29 C
Алматы
Суббота, 9 июля, 2022

Референдум – халық үніне құлақ асатын мемлекетке жол ашады

Санаулы күндерден кейін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өтеді. Тәуелсіз ел тарихында бүкілхалықтых референдумның ролі зор. Өйткені, мемлекеттік тұрғыда маңызды өзгерістерге ел азаматтарын қатыстыра отырып шешу өз кезегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» жол ашады.
Конституцияға енгізілетін өзгерістер қоғам мен мемлекетті одан әрі демократияландырып қана қоймайды, сонымен бірге құқық үстемдігін нығайтып, саяси жүйені түбегейлі жаңғыртады.
Негізгі заңдағы жаңартулар қолдау тапқан жағдайда Қазақстан басқарудың супер президенттіктен мықты парламентке ие президенттік формаға көшіп, мемлекетімізде өлім жазасы мүлде болмайды. Ең бастысы, қарапайым азаматтар құқықтарының қорғалуы одан әрі нығайтылады. Жер, оның қойнауындағы байлық атаулы жұртшылыққа тиесілі болып, меншік құқығын халықтың атынан мемлекет жүзеге асырады.
Парламент жұмысы да біршама өзгеріске ұшырайды. Мәселен, Мәжілістің 30 пайызын халық тікелей сайлап, өздері таңдаған депутат сенімдерін ақтамаған жағдайда оның мандатын қайтарып алу құқықтары бар. Адам құқығы жөніндегі уәкілдің Конституцияда арнайы баппен айқындалуы да демократия қағидаттарын жоғары деңгейге көтерері хақ.
Айрықша атап айтарлық жаңалықтың бірі, Конституциялық сот қайта жаңғырады. Қайта жаңғырады деуіміз, Қазақстанда Конституциялық сот тәуелсіздік алған жылы құрылып, Конституцияны сот арқылы қорғаудың жоғары органы ретінде бекітілгені баршаға мәлім. Алайда, бұл сот небәрі 3 жыл өмір сүріп, қолданыстағы Конституцияның қабылдануына орай, жұмысын тоқтатты. Оның орнын басқан Конституциялық кеңес қызметі 27 жылға жалғасты.
Жалпы Конституциялық соттың құрылуын заң үстемдігін қамтамасыз етудегі ең ірі өзгеріске санауға болады. Осы тұста айтып өтерлігі, Конституциялық сотты құруды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы 16-наурыздағы жолдауында ұсынған болатын. Оның себебі, Конституциялық кеңеске қарағанда Конституциялық соттың құзыреті анағұрлым кең. Әрі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудағы мүмкіндігі мол.
Нақты фактімен айтсақ, Конституциялық сотқа еліміздің әрбір азаматы, заңды тұлға, сондай-ақ, басқа да қоғам өкілдері өздерінің конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны туралы өтініш беруге құқылы. Егер азаматтардың қандай да бір заңның немесе нормативтік-құқықтық актінің Конституция талаптарына сай екеніне күмәні болса, құқықтарын қорғау жолында өз беттерімен Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады.
Ал, Конституциялық кеңес мұндай мүмкіндік бермейді. Яғни, Конституциялық кеңеске жүгінуге мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар ғана құқылы. Конституциялық кеңес шешімдерінің заңдық тұрғыда күші болмауы да оның азаматтарды қорғау деңгейінің әлсіздігін көрсетеді. Ал, Конституциялық сот шешімдерінің орындалуы міндет.
Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адам мен оның өмірі, құқықтары, бостандықтары екенін ескерсек, Конституциялық сот Конституция талаптарының толығымен орындалып, сақталуының кепілі бола алатынын тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде-ақ дәлелдеген. Оның мұндай артықшылығын өркениетті елдердегі Конституциялық соттар тәжірибесі де көрсетіп отыр.
Ата Заң мен Конституциялық сот хақында ой өрбіткен соң, жалпы сотқа қатысты да аз-кем тоқтала кеткен артық болмас. Бұлай дейтініміз, биылғы жыдың сот қызметкерлері үшін жаңалығы мол. Мысалы, Конституцияның бүкілхалықтық референдум негізінде түзетіліп, қабылданатыны, сондай-ақ, халық құптаса, Конституциялық соттың құрылуы заңдармен тікелей жұмыс істейтін соттар үшін айрықша оқиға.
Осы ретте тағы бір айтарлығы, елімізде барлық сала қызметкерлерінің, электрик, эколог, архивші, полиция, прокуратура, т.б. мерекесі, яғни, олардың құрметіне белгіленген арнайы күн бар. Ал, соттар осы уақытқа дейін өздерінің төл мейрамдарын Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданған күн – 30-тамызбен байланыстырып келді. Мұндай құрметтен үшінші билік өкілдерінің тыс қалғаны көптен бері айтылып та, жазылып та жүрген еді. Талай жылдан бері көтерілген бастама бір шешімін тапты десе де болады. ҚР Жоғарғы Сотының қолдауымен Қазақстандағы мереке күндерінің тізбесіне өзгерістер енгізіліп, 24 маусым – «Сот және сот қызметкерлерінің күні» ретінде белгіленді.
Кәсіби мерекенің Қазақстан соттарының беделін арттыруда маңызы зор болары анық. Сот қызметкерлері күнінің 24-маусыммен байланыстырылу себебіне зер салсақ, ресми ақпараттар «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» заңына дәл осы күні сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратыны туралы өзгерістер мен толықтырулар жасалғанын көрсетіп отыр. Республика соттарын ҚР Жоғарғы Сот пен жергілікті, яғни, облыстық, қалалық, аудандық және әскери соттар құрайтыны осы заңмен нақтыланған. Демек, Қазақстан соттарының төле мерекесі ретінде 24-маусымның таңдалуы кездейсоқтық емес.
Осыған орай, барша сот қызметкерлері мен әріптестерімді алдағы төл мерекемізбен құттықтаймын. Отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілеймін.
Конституцияға жасалар толықтырулар халқымыздың заң үстемдігін, халықтың құқықтық қорғалуын, т.б. жағдайларын қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Сондықтан, ел болашағы үшін референдумға бір кісідей атсалысуға тиіспіз.
Жанар Ибрагимова,
Алматы облыстық мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости