23 C
Алматы
Пятница, 27 мая, 2022
spot_img

Жаңа заңда мемлекеттік органдар
талапкер бола алмайды

Қазіргі уақытта елімізде халық үніне құлақ асатын мемлекет құруға бағытталған тың бастамалар қолға алынып жатыр. Бұл тұрғыда жаңа заңдар қабылданып, еліміздің сот-құқықтық жүйесі жаңғыртылуда. Себебі, ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ, заңды мүдделерінің әділ қорғалуы барлық уақытта басты орында тұрады.
Жаңа заңдар ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін (ӘРПК) айрықша атауға болады. Өйткені, бұл Кодекс тәуелсіз ел тарихында алғаш рет қабылданды. Жалпы айтсақ, жаңа Кодекс Ата Заңға, сондай-ақ, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген. Яғни, ӘРПК азаматтарды мемлекеттік басқарудың заңсыз әрекеттері мен әрекетсіздігінен қорғап, құқықтың тең қорғалуын қамтамасыз етеді. Бастысы мұнда мемлекеттік органдар талапкер бола алмайды, әрі істі толық қарауға кедергі келтірмесе, әкімшілік іс жауапкердің қатысуынсыз да қарала береді.
Осы Кодекстегі тың жаңалықтың бірі әкімшілік сот ісі соттың белсенді рөлі негізінде жүргізіледі. Судьяға әкімшілік істің нақты немесе заңды тұстарына жататын негіздемелерге өзінің құқықтық пікірін айту құқығы берілді.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекспен дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау, тану секілді талап түрлері айқындалған. Осы ретте айтсақ, сотқа дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау туралы талаптар бір айда, ал, тану туралы талап құқықтық қатынастар пайда болған сәттен бастап бес жылда беріледі. Әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру кезеңдеріне істі қозғау, өтініш беру, істі қарап, зерттеу, тыңдау, т.б. жатады.
Құқықтар басымдығы қағидатына сәйкес, барлық күмән-қайшылықтар әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі. Алайда, іс материалдары мен мәліметтерге қандай да бір күмән болса оны әкімшілік орган, лауазымды адам дербес тексереді. Әкімшілік іс ақылға қонымды, бірақ, талап қойылған күннен бастап үш ай ішінде қаралып, шешіледі. Ал, шағым жедел тәртіпте қаралу үшін жиырма жұмыс күні бекітілген. Кассациялық сатыда бұған алты ай қарастырылған. Ескерерлігі, ақылға қонымды мерзім істердің жекелеген санаттарында қолданылмайды.
Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру бойынша шешімдері мен қорытындыларына, сондай-ақ, нұсқамаларына және сот орындаушысының әрекет-әрекетсіздігіне дау айту туралы әкімшілік істер сот отырысында талқылау тағайындалған күннен бастап он жұмыс күнінде қаралып, шешіледі.
Шешім әкімшілік істі талқылаудан кейін шығарылып, ауызша талқылау біткен соң он жұмыс күні ішінде дайындалады. Айрықша жағдайда әкімшілік істің күрделілігіне қарай соттың шешімі ауызша талқылау аяқталған күннен бастап бір айда дайындалады.
Дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі көзделген жағдайда азаматтар сотқа осы тәртіп сақталғаннан кейін ғана жүгінеді.
Әкімшілік-рәсімдік кодексте азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін ешқандай кедергісіз қорғауының тетіктері жан-жақты қамтылған. Әкімшілік әділет институты мемлекеттік басқару жүйесін тиімді етуімен қатар, сот төрелігінің сапасын жаңа деңгейге жеткізеді. Бұл өз кезегінде халықтың әділ билікке деген сенімін одан әрі арттырады.
Илияс Мұхадиұлы,
Талғар аудандық сотының судьясы
Алматы облысы

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости