12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қазы — халықтың ожданы

Дана халқымыз «Әділ бидің елін дау араламайды, әділ патшаның елін жау араламайды», «Дауды шешен бітірмейді, би бітіреді», – деп биді ерекше дәріптеген. Ата Заңымызда судьяның сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынатыны, қазылардың өкілеттігі тек заңда белгіленген негіздер бойынша ғана тоқтатылуы немесе кідіртілуі мүмкін екені көрсетілген. Шын мәнінде, сот төрелігін жүзеге асырушы, сот таразысына түскен әр адамның тағдырына әділ үкім шығарушы ретінде білімді адамдардың тағайындалуы аса маңызды. Осыған орай, елімізде судьялықтан үміттілерге деген талап күшейді.
Алдымен судьялыққа үміткер психологиялық тестілеу сатысынан өтеді. Ол сыннан өтсе ғана заңдардан тест тапсырып, арнайы кейстерді шешеді. Одан әрі эссе жазады, әңгімелесуден өтеді. Осылайша судьялыққа «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандар ғана таға­йындалатыны құптарлық. Себебі, қоғам бүкіл сот жүйесіне судьяның біліміне, шығарған сот актісіне, қала берді, әдебі мен мәдениетіне қарай баға береді. Өкінішке орай, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, адалдық пен ардан аттап, шалыс басқан әріптес­теріміз де жоқ емес. Деректерге көз салсақ, 2019 жылдан бастап нақты істер бойынша өрескел заң бұзушылықтарға жол берген, кәсіби деңгейі төмен 174 судья қызметінен босатылып, лауазымынан төмендетілген екен. Бұл осыған дейінгі 10 жылды қоса алғандағы көрсеткіштен шамамен 3 есе көп.
Судьяның кәсіби келбеті Судьялық әдеп кодексінен бастау алуы тиіс. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 19-қадамында судьяның есеп беру тәртібін күшейту, судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау тапсырылғаны белгілі. Венециялық комиссия сарапшылары, сот корпусы мен құқықтанушы ғалымдардың терең ойы мен көзқарасы, халықаралық құжаттар негізінде әзірленген кодекс судьялардың VII съезінде қабылданды. 15 баптан тұратын кодекс бүгінде әр судьяның жұмыс үстелінен табылуы тиіс маңызды құжатқа айналды. Аталған кодексте судьялардың тәуелсіздігі, объективтілігі, теңдігі, адалдығы мен сатылмайтындығы, құзыреттілігі мен ұқыптылығы және әдеп нормаларын сақтауы егжей-тегжейлі жазылған. Тағы бір айта кетерлігі, кодексте белгіленген жүріс-тұрыс қағидаларын отставкадағы судьялар да мүлтіксіз сақтауы тиіс.
Алғашқы бабында-ақ судья берген антына берік болуға, қоғамдық қызмет пен тұрмыстық жағдайда кез келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде, әдепсіз жүріс-тұрыс көрініс­теріне жол бермей, лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауы, сот билігінің беделін түсіруге әкеп соғуы және абыройына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген іс-әрекеттерден аулақ болуға тиістігі нақтыланды. Сондай-ақ, судья өзінің кәсіби қызметін атқарған кезде заңға ғана бағынып, сырттан ықпал етуге, яғни «әке», «көкеге» жол бермей, сот процесіне тікелей немесе жанама араласуға қарсы тұруы қажет. Әдеп кодексінің талаптарын қалтқысыз сақтау біздің басты міндетіміз. Маңғыстау облыстық сотында судья әдебі жөніндегі комиссия жұмыс істеп келеді. Басты мақсат – қазылардың Судьялық әдеп кодексінде көрсетілген этикалық нормалары мен тәртіп ережелерін сақтауын қамтамасыз ету. Бұл бағытта тұрақты түрде семинар, дөңгелек үстел өткізіліп, онда бүгінгінің биіне қойылатын талап таразыланып, әркез қазы – халықтың ожданы екені назарға жеткізілуде.
Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында «Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажеттігін» шегелей тапсырғаны белгілі. Қорыта айтсақ, қай кезеңде де би – ақ пен қараны ажыратып, әділ төрелікті көрсете білуі қажет. Себебі, әділ шешім шығарылған жерде қоғамның сотқа деген сеніміне селкеу түспейтіні анық.

Арыстанбек Бекболатов,
Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Біздің мақтаныштарымыз

Әлемдегі ең ұлы қолбасшы Ескендір Зұлқарнайын «Мен өзімнің ұстазыма...

В ЗАЩИТУ ПРАВ ЖЕНЩИН И ДЕТЕЙ

Как известно Главой государства 15 апреля текущего года подписаны...

Жеке сот орындаушылар жұмысы жандануда

Қазақстанда жеке сот орындаушылар институты тиімділігін толықтайдәлелдеуде. Оны сот...

Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындау

АПК-нің 241-бабына сәйкес, шешім дереу орындау жағдайларын қоспағанда, заңды...

Оңалту процедурасын қолдану

Экономиканы қалпына келтірудің маңызды міндеттерінің бірі барлық тиімсіз және...