«Қасіретті қаңтар» атанған қаралы оқиғаның орын алғанына қырық күн өтті. Соңы бүлікке ұласқан бейбіт шерудің бүгінде себеп-салдары анықталуда. Жоқ түгенделер, жыртық бүтінделер. Бірақ, мезгілсіз көз жұмған 227 боздақтың өлімі ақтаңдақ болып әлі талай алдымыздан шығары ақиқат.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Хазірет Сұлтан мешітіне барып, қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштады. Көпшілік алдында сөйлеген Президент: «Қаза болған адамдардың жақындарына тағы да көңіл айтамын. Мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайды. Мен қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуді тапсырдым», – деді.
Жақынынан ажырағандарға бұл да демеу. Бұған қоса қоғам тергеуде жатқан азаматтардың ісі әділ сарапталғанын, азаптауға жол берілмеуін сұрап отыр. Зайырлы қоғамда азаматтардың құқығы тапталмауы керек. Бұл мәселе де Президент назарында тұр.
Ал біз «қасіретті қаңтар» оқиғасынан не түйдік? Жағдай қайталанбас үшін болашақта неге назар аударуымыз керек. Осы сауалды ел алдында жүрген аға-апаларымызға қойған едік.
Марат Тоқашбаев, ардагер журналист:
«Жазалау, айыптау – шешім емес»
Қаңтарда орын алған оқиғаның ең алдымен маңызын айқындап, бағасын анықтау парыз. Тыныш, бейбіт халық не үшін алаңға шықты? Олардың қарсылығын оятқан не? Шындығында елдің жаппай наразылығын тудырған қымбатшылық, жұмыссыздық, шарасыздық. Ашынған, тығырыққа тірелген, ойындағысын жеткізе алмаған халық амалсыздан осындай қадамға барды. Ал мұндай жағдайда билік органдары жедел диалог орнатуы керек еді. Қақтығыстар орын алмас үшін билік үнемі мәселені дәл болжап, бір қадам алда жүруі керек. Бірақ олай болмады. Мұны Президенттің өзі де мойындады.
Өкінішке қарай, арандатушылар оңтайлы сәтті пайдаланып кетті. Соның кесірінен бейбіт шеруге шығып, өз мұңын жеткізбек болған талай жан зардап шекті. 227 адам мезгілсіз көз жұмды, қаншама адам айыпты ретінде абақтыда отыр. Бұл жараның енді қашан жазылары белгісіз. Дегенмен, Жаңа Қазақстан құрғымыз келсе осы алаңдарда айтылған талап, ұсыныстардың барлығы алдағы уақытта ескерілуі керек. Жазалау, айыптау – шешім емес. Бұл одан сайын халықтың қарсылығын, өкпе, ренішін тудырады. Халықты биліктен алыстатады. Сондықтан біз елмен бірге екенімізді, халықтың қызметшісі екенімізді мойындаудан қашпауымыз керек.
Өркениеттің үлгісі саналатын АҚШ-та 2020 жылы орын алған қақтығыс ешкімнің есінен кете қоймаған шығар. Жалған ақша қолданды деген айыппен ұсталған афроамерикалық Джордж Флойдты полицияның көпшіліктің көзінше қорлап өлтіруі бүкіл елдің ашу-ызасын тудырды. Халық бір сәтте полицияға қарсы шықты. Қарсылық дүрбелеңге ұласты. Егер полиция қызметкерлері халықтың алдына шығып тізерлеп кешірім сұрамағанда, бұл дүрбелеңнің қашан тоқтайтыны белгісіз еді. Бұл біздің полицияға да қатысты. Полицияның жазалаушы әрекетіне байланысты қарсылық күшейіп тұрған қазіргідей кезде сенімді орнатып, түсіністік қалыптастырудың бір жолы осы.
Сонымен бірге, қаңтар қақтығысынан кейін халық Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай Жаңа Қазақстанның қалыптасқанын көргісі келеді. Ал Жаңа Қазақстанды жаңа Конституциясыз құру мүмкін емес. Конституцияны толықтырып, өзгерту мәселені шешпейді. Өйткені, 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған 98 баптан тұратын Бас құжатқа бүгінге дейін 90-нан аса өзгеріс енгізілді. Көптеген мемлекеттерде Конституция қабылданғаннан бері бірде бір рет өзгертілмеген. Ал біздікі қырық құрақ. Алдағы уақытта осы мәселені ескеру керек.
Қазақстанда екі палатадан тұратын Парламентті ұстап отыру да артық. Бізге Мәжілістің өзі жеткілікті. Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясын да тарататын кез жетті.
Жаңа Қазақстанға қажеттінің тағы бірі – Конституциялық сот. Ол Президенттен жоғары тұрып, халықтың таңдауы, сайлауы арқылы қалыптасқаны жөн. Оны Президенттің таратуға, өзгертуге құқығы болмауы керек.
Сайлауға да өзгеріс енгізу маңызды. Қазіргідей жанама сайлаудан бас тартатын уақыт жетті. Соның кесірінен халықтың құқығы аяққа тапталып отыр. Әсіресе, полиция қызметін мүлде басқа сипатта құрғанымыз жөн. Халықтың салығынан айлық алып отырған құзырлы орган өкілдері халыққа қызмет етуі тиіс қой. Полиция халықты жазалаушы емес, халықтың қызметшісіне айналғаны абзал.
Айналып келгенде, бізге сыпыртқы сияқты төбеден сыпырып, бақылап отыратын билік емес, халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын, елмен санасатын билік керек. Жаңа Қазақстанда елдің пікірі, ойы ескерілсе дейміз.
Досқан Жолжақсынов, Қазақстанның халық әртісі:
«Жастардың қуатын, күшін жаңа идеяға бағыттай білу керек»
Қаңтардағы қанды қырғын бүкіл еліміздің жүрегіне сары су боп қатты. Бұл оқиғаның салдары баршамызға ой салды. Кешегідей үлкен оқиғаларға біз қалайда баға беруіміз керек. Әрине, тәуелсіздіктің отыз жылында түк жасалмады деп тарихты, еңбекті мүлде жоққа шығаруға болмайды. Сарыарқаның төсіндегі жарқыраған Астанамыз, зәулім ғимараттар, сәулетті үйлер, үлкен жобалар кімнің болсын санасында жаңғырып тұрары анық. Бірақ, қаңтардағы қақтығыс кемшіліктердің барын көрсетті.
Мәселен, заңның дайындалуында мін жоқ болар. Алайда орындалуы әлсіз. Оны орындайтын, орындататын тарапта да кінә бар деп ойлаймын. Біз сынауға, мін айтуға шебер болып алдық. Бір-бірімізді қайталап сөз жарысына түсіп кеттік. Ал ұят тасада қалды.
Мынау енді, Жаңа Қазақстан деп жатырмыз, оның әр қадамына жіті көз салып отырмыз. Жаңа Қазақстан деген жаңа түсінік. Біз мұнымен келісеміз. Тілегіміз сол – Жаңа Қазақстан толық мағынасында орындалса екен. Ол үшін дәл қазіргі кезде Мемлекет басшысының саясатын қолдау – азаматтық парыз. Әзірге, Жаңа Қазақстанның беталысы жаман емес сияқты. Дегенмен, өткеннен сабақ алмай алға басу мүмкін емес. Ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай Президент те: «Мен жастарға сенемін!» деп айтты ғой. Шын мәнінде Жаңа Қазақстанды жаңғыртатын – жастар. Енді жастарға бөгет болмауымыз керек. Қазақ «Қырықтағылар қамал алады» дейді. Мәселе қамал алуда емес, олардың қамал алатындай қуатының барын мойындауда. Қуатты жастар – ел қуаты. Сондай-ақ, олардың ізімен келе жатқан, тәуелсіздік құрдастарының жаңа толқыны бар ғой. Оларды халық «Отызда орда бұзады» дейді. Бұл жерде де түйін орда бұзуда емес. Ендігі міндет осы жастардың қуатын, идеясын тиімді пайдалану, игілікке бағыттай білуде. Ал осы істі дұрыс үйлестіруге жаңа Үкіметтің даярлығы бар ма, қауқары жете ме?
Ендігі жерде жаңа сөз емес, жаңа іс қажет. Мұндайда сынның да, міннің де айтылары күмәнсіз. Мін деген Абай атам айтқандай «Аршып алып тастайтын аспандағы саз емес қой». Ендеше не істеу керек? Бүгінгідей сын сағатта бар мен жоқты таразыға салып, міннен арылып алмасақ, тағы ескі әнге салып, ескі сүрлеуге түсеміз. Мысалы, қазір полиция кінәлілерді іздеп табандарынан тозып жатыр. Бұл қателіктер тағы қайталануда деген сөз. Осылай кете берсе елді тағы ашуландырып, мінді болмаймыз ба? Келесі ұрпақ біздің шимайларымызды оқығанда не демек? Бүгін таусыла сөйлеп, ертең не істеуіміз керектігін есімізден шығармайық. Не айтсақ та, мың толғанып барып айтқанымыз жөн болар.
Бейбіт шерушілер алдына шығып, зиялы қауым ақылға шақырса мұндай қақтығыс орын алмас па еді дейтіндер бар. Шын мәнінде халық ешкімді тыңдайтындай жағдайда болмады. Бұл да бір соқтасы толған сыздауықтың жарылған сәтіндей буырқанған сәт еді. Сыздауықты соқтасы толмай тұрып емдеуіміз керек еді. Ол уақыт өтіп кетті. Біз көп жерде үнсіз қалдық. Жемқорлық, олигархтардың тойымсыз әрекеті, Конституция мен заңдардың жиі өзгеруі секілді келеңсіздіктер халық көкейінде соқта болып жинала берді. Сыздауықты жарылуға жеткізді. Ал жарылған кезде өкінішке қарай аталы сөз айтатын топ болмады. Желтоқсан оқиғасы кезінде де жастардың аға буыннан қолдау күткені рас. Алайда, ол жағдай мен бұл жағдайды салыстыру мүмкін емес. Дегенмен, екеуінде де қарсылықтың алдыңғы шебінде жастар жүрді. Ол кездегі жастардың да, кешегі қаңтар қырғынына шыққан жастардың да ұраны «Қазақстан, Қазақстан!» болды. Өкініштісі, бейбіт басталған шеруді арандатушылар өз мақсаттарына пайдаланып кетті. Жастардың көбі «кіндігін туған жерге байлағандар». Ал бүлікшілер олардың ақ ойын ластап, негізгі мақсатының өңін айналдырып жіберді. Соңы пендешілікпен жасалған тонауға, бүлдіруге ұласты. Біздің билік осы жағдайлардан өзіне дұрыс сабақ алуы тиіс.
Шындығына келгенде қоғамның төзімділігімен, шыдамдылығымен ойнауға болмайды. Әкім-қаралар, жалпы билік халыққа арқасымен емес, бетімен қарауды үйренуі керек. Сонда ғана даму болады. Сонда ғана Жаңа Қазақстан құрамыз.
Аягүл Миразова, ардагер ұстаз, Қазақстанның Еңбек ері:
«Шын кінәлілер жазаланса екен»
Қаңтар қақтығысы бәріміздің төбемізден жай түскендей әсер еткен оқиғалардың бірі болды. Бұл оқиға жалғыз мен ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының жүрегін ауыртып, санасын селт еткізді. Елдің бәрі жылды қорытындылап, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына марқайып жүргенде, мына жағдай кәдімгідей есеңгіретіп, күйзеліске ұшыратты десем артық айтқаным болмас. Бейбіт басталған шерудің соңы бүлікке ұласады деп ешкім күткен жоқ. Жылдар бойы қалыптасқан, көркейген, бәріміздің арманымызға қанат бітірген Алматының отқа оранып, қирап, тоналуы жанымызды жүдетті. Арандатушылардың айтағына еріп, өз арамыздан шыққан ұл-қыздарымыздың бұзақылыққа қатысуы кімге болсын ой салмай қоймайды. Мұндай әрекет ата-бабамыз аңсап жеткен тәуелсіздікті аяқ асты ететінін көпшіліктің елемегені өкінішті. Әділдікке осындай жолмен, яғни, өзгенің мүлкін бүлдіріп, қиратып немесе қантөгіс арқылы жету мүмкін емес. Жақсы күнге жетеміз деп, керісінше қиындық үстіне қиындық жамаған сияқтымыз. Бұдан зардап шегетін қарапайым халық, құлдырайтын өз еліміздің экономикасы. Бір мезетте еліміздің әр қаласынан көтерілісшілердің шығуы және Қазақстанымыздың жүрегі, әсем қаламыз Алматының бүліктің орталығына айналуы, әрине бәрімізді ойлантуы тиіс. Таразыға салып, талқылап, саралап көруіміз қажет.
Әр ата-ана қашанда өз баласының рухани дамығанын, тәрбиесі мен білімінің ұштасқанын, бауырмал және саналы болғанын қалайды. Ешкім ұрпағына басқаның мүлкін бүлдір, зорлық-зомбылық жаса, болмаса әлімжеттік жасап, тонап кет деп үйретпейтіні анық. Өкінішке қарай, содырлардың соңынан ілесіп, қаншама ананың көз жасына қалып жатқандар бар. Келешекте осыны болдырмауды, яғни, осындай жағдайлардың алдын алуды ойлауымыз керек. Бұл мақсатта атқарылатын жұмыстар ұшан-теңіз. Ол үшін бүкіл ұлт болып, мемлекет болып, халық болып жұмыс жасауымыз керек.
Осы тұрғыдан алғанда Президентіміз көптеген тапсырмалар берді, соның ішінде, оқулықтарды, оқу бағдарламаларын қайта қарауды ұсынды. Мемлекет басшысының жастар тәрбиесіне көңіл аударуы құптарлық. Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген қанатты сөзі осындайда еріксіз еске оралады. Дей тұрғанмен, бұл оқиғаның тереңіне бойлап, зерттеу жүргізуге менің әлі де болса дәтім бармайды, бұлыңғыр әлемге кіріп кеткендей боламын. Бұл бір күннің немесе бір айдың тірлігі емес, қайдан келді, қалай келді, кім әкелді деген сынды сұрақтар өте көп. Зерттеулер әлі жүргізіліп жатыр ғой, тек шынайы болып, шын кінәлілер жазаланса екен деймін. Қандай кінә болса да, өзімізден-ау деп ойлаймын кейде. Дұрыс тәрбие берілмесе, бұған да кінәлі өзіміз. Жастардың бойына патриоттық сезімді қондыра алмасақ, бұл да біздің кінәміз. Қазақ айтады ғой, «көршіңді ұры тұтпа, өзіңе-өзің мықты бол» деп. Сол айтқандай, мен біреуді кінәлаудан аулақпын. Іштен шыққан жаудың жаман екендігін ескерсек, жастарымыз осындай іске барды дегенді ойлаудың өзі қорқынышты. Ұлды ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болатынын ұмытпағанымыз абзал-ау. Енді бұл тұрғыдан келгенде жастар арасында тәрбиелік, педагогикалық-әдістемелік жұмыстар көптеп жүргізілуі керек сияқты.
Алла тағала елімізге шыдамдылық пен төзімділік берсін. Дегенмен, кешегі бүліктің кесірінен өз күнін әрең көріп отырған қарапайым қаншама адамның еңбегі далаға кетті. Зар жылап жүргендері қаншама? Бейбіт шеруді бүлікке айналдырғандар өзін кінәлі санап, әттеген-ай дей ме екен? Сұрақ осы, әділдік орнап, жазықсыздар босатылып, кінәлілер жазасын алса екен деймін. Халықтың маңдай терімен жасалған дүниелердің бүлінуі, қаншама жазықсыз қанның төгілуі, қабырғамызды қайыстырды. Тапа-тал түсте, елін қорғаймын деп жүрген құқық қорғау органдарының өкілдерін өлтіріп кетуі жаныма батты. Ол да ананың баласы ғой. Жүректі сыздататыны осы…
Ендігі жерде ел мұңын, халық пікірін ескере отырып Мемлекет басшысы жаңғырған Жаңа Қазақстанды қалыптастырады деп сенемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ұрпағымыз саналы болса екен деймін.
Мақсат Халық, экономист, Progente экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі:
«Ұлттық идеологиясыз ұлт дамымайды»
Қаңтардың қаралы күндері артта қалды. Билік халықтың талап-тілегіне сай қадамдар жасауды бастады. Бүгінде ел тынышталды. Бірақ біз, осы оқиғаға әділ баға беріп, кемшіліктерді жоюға, ел наразылығының алдын алуға үйренуіміз керек. Жаңа үкімет халықтың табысын арттыру бойынша жұмыс жүргізуі керек. Экономист маман ретінде айтарым, біздегі ең төменгі күнкөріс шегі дұрыс есептелмеген. Шын мәнінде отыз алты мың теңге тіршілік етуге жетпейді. Соған орай, әлемдегі жағдайларға қарап, бұл сома жаңа бағытта есептелуі керек. Менің пайымымша, ең төменгі күнкөріс шегі кемінде жетпіс мың теңге болуы қажет. Соған орай, жетпіс мың теңгеден кем табысы бар азаматтарды кедей санатына қосып, оларға әлеуметтік көмек көрсетілсе құба-құп. Бізде ең төменгі орташа медиандық жалақы жүз елу жеті мың тенге болыпты, оның тең жартысы жетпіс сегіз мың бес жүз теңге. Яғни, елімізде ең төменгі жалақы алпыс мың емес, кемі сексен мың теңге болуы керек. Болмашы айлық үшін көше сыпырып, еден жуып, күзетші болып жүргендер кем дегенде жүз мың, жүз жиырма мың теңгеден аса жалақы алғаны дұрыс деп есептеймін. Ал мұғалім, дәрігер, әлеумет пен мәдениет саласында тер төгіп жүрген азаматтардың жалақысының өскенін құптаймын.
Әрине, ел сенім артып отырған жаңа Үкімет бірден барша саланың айлығын көтереді, күнкөріс көзін ұлғайтады деуге болмас. Ол мүмкін де емес. Бірақ осы істі жоспарлы түрде жүзеге асырса халықтың көңілінен шығады, ел еңсесін тіктейді деп ойлаймын.
Қаңтар оқиғасы іштен шыққан жаулардың бар екенін де көрсетті. Сонымен бірге, жалпы қорғаныс шебінің дұрыс ұйымдастырылмағанын, әскеріміздің ішкі, сыртқы жауларға тойтарыс беруге дайын еместігін аңғартты. Бұл жағдайлардың бәріне болашақта көңіл аударған жөн.
Ең алдымен не істеу керек? Әрине ең бірінші әлеуметтік теңдік орнату керек. Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық барынша жақындатылуы қажет. Салықтық жүйеге де үлкен өзгеріс жасау маңызды. Билік мұның барлығын бірден жасай алмаса да, салықтық жеңілдіктер жасауға қауқарлы, әсіресе, әлеуметтік осал топтардағы азаматтарды салықтан босата алады. Сондай-ақ, жалақысы жүз мың теңгеден аз азаматтардан жеке табыс салығын алмаған жөн деп есептеймін. Ал енді одан жоғары жалақы алатын азаматтардан он пайыз алып, табысы миллионнан асатын азаматтардан он бес-жиырма пайыз жеке табыс салығы алынса деген пікірдемін. Байлық салығы деген мәселе бар, ол да алдағы уақытта көтерілуі керек. Меніңше, осындай мәселелер арқылы әлеуметтік теңдікті орнатуға болады.
Одан бөлек цифрлық ақша мәселесі, ақшаның айналым мөлдірлігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықпен күресу, көлеңкелі экономикамен күресу де өте маңызды дүниелер. Егер осы мәселелер шешілетін болса, халықта сенім, үміт пайда болады. Жаңа Қазақстан деп аталып жатқан қазіргі ұсыныс, меніңше керек деп ойлаймын. Біз шын мәнінде жаңа Қазақстанға қадам басуымыз керек. Оның аты ғана жаңа Қазақстан болмай, заты да соған сай болса нұр үстіне нұр.
Жаңа Қазақстан дегенде бірінші әлеуметтік мәселе, екінші экономикалық жағдай жасау, шағын және үлкен бизнестердің көркеюіне қолдау көрсету, сол арқылы экономиканы қарқындату басты меже болуы тиіс. Экономика өскен сайын халықтың табысы артуы керек. Жаңа Қазақстан деген кезде ұлттық идеологияны да қаперден шығармағанымыз абзал. Бүгінде дінмен байланысты болсын, ұлтымызбен байланысты болсын, өзге ұлттармен қарым-қатынас жағынан болсын, ұлттық идеологияның ақсап тұратыны байқалады. Жаңа Қазақстан – бұл жалпы қазақтың ұлттық идеологиясының негізінде жүзеге асырылуы керек. Кезіндегі Алаш арыстарының құрған идеясын темірқазық етіп жаңа қадамдар жүзеге асырылуы керек деп ойлаймын. Сол кезде ғана біздің азаматтарда билікке, елдің болашағына деген сенім пайда болады. Сенімі бар адам ел игілігіне қызмет жасайды.
Бетті дайындаған Айнұр Сатыбалды