12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Жеті жылдан кейін ашылған қылмыс

Ішкі телефоннан «келіп кетші», — деген әмірлі дауысты естіген Санат бастығының бұл шақырысының астарында шұғыл, маңызды іс тұрғанын сезді. Оқу бітіріп келгелі бері қылмыспен күрес бөлі­мінің бастығы Орал Жақыповтың қол­астында жұмыс істеп келе жатқан бұл подполковниктің мінезіне әбден қанық болған.
Қылмыспен күрес бөлімінде күтпеген, неше түрлі істер болып жатады. Алғашқы кезде бәрі де қызық көрініп, сол тұста телеарналардан жиі көрсетілетін полиция қызметкерлерінің өміріне қатысты ресей­лік сериалдардың әсерімен тәтті түс көріп жүргендей сезінетін жігіт келе-келе күнделікті, бітпейтін бірсарынды жұмыс әуеніне түсіп, алғашқы балаң сезімнен арылған.
Жасандылықты ұнатпайтын Орал Кәрімұлының киім киісі, жүріс-тұрысы, отырған жұмыс бөлмесіне дейін қара­пайым.
– Лимонад цехының күзетшілерін өлтірген қылмыстық іс есіңде ме? – деді ол бұған қарап.
–Иә, – деді Санат басын изеп. Бас­тықтың жеті жыл бұрын болып, ашылмай қалған іс туралы неге сұрағаны түсініксіз…
–Сол іске байланысты жаңа дерек шықты, – сабырлы қалпынан еш айны­майтын подполковник бұл сөзді еш эмо­циясыз, жәй айта салды.
Қызық, сол тұста қанша түнін ұйқысыз өткізіп, жүздеген адамды сұрап, табанын тоздырған бұл іске қатысты жаңа деректің табылуы, жалпақ тілмен айтқанда, нағыз «сенсация» емес пе? Ал бұл оны жәйба­рақат айта салды. Соған қарағанда істі ашуға еш септігін тигізбейтін болмашы бірдеңе шығар. Дегенмен, Санаттың бұл ойы дұрыс болмай шықты. Бастығының келесі сөзі санасын тіліп түскендей, қатты әсер етті.
– Қылмыскерлер қолға түсіпті. Оны ұстаған күзет қызметінің жігіттері. Жә, бәрін тәптіштеп жатудың қажеті болмас. Іс барысында өзің анықтай жатарсың. Бұл істі саған тапсырғалы отырмын. Баяғыда өзің бастаған едің, енді аяғына дейін жеткіз,– деген бастық үлкен жүкті осылай өңгерте салды.

Алғашқы іс

Капитан Санат Омаров бастығының кабинетінен алай-дүлей көңілмен шықты. Осыдан жеті жыл бұрын оқу бітіріп келе салғанда тапысырылған іс әлі есінде.
– Тәжірибелі инспекторларымыздың біреуі демалысқа кетсе, қалғандары ауыр қылмыстық іспен айналысып жүр. Сондықтан мынау істі саған тапсырғалы отырмын. Куә жоқ, бәлкім айғақ табылып қалар. Оны енді жұмыс барысында көрерсің, – деген еді басшы.
Қылмыс болған жерге бөгде адам­дарды өткізбей тұрған екі полицей жас жігіттің куәлігіне үңіле қарап, біраз бөгеген. Жұмысқа жаңа кіріскен офи­церді басқалардың тани қоймауы түсінік­ті. Ашық есіктен кірген сәтті ол өмір бойы ұмыта қоймас. Дәліздің еденінде шалқасынан түсіп, нұрсыз жанарымен төбеге қадала қақшиып қалған қырықтың қырқасындағы ер адамның шолақ жең көйлегі ұйып қатып қалған қаннан қоңыр қызыл түске еніпті. Әріректе бір бүйірімен құлаған сары жігіттің де шашына дейін қан жұққан. Сериалдардан бұндайлардың талайын көргенімен, өмірдегі әсері басқа екен. Жүрегі мұздап, денесі ауырлап кеткендей…
Өз пайымынша, мұндай сәтте асқан салқынқандылықпен оқиға орнын тәп­тіштеп қарап, әрбір ұсақ-түйекті назарға алып, қылмыскердің құтылуына еш жол қалдырмайтындай айғақтар табуы тиіс-тін. Бірақ, еңсесін езген ауыр сезім кәсіби міндетті есінен шығарғандай. Өлі денелерге қайта қарауға дәті бар­маған ол асығыс-үсігіс маңайды шолып, айғақ болар заттарды іздеген болды. Бәлкім, бұл істің ашылмай қалуына оның тәжірибесіздігі, оқиға орнын дұрыс қарап, нақты саралай алмағаны себеп болған шығар, кім білсін? Жұмысқа алғаш кіріскен сәтінде өзіне тапсырылған осы бір аса ауыр іс оны бірден шағып тастағандай еді. Өйткені, қолға ілігер еш айғақ табылмады және оқиғаға куә болар да жан жоқ. Кәсіпорынға бейнеқондырғы орнатылмапты. Күзетшілерге сеніп, тіпті дабыл да қоймаған болып шықты.
Ең ауыр соққыны ол келесі күні қаза тапқан азаматтың үйіне барып, әйелі­мен кездескенде алды. Күтпеген жер­ден тап болған ауыр қайғы еңсесін езген келіншек пен жылағаннан көздері қызарып ісініп кеткен мектеп жасындағы ұл мен қыздан бірдеңе сұрап білу қиын еді. Бұл көрініс оның жан жүрегін езіп, көңіл күйін тас-талқан еткен. Шынын айтқанда, сол сәтте кәсіби міндетін ойлауға да шамасы келмеген еді. Ал қаза тапқан екінші күзетшінің келіншегі аяғы ауыр болғанмен, біршама сабырлылық танытқан. Десе де, одан оқиғаны анық­тауға қатысты ештеңе сұрап біле алмады. Сол маңдағы үйлерді аралап, тұрғын­дарға сұрау салу да еш нәтиже бермеді.

