12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Шарана

Ертеңгілік аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшісі хабарласып, «Огневка» кенішінде жаңа туылған баланың мәйіті табылғанын, оқиға болған жерде учаскелік өкіл күтіп тұрғанын айтты. Жедел жиналып, оқиға болған жерге жалғыз жүріп кеттім. Себебі сот-дәрігерлік сарапшы бұл күні облыс орталығына кеткен еді.
Жұмысшылар жатақханасының ауласында қоқыс жинайтын орын болған. Қоқыс тиеп жатқандар кілең қалдық арасынан жаңа туылған нәрестенің мәйіті шыға келгенде есеңгіреп қалған. Оқиға болған жерді қарап, хаттама толтыруға кіріскен кезде жергілікті тұрғындар да қаптап кеткен еді. Жұрттың бірі нәрес­тені тастап кеткен ананы қарғап-сілеп аяушылық білдіріп жатса, енді бірі: «Гинеколог дәрігерді шақырып, екі жатақханадағы қыздарды жеке-жеке тексеріп шығу керек», – деп кеңес беріп жатты. Бірақ, тергеушінің ел сөзінің ыңғайымен кетуге қақысы жоқ. Сондықтан, жас мәйітті ары-бері тексеріп, оның бір тәулік көлемінде тасталғанын жобаладым. Мәйіт денесіндегі қан айналымының тоқтауына байланысты ол қара, қоңыр-қошқыл, қызғылт түстерге еніп, саусақпен басқанда білініп тұрады. Нәресте денесінің біраз жерін басқанда қоңыр-қошқыл түс беріп тұрды. Яғни, мәйіттің өткен түнде тасталғанына күмән жоқ.
Мұндайда не істеу керек? Ең алдымен жақын маңдағы жатақханаларды аралайтыным түсінікті, содан кейін дәрігерлік бөлімшеге жүктілігі бойынша есепке тұрған қыз-келіншектердің тізімін алу керек. Ары қарай…Не істерімді білмей тұрғанда көршілер: «Нәрестені басқа ауданның тұрғындары да әкеліп тастауы мүмкін ғой» деген күдігін айтып, шақша басымды шарадай қылды. Әрине, бұл болжамдарды да есептен шығаруға болмайды. Мәйітті әрі қарай тексере келе нәрестенің тірі туылғанын болжадым. Себебі, оның мойнына қызыл түсті жібек орамалдың жыртындысы оралған, яғни нәрестенің буындырылып өлтірілгені айдан анық. Оқиға болған жерді қарау барысында куәгер болып жүрген орта жастағы әйел:
– Оңбаған, қандай алыптың түбіне жеткен, – деп қалды. Алып анадан туады десек те, мынандай «алыпты» кез келген әйел кездейсоқ жағдайда жалғыз өзі босанып, кіндігін кесіп, тастап кете алмайды. Яғни, ол әйел, шындығында да, дене еңбегімен айналысатын қуатты әйел болуы мүмкін. Екі жатақханада кімдер тұратынын сұрастырып, негізінен бұл жерде инженерлік-техникалық қызметкерлер тұратынын анықтадым. Бұдан бөлек екі көшеден соң құрылысшы әйелдер жатақханасы бар екені белгілі болды. Осыны ести салып, күдіктіні алдымен құрылысшылар жатақханасынан іздеу керек деп шешкем.
Екі қабаттан тұратын жатақхана ескі үлгімен салынған екен. Коменданттан денсаулығына байланысты шағымданған қыздар туралы сұрағанымда барлық тұрғындардың сенбі, жексенбі күндері Бұқтырма демалыс үйіне кеткенін, ал қалған жартысының кезекті жұмыста екенін жеткізді.
Коменданттың ештеңеден хабарсыз екенін байқаған соң, бөлмелерді өзім тексеріп шығуды жөн көрдім. Бірінші қабатта, шындығында, жан баласы жоқ екен, ал екінші қабатты аралап келе жатып, ортадағы бір есіктен кісі аяғының дыбысын сездім. Есік қағып едім, дыбыс тына қалды, ешкім есік ашуға асықпады. Осыдан кейін жедел төмен түстім де, комендант әйелге кілттерін алып жоғары шығуды талап еттім.
Белгіленген есікті ашып ішке кіргенде, менің сезімімнің алдамағанын аңғардым. Төсек үстінде ақсары келген денелі әйел жатты. Бөлме ортасында тығыз толтырылған жол сандығы мен сумкалар тұр. Комендант әйел:
– Валентина, сен жол жүремін деп едің ғой, неге есік ашпайсың? – деп жамылғысын жұлып алғанда, әйел қатты айқайлап жіберді. Себебі Валентина Бондаренко сырт киімімен, қанның үстінде жатыр еді.
Мына жағдайды көрген соң дереу дәрігер шақырып, бөлмедегі ешбір затты қозғамауды тапсырып, оқиға орын алған жерге қайта барғам. Сөйтсем, менің ештеңе айтпай кеткенімді көрген тұрғындар «Жас тергеуші істің қиындығынан қорқып қашып кеткен ғой» деп болжам жасап, күбірлесіп тұр екен. Мені көріп бәрі тына қалды. Артынша жедел жәрдем көлігімен жеткізілген Валентинаға «Мынау сіздің нәрестеңіз бе?» дегенімде еш бүкпесіз өз баласы екенін мойындады. «Онда сәбиді алыңыз» дегеніме де әйел үнсіз бағынып, қоқыс арасындағы нәрестені қолына алды.
Дәрігерлер Валентинаның өткен түнде толғағы болғандығын дәлелдеп, оны ауруханаға жатқызды. Кейіннен сот-дәрігерлік сараптама баланың тірі туылғанын және оның өлімі қолдан жасалғанын, мойнына оралған жібек орамал жыртындысымен буындырылғанын қуаттады. Бірақ, бұл дәлелдер жеткіліксіз еді, себебі Валентина өз жауабынан бас тартса, бұл күйінде істі сотқа жолдау мүмкін емес. Ол үшін нәрестенің әкесін табу, басқа да айғақтар іздестіру қажет. Оқиға болған жерді, Валентинаның бөлмесін қарау барысында ол жерден нәресте мойнынан алынған жібек орамалдың қалдығы алынды. Сот-дәрігерлік сараптама қорытындыларымен таныстырып, осы орамалды көрсеткенде, Валентина өз кінәсін толық мойындап, өзінің жүктілігін соңғы күнге дейін жасырып келгенін, жігіті өзін жақсы көретінін, бірақ соңғы кезде ішімдікке әуес­теніп, өзіне келмей кеткенін, ұятқа қалмас үшін, оған айтпай, нәрестеден құтылуға бел байлағанын айтты. Айы, күні жақындап қалғанын сезген Валентина кезекті еңбек демалысын алып, Отаны Украинаға кетпекші болған. Бірақ өткен түнде кенеттен толғақ қысып, нәрестені өз күшімен босанған. Баланы бар қиындықтың себепшісі деп түсінген ол дүниеге келген шақалақты оп-оңай буындырып өлтірген де, кеніш жатақханасының қоқыс орнына лақтырып тастаған.
Қылмысы дәлелденген Валентина сотталды. Арада бірнеше жыл өткенде Валентинадан хат алдым. Ол жазасын өтеп жүргенін, нәрестенің әкесін табуға көмектескеніме алғысын айтты. Ең бастысы, жігіті қиын кезде оған қолдау көрсетіп, үйленуге ұсыныс жасаған екен.

Әбиірбек Қонысбаев,
прокуратура ардагері

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...