 жылда қала прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарын сақталуына қатысты 5 тексеру мен талдау жүргізіп, 20 арыз-шағым қараған. 7 заң бұзушылық анықтап, 8 қадағалау актісін енгізген.

Нәтижесінде 5 900 кәсіпкердің құқықтары қорғалған.

Мысалы, қала әкімдігінің «Түркістан қаласында стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру туралы» 19.07.2019ж. №1103 қаулысына наразылық енгізіп, заңнамаға сәйкестендіру нәтижесінде ӘҚБтК-нің 204-бабымен негізсіз әкімшілік жауаптылыққа тартылған 928 жеке тұлғаға және 199 кәсіпкерге қатысты полиция тарапынан әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыларының күші жойылып, 1 183 481 теңге айыппұл сомалары қайтарылған.

«Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС (тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдаушы) 844 кәсіпкерлік субъектіден төлемді негізсіз жоғары тарифте алып келгені анықталып, артық төленген 8 274 945 теңге кәсіпкерлерге қайта есептеліп, қайтарылды.

Түркістан облысының полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасымен ӘҚБтК-нің талаптары сақталмай, мәжбүрлеп өндіру мерзімдері өтіп кеткен, алайда өндірісте қысқартылмай тұрған 4848 кәсіпкерлік субъектіге қатысты 103 184 804 теңгеге айыппұл түріндегі жаза қолдану нұсқамалардың күші жойылды.

  • Кәмелетке толмаған балалар мен әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын адамдардың құқықтарын қорғау әрқашан ерекше назарда. Кейбір мысалдарға тоқтала кетсек, прокурорлық қадағалау актілері негізіндеқамқорлықсыз қалған 18 бала тұрғын үй кезегіне қойылды (кезегі қорғаншылық пен қамқоршылыққа алынған кезінен бастап белгіленген); мектептерде заңсыз сақталған адам денсаулығына қауіпті 2 мыңнан астам люминесценттік шамдар жойылып, 29 мың оқушы мен мектеп жұмыскерлерінің құқықтары қорғалды;«Түркістан Су» кәсіпорны мүгедектер санаттағы 88 тұтынушыға 1 380 000 теңге мөлшерде комуналдық қызметінің шығындарын өтеп бермегені анықталып, құқықтары қалпына келтірілді; тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарылғанәлеуметтік осал топтағы 14 отбасы анықталып, қайтадан кезекке қойылды; халықты жұмыспен қамту орталығы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен жұмысқа орналастырылған азаматтардың міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы аудармағаныанықталып, 1684 жұмысшының құқықтары қалпына келтірілді.

Бұл мысалдар осы салада прокуратура қызметкерлері атқарған ауқымды жұмыстар мен қол жеткізген нәтижелердің тек бір бөлігі.

Әкімшілік істер бойынша сотта мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету саласында прокурордың қатысуымен (кәмелетке толмағанға қатысты, әкімшілік қамаққа алуға, ҚР шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберуге әкеп соғатын) мамандандырылған әкімшілік сотта 2784 іс (2019ж.-1289, 2020ж.- 920, 2021ж.-445, 2022ж. 5 айында -130) қаралған. Прокурордың апелляциялық өтінішхаттары негізінде 85 сот актісі өзгертілген. Қадағалау актілері бойынша 21 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылған.

Қала прокуратурасының қызметкерлері қалалық сотта азаматтық істер бойынша мемлекеттің мүддесіне өкілдік ете отырып, прокурордың қатысуы міндетті (мемлекет мүдделерін қозғайтын, қоғамдық мүдделерді немесе өздерін өз бетінше қорғай алмайтын азаматтарды қорғау талап етілгенде, сондай-ақ прокурордың қатысу қажеттігін сот танығанда) 1169 істің (2019ж. — 293, 2020ж. — 401, 2021ж. — 324, 2022ж. 5 айында-151) қаралуына қатысқан. Прокурордың апелляциялық өтінішхаттары негізінде 17 сот актісі өзгертілді.

Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау барысында прокурорлық қадағалау актілер бойынша мемлекет пайдасына 11 204 (2019ж. – 3549, 2020ж. – 2661, 2021ж. — 2397, 2022ж. 5 айы — 2597) атқарушылық іс жүргізу орындалып, 228 110 077 теңге (2019ж. – 62 347 410 тг., 2020ж. – 65 688 648 тг., 2021ж. –58 363 215 тг., 2022ж. 5 айы – 41 710 804 тг.) өндірілген.

Алимент бойынша 48 (2019ж. – 0, 2020ж. – 3, 2021ж. — 6, 2022ж. 5 айы — 39) атқарушылық іс жүргізу орындалып, өндіріп алушылардың пайдасына 17 497 102 теңге (2019ж. – 0, 2020ж. – 6 642 150 тг., 2021ж. –6 168 784 тг., 2022ж. 5 айы – 4 686 168тг.) өндірілген. 13 борышкер әкімшілік жауаптылыққа, 78 сот орындаушы тәртіптік жауаптылыққа тартылып, 1 сот орындаушының лицензиясы тоқтатылған.

Үкімдердің орындалу заңдылығын қадағалау барысында қала прокуратурасы жергілікті атқарушы органдар мен қалалық пробация қызметі бөлімінің пробациялық бақылауда тұрған адамдарды жұмыспен қамту және басқа да әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету арқылы түзеу және жаңадан қылмыс жасауының алдын алу бағытындағы жұмыстарына ерекше мән береді.

Осы салада анықталған заң бұзушылықтар бойынша 12 қадағалау актісі енгізіліп, 30 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылған.

Қадағалау және үйлестіру шараларының арқасында пробациялық бақылаудағы жұмыссыздар (2019ж. — 21, 2020ж. — 15, 2021ж. — 15, 2022ж. 5 айы — 6) мен қайта қылмыс жасағандар (2019ж. -19 , 2020ж. — 8, 2021ж. — 10, 2022ж. 5 айы — 7) саны азаюда. Есепте тұрған адамдарға арналған жұмыс квотасының саны (2019ж. бөлінбеген, 2020ж. — 13, 2021ж. — 25, 2022ж. 5 айы — 16) ұлғаюда.

Түркістан қаласы прокуратурасының ұжымы қадағалау қызметін одан әрі жетілдіре отырып, заңдылық пен құқықтық тәртіптің жоғары деңгейін қалыптастыру арқылы Түркістанның түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы мәртебесіне лайықты дамуына өз үлесін қоса береді.

                                              Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:Тельман Бейсен

Ерлі-зайыптылардың мүлкін бөлу ерекшеліктері

           Азаматтық процестік кодексі азаматтық дауларды шешудің іс жүргізу...

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өткізілді

2024 жылғы 18 сәуір күні кезекті Әдеп жөніндегі кеңес...

Молодежь Алматы помогают в благоустройстве дворов детских домов

В рамках кампании «Алматы – наш общий дом», продолжается...

Алматы жастары балалар үйінің ауласын тазалауда

«Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында бастау алған...

Алматы жастары «Jas niet» акциясын өткізді

Алмалы ауданының комьюнити орталығының жастары «Алматы – біздің ортақ...