22 C
Алматы
Четверг, 16 июня, 2022

Бейкүнә

Малын қоралап, аулада аз-кем аялдаған жігіт түнере төнген қара-қошқыл бұлттарға сүзіле қарады. Аспан жаңа ғана бір шөкім бұлтсыз ашық тұрған еді. Әп-сәтте қап-қара болып айналаны қараңғы етіп жіберді. Ертерек шаруасын бітіріп алмақ болып асыққан жігіт денесін суық сора бастағанда үйіне кірді. Сырт киімін шешіп, қолын шайды. Пеш түбінде үйелмелі-сүйелмелі қос ұлы ойнап отыр. Анасының қою күрең шайын ұрттай бергенде, сау етіп екі қызыл жағалы кіріп келді. Екеуінің түрі тіпті сұсты көрінді. Жүрегі зу етіп, бір жайсыздықты сезгендей. Алайда сыр бермеді. Бағанағы Айбар арыз жазған болды ғой. Әлде, әйелі бірдеңені бүлдірді ме екен? «Дарханов сіз боласыз ба? Тезірек киініп, бізбен бірге жүріңіз! Сізді тергеуші тосып отыр. Жауап алады» деді төрге бұрын озған ұзындауы. Дастарқан басындағы кейуана да абдырап, балалар да жәутеңдеп Елдарға қарай берді. Лезде есін жиған үй иесі:
– Шақырту қағазың қайда? Тергеушінің менде қандай жұмысы бар? Тағатын кінәң бар ма? Жұмыстан келіп, малымды қоралап, үйге қазір ғана кірдім, – деді сабырлылықпен.
– Оны біз білмейміз. Біз басшы­лықтың берген тапсырмасын орындауға келдік. Сұрақ алып жіберетін шығар, – деді егделеу полицей.
Полицейді көрсе әзірейілдей қорқатын баяғының адамы емес пе, шүйкедей кемпір әп-сәтте бүрісіп, шынашақтай болып қалды. Балалардың жүрегі де жамандықты сезді ме үнсіз егіліп, көз жастары тулаққа мөлт-мөлт тамды. Полицейлермен салғыласпай сырт киімін кигенде қолына кісен де салынды. Жасымады. Анасына тік қарап, тазалығын, кінәсіздігін аңғартып бақты. Қос ұлдың көз алдарында ешнәрседен қорықпайтын, батыл бейнесін көрсете білді. Тек әйелінің опасыздығы, ауылдасы Айбардың жымысқы әрекеті жанын жегідей жеп барады.

Қапас

…Тар қапас. Сығырайған шам да сөнді. Қараңғылық шашыраған ойын бір арнаға тоғыстыра бастады. Ойы сан-саққа жүгіріп шашырап кеткенімен, еңсесін түсірмей бойын тіктеді. Еден суығына оқтын-оқтын төбеден себезгілеген салқын ауа қосылып, денесін тоңазытса да іші қайнап тұр. Момын екен деп басынғандары ма? Намыстанды. Ашуланды. Бірақ қалшылдап мұздап темір есікті тоқпақтаудан шаршап, әлсіреп босағаға сүйеніп тұрғанында шиқылдап есік ашылып, маңғаз сержант кіріп келді.
– Сыртқа шық, бетіңді қабырғаға бұр, – деді өктем дауыспен. Еңгезердей полицей алдына түсіріп, жіңішке дәліз арқылы тағы бір темір есікке итеріп кіргізді. Түк түсінбей аңтарыла аз-кем тұрып, алакеуімге көзі үйренгенде төрде отырған ауылдасы шикіл сары мойорды көрді. Ол кісімсіне шіреніп:
– Кеше кешқұрым ауылдасың Айдарды қалай өлтіргеніңді ұмытқан жоқсың ба? – деп ежірейді.
– Ауылдасың… Сен сырттан келіп пе едің? Нені шатып отырсың? Сен полицей, ол көше жүлігі, мен жүргізуші болсам да бір ауылда өстік қой. Нақақтан жала жаппа. Тазамын. Айдардың басынан бір ұрғаным болмаса, өлімші ете қойғам жоқ, – деп екпіндегенімен, өлім туралы естігенді есеңгіреп қалды. Сонда қалай болғаны? Мұның бір жұдырығына жығыла қалатындай Айдар осал жігіт емес. Оның көше жүлігі екенін, төбелессіз өмір сүре алмайтынын елдің бәрі біледі. Мүмкін өз ажалымен көз жұмған адамның өліміне мені кінәлі ете салайын деп отырған шығар… Осы сұрақтарды шетінен қоя бастаған. Қанша дегенмен, бұл тергеуші де бір ауылда өскен жігіттің бірі. Ауылдасын нақақтан түрмеге қамай қоймас. Алайда, Елдардың сұрағына жауап бермек тұрмақ екіленген майор:
– Бұл жерде сұрақты мен қоямын. Сен жауап беруің, таққан айыпты мо­йындауың керек, – деп соңғы әлсіз үмітін өшірді де тастады. Қорғаушысын күтпей іс қағазына «айыпталушы» деп жазып, бейкүнә жігітті сауықтыру камерасына қайта тыққан соң, үлкен жұмыстың басын қайырғандай болып, бастығына есеп берді.

Базардағы жанжал

… Қайыстай қатқан қара келіншек алып-сатуға шебер-ақ. Алдына келген адамның іші-бауырына кіріп, арзан затын қымбат бағаға өткізуге де машықтанып алған. Неге екенін, өзінің берекесі жоқ. Табуын тапқанымен ақшаны ұқсата алмайды. Бүгінгі пайдасы да тәуір. Ақша алақанын жылытқан соң байыз тауып отыра алмады. Базарда қатар сауда жасайтын көршісінің көзін ала беріп бұрыштағы асханаға зып берді. Бір бұрышта мұны тосып отырған Айбар ығыса орын босатып, ащы судан жұтқызып жіберді. Сәлден кейін ел көзінен тасаланғысы келген екеуі асхананың түкпір жағына барып орын тепкен. Айбарды көргенде Сағыныштың некелі жарын ұмытатын әдеті. Бұл жолы да сүйіктісіне жабысып отыр еді, Елдар кіріп келгенде кірерге тесік таппай сасқалақтап қалды. Күйеуінің оңайшылықпен қозғала қоймайтынын біледі. Ал бір ашуланса басылуы қиын. Соны білетін келіншек күйеуі Айбардың жағасынан ала кетіп, шірене жұдырық жұмсағанда орнынан тұра салып көзден ғайып болған. Ары қарай төркініне тайып тұрды. Ашуы басылғанда бармаса, дәл қазір Елдардың көзіне түсудің қажеті жоқ.

Долбар

Елдардың әйелінің жеңіл жүрісті екенін бүкіл ауыл білетін. Полицейлер осы мәселені ұтымды пайдаланып кетті. Оқиға орнына барып қайтқан бас полицей Айбар мен Елдардың төбелесіне куә болған адамдарды ғана сөйлетті. Ары қарай бәрі белгілі деді ол. Осы долбар бо­йынша адам өлімін айқындайтын оқи­ға ойдан құрастырылды. Негізгі себеп – кісі өлтіруші жігіт әйелін қызғанды. Айбар мен әйелінің арасындағы жақындықты естіген соң ашуланып базарға барды. Өзін қорлаған Айбармен ерегесті. Тіресіп тұрып пышақты жүрек тұсына, санына малып алды. Ірі қараны бір демде боршалап тастайтын жігітке өзіндей жігітті өлтіру қиын болар деймісің? Оның үстіне, қызғаныш пен намыс жүрегін тілгілеп тұрса… Ашулы жандар мұндайда неге болсын тәуекел етеді.
Ақыры сот болды. Қылмыстың салдарын құқықтық айыптаушы аудандық сот процесінде сыдырта оқып шықты. Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 1-тармағы «Адам өлтiру, яғни басқа адамды қасақана қазаға ұшырату – сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деген заңнамаға сүйене оқылған үкімге сай бейкүнә жан 10 жылды арқалап кете барды…

Жанашыр

Аманжол Елдармен тай құлындай тебісіп бірге өсті. Екеуінің анасы жақын туыс болғандықтан, екі бөле ешқашан шекісіп, төбелесіп көрмепті. Қалада адвокат болып қызмет істеп жүрген Аманжолды момын бөлесінің жағдайы бей-жай қалдырмады. Іздеу, сұрауы жоқ жандардың осылай нақақ күйіп кететінін талай көрген. Заң саласында біраз тәжірибе жинап қалған жігітке қылмыстық процестегі қитұрқылықтар алақандағыдай айқын. Мынадай қиын жағдайда тас керең болып үнсіз отыра берейін десе, жасы келіп қалған Айбүбі апасын аяйды. Еңірегенде етегі толған кейуана «Елдарды қапастан алып шығу сенің ғана қолыңнан келеді. Біз сияқты қалтасы тесік, танысы жоқ адамның сөзін кім сөйлейтін еді, балам-ау. Бір көмегіңді берсеңші. Жалғыз ұлымды жазықсыздан-жазықсыз қалай жәутеңдетіп темір торға жіберемін. Осының бәрі анау үй көрмейтін келіннің кесірі» деген Айбүбі апаның сөзі Аманжолға кәдімгідей әсер еткен. Шынында қақ-соқпен ісі жоқ, адал жандар өмір бойы қоңыр тірлік кешіп келеді. Мына жағдай тергеуде бір шикіліктің барын аңғартатындай. Әйтпесе, Елдардың ашуланып, мінез көрсеткенін ешқашан көрмепті. Әлде, ел-жұрт айтып жүргендей шынымен де әйелін қызғанып оқыс әрекетке барды ма екен? Осындай қой аузынан шөп алмас жуас жігіттің қалыбынан шығып, қылмысқа баруы да мүмкін бе? Не де болса жағдайды жақыннан білгісі келген Аманжол жұмысынан бір айлық демалысын алып, Елдардың ауылына жол тартты.

