12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Ғалымжан ЖУРХАЕВ, Қазақстан Республикасы Жамбыл облысы бойынша ҰҚК-нің Шекара қызметі департаменті Әскери-медициналық бөлімінің басшысы: «Әскери бөлімнің күші – жауынгерлік достықта»

– Ғалымжан Бахтыбайұлы, шекара қызметінде әскери борышын өтегісі келетіндерді таңдауда қандайда бір ерекшеліктер бар ма әлде жастардың қалауына қарай іріктеле ме?
– Қазақстан бойынша ең бірінші әскерге Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің шекара қызметіне шақырылады. Бұл тұрғыда жас жігіттер медициналық тексеруден өтеді. Олардың отбасылық жағдайы, әулетінде істі болғандар, яғни, сотталғандардың бар-жоғы тексеріледі.
Шекара қызметіне таңдалғандардың денсаулығын өзіміздің дәрігерлер де жан-жақты әрі мұқият қарайды. Мерзімді әскери борыштарын шекара қызметінде өтегісі келетін сарбаздарға жоғары талаптар қойылады.

Жалпы, әскери бөлімдерді сапалы жасақтауға ерекше көңіл бөлінген. Болашақ сарбаздардың дене бітімі мен денсаулығы ғана емес, психология­лық дайындығы, білім деңгейі, мамандықтары міндетті түрде ескеріледі. Сондай-ақ, олардың моральдық және іскерлік қасиет­тері назардан тыс қалмайды.

– Әскерге шақырылушылар қатарында қандай аурулар белең алып тұр?
– Соңғы кездері әскерге шақырылушылар арасында, негізінен психикалық аурулар мен сотталғандар көбейіп кетті. Сонымен қатар, өкпе, бауыр, қан тамыр аурулары белең алып тұр. Жастар денесіне татуировка салдыруға әуес. Олар шекара қызметіне алынбайды.

– Әскердегі келеңсіз оқиғалардың алдын алуда қандай шаралар қарастырылған?
– Бұл мәселеге қатысты жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Нәтижесіз емес. Оның үстіне сарбаздар бір жылға келеді. Мысалы, көктемде шақырылғандарды күзде шақырылғандарға қоспаймыз. Әрқайсысы бөлек-бөлек қыз­мет етеді. Сарбаздар әскерге бір өңірден бірге келіп, бірге қайтады. Қазіргі әскер бұрынғыдай емес. Тәртіп қатаң. Әлімжеттік оқиғаларға мүлде жол берілмейді. Былайша айтқанда, сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Тамақтары тоқ, киімдері көк, денсаулықтары үнемі бақылануда. Даңқты қолбасшы, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Әскери бөлімнің күші – жауынгерлік достық пен жолдастықта, бірлік пен ынтымақта». Біз осы даналықты әскерге келген әрбір жас­тың санасына сіңіріп, олардың бір-біріне деген дос­тық қарым-қатынастарын нығайту мақсатын ұстанамыз.

– Шекара қызметінің бүгінгі хал-жайы қалай?
– Шекара қызметінің жағдайы жылдан-жылға жақсаруда. Қазақстан шекарасы нақтыланып, қазығы нық қағылған. Біз бес мемлекетпен – солтүстікте Ресеймен, шығыста Қытаймен, оңтүстікте Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанмен шекарамыз нық бекітілген. Бұл тұрғыда Тұңғыш Президенттің еңбегі зор. Шекара қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына кіргелі материалдық-техникалық жағдайы жақсарды. Заманауи әскери техникалармен, арнайы киім-кешекпен толық қамтамасыз етілген. Азық-түлік, тамақ мәселесі де жоғары деңгейде шешілген. Шекара қызметіне мемлекеттік тұрғыда көңіл бөлінген. Сарбаздың бойында қандай да бір дерт анықталса, Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ауруханасы мен Өңірлік әскери гос­питальға орналастырылып, ем алады.

– Отан алдындағы боры­шын өтеуге жастардың белсенділігін арттыру үшін мемлекеттік тұрғыда не істеу керек?
– Шынын айту керек, жастардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға мықты идео­логия жетіспей жатыр. Заман ағымы солай ма, білмедім, қазіргі жастардың бойында отаншылдық сезімге қарағанда, материалдық жағдайға қызығушылық басым. Сондықтан, әскер қатарында азаматтық борышын өтегендерге жалақы, т.б. мәселелер бойынша белгілі бір деңгейде артықшылықтар берілуі тиіс. Ал, өмірін әскери қызметпен байланыстырғандарға мүмкіндігінше жағдай жасалса, бұл салаға ұмтылушылар да көп болады. Мысалы, медициналық, оның ішінде стоматологиялық қызметке, ақысыз ем қарастырылып, әскери қызметшілердің мәртебесін арттыру шаралары одан әрі күшейтілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Әскер қатарында болғандарға пәтер кезексіз және қандай да бір жеңілдікпен берілсе, бұл тұрғыда мәселе болмас еді.

– Жастар неге әскер қатарына баруға құлықсыз?
– Мемлекеттің кінәсі жоқ. Бұл тұрғыда ең бірінші кінәратты ата-ана, отбасы тәрбиесінен іздеу керек. Себебі, көп жағдайда баланың әскерге баруына ата-­анасы қарсылық танытып жатады. Тағы бір мәселе, негізінен әскерге қарапайым халықтың балалары келеді. Сот, прокурор, депутат, министр, сол сияқты жоғары шенділердің балаларын әскерден көрмейсіз. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі бірдей екені Конституция­мен айқындалған. Баланың жасы 18-ге толысымен, әрбір ата-ана ұлының ел қорғаны екенін ұмытпай, әскерге баруына ықпал етуі керек.

– Әскери кафедра бітіргендер мен әскер қатарында болғандар арасында айырмашылық бар ма?
– Азаматтық борышын өтегендер мен өтемегендердің айыр­машылығы көп. Әскери кафедра бітіргендер әскери өмірді түсіне бермейді. Сондықтан да, биылдан бастап әскерге келу жаппай міндеттеліп, оның мерзімі ұзартылды. Яғни, әскери кафедра бітіргендердің өзі екі жылға шақырылады. Жоғары білімді офицерлер Қазақстан Қарулы Күштері мен шекара қыз­метіне келеді.

– Медицинаны, оның ішінде хирургияны таңдауыңыздың қандай да бір себебі бар шығар?
– Дәрігерлік – менің жаныма жақын мамандық. Өйткені, мен дәрігерлер әулетінде туып-өстім. Атам Рүстем Атаханов Мәскеудің Бурденко атындағы медициналық нейрохирургия институтын бітірген. Кезінде қазақтың санаулы нейрохирургтерінің бірі болып, осы саланың дамуына үлес қосты. Әжем Гүлбахрам Базарбайқызы да медицина маманы, яғни, көз дәрігері. Ал, әкем Бахтыбай – бет-жақ сүйектерінің хирургі. Атам, әжем, әкем де өздерінің бүкіл өмірлерін адам денсаулығына арнап, халықтың алғысына бөленген жандар. Анам Хабиба Исмайлқызы балабақшада еңбек етті.

– Еңбек жолыңызды да айта отырсаңыз?
– Шымкент қаласындағы медицина университетін бітірген соң, облыстық клиникалық аурухананың хирургия бөлімінде еңбек еттім. Сол жерде жүріп шекарашылардың «Оңтүстік» өңірлік басқармасына әскерге шақырылдым. Алғашқы әскери жолымды Алматы қаласында Қарасай шекара жасағында лейтенант болып бастап, ке­йіннен Алматы облысының Шонжы ауданындағы шекара басқармасына ауыстым. Бұдан соң Маңғыс­тау облысы Ақтау қаласындағы шекара қызметінің өңірлік әскери гос­питалінде дәрігер-хирург, хирургия бөлімінің меңгерушісі болдым. 2009 жылдан 2018 жылға дейін әскери медицина бөлімінде басшылық қызметке тағайындалдым. Осылайша еңбек жолымды қызмет бабымен Атырау қаласындағы, Бейнеу ауданындағы, сондай-ақ, Алматы облысының Жаркент қаласындағы шекара жасақтарында жалғастырдым. Қазіргі таңда Тараз қаласындамын.

– Уақыт бөліп, пікір­лес­кеніңізге рақмет!

Әңгімелескен
Түймегүл Смағұлқызы

Абай облысында тағы орман өртеніп жатыр

Бородулиха ауданындағы "Семей Орманы" МОТР филиалының аумағында орман жамылғысы аумағында өрт шыққан. Филиалдың мәліметтері бойынша, бұл аймақ батпақты жетуі қиын жерде орналасқан.

Алматыдағы атышулы автобус апаты: сотталушы соңғы сөзін айтты

Алматыда үш адамның өліміне себеп болған автобус апатына қатысты жарыссөз жалғасып жатыр. Бүгін сотталушыға сөз берілді.

ЕГІС НАУҚАНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Биыл Ақмола облысының егіншілері былтырғы қуаңшылықтан соң тұқым қорының аздығына алаңдаған еді. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін бұл мәселе оң шешімін тапқандай.

ҚҰМАР ОЙЫНҒА ТӘУЕЛДІЛЕР 400 МЫҢҒА ЖЕТТІ

Құмар ойындары қоғамның дертіне айналды. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да осылай демеске шара жоқ. Медицинада лудомания патологиялық өзгеріс ретінде анықталып, ем тағайындалатын болды. Біздің елімізде бұл дерттің құрығына түскендер саны 400 мыңға жетіпті.

Жаңбыр және жел: бүгін ауа райы қандай болады?

Синоптиктер 26 сәуірде Қазақстан аумағындағы синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстарының болжамын ұсынды.