12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Ермек Сейітбатталов, әскери сарапшы, отставкадағы полковник: «Мықты қолбасшыларды қалыптастыру – ұстаздың қолында»

– Ермек Жұмабекұлы, әскери білім беру жүйесін дамытуда, сапалы мамандар дайындауда қандай кемшілік бар?
– Мемлекетімізде әскери-теңіз күштерінен басқа әскери салалардың барлығында жоғары оқу орындары бар. Олардың ғимараттары, материалдық базасы қазіргі заманға сай. Бірақ, әскери мамандарды дайындау мен тәлім-тәрбие, білім беруде жаңаша ізденіс жоқтың қасы. Ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі. Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» деген сөзі бекер емес.

Мұны айтып отырғаным, соңғы кездері әскери білім беретін оқу орындарына оқытуға құлқы жоқ оқытушы-офицерлерді тарту әдетке айналды. Бұл тек әскери салаға емес, жалпы білім ордаларына тән кемшілік. Осы тұрғыдан алғанда бізге профессорлар мен оқытушылар, ұстаздар құрамына қатаң талаптар қойып, іріктеу шарасын жетілдіру жетіспей жатыр.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет». Қазіргі мұғалімдер ұлы қызметке адалдық танытып жүр ме, бар мәселе осында. «Не ексек, соны оратынымыз» тағы ақиқат. Ертеңгі министрлер мен Бас штаб басшылары, Бас қолбасшылар, мықты офицерлер студент кезден қалыптасады. Сондықтан, әскери университеттерде жаңа оқу бағдарламалары жасалып, мұғалімдер соған сай білім, тәлім-тәрбие беруге ұмтылуы керек. Болашағымыздың жарқын, келешегіміздің кемел болуы оқу орындары мен ұстаздарға тікелей байланысты. Бізге ескі сүрлеуден шығатын кез келді. Қазіргі болып жатқан жағдайлардан сабақ алуға тиіспіз.
Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында жоғары білім берудің сапасын арттыруды құзырлы министрлікке тапсырып, жоғары оқу орындарына мамандарды сапалы дайындауды міндеттеді. «Көш жүре түзелер» дегендей, алдағы күндерден күтер үмітіміз мол.
– Сіздің пікіріңізше өз елінің патриоты болуы үшін адамда қандай сезім басым болуы керек?
– «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» демекші, ел экономикасының әлеуеті артып, әділдік, тепе-теңдік сақталса, сондай-ақ, әрбір азамат өзіне қажетті көмекке дер кезінде қол жеткізіп, барлық уақытта қамқорлықты сезінсе, оның бойында өз жеріне, отанына деген мақтаныш сезімі оянады. Яғни, олар бақытты шеттен іздемей, елге қызмет етеді. Өзінің өніп-өскен ортасын мақтан тұтады. Осы бір мақтаныш сезімі адамның қанына сіңсе, ешқандай үгіт-насихатсыз-ақ отаншыл болады.
Мұндай жағдайда жастар әскерге өз еріктерімен қуана барады. Бетін аулақ қылсын, әрине, ел басына қауіп төне қалса әрбір жас, мейлі қарт болсын сапқа өздері келіп тұрады. Өйткені, олар өз елін мақтан тұтады. Шынайы сезім – патриотизмнің күре тамыры екенін ұмытуға болмайды.
Отаншылдыққа баулуда өскелең ұрпаққа сөзбен емес, іспен үлгі болудың маңызы зор. Білімге құштарлық, еңбекқорлық, бірлік, жауапкершілік, әділдік секілді қас­терлі қасиеттер балаға үлкендерден жұғады. Сондықтан, оған сөзбен емес, іспен үлгі болсақ, мықты азаматтар тәрбиелей аламыз.
– Әскерге бару – баршаға ортақ міндет. Алайда, сапқа тұрып, сарбаз болу жастар үшін соғысқа барумен тең. Бұл ненің әсері, тәжірибеден не байқадыңыз?
– Ата Заңға сай, азаматтық борышты өтеу, яғни, әскери қыз­мет әрбір азаматтың қасиетті міндеті. Осы міндетке немқұрайды қарау­дың бір себебі жастар, әскерде өмірінің бір жылы босқа кететіндей сезінеді. Әскерге өз еркімен баратындардың басым көпшілігі болашағын осы саламен байланыс­тыратындар. Яғни, әскери маман болғысы келетіндер. Олар қандай қиындық болса да төтеп беруге дайын. Ал, жасы толып, военкоматтың ықпалымен келетіндер үшін сарбаз өмірі қиын сынақ. Өйткені, әскерде күнделікті телефон ұстап, әлеуметтік желіге кіре алмайды. Еркін жүріп-тұра алмайды, белгілі бір тәртіпке бағынады. Жастар осыны қиынсынып, өмірлеріне бір бөгет қойылғандай болады. Одан қалса, бірдеңеге ұшырап қалатындай қорқыныш бар. Кіл ер адамдар жүрген жерде түрлі жағдай болуы әбден мүмкін.
Дегенмен, қандай жағдайда да Отан алдындағы борышын өтеу әрбір ер-азаматтың міндеті. Қазіргі таңда азаматтар әскерге мерзімді қызметке және келісімшарт бойынша шақырылады. Мұның өзі оларға жасалған үлкен мүмкіндік.
– Болашақ жауынгерлерді әскер өміріне қызықтырып, қорғаныс қабілеттерін арттыруда қандай шаралар қолға алынғаны дұрыс?
– Мемлекет басшысының тікелей нұсқауымен ұлттық армия тиімді және бәсекеге қабілетті қарумен жарақтанып, әскери білім беру сапасын арттыру және халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайту шаралары атқарылып жатыр. Сондай-ақ, Президент жолдауында мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың мамандық алуына армияда мүмкіндік берілуі керектігі айтылды. Егер осы бастама жанданып, сәтті жүзеге асатын болса азаматтық борышын өтеуден бас тартатындар қатары азаяды. Бұл үшін оларға заманға сай мамандықтарды игертіп, оқу-жаттығу бағдарламасының жаңа түрі енгізілуі керек. Мысалы, пейнтбол, страйкболдың әскери адамдарға бейімделген түрлерімен шұғылданған пайдалы. Компьютерлік стратегиялар, тактикалық категориялармен ойлау әдістеріне баулу, шетелдік қару-жарақтарды қолдануға үйретіп, әскери техниканы меңгерту – сарбаздың рухын күшейтеді. Рухы күшті жауынгер елдің мықты қорғаушысы болады. Яғни, рухы мықты жауынгерді ешқандай жау ала алмайды. Осы себепті, әскери тәрбие батыр бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрін жалғастыра отырып берілгені жөн. Бұл тұрғыда Қазақстан армиясын заманауи, жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен толықтай жабдықтау маңызды.
– Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне көпшіліктің көзқарасы жағымды дей алмаймыз. Мұның себеп-салдарын айта аласыз ба?
– Шынын айтсақ, соңғы кездері құқық қорғау қызметіне елдің наразылығы басым. Меніңше, мұндай наразылықтар бейбіт шеруге шыққандарға полиция қызметкерлерінің күш қолдануынан орын алуда. Сондықтан, полиция, прокурор, т.б. болсын өз қызметін халықпен санаса отырып атқаруы керек. Митингке шыққандарды үлкен-кішісіне қарамай автокөлікке тиеп алып кету полицияның беделін көтермейді. Тергеу барысында болып жатқан зорлық-зомбылық, жемқорлық, т.б. жағымсыз әрекеттер оларды халықтың ықыласынан айырды. Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды айтып жатыр. Құқық қорғау жүйесінің қызметкерлері өз міндеттерін күмән туғызбайтын деңгейде атқарса, оларға деген көзқарас та түзеледі.
Әскери қызметшілер мәртебесін арттыру керектігі жиі айтылады. Ал әскерилердің материалдық жағдайына жеткілікті деңгейде көңіл бөлініп жатыр ма?
– Әскери қызметкерлердің қазіргі материалдық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Бүгінгі күні тұрғын үй, жалақы, білім алу, денсаулық мәселелері көңілдегідей қарастырылуда. Әскери қызметшілер соған сай еңбек етіп, мәртебелерінің көтерілуіне өздері атсалысуы керек.
Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен
Түймегүл Ибашева

Тоқаев су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады.

Ең бастысы, адам өмірін барынша сақтап қалдық — Тоқаев су тасқыны туралы

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына тап болған қазақстандықтар тағы да бірлік пен ынтымақ рухын көрсеткенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысын өткізіп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы отырысы басталды.

Көлік нөмірін кімге рәсімдеуге рұқсат етіледі? ІІМ мәліметі

ІІМ-де көлік құралын тіркеу және жүргізушілерді даярлау қағидаларына енгізілген түзетулер туралы айтылды.

Бишімбаев ісі бойынша сот тергеуі аяқталды: ары қарай не болады?

Астана соты Бишімбаевқа қатысты сот тергеуін аяқтады. Келесі кезең - сот жарыссөзі.