28 C
Алматы
Среда, 18 мая, 2022
spot_img

Күнә

– Алло, кезекші бөлім тыңдап тұр. Асықпаңыз, аты-жөніңіз қалай? Мекен-жайыңыз? Сол жерде тұрыңыз. Арнайы топ 10 минутта көмекке барады, – деген кезекші оқиға орнына бірден жедел топты жіберген.

Оқиға орнында

Болат Тұрғанбаев бастаған із кесу­шілер Бостандық ауданында орналасқан көпқабатты үйді тез тапты. Қоңырау түскен пәтерге жеткен жедел топ өздерімен бірге арнайы психолог маманды да ала келген еді. Қалай дегенмен, зорлық көру оңай емес қой. Із кесушілерге есікті пәтер иесінің өзі ашты. Жинақы киінген қыз бала барлығын ішке өтуге шақырған. Қыздың жағдайын алғаш тексерген дәрігерлер еш көмек керек болмаған соң жөндеріне кетті. Ақыл-кеңесінен бас тартқан соң психолог та аялдамаған. Енді тек тергеуші мен жәбірленушінің арасында әңгіме өрбіген еді.
– Менің атым Гулниса. Қарақалпақ жерінен келгеніме екі жылға жуық уақыт өтті, – деген бойжеткеннің жасы жиырма бесте болып шықты. Арнайы білімі жоқ қыздың тұрақты табысы болмағанына қарамастан қаланың қақ ортасынан пәтер жалдағанына Болат күдіктеніп-ақ тұр. Дегенмен, шағым түскен соң істің ақ-қарасын анықтауға міндетті.
Ауқатты адамдардың үйін жинап, кірін жуып пұл табатынын айтқан бой­жеткен бүгін де арнайы шақыртумен пәтер жинауға барған екен. Үш бөлмелі үйді жинап жүргенінде үй иесі мұны мәжбүрлеп жыныстық қатынасқа итер­мелеген. Зорлық көрген қыз бұдан кейін өзіне тиесілі ақшаны алмастан үйіне жетіп, жиіркенгендіктен суға түсіпті. «Айғақты жоғалттыңыз ғой, енді сіздің зорлық көргеніңізді дәлелдеу қиынға соғады», – деген тергеуші сөзіне Гулниса жылап қоя берді. «Өз-өзімнен жиіркеніп кеттім. Ол жағын ойламаппын», – деді ашынып.
Жәбірленушіден жан-жақты түсінік алып, оқиғаны рәсімдеген із кесушілер күдіктінің үйін бетке алған. Айналасына жалтақ-жалтақ қараған қызға жедел топтың жаны ашып-ақ отыр. Бәрі де үйін жинаған қыз балаға осынша айуандық жасаған азаматты көргенше асық. Ақсай ықшамауданына жетіп, пәтерге таяғанда Гүлниса тартыншақтай берді.
– Өздеріңіз-ақ барсаңыздар қайтеді? Менің оны көргім келмейді, – деген ол. Бірақ, күдіктіні тек Гүлниса ғана танитындықтан, бұл өтінішті орындау мүмкін емес еді.

Күдікті

Төртінші қабатта орналасқан пәтер есігі жақын уақытта ашылар болмады. «Мынау әлденеден күдіктеніп қашып кетіп жүрмесін», – деп ойлаған із кесушілер енді есікті бұзуға оқталған. Осы сәтте сырт-сырт бұралған кілт дауысы құлаққа жетті. Жартылай ашылған есіктен ішке лап қойған құқық қорғаушылар арбаға таңылған адамға мән берген де жоқ. Үш бөлмелі пәтерді әрлі-берлі қарап шығып, күдіктіні таппаған соң ғана олар арбадағыға назар аударды. «Қашып кеткен болды, үлгермей қалғанымызды қарашы. Мына қыз да жуынып жүріп, уақытты өткізіп алған екен», – деген Болат өздеріне аң-таң болып қарап тұрған мүгедек жанға ызалы еді.
Босағадан аса алмай тұрған қызды ілгері өткізген ол жәбірленуші: «Мені зорлаған осы», – дегенде ғана өз көзіне өзі сенбеді. Ал арбадағы жігіт тіпті секіріп түсті.
– Зорлағаны несі? Мен сені қашан күштеп едім? Бәрі өзіңнің келісіміңмен болды емес пе? – деген мүгедек жан кібіртіктеп қалған қызға жалына қараған.
Арбаға таңылған азаматтың осы сәттегі жүзіне аяушылықсыз қарау мүмкін емес еді. «Мен қалай біреуді зорлаймын? Жігіттер, менің ақшам болғанымен, денсаулығымның жоқтығын көздерің көріп тұр ғой. Арбадан біреудің сүйе­мелдеуінсіз тұра алмайтынымды бай­қаған шығарсыңдар?» – деген жігіт сәлден кейін Гүлнисаға жалына бастаған.
«Гүлниса, мен сен сұраған ақшаны беріп тұрдым. Үйің жоқ болған кезде осында қонып қалдың. Керегіңді алдың. Ешқашан кедергі болған емеспін. Неге мені орынсыз қаралап отырсың», – деп жігіт еңкілдеп жылағанда із кесушілер не істерлерін білмей қалды. Өзінің озбырлығын тек осы кезде түсінді ме, бағанадан ертегі айтып келген Гүлниса ернін тістелей берген. Жалған арыз бергені үшін жауаптылыққа тартылатынын айтқан тергеуші артынан қызды таппай қалды. Дегенмен, осымен іс тынғандай еді. Алайда, арбалы жігіт үшін бұл қасіреттің тек басы болыпты.

Шарасыз

Кезінде көлік апатына ұшырап, екі аяғынан бірдей айырылған Талғаттың арбаға байланғанына биыл үшінші жыл. Ағалары жақсы қызмет істейтін жігіттің ақшадан тарыққан кезі жоқ. Мұның жағдайын ойлаған бауырлары басына баспана алып беріп, аптасына екі рет келіп үй жинайтын қызды да тауып қойған. Алайда, былтырдан бері үйін тазалап, келісілген сомаға көңілін тауып жүрген қыздың бүгінгі қылығына таңданып отыр. Сонда оның көздегені не? Бірінші рет төсектес болғанда мұндай мінез көрсетпеген қыздың аяқ астынан өзгергені қалай? Ой үстінде отырған жігіт есіктің тықырынан селк ете қалған. «Қара басып есікті ашық қалдырғанмын ба? Әлде терезеден соққан желдің екпінімен ашылып кетті ме екен?» деген ол арбасын қозғаймын дегенше екпіндегін екі жігіт бұл отырған жерге жетіп келді. Келе салып күштерін көрсетіп қалғысы келген олар арбаны итеріп жіберіп, үстіндегі кемтар жанды жерге бір-ақ құлатқан. Жаны жоқ аяқтарын ұстап, шарасыз күйге түскен дімкәс жан екі бейтанысқа жаутаңдап кезек-кезек қарайды. «Менде нелерің бар?» деген сұрауды көзінен оқыған біреуі екілене айғайлап жүр.
– Қызға әлімжеттік жасағанда батыр­сың! Ал, жауаптылыққа келгенде мүсәпір бола қалыпсың ғой. Мұндай қулығыңа алданатын біз соқыр емеспіз! Қызды қорладың ба, жауап бересің! – деген қара божбаны арбасына отырмақ болған Талғатты тағы да итеріп құлатты. Екі еңгезердей жігіттің алдында өзін бейшарадай сезінген мүгедек жан не деп ақталарын білмей әлек.
– Мен ешкімге тиіскен жоқпын. Бәрі келісіммен болды, – дегенді айтқаны сол екен, божбан қара тіпті еліріп кетті.
– Былжырама, сендей сорлымен кім төсектес болғысы келер дейсің?! Қанша ақша ұсынсаң да біздің қыздың келісім бермегені анық. Басымды қатырмай, қыздың өтеуін төле! Мына біз де ерігіп жүрген жоқпыз. Әрі-бері сандалтып, намысымызға тигенің үшін де жазасыз қалмайсың. Мына үй сенікі ме?– деді сосын аз-кем ойланып, – ертеңнен қал­дырмай үйді біздің атымызға жаза­сың! Жазбайды екенсің, арбаңмен бірге бесінші қабаттан лақтырып жіберемін!- деді сосын ойнап тұрмағанын емеурінмен білдіріп.

Кеңес

Екеуі сыртқа шыққанда жеңіл көй­лек­пен дірдек қаққан Гүлниса бала­лар алаңындағы сәкіде күтіп отыр еді. Бағанағы полицейлердің «Жала жапқаның үшін, жазаға тартыласың»! деген сөзі қызды кәдімгідей шошытып тастаған сияқты. Бұған дейін де біреудің жалғыз баласын «зорлады» деп арыз жазып, полицейлермен бірге біршама ақша тапқан Гүлниса бұл жолы да мәселе тез шешіледі деп ойлаған. Күнделікті аз-маз қаржыға малданып жүрген қыздың жаңа қылмысқа деген «тәбетін» ашқан да алғашқы жағдай еді.
Оқуын енді бітіріп, диплом аламын деп отырған Серікті қорқаулардың қолына салып берген Гүлниса болатын. Шолжаңдаған жігіттің ызасы әбден өткен. Шешесінің айтуымен үйді жинап, бір уақ тамақ әзірлеп кететін қызды Серік ә дегеннен қылжаққа айналдырып, тиісумен болды. Үнемі сөзін түзеп, жақ­тырмайтын жігітке деген өкпе осылайша күн санап қордалана берді. Намысшыл қыз басында Өзбекстаннан бірге келген Тұрарбек пен Зейнелге айтып, Серікті ұрғызып алуға неше рет оқталды. Бірақ, батпады. Сөйтіп жүргенде құжаттарды тексеріп жүрген полицейлер қыздың Қазақстанда болу мерзімінің өткенін көріп, бөлімшеге алып кететін болған. Үй иесі араша түсе ме деп күтіп еді, Серік мұны қорғау үшін саусағын да қимылдатпайтынын бірден айтты. Енді не істеу керек? Екі полицияның жанында келе жатқан қыз Серікті жыбырлап қарғап-сілеп келеді. Мұның ыңғайын байқаған полицейлердің бірі «елп» ете қалды.
– Қарындасым, жаңағы жігіттің жұмысын істетіп алып, сені қорғағысы келмегенін көрдің бе? Байдың балала­рының әдеті осы. Жақсылықты түсінбейді олар. Сазайын берсе ғой, шіркін, – деп бұған сынай қарады.
Мынау шын айтып тұр ма, жоқ, басқа ойы бар ма! Екіұдай сезімде тұрған Гүлнисаның үндемей қалғанын пайда­ланған екінші полицей де осы кезде сөзге араласты.
– Сазайын беремін десе, қарын­дастың қолында тұр ғой. Біз көмек беруден қашпаймыз, – деді ол қызды үміттендіріп…

Жоспар

Самат Бектұров пен Ерсін Қалиол­даның бір бөлімде жұмыс істеп жүр­геніне биыл екінші жыл. Кіріспейтін жерге кірісіп, тұмсығын әр жерге тығып жүре­тін бұлардың іздегені ақша. Жеңіл табыстың соңына түскен қос сақшы Серік­тің отбасын сырттай жақсы білетін. Туыстарының жалғыз баладан ештеңені аямайтынын түсінген олар алғашында жігіттің қалтасына наша салып, біраз әурелеп, ақша табуды ойлады. Бірақ, есірткімен күрес бөліміндегі таныстарына ойларын тұспалдап айтып, көмек сұрап көріп еді, бәрі бастарын ала қашты. Енді не істеу керек? Жоспарларының ә дегеннен сәтсіздікке ұшырағанына налыған полицейлер Серікті де, жігіттің оңды-солды шашатын ақшасын да ұмыта бастаған. Бұлардың үмітін оятқан Гүлниса болды. Қыздың сырттан келгені анық. Тексеріп көрмек болған олар Гүлнисаның құжаттары ескіргенін көр­генде қуанысып қалған-ды. Алайда, Серік күтуші қызға ара түсуге асықпады. Асықпақ түгілі, «Қайда апарсаңдар, онда апарыңдар! Менің шаруам жоқ» деп қалды.
Тауы шағылған сақшылар құжатсыз қызды қанағат тұтып, бөлімді бетке алған. Дегенмен, қыздың «Мені мазақ­тап, төсектес болуға итермелейді. Сондағы беретін ақшасы 2 мың теңге. Мені әбден мазақ қып бітті» дегені екеуін де ойландырып тастады. «Неге осы жағдайды пайдаланбасқа?» деген сауал сол сәтте екеуінің де жанарында тұр еді. Қолдарын ысқылап, жоспарларын жайып салған сақшыларға қыз қарсылық көрсете қойған жоқ. Керісінше, Серікті сілелету ойында бар.
Осылайша, іс-әрекеттерін алдын ала пысықтаған сақшылардың нұсқауымен Гүлниса түн ішінде Серіктің пәтерінің есігін қаққан. Шаршап келгенін, баратын жерінің түн ішінде кіргізбей қойғанын айтқан қызды сері жігіт бірден үйге кіргізді. Ойына жамандық кірмеген ол күтуші қыз «шаршадым» деп кеудесіне құлай кеткенде «құдайым берді» деп алақанын ысқылаған. Жалғыздан жал­ғыз жатқан жігітке керегі де осы емес пе? Әшейінде ұнжырғасы түсіп жүретін Гүлнисаның белсенділігі де таң­ғалдырмай қоймады. Оның себебін кейін түсінді ғой.
Онсыз да ұйқысы бөлінген Серік таңға жуық Гүлнисаның тұрып кеткенін байқамай да қалған екен. Бір қараса, төсегінің жанында бірнеше полицей әкіреңдеп тұр. «Қыз зорладың», дей ме, «Енді түрмеде шірисің» дей ме, тағы біреуі «Жас қызды шырылдатып, неге арын таптайсың?» дей ме? Аяқ жақта сықсыңдап жылап Гүлниса отыр. Бағанағы әбжіл қимылдың сынығы да жоқ. Мұны көрсетіп бірдеңе деп жатыр. Тек полиция бөліміне барып, тергеуші келгенде ғана Серік өзінің қақпанға оңбай түскенін түсінді. Құт­қаратын ешкім жоқ. Рас, Гүлниса үйін жинайтын. Оған айғайлағанын, қатты мінез көрсеткенін көршілері де талай байқаған. Қайдан тапқанын, сақшылар оларды да шақырып, беттестіріп жатыр. Сот сараптамасының қорытындысы анау. Мынадай дәйектерден кейін өзін ешкімнің ақтап ала алмайтынын сезген жігіт ақыры туыстарына шындықты айтып, көмек сұраған болатын. Жалғыз ұлдың шашбауын көтеріп жүгіргендер барын салды. Сөйтіп, ұлды қаматпас үшін Алматының қақ ортасындағы екі бөлмелі үй сыбайласқан топтың кеңірдегіне кетті.
Сонымен, «іс бітті, қу кетті» дегендей, бопсалау арқылы кәдімгідей малданып қалғандар біраз уақытқа дейін тып-тыныш жатқан.

Кездейсоқ кездесу

Сұмдықпен келген малдың қайыры болатын кез аз. Самат Бектұров пен Ерсін Қалиолданың да полициядағы тірлігі ұзаққа бармады. Үйге түскен ұрыны бөлімге жеткізбей босатып жіберген екеуінің қылмысы кейін әшкере болып, соңы қызметпен қоштасуға алып келген. Бірақ, иненің көзінен өткен жігіттер оған аса қапаланған жоқ. Айналдырған төрт-бес жылдың ішінде үйін алып, көліктерін сайлап үлгерген олардың қызметке өкпесі де жоқ еді.
Алайда, Самат пен Гүлнисаның кездейсоқ кездесуі жаңа бір қылмыстың туындауына жол ашқан. Көпқабатты үйден арбадағы жігітті аулаға шығарған Гүлниса бұрынғыдан еркін, баяғыдай бұйығы емес. Арбадағы жігітті көлең­келеу жерге қалдырған ол Саматтың жанына барып сампылдап жағдайын айтып жатыр. Тек «Мынауыңнан ақша саууға бола ма?» деп Самат төтесінен қойып қалғанда ғана қапелімде аузына сөз түспеген қыз алақтап, жан-жағына қарай берді. Артынша өткендегі ақша көз алдына келген қыз «Болады ғой. Мұның да ағалары өте ауқатты жандар» деп жұтына үн қатқан. Бір-бірін көме­кейінен түсінген олар артынша қай­та кездесіп, жоспарларын пісірген болатын.
Полициядағы таныстарын ойша бір шолып өткен Самат пен Ерсін бұрын­ғыдай арыз жаздырса істің өздері ой­лағандай аяқталарына күмәнданып отыр. Сонда да тәуекел етпек.
Бірақ, қырсық бір айналдырса шыр айналдырады екен. Сол күні кезекші бөлімге қоңырау шалған қыз алдын ала келісілгендей шағымын таныс сақшы қабылдайды деп күткен. Телефонды алған басқа кезекші мұның сөзін тыңдаған соң оқиға орнына бұл танымайтын мүлде бөлек топты жіберді. Жоспардың тас-талқаны шыққанын көрген Самат пен Ерсін ашулы еді. Бірақ, амал қанша?! Сол ашумен барып мүгедек жігітті қыспаққа алған екеуінің әрекеттерінен де түк шықпады.

Тұзақ

Біреуге жала жабу жақсылық емес. Жедел топтың жетекшісі бағанадан жәбірленушінің рөлін ойнаған қыздың не мақсаты барын біле алмай әлек. Тек түн ортасында мүгедек жігіт өзіне телефон шалып, Гүлнисаның «ағалары» қорқытып кеткенін естігенде ғана Болат Тұрғанбаев мәселенің байыбына барғандай болды. Жедел топты дереу жинап Гүлнисаның пәтеріне барғанда, қыз киім-кешегін асығыс жинап жатыр екен.
Қолына кісен салынған қыз шын­дықты жасырып қалмады. Бопсалаумен байлыққа кенелеміз деген бұрынғы сақшылар да ендігі күндерін тар қапаста өткізбек.

Нұрлан Шынтаев

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости