12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Бітімгершілікпен біткен істе береке бар

Ежелден үлкеннің уәжіне тоқтап, айтылған сөздің қадірін білген халқымыз «Бітімге келмегеннен береке сұрама» дегенді бекер айтпаған. Әділдігі мен адалдығын жоғалтпаған қазақ үшін бітімгершілікке келіп, дауды ушықтырмай, татуласу арқылы шешу бабалар дәстүрінен жалғасқан қасиет.

Олай дейтініміз, «Дау мұраты – біту» қағидасын басшылыққа алған билеріміз бен ел ақсақалдары қандай дауда да халықты «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» аталы сөзіне тоқтатып, бітімге келтіре білген. Әрі дауласушылар да билер кесімі мен шешімін екі етпеген. Олардың әділ де, парасатты төреліктеріне бас иген. Осындай тамаша қасиеттің арқасында ел ішінде әрқашанда ауызбіршілік сақталған. Қынжыларлығы, осындай ұлы қасиеті бар елімізде соңғы кездері азаматтарымыз даукестікке бой алдырып, ерегіске құмарланып кеткендей көрінеді. Оның көрінісін сот жүктемелерінің артуынан да көруге болады.

Бұл мәселенің алдын алу мақсатында елімізде 2011 жылы «Медиация туралы» заң қабылданды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Судьялардың VI съезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне басты назар аударып, дауды соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік пен медиация рәсімдерін кеңінен енгізуді тапсырды. Қазіргі таңда бұл тапсырма кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, нақты шешімін тапқанына бәріміз куә болып отырмыз.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Асанов, еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым міндетті саралап, «Сот жүйесінің жеті түйінін» айқындап берді. Солардың бірі – «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы. Бұл жоба, даулы мәселені ой елегінен өткізіп, уақыт пен қаражатты жоғалтпай, өзара келісімге келу арқылы шешуге, сондай-ақ, дауларды сотқа дейін реттеу, сот талқылауына және онымен байланысты уақыт пен сот шығындарына ұшырамауға мол мүмкіндік береді. Осы жобаның аясында қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институттарын дамыту халыққа түсіндіру жұмыстары қолға алынды. Әрине, мұндай игі қадамды жүзеге асыруда соттар тарапынан ауқымды шаралар жүзеге асты. Бұл тұрғыда біздің өңірімізде атқарылған жұмыстар нәтижесінде екі жақ та келісетін шешім қабылдануы мүмкін істерді қараудан соттар біртіндеп босатылды.

Жаңаөзен қалалық соты ғимаратының бірінші қабатында «Медиация кабинеті» 2018 жылдың қараша айынан бері жүйелі жұмыс істеуде. Бұған қоса өткен жылдың шілде айынан «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы шеңберінде қаладағы «Неке сарайы» ғимаратында «Отбасы орталығы» ашылды. Бұл орталықты ашудағы мақсат – отбасылық құндылықтарды сақтау, жанұяда туындаған дауларды шешу және татуластыру, балалардың ата-ана алақанында тәрбиеленуіне жағдай жасау болды. Отбасылық-неке дауларын сотқа дейін және соттан тыс реттеу шараларын ұйымдастыруда мұндай арнаулы орынның болуы тараптарға жайлылық тудырады. Ал, «Отбасылық сот» жобасының өзі отбасы институтын нығайтуға, жанұяны

сақтап қалуға және зорлық-зомбылықтың алдын-алуға бағытталған. Сотқа түсетін істерді бітімгершілікпен аяқтап, сол арқылы жүктемені азайтудың маңызы зор. Мұндай жетістікке бітімгершілік институтының тиімділігін халыққа жеткізе білгенде ғана жетеріміз хақ. Сондықтан да, медиацияның мүмкіндіктері қоғам арасында үздіксіз насихатталуда.

«Қыл өтпестей татулықты, бір ашуға сатпас болар» демекші, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қасиетті өңірімізде орынсыз даулар көбеймей, ел ішінде татулық болғанға не жетсін?! Қуанарлығы, халық арасында жақсы істі, оң бастаманы қолдайтындар аз емес. Осы себепті, ел тұрғындарының сана-сезімін кешірімді болуға бұрып, орын алып отырған даулардың деңгейін төмендетіп, келіспеушіліктерді татуласу арқылы шешуге бағытталған барлық шараны іске асыру жалпы азаматтық міндет болуы тиіс. Бұл қоғамның бүгінгі басты талаптарының бірі.

Бауыржан Тоқбаев,

Жаңаөзен қалалық

сотының төрағасы

Жеке сот орындаушылар жұмысы жандануда

Қазақстанда жеке сот орындаушылар институты тиімділігін толықтайдәлелдеуде. Оны сот...

Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындау

АПК-нің 241-бабына сәйкес, шешім дереу орындау жағдайларын қоспағанда, заңды...

Оңалту процедурасын қолдану

Экономиканы қалпына келтірудің маңызды міндеттерінің бірі барлық тиімсіз және...

Гендерлік теңдік тұрақтылыққа сеп

Соңғы жылдары елімізде әйел мен ердің теңдігі, гендерлік саясат...

Жемқорлықпен күрес тоқтамақ емес

Жемқорлықпен күрес мемлекетіміздің басты мақсаттарының бірі. Елімізде сыбайлас жемқорлық...