12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Сақтандыруға қатысты дауларды
медиациямен шешу маңызды

Зайырлы, құқықтық мемлекетте кез келген даудың заңға сай шешілуі қалыпты жағдай. Соның ішінде бүгінде сақтандыру мәселесіне қатысты дауларды заңға сай реттеудің де өзіндік тәжірибесі қалыптасты. Сақтандыру шарты мемлекет тарапынан жіті қорғалады. Бұл азаматтардың тәуекелдерін қорғаудың, халықтың материалдық құндылықтарын жоғалтпаудың кепілі.
Жыл өткен сайын сақтандыру азаматтардың өмір тіршілігін көбірек қамти бастайды. Осыған орай сақтандыру жағдайы немесе сақтандыру шартында айқындалған оқиғалар кезінде сақтандыру ұйымы тарапынан берілетін сақтандыру төлемі арқылы жеке немесе заңды тұлғаның заңды мүдделерін қорғау мәселесі бүгінде ерекше өзекті болып отыр.
Еліміздегі құқықтық институттарға деген сенімнің нығаюы, халықтың қаржылық сауатының өсуі сақтанушылар қатарының артуына ықпал етуде. Бұрын елімізде әрбір көлік құралы сақтандырылуға міндетті болса, 2020 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгені белгілі. Одан бөлек азаматтар өз ынтасымен жылжитын, жылжымайтын мүлкін, кәсібін сақтандыруға да дағдылана бастады. Дегенмен, сақтандыру шарттары көбейген сайын міндеттемелерді орындауға қатысты даулар да сотта жиі қаралатын болды. Сақтандыру компанияларының сақтандыруды төлеуден, сақтандыру сомаларын өндіруден бас тартуына байланысты төлемді өндіру туралы даулар да соңғы жылдары кеңінен тараған. Мұндағы ең басты негіз – зиян келтірілген көлікті бағалау есебіне қатысты. Себебі, сотта тараптар арасында даудың туындауына талап қоюшы мен жауапкердің бағалау есептерінің дәл келмеуі түрткі болады. Сақтандырушы неғұрлым азырақ сома беріп, сақтанушы барынша өз шығынын жапқысы келгендіктен дауды шешу қиындық келтіреді.
Жәбірленуші сақтандырушы белгілеген залал мөлшерімен келіспеген жағдайда сотқа дау айтуға құқылы. Өкінішке орай, осы мәселеде жәбірленушілер жиі қателік жібереді. Өйткені, олар сақтандырушы белгілеген залал мөлшеріне шағымданудың орнына, сақтандыру компаниясының бағалауымен келісіп, сақтандыру төлемін алып алады. Содан кейін ғана зиянның мөлшеріне дау айта бастайды.
Сақтандыруға қатысты мәселе әсіресе, биылғы жылдың басында орын алған «Қаңтар оқиғасы» кезінде өзекті болып отыр. Бейбіт шерудің соңы бүлікке ұласып, осы қаралы оқиға кезінде қаншама мемлекеттік мекеме өртелді, қиратылды. Одан бөлек, жазықсыз қаншама кәсіпкердің кәсібіне зиян келді. Сонымен бірге, қаншама көлік жарамсыз болып қалды. Бұл дүниенің бәрі сақтандырылған деп айта алмаймыз. Алайда, төтенше жағдай кезінде бүлінген дүниені бүтіндеуге, шығынды қалпына келтіруге мемлекет толық кепілдік беріп отыр. Дегенмен, бұл жағдайда да бүлінген мүлікті бағалау есептері жүргізіледі. Сонымен қатар, азаматтар сақтандыру шартына жіті назар аударғаны абзал. Сақтандыру шарты сақтанушы мен сақтандырушы арасында жасалады. Сақтандыру жағдайы туғанда сақтанушыға қатысты міндеттеменің орындалмауы дауға алып келеді. Ал кез келген дау­дың түйіні сот арқылы шешілетіні түсінікті. Мұндай даулардың түрі де әралуан. Соның ішінде caқтандыру төлемін жасауды кешіктіру; cақтандыру компаниясының өзін банкрот деп жариялауы; жaғдайды қарастыруды созбалаңға салу; cақтандыру жағда­йын рәсімдеуден сақтандыру мекемесінің бас тартуы; міндеттемелерді oрындаудан бас тартуға байланысты келіспеушіліктер де жиі орын алады. Соған орай әлде де болса азаматтарға сақтандыру шарттарымен жіті танысып, әр қадамын сауатты жасауға үйрету маңызды. Бұған қоса, сақтандыру туралы дауларды оңайлатылған тәртіпте қараудың соңы да дауға ұласып жатады. Шындығында сақтандыру дауларын оңайлатылған тәртіппен қараудың теріс салдары бар. Олай дейтініміз, мұндай даулардың артында қаржылық қызығушылық тұрады. Ал оңайлатылған тәртіппен істі қарау барысында бір тараптың мүддесі қорғалып, екінші тарапқа зиян келеді. Шындығында істі біржақты қарап, талап қоюшының ұсынған дәлелдеріне негіздей отырып қысқаша шешім шығарудың салдары ауыр. Міне, осыған орай азаматтар оңайлатылған тәртіпте шығарылған шешімдердің күшін жоюды сұрап, істің қаралғанынан хабарсыз болғанын айтып, арызданып жатады. Мұндай даулар туындамас үшін сақтандыруға қатысты арыз-шағымдарды жалпы тәртіпте, Азаматтық процестік кодекс­ке сүйене отырып қараған абзал.
Жалпы, соңғы жылдары дауды бейбіт жолмен шешу, даукестікті төмендету бағытында Жоғарғы Сот тарапынан ауқымды істер атқарылды. Соған орай республика соттарында 2019 жылдан бері сақтандыру туралы заңнаманы қолданумен байланысты даулар санын азайту мақсатында «Сақтандыру дауларының алдын алу» пилоттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Осы жобаға сай сақтандыру шарттарынан туындайтын сот даулары міндетті түрде медиация жүргізуді талап ететін даулар санатына жатады. Бүгінде сақтандыруға қатысты даулардың алдын алу, дауларды медиациямен аяқтау мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сақтандыру компаниялары татуластыру рәсімдеріне жіті көңіл бөлуі керек. Бүгінгі күні сақтандыру омбуд­сманы дауды сот тәртібімен шешудің баламасы ретінде әрекет ететінін үнемі назарда ұстаған жөн.

Г.Жангалиева,
Жаңаөзен қалалық сотының судьясы

Сауаттылық сергелдеңнен құтқарады

Кез келген даудың түйіні сотқа келіп тарқатылады. Сондықтан Ата...

Еңбек дауының алдын алу маңызды

Еңбектің барлық кезде дұрыс бағалана бермейтінін сот тәжірибесі көрсетіп...

Судьялар съезі – жаңа бастамалар мінбері

Судьялар одағы – қазақстандық қазылардың басын біріктіріп, бір мақсатқа...

Сот алдында бәрі тең

Азаматтық процесс барысында таразы басының тең ұсталып, екі тарапқа...

Кеңседегі іс жүргізу мәселелері

 Кеңсе жұмысы әртүрлі бағытта жұмыс жасайды. Бүгінде бұл бағытта...