12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қызылордаша киднеппинг

(Соңы. Басы газеттің №17–20 сандарында)

– Қандай үй?
– Жә-мә-ә-н үй. Екі этаж. Сырты кір-кір.
– Іздесек таба аламыз ба? Сен көрсетесің ғой?
– Жәмән үй көп ол жерде.
– Қазір папаңнан рұқсат сұраймын, сосын екеуміз іздеп көреміз, иә? Сен деген батырсың ғой.
Майордың сөзі жанына жақты ма, бала сықылықтап күліп жіберді.
– Асеке, Батырханды алып, проверка показанияға шығып қайтайық, – деді қонақтармен бірге отырған Асқарға жақын барып.
– Жоқ, шықпайды, – деп, шорт кесті Асқар. – Бала аман, маған сол жетеді.
– Асеке, бала әзірге ұмытпай тұрғанда қимылдап, қылмыскерді ұстау керек.
– Ұстасаңдар қайда қалдыңдар? Енді менің мазамды алмаңдар. Ақша кетсе, ол менікі. Ұлымның жолына садағам, – деді де, әңгіме осымен бітті дегендей қонақтарына қайырылып кетті.
Темірхан қайтерін білмей тысқа беттеп бара жатыр еді, алдынан 9-басқарма бастығы, қылмыскерді ұстау тобының жетекшісі, полиция подполковнигі Қанат Әбенов қарсы ұшырасты.
– Қанат аға, оқиға болған жерге баланы алып шығайын деп ем, Асқар көнбей тұр. Сіз айтып көріңізші. Қазір кеш түсіп кетеді. Ертең бала ұмытып қалады, – деді жаны шығып.
Подполковник үйге барып келді де:
– Қазір шығады, – деді. – Дайынсың ба?
– Дайынмын. Екі айғағым да да­йын.
Сәлден соң Асқардың өзі көрінді. Ұлын ертіп алыпты.
Әуелі олар Сәуле тәтесі тұратын Гагарин қыстағына барды. Одан әрі Комсомол совхоз-техникумы жағын аралап қайтты. Батырханның көзіне екі қабат үй көрінсе «әне, анау үй» дейді. Барса, ол болмай шығады.
– Есігі қап-қара. Қаптап қойған, – дейді Батырхан есіне түсіріп.
– Дермантинмен қаптаған ба?
– Иә,сондаймен қаптаған.
– Сосын тағы не байқадың?
– Терезесін де қаптаған.
– Немен?
– Клеенкамен қаптапты. Терезеден қарасаң, дым көрінбейді. Жыртығынан сығалап қарадым.
– Жыртығынан не көрдің?
– Бір жәмән… батпақ-батпақ водовоз көрдім. Бұзылып қалған. Дөңгелегі жоқ, – деп Батырхан сықылықтай күлді.


Баланы алған жерді таксишімен бірге нақтылауға аттанған жедел уәкілдер бұл кезде Титов қыстағын бақылауға алған-тұғын. Оған Ақсай учаскелік полиция пунктінің аға жедел уәкілі Серік Есмаханов пен жедел уәкіл Ерхан Барғанаев барып қосылды.
Серік пен Ерханға Титов жақсы таныс, өздері бақылайтын аудан. Қуыс-қолтығы көз алдарында. Алайда бүгін қас қылғандай күдікті нәрсе байқалмай тұр. Кешкі мезгіл. Ерсілі-қарсылы ағылған халық. Үйлеріне асығулы.
Осы кезде тергеуші Темірхан Қанатбаев Батырханды алып сол жақта жүргені, баланы ұстаған үйдің есігі қара дермантинмен қапталғаны, терезесінен қарағанда су таситын ескі машина көрінетіні, оның дөңгелегі жоғы рация арқылы хабарланды.
Титовтағы үйлердің көбі екі қабат. Дермантинмен қапталған есіктер осы ескі үйлерде. Серік талай қылмыстың ізіне түсіп жүріп ол жағын жиі байқаған. Соны ойлаған олар аласа үйлерді сүзіп келе жатты. Ескі су таситын «ГАЗ-52»-нің талайдан шаңға көміліп тұратыны есіне түскені сол кез.
– Былай қарай жүрейік, – деді Серік Ерханға, – водовоз анда.
«Г» әрпі тәрізденіп бір-біріне түйі­сіп орналасқан екі үйдің аралығында тұрған «ГАЗ-52» машинасын тез-ақ тапты. Арса-арсасы шыққан, дөңгелектен жұрдай.
– Көне машинаны таптық, – деп хабарлады аға жедел уәкіл рация арқылы. Қай жерде тұрғанын да айтып жатыр. Хабарды ести сала Темірхан келді алқынып. Жетегінде бала. Асқар соңынан жеткен таныс­тарымен көшенің қиылысында қалған.
– Осы… осы машина, – деді Батырхан көзі жайнап.
– Қай пәтер екенін білесің бе?
– Ұмытып қалдым.
– Қап-ай, ә! Есіңе түсірші. Айтпақшы терезесі клеенка деп еді… мына үйде клеенка керген терезе көп қой… қайсысы екен, – деді Темірхан дағдарып. – Батырхан бері қара. Сен терезеден қарағанда машинаның қапталы көрінді ма, әлде арты көрінді ме? – деп сұрады. Бала ойланып жауап бергенше:
– Әне біреуі жыртылыпты, бала сол арадан қараған шығар, – деді Ерхан үңіле қарап. – Екінші қабатта.
Хабарды естіген бірнеше жедел уәкіл жиналып қалған-ды. Қылмыскер терезеден секіріп кетуі мүмкін деген оймен үйді айнала аңду қойып, тергеуші жоғары көтерілді. Жетінші пәтер екен. Қоңырауы әлдеқашан қираған, тарсылдатып ұрғанға жауап болмады. Үйде адам жоқ сияқты.
– Осы үй ма, Батыреке? Қарашы, – деп, тергеуші титімдей балаға еңкейіп, кәдімгідей-ақ жауап күтіп тұр.
– Осы үй.
– Қара дермантинмен қапталған деп ең ғой.
Батырханның көзі жыпылықтап:
– Басым ауырып кетті менің, – деп бұртиды.
– Жайлап есіңе түсірші, а? Үйдің ішінде не зат бар?
– Ештеңе жоқ, а-а, жәмән холодильник бар. Мына жағында, – деп оң қолын көтерді.
Бұлардың дабырынан көрші есік ашылып, кеудесі жайқалған орыс әйел шықты.
– Сәлеметсіз бе, мына үйде кім тұрады?
Әйел бұлардың үсті-басына көз жүгіртіп, кідіріп қалды да:
– Көршім жас жігіт. Не болыпты оған? – деп әуестене қалды.
– Военкоматқа баруы керек. Бармай жүр, соған келдік.
– Армияға ма? Қалай барады армияға? Қатыны бар. Баласы бар. Бірақ айырылысып жүр дейді. Жұрт айтады, мен өзім білмеймін.
– Үйінде жоқ екен.
– Достарында жүрген шығар. Келіншегіне де кетуі мүмкін…
– Онысы қайда тұрады екен?
– Қала жақта дейді. Айтпақшы, мында, көрші үйде досы тұрады. Ол жақсы бала. Футболист. «Қайсарда» ойнайды.
Төсі жайқалған әйел соны айтты да, есігін жауып, кілттеп алды. Төменнен басқан аяқтың дыбысы естілді. Прокуратура қызметкері екен.
– Мына есікті ашуымыз керек. Күдікті осы үй. Ешкім жоқ. Есігін бұзуға рұқсатыңыз керек.
– Шүбәң жоқ па? Ендеше рұқсат!
Ағаш есікті жедел уәкілдер тез-ақ алып тастады. Сонда байқады, қара дермантин іштен қапталғанын. Оң жақта Батырхан айтқандай ескі тоңазытқыш тұр.
– Менің кітабым! Сөмкем!
Батырхан төрде жатқан кітап-дәптер салынған сөмкеге ұмтылды.


Ғалымжан Ахметұлы мен Серікбол Қуатбайұлы басқарған жедел уәкілдер бұл кезде көрші үйде тұратын футболшы жігітті пәтерінен ұстап жатты. Аты-жөні Ореховский Дмитрий Дмитриевич. Он тоғыз жаста. Жергілікті «Қайсар» футбол командасында ойнайды. Кеудесі жайқалған орыс әйелдің кездейсоқ айтып қалуымен сол үйдің тұрғындарына сұрау салғанда, футболшының төртінші пәтерде тұратынын бәрі білетін болып шықты. Ал ол қылмысын бірден мойындап, сыбайластарының мекенжайын айтпасқа амалы қалмады. Сол сәтте-ақ Байтұрсынұлы көшесіндегі бес қабат үйдің он үшінші пәтеріне полиция жедел уәкілдерінің басқа бір тобы барып тұрды. Пәтер иесі әйел:
– Құрманның мамасымын, – деп жауап берді «Сіз Құрман Федоровтың кімі боласыз?» деген сауалға.
– Құрманның өзі қайда?
– Жаңа ғана кетіп еді. Бір туған күнге барам деп.
– Сіз қорықпаңыз, – деді полиция қызметкері. – Біз жәй тексеріп, қарауға келдік. Қане, бөлмесін көрсетіңізші.
Әйел тырп-тырп басып кері бұрылды. «Бір бәледен құтылып, түрмеден шыққаны биыл еді, не боп қалды, құдайым-ау?» – деп күбірлеген қалпы қапталдағы бөлменің есігін ашты. Лып етіп ішке кірген жедел уәкіл әр жерді тінтіп қарап жүріп, төсек астынан бүктеулі пакет тапты. Ақтарып кеп қалғанда, уыс-уыс көкала ақшаның шашылып түскені.
«Құдайым-ау, мынау не? – деп қалшылдап кетті шешесі. – Сорлы балам, тағы ұрынғаннан саусың ба пәлеге!?»
– Бұл туралы білмейтін бе едіңіз?
Кемсең қаққан әйел басын шайқап, шегіншектей берді.


Үшінші күдікті Ерік Бекбосыновтың келіншегі Ким Иринаның мекенжайы анықталып, жедел уәкілдердің ендігі бір тобы сонда тұмсық тіреді. «Шығыс» ықшамауданындағы «Восточный» мейрамханасының сыртындағы көп қабатты үйдің оныншы пәтерінде көңілді әуен естіледі.
Есікті ашқан ешкінің асығындай шағын денелі кәріс әйел полиция формалы жігітті көріп, селк ете қалды.
– Кештетіп келгенімізге кешіріңіз, бұл үйде Ким Ирина тұра ма?
– Иә, иә, тұрады. Жо-жоқ, басқа жақта тұрады. Уақытша келген. Қызым еді.
– Үйде не боп жатыр? Музыка естіліп тұр ғой.
– Көршілер арызданған ба? Жиенім бірге толды, соны атап өтіп… Жайлап қойып едік музыканы. Қазір сөндір дейін.
– О-о, той ма? Құтты болсын!
– Рақмет! Төрлетіңіздер!
– Күйеу балаңыз да бар ма?
– Ол үйде, іште.
– Досы бар шығар қасында?
– Иә, бірге келді.
– Шақырып жібересіз бе? Военкоматтың қағазын береміз де кетеміз.
Әйел жеңіл қозғалып, ішке сүңгіп кетсе де, үйде деген Ерік көріне қоймады. Болмаған соң жедел уәкілдің екеуі баса-көктеп кіріп келсе, дәлізде бір жас жігіт қипақтап тұр. Түрі қашып кеткен.
– Сен бе Ерік?
Анау басын изеді. Екінші жедел уәкіл оның білегіне кісен салып үлгерді.
– Досыңды шақыр!
Досы шақырмай-ақ өзі шықты. Оның да қолына кісен түсті. Музыка өшіп қалған. Залда отырған қонақтар абыр-дабыр боп, бері ақтарылды. Еріктің енесімін деген шағын денелі кәріс әйелдің қысық көзі кеңірек ашылып:
– Не болды, жігіттер? Не істеп қойды бұлар? – деді үрейленіп.
– Біз білмейміз. ГОВД-дан білесіздер.
Ол екеуі полиция қызметкерлерінің жетегінде кете барды.


Тергеу барысында Ерік Бекбосынов пен Құрман Федоров екеуі алдын ала жоспар жасап, оған Дмитрий Ореховскийді тартқаны анықталды. Бала ұрлау идеясы шетелдік бейнефильм оқиғасынан туындапты. Тергеуді Темірхан Қанатбаев пен Бақытжан Кенжебаев жүргізді.
Он тоғыз жастағы Федоров пен Ореховскийге қылмыс жасалған кезде он жеті жастағы Бекбосынов басшылық еткен. Қажетті ақшаны өз қалтасынан шығарыпты. Олар өзара ақылдаса келе, Ореховскийдің қолына «Перепись учащихся» деген жазуы бар дәптер ұстатып, «Аңсар» фирмасының президенті Асқар Ерғалиевтің үйіне аттандырады. Ол мұғалім болып барып, баласы қай мектепте, қай класта оқитынын біліп алған.
Ерік туысқан апасы Қалбике Нұрмантаевадан әскери қызметкер жездесі Баубек Мановтың капитан шеніндегі киімін аз уақытқа сұрап алып, оны бала ұрлауға оқталған Құрман Федоров киеді. Мектепке бармас бұрын погондағы артық жұлдызшаларды жұлып тастап, лейтенант жасаған да Бекбосынов. Баланы мектептен оп-оңай алып кеткен Федоров оның әкесіне бір аптадан соң ғана хабарласып, келісімді өзі жүргізеді. Сөйлесуге Бекбосыновтың да соңынан араласатын жері бар.
Ақшаны бірінші мәрте өрт пойызына апарып ілгенде, тепловозда жұмыс істеп жүрген жұмысшылар Жаймұратов пен Игебаев қызыл пакетті тауып алады да, пойыз ішіне жасырынады. Мол ақшаға кенеле қалған екеуі алғашында қатты қуанса да, мұның бекер емесін ойлап, «бәлесінен аулақ» деп, ақыры желілік полицияға апарып өткізеді. Бірақ сонша күн соңында аңду жүргенін білмейді.
Екінші мәрте доллар әкелген Асқардың қолынан ақшаны алып, Темірханның көз алдында құйындай ұйтқып жоғалған Ореховский болып шықты. Ал Федоров екеуінің төрт қабат қоршауда тұрған аңдушылардың көзіне түспей, жер жұтқандай ізім-қайым ғайып болуының да сыры бар екен. Сол маңда су тасқынына қарсы теміржолдың астына салынған әйдік құбыр арқылы Шаңқайға өтіп кетуге болатыны анықталды. Дарияда су азайғалы әлгі құбыр халық жадынан шығып кеткен.
Олар ақшаның төрт мың долларын теңгеге айналдырып, оның біразына киім-кешек сатып алады. Қалғаны жиыр­ма алты мың доллар мен жүз тоқсан екі мың алты жүз он теңге. Осы ақшаға оның алдындағы желілік полицияға өткізілген отыз мың долларды қосып Асқарға қайтарылады.
Осылардың бәрін зерделей келгенде, о баста полковник Тастемір Сауранбайұлының қылмыскер әккі емес деген пайымы расқа шықты. Бастапқыда әбден ойлас­тырылғанымен, соңынан ізін жасыруға қиялы жетпей қалған немесе салғырттық жеңіп кеткен.
Қызылорда қалалық сотының судьясы Ғани Төлеухан осы тергеу ісін саралай келе, Қазақстан Республикасының атынан шығарған үкімін 1999 жылғы 29 наурызда оқыды.
Құрман Нұрғалиұлы Федоровқа ҚР ҚК-нің 235-бабының 1-бөлігі бойынша 3 жылға бас еркінен айыруға, 125-баптың 3-бөлігі, «а» тармағымен мүлкін тәркілеп, 12 жылға бас еркінен айыруға, 58-баппен мүлкін тәркілеп, 13 жылға бас еркінен айыруға, 60-бап негізінде жазаларды қылмыстардың жиынтығы бойынша қосу жолымен түпкілікті өтеуге мүлкін тәркілеп, 14 жылға бас еркінен айыруға жаза тағайындалды.
Дмитрий Дмитриевич Ореховскийге ҚР ҚК-нің 125-бабының 3-бөлігі, «а» тармағымен мүлкін тәркілеп, 11 жылға бас еркінен айыруға жаза тағайындалды.
Ерік Айбатұлы Бекбосыновқа ҚР ҚК-нің 235-бабының 1-бөлігі бойынша 2 жыл, 6 айға бас еркінен айыруға, 125-баптың 3-бөлігі, «а» тармағымен мүлкін тәркілеп, 10 жылға бас еркінен айыруға, 58-баппен (кәмелетке толмағаны ескеріліп) 10 жылға бас еркінен айыруға жаза тағайындалды. Үшеуі де жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейтін болды.


Осы қылмысты ашуға облыстық ішкі істер басқармасы, қалалық ішкі істер бөлімі, МАИ қызметкерлері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті жұмыла кірісіп, бірлесе қимылдады.
Оның ішінде қылмысты ашуда батылдық танытқан облыстық ішкі істер басқармасы бастығының жедел істер жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Ғалымжан Ахметов Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыстық жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әмірбек Бердібекұлы қол сағатпен, облыс­тық тергеу басқармасының орынбасары, полиция майоры Темірхан Қанатбаев пен жедел уәкіл, полиция майоры Ұлан Ысқақов Грамотамен марапатталды.

Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ.

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...