12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қанды серуен

…Көзін ашқанда өз бөлмесінде жатқанын аңғарып «уһ» деп кең тыныс алды. Бас­тырылып қалыпты. Ауыр көрпені аударып тастап орнынан тұрғанда сағат тілі тоғызды көрсетіп тұрды. Демалыс екені есіне түсіп қайтадан жантая кеткен. Кешегі ауыр кезекшіліктен соң бойы дел-сал күйде қатты ұйықтап қалғанын ұқты. Үйге қайтар алдында бастығы Литовченко зорға демалыс беріп, ашуланып қайтқаны бар. Жұмыс, жұмыс десек те, бір уақ тыныққанға не жетсін!. Қаладағы қылмыстық нөпір аяқ алғысыз.
Ас бөлмесіне келіп бір шыны суды тік тұрған қалпы сіміре салды. Шай қоюға зау­қы жоқ. Кешегі күнді таразылап отыр­ғанда ойын қоңыраулатқан телефонның даусы бұзып жіберген. «Тыңдап тұрмын, Семеныч…». «Санат, сені тағы мазалаймын! Жек көрсең де, боқтасаң да өзің біл. Шұғыл бөлімге келуің керек. Тағы да он жасар қыз хабарсыз кеткен. Сол істі анықтауды өзіңе тапсырамын». Бұл бірдеңе дегенше тергеу бастығы Литовченко трубканы қоя салды.


Қабағы салыңқы Аркадий Семеныч ешкімнің бетіне тура қарамастан кешегі қылмыстар тізбесін судыратып оқып шықты. «Ең ауыры, кәмелетке толмаған қыз баланың ұрлануы. Бұл іс аудан аумағында орын алған. Куәлер іздестірілуде. Генерал істі шұғыл тергеуді, жедел ашуды міндеттеп отыр. Капитан Қамбаров, бұл іске басшылық жасауды саған тапсырамын!» – деп, Санатқа барлай қарады. «Сұрақ бар ма? Жоқ болса, кәне, іске кірісіңдер!» деген Литовченко сәл бөгелді де: «Қамбаров! Кідіре тұр, жеке өтініш бар» деп, қолын шошайтты.
«Сен басқаларға қарағанда ысылған мамансың. Мына қылмыс саған берілген сынақ, емтихан деп біл! Басшылар сенім артып отыр. Жерге қаратпассың!» деген басшы тапсырмасын нығарлап жеткізді.


Суреттегі қыз баланың ойлы жанарына ұзақ қарады. Қас қарая бастаса да, аға тергеуші Қамбаров қиын сауалдарға сүрініп, ұзақ отырды. «Куәлер болса, жоққа тән… Болған күнде не дейді?» «Жақын құрбылары не біледі?» «Педофил делік, ал ол неліктен тапа-тал түсте әрекетке барған?!.» Орнынан жылдам көтеріліп, бөлмені арлы-берлі кезіп кетті. Сол бетімен күртешесін үстіне асығыс іліп, сыртқа беттеген.
Қаланы қымтай бастаған жазғы мақпал кештің момақан қалпын қызықтай жүріп, жоғалған қыздың отбасы тұратын пәтердің қоңырауын басты. Көпке дейін тырс еткен дыбыс білінбеді. Сәлден кейін аяқ тықыры білініп, ар жақтан ер адамның үрей араласқан даусы естілді: «Бұл кім екен? Кім керек?» «Бұл мен, капитан Қамбаров. Әйгерім Жаманованың ісі бойынша тергеу­шімін. Рұқсат болса…». Есіктің ілгегі сырт етіп ашылды. Босағадан аттай бергенде көзіне кішкене қыз баланың тап-тұйнақтай жиналған аяқкиімдері түсті. Ілгіштегі ұқыпты ілінген пальто мен күртешелері бір үйдің аялаған қызы екеніне куәлік бергендей. Орта бойлы, көзілдірікті, өңі салқын, ежірейген мұртты отағасы мұны кең бөлмеге бастап жүрді. Төргі бөлмеде кішкентай қызды құшақтап отырған сымбатты әйел тергеуші Қамбаровты суық қарсы алды. Жылай бергендіктен екі көзі домбығып ісіп кеткен. Сәл үнсіздіктен соң: «Не керек бізден?» – деді дөрекілеу. «Қызыңыз бұрын-соңды үйден кетіп пе еді?»
«Х-м-м-м..м» деп аз-кем жөткірініп алған әйел: «Сіз бізді кім деп ойлайсыз? Кеткені несі. Не ішем, не кием демейтін. Сол күні сезгендей ұзақ құшақтап қоштасып еді. Жарығым, қайда екен? Ой, құдайым-ай» – деп солқылдап жылап жіберді. Капитан ыңғайсыз қойылған сұрағын жуып-шайғандай болып: «Кешіріңіз, жақын ағайын, достарыңызға қонаққа жиі апарушы ма едіңіз?» – деген. «Жоқ, үйден алысқа шығып көрмеген. Мектептегі би үйірмесі мен концерттер болмаса, кешігіп келмейтін. Тек өз әкесі Серкебай алып кетті ме деген қаупім бар». «Серкебай қайда тұрушы еді?» деп қалды капитан жұлып алғандай. «Ол Ресейде. Сотталған. Ұрлық үшін». Біраз үнсіз қалған әйел еріксіз селк етіп, қайта сөзін жалғады: «Жоқ! Мүмкін емес. Маскүнем. Ол өз басын алып жүре алмайтын. Ішкіш. Саудасы біткен де шығар». «Соңғы рет бұрынғы күйеуіңізді қашан көрдіңіз?» «2012 жылы осы қалада. «Отырып шықтым…» деп қызын көруге келіп кеткен. Қазіргі күйеуіммен 2013-те қосылдым. Ортамызда мына қыз», – деп тәтті ұйқыдағы сәбиін иіскеп қойды. «Қазіргі күйеуіңізбен Әйгерімнің қарым-қатынасы қалай еді?». «Бекер обалы не? Уайыс Әйгерімді өз әкесінен артық жақсы көреді. Төбесіне көтеріп жүрді. Керісінше, Әйком Уайысқа онша жақындамайтын. Жатырқады…».
Артық сұрақ қоюдың қажеті шамалы екенін ұққан Қамбаров алғысын айтып орнынан көтеріле берді. Осы кезде бұларды сырттай барлап, жақындамай, көзілдірігінің үстінен қарап тұрған отағасы Уайыс сөзге араласып: «Тергеуші жолдас, Әйкомызды тезірек табар деген сенімдеміз… Тәңірім жар болсын сізге!» – деп қалды. «Әрине, қолымыздан келгенін аянып қалмаспыз» деді бұл да нық сеніммен.


Ертеңгілік аудандық бөлімге келе жат­қан капитан Қамбаров Әйгерімді біледі деген көршілерінен жауап алуды жөн көрді. Марфуғамын деген саудагер әйел «құдайы көршімін, қанша бірге қоңсы тұрғалы Әйконың жаман атын естімедім» деп ойға батты. Аула сыпырушы болып істейтін әйел де сампылдай жөнелді: «Тергеуші жолдас, сен ана су жүрек байын абайла! Сол өгей әкесінен қорқамын. Түбіне сол жетпесе…» – деп бажырайып қарап отыр. Кейіннен қызды көрдік деген куәлер табылып, тергеушінің көкейінде жылтыраған үміт шоғы қоздағандай болған. Олар да қыздың мектепке жақын саябақта өзімен-өзі жүргенін жеткізген. Шамамен түскі екілер шамасы. Дәл сол күні қыздың мектепке неліктен бармағаны құпия. Анасына сабаққа кеттім дегенмен, мұғалімдері қыздың мектепке келмегенін айтқан. «Демек, сырттан біреу­лер араласқан. Қыздың бөгде адаммен сөйлесуі әсте мүмкін емес».
Таңертеңгілік жұмысына әдеттегіден ерте келген капитан Қамбаров жұмысын кездейсоқ куәлердің жауаптарын пысық­тау­дан бастады. Орталық саябақта балмұздақ сататын бойжеткеннің жауабы сәл болса да үміт отына тамызық тастағандай. «Сол қыз ба, басқа ма, білмеймін. Әйтеуір арқасына асқан қызыл сөмкесі бар қыз ұзақ жүрді. Сәлден соң оны бір әйелдің жетектеп бара жатқанын аңғарып қалдым. Сағат екі жарымдар шамасы. Мүмкін анасы болар деп топшыладым». «Бөтен әйелдің сырт келбеті қандай?» «Жинақы киінген. Киімі ескі үлгіде. Ұмытпасам, қара көзілдірік таққан. Жасы шамамен қырықтың ішінде болып қалар».
«Болжамым бойынша ер адам болуы тиіс еді. Міне, саған керек болса, бұл қайдағы әйел?! Жұмбақ күрделеніп барады. Біраз уақыт түрлі версияға сүйеніп, әріптестерінің болжамын салыстырып отырып қалды. «Асығыстыққа ұрынбау керек!» Осы сәтте жұмыс телефоны безілдеп қоя берді. «Тыңдап тұрмын!» «Кім дейсіз?» «Жақсы, жарты сағатта жетем. Рақмет!» Орнынан жеңіл көтерілген капитан кезекші бөлімнен қызметтік көлік сұратып, бас-аяғы он минуттан соң жолға шықты.


Қаладан жиырма шақырым шеттегі «Жансая» саяжайына келіп жеткенде күн бесінге ауып бара жатты. «Кіруге болмайды!» деген жазуы бар сары лентамен айналдыра қоршалған қараусыз үй маңа­йында жергілікті тәртіп сақшыларының патрульдік тобы тұрды. Үрейленген саяжай тұрғындары пыш-пыш әңгімеге кіріскен: «Бәсе, бұл сұмдық қой. Жас балалардың жазығы не? Полиция қайда қарайды?!» «Балаларды мектепке жіберуге қорқамыз, ой, құдайым-ай…Не болып барады мына заман?». Кезекші патрульдің сержанты Қамбаровты танып, мән-жайды баяндап берді. «Көрші тұрғын ашық-шашық қалған саяжайға бас сұғып, терезеден жасөспірім қыз баланың мектеп сөмкесін байқаған. Ішке кіргенде мәйітті көрген. Дереу «102» арқылы бізге шақырту жіберіпті. Бұл маң облысқа қарайды. Дегенмен қыздың оқу дәптерлері арқылы Алматының тұрғыны екені анықталған. Әне облыстық тергеу­шінің өзі де келді!» – деп еңселі қараторы азаматты нұсқады. Облыстық тергеу қызметінің аға тергеушісі Нұрлановпын деп таныстырған ірі денелі жігіт марқұм қыз баланың басынан қатты затпен ұрып өлтірілгенін айтты. «Майор мына қыз Әйгерім Жаманова. Бағдар қағаздардан таныс боларсыз. Алматы қаласынан екі апта бұрын жоғалған. Мен осы істі жүргізген капитан Қамбаровпын», – деді бұл. «Менен қандай көмек қажет, капитан?» – деген аға тергеу­шіге: «Саяжайда күдіктіні көрген-білгендер мен үйдің кімге тиесілі екенін анықтап берсеңіз. Иісшіл иттер жіберіңіздер. Мүмкін бір жіп қолға ілігер» – деген өтінішін жеткізген.
Мәйіт жатқан үйге беттеген Қамбаров екіұдай күйде болды. «Бейсауат әйелге қыз бала не үшін қажет болды?» «Әлде адам саудалаушы ма?» «Бұл не жұмбақ?» Қос бұрымы тарқатылмаған күйі басы шалқақ жатқан бейкүнә қыздың көйлегі дал-дұл жыртылған, шүйдеден тиген ауыр соққы салдарынан қарақошқылданып қатқан ойық жара байқалып тұр. Мойнына саулап ағып қатып қалған қан іздері көзге ұрады. Ең сорақысы, бейкүнә қыздың оң құлағы түбінен кесіліп алынған. «Бұл не сұмдық?! Ненің белгісі?!» Осы өміріне дейін талай сұрқия өлімді көзімен көрген тергеушінің жон арқасынан құмырсқалар жүгіріп өткендей болған. «Неткен қатыгездік! Бұл сөзсіз маньяктың «қолтаңбасы».
Қыздың оқуына ұқыпты қарағаны дәптердегі маржандай жазуынан аңғарылып тұр. Сонадайда жатқан тасты еппен алған тергеуші Қамбаров ары-бері аударыстырып қарап, қыз баланың басына тиген соққы осы таспен жасалғанын бағамдаған. Өзімен ілесе кірген сарапшыға айғақ заттар ретінде орап, қаттап қоюды мұқият ескертіп, екінші бөлмеге озған. Қалай болса солай шашылған қоқыс қораптар мен тозығы жетіп жаңқаланған үй жиһазы төңкеріліп жатты. Сірә, бұл жердің бомждар мен маскүнемдер тұрағына айналғанына біраз уақыт болған тәрізді. Босаған шөлмектер соған меңзесе, әр жерден шала желінген шұжықтар мен тастай көгеріп қатқан нандар жабайы мысықтар мен атжалмандарға талғажау болғандай. Көп ұзамай мәйіт тасушы көлік келіп жетті. Қыздың мәйітін ұқыпты қарап шыққан соң капитан өзіне жәрдемге келген сарапшы мамандарға жас денені сот-медициналық сарап жасату үшін қалаға жөнелтуді тапсырып, өзі саяжай аумағын шолып шығуға бет алды. Телеарна, радио арқылы дақпырт тарап кетпес үшін әріптестеріне алдын ала қоңырау шалып, «ешқандай түсініктеме әзірге болмайды» деп ескертуді де ұмытпады. Капитан ыждағаттылықпен әрбір тұрғын, бейсауат жүргінмен сөйлесіп көрген. Ұққаны, саяжай дегені болмаса, сая боларлық ештеңе жоқ. Жарық бағандары орнатылмаған. Қорқынышты. «Түнде шықпақ түгілі, күндіздің өзінде жүруге жүрексінеміз» дегендер болды…
Бір тәуліктен соң Алматыны шарлаған қаңқу сөз желдей есті. Сары басылымдар «Өлтірілген жасөспірім дөкей біреудің қызы екен…» «Мәйіт танымал кісінің саяжайынан табылыпты…», «Маньяк атысып жүріп қашып кетіпті…» деген жалған ақпараттарға толып кетті. Тығырыққа тірелген капитан ойымен алысып отыр­ғанда генерал Қасеновтің өзі шақырып жатқанын естіген. Генералдың бастан сипай қоймасы белгілі. Бірақ, істің қалай жүріп жатқанын сұраған генерал алдымен журналистерге сауатты мәлімет таратып, қаңқу сөздердің алдын алуды тапсырды. Сонымен бірге, психологтарға жүгініп, қаралы отбасыға көмек беру керектігін ескерткен.


Түнімен ұйқысы қашып, қатты мазасыз­данды. Балконға шығып темекі тұтатып, ой иіріміне тағы бойлаған. «Міне, бүгін сараптама қорытындысы да дайын болды. Қыз азапталып, зорланып өлтірілген. Қыз бойы­нан алынған ер адамның шауқатын тексергенде қан тобы анықталды. Шамамен жасы 40-45-тегі ер адам болуы мүмкін. Одорологиялық сарап күдіктінің европалық нәсілді екенін растаған». «Келесі құрбаны кім? Қай тұстан із тастайды? Қалайда жолын кесу керек! Олай етпейінше жазықсыз құрбандар саны арта түсуі мүмкін».
Келесі күнгі жұмыс кестесі суық мәліметтермен басталды. Таңертеңгілік шұғыл мәжілісте радио арқылы генерал күтпеген жерден тағы да жайсыз хабардың «жаңалығын» жайып салды. «Әріптестер! Өткен екі тәулік ішінде Еңбекші, Орталық аудандарынан екі бірдей мектеп оқушысының азапталған мәйіттері табылды! Жауыздықта шек, шекара болмайды. Қатыгездік қа­йырым мен мейірімнен жұрдай. Мәйіттер қаланың «сақалды құрылыстар» алаңынан табылған. Барлық күш, барлық құрам осы қылмыстардың ізін жедел ашуға жұмылдырылсын! Әскери бөлім жауынгерлері әрбір көше көпір, жертөлелерді сүзіп шықсын!» деген генерал тапсырмасы барлығын бір сілкінтіп өткендей болды.
«Ауыр күрсініс, тығырыққа тірелген тергеу. Дегенмен, қылмыскер қалайда қателікке ұрынары анық» – деп топшылаған капитан қыздар өлімімен айналысып жатқан тергеушілермен байланысқа шықты. Екі тергеуші де бірауыздан құрбан болған қыз балалардың құлақтарының кесіп алынғанын жеткізген. «Бұл соның ісі!» – деп ой түйді Қамбаров.
Мектептер, аулаларда, қаланың әр жерінде орын алған қылмыстар туралы әңгіме қамысқа тиген өрттей өршіп жатты. Жұрттың полиция маньякты қолға түсірер деген сенімі сетінеп, күмән бұлты қоюлай түскен. Қанша жанталасса да, сақшылар ісі нәтижесіз. Маньяк ізім-ғайым. Сөгіс алмаған басшы, қызметкер қалмады. Санат Қамбаровты да тапсырмаларды сүзгіден өткізу, іс материалдарын қаттау, танысу, жауап алу, пысықтау жұмыстары қалжыратты. Жүйкесі де сыр бере бастаған. Қайталау. Әйткенмен, дұрыс бағытта жүргендерін іштері сезеді. Тергеу бөлімі атынан тәуліктік кезекшілікке қалған. Басқармада құры отырмай, жұмыс жоспарынан тыс болжамдарды да байқастап көрмек… …Сол күні қарапайым қала тұрғыны бейнесінде шы­лымын тістеп түнгі қаланың түнерген көшелерімен жүргенді хош көрді.
Санат түн қараңғылығын тіліп, қаланың шеткері, елеусіздеу көшесімен баяулай жүріп, бір сәт тыным алуға жол жиегіндегі сәкіге жайғасқан. Шамалы уақыттан соң дәл жанына біреу келіп отырғанын аңғарды. Тұрқы ұзын ер адам темекі тұтатып алуға оттық сұраған. Түнгі бейсауат жүргін темекісін ерніне қыстыра сәл еңкейгенде, сығырайған оттық жарығымен оның қолындағы көп суреттер мен тыртықтарды байқап қалған… «Кешіріңіз, біз таныс емеспіз бе? – деді бөтен ер адам жанына еркін жайғасып. «Қала шағын. Адамдар бірін-бірі сырттай білуі мүмкін ғой» – деді Санат салқынқандылықпен. Ал бейтаныс «Рас, соңғы кездері қала тым мазасыз. Ел­дің бәрі үрейлі…Білесіз бе? Бейшара қыз­дарды өлтірген кім болуы мүмкін?..» – деп, қолапайсыз әрі ыңғайсыз сұрақты төтесінен қойып қалды. Сонда бұл кім? Біраз үнсіздікті бейтаныс ер адам бұзып: «Мақұл, мен кеттім. Жолыққанша» деп орнынан жылдам көтеріле берді. Санат отырған орнында қалшиып қатты да қалды. «Бұл не? Жын ба, пері ме?» Іле сәкіден көтерілген ол бөтен кісінің соңынан жүгіре басқан. Қараңғы түн қойнына сіңіп бара жатқан бойшаң адам жеткізер емес. Бірталай жер ұзап кеткен оның ізіне түскен Қамбаров бойшаң адам қала шетіндегі мыжырайған жер тамның бірінің қақпа тұсына кідіргенде, алыстан бақылап тұрды. Қақпаның ар жағынан әйел адамның даусы естіліп, қараңдаған қос бейненің көлеңкесі ішке еніп кетті. Қамбаров өз күдігінің тегін еместігіне көзі жеткендей, үйіне қарай асықты. Жолай ұялы телефоннан қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы Айдаровқа қоңырау шалды: «Мәке, жігіттерің қай ауданда? Түсіндім. Теміржолшылар ауданы жақтағы 6-линия көшесіне қырағы көздер жіберерсің. Жеке өзім тапсырам. Дәл қазірден» .
