12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Майдан даласында берілген серт

Жаңадан оқу бітірген кезім еді. «Жас алаш» газеті жұмысқа қабылдаған. Сол жазда Талаптың тоғайынан Кребек көкем екеуміз он күндей шөп орғанбыз. Сонда әлі де шалғыны еркін сілтейтін майдангер аға кешегі от кешкен жылдарын, одан кейінгі ішкі істер органында қызмет еткен кезеңін жүйелей отырып, біраз сырдың шетін ақтарғаны бар. Арада көп уақыт өтпей, ауылға келген сапарымда әулетіміздің қариясына арнайы амандаса барып, көптен бері есімнен кетпей жүрген ойымды айттым.
Тұмар апаның қою демдеген шәйін ішіп отырып, – көке, сіздің ауызекі айтқандарыңыздан соғыс жайын, одан кейінгі уақыттағы милицияда қызмет істеген жылдарыңыздың қызығы мен қиыншылығы туралы әңгімені көп естіп жүрміз ғой. Осыларды қағазға түсіре беру керек. Ал жазып, түртіп қойып жүргеніңіз болса, одан әрі өңдеуді, бір жүйеге түсіруді мен қолға алайын, – дегенмін. Көкем көп ойланған жоқ.
– Жақсы ниетіңе рақмет, балам! Ал жазу жағына келетін болсақ, пенсиядағы адамбыз, не істейміз сонымен айналыспағанда?! Біраздан бері, өзің айтпақшы түртіп қойып жүргенім де бар. Оларды кәдеге жарата алсаң көрерсің. Алайда, кезінде ықтияттап жазып жүрмегеннен кейін соғыс уағындағы қан кешудің көбін ұмыта бастадық. Тек кейбір шабуылға шыққанымыз немесе батпаққа тығылып қалған зеңбіректің дөңгелегіне жабысып алып, атпен бірге ат болып жүрген кезіміз болмаса, – деп көкем Тұмар апаға мақтана бір қарап қойды.
– Е-е, соларынды айт Сейітханға. Арасында менің әкеммен қалай танысқаныңды, соғыста жүріп ол кісінің берген уәдесін айтып беруді де ұмытпа, – деп Тұмар апа шалына қарап жадырай күлді.
– Ол қандай таныстық, уәде бергені қалай? – деп мен де елең ете түстім.
– Айтса сенгісіз, ол бір қызық оқиға, – деп көкем әңгіме тиегін ағытардағы қалпына көшті. Ендігі сәтте қабағын түйіп, бір пәс соғыс қимылдарын көз алдынан өткізгендей болып отырды да, баяу әңгімесін бастаған.

– Корпус командирі генерал Мельничук деген украин болатын. Өзі сабырлы, генералға тән қасиеттің бәрін бойына жинаған ұқыпты, әкедей қамқор адам еді. Демалыстың екінші күні мені генерал шақырды. Қалаға кіре берісте бір бұрышын снаряд талқандап кеткен зәулім ағаш үй болатын. Сол тез арада қалпына келтіріліп, оған Мельничуктың штабы қоныстанған екен. Есік алдындағы сақшы мені таныды да, жылдам ішке кіргізіп жіберді. Аралық бөлмеде өзіме таныс телефон апараттары орналасыпты. Бірақ әлі үнсіз. Сөйткенше болмай тағы да бес-алты байланысшы жиналып қалды. Осы кезде барып генералдың адъютанты біздің келіп тұрғанымызды баяндап шықты.
– Е-е, – дедім ішімнен, – генералға шақырылған жалғыз мен емес екенмін. Корпус командирі күнде шақыра бермейді.

Оның үстіне тікелей генералдың бұйрығын штабтан алып шығу сирек болады. Қатардағы жауынгер үшін бұл үлкен мәртебе.
Генералдың бізге берген тапсырмасы тығыз әрі өте құпия екен. Одан біздің түсінгеніміз мынау: Киевтен, оның айналасындағы маңызды объектілерден аз уақытта айырылып қалған фашистер қатты ширығулы. Жау қарсы шабуылға әзірлік үстінде. Бұған қосымша, кейбір аймақтарға диверсанттар түсірілгені жөнінде ақпарат бар. Белая Церковь қаласына орналасқан корпус штабымен байланыс жедел түрде қалпына келтірілуі керек. Біздің міндетіміз: Гребенки, Кіші Ольшанка, Строков және Фастов деревняларында орналасқан дивизия штабтарына қорғаныс шептері мен түнгі күзетті күшейту тапсырылғанын жеткізу. Байланысшылар екі арада үзбей қатынаста жүреді. Жаңадан тартылып жатқан телефон сымы бір сәтке де үзілмеуі тиіс. Бұл бір. Екінші, біздің корпусқа бекітілген қорғаныс шептерінде түнгі күзеттің құпия сөзі (пароль) қазіргі сәттен бастап өзгертіледі. Ол – «Шетен» («Рябина»). Ал қосымша бұйрықтар қолымыздағы пакеттің ішінде айтылған.
Осындай құпия бұйрықты алып, барлығымыз жан-жаққа тез тарасып кеттік. Астымызға бір-бір ат берілді. Өйткені, Гребенки деревнясы Белая Церковьтен 18 шақырым қашықта орналасса, Фастов – 33, Кіші Ольшанка – 13, Строков – 28 шақырым жерде. Мен Гребенкиге қарай жөнелдім. Шаруашылық ротасының повозкасын таситын көк атқа көптен көзім түсіп жүруші еді, сол атты қалап алдым да жүген салдым.
Гребенки деревнясы атты адамға таяқ тастам жердегідей ғана көрінеді екен. Тез-ақ келдім. Деревняға жақын­дап қалғанымда мені күзетшілер тоқтатты.
– Құпия сөз! – деді күзетшілердің ішіндегі төртпақ денелі мұртты адам. Өзі менен әлдеқайда ересек көрінеді.
– Шетен! – дедім мен міз бақпастан.
– Мынау не дейді-ей? Шетеншілін өзінің. Қаруыңды таста да аттан түс. Шетеніңе көрсетейін, – деді әлгі мұртты адам. Дауысы зор екен. Өзі бір зәулім қарағайдың тасасынан шығып еді. Мынаның гүрілдеген дауысынан қарағайдың бұтақтары дір-дір ете қалғандай. Арғы жағындағы екі күзетші қаруын кезеніп, енді болмаса шүріппені басқалы тұр. Құпия сөздің ауысқаны жөнінде бұлардың әлі бұйрық алмағанын білемін. Ол бұйрық менде. Сондықтан көп сөзді қойып:
– Мені тез арада дивизия штабына апарыңдар. Корпус штабынан маңызды бұйрық бар, – дедім.
Сонымен, қойшы әйтеуір олар мені атымнан түсіріп, дивизия штабына жаяу айдап әкелді. Штаб бастығы ма­йор шеніндегі орыстың отыздарға келіп қалған жігіті болатын. Оны мен бір-екі мәрте корпус штабынан байқап қалғанмын. Бірақ ол мені қайдан танысын. Алайда, құпия пакетті ашып оқығаннан кейін жүзіне жылылық ұялады.
– Жақсы, жолдас қызыл әскер. Бұйрықты дер кезінде жеткіздіңіз. Бізден кейінгі Васильков қалашығында диверсанттардың жүргені жөнінде мәлімет бар. Қайтарда сақ болыңыз, – деді.
– Қам жемеңіз, жолдас майор. Сіздерге қарай екі байланысшы корпус штабымен тікелей байланыстыратын кабель тартып келе жатыр. Қазір орта жолға келіп қалған шығар. Сіздермен байланыстың үнемі болып тұруына біз жауапты боламыз, – дедім генералдың соңғы сәтте берген бұйрығын есіме түсіріп.
Штабтан шыққанымда бағанағы мені тоқтатқан күзетшілердің ішіндегі мұртты дәу жігіт сол маңда әлі жүр екен. Жылдам басып қасыма келді.
– Қазақпысың? – деді ол салған жерден жүзі жадырап.
– Қазақпын…
– Ой, айналайын-ай! Қызыл әскер киімін кигеніңмен, біріншіден түр-түсіңді ажырата алмаған айып менде. Екіншіден, біз білмейтін құпия сөзді айтқаныңда тіпті шошып кеттік қой. Соның алдында ғана диверсанттар туралы естіген едік, – деді кешірім сұрағандай болып.
– Оқасы жоқ, ағасы, енді әскери тәртіп қой, – оған сіздер кінәлі емессіздер. Керісінше, бұдан былай да дәл осылай сақ болу керек, – деп атыма қарай жүре бергенім сол еді, ол кісі гүр етіп қайта тоқтатты.
– Қай жерденсің, інішек?
– Оңтүстік Қазақстан облысынанмын. Бұрынғы Сырдария облысы…
– Оның қай жерінен?
– Шаян ауданы. Үлкен Бөген бойындағы Талап ауылынан, – деп бұл жолы толық жауап бердім. Өйткені, осынау мығым қазақ менің жай-күйіме көңіл аударып, әкедей баурап бара жатыр еді.
– Өй, жерлес болдық қой. Мен Арыс­тан боламын. Сенің ауылыңнан ағып өтетін Бөген өзені біздің Көксарайға дейін келеді. Бәсе, жылы ұшырайсың, інім екенсің ғой. Қайда жүрсең де, аман бол, – деп атымның жүгенін өзі шешіп, қолыма ұстатты. Көп сөйлесіп тұруға нағашымыздың ауылында жүрген жоқпыз. «жақсы, жақсы» десіп, бір-бірімізге амандық тілеп, қош айтыстық. Мен өз бөліміме қарай асығыс аттанып кеттім. Былай шыға бере осы бір даңғырлаған қазақтың аты-жөнін сұрап алмағаныма қатты өкіндім.
Көп ұзамай Житомир қаласы үшін қырғын шайқастар басталды. Осы шабуыл кезінде баяғы Гребенки деревнясында жөн сұрасатын мұртты қазақпен қайта ұшырастым. Жараланып қалса да қатардан шықпай соғыса беріпті. Мені көргенде туған баласын көргендей қатты қуанды. Атыс саябырсыған бір сәт еді. Окоп ішінде отырып, жол қапшығымыздағы «сухой паекпен» жүрек жалғадық.
Осы кезде бағаналы бері үнсіз тыңдап отырған Тұмар апа әңгімеге араласты.
– «Наркомовский» жүз грамнан да іштік» – демейтін бе едің…
– Ой, ол кейін ғой. «Награждение» болғанда. Житомирді азат еткеннен кейін біздің корпустан 300-дей жауынгердің әртүрлі наградаға ұсынылғанын естідік. Ішінде мен де бармын. «Ерлігі үшін» медальді сол жолы алдым. Ал енді осы жерде бір қызық бар, – деді көкем тыңдаушы адамын елең еткізердегі әдетіне басып. Жазып отырған қағазымды ысырып қойып, мен де үңіле түстім. Ол кісі асығар емес. Жүзі жылып біраз уақыт отырды да:
– Жарықтық Сақан қария! Көп болса сонда қырыққа енді келген қылшылдаған жігіт кезі екен ғой. Бізге әкеміздей ересек көрінуші еді. Корпус штабындағы марапат кезінде сапта ол кісі де болды. Генерал Мельничуктың қолынан «Ерлігі үшін» медальды қатар алдық. Марапатқа ие болғандарға арнап генералдың адъютанты дастарқан жайды. «Наркомовский» жүз грамды сонда іштік. Орман ішіндегі жертөленің алды бірін-бірі құттықтаған жауынгерлер. Жанымнан келіп, қапсыра құшақтаған адамның Сақан аға екенін бірден сездім. Бұл жолы, тіпті, іші-бауырымызға кіре сөйлестік.
– Ал наградаң құтты болсын, інім, – деп Сақан аға тағы да құшақтап, бір сілкіп алды. Мен де аузыма түскен жақсы сөзімді айтып жатырмын.
– Шіркін, елге аман-есен қайтар күнге де осылай бірге жетсек қой, – деді Сақан аға тебірене түсіп, – әлгінде байқадың ба, Кребек, наградаға ұсынылғандардың тең жарымына жуығына «посмертно» берілді деп хабарлады-ау, ә. Небір жас жігіттер опат болды ғой. Әлі өмірдің қызығын көрмеген, үйленіп балалы-шағалы болмағандар солардың көбі.
Әлгінде тартып алған жүз грамның буы бойға тарап, екеуміздің көзімізге жас келіп қалды.
– Амал бар ма, Сақан аға! Олардың ерлігі ұмытылмайды. Елдегі бауыр, ағайын-жұрт бізді жау оғынан мерт болсын деп жіберген жоқ. Бірақ соғыстың аты соғыс емес пе? Сабыр етіңіз, – деп мен басу айтқан болдым.
– Ал өзің қалай, Кребек үйленіп пе едің? – деді кенет Сақан аға.
– Жоқ, қайдан үйленейін, жағдай көтермеді. Шымкентке келіп өз күшіммен оқыдым. Жұмысқа енді ілігіп, адам боламыз ба дегенде соғыс басталып кетті…
– Е-е! Жағдай көтермеді дейді ғой. Сендей жігітке тұрмысқа шыққан қыз­дың маңдайының бес елі бағы бар. Осыдан елге аман оралсақ өзім қыз тауып беремін. Тіпті болмаса, өзімнің қызымды беремін, – деді Сақан аға күле отырып. – Қазақтың қалың малы қалмайды. Маған қалың малдың керегі жоқ. Бірақ кәдесін жасарсың. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген ғой атамыз. Бұл қалай, ә! Дұрыс па осыным? – деп Сақан аға бұл жолы екі иығымнан бүре түсіп, күректей алақанымен арқамнан қағып-қағып қойды. Қызарып кетсем керек, сонда да сыр бермеген боп:
– Қызыңыз нешеде? – деп қалдым не айтарымды білмей.
– Биыл 13-те.
– Е-е, әлі жас қой…
– Қыз өспей ме, көкірегіңді теспей ме, – деп не үшін айтқан? Әлі-ақ желкілдеп шыға келеді, – деп Сақан аға еңсеріп әкетті.
– Көреміз аға оны, ниетіңізге рақмет! – дедім мен енді қашқақтай бастап. Шындығына келгенде құлағыма жағып барады-ау. Бірақ «мақұл, аламын» деп қалай айтамын.
– Сен Кребек, көремізіңді қой, – деді Сақан аға түсін суытып, – мұны елге аман-есен оралайық деп, жақсы ырыммен айтып отырмын. Ал мен екі сөйлемейтін адаммын.
– Олай болса, жарайды аға! Сіздей ақкөкірек, аңқылдаған адамнан жаман-жәутік қыз тумаған шығар, – дедім бұл жолы нық сеніммен, – әкеліңіз қолы­ңызды!
– Е-е, мұның енді жөн! Жігіт осылай болуы керек. Арысқа келіп, Асақаевтың үйі қайсы десең, кез келгені жөн сілтеп жібереді. Айналайын, қайда жүрсең де аман жүр…
Сол арада:
– Сапқа тұрыңдар! – деген команда болды да біздер бұйрық бойынша сапқа тізіліп, лезде өз бөлімімізге тарасып кеттік. Бұдан кейін біздің корпус қайта жасақталып, 1-Беларусь майданының құрамына берілді. Ол кезде, әрине, мұны білген жоқпыз. Қайда жұмсаса сонда барасың ғой. Бұл деректі мен соғыс біткеннен көп кейін, шамасы 60-жылдары болуы керек, бір анықтама қағаздар керек болып, соны Подольск мұрағатынан сұратқан кезде білдім. Ал Сақан аға бір ұрыста қатты жаралы болып, бұл жолы госпитальға жөнелтіліпті. Содан біз майдан даласында қайта кездеспедік.
1946 жылы армия қатарынан босағаннан кейін Октябрь колхозына жұмысқа тұрдым. Бір күні «контор» деп аталатын қалқайған қоржын тамға келсем, жұрт жинала қоймапты. Сонадай жерде атынан түсіп, шарбаққа шылбырын іліп жатқан адамның түр-тұлғасы, бітімі сондай ыстық көрінді. Алдында аттан түсіп жатқанында байқамаппын. Енді бері қарай қашан бұрылар екен деп қақшиып, тыпыр етпей қалғанымды өзім де сезгенім жоқ. Бір кезде бұрылды, онымен қоймай бері қарай жүре бастады. Ойпырым-ай, мұндай да ғажап болады екен. Кеше ме, арғы күні ме есіме түсіп: «Қайда екен Сақан аға? Тірі келді ме екен соғыстан?» – деген ой санамда жүгіріп өтіп еді. Ал енді мынаны қарашы, келе жатқан сол Сақан ағаның дәл өзі. Түс дейтін түсім емес. Бірақ орнымнан қозғала алмаймын. Аяғыма қорғасын байлап қойғандай. Бір кезде құлындағы дауысым құраққа шыққандай болды.
– Сақан аға! Аман екенсіз ғой, Сақан аға, – деп алдынан тұра жүгірдім.
– Кребек, батыр-ау, осында жүргеніңді неге айтпайсың? Шаянның бір баласы бізге бригадир болып бекіді. Аты – Кребек! Соғыста болыпты. Армиядан босап келген беті екен, – деп әңгіме айтып отыр көрші әйел кеше кешқұрым. Елең ете қалғаным… Сол, келдім міне іздеп. Жүрегі құрғыр сезген екен ғой, аттай тулап… түнімен ұйықтай алмадым, – деді Сақан аға мені құшағынан босатқаннан кейін.
– Ал үйге жүр, қонақ боласың…
– Сіз қайда тұрасыз? Арыстан келдіңіз бе? – дедім сасқалақтап.
– Арыс қалды ғой. Осы Октябрьге көшіп келгенбіз, – деді Сақан аға, – тың жерді көтересіңдер деген тапсырма болды. Сонымен осындамыз. Енді бүгінше қоя тұрғын жұмысыңды. Қазанға етті де салған шығар. Кешіксем бір жақсылықтың болғаны. Қарайламай бұрқырата беріңдер деп тапсырма беріп кеткен едім апаңа.
Сөйтіп, Сақан аға мені ойлануға, бұрылып бұлтаруға шамамды келтірмей үйіне алып келді. Таралып өсіп қалған бойжеткен қызы бар екен. Кіріп-шығып жүріп шай дастарқанын жасады. Одан бір кішілеу қызды біздің Әпизамен (қарындасы) қатар ма деп қалдым. Есіктен сығалап, аң-таң болып ол жүр. Аты Үрзада сияқты. Үлкен қыз «Үрзада, ананы апар, мынаны апар» деп қояды. Сақан аға екеуміздің әңгімеміз әлі таусылар емес. Одан не ұғып не қойып жатқанымды өзім де білмеймін. Бірақ көңіліме бір белгісіз алаң кіргенін анық байқадым.
– Тұмаш, самаурынды кіргізе ғой, балам! Шоғы басылды, – деген шеше дауысы естілді. Сол кезде барып Сақан аға да:
– Үлкен ұл Әлімханнан кейінгіміз ғой бұл Тұмаркүл. Шешесіне қолқанат болды деген осы. Тек әлі Арыс жақты ұмыта алмай жүр. Мектебін, бірге оқыған кластастарын сағынатын сияқты, – деп қойды.
Сақан ағаның үйінде кішігірім той өтті десе де болғандай еді. Бір-екі қария, майданнан келген үш-төрт адам жиналды. Ол уақыттағы әңгіменің барлығы соғыс туралы болушы еді. Біз де сол арнадан ұзай алмадық. Бірақ, майдан даласында жүргенде берген уәдесі, екеуміздің сертіміз жайлы Сақан аға тіс жарған жоқ. Алғашында айтса екен деп күтіп едім, содан соң айтпай-ақ қойғанын да мақұл көргендеймін. Оған себеп те жоқ емес. Ең бастысы: «қазақ мынадай қызға құда түспей қарап отырушы ма еді» дейді ішкі ойым. Оның үстіне, әлгінде бір қария әңгімесін сабақтай отырып:
– Әй, Сақанжан-ау! Түнеукүні үлкен қызыңа біреулердің құда түсе келгенін естіп едік, ыңғай бердің бе? – деген сауалға үй иесі бұл мән бермегендей сыңай танытса да, үлкен кісінің сұрағын жауапсыз қалдырған жоқ.
– Е-е, ақсақал! Ол меймандарды күттім. Ас-суымды бердім. Бірақ, «қызым әлі жас. Жаңа жердің ой-шұқырына үйрене қойған жоқпыз» деп қайтарып жібердім, – деді. Осымен бұл әңгімеге ешкім қайта оралған жоқ.
– Ет желінді, әңгіме-дүкен құрылды. Күн бесіннен өте ауыл адамдары шаруаларын айтып, орындарынан тұра бастады, – деп көкем жастыққа жантайғанда, сонау қырық жетінші жылдан сексен тоғызыншы жылға қайта түскендей болдық. Самаурындағы шай әлдеқашан басылып қалған.
– Көкең осындай ғой, – деді Тұмар апа, – бір әңгімені бастағанына бие сауым уақыт болды. Әлі аяқтаған жоқ.
– Е-е, оны аяқтап қайтем, – деді Кребек көкем, – отырсың ғой міне қасымда. Маған оның аяқталмағаны жақсы. Мына қырғыздардағы «Манас» жыры әлі айтылып келеді ғой. Жарықтық «Манастың» ырчылары бір киіз үйдің жасауын алты ай бойы тоқтамастан жырлайды екен. Менің соғысқа қатысқаным, ол жақта жүріп сені қалыңдыққа аламын деп болашақ қайын атама серт бергенім қай жырдан, қай эпостан кем? – деп шежіре шал бұл жолы тіпті көтеріле түскен.
– Апам қасыңызда жүр ғой, көке, қырық жылдан бері. Дегенмен, Сақан атаның сертін естідік те, шешімінің қалай болғанын біле алмай отырмыз емес пе! Соны бір-екі ауыз сөзбен түйіндеп берсеңізші, – деп мен Тұмар апаның жағына шыға сөйледім.
Көршілердің аяғы басылған соң Сақан аға «қабырғамызбен кеңесетін әңгімеміз бар» деді. Енді мен ыңғайсыздана бастадым. Ыңғайсызданғаным бергі жағы ғой. Тіпті, тісім-тісіме тимей, қалшылдап кеттім десем дұрыс болатын шығар. Өйткені, әңгіменің не жайлы болатынын ішім сезеді. Төрт жыл соғыста жүріп бұлай болмаған шығармын деймін-ау сонда. Содан қойшы, әйтеуір кеш батты. Әдемі жылы түн орнады. Бағанағы құж-құж қайнаған төргі бөлмеде төрт-ақ адам бармыз. Сақан аға, әйелі, үлкен баласы Әлімхан және мен. Кеңес көпке созылған жоқ. Сөзді Сақан аға бастады.