Ескі жара

Полковник шенінде отставкаға шық­қан әкесі Қанат Омаров жалғыз ұлы­ның өз жолын қуып, құқық қыз­мет­кері болуына ешқандай қарсылық таныт­паған. Тек, «Балам, ойлан, бұл аса ауыр және жауапкершілігі бар жұмыс» деген. Бірақ, Санат өз шешімін өзгертпеді.
Енді міне, еңбек жолын үлкен үмітпен бастаған жігіттің бірден тұйыққа тіреліп, болашағына көлеңке түсіретін, шешімі қиын, ауыр іске тап болып отырғаны. Ол қанша жанын сала тырысқанымен, еш айғақсыз, куәсіз істі ашу мүмкін бол­мады. Лимонад цехындағы 600 мың теңге үшін екі бірдей азаматтың қанын төккен қарақшыларды қолға түсіру сол кезде оның ең басты арманы болып еді. Бірақ, адамның ойлағанының бәрі жүзеге аса бермейді екен. Ауыр қылмыс сол ашылмаған күйінде қалып қойды.
Содан бері де жеті жыл өтіпті. Осы кезеңде жас лейтенант талай істерді ашып, тәжірибесін шыңдап, кәсіби білікті ізкесерге айналды. Алғашқы еңбек жолындағы сәтсіздігі капитан Санат Омаровтың болашағына көп көлеңкесін түсіре алмады. Десе де, көкірегінде жазықсыз жандардың қанын төккен қарақшыларды ұстап, заң алдында жауапқа тартсам-ау деген арман өш­пестей болып сақталып қалған.
Бүгінгі оқиға сол біте бастаған ескі жараның аузын қайта тырнағандай әсер етті. Кеңес заманында түсірілген «Кездесу орнын өзгертуге болмайды» деген сериалдың бір кейіпкерінің «ұры түрмеде отыруы тиіс» дейтін сөзі болмаушы ма еді. Сол сияқты капитан Санат Омаровтың санасына сіңген түсінігі бойынша, әрбір қылмыскер жасаған теріс ісі үшін міндетті түрде заң шеңберінде жазалануы тиіс. Әділдік жолы да осы емес пе? Оның көз алдына өз міндеттерін адал орындап, сеніп тапсырылған нысанды қорғамақ болғаны үшін ажал құшқан екі жігіт пен зар жылаған әйел және көз жастарын сүрткіштеген балалар әлсін-әлі келіп тұра қалатын. Кейде пендешілікке салынып, қылмыскерді де адам ғой деп аяушылық таныта бастағанда осы елес бұл әлжуаз сезімін бойынан аулақтатып, кәсіби міндетін соңына дейін бұлжытпай орындауға бағдарлайтын еді.

Тергеу

Ол сол күні болған оқиғамен толық танысып, істі қолына алды. Мұрағатқа жіберілген ескі папка қайта көтеріліп, іс жалғасын тапты. Келесі күні ол жасы 32-дегі күдікті Евгений Задорожныйды тергеуге шақыртты. Ұзын бойлы шүңірек көзді арық сарының сыртқы бейнесі кісі өлтіретін қарақшыға ұқсай қоймады. Бірақ, қазақ «адам аласы ішінде» демей ме. Күдіктінің қылмысын мойындатуға құқық саласында жеті жылдық тәжірибесі бар кәсіби білікті маман білек сыбана кірісті. Осыған дейін талай адам өлтірген кәнігі қылмыскерлермен бетпе-бет кездесіп, сөйлескенде қалыптастырған тәжірибесі оны өзін салқынқанды ұстауға үйреткен.
Талай қылмыскерді «сындырып», қыл­мыстарын мойындатқан тәжірибелі тер­геуші мен қылмыс дүниесіне кездейсоқ келіп, кәсіби қылмыскерге айнала алмай әуесқойлық деңгейде қалған 31 және 32 жастағы екі қарақшының текетіресі онша көп уақытқа созылған жоқ. Әуесқой дейтіні, бұлар кәнігі қылмыскерлерше әрекет жасап, кісі өлтіріп, кеңсе тонаса да, қылмыскерге тән өз қолтаңбаларын қалыптастыра алмапты. Әлде алғашқы істері мардымсыз ақша үшін кісі өлімімен аяқталғасын шошынды ма екен? Қалай болғанда да, екі қарақшы сол істен кейін ұзақ жылдар бойы еш қылмысқа бармай бой жасырып келген. Ал қазір Санаттың қолында қылмысты ашуға қажетті карта тұр. Ол – екі күзетшіні атып өлтірген қару мен оқ және сот сараптамасының қорытындысы болатын.
Санат үшін бұл істің ең маңыздысы: жеті жыл бойы жүрегін тырналап, мазасын алған жұмбақтың шешімін табу. Сол тұста бұл қылмысты сырттан келген «гастролерлер» жасады деген нұсқаны басшылыққа алып, қанша тер төкті десеңші?! Өйткені, 600 мың теңге көлеміндегі азын-аулақ ақша үшін екі бірдей адамның өмірін қию кәнігі қылмыскерлердің ғана қолынан келеді деген бір әріптесінің сөзі оны осындай көзқарасты ұстануға итермелеген. Ал шындығында істің жайы мүлдем басқаша болыпты.

Жоспар

Күзетшілерді өлтіріп, лимонад цехы­ның кеңсесін тонаған екі қарақшы алыс­тан келмеген екен. Евгений Задо­рожный мен Анатолий Кабанов осы Көкшетауда туып өскен жігіттер болып шықты. Жұмыссыз жүрген екеуі арақ ішіп, бір-екі рет түнде кездескен жалғыз-жарым адамды тонағаны бол­маса, үлкен қылмысқа бармаған. Бірде арақ ішіп отырған екеуіне алдында ғана көрген шетелдік картина туралы әңгіме барысында қару сататын дүкенді тонасақ қайтеді деген оқыс ой келе қалады. Шынын айтқанда олар кино кейіпкерлері сияқты алдын ала іске дайындалмайды да. Күзеттің жоқтығын пайдаланып, түн ортасында дүкенге кіріп, бір аңшы карабині мен дүрбісі бар екі шағын калибрлі винтовканы және травматикалық пситолетті біраз патронымен алып кетеді. Дүкен иесі келесі күні-ақ бірден құқық органына шағымданып, қару дүкенін тонағандар іздестірілген. Бірақ, еш айғақ қалдыр­маған қарақшылар сытылып кеткен еді. Арада бір жыл өткенде лимонад цехының күзетшілерін өлтірген қанды оқиға бары­сында күзетшілерді атқан қару өткен жылы дүкеннен ұрланғандығы белгілі болды. Сөйтіп, бұл қару-жарақ дүкенін тонаушылардың ісі екені анықталған.
Осы іске қатысы бар күзет тобының екі сержантынан түсінік алғанда Санат тағдыр деп аталатын адамзат үшін тылсым құдыретті құбылыстың барлығын сезіне түскендей болған еді. Әжесі марқұм «Бұл дүниенікі о дүниеге кетпейді» дегенді жиі айтып отырушы еді. Иә, адам қаны жібермейді екен. Жазықсыз өлтірілген екі азаматтың, олардың соңында зар жылап қалған әйелі мен балаларының обалы қылмыскерлерді тұсап, заң алдында жазаларын алуға сүйрелеп әкелген секілді. Әйтпесе, бұны кездейсоқтық деуге бола ма? Жоқ. Бұл мүлдем кездейсоқтық емес. Осылай болуы тиіс-тін. Өйткені, әр пенде өз қолы­мен жасаған ісін, мойнымен көтеріп, жауап беруі қажет. Жаратқанның заңы осындай. Қарапайым пенделердің ойдан шығарылған, шалажансар, жұмыс істе­мейтін өлі заңдарындай емес, Жарат­қанның заңы мүлт кетпейтін дәлдікпен жұмыс істейді. Бұның себебін осылай ғана түсіндіруге болады.

Түнде атылған оқ

– Өзімізге бекітілген ауданды қарап жүргенімізде қала сыртында оқыс дыбыс естідік, –дейді осы оқиғаның куәсі ретінде шақырылған полиция сержанты Марат Шалабаев. – Мен оны алғашында жәй балалардың отшашқыш ойыншықтармен ойнап жүрген тентек әрекеті болар деп мән бермеген едім. Әлгі дыбыс қайталанған кезде серігім Денис «біреу оқ атып жатыр» деді. Содан қала сыртындағы ағашқа қарай жүрдік. Ағаш арасындағы алаңқайда екі адам нысана көздеп атып жатыр екен. Соны тасада тұрып бақылап қарап алып, содан кейін қапылыста бас салмақ болдық. Бірақ, бізді байқап қалған әлгілер қаша жөнелсін. Екеуі бөлініп емес, бір бағытқа қарай жүгірді. Біз де өкшелеп қуып келеміз. Бір кезде қуып жетіп ұзынтұра жігітті шалып құлаттым. Ол шапшаң тұра сала өзіме тап берсін. Екеуміз ұстаса кеттік. Әупіріммен оны алып жығып, қолына кісен салдым. Денис те екінші жігітті құрықтап үлгеріпті.
Қолдарынан кесілген шағын калибрлі шолақ мылтық табылған екі азамат полиция қызметкерлеріне қарсы­лық көрсеткені үшін және заңсыз қару сақтағаны үшін деген айыппен қамаққа алынады. Бірақ қаруды тексеру барысында ол осыдан сегіз жыл бұрын «Сұңқар» қару-жарақ дүкенінен ұрланған винтовка болып шығады және оның оғы лимонад цехында атып өлтірілген күзетшілердің денесінен табылған оқпен бірдей болған.
Санат уақыт өткізбей қасына полиция қызметкерлерін алып, күдіктілердің үйін тінту шарасын жүргізді. Жеке меншік үйдің сарайынан дүкеннен ұрланған карабин мен бірнеше қорап патрон және травматикалық пистолет табылды. Яғни, қажет айғақтың бәрі қолда. Енді қылмыскерлердің алғаш­қыдай қаруды танымайтын біреуден сатып алып едік деген сияқты ойдан шығарылған уәждері жарамсыз болып қалды. Бұлтартпас айғақты алдарына қойғанда қылмыскерлердің өздері жасағандарын мойындарына алмасқа еш шарасыз еді.
Лимонад цехының күзетшілерін өлтіргендердің үстінен қозғалған іс қылмыстық істер жөніндегі ауданарлық сотта қаралып, көпке созылмай шешім шықты. Істі сотқа жеткізген Санат та оның барысына бей-жай қарамай, сот отырыстарына мүмкіндігінше қатысып жүрді. Қаза тапқан күзетші Семен Мельниковтің қызы мен ұлы ержетіп, жақсы азамат болып өсіпті. Олар да сотқа куә ретінде шақырылған екен. Әйелі Елизавета көп жылдар өтіп кетсе де жарын есіне алып, өзіне сөз берілгенде шыдай алмай көз жасына ерік берді.
– Менің жарымды өлтіріп, бала­ларымды жетім қалдырған бұл қорқау­лардан ақша дәметпеймін. Көп қиындық көрдім, балаларымды өсіріп-жеткіздім. Бірақ мына екі аяқты айуандардың заң алдында жауап берулерін, барынша қатаң жазалануын талап етемін, — деді ол көз жасына тұншыға әзер сөйлеп.
Өкініштісі сол, сот орындығында отыр­ған екеуіне келіншектің бұл жан тебірентер сөзі де, балаларының папа­сы жайында айтқан жүрек елжіретер зар-налалары да ешқандай әсер етпеген сияқтанды. Олар селт етпестен жай­барақат отырды. Өзгенің тағдырына да, өз тағдырларына да немкетті қарай­тын бұл екеуінің жүрегінде аяушы­лық, сүйіспеншілік, мейірім деп аталатын адами қасиеттер мүлдем жоқ сияқты көрінді.
Сот шешімі қысқа болды. Екеуі де жасаған қылмыстары үшін айыпты деп танылып, ұзақ мерзімге бас бостан­дықтарынан айырылды. Қолдарына кісен салынған қылмыскерлерді темір торлы автокөлікке отырғызып алып кеткенде ғана бойын басқан ауырлықтан арылғандай, Санат өзін жеңіл сезініп қалып еді. Міне, қоғам тағы да екі қылмыскерден тазарды…

Қалкөз ЖҮСІП
Ақмола облысы

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...