16.2 C
Алматы
Понедельник, 16 мая, 2022
spot_img

САЛЫҚ ЗИМАНОВ – «ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» АТАҒЫНА ЛАЙЫҚ

ҚР Президенті Тоқаев.Қ.К мырзаға

ҚР Премьер-Министрі Смаилов.А.А мырзаға

ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының президенті, академик. Жұрынов.М.Ж мырзаға

Бүгінгі әңгіме өзегі заманымыздың заңғар ғалымы Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш заңгер академигі, қазақ заңдарының патриархы Ұлы Отан соғысының ардагері Салық Зиманов жөнінде болмақ. Салық ағамыз мына дүниеде бар болмысымен, асыл қасиетімен адамдықтың зиялы үлгісін жасаған қазақ заң ғылымының абызына айналған алып тұлға. Бір кездері Қаныш Сәтпаев «Салық Зиманов Қазақстанда заң ғылымдарының негізін қалушы» деп бағалаған еді.

Жаратушы өзі берген тоқсан жылға созылған мағыналы ғұмырының бастауын қанды шайқаста жеті жылын беріп, қатардағы жауынгерден полк командиріне дейін көтерілген. Салық Зиманұлы Ұлы Отан соғысы жылдарында жанқияр батырлық пен ерен ерліктің де үлгісін көрсетті. 1941 жылыдң қыркүйегінен кеңестік әскер қатарында Оңтүстік және Солтүстік Кавказ, Степной, Воронеж, 2-Украина және 2-Беларус майдандарында соғысқа қатысты. 1943 жылдың желтоқсанынан соғыстың соңына дейін 5-танк армиясында 8-механикалық корпуста болды.

Төрт рет жараланған ол соғысты Германияда Эльба өзенінде аяқтады. Соғыс аяқталғаннан кейін бір жылдан соң С.Зиманов артиллериялық полк штабының бастығы бола тұра әскерден қайтты. Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Кавказды алғаны үшін» Кенисбергті алғаны үшін тағы басқа медальдармен марапатталды. Соғыстың ауыр жылдарында бірнеше күн бойына жаудың ортасында ас-сусыз қалып қарамағандағы жауынгерлердің патриоттық сезімін оятып қоршауды бұзып шыққанын еске алушы еді. Елге оралған соң ғылыммен айналысып, заң саласынан кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, Қазақстан Ғылыми академиясының Құқық және философия институтының 31 жасында директоры болды. Өзі де жұбайы да Қазақстан Ғылым академиясының академиктері дәрежесіне жетті. Көптеген шәкірттер тәрбиеледі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Мемлекет басшысының қасында болып, азаттыққа жаңа қол жеткізген Отанымыздың өркендеуіне бағыт-бағдар берді, халыққа шынайы қызмет етті. Білікті заңгер ретінде егемендік, тәуелсіздік жолындағы Қазақстанның халықаралық қатынастарын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне белсене араласты. Ол кісінің бір қайраткерлігін айтатын болсақ, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында қазақ жастарына қорған бола білді. Сол жылдардағы Ғылым академиясындағы Г.Колбиннің қазақ зиялыларымен кездесуінде кейбір азаматтардың, Колбинге жағымпаздана желтоқсан оқиғасына қатысушыларды қатаң жазалауды дұрыс деп қолдағанын, оның ішінде біздің атақты ғалымдарымыздың есімі әлі уақыты келгенде толық аталар, міне сол кездесуде біздің Салық Зиманов ортаға атылып шығып, Колбинге қарсы, оның ұлтқа деген саясатының дұрыс еместігін, ұлтқа деген қуғын-сүргінді тоқтатуды талап етті. Залдағылар ду қол шапалақтап ол кісінің сөзін қолдады. Одан кейін де қоғамдағы әділетсіздікке көз жұмып қарамады.

Қазақ тілінің өз дәрежесінде дамымай, межелі мақсаттың кешеуілдеуінің себебін іздеді. Заңдардың мемлекеттік қазақ тілінде жазылуын, шенеуіктер бір-бірімен қазақша сөйлеуін баса назарға алып, сол кезеңдегі шуылдаған «Караван» газетінде бірнеше үндеу-мақалалар жазып, нақты бағыттарын жария етті. Зимановтың қайраткерлігі Қазақстан Президенті туралы заң қабылданар кезде тағы да ерекше көрінді. Сол күні Салық Зиманов Парламент мінберіне бір рет емес, үш рет шықты. «Президент туралы заң бір адамның ғана көңіліне қарап шығара салатын заң емес! Президент туралы заң ұлттың болашағына, кейінгі ұрпақтың ертеңіне де қызмет етуі керек!» деп таусыла, күйзеле сөйлегені көптің әлі есінде.

С.Зимановтың осы айтқандарының өте дұрыс өміршең екендігін дәл қазір уақыттың өзі көрсетіп отыр. Марқұмның 95-жылдығын біз шәкірттері өз күшімізбен халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырып өткіздік. Ал билік жағынан тым-тырыс, ешқандай ұсыныстар болмады. Тұйықта көсем болған С. Зимановтың 100 жылдығы өз дәрежесінде атап өтілмеді, тек қана дөңгелек үстел, жәй конференциялардың деңгейінде қалды. Академик Салық Зиманов егемен еліміздің негізін қалауға, тұңғыш декларацияны жасауға және тұңғыш Конституцияны жасауға орасан еңбек сіңірген азамат. Ол кісінің тәрбиелеген шәкірттері республика деңгейінде әртүрлі жауапты қызметтер атқаруда.«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтпақшы, бәріміз осы ғасырдың куәгеріміз.

Сондықтан Салық Зимановтың мемлекетке, қоғамға сіңірген еңбектерін ескере отырып, және де қазақ зиялылары, академиктері Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Ғарифолла Есім, жазушы-ақындар Нұрлан Оразалин, Есберген Алауханов, Дархан Мыңбай, Нұртөре Жүсіп, Қали Сәрсенбай, тағы басқа отанымыздың абзал азаматтарының ұсыныстары ретінде «Қазақстанның халық қаһарманы» атағын беруді орынды деп есептейміз.

Құрметпен осы топтың атынан Есберген АЛАУХАНОВ, Зимановтанушы,

заң ғылымдарының докторы, профессор,

“Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”,

Нұрсұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости