12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

«СИРИЯҒА КЕТКЕН АЗАМАТТАРДЫ АЙЫПТАУҒА АСЫҚПАЙЫҚ»

Қалжан ИСЛАМХАНОВ, Алматы облысы Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінің бас имамы: «СИРИЯҒА КЕТКЕН АЗАМАТТАРДЫ АЙЫПТАУҒА АСЫҚПАЙЫҚ»

– Қалжан Әріпжанұлы, биыл Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының жұмыс істеп келе жатқанына 30 жыл. Осы кезеңде жеткен жетістігіміз қайсы, кемшілігіміз неде?
– Бисимилляхи рахмани рахим, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының жүз жылға жуық тарихы бар. Алайда, еліміз ұзақ жылдар бойы Кеңес одағының құрамында болғандықтан, халқымыздың діни сенім бостандығы мен рухани өміріне қатысты мәселелер тікелей Мәскеудің бақылауында болды Яғни, кеңес заманында Ташкент қаласында орналасқан Мұсылмандар діни басқармасы азаматтардың діни-сенім бостандығы мен рухани өміріне ықпал ете алатындай халде емес еді. 1990 жылы Рәтбек Нысанбайұлы
өз жерімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын құру мақсатында М.С. Горбачевке дейін барып, нәтижесінде Қазақстан өз алдына тәуелсіз Мұсылмандар Діни басқармасын құрды және оның алғашқы бас мүфтиі Рәтбек қажының өзі болды. Алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Өйткені, халықтың діни сауаты өте төмен, тіпті атеизм белең алған заман болатын. Дегенмен қанша жерден кеңес үкіметі халықтың санасын
улап Құдай жоқ деп сендіруге тырысқанымен, ел арасында салт-дәстүр, әдетғұрып әлі де болса сақталған болатын. Cол салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың астарында діни сенім жатқан еді. Кез келген дәстүрді қазбаласаңыз оның дінмен байланысы бар. Яғни, кеңестік идеология дінді жоққа шығарғанымен, әр елдің салт-дәстүріне аса мән берген жоқ. Нәтижесінде халықтың Аллаға деген сенімі жүрек түкпірінде сақталып
қалды. Кеңес үкіметі шамамен 1988 жылдардан бастап құлдырай бастады. Дәл осы сәтті Рәтбек қажы ұтымды пайдаланып еліміз алдымен діни-сенім бостандығы тұрғысынан тәуелсіздік алды десек те болады.
– Жамбыл ауданы халық саны жөнінен Алматы облысы бойынша бесінші орында тұр. Тұрғындардың дені мұсылмандар. Ауданда мешіт саны жеткілікті ме?
– Жамбыл ауданында 46 мешіт, 2 намазхана бар. Оның ішінде Дегерес ауылдық мешіті мен Үмбетәлі ауылдық мешіті, Қарғалыдағы «Сәт» мешіті өткен жылы күрделі жөндеуден өтті. Мұның сыртында Қарғалы, Шолаққорған, Ақсеңгір және Ұзынағашта жаңа мешіттердің құрылысы қарқын алып отыр. Иә, мешітке келуші жамағаттың саны да жылдан жылға көбейіп жатыр. Сондықтан, біз кейбір мешіттердің ауласын намаз оқуға ыңғайластырып қайта жасақтадық. Алайда, ауданымызда жеті мешітте имам жоқ.
– Бізде өз күнін өзі көріп жатқан бір мекеме болса, ол мешіт. Осы орайда, мешіттердің қаржылық ахуалы туралы ақпарат берсеңіз.
– Орталықта орналасқан аудандық, қалалық мешіттер болмаса ауылдық мешіттер өзін-өзі ақтамайды. Негізі мешіттердің қаржылық жағдайы келушілердің саны мен жомарт жандарға байланысты. Тарихқа көз жүгіртсек, кезінде Құнанбай да сонау Түркістаннан ат шалдырып шығысқа мықты деген имам, молдаларды алдырған. Қазір сол кездегі аты алты алашқа әйгілі қай тұлғаның өмірбаянын оқысаңыз, ең әуелі оның ауыл молдасынан білім алып, хат танығаны туралы айтылады. Барлығы медреседе сауат ашқан. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Менің айтпағым, негізі мешітті халық ұстап тұру керек. Болмаса, бүгінгі заманның Құнанбай сияқты қалталы азаматтары қолдау көрсетуі тиіс. Аллаға шүкір, қазір көптеген мешіттер осындай жомарт жандардың қолдауымен салынып жатыр. Біз сол кісілермен тығыз байланыс орнатып, мешіт имамдарының жалақы мәселесін де демеушілер көмегімен шешуге тырысамыз. Өйткені, мешіттердің сандығына түскен қаражат коммуналдық шығынды жабуға да жетпейді. Мысалы біздің осы «Шынасыл» аудандық мешітінің бір айлық шығыны бір миллионға жуықтайды. Ал, садақаға түскен ақша осы шығынның жартысына да жетпейді. Сандықты әр айдың 25-27-сі аралығында бес адамнан құралған комиссия мен жамағат арасынан бір адамды қосып ашамыз. Акт толтырып, барлығы құжат жүзінде расталады. Алдағы уақытта осы есеп-қисапты арнайы тақтайшаға жазып, ашық жүргізсек деген ойымыз бар. Жамағат мешіттің кіріс-шығысын толық білуі керек. Себебі, осының өзі халық пен имамдардың арасын бөліп тұрған перде секілді. Біз осы көлеңкенің көзін жоюымыз керек. Жалпы түскен қаражаттың отыз пайызын ҚМДБ-на береміз. Ол жақтан біз оқулықтар, тағы басқа да қажетті материалдар аламыз. Жалпы, мүфтият деңгейінде атқарылып жатқан игі шаралар ұшантеңіз. Батыста 37 мешіт бос тұр. Ал, оны қамтамасыз етіп жатқан мүфтият. Пітірден түскен қаражат пен күнделікті садақадан жиналған ақшаның жетпіс пайызы мешіттердің өзінде қалады. Қалған қаражат мешіттің бір жылдық шығынының ары кетсе төрт, бес айын ғана жабады. Өткен жылы пітірден түскен қаражат 940 мың теңгені құрады. Одан отыз пайызды алып тастаңыз. Ал, біздің аудандық мешіттің жылдық коммуналдық шығыны 13,5 миллион теңге шамасында. Жылыту мерзімінде газдың өзіне 400 мыңның, жарыққа 200 мыңның үстінде төлем келеді. Мешітте қызмет ететіндердің де отбасы бар. Олар 60-70 мың теңгеден айлық алады. Мұны халық дұрыс түсінсе деймін. Шыны керек, кезінде «Құдай жоқ» деген идеологиямен тәрбиеленген аға буын біздің мәселемізге мүлде бас қатырмайды. Бұл аз десеңіз, «патриот боламын» деп шектен шығып кететіндер де жетерлік. Құрани кәрімде Алла тағала ортаңғы жолды ұстаныңдар дейді. Біз қазір халықты осы ортадағы жолмен жүруге үндейміз. Десек те, патриотсымақтар мен атеизмнің ықпалындағы кейбір кісілердің молда атаулыға деген көзқарасы дұрыс емес. Олардың молдаларды сынға аламын деп асыл дінімізге де тіл тигізіп жататын кездері болады. Бес уақыт намаз оқитын жамағатты «арабқұл» деп жазғырады. Байыбына бармай, ақ-қарасын ажыратпай айыптау анығында күнә. Бір адамның қателігіне бола басқаларға күйе жағудан да аулақ болған абзал.
– Есесіне жастар арасында дінге бет бұрғандар көп қой.
– Оныңыз рас, жастар мешітке көптеп келуде. Бұл бізге екі есе жауапкершілік жүктейді. Олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу күн тәртібіндегі мәселе. Реті келгенде айта кетейін, жасыратыны жоқ кеңес заманында арақ өте көп ішілді. Мысалы, жүз грамм арақ адамның бойындағы 380 ауруын қоздырады екен. Соның ішінде ең көп тараған және үштөрт ұрпаққа дейін салдары сезілетін аурулар да бар. Атап айтқанда, жүйке аурулары, ұмытшақтық. Қазір көпшілігіміз жаңа ғана қолымызға ұстаған затымызды әйелімізден сұрайтын жағдайға жетіп отырмыз. Ал, бүгінгі жастардың дінге бет бұрып, ішімдіктен аулақ болуы бізді қуантады. Алла қаласа олардан тараған ұрпақ әлдеқайда сапалы, дене бітімі, ақыл-парасаты жағынан да алдыңғылардан озық болады деген үміт зор.
– Мешіттер өзін-өзі ақтамайды дедіңіз. Алайда, мешіттен көмек күтетіндер де бар ғой. Қайырымдылыққа қалай қаражат жеткізесіздер?
– Халықтан жиналған қаражат халықтың өзіне қайтып жатыр. Қазір біз имамдар арасындағы ауызбіршілікке ерекше мән беріп отырмыз. Жиі-жиі бас қосып, тәжірибе алмасып, бір-бірімізге қолдан келгенінше көмектесіп тұрамыз. «Қай ауылда қандай мәселе бар? Кімге қандай көмек керек? Біздің қолымыздан не келеді? Мүмкіндігіміз қандай?» деген сияқты сұрақтарға бірлесіп жауап беріп, алға мақсат қоямыз. Қандай да бір игі шараны қолға алсақ оған кәсіпкерлерді, жомарт жандарды тартудамыз. Ол үшін біз бай кісілердің зекет қорын
ашып отырмыз. Мысалы өткен жылы әлеуметтік жағдайы төмен екі отбасына баспана алып бердік. Алты отбасына газ кіргізуге септестік. Бұрын мен Қарғалыдағы «Майбұлақ» мешітінде имам болғанда жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында 250 балаға мектеп құралдарын алуға көмектесетінбіз. Ауданға келгелі осы мешітті салдырған кісінің демеушілігімен 500 баланың мектепке қажетті құралдарын алып бердік. Ең бастысы ниет болуы керек. Жалпы, бұл тұрғыда имамдардың еңбегі зор. Барлығын ұйымдастырып, тіл табысу да оңай шаруа емес. Басқаша айтқанда көпір бола білуің керек.