– Менің сендерге көп айта беретін қарулас інім Кребекті бүгін тауып алдым. Оқ пен оттың ортасында бірге болдық. Жаман соғыспадық деп білем. Мынау орден-медальдар соның куәсі, – деп төрде ілулі тұрған костюмін көзімен бір сипап өтті. – «За отвагуді» кеудемізге тағып тұрып екеуміз серттескен болатынбыз. Сол сертім – серт! Тұмашымды Кребекке беремін. Бұған сендер не дейсіңдер? – деген.
Бір сәт төргі бөлмеде ұшқан шыбынның ызыңы естілетіндей үнсіздік орнады. Сақан ағаның бәйбішесі бір нәрсе айтқысы келіп оқталды да, айта алмады. Әңгіме тізгінін Әлімхан алды.
– Көке, сіздің шешіміңізге кім қарсы келеді дейсіз. Көзімнің ағы мен қарасы Тұмашымды ренжітпей жүрсе болды. Басқа не деймін, – деп Әлімхан да тоқтады.
– Шай әкеліңдер! – деді Сақан аға саңқ етіп.
Тұмаркүл мен анасы екеуі үнсіз жүріп шай жасады. Түннің бір уағында үйеме табақ ет келді. Сақан аға бата жасап, менің алдыма бас пен жамбасты қатар қойды. Ал бұдан кейінгі уақыттарда мен бұл үйдің дастарқанынан тек төс мүжитін болдым. Міне, солай қарағым, бұл әңгіменің тарихы, – деп көкем бізді далаға бастады. – Қалған сөзді анау жеміс ағашының көлеңкесінде отырып сөйлесейік. Үйдің іші қапырық бола бастады ма, ауасы тарылып кетті…
Бұл кезде күн еңкейіп, даладағы ыстықтың аптабы түсіп, айналаға мамыражай тіршілік орнай бастаған уақыт еді.
АЗ ЕСКЕРТУ: Ұлы Отан соғысының ардагері Кребек Жармаханбетов Украинаны, Белоруссияны, Латвияны, Литваны азат ету үшін болған ұрыс­тарға қатысып, Жеңісті Германияның Кенигсберг қаласында қарсы алған. Екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, көптеген медальмен марапатталған. Соғыстан аман-сау елге оралғаннан кейін отыз жылдай ішкі істер органдарында қызмет етіп, милиция майоры шенінде зейнеткерлікке шыққан. Құдай қосқан қосағы Тұмаркүл апа екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Тұмаш апамыз 1992 жылы өмірден өтті. Ал Кребек көке Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге тура 65 күн қалғанда бақилық болып кетті.

Сейітхан Зеберханұлы,
Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты

МЕДИКИ В ЗОНЕ РИСКА

ДЕПАРТАМЕНТ ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ ПО АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ И РЕГИОНАЛЬНОЕ...

КОРЕЙСКАЯ КУЛЬТУРА – ДЛЯ ВСЕХ

СО ДНЯ ОСНОВАНИЯ ДОМА ДРУЖБЫ В РАБОТУ АКМОЛИНСКОЙ АССАМБЛЕИ...

«Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына конкурс жарияланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына орналасуға конкурс жариялайды.

Объявлен конкурс на занятие вакантной должности ректора республиканского государственного учреждения «Казахский национальный университет искусств»

Министерство культуры и информации Республики Казахстан объявляет конкурс на занятие вакантной должности ректора республиканского государственного учреждения «Казахский национальный университет искусств» Министерства культуры и информации Республики Казахстан.

ДОБРОВОЛЬЦЫ-РОМАНТИКИ

Одним из лучших способов проявить себя в благородном деле,...