28 C
Алматы
Пятница, 27 мая, 2022
spot_img

СҰРМЕРГЕН

Қайсардың тар қапасқа қамалып, темір тордың арғы жағында отырғанына жиырмасыншы жыл болды. Тәртібі түзу болғандықтан, он жылдан астам уақыт жалғыз жатқан жеке камерадан жалпы орынға ауысқан. Өзі біртоға кісі. Ешкімге бірінші тіл қатып, бірден араласа кетпейді. Сырғып айлар, жылжып жылдар өтсе де, түрменің ботқасынан бірдей дәм татып жүрген тағдырластары осы бір еңгезердей ер-азаматтың ішінде не сыр жатқанын біле алмай-ақ қойды. Сұраққа суырылып жауап беру бұның табиғатына жат. Сөзге тартқан адамға кірпік қақпастан сынай қарап отырады да, әнтек жымия салып, темір кереуетіне шалқалап жата кетеді. Күндегі әдеті осы.
Негізінде бұл Қайсар атты қазақ – құралайды көзге атқан сұрмерген. Шын мәнінде, жалдамалы кісі өлтіруші. Көбінесе бұны дақпыртына сырттай қанық болып жүрген алпауыт атқамінерлер жалдайтын. Алдын ала есепайырысқанды жақсы көретін қандықол киллер дәл келісілген күні жалғыз серігі – дыбыссыз винтовкасының шүріппесін бір-ақ басу арқылы шаруасын тындырып жүре береді. Жеке есепшот дегенді естігені болмаса, пайдаланып көрген емес. Ақшасын тек бір орыс шалдан сатып алған саяжайы­ның жертөлесінде сақтайды. Онда әр барған сайын ағаш еденді сүйір сүйменмен еппен ашып, жертөледегі ауыр сейфке АҚШ долларын қатар-қатар қалап, еден тақтайларын жымдастыра қайта шегелеп, үстінен сырлап кетеді. Әрине, оның үстіне кілем төсеп, ірілі-ұсақты үй жиһаздарын орын-орнына қойып шығу – екібастан үйреншікті әдеті. Сосын өзі әмиян толы теңгелерін шытырлата санап, қалағанынша ішіп-жеп, кез келген қалада апта сайын пәтер ауыстырып, жалғанды жалпағынан басады.
Қайсар үшін ұялы телефон нөмірі – бір сәттік бұйым. Оны әрбір «тұтынушысымен» есепайырысқан сайын ауыстырып отырады. «Қызметіне» жүгінгісі келетіндерге жөн сілтеп жіберетін жасырын көмекшілері жеткілікті. Олар барлық қалада бар. Байланыстары мықты, қолдары ұзын. Бірақ, табысынан үлес бөліп беретін «асыраушыларының» әлгі жеке «ақша қоймасын» өзінен басқа ешкім білмейтін. Кейін ол жерде аңдушы пайда болғанға дейін, әрине.


Қайсар жиі тұрақтайтын үлкен қаланың Ішкі істер департаментінде бір дүрлігістің басталғанына жарты жылдай уақыт болды. Бұл да жергілікті «тыңшылары» арқылы өзіне жан-жақты іздеу салынғанын жақсы білетін. Содан бері «ақырын жүріп, анық басатын». Аға тергеуші Ержан Садықбаев та тым сақ қимылдайтын әккі қылмыскердің әр қадам сайын жасырған іздерін таппай қала беретін. Құрбанының қақ маңдайынан тиген жалғыз оқтың қай қарудан атылғаны беймәлім. Еш жерде тіркелмеген. Бірақ, әр кезде әр аймақта орын алған қылмыстық іс оқиға орнынан жалғыз-ақ милиция қызметкері жазып алғандай болып шығады. Мәселен, мәйіт пен киллердің әртүрлі аяқ ізінің арақашықтығы – тура 200 метр. Атылған оқтың бос гильзасы жоқ. Еш жерден айғақ боларлық саусақ таңбасы, киімнің қылшығы, шаштың бір талы кездеспейді. Сонда ол кім? Пері ме, пенде ме? Аға тергеуші Ержан Садықбаев оны қалайда қолға түсіруге бекінген. Бірақ, қалай, қай аймақтан кезіктірмек? Тіпті, әуежайда, вокзалда, сапаржайда, МАИ бекеттерінен тоқтатқан жеке жеңіл көліктерде мылтық арқалаған бір адам жоқ қой?! Ал ірі кәсіпкерлердің жүрген-тұрған жерлеріне сайтандай сап ете қалатын мынаның ұстап жүргені – жалғыз қару. Солай екенін атылған оқтары айғақтауда. Сонда оны қаптаған қарулы тосқауылдан қалай алып өткен?
Тергеуші терең ойға шомып кеткен еді, кенет кабинетінің есігі қағылды. Дереу арғы жағынан аға лейтенанттың басы мен жұлдызды иығы көрінді.
– Рұқсат па, майор?
– Аа, кел, кір!..
Міне, гәп! Жарты жыл бойы жонын көрсетпей жүрген көкжалдың апанын табатын сәт жақындаған сияқты. Себебі, мына аға лейтенант көтере келген құжаттардың ішінде тың дәйек бар екен. Ержан Садықбаев одан өзін жалғыз қалдыруын өтініп, ісқағаздарын түні бойы мұ­қият қарап шықты. Енді ертеңгі табан тірейтін жері – базар ішіндегі шағын дәмхана!..


Таңертең жылдам қолға түс­кен дәмхана қожайыны киллер көмекшілерінің біріне тапсырыс берушілерді бағыттап отыратын делдал екен. Бірақ, ол «бас кейіпкердің» өзін мүлде көрмеген. Көпке созылған қысымнан кейін «мен айтты дей көрмеңіз» деп еңіреп отырып, әлгі көмекшінің қала шетіндегі мекенжайын меңзеді.
Киллер көмекшісі де бет бақтыр­майтын бетпақтың нағыз өзі екен. Тергеу абақтысында тіс жармастан бір ай жатты. Алайда, бұл мәселе «Мақта қыз» ертегісіне ұқсамай, жауап алудың әртүрлі әдіс-тәсілі арқылы шешіле кетті. Ендігі қадам – тура Қайсар сырттанның өзін сырт­тай бақылау. Тәжірибелі тергеуші оның соңына «күндіз шырақ алып» түсті…


Қайсардың Алатау аясында санаторий демалушысы ретінде жатқанына бір жұма өтті. Күнде таңертең спорт киімін киіп алып, у-шуы басым қаладан жырақта саф ауамен тыныстап, ақбас шыңдардың етегінде жаяу серуендейді. Ондағы мақсаты – ірі кәсіпорын иесінің коттеджі айналасын мұқият барлап алу. Ол кәсіпорынды өз иелігіне өткізуді көздеген месқарын тапсырыс берушінің түсіндіргені – меншік құқығы туралы құжаттар толығымен бұл жаққа өткенше, сұрмерген әліптің артын баға тұруы керек. Ал Қайсар үшін бұл үйреншікті жайт.
Бопсаға шыдаған бәсекелестің кейін құзырлы органдарға шағымданып жүрмесіне кім кепіл?! Сондықтан ол кәсіпорнынан түбегейлі айырылған кезде-ақ жер басып жүрмеуі тиіс. Ал сұрмерген киллерге оның үйіне келіп-кететін, кіріп-шығатын уақыттарын саралап, санада сақтауға уақыт жеткілікті. Тау бөктерінен нысанаға 200 метрлік қашықтықты есептеп, жақсылап жасырынатын орнын да тауып қойған. Тек келісілген күні сол жерден табылса болғаны…
Аға тергеуші, милиция майоры Ержан Садықбаев та осында. Ол арнайы жасақты алдын ала қамдап қойып, Қайсардың әлгі коттедж маңынан бой көрсетуін күтіп жүр.


Таңғы 4-те межелеген жеріне жеткен сұрмерген винтовкасының оқпанын кәсіпкердің коттеджіне қарай қаратып қойды. Енді таң шапағының тау басынан сығалап, нысанасын айқын етуін күтуде.
Міне, биік дуал ішіндегі зәулім үйдің ауласынан күткен адамы да көрінді. Коттеджінің артқы есігінен мәйкі-трикошаң шыққан миллионер балпаңдай басып, жазғы сарайына қарай аяңдады. Қызыл арайға шағылысқан қасқа маңдайы Қайсарға қарсы қараған. Оған винтовканың көзәйнегінен дұрыстап тұрып үңіліп алып, оң қолының сұқ саусағын шүріппеге енді апара бергенде, кенет сол қолының иығы тыз етіп, артқа қарай серпіліп кетті. Бұл да оқпаннан жалғыз оғын зу еткізді. Алайда, ол кезекті құрбанының шекесінен шекіп өтіп, коттедждің темір есігіне барып қадалды.
Бір қолы жансызданып барады. Саусақтарының ұшынан сыздық­тап қан ағып жатыр. Оны киімінен жыр­тып алған шүберекпен жанталаса таңып тастап, орнынан тұра бергенде, ту сыртынан: «Қозғалма!» деген бұйрық естілді. Жалт қараса, арнайы жасақтың қоршауында тұр…


Әлгінде ғана өзін әңгімеге тартпақ болған кезекті камераласына әдеттегідей бір мырс етіп, кереуетіне шалқая кеткен Қайсар аға тергеу­шімен «арбасқан» кездерін көз алдынан өткізіп алды да:
– Кел, бауырым! – деп басын көтерді.
Өйткені, бұл қазір өзіне ентелей елеңдеген осы бір құймақұлақ жігітті іштей біраз сынап жүрген еді. Содан кейін сырға берік, салмақты жасқа ептеп іштартып қалған-ды.
– Мен өзімді осы жерде отырып, сенімен әңгімелесуге мәжбүр еткен тергеушіні мойындап, оның мықтылығына басымды иемін! Ол болмағанда, мына төрт қабырғаның ішінде аласұрып жатпас едім, – деді сұрмерген.
Содан кейін ағынан жарыла ақтарылып, бар сырын жайып салды. Айтуынша, ол қаладан қалаға алып жүру үшін қандыауыз қара мылтығын бұзып, шеттегі қарапайым шаруалардың қойны-қонышына жасырып жүрген екен. Жұпыны киініп, мәстегімен мал бағып шыққан шал-шауқаннан кім күдіктенсін?! Осылайша, МАИ бекеттерінен асқан сайын әр көмекшісі әрбір малшыны жолдан күтіп алып отырады. Сөйтіп, ол мылтық көп ұзамай өз иесінің қолында тұрады… Соның бәрін сабырмен зерттеп-зерделеген аға тергеуші Ержан Садықбаев сұқ саусағы ажал отын тұтататын сұрмергенге жетінші құрбанын жер жастандырмақ болғанда тосқауыл қойған.


Кімде-кім бұл хикаяны толық білгісі келсе, тордағы көкжалдың өзінен сұрап көрсін. Егер айтқыза алса…

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Предыдущая статьяШарана
Следующая статьяҚанды серуен

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости