12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Медиация арқылы шешімін табатын істердің саны артып келеді

Кеңес өкіметі тұсында нарықтық экономика болмады. Экономика саясаты мемлекет тарапынан айқындалып, командалық тәрпіппен, жоспарлы түрде жүргізілді, экономиканың күре тамыры мемлекетке тиесілі болды. Сондықтан қоғамда даулар аз болып, соған байланысты сотқа түсетін істердің де саны аз болды. Ал адамдар арасындағы ұсақ кикілжіңдер облыстық, аудандық, ауылдық кеңестердің жанында құрылған: ақсақалдар кеңесі, әйелдер кеңесі, деген сияқты қоғамдық ұйымдарда шешімін тауып жататын. Кеңес үкіметі таратылып, қоғамымызға нарықтық қатынастар еніп, меншіктің түрлері көбейіп, алыс-жақын шет мемлекеттермен қарым-қатынас дамып жатуына орай істердің саны артты. Жалпы «заманына қарай дауы» демекші даулардың саны да, сапасы да өсті.

Кез келген дау сотта қаралатын дәрежеге жеттік. Халық арасында бұрын-соңды қолданыста болмаған «сотта кездесеміз» деген сөз тіркесі пайда болды, адамдар сотқа көптеп ағыла бастады. Қоғамдағы ірілі-ұсақты бүкіл дау сотқа келіп кұйылды, соттардың жүгі жылдан жылға ауырлады. Тараптардың арасында шиеленісіп кеткен үлкен даулармен қатар, болмашы нәрсемен (былапыт сөз айтып қалса да, мұғалім біреудің баласының басынан түртіп қалса да) ішкі істер бөліміне арыздану, ол арыздар сотқа іс болып түсу, яғни сотқа жүгінушілік белең алып кетті. Соттасқан тараптар ашу үстінде бір біріне артық сөздер айтып, кішкене дау асқынып, келіспеушілік жағдайлар пайызы жоғарылады. Осы орайда медиация дәл осы проблемаларды шешудің бірден-бір құралы болып отыр.

Медиация дегеніміз орта сызық, мәмілеге келу, делдалдыққа жүгіну арқылы ортақ келісімге келу. Медиация ұғымы Қазақстанда «Медиация туралы» Заңы күшіне енген 2011 жылдың басынан бастап  пайда болды. Әйтсе де біздің еліміз үшін медиация ешбір жаңа ұғым емес. Тарих қойнауына үңілсек қазақ билері дала сотында небір ушығып, асқынған дауларды шешіп, тараптарды бітімге келтіріп отырған. Дала сотында даулар, тіпті кісі өлтіру ісіне дейін бітімгершілікпен, құн төлеу арқылы аяқталып отырған. Бітімгершілікке келтіруде от ауызды, орақ тілді, терең ойлы, кемеңгер бабаларымыз алдына жан салмаған, мемлекет пен мемлекет арасындағы дауларды да шешіп, хандарды да бітімге келтірген.

Бітімгершілікті бекіту азаматтық іс жүргізу Кодексінде бұрыннан бар және соттар іс жүзінде қолданып келе жатқан норма. Ал бүгінгі күнде қазіргі заманның билері – судьяларға тараптарды бітімгершілікке келтіру жүктеліп, тараптарды бітімгершілікке келтірген судьялар өз жұмысының білгірі деп танылуда. Судьялар тараптарды бітімгершілікке келтіру мақсатында аянып отырған жоқ.

Тараптардың бітімгершілікке келуі нәтижесінде соттардың, сот орындаушылардың, орындау істері бойынша тапсырмасын орындайтын мемлекеттік органдардың жүктемелері азаятыны хақ. Алайда іс жүзінде көптеген қиыншылықтар туындауда. Соның бірі судьяның тараптармен бетпе-бет кездесе алмайтындығы. Пандемияға қатысты істер соттарда онлайн режимде қаралуда. Бірінші сынып оқушысына онлайн режимде сабақ түсіндіру мүмкін емес, сол сияқты татуластыру жұмыстарын жүргізудің де мүмкіндігі төмен. Менің бұлай дегенім тараптарды 1 сыныптың оқушыларын теңегенім емес, мысалы медиативтік келісімнің не екенін, оны жасаудың тәртіптері мен салдарын, оны жасау жолдарын, оның тиімділігін тараптармен бір мәрте байланысқа шығып, онлайн режимде түсіндіру өте қиын. Мектеп табалдырыған аттап көрмеген оқушыда білім туралы түсінік қалыптастырмай отырып, сабақ ұқтыру қандай қиын болса, сотқа бұрын күні түсіп көрмеген адамдарды да медиация арқылы татуластыру қиын. Олардың ұғымында сотқа шағымын, айту, судья шешімін тыңдау, риза болмаса одан ары арыздана беру түсінігі ғана қалыптасқан. Негізі судья және тараптардың соттың ғимаратында бетпе бет келуі тараптарды бітімгершілікке келтірудің пайызын жоғарылатар еді. Қазақта «бет көрсе, жүз ұялады» деген сөз бар емес пе?! Мысалы тараптар келіспеушілік барысында ашумен бір біріне ауыр сөздер айтып, ренжісті. Уақыт өте келе ашулары басылып, осы айтқандарым дұрыс болмады-ау деп ойланады, оларды татуластыруға шақырғанда, бетпе бет кездескенде, жүздері ұялып, оның үстіне ол жерде бейтарап адам судья болады, сөйтіп татуласып кету мүмкіндігі артады. Алайда бүгінгі күні бұндай мүмкіндік болмай отыр, соған қарамастан соттарда медиация кеңінен қолданылуда.

Әлемді сілкіндіріп отырған тажал да жоғалар, пандемия да тоқтар, медиацияның бұдан әрі кеңінен қолданылып, жүзеге асып, тараптардың бітімгершілікке келулерінің келешегі алда деген сеніміміз нық. Сондықтан алдағы уақытта медиацияның да тынысы одан әрі ашылып, тараптардың медиация арқылы келісімге келетіндердің де саны артарына сенім мол!

Р.З.Абдолданова, Алматы қаласы Әуезов аудандық № 2 сотының судьясы 

В ЗАЩИТУ ПРАВ ЖЕНЩИН И ДЕТЕЙ

Как известно Главой государства 15 апреля текущего года подписаны...

Жеке сот орындаушылар жұмысы жандануда

Қазақстанда жеке сот орындаушылар институты тиімділігін толықтайдәлелдеуде. Оны сот...

Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындау

АПК-нің 241-бабына сәйкес, шешім дереу орындау жағдайларын қоспағанда, заңды...

Оңалту процедурасын қолдану

Экономиканы қалпына келтірудің маңызды міндеттерінің бірі барлық тиімсіз және...

Гендерлік теңдік тұрақтылыққа сеп

Соңғы жылдары елімізде әйел мен ердің теңдігі, гендерлік саясат...