Ізденіс

Туған жерге келген соң алдымен Айбүбі апасының шаңырағына түскен. Баяғы бала күнде асыр салып ойнаған қара ошақ әлі сол қалпында қалқиып тұр. Сол кезде еңселі көрінетін үй аздап пәс тартқандай. Қалғаны сол қалпы. Шарбақ та, қора-қопсы да баяғыдай жылы көрінеді. Қораның үстінде әдемі жиналған шөпті көріп Елдардың тиянақтылығы, шаруаға мығымдығы есіне түсті. Расында бұлар мықшыңдап шөмеле жинай алмай, жинаса оны арбаға сала алмай қиналып жүргенде Елдар бір деммен бір шөмелені арбаның төбесіне тастай салатын. Әрі сонысына мақтанып қойсашы. Соны көрген үлкендердің барлығы Елдарды балаларға үлгі ететін еді. Бірақ, шаруаға мықты болғанымен, Елдардың сабаққа қыры болмады. Ауылда қалып қойғаны да содан. Оның үстіне, өзіне үміт артқан апасын қалаға сүйрелегісі келмеді ме, кім білсін. Кейіннен ауылдың бір пысық қызына үйленді. Сөзі де, өзі де ширақ келіншегі жұрттың бәріне жаққан. Тек күйеуінің момындығынан бұл әйел бетімен кеткен секілді. Мына оқиғаның орын алып, оған Сағынышқа қатысты сыпсың сөздің себеп болуы соның дәлелі.
Сол күні Айбүбі апасының да, Сағыныштың да уәжін тыңдаған. Біраз мәліметті көңіліне түйген адвокат келесі күні Семейдегі қатаң режимдегі түрмеге жол тартты. Ондағысы – Елдармен көзбе-көз сөйлесу.
Адвокатпен кездесуге түрме басшылары кедергі келтірген жоқ. Елдарды сол сағатта-ақ кездесу бөлмесіне жеткізген. Досы тамаққа сұғынбаған соң, кәріс көршісі берген дәрілік майдың бір қасығын қинап отырып ішкізіп еді, маңдайы жіпсіген Елдар барын ақта­рып салды. Аманжолға керегі – бүкпесіз шын­дық. Айбар көз жұмған күні Елдар қайда болған? Оның сөзін растайтын куәгерлер бар ма?
– Елдар, асығып, аптығудың керегі жоқ. Мүмкіндігінше сол күні не істегеніңді сағат, минутына дейін есіңе түсіруге тырысшы. Айбармен қашан жолықтың, оны кімдер көрді? Одан кейін қайда бардың?
– Бұл тура кіші ұлымның туған күні еді. Әміржанның 5 жасқа толуына велосипед алып берем деген уәдем болатын. Соны орындау үшін базарға келдім. Әйелімнің осы жерде ұсақ-түйек сататынын естіген шығарсың. Мен базарға келгенде түстің кезі боп қалды. Сағынышты іздеп едім, орнынан таппадым. Көрші келіншектің айтуымен асхана жаққа барғам. Ішіне кірсем Сағыныш жоқ. Енді шыққалы тұрғанымда асхананың түкпір жағынан сылқылдап күлген әйелімнің дауысын естідім. Қарасам тамақ дайындайтын бөлмеде Айбардың тізесінде отыр екен. Аппақ білектерін жігіттің мойнына асып алыпты. Анау да жай отырған жоқ. Қолдары Сағыныштың денесін аралап жүр. Екеуінің әрекетіне көздері үйренген бе, аспаздардың ешқайсысы екеуін елеп те жатқан жоқ. Қатты ашуландым. Айбар – өзіміздің ауылдың жігіті. Асханада жұмыс істеп жүргендер де біздің ауылдан ауданға барып-келіп жұмыс істейтіндер. Сонда бұлардың бәрі Сағыныш пен Айбардың жақын екендерін білетін болып тұр ғой. Ой деген жүйрік емес пе. Қанша өзімді басуға тырысқанмен, жетіп барып Айбарды жағадан алып, бір жұдырықтағанымды білем. Мені көре салып Сағыныш сыртқа қарай қаша жөнелді. Ал басқалар екеуміздің арамызға түсіп, айқай-шу болып жатқанда Айбар да сыртқа сытылып үлгерді. Оны әрі қарай ұратын ойым да болған жоқ. Сол ашулы қалпыммен ауылға баратын таксистердің жанына қалай жеткенімді білмей қалыппын.
– Сенің базардан шығып, таксистерге барғаныңды көргендер бар ма?
– Әрине, мені бірдеңеге арандап қалмасын деді ме, көрші Айбек автотұраққа дейін бірге ілесіп келіп, сол жерден Бексұлтан ағаның маздасымен ауылға жетіп алдық.
– Қай Бексұлтан, баяғы бізге физикадан сабақ беретін ағай ма?
– Иә, дәл өзі. Ағай да, Айбек те мұндай мәселені ашумен шешуге болмайды деп жол бойы ақылдарын айтып келді.
– Яғни, сенің Айбарды ұрғаныңды, оның сол арадан тез қашып кеткенін көргендер бар ғой. Таксиге мінгеніңді Бексұлтан ағай мен Айбек айтып берер.
– Ауылға жеткен соң Ыбырайым атаның үйі соғым сойып жатыр екен. Айбек екеуміз қас қарайғанға дейін етін жаймаласып, Бұлбұл апай жасаған қуырдақтан ауыз тиіп кештетіп үйге қайттық. Мен үйге жетіп малды қоралағанша түн болды. Енді үйге кіргенім сол еді, екі полицей алды да кетті. Содан түрмеден шықпадым.

Болжам

Елдар Нұрғазиевтің қылмыстық ісін алдыртқан Аманжол құжаттың аздығына, папканың жұқалығына таңғалды. Адам өліміне қатысты істерде әдетте папка қампиып, құжатқа толы болады. Ақтарып қарап отыр. Сот-медициналық сарапшылардың пайымынша Айбар Есіркеповтың өлімі кешкі төрт-бестің шамасында болған. Сараптамада көрсетілгендей, марқұм көп қан жоғалтқан. Өлім жүрек пен санға сұғылған пышақ жарақатынан болған.
Іске бар болғаны екі куәгердің түсінігі тіркеліпті. Оның екеуі де Елдардың Айбарды асханада ұрғанын көрсеткен. Куәлар Айбардың асханадан аман шыққаны, Елдардың ауылдасымен бірге автотұраққа кеткені жөнінде жақ ашпапты.
Сол күні шұғыл аппеляциялық алқаға шағым жазған адвокат оқиға куәгерлерін өз бетінше іздеуге кірісті. Айбар мен Елдардың асханадағы жанжалын көргендердің бәрін сөйлетті. Аспаз Гүлдана да, даяшы Сәуле де Елдардың Айбарды жұдырықпен бір ұрғанын айтып, асханадан екеуінің екі жаққа кеткеніне куәлік етті. Елдардың асханадан кейін таксиге мінгенін, соғым союға қатысқанын ауылдағы бір топ адам дәл уақытын көрсете отырып айтып берді. Сонда Айбарды өлтірген кім?
Осы сауалдың жауабын іздеген Аманжол базар маңындағы бейнежазбаларды сұратқан. Прокурордың рұқсатымен бес камерадағы бүкіл жазбаны екі күн тапжылмай отырып қарап шықты. Сондағы көргені, расында Айбар асханадан қашып шыққан. Бірақ қабағы жарылып, шекесінен кішкене қан көрініп тұрғаны болмаса, базардың келесі басындағы күзетшілер бөлмесіне өз аяғымен кірген. Одан арғы жағы беймәлім. Өйткені, осы есікке кіргеннен Айбардың шыққаны жазбада жоқ. Оқиға орын алғаннан ке­йінгі бір апта уақытты қарап шықты, жоқ! Сонда Айбар қайдан шығып кетуі мүмкін? Өлім орын алды деген кезде бөлмеге полиция формасындағы бір адамның кіргені байқалады. Тек ол да бұл есіктен шықпаған. Әлде бар құпия үй артындағы тұйық ауладан базарға кірген көлікте ме?

Шешім
Ойы он саққа бөлінген Аманжол кештетіп болса да базарға барып, күзетшілер бөлмесін өз көзімен көрмек болған. Бер жағы шағын көрінгенмен, күзетшілер бөлмесінің аумағы үлкен екен. Айбардың есіктен шықпауының да себебі табылды. Үйдің келесі жағына қараған есік тұйық аулаға барып тірелетін болып шықты. Яғни, Айбар ажалын осы жерден тапқан. Бар кілтипан – полицияда. Ол да есіктен кіргенімен, бейнежазбада тұйық ауладағы көлікке мініп шыққаны анық көрініп тұр. Біреудің көлігін не үшін мінген? Жазбада күзет бөлмесінен әрі-бері шығып мазасызданған үш адамның бейнесі анық көрініп тұр. Олар полиция келіп, ол ауланың сыртындағы көлікті сыртқа шығарып кеткенде ғана тыныштанғандай әсер қалдырады. Әрі қарайғы жұмбақты ізкесушілер еншісіне қалдырған Аманжол қолындағы бар құжатпен апелляциялық алқа шешімін күткен.
Адвокат ұсынған дәлелдер мен куәгерлер сөзіне сүйенген сот Елдарды толық ақтады. Сонымен бірге Айбардың өліміне қатысты қылмыстық істі қайта тергеуге жіберді. Бұл жолы күзетші бөлмесі мен күдікті көлікті жіті тінткен ізкесушілердің қылмыскерді қапысыз табарына күмән жоқ. Ол енді Аманжолдың шаруасы емес.

Нұрбол Әлдібаев,
Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости