27 C
Алматы
Вторник, 21 июня, 2022

Жигули ДАЙРАБАЕВ, Қазақстан фермерлер одағының президенті: «ШАРУАЛАР «ҚАЗАГРОНЫҢ» ЖҰМЫСЫНА РИЗА ЕМЕС»

– Жигули Молдахалықұлы, көктемгі егіс жұмыстарына карантин қалай әсер етіп жатыр?
– Қазір оңтүстік аймақтарда көктемгі дала жұмыстары жүруде. Енді 10-15 күннен кейін ол солтүстік аймақта да басталады. Жасыратыны жоқ, карантин фермерлер жұмысына біраз қолбайлау болып тұр. Карантин аймағынан шығып егіс басына барған соң техникасы бұзылып қалса, оны алмастыратын бөлшек алу үшін аудан орталығына не қалаға баруы керек болады. Бұл да қазір күрмеуі қиын тірлікке айналды. Жергілікті атқару органдары шамасының келгенінше көмек беруде. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп төтенше жағдайға байланысты құрылған штабқа фермерлердің тізімін беріп, көмектесіп жатқан жайы бар. Бірақ, мәселе барлық уақытта жылдам шешіліп жатқан жоқ. Бүгін бір фермер хабарласты, «3 күн болды не малыма бара алмай, не егінімді себе алмай отырмын, штабтың көрсетілген телефондарының бәрі жауап бермейді» деп.
– Төтенше жағдай кезінде елді азық-түлікпен қамтамасыз етудің маңызы жоғары екені күмәнсіз. Бұл бағытта үкімет тарапынан жасалатын қолдау шаралары қалай жүзеге асуда?
– Көктемгі дала жұмыстарына бөлінген қаражат көлемі алғашқы кезде 70 млрд теңге деген еді, кейін 100 млрд бөлінді ғой. Оның бәрі түгел игерілмеді. Жасыратыны жоқ, фермерлер «ҚазАгроның» жұмысына риза емес. Өйткені, олар ескі әдіспен жұмыс істеп тұр. Кепілдік саясатын әлі оңдаған жоқ. Егер Қазақстан бойынша 212 мың шаруа қожалығы бар десек, бұрынғы әдетпен үкімет көмегін 10-15 пайызы ғана алады. Қалған шаруа
қожалығына бұл қолжетімсіз. Оның артында құжат дайындап біраз жүруі керек. Көктемнің күнінде фермер
құжат дайындай ма, жоқ егін егіп, малын баға ма? Осындай проблемалар шешілмей тұр.
Жалпы ауыл шаруашылығын қаржыландыру тәртібі қаңтар айында шешіліп қоюы керек қой. Сол кезде
әрбір шаруа қожалығы көктемгі далалық егіс жұмысына тап-тұйнақтай әзір болады. Бізде шаруаларға қолбайлау болатын нәрсе қолжетімді несиенің жоқтығы. 10 сәуірде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев – еңбек адамына нақты адресті көмек жасау керек деп айтқанымен, сол көмек «ҚазАгроның» тарапынан болмай тұр. Ведомстволық қызығушылық басым, олар өздерінің майлы жілігінен ажырамаудың амалын ойлап отыр әлі. Ондай болмайды ғой. Халықтың басына күн туып тұрған уақытта өз ережелерін жеңілдетіп, несиені әрбір шаруаға қолжетімді етуі керек. Және оны ең арзан бағамен, ұзақ мерзімге беруі тиіс емес пе? Кепілдік несие саясатын, жалпы ауыл шаруашылығын қаржыландыру саясатын түбегейлі өзгертпесе, мұндағы түйткілді мәселе шешімін таппайды. Ауыл шаруашылығы қашанғы жетім баланың күйін кешеді! Қазақстанда ешқандай техника шықпайды. Бәрі қымбат. Беларусьта осыдан 5-6 жыл бұрын 2,5-3 млн теңге тұрған техника қазір 8,5 млн теңге болды. Шетелдің Joohn Deere, CLAAS, CASE, New Holland сияқты қымбат техникаларын айтпағанның өзінде. Оны да ілуде біреу болмаса, шаруа қожалықтары ала алмайды. Оларға қолжетімді болу үшін біздің өзіміздің мемлекетте машина жасауға көңіл бөлу керек. Жақсылап бір өндіріс орнын ашып, жер жыртатын, тұқым себетін, оны оратын техниканы өзіміз өндіруіміз керек қой.
– Күтіліп отырған дағдарыс ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кооперациясын құруды қаншалықты жылдамдата алады?
– Кооперация туралы заң 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгенімен, әлі тиянақты жұмыс жасап жатқан жоқ. Ол біз жоғарыда айтқан қаржыландыру мәселесіне келіп тірелуде. Барлық облыста әкімдер атқарушы билікке өтірік ақпармен есеп береді. Бізде осындай кооператив құрылды, саны мұнша болды, деп.
Оның бәрі қағаз жүзінде, іс жүзінде құрылған жоқ. Асқар Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі боп жүргенде жеке шаруашылықтар арқылы кооперацияны құруды бастаған. Ол өте тиімді нұсқа болатын. Осындай әдістерді пайдалану керек. Бұл жаңалық емес. Мәселен, мұнда 2,5 пайызбен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 5-7 жылға дейін несие берді. Бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысында осы әдіспен фермерлерге 10 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 7 млрд үкіметтен, қалғаны облыстық бюджеттен. Соның
арқасында 10 аудандағы 11 ауылдық округте кооперативтер құрылды. Оларға жаңадан 194 техника мен 40
мыңнан астам ірі қара мал алынды. Осындай тірлікті тиянақтап қолға алса, әрине оны жылдамдатуға болады.
Оған тек кішкене ақыл керек. Мұны тиянақты, іс-тәжірибесі бар адамдармен ақылдасып шешкен жөн. Біз жаңадан Американы ашып жатқан жоқпыз.
– Ауыл шаруашылығындағы өзгерісті ең алдымен оған деген көзқарасты түзеуден бастау керек дейсіз ғой?
– Әрине. 1990 жылдармен салыстырғанда бізде малдың басы өсудің орнына азайып кетті. Егер бұрын
37-38 млн қой болса, бүгінде одан 17-18 млн ғана қалды. Жылқы да, сиыр да сол. Біз сиырдың өзін ет
бағытында, сүт бағытында деп жанжаққа тартып жатырмыз. Сиырдың жем-шөбін дұрыстап берсең, ол барлық жерде сүт те, ет те береді. Біз барлық тірлікке шаруаның көзімен қарауымыз керек. Біздің шенеуніктер Америкаға, Еуропаға барады да «олар бүйтіп жатыр екен» деп шетелдік әдісті көшіріп әкеп қазаққа тықпалайды. Қазақ аттың үстінде жүріп осынша жерде қойын да, сиырын да бақты ғой. Біз қазір анаған еліктейміз, мынаған еліктейміз деп іргедегі Моңғолиядан да қалып қойдық мал шаруашылығы саласында. Тоқсаныншы жылдары оларда 3 млн қой болатын, қазір оның саны 33 млн-ға жетіп отыр. Түліктің басқа түрі де осындай жағдайда. Өйткені, олар фермерлерге қатты көңіл бөліп, артықшылық беріп қойды. Бала-шағасын тегін оқытады. Барлық жерде құрмет жоғары. Салықтың бәрінен босатып тастаған. Ауылға деген көзқарас осындай болу керек. Бүгінгі күнде біздегі жағдай аянышты, жастардың бәрі қалаға кетіп жатыр. Ешкім ауылда жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан, механизатор, комбайншы, жүргізуші, малшы және тағы басқа мамандар жетіспейді. Ауылға, ауыл шаруашылығына қатысты ұстанған саясатымыз осы жағдайға жеткізді. Шаруалардағы техниканың бәрі баяғы кеңшар, ұжымшардан қалған 90-жылдардағы техника. Соның барлығын жаңарту қажет. Құзырлы органдар жылына 4-5 пайызын жаңалап отырамыз дейді. Сонда еліміздегі 212 мың фермердің техникасын қай уақыт та алмастырып бітеміз деп жоспарлап отыр екен. Тағы да қайталап айтам, бізде ауыл шаруашылығы техникасын жасайтын отандық өндіріс болуы керек. Оған мемлекеттің мүмкіншілігі бар ғой. Бізде ғылым да, оны жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар да жеткілікті. Тек дұрыстап, көңіл бөлу керек.
– Бізге Америка мен Еуропа емес, Қытай сияқты елдердің тәжірибесі керек шығар мүмкін?
– Бізге ешкімнің тәжірибесінің керегі жоқ. Еңбек адамына деген көзқарасты ғана өзгертіп, еңбек адамын дәріптеу маңызды. 1933-45 жылдары АҚШ Президенті болған Франклин Рузвельттің «егер бүгін фермер өлетін болса, ертең бәріміз өлеміз» деген сөзі бар екен. Сондықтан, ең алдымен ауылға, ауыл шаруашылығына көңіл бөлейік. Қазақтың тамыры сол ауылда. Ауылға қаражат бөлу, ауылдың әлеуметтік жағдайын шешуді бірінші кезекке қою керек. Ауыл көтерілсе қазақ, Қазақстан көтеріледі. Президент халықты тыңдайтынын, пікірін ескеретінін айтты. Осындай жағдайда біз де оны қолдап, қойып отырған талабының бәрін бұлжытпай орындаудың амалын жасағанымыз орынды. Біз қоғамдық ұйым ретінде ешкімді де көшеге шақырып жатқан жоқпыз. Көшеде жүргенге шаруаның уақыты да жоқ. Олардың бір күні – жылға азық.
– Қазақстан фермерлер одағының 50 мыңға жуық мүшесі бар екен. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қатысты қандай да бір заң жобасын талқылап, қабылдауға одақтың ықпалы бар ма?
– Қоғамдық ұйымның басшысы ретінде Үкіметтегі және Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі арнайы
құрылған комиссия мүшесімін. Кезінде, шаруа қожалықтарына салық мөлшерін көтеру керек деген мәселе
қозғалды. «Қазір шаруаның шылқып, байып бара жатқан ешқайсысы жоқ. Сендер жоғары жақта, кабинетте
отырып, фермерлердің тағдырын шеше алмайсыңдар» дегенді айттық. Осындай 5-6 рет талқылаудан кейін
вице-премьер Әлихан Смайыловтың кабинетінде оған нүкте қойдық. Фермерлер одағының сөзі өтті. Шаруа қожалықтарының бірыңғай жер салығын сол күйінде қалдырдық. Бұл біздің соңғы уақыттағы жеткен ең бір сүбелі үлесіміз деп айта аламын.
– Бұл қоғамдық қызметке келгеніңізге 1 жыл бопты. Осы уақытта жеке өзіңіз үшін қандай ой түйдіңіз?
– Ауыл шаруашылығы саласында 1969 жылдан бері қызмет жасап жүрмін. 10 жылдай шаруашылық басқардым. Бұл саладағы тәжірибем жеткілікті. Қазір қоғамдық жұмысты атқарып жүргендіктен патриот ретінде ауыл шаруашылығына жаным ауырады. Онда ары-бері тартпақтайтын ештеңе жоқ. Ауыл шаруашылығында тиянақсыз дилетанттар емес, кәдімгі кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек. Мұндағы реформаның жүрмей жатқаны дилетанттар, ақылгөйлер көп. Ауыл шаруашылығына тұрақтылық керек. Тәуелсіздік жылдары 18 министр ауысты. Соған сәйкес жылда жоспар өзгереді. Қаңтарда ауыл шаруашылығы министрлігінің алқасы болды сонда саладағы негізгі бірнеше мәселені қозғадым. Бізге ең алдымен ауыл шаруашылығында не бар, не жоғын біліп алу керек деп. Сосын он жылға дейін өзгермейтін тұрақты жоспар жасайық. Оған Қазақстандағы бүкіл ауыл шаруашылығының білгір маманын тартып, ақылдасайық. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын тек қана осы сала министрінің мойнына іліп қоюға болмайды. Ауылда жақсы жағдай болу керек. Ауыл адамы да жақсы үйде тұрғысы келеді. Ол үшін су тартылып, жол жасалып, мәдениет үйі, кітапхана болу керек. Бұған экономика, қаржы, мәдениет, денсаулық,
білім министрлігі түгел атсалысуы керек.
Қазір мысалы карантин деп жатырмыз. Төтенше жағдай кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қосымша
артықшылық берген дұрыс. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етпей, қалай жағдайымыз жақсы болады.
Ішкі істер мен Денсаулық сақтау министрліктеріне қандай мүмкіндік беріп жатырмыз, сол сияқты Президент пен Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне де өкілеттік беру керек. Керек болса оны Үкімет басшысының бірінші орынбасары етіп сайлап қойсын. Ол біреуге алақан жаймауы, мынандай жағдайда қолында мықты тетіктер болуы керек. Қазір үкімет отырысын онлайн көріп жүрміз ғой, бәрі ақыл айтқыш, бәрі ауыл шаруашылығына шүйлігіп жатады. Азықтүлікпен қамту, бағаны тұрақтандыру жалғыз оның қолында тұрған жоқ қой. Барлық сала басшысымен жеке-жеке келісу керек алдымен. Президенттің тапсырмасын орындау үшін бұлай келісем деп жүргенде 15 күн өтіп кетеді. Егер ол Үкімет басшысының бірінші орынбасары болатын болса бүкіл министрді шақырып алып, тапсырма береді. Міне – нақты тетік осы. Мұндай қолдау болса біздің фермерлер қай кезде де халықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алады. Оған республикада барлық мүмкіншілік бар.
– Сіз айтып отырған жұмыстың бәрі сөз жүзінде жиі айтылғанымен, орындалуы әрдайым тығырыққа тіреліп келе жатқан жоқ па?
– Бізге сөзден гөрі іс керек. Іс болу үшін жаңағыдай реформа жасау маңызды. Қажет болса «ҚазАгроны»
таратып жіберіп, ауыл шаруашылығын қаржыландыратын жаңа институт құрған жөн. Қазір онда 2 мың адам жұмыс жасайды екен. 7 еншілес кәсіпорынның төртеуін қысқартты, енді үшеуі қалды. Олардан да фермерлердің көмек көріп жатқаны шамалы. Халықтың жағдайын ойлаған ешкім жоқ, бәрі өзінің отырған орнын ғана күйттеп жүр. Бұлар әлі кепілдік саясатын да шешкен жоқ.
Сенатор Әли Бектаев та Парламентте біраз ұсыныс жасады ғой?
– Ұсыныс айтқаннан басқа біздің қолымыздан не келеді? Президент айтты ғой, жауапкершілікті мойындарыңа алыңдар деп. Бәрі қорқып отыр. Жауапкершілік болмаған соң, ұсыныстан не пайда? Ауыл шаруашылығына
мүмкіндік жасау керек қой алдымен.
– Соңғы кезде ауыл шаруашылығын қаржыландыру үшін жеке банк ашу мәселесі қайта қозғалып жүр. Бұған не дейсіз?
– Кеңес дәуірінде бір банкпен жұмыс істедік. Онда қазіргідей қағазбастылық болған жоқ. Банк басқарушыларына телефон соғып, қаражат керек десең, қашан қайтарасың деп сұрайтын. Қой қырқымнан кейін, не егін орағынан кейін деп 4-5 айға 0,01 пайызбен несие рәсімдеп ала беретінбіз. Шаруашылық басшысы боп жүргенде осылай 2 мың адамға жұмыс орнын ашып, айлығын бердік. Жанар-жағар май, техникаға қажетті бөлшектің бәрін алатынбыз. Қазіргі шешім қабылдайтын жерде отырған кейбір жастар мұның ешқайсысын көрген жоқ, жүйені толық білмейді. Мүмкін, жақсы адам шығар, тіпті, «Болашақпен» шетелде оқып келген шығар. Бірақ, олар бұл саланың ерекшелігін әлі жетік білмейді. Менің ойымша «ҚазАгроны» таратып, орнына мамандандырылған жеке банк ашатын болсақ, саладағы түйткілді мәселенің шешімін табу біршама оңайға түсері анық.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

[ratings]

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости