12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қылмыс жазасыз қалмауы тиіс

Жыл бастала сала орын алған қаңтар оқиғасының жаңғырығы әлі жадымызда тұр. Бейбіт басталған шерудің кейіннен дүрбелеңге, жаппай тәртіпсіздікке ұласқаны белгілі. Көпшілікке еремін деп жүріп ғимараттарды, сауда нысандарын қиратуға, тонауға қатысып істі болып жатқандар қаншама? Бүгінде тәртіп бұзғандардың ісі сотқа да жетті.


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында: «Сол күндері қатаң әрі шұғыл шара қабылдаудан басқа амал қалған жоқ. Енді кімнің қандай лауазым иеленіп отырғанына, қоғамдағы орны қандай екеніне қарамастан осы қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар түгелдей лайықты жазасын алады» деп атап өтті.
Өмір заңдылығының өзі ешбір жамандықтың ізсіз кетпейтінін көрсетеді. Ал зайырлы, құқықтық мемлекетте кез келген заңбұзушылықтың жазасыз қалмайтыны түсінікті. Біздің елімізде шеруге шығып, талап-тілегіңді жеткізудің құқықтық негізі жасалған. Алайда, мұны басбұзарлықпен, қарақшылықпен, мародерлікпен шатастыруға болмайды.

Өкінішке орай, тәуелсіздіктің бесігі болған аяулы Алматымыз қаңтар оқиғасы кезінде өрттің ошағына айналды. Ғимараттар өртелді, шағылды, қирады. Көше бойындағы бағдаршам, жарықтар шағылды. Қоғамдық, қызметтік көліктермен бірге жеке адамдардың көліктері де отқа оранды, жарамсыз болып қалды. Сауда нысандарына жасалған қарақшылық кезінде бағалы заттар тоналды. Коронавирусқа байланысты орын алған карантиннен кейін енді-енді кәсібін жолға қойып, жұмысын жөнге келтіріп келе жатқан отандық кәсіпкерлер миллиондаған шығынға батты. Оның сұрауы кімнен?
Қазір қаңтар оқиғасы туралы, онда құқықбұзушылық жасап істі болған азаматтарға қатысты халықтың пікірі екіге жарылған. Бірі – қолға түскен азаматтардың қылмысын кешіріп, босату керек деп санайды.

Ал екінші тарап – қаланы аяусыз бүлдіргендер, жағдайды пайдаланып тонауға қатысқандар жазасын алу керек дейді. Олардың келтіріп отырған аргументі де мықты. Шынында, жазасыздық жаңа қылмыс тудырады. Оның үстіне, құзырлы органдар эмоциямен әрекет жасамайды. Полиция қылмысты ашып, қылмыскерді анықтаса, прокуратура істің дұрыс тергелгенін, заңбұзушылық орын алмағанын бақылайды. Ал соттың міндеті – заң мен арды басшылыққа ала отырып әділ төрелік ету, айыптының қылмысына қарай жаза тағайындау.
Қылмыстық кодекстің 457-бабына сәйкес мародерлік деп шайқас алаңында өлгендер мен жараланғандардың заттарын жымқыру танылады. Ол үшін бес жылдан он жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Әрине, қаңтар оқиғасын соғыс жағдайымен салыстыра алмаймыз. Дегенмен, сол кездегі қым-қуыт жағдайды, тәртіпсіздікті пайдаланып теріс әрекет жасағандардың әрекеті заңды бағасын алуы тиіс.
Бір ескерерлігі, айыпты орындығында отырғандардың көпшілігі өзінің қателігін мойындаған. Олар өздерінің ұрлаған, тонаған заттарын қайтарып, кешірім сұраған. Істі болғандардың басым бөлігі өмірін енді бастаған өрімдей жастар екенін де ескергеніміз жөн. Жасы үлкен дегендерінің өзі жаңа отау құрғандар немесе кәмелетке толмаған бірнеше баласына пана болып отырғандар. Сот ісін қарағанда мұның барлығы жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырылуда.
Соттың міндеті жазалау емес, тәрбиелеу. Шалыс басқан азаматтардың өз қателігінен сабақ алуына, жаңа өмір бастауына мүмкіндік беру. Міне, сондықтан да біз қаңтар оқиғасында заң бұзғандардың ісін таразылағанда жоғарыдағы мән-жайларға баса назар аударамыз. Келтірілген шығын көлемі мен жасаған әрекетінің салмағына қарап бас бостандығынан шектеу жазасы белгіленгендер де бар.


Ең бастысы, барлық сот отырыстары ашық өтуде. Онлайн соттарға кез келген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кедергісіз қатысып, сот отырысынан толыққанды ақпарат таратуына жағдай жасалып отыр. Мұндағы мақсатымыз – бір адамның шалыс қадамын көрсете отырып, өзгелерді қателіктен сақтандыру. Әсіресе, елінің тағдырына алаңдаған. Мемлекетте әділдік, тазалық, тұрақтылық болғанын қалаған азаматтар бар нәрсені өз қолдарымен бүлдірмеуге тиіс. Өйткені Алматы – біздің бәрімізге ортақ арман қала. Оны қирату – қаншама адамның арманын аяқасты ету.
Ардақ Ешеев,
Алматы қаласы
Алмалы аудандық сотының төрағасы

Сауаттылық сергелдеңнен құтқарады

Кез келген даудың түйіні сотқа келіп тарқатылады. Сондықтан Ата...

Еңбек дауының алдын алу маңызды

Еңбектің барлық кезде дұрыс бағалана бермейтінін сот тәжірибесі көрсетіп...

Судьялар съезі – жаңа бастамалар мінбері

Судьялар одағы – қазақстандық қазылардың басын біріктіріп, бір мақсатқа...

Сот алдында бәрі тең

Азаматтық процесс барысында таразы басының тең ұсталып, екі тарапқа...

Кеңседегі іс жүргізу мәселелері

 Кеңсе жұмысы әртүрлі бағытта жұмыс жасайды. Бүгінде бұл бағытта...