12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

«ҒАЛЫМНЫҢ АЙЛЫҒЫ ЕДЕН ЖУУШЫНЫҢ ЕҢБЕК АҚЫСЫНАН ТӨМЕН»

Әбдірәсіл ЖӘРМЕНОВ, ҚР Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының бас директоры, ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, ҚР ҰҒА академигі:

«ҒАЛЫМНЫҢ АЙЛЫҒЫ ЕДЕН ЖУУШЫНЫҢ ЕҢБЕК АҚЫСЫНАН ТӨМЕН»

– Әбдірәсіл Алдашұлы, сіз жетекшілік ететін орталық Қазақстанның технологиялық алға жылжуын қаншалықты қамтамасыз ете алды?
– Кеңес Одағы ғылымының тілге тиек етіп айтатын ең үлкен кемшілігі өндіріспен байланыстың нашарлығы,
сөреге жұмыс істейді, өндіріске кіргізбейді деуші едік қой.Сондықтан тау-кен металлургия бағыты бойынша жұмыс істейтін біздің орталықты құрған кезде алдымызға қойылған бірінші міндет өндіріспен байланысты күшейту болды. Оған маманданған академиялық қана емес, өндіріс салаларында жұмыс істеп жүрген өзге де институттар кіргізілді. Ал бұл міндетті қалай орындадық дегенге келсек, соңғы 25 жылдың ішінде біз өзіміздің бірқатар технологияларымызды өндіріске енгізгенімізді және елімізде ғана емес алыс-жақын шет елдерде де жаңадан іске қосылған мыс, мырыш, қорғасын-мырыш, болат зауыттарды мысалға келтіруге болады. Оған инвесторлар жалпы көлемі 3,5 млрд доллардың инвестициясын жұмсады. Оның 30 пайызы Қазақстанда, 70 пайызы шетелде жүзеге асырылды. Өз елімізде ғана емес, Канада, Италия, Бразилия, Боливия, Қытай, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты мемлекеттерде де жаңадан салынып, қазір жұмыс істеп тұрған бұл өндіріс орындары жылына кем дегенде 4 млрд доллардың өнімін шығаруда. Енді алдағы екі жылда біздің технологияға тағы да 4 млрд доллар ақша салынады деп жоспарлап отырмыз.
– Біздің ғалымдардың әлеуеті КСРО кезінде 3,4-орында болған еді. Сол кезде ашылған ғылыми жаңалықтар мен технологиялар әлі де өндіріске енгізілмей жатыр деген мәселе кей кезде сөз болып қалады. Жалпы, бұл ұлттық орталықтың ғылыми әлеуеті қаншалықты тиімді пайдаланылуда?
– Ол кездегі технологиялардың көбі қазір ескірді. Оларға сұраныс жоқ. Егер қазір қажетке жарайтын технологиялар жасалып жатыр ма, жоқ па деп сұрасаңыз, иә деп толық сеніммен айта аламын. Түрлі елдерде енгізіліп жатқан жаңа технологиялар мен соның негізінде құрылған және әлі де салынып жатқан зауыттар жеткілікті. Өз елімізде де бұрынғы Балқаш, Жезқазғаннан басқа жерлерде жаңадан салынған өндіріс орындарында қазір 50 мың тоннадай мыс шығарылып, жылына 350-400 млн доллардың өнімі өндіріліп
жатыр. Өндіріске өз технологияларын кіргізу жағынан дүние жүзін білмеймін, ал ТМД-да еш күмәнсіз бірінші орында тұрмыз. Жалпы қаржыландырудың 30 пайызы үкіметтен, қалған 70 пайызы біздің технологиямыз қажеттігіне жараған мекемелерден түсіп тұрады. Оның 10 пайызы шетелден келіп жатыр.
– Ғылымды қаржыландыру жүйесіне өзгеріс енгізу керек деген әңгіме көптен бері айтылып жүр. Онда қандай да бір өзгеріс бар ма?
–Үкімет бұрын ғылыми мекемелерді толық өзі қаржыландырса, 1995-96 жылдары конкурс арқылы қаржыландыруға көшті. 2-3 жыл болды оған базалық қаржыландыру дегенді кіргізді. Үкімет енді тек қана конкурспен емес, ғимаратты ұстап тұруға қажетті ақшаның бір бөлігін де береді. Ал, менің ойымша, іргелі ғылымда екі жұмысты бір-бірімен салыстыруға болмайды. Оған қалай конкурспен қаржы беруге болады? Жұртты шулатып жатқан да осы мәселе. Іргелі ғылымды дәлелдеу қиын. Физик-теоретик Альберт Эйнштейн атомды зерттей бастаған кезде кейін атом бомбасы болатынын білген жоқ қой. Іргелі ғылымның қасиеті осында. Оны қашан өндіріске енгізесің деп сұрасаң, сен ғылымды мүлде түсінбейтін ақымақсың. Бізде іргелі жобаларды қаржыландыруда сол сұрақ қойылады. Сондықтан, коммуналдық қызметті ғана қаржыландырмау керек. Ғылыми мекеме қызметкерлеріне төменгі мөлшерде болса да жалақы да төленуі тиіс. Өйткені, бұл мекемелердің бәрін сертификаттап, аккредитация жасап, өмір сүруіне мүмкіндік берген үкіметтің өзі ғой. Егер олар жарамайды десең, онда оны мүлде берме. Сондай-ақ, тарих сияқты қоғамдық ғылымдар да ешуақытта экономикалық нәтиже бермейді. Оларға да белгілі бір мөлшерде қаржыландыру жаса. Егер жаңа өндіріс ашып, жаңа технология орнату керек болса, онда конкурс жарияла. Өйткені, технологияны және жаңадан
құрылатын өндіріс орнының табыс түсіре бастайтын уақытын, мөлшерін салыстыруға болады. Сонда ғана
ғылымды қаржыландыруға қатысты дау-дамай азайып, ғылым да өзінің жауапкершілігін сезінеді. Іргелі ғылымға сен не шығарасың деуге ешкімнің құқы жоқ. Бірақ, ғылыми мекемелерге ондай сұрақ қоюға әбден болады, себебі олар 40-50 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр, сол істердің нәтижесін көрсетуіне толық болады. Оған қаржыны жаңа зерттеулерге ал, алайда бұрынғы зерттеулеріңді жарыққа шығарып, қосымша ақша тап, егер таба алмасаң өз обалың өзіңе деп, 4-5 жыл бойы еш нәтиже болмаса, сонда ол институтты
жауып тастауға да болады. Қаржыландыру ғылымда ең бірінші шешілетін мәселе ғой. Ол қазір біздің
елімізде өте төмен. Дүние жүзіндегі орташа көрсеткішке біз мүлде жақындамаймыз. Біз тіпті ғылымға көңіл
бөлу жөнінен көршілес елдердің бәрінен төменбіз. Жақын арада қолдау көбейеді деп те ойламаймын. Мен
өзім жоғарғы ғылыми-техникалық комиссияның мүшесімін. Жиналыстарда бұл сұрақ жиі көтеріледі. Қазіргі
Премьер-Министріміз жақын арада көтереміз деп уәде беріп, кішкене көтерілгенмен ешбір елді қуып жеткен
жоқпыз.
– Жоғары оқу орнын бітіріп, өздеріңізге қызмет етуге келіп жатқан жас мамандардың деңгейіне көңіліңіз тола ма?
– Осы уақытқа дейін бізге келгендердің арасынан білімі бар бірде бір баланы көрген жоқпын. Біз олардың
бәрін өзіміз қайтадан дайындаймыз. Мысалы, институтты химия бағыты бойынша бітіріп келген жас мамандар кейде күкірт қышқылының формуласын жаза алмайды. Сондықтан дипломды сатып алады десем, ұяттау болар. Мектептегі білім де, жоғары мектептеріміздегі білім де сапаға сай емес. Не істеу керектігін мен емес, сол саланың мамандары ойлану керек. Соңғы 3-4 жылдың ішінде бізде бәрі практикадан өтеді. Ешуақытта оларға жоқ деп айтпаймыз. Қазіргі үлкен бір қателік ғылыми-жұмыстардың бәрін өндірістің сұранысына бағындырыңдар дейді. Ғылыми зерттеулеріңді соған бағыттаңдар, әсіресе, бұл мына зауытқа керек деген анықтама алып келіңдер, сонда ғана біз жобаларыңа қаржы береміз дейді. Ол ғылымның
жолындағы тежеуіш. Егер тек қана мекемеге керек жұмыстарды жасай бастасаң, зауыттың зертханасынан
айырмашылығың не? Ғалым болсаң, ешкім ойламайтын нәрселерді, өндірістік мекемелердің түсіне де кірмейтін нәрселерді жасауың керек. Мысалы, «Қазақстан» атты ферроқорытпамызды қазір дүние жүзі мойындады. Біздің әлемде теңдесі жоқ бұл жаңа өніміміздің технологиясымен 5 елде зауыт салынып жатыр. Ал ешқандай зауыт бізге ондай тапсырысты бере алмайды. Себебі ондай ферроқорытпаның барын білген жоқ. Біз бірінші боп сол құйманы ойлап таптық. Содан кейін оны алудың технологиясын да ойлап тауып, дүние жүзіне таратып жатырмыз. Біздің министрліктер әлі күнге дейін ғылымды қаржыландыру үшін мекемеге барып анықтама алып кел дейді. Бұл ғылымның маңызын түсінбеушілік. Ғылымды өндіріске бағындыруға болмайды, ол алда жүру керек. Қазір біздегі ғылыми мекемелердің заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуы зауыттардан да нашар. Біз қалай олардың алдына шығамыз?
– Құрал-жабдық демекші, бізде инновациялық жаңа өнім мен оны өндірудің технологиясын сынақтан
өткізетін арнайы ғылыми-техникалық база бар ма?
– Қазақстан ғылымында жоқ. Біздің мекемеде ғана бар, басқа бірде-бір мекемеде, бірде-бір ғылыми институтта ондай жоқ. Үкімет ешкімге ондай мүмкіндік берген жоқ. Біз КСРО уақытындағы құрал-жабықтардың бәрін сақтап қалдық. Біздегідей сынақ орталығы 4 жерде ғана болған екен. Содан тек біз ғана оны сақтап қалыппыз. Соның арқасында қазір ТМД елдері де, басқа шет мемлекеттер де бізге келіп сынақ жасауға тапсырыс береді. Мемлекеттік мекеме болған соң негізінде онымен бізді үкімет қамтамасыз ету керек еді. Қазір мен технологияны сатудан түсетін ақшаға жыл сайын біртіндеп мекемеге ең қажетті құрал-жабдықтарын сатып алуды жоспарлап отырмын. Өткен ширек ғасырдан астам уақытта мекеме ретінде ешкімге пәтер де бере алмаған едік. Құдай қырсығынан сақтаса, бірер жылдың ішінде пәтер де бере бастаймыз, қажетті жаңа құрал-жабдықтарды үкіметтің көмегінсіз ала бастаймыз. Жалақыны да өсіреміз. Соған қазір жақындап қалдық.
– Ғылымға жеке инвесторлардың қаржысын тарту туралы көп айтылады. Алайда нәтиже болмай тұрғанының себебі неде?
– Шенеуніктердің бізге жиі айтатын уәжі Финляндияда ғылымға керекті ақшаның 70 пайызын жекелер бөліп
отыр. Біздің ғалымдар мықты болса солардың деңгейіне жетсін дейді. Ғылымның нәтижесі 40-50 жылдан
кейін көрінеді. Мен меншік иесі ретінде ғылымға 50 жылдан кейін соның нәтижесін балам не немерем көретініне сенсем ғана қаржы салам. Ал, ертеңгі күнімнің не боларын білмей отырсам, оған не деп ақша салам. Тіпті 40 жыл емес, 40 күннен кейін не боларын білмеймін. Ақылы бар адам болса, біздің еліміздің ғылымына қазір ешкім ақша салмайды. Ғылымға жеке тұлғалар ақша салатын дүние жүзінің өзінде 10-15 қана ел бар. Олардың бәрі дамыған, саяси жағдайы өте тұрақты мемлекеттер.
– Мұнайдан басқа саланың экономикадағы үлесі неге төмен?
– Бәрі жекеменшікте және пайдасы мұнайдан аз. Тек биыл ғана мұнаймен теңесіп қалуымыз мүмкін. Өзге сала-лардың да экономикадағы үлесі аз емес. КСРО құлаған кезде мұнай бізде көп болған жоқ. Бізде түрлі-түсті металлургия мен қара металлургияның үлесі сол кезде 50 пайыз болатын. Кейін мұнай көп өндірілді де, оны басып озып кетті. Енді мұнайдың бағасы түссе, қайтадан көтерілеміз. Жалпы, металлургия саласы кеңес
кезіндегіден бері қатты құлаған жоқ. Мыс, мырыш, қорғасын өндірісі КСРО кезіндегі деңгейін сақтап қалды. 100 мың тоннадай өндірсек те, бізде қазір жаңадан алюминий өндірісі пайда болды. Ол КСРО уақытында болған жоқ. Қара металлургия 2 есе аз өндіріле бастады. Сол сияқты фосфор өндірісі қатты төмендеді, хромның химиялық бағыты кішкене азайды. Сирек металдар да кеміді. Оның себебі мұнда баға қатты құбылмалы. Сондықтан бұл өндіріс кейде пайдалы, кейде пайдасыз.
– Технология демекші, көптеген ғалымдар өзінің ашқан жаңалығын авторлық құқықты рәсімдеуде
қиындыққа кезігіп жатады. Сіздерде бұл мәселе қалай шешілді?
– Ферроқорытпамыздың технологиясын 4-5 рет бізден ұрлап алуға әрекет жасағандар болды. Тіпті, Польшада арнайы зауыт да салынды. Біз соның бәрін құқықтық жолмен сотпен, сөзбен тоқтаттық. Жалпы технологияны ұрлау деген дүние жүзінде бар нәрсе. Біз де патентімізді бірінші осында жасадық. Сосын көп нәрсені дұрыс жасамағанымызды байқадық та, Швейцарияның мамандарына тапсырып, 6 ай бойы олардың заңгерлері мен техникалық мамандарына ақша төлеп патентті басқаша жасадық. Біз қазір өзімізде үлкен заң бөлімін ұстаймыз. Әрбір екінші мемлекеттік тапсырысты жеңіп алатын қазір алаяқтар. Олармен соттасуға
мәжбүр боламыз. Заңгерсіз күн көре алмайсың бұл күнде.
– Бұрын ғалымдардың беделі қоғамда өте жоғары болатын. Оны енді қалай қалпына келтіруге болады?
– Екінші дүниежүзілік соғыста КСРО-ның жеңіске жетуіне ең көп үлес қосқан ғалымдар. Олардың арқасында
біртіндеп ең мықты ұшақ та, танк те жасалды. Сондықтан да, соғыс бітіп, ел түзеле бастаған кезде Сталин ғылымға жауапты шенеунікті шақырып алып, ғалымдар бізге көп қызмет жасады, олардың айлығын көтерейік деп тапсырма береді. Сонда қазіргі еңбекақысын 6 есе көтерейік деп ұсыныс әкелгенде, Сталин оны 100 деп түзетіп, бірден 100 есе арттырды. Сонымен ғалымдар КСРО құлағанша келді. Біздің айлығымыз ол кезде министрдің айлығынан көп болатын. Сондықтан да, ғалымдар қоғамда өте беделді болды. Жұрт ғалым болғысы кеп, ғылымға қызығатын. Қазір ғалымдардың айлығы банктердегі еден жуушының айлығынан да
аз. Егер халқымыздың рухын көтеруге үлес қосып жатырсыңдар деп ғылым қызметкеркерлеріне де жақсы айлық төлесе, онда жастар ғалым болуға тырысар еді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...