12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, ҚР халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты: «ӨЗ ҚОЛЫҢДЫ ӨЗІҢ КЕСЕ АЛМАЙСЫҢ»

– Аға, сұрағымды өткеннен бастағаныма ренжімеңіз! 2017 жылы үстіңізден қылмыстық іс қозғалып, «Феникс» фильмін түсіруге мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқыруға қатысты деп айыпталдыңыз. Бұл іс бойынша сотқа тартылған тоғыз адамның бәрі шартты жазаға кесілген еді. Осы мәселенің жай-жапсарын тарқатып берсеңіз.
– Біріншіден, шартты жазаның мерзімі бел ортасынан қысқартылып, баяғыда тоқтатылған. Қолдан жасалған трагифарс қой. Құқық қорғаушылар бір жылдан астам уақытта аз-аздап бөлінген бар-жоғы 69 миллион теңгені «жымқырды» деп емес, ысырап қылып жұмсады деген айып ойлап тапқан ғой. Сондай қаржыны түгелдей жұтатын мен қолтырауын емес шығармын. Мемлекеттік жоспарға енгізуге септігім тиген «Феникс» фильмінің есеп-қисабында, қаржылық құжатында шаруам болған емес, бірде-бір қағазда қолым жоқ. Тек басты рөлге түссем деген есек дәмеден басқа ойым болған емес! Бір жыл бойына жасалған келісімшарттар, қызмет істеген отызға тарта маманның жыл бойғы жалақысы, үкіметке төленетін міндетті салықтар, жер-жерлерге жасалған іссапарлардың қаражаты, «Қазақфильмге» тиесілі аппарат-құралдар алғанымыз үшін төленген. Сонымен қатар бізге түскен қаражаттың 15 пайызы жалға алынған ғимарат ақысына (аренда) аударылатын. Аталған жұмыстарға кеткен 44 миллион теңгесінің есеп-қисабы киностудияның тиісті мекемесіне тапсырылып, мөр басылған-ды. Қалған 35 миллион теңгенің есепті құжаты дайын болып, өткізілер тұста министр А.Мұхамедиұлының жасырын пәрменімен қабылданбай, студияның бухгалтериясында жатып қалған. Айтпақшы, ол пәрмен келмей тұрып, Мемлекеттік есеп комитетіне «осыған дейінгі бөлінген қаражат толық игерілді» деген ақпарат та беріп қойған студияның сужүрек басшылары жүз сексен градусқа жалт бұрылып, әлекке түскен болатын. Осы мәселенің барлығын белден басқан басшылар тапсырылып кеткен құжаттарды қайтаруға дейін араласып, бағынышты қызметкерлерінің шат-шәлекейін шығарды. Төл театрымның ұжымына, туған елім Жамбыл облысына да телефон шалып, Жаманқұловтың ісіне араласпауды сыпайы өтінгендер табылды. Облыстық мәслихаттың төрағасы он жыл
бұрын берілген «Облыстың құрметті азаматы» деген сөлкебайын қайтаруға шешім шығарып, жаны жай тауыпты. Ал атақтарым мен ордендерім Президенттің жарлығымен берілетін болған соң, ол кісіге «өйтіңіз, бүйтіңіз» деуге батылдары бара қоймаған шығар. Әлде «Хан екі сөйлемес болар» деген нақылды бір ақылды адам естеріне салды ма екен?
– Тергеу ісі қалай жүргізілді? Қалай ойлайсыз, неге елімізде құқық қорғаушыларға сенім аз?
– Менің ойдан шығарылған ойран ісімнің басы-қасында кім тұрғанын жалпы жұрт біледі. Тергеушінің тергеу материалдарының үтір-нүктесіне дейін айтып, секунд сайын есеп беріп отырғанын да білдік. Осы тергеушісымақтың жөнсіз айыптауларының заңды-заңсызын көздеріне ілмей, апылғұпыл санкция бергенін де көрдік. Біз не көрмедік?! Егер бәрі дұрыс болса, түкке тұрғысыз том-том макулатураға
амалсыз мойын талдырып, фарс жанрында өтіп жатқан процесте судья да жүзін төмен салмас еді. Есепсіз, ессіз сүйген өз елімнің билігі, құзырлы орын өкілдері өзегімнен тепкенде, әрине, қор болдым. Тышқақ лақтай құным жоқтығына қапа болмағанда, қайтушы едім?! «Аққа Құдай жақ» деген бос сөз екен. Ол қадіріңді білетін елде айтылған сөз екен.
– Қазақстанда адвокаттар қызметінің құны жоғары екені белгілі. Бағасына қызметі сай адвокат табу қаншалықты оңай немесе қиын? Сіздің ісіңіз бойынша айналысқан адвокаттар туралы не айтар едіңіз?
– Ой, шырағым, бұл да үлкен жыр. Адвокаттар үшін біз тек клиент екенбіз. Әрбір араша сұраған шерменде – олар үшін гонорар. Жаны ауырып, жанын салып жұмыс істейтін адвокат өте-мөте аз. Менің төрт адвокатым болды. Мені танымайтын адам кемде-кем ғой, обалы не керек, басымды сыйлағандықтан жандарын салуын салды-ау. Біріншісі – менің бір шәкіртімнің анасы, тәжірибелі адвокат екен. Теледидардан хабар ести салысымен өз еркімен жанұшыра араласты. Екіншісі, бауырларымның жалдаған қаржы тілін білетін адвокат болды. Үшіншісі, сонау қайын жұрт Жетісайдан ат арытып Еркін деген азамат жағдайымды естіп, өз еркімен келді. Бірақ бір-екі процестен кейін түңіліп, өз елім, өзегім – Жетісайым қайдасың деп еліне тартып кетті. Төртіншісі сот, прокурор, тергеушілердің бәрін дерлік танитын, орта жастағы әйел адам болатын. Сот отырыстарында тергеушілердің мені алдағанын, зорлап таңылған, дәлелсіз айып деп жыларман болғанына ешкім пысқырған да жоқ. Тапсырыс! Жасалған жұмыстың бір жылғы бейне көріністерін екі жарым сағат тамашалаған сот селт етпеді. Төртеуі де жандарын салып жабылды. Алайда сөздерін өткізе алмады. Кейіндері кездесе қалған, құдайға қараған бірдіекілі прокурор: «Аға, сіздің іс саяси боп кетті ғой, арланмен алысуға дәрмен жоқ, амал не…», – деген күрсініс-өкініштерін жасырған жоқ.
– Осыған дейін басыңызға күн туғанда жаныңызда жүрген жандардың сатып кеткенін айтқан едіңіз. Қазіргі күні әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңыз қалай?
– Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Өштігім жоқ, тек аяймын, жаным ашиды. Әлгі қорқаудың екпіні мен тепкісінен адамдығынан айырылғандар әлі де ара-тұра жер басып жүр. Киностудияның көкірегі кере қарыс режиссерімін дейтін (атын атағым жоқ), бұрынғы досым бас болып, он төрт адам қорқаудың жүйелі жұмысына көмектесіп, «Феникс» фильмінің алдын ала дайындық жұмыстары (әсілі, біз әлі нағыз түсіру жұмыстарына кіріскен де жоқ едік, бекітілген смета бойынша алдын ала дайындық қана басталған) дұрыс жүрмей жатыр» деп, сотқа бағышталған домалақ қағазға қол қойыпты. Бар абыройымды ортаға салып, қиын жылдары басшы болып, құлап жатқан қабырғасын, сорғалап су ағатын төбесін өкіметте ақша жоқта есебін тауып жөндеген қара шаңырағым… Қырық сегізін баспаналы еткен, он шақтысына атақ әперуге септігім тиген, тіпті біразын әскерге жібергізбей алып қалған, басты рөлдер беріп, бағын ашқан әріптес інілерім, мен қолына су құйып ағалаған, ақсақал деп алдыма қойған сары тістілерім де аман жүр. Бата беріп, бәтуа айтар деген үлкендерім, өлең-жырларын жатқа оқыған ақын-жораларым арнайы ұйымдастырылған пресс-конференцияларда салқын сөздерін селдеткендер, сұрқиялықпен көз жасын көлдеткен «көлді бүлдірер» көгенкөздерім де күліп-ойнап жүр. Баяғыда ресейлік бір адмиралдың «азғын ат айдаушылар мен арзан артистерге дауа жоқ, аулақ жүріңдер, олар салдақылығын қай заманда да, қай қоғамда да жасай береді» дегенін қарадай күйініп, мойындаймын. Өзім де сол ауылдан
екенімді ойласам, екі қолымды төбеме қойып қаңғырып кеткім келеді.
– Бүгінде немен айналысып жатырсыз?
– «Өлмеген құлға келді жаз» демекші, немен айналысушы едім?! Сол баяғы тірлік. «Бақсы кеткен, жын тараған» Қазақстанның 56 театрының қамын жеп, қамығып жүрген жай. Білесіз, Мемлекет басшысына кіріп, аз да болса, айлықтарын көтерттім. Қоғам алдында әріптестерімнің бағасын арттыру жайлы жар құлағым жастыққа тимей зарлаймын, айтамын, жазамын. Шәкірт даярлаймын. Қойылымдар қойып, режиссерлік етемін. Мәдениет пен өнерді былғаған бұрынғының былықтарын жоюды жоғарыға айтамын. Алайда өңменіне құм түгел құйылмаған қорқаудың ырылы әлі естіледі.
– Әлемдік пандемия қазақ қоғамына қалай әсер етті? Қандай сабақ берді деп ойлайсыз?
– Бетімізбен кеттік, көп күпірлік жасадық. Бір-бірімізді саттық, өтірік күпіндік, тіпті Құдайды да ұмыттық. Бұрынғымыздан шатастық, ертеңімізді еске алмадық. Қасиет-кепиеттен айырылдық, күнде жиын, ]күнде тойдан көз ашпай, дарақы жұртқа, даңғой ұлтқа айналдық. Елімізде ертең келер сынаққа даяр болатын медицина жоқ екені, шені мен шекпенге ғана құл болған шенеуніктер жайлаған шерменде екенікөзімізге шұқылды. Жігіт намыссыз, ынжық, қыз ұятсыз, бұзық екенін білсек те, шөп басын сындырмай, сергелдең өмір серуенінде екенімізді әлі ұқпайтын ұлтпыз. Айт не, айтпа не? «Не ол емес, бұл емес, Менің де күнім күн емес» деген Абайдың сөзі айтқан жерде қалып, сарайға ақындық, диванда батырлық жасаған заманда, ішкен тамақ пен киген киімге мәзбіз. Пандемияның парқы осындай сияқты…
– Актердің өкініші бар ма? Неден қорқасыз?
– Өкініш көп… Құдай кесірінен сақтасын, кейде бұл өмірге келгеніме өкінем… Жоғарыда зарлағанымдай, заманым мен қоғамым жайлы запыран шектіретін, алайда көз жасы көрінбейтін, сөзі өтпейтін өнер еліне келгеніме өкінем. Алайда несіне өкінем?! Жарық күннен артық не қызық бар, оны таң атқан сайын қарсы алатыным бақытым емес пе?! Бақытымды басқа теппейін! Тоба қылайын. Бәрі орнына келер. Бұлай бола бермес. Құдайдан ғана қорқам… Басқа ешкімнен!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...