Қамбаров байқаған нысаннан басқарма құлағдар болып үлгерді. Штаб бастығы, полковник Насыров күдіктінің қыр соңынан қалмай, өте қырағы бақылауда болуын, шамалы уақыт ізін аңдуды тап­сырды. Жігіттер келесі түнді де ұйқысыз өткерген. Тым-тырыс. Өзге аудандардан да хабар түсе қоймаған. Бәрі нәтижесіз. Тек төртінші тәулікте ғана қараңғылықты бүркеніп, айналаны көрмекке құштарланған «сырық адам» серуенге шыққан. Жалғыз емес. Жанында орта бойлы әйел адам еріп жүрді. «Нысан бақылауда…» Қылмысты іздеу қыз­метінің жігіттері үнсіз бақылауды жөн санады. «Күдікті» бейтаныс әйелді қолтықтап қаладан тоғай жаққа жылыстап берген. Шамамен бір шақырымға жуық жер ұзады. Ұзақ сөйлесті. Құшақтары жазылмастан сүт пісірім уақыт аялдады. Дәл осы мезетте «Аһ!» – деп ышқынған әйелдің дауысы шықты. Жедел топ шұғыл күдіктінің жолын кесуге ұмтылды. Буынсыз қалған әйелді қалдыра бере, бойшаң күдікті бірден қашуға әрекеттенді. Ол тоғай ішіне күмп берген. Тіпті әуеге қарата атылған тапанша даусынан сескенбестен зыта жөнелген. Шамамен елу қадам ұзаған оның алдынан қосымша әскери бөлім жауынгерлері тосып алып, тырп еткізбестен тұқыртып үлгерді. Әйел қанына қолын малып үлгерген жауыз жандалбасалап, өзіне-өзі қол салмаққа әрекеттеніп бақты. Мұнысынан ештеңе өнбесіне көзі жеткен соң қақпанға қабылған қасқырша аласұрып, ызадан ыңырсып,тісін қайрай берді.


Сот залы. Ине шаншар орын жоқ. Біреу­лер көз жасына ие бола алмай, өкіріп жатты. Ал тор ішінде отырған айуан өз ісіне масаттанғандай, суық жымиып, жан-жағына маңғаздана көз тастайтындай. Тергеуші Қамбаров қатталған қылмыстық іс материалдарын айыптаушының алдына тастады. Сот-медициалық сарап қорытындысы бойынша айыпкер Косневтің ақыл есінде ауытқушылық белгілері байқалмаған. Соған қарамастан ол жасаған жауыздық әрекеттерде асқан қатыгездік белгілері жеткілікті еді. Түлкібұлаңға салып, жалтарып баққанымен заттай айғақтар жеке іске қатталып, сотқа жіберілген болатын. Қыз балалардың кесілген құлақтарының фрагменттері сотта айғақ ретінде көрсетілді. Аға тергеуші Қамбаров күдікті қамауға алынған түні оның тұрған жатағына тінту барысында жертөлеге, қыш құмыраға ұқыпты оралып жасырылған адамның 11 құлағын тапқан болатын. Алты жасөспірім қыз баланы, бірнеше әйел адамды өлтірген айуан сот үкімін естігенде, көзі атыздай болып шыға келді. «Жауыздық!» – деді ол бар даусымен. «Мен өмір сүруге тиіспін! Қылмыскердің де құқы бар!» –деп бақырды. Алайда, кісендеулі оны күзет сақшылары ауыр есіктің ар жағына алып бара жатты. Соңғы рет артына бұрылғанда марқұм Әйгерім Жаманованың анасы «Қарғыс атсын!» – деп бар даусымен айғайлап жіберді. Басы төмен салбыраған айыпкер Косневтің бар айтқаны «Қош! Мен қайта ораламын!» – болды.

Арман ЖУСАНБАЙ,
журналист, ақын, отставкадағы полиция подполковнигі

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...