12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Медиацияда жеңілген тарап болмайды

Дауды медиациямен шешуге дамыған елдер ерекше мән береді. АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Австралия және бүкіл Еуропада медиация заң деңгейінде бекітілген. Тараптардың татуласуына терең мән беретін өркениетті мемлекеттер медиацияны ақшаны үнемдеудің, уақытты ұтымды пайдаланудың, сот жүктемесін төмендетудің тетігі деп біледі. Әлем мойындаған бітімгершілік рәсімдері біздің елімізде де 2011 жылдан бері кең қолданылып келеді. Игі істің бастауында осы жылы қабылданған «Медиация туралы» заң тұрғаны белгілі.
Әрине, алғашқы жылдары медиация­ны түсінгендер, дауды өзара келісіммен бітіруге келіскендер қатары көп бола қойған жоқ. Алайда, бітімгершілік қазақтың қанында бар қасиет. Тамырында кешірім мен ізгіліктің дәні бар халықтың медиацияны мойындамауы мүмкін емес еді. Тек қазақы түсінікке таңсық көрінген бұл ұғымның мәнін барынша жетік түсіндіріп, тиімділігін жұртшылыққа жеткізе білу керек болатын. Қазақстандық судьялар осы бағытта көп жұмыс атқарды. Әр сот медиация кабинетін ашып, әр ауылдан медиаторлар жасақтауға атсалысты. Елге беделді жандардың, ауылда абыройлы азаматтардың кәсіби медиатор ретінде білімін жетілдіруіне ықпал етті. Аймақтарда Билер кеңесінің құрылуына да мұрындық болған – судьялар.
Былтыр «Медиация туралы» заңның қолданыста болғанына 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде елдегі даукестікті төмендетіп, келіспеушіліктерді өзара келісіммен, бітіммен шешудің барлық мүмкіндіктері жасалды. Алғашқы кездегідей емес, заңдарға енгізілген оң өзгерістердің нәтижесінде тараптарды татуластыруға тек медиаторлар ғана емес, сонымен бірге екі тараптың адвокаттарының атсалысуына жол ашылды. Бүгінде партисипативтік келісімге келіп жатқандар саны да өскен. Одан бөлек, татуластыру рәсімдеріне судьялардың да араласуы медиациямен аяқталатын істердің санын айтарлықтай арттырды. Өйткені, біздің азаматтардың түсінігінде арыз-шағым тек сотта қаралып, дауға тек судья ғана нүкте қоюы керек түсінік берік орныққан. Сондықтан дау­ды бітіммен аяқтаудың қаржы, уақыт жағынан тиімді екенін түсініп тұрса да көпшілігі медиациядан бас тартатын. Ал Азаматтық процестік кодексте «Татуластыру рәсімдері» деген арнайы тараудың берілуі медиацияның дамуына үлкен бетбұрыс әкелгенін мойындауымыз керек. Сонымен бірге, «Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қолданысқа енгізілді. Заң үш бағыттан тұрады. Біріншіден, соттар жұмысын заманауи форматқа келтіру. Екіншіден, азаматтық процестегі тиімділікті арттыру, үшіншіден, сот ісін жүргізудегі цифрландыру қамтылды. Заңнамада татуластыру үшін қосымша мүмкіндіктер қарастырылған, соған сәйкес енді талап арызды қабылдау барысында он жұмыс күні ішінде судьялар тараптарды татуластыруға ықпал жасайды, егер тараптар татуласпаса және олардан осы судья істі әрі қарай қарауды сұраған өтінішхаты болмаса, іс басқа судьяның қарауына беріледі. Мұндай тәжірибе бірқатар дамыған елдерде бар, мысалы Сингапурда, Канадада, Германияда татуластырушы судья тараптар татуласпаған жағдайда істі мәні бойынша қарау үшін басқа судьяға береді. Бұл өзгертулер өте маңызды. Сондықтан, АПК енгізілген өзгертулер мен толықтырулар кодексті халықаралық стандарттарға жақындатады.
Медиацияда жеңілген тарап болмайды. Қазіргі уақытта сот органдарында дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдер кеңінен қолданылады, оларды кейіннен сот бекітеді. Мәселен біздің сотта биылғы жылы 10 бейбіт келісім бекітіліп, сотқа дейінгі хаттаманың көмегімен тараптар 11 мәмілеге қол қойды.
Тараптардың медиация мүмкіндіктерін пайдаланып, дауды сотқа жеткізбей өзара келісіммен шешкені соттарға да тиімді. Бұл сот жүктемесін азайтып, судьялардың ізденуіне, назарын күрделі істерге аударуына ықпал етеді. Сондықтан, татуластыру рәсімдерін әлі де насихаттап, халықтың құқықтық сауатын көтеру күн тәртібінен түспейді.

Лариса Шамгунова,
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы

Жеке сот орындаушылар жұмысы жандануда

Қазақстанда жеке сот орындаушылар институты тиімділігін толықтайдәлелдеуде. Оны сот...

Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындау

АПК-нің 241-бабына сәйкес, шешім дереу орындау жағдайларын қоспағанда, заңды...

Оңалту процедурасын қолдану

Экономиканы қалпына келтірудің маңызды міндеттерінің бірі барлық тиімсіз және...

Гендерлік теңдік тұрақтылыққа сеп

Соңғы жылдары елімізде әйел мен ердің теңдігі, гендерлік саясат...

Жемқорлықпен күрес тоқтамақ емес

Жемқорлықпен күрес мемлекетіміздің басты мақсаттарының бірі. Елімізде сыбайлас жемқорлық...