12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Ауылға арналған бағдарлама
ауылдан алыс жатыр

Халқымыздың жартысына жуығы өмір сүріп жатқан ауылдың еңсесі әзірге көтерілмейтін секілді. Бұл орайда үш жыл бұрын қабылданып, іске қосылған «Ауыл – ел бесігі» атты бағдарлама да өзіне артылған үмітті ақтай қоймайтындай. Бюджеттен 206 млрд теңге бөлінген оның игілігін бүгінгі күнге дейін небары 665 ауыл ғана көріпті. Бұл бағдарламаға қамтылған 3,5 мың ауылдың 18 пайызы ғана. Олардың өзінде барлық мәселе шешімін таппаған. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында бір жоба жүзеге асса болды, бәрі жақсы деп есептеліп, басқа проблемасына назар аудармай әдетке айналған. Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Палатаның Экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің төрағасы Альберт Рау мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай қарқынмен бағдарлама мәреге жетуге тиіс алдағы төрт жылда да жұмыс мандымайды. Сондықтан оған қосымша бөлінбек 670 млрд теңгенің тиімді игерілуі күмән тудырады.
Жалпы, бұл жобаның мақсаты ауылдардың инфрақұрылымын жаңғырту, оны жаңа өңірлік стандарттар параметрлеріне дейін жеткізіп, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. Бұл үшін әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытып, ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделген. Бағдарламаға барлық ауылдар қамтылмаған. 6 293 ауыл ішінен даму әлеуеті бар, 3,5 мың ауыл таңдалды. Оларда ауыл тұрғындарының 89 пайызы тұрады. Осы 3,5 мың ауылдың – 1 171-і тірек ауылдары және олардың айналасындағы 2 368-і серіктес ауылдар.
Жиында депутаттар алдында есеп берген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, ауылдарды дамыту «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін бағдарлама шеңберінде 2019–2021 жылдары 2,6 мыңнан астам жоба жүзеге асырылыпты.
Жалпы, 2021 жылы «Ауыл – ел бесігін» жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 126,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1 мыңнан астам жоба жүзеге асырылып, 480 ауылдың инфрақұрылымы жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес енді батыс және оңтүстік облыс­тарға халықты әлеуметтік-мәдени, спорт және білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін 20 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарлануда.
Министр осылайша бағдарламаның оң нәтижесін жіпке тізгенімен, депутаттардың күмәні сейіле қоймады. Расында кемшілік көп. Соның бірі – жүзеге асырылған жобалар санын көбейтуге ұмтылушылық. Депутаттар бұл үрдістің сапаға кері әсер етіп жатқанына, кей жағдайда қаржының мақсатқа сай жұмсалмайтынына алаңдаушылық білдірген еді. Мысалы аудандық аурухананы жөндеуге бөлінген қаржы жобалардың санын көбейту үшін қайта бөлініпті.
Жалпы ауыл тағдырына сыңаржақты көзқарас қалыптасқан. Экономикалық әлеуеті бар, инфрақұрылымы дамыған ауылдар жобаға енгізілмеген. Бұған ауылдық бағдарламада көрсетілгендей тірек ауылынан 15 шақырым емес, 18 шақырым қашықтықта орналасуы себеп болыпты. Сондықтан бұл бағдарлама тиімді болу үшін кейбір параметрлер қайта қарастырылып, нақты жағдайға сәйкестендірілуі керек.
Сонымен қатар, қаржыны бөлуде жүйесіздік белең алуда. 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыс пен ауылдың әрбір тұрғынына бөлінген қаржының айырмашылығы 10 мың теңгеден 33 мың теңгеге дейін болды. Сол секілді аймақтардағы қаржының бөлінуі бірдей емес. Облыстың бір ауданында бірнеше жоба жүзеге асырылып жатса, енді бір ауданның сусыз өңірлері назардан мүлде тыс қалған. Мұның сыртында қандай жобалардың републикалық бюджеттен немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатыны белгісіз. Егер тек республикалық бюджеттен бөлінсе, бұл масылдық тудырады. Бұл ретте бизнеске жүктелетін жауапкершілік те ұмыт қалғанға ұқсайды. Осының барлығы бюджет қаржысының тиімді пайдаланылмай, желге ұшуына алып келетіні күмәнсіз.
Ауыл үшін өзекті мәселенің бірі тұрғындарын еңбекпен қамту және олардың табысын арттыру болса, бұл да шешімін таппай келеді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ондағы жұмыссыздық республика бойынша 4,8 пайызға тең. Бұл ел бойынша жұмыссыз­дардың 40 пайызы деген сөз. Осы орайда өзін өзі жұмыспен қамтушылар саны 1,2 млн немесе экономикалық белсенді тұрғындардың 34 пайызын құрайды. Азаматтардың бұл екі категориясына да қатысты нақты және түсінікті жоспар жоқ. Бағдарламадағы «Байтерек» ұлттық басқару холдингі арқылы қаржыландырып, нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойныша айқындалған шараның жүзеге асуы неғайбыл. Ал ауылдағы жастардың бәрі қалаға ағылып, мұндағы жұмыссыздар қатарын көбейту үстінде. Себебі, көбінің кәсіби даярлығы төмен, кейбірінде мүлде жоқ. Егер ауылда жұмыс орны ашылса, немесе кәсібін ашуға қолдау тапса көпшілігі туған жеріне оралып, өзіне де, ауылға да пайдасын тигізер еді.
Тоқетерін айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруда әлі де нақтылық, есептілік, жүйелілік жетпей жатыр. Депутаттар бұл олқылықтан арылу үшін бағдарлама барысында атқарылған және атқарылмаған шараға толықтай сараптама жасалу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, Үкіметтің Ұлттық жобалау кеңсесі арқылы жобадағы әрбір көрсеткіш бойынша орындаушы бекітіліп, басқарылу қажеттігіне назар аударылды. Бұл ретте бағдарлама жайлы ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмысын пәрменді жүргізудің маңызы зор.

Айша Құрманғали,
«Заң газеті»

КОГДА ПРИШЛА БОЛЬШАЯ ВОДА…

ВЕСНА НАСТУПИЛА СТРЕМИТЕЛЬНО. АПРЕЛЬ ПРИНЕС В АКМОЛИНСКИЙ РЕГИОН НЕ...

ИСКОРЕНИТЬ ИЖДИВЕНЧЕСТВО

Глава государства на одном из заседаний Правительства указал, что...

МЕДИКИ В ЗОНЕ РИСКА

ДЕПАРТАМЕНТ ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ ПО АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ И РЕГИОНАЛЬНОЕ...

КОРЕЙСКАЯ КУЛЬТУРА – ДЛЯ ВСЕХ

СО ДНЯ ОСНОВАНИЯ ДОМА ДРУЖБЫ В РАБОТУ АКМОЛИНСКОЙ АССАМБЛЕИ...

«Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына конкурс жарияланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына орналасуға конкурс жариялайды.