12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

«Кімнің ұяты жоқ болса,
оның иманы жоқ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы халыққа жолдаулары, қолданыстағы заң актілері, азаматтардың құқықтық мемлекет құруға талпыныстары Қазақстанды шын мəніндегі адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін мемлекетке айналдырары сөзсіз. Осыған орай, 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдау­ында Президент шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тартқанымызбен, елімізде ауыр қылмыстардың саны азай­май тұрғанын, өйткені заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырып қойғанымызды атап өтті. Бұл ретте, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатыс­ты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны қатайту қажеттілігі айтылды.
Нәтижесінде, 2020 жылы 11 қаңтарда заңды күшіне енген «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында Құқық қорғау институттарын күшейту мәселесі көтерілді. Конституцияның ең жоғары заңдық күші болғанымен, белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болатыны бәрімізге белгілі. Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын  Конституциялық Кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. 
Көптеген мемлекетте Конституция­лық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата Заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Президент соны ескере отырып, елімізде Конституциялық сот құруды ұсынды.
Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігі берілмек. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі.
Ең маңызды мәселе, еліміз 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Осы тұста өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажеттігі нақты айтылды. Азаптауға байланысты қылмыс­ты тергеу ісін Бас прокуратураға беру ұсынылды. Осындай ұстаным тергеудің объективті және бейтарап жүргізілуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау саласындағы бассыздықты жазасыз қалдырмау қағидатын бекіте түседі.  
Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендер жазасын қатайту мәселесін жан-жақты зерделеп, біржола шешу Бас прокуратураға тапсырылды. Сондай-ақ, прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заң қабылдау қажеттігі бұрын болмаған жаңашылдық.
Жолдауда барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін еместігі, осыған орай мемлекеттің ауқымды жұмыс жүргізгені атап өтілді. Кадр іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, сот үдерісі мен рәсімдерінің ашықтығы біртіндеп арта түспек. Бұл ретте, Жоғары Сот Кеңесінің рөлі маңыз­ды, құрылым Президенттің соттарды жасақтау жөніндегі конституция­лық өкілеттігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, судьялардың тәуелсіздігіне және оларға ешкімнің қол сұқпауына кепілдік береді. Кеңестің қызметі қоғам үшін толық ашық болуы тиіс. Бұған Жоғары Сот Кеңесінің конкурстық рәсімдерінен онлайн трансляция жасау арқылы қол жеткізуге болады. Сонымен қатар, мұндай конкурстардың қорытындысын нақты дәлелмен түсіндіріп, жариялап отыру қажет.
Алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашылады. Қазақстанда алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Енді бұл сала одан әрі дамытылып, алқабилердің қарауына берілетін істер санаты кеңеймек. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократия­ландыруға және оған қоғам сенімін арттыруға мүмкіндік береді. 
Алқабилердің қатысуымен қылмыс­тық істерді қарау институтының Қазақстанда енгізілгеніне 14 жылдан асты. Осы тұста алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу туралы бірер сөз қозғағым келіп отыр. Алқаби – санасы заң қағидаттарының ықпалынан тәуелсіз, қылмыс жасаған адамның кінәлілігі немесе кінәлі еместігі туралы шешім қабылдаған кезде тек ар-ұятты, әділдікті және өзінің сенімін басшылыққа алатын алқа құрамына қылмыстық істер жүргізу заңының талабына сай іріктеліп алынған адам. Алқабилер сотының мақсаты қылмыс­тық істерді қарауға және шешуге халық өкілдерін тарту болып табылады. Бұл ретте сот құрамы бір жағынан қылмыстық оқиғаның (фактының) болған немесе болмағанын анықтау және қылмыс болған жағдайда жаза тағайындау мәселелерін шешуге құқық берілген кәсіпқой емес алқабилерден, екінші жағынан барлық мәселені құқықтық тұрғыдан шешуге құқылы кәсіпқой судьядан тұрады.
2007 жылдан 2015 жылға дейін алқабилерге тек өлім жазасы мен өмір бойы бас бостандығынан айыру істеріне ғана қатысуға құқық берілген. 2015 жылдан бастап адам ұрлау, адам саудасы, кәмелетке толмағандарды қылмысқа тарту, саудаға салу санатындағы істерге қатысу мүмкіндігі пайда болып, сотқа қатысу өкілеттіктері кеңейді. 2023 жылдан бастап алқабилер аса ауыр қылмыстардың барлығына қатысуға міндетті. 2024 жылдан бастап азаптау, жүкті әйелдерді ұрып-соғып қинау, кәмелетке толмағандарды азаптау, мал ұрлау, қару қолданып бұзақылық жасау, заңсыз аңшылық, көлікті алкогольді масаң күйінде басқару істеріне алқабилерді қатыстыру жоспарланып отыр.
Жалпы, осы мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған жоғарыдағы жаңашылдықтар қылмыстық саясатты құрайды. Қылмыстық саясат қылмыс­тық заң арқылы қылмыс және оның қоғамға қауіптілігімен күреседі. Әрине, қылмыстың қоғамға қауіптілігі мен салдарында әлеуметтік-саяси саланың дамымауының белгілері бар. Қылмыс адамды әлеуметтік, саяси қолдау мен тиісті бақылаудың аздығынан пайда болатынын елімізде болған «қаңтар оқиғасы» дәлелдеп берді. Қылмысты тек кінәліні соттау арқылы, Қылмыс­тық кодекстің көмегімен ғана жүзеге асыру мүмкін еместігіне дау жоқ. Осы тұрғыда біз ең алдымен, қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғыртып, радикализм, экстремистік көзқарас пен әрекеттерден арылуымыз қажет.
Бұл теріс әрекеттер неден туады? Менің пікірімше бұл қоғамдық құндылықтар: адамгершілік, адалдық, әділдік, ар-намыс, ұяттың жоғынан келетін құбылыс. Адамды басқа жан иелерінен ерекшелеп тұратын қасиет – ұят пен ақыл. Егер адам бойында осы екі қасиеттің бірі болып, екіншісі болмаса не болар еді? Ақыл-ойы кемел адамның өзі, егер ұяты болмаса, қоғамдық құндылықтарға түкіре қарайды екен. Сонда ұяты бар адамды қалай танимыз? Ғұлама Абай 36-қара сөзінде «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ» деген. Демек, ұят – иманның ажырамас бөлігі. Иман әр адамның бойына ананың ақ сүтімен даритын қасиетті құндылық болғандықтан, оны әркім өз жүрегімен сезінгені дұрыс шығар. Халқымыз «Өлімнен ұят күшті», «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ғибратты сөзді текке айтпаса керек. Сондықтан адамда ең бірінші рухани күш, патриоттық сезім болуы абзал. Негізгі мәселе – басқаларды басқарудан гөрі, әр адам өзін-өзі игеруге мән бергені жөн. Абайша айтқанда өзіңе өзің есеп бер. Өз қадірін білген адам, басқаның да қадірін біле алады, ал басқалар соған сай ізет қылады.
Адам егер рухани кедей болса, оның байлығының кімге керегі бар? Керек болса, біз жаратушының, табиғаттың алдында байлығымызбен жауап бермейміз, керісінше рухани құндылығымызбен, санамыз қай деңгейде екендігімен есеп береміз. Әдеп пен моральдық қалпын сақтаған адам өзіне де, еліне де адал қызмет жасайды. Сонда ғана ол осы өмірде өзінің ішкі дүниесінің жұмағына кіруі мүмкін.

Мұрат Солтыбаев,
Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы

Жеке сот орындаушылар жұмысы жандануда

Қазақстанда жеке сот орындаушылар институты тиімділігін толықтайдәлелдеуде. Оны сот...

Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындау

АПК-нің 241-бабына сәйкес, шешім дереу орындау жағдайларын қоспағанда, заңды...

Оңалту процедурасын қолдану

Экономиканы қалпына келтірудің маңызды міндеттерінің бірі барлық тиімсіз және...

Гендерлік теңдік тұрақтылыққа сеп

Соңғы жылдары елімізде әйел мен ердің теңдігі, гендерлік саясат...

Жемқорлықпен күрес тоқтамақ емес

Жемқорлықпен күрес мемлекетіміздің басты мақсаттарының бірі. Елімізде сыбайлас жемқорлық...