Имамды тағайындау қалай жүзеге асады? Оларға деген талап қандай?
– Екінің бірі имам бола алмайды. Имам көпшілікпен жұмыс істейтін болғандықтан, мақтауды да, даттауды да, сынды да көтере алуы керек. Тіпті жала жабылса да сабырлы болуы тиіс. Өйткені, ол бұл өмірдің өткінші, сынақ екенін біледі. Міне, осыны жүрегіне орнықтырған адам қазіргі тілмен айтқанда психологиялық тұрғыдан имам болуға дайын. Яғни, ең бірінші кезекте керегі – көркем мінез, екіншіден, оның ілімі мықты болуы шарт. Негізінен имамдарды мүфтият сайлайды. Ауыл имамдарын сайлау аудандық мешіттер арқылы жүзеге асады. Біз оларды аттестациядан өткіземіз. Алдымен ақидасын (сенім) анықтаймыз. Құран оқуын, тарихтан хабары бар-жоғын т.б. білімі мен мінез-құлқына қараймыз. Бәрі ойдағыдай болса, ол мүфтияттың мақұлдауымен имамдардың қатарына қосылады.
– Мүфтияттың отыз жылдығына орай өңірлерде отыз көпір салу бастамасын бірінші болып жүзеге асырған екенсіздер. Осы туралы айтып берсеңіз.
– Иә, Пайғамбарымыз Мұхамед с.ғ.с хадисінде былай дейді: «Қияметтің күніне дейін сауабы үзілмейтін үш
нәрсе бар. Ол жария садақа. Кімде-кім мешіт, медресе, жол немесе көпір салатын болса оның сауабы қиямет күніне дейін жалғасады деген. Сондықтан, біз бұл істі бірден қолға алып, ауданымызға қарасты Қарғалы ауылындағы әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрған көпірді толықтай жаңарттық.
– Дін тым ауқымды тақырып. Әңгімемізді осы жерден қысқартпас бұрын елімізде жүргізіліп жатқан әйгілі «Жусан» операциясы туралы аз-кем айтып берсеңіз. Сіздің бұл бағытта тәжірибеңіз де бар екен.
– Сирия мәселесі жалпы қоғамның кінәсі деп есептеймін. Сол сияқты бұған мешіттерді немесе молдаларды
кінәлау да қате. Бұл үйде отырған ата-аналардан бастап, бүгінгі қоғамның әрбір көзіқарақты азаматының кінәсі. Яғни, ақпараттың дұрыс таратылмауы, қадағалаудың жоқтығы, білімсіздік, бей-жайлық барлығы қосылып осындай проблеманың етек алуына жағдай жасап отыр. Өз басым Сирияға кеткен азаматтарды айыптаудан аулақпын. Осы ауданнан да ол жаққа кеткендер бар. Біз оларға дер кезінде тосқауыл қоя алмадық. Қазір қарап отырсаңыз, Сириядан қайтарылып жатқандардың көбі әйелдер. Олардың дені жесір қалған. Әрқайсысында төрт-бес баладан бар. Енді есептеп көріңіз, елге қайтарылған бір мың әйел бар десек, балаларын қосқанда бірнеше мыңнан асып кетеді. Ал, оларды оңалту жұмысын жүргізу оңай шаруа емес. Көбінің әкелері өлім құшқан. Шешелері өмір бойына қамауға алынғандары қаншама. Балаларын әкеліп жатыр. Оларды да қайта тәрбиелеу керек. Сириядан оралған әйелдермен сөйлескенмін. Бәрі өкінетіндерін айтады. Бірақ, іс жүзінде дінде теріс жолға түсіп, адасқан адамды тура жолға салу қиынның-қиыны. Осындай бір адамды тура жолға салу үшін кемі жиырма жыл керек. Сөз соңында жамағатқа айтарым, қандай жағдай болса да, дінге тіл тигізбесек екен. Молданың бойынан мін іздеймін деп Ислам дінін жамандауға болмайды! Онсыз да асыл дініміздің атын жамылып мұсылмандарды әлемге «жексұрын» етіп көрсету саясаты жүріп
жатыр. Алла барлығымызға иман берсін! Бүгінгі сын сағаттарын да Алланың қалауымен еңсерейік!
– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!
Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ,
«Заң газеті

[ratings]

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...