(Деректі әңгіме)
Мәриям ӘБСАТТАР
І. Хат
– Димаш, а, Димаш!
Тым-тырыс.
– Ди-ма-аш-ш-ш-ш…
Үн жоқ.
Кемпірдің жарықшақтанған үрейлі даусына көршілерінің бірі пердесі түрулі терезесінің әйнегінен сығалап, екіншісі балконына шығып, төбе көрсетті.
– Димашты көрдіңдер ме, айналайындар?
Терезеге үңілген адам «о, құдайым-ай, дүниені дүрліктіріп сонша айғайлағандағы іздегені кішкентай Димаш па еді?» деген сияқты әйнекке жабысқан бет-бейнесін әрі тартып, көрінбей кетті. Ал балконның жақтауына бар салмағын салып, төмен қарап тұрған бұйра шаш болса басын самарқау шайқады.
Тапа-тал түсте жым-жылас жоғалған Димашты әжесімен бірге жанұшыра іздеген ағасы Еркебұлан бұл кезде жүгіргеннен жүгіріп отырып мектепке де барып қайтқан.
– Мектеп жақта да жоқ.
Мектеп – Димаштың әжесінің соңғы үміті еді. Сондықтан бойынан әл қашып, екі тізесі бүгіліп, буындары босап кетті. Көңіліне ұялаған күдік пен күмән санасына сан-түрлі сұмдықтарды әкеліