12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Сот сараптамасын тағайындаудың маңызы зор

Сот сараптамасының ақ пен қараны анықтап, тура төрелік жасаудағы маңызы зор. Сондықтан судьялардың азаматтық істер бойынша әділ шешім қабылдау үшін сот сараптамасының көмегіне жүгінетін кездері көп. Сараптаманың көмегімен тараптардың уәжін тексеріп, дәлелдердің бұрмаланбағанына көз жеткізуге болады.

Сот сараптамасы ең алдымен тараптардың өтінішхаты бойынша тағайындалады. Сондай-ақ судьялар сараптаманы өз бастамасы бойынша да тағайындай алады. Мұндай қадам жасалмас бұрын судья тараптарға Азаматтық процестік кодекстегі 38, 39-баптарды түсіндіріп, іске қатысушылардың сараптамаға қатысты сауалдарын алдын ала біледі. Кодекстегі баптарға сүйене отырып тараптар сараптамадан өздігінен бас тартуға құқылы екенін де ұмытпаған абзал.

Бұл жерде сарапшыға қойылатын талап та, жауаптылық та жоғары. Өйткені істің соңғы түйіні сот сараптамасының қорытындысына тікелей байланысты. Соған орай судья Азаматтық процестік кодекстің 91-бабына сәйкес сот сарапшысына жүктелетін міндеттерді, құқықтарды түсіндіреді. Әрі сараптамада көрінеу қате жіберіліп, жалған қорытынды жасалған жағдайда сарапшының қылмыстық жауаптылыққа тартылатынын ескертеді. Бұл осы саладағы мамандардың өз ісіне үлкен ізденіспен, терең мән беріп қарауына ықпалын тигізері даусыз. 

Сараптаманы дайындау тәртібі еліміздің «Сот-сараптама қызметі туралы» заңына сәйкес жүргізіледі. Бұл заң 2017 жылғы 10 ақпанда қабылданған болатын. Сарапшы сараптама тағайындалғаннан кейін iс материалдарымен танысып, сот iсiн жүргізу барысында iске қатысушыларға және куәлерге сұрақтар қоя алады. Сонымен қатар, сараптама толық болып, сапалы қорытынды жасалу үшiн істі таразылауда үлкен маңызы бар жазбаша дәлелдемелердi зерттеп, соттан қосымша материалдар беру туралы сұрауға құқылы. Осы ретте сараптама тағайындау үшін сарапшыға іске қатысты құжаттар, мәтіндер, салыстырмалы үлгiлер, қолдар, цифр жазулар, жазу приборлары секілді қажеттi мәліметі бар материалдар берiлуге тиiс.

Өзіне зор жауаптылық артылған соң сарапшы да негізгі заңнамаға сүйене отырып әрекет етеді. Айталық Азаматтық процестік кодексінің 93-бабына сүйене отырып сарапшылар зерттеу жүргізілетін мәселе өз біліміне сай келмесе, зерттеуге берілген материалдар жарамсыз болса, зерделеуге келмесе, деректер қорытынды жасауға жарамаса сараптама беруден бас тарта алатынын да қаперде ұстаған жөн.  Мұндай жағдайда сарапшы қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы уәжін жазып, оны сотқа жібереді.

Сараптаманың бағасына қатысты да тараптардан жиі сұрақ түседі. Көпшілігі сараптамаға жасауға ниетті болса да, оның төлемін қорқып бас тартып жатады. Жалпы АПК-нің 110-бабының 4-бөлігіне сай сараптамаға кететін төлемді өтініш жасаған тарап төлейді. Ал егер өтінішхатты екі тарап та берсе не сараптаманы тағайындау соттың бастамасы бойынша жүргізілсе, онда талап етілетін соманы тараптар тең бөліктермен төлейтіні ұйғарымда көрсетіледі. Тағы бір еске салар мәселе, бізде кейбір әлеуметтік қолдауды талап ететін топтар төлемнен босатылған. Сараптама тағайындауда бір тарап немесе екі тарап та шығынды төлеуден босатылған жағдайда сарапшыларға тиесілі сома бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Ол соттың шешімінің негізінде орындалады.

Сот сараптамасын судья ішкі пайымына сүйене отырып қолданады. Сондай-ақ егер сараптама толық емес, күмәнді деген жағдайда қайта сараптама жасалады.

Ботагөз Өмен,

Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы

Кеңседегі іс жүргізу мәселелері

 Кеңсе жұмысы әртүрлі бағытта жұмыс жасайды. Бүгінде бұл бағытта...

Дау шешудің дара жолы

Өз заманында Төле, Қазыбек,  Əйтеке сынды кемеңгер билеріміз бірігіп,...

Неке-отбасылық қатынастары, даулары

Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексіне (әрі...

       Соттағы болып жатқан жаңашылдықтар(сот кабинеті, Е-өтініш,электоронды қылмыстық істер)

 Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотын электрондық жазбаны мейлінше...

          Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі негізгі проблемалармен...