14 C
Алматы
Понедельник, 20 июня, 2022

Данияр Саламат: Балаңызға «Ботақан» көрсетіңіз!

Осы әлемжеліде бір келіншектің «балаларымның тілі орысша шығып, қанша тырыссақ та қазақша сөйлемейді, не істеуге болады» деген жанайқай-үндеуі жарияланған еді.
Бұл қасірет ол келіншектің ғана емес, көп қазақтілді (орыстілді болса түсінуге болар еді), қазақы рухты отбасылардың басында бар қазір. Парадокс. Өздері (ерлі-зайыптылар) үйде де, түзде де қазақша сөйлейді, ал балапандарына орысша жауап қайыруға мәжбүр. Қасірет. Біріміз үндеу жариялаған келіншек секілді шын қиналсақ, ал біріміз орысша шүлдірлеген баланың тілін қызықтап, тіпті, мақтаныш көреміз…
Тіліміз әлсіресе, рухымыз жер болмақ.
Не істеу керек енді?
Балаларымыз неге орыс тілінің шалғайына жаппай жармасып жатыр? Жауап жалғыз: күні-түні әлемжеліден қызық іздеген балапандарымызды қажет деңгейде қызықты балаларға арналған шағын миниатюра, сюжет, ұласпалы мультфильмдермен қамтамасыз ете алмай отырғанымыздан!
Әлемжелідегі балаларға арналған бейнеконтент легін көбейтуіміз керек. Жай санға-сан қосып қопсыта бермей, оның тілге жеңіл, сауатты әрі қызықты болуын қадағалауымыз керек! Оған жаппай үлес қосуымыз керек!
Осы мақсатта үлкен киномызды уақытша ысыра тұруға тура келді… Арнайы жоба жасап, «Salem Sosial Media» тапсырысына қол жеткізіп, «Anyzfilm» студиясымен бірігіп «Ботақан» атты 6 жасқа дейінгі балаларға арналған мультсериал жасап жатырмыз. Оның алғашқы «Жасырынбақ» атты бөлімі «Ютюб» арнасына қойылды. Балапандарыңызды «Свинка Пеппа», «Три кота» т.б. ажыратып, «Ботақанды» алдап болса да, бірдеме қылып көрсетіңіздерші! Өздеріңіз де бірге көріңіздер! Шама келгенше таратайық! Басқаға да ұсынайық!
Сөз соңында «Salem Social Media» басшылығына және осы жобаны іске асыруға мұрындық болған продюсері Дархан Ақылбекұлына, «Anyzfilm» студиясын құрып, жақсы, мағыналы дүниелерді жасап жатқан талантты бауырларым Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы бауырларыма мың алғыс айтамын! Шығамашылық топтың әр мүшесіне алғысым шексіз!
«DSфильм»
Айтпақшы, қазір «Ботақанның» санаулы бөлімі ғана жасалды. Одан арғы тағдыры сұранымға байланысты екен, яғни, сіздің сілтеме арқылы кіріп, көрсетілім санын арттыруыңызға байланысты! «Ютюб» арнасына бір-бір «сүңгіп» шығайық, ДОСТАР!

Әлеуметтік желідегі парақшасынан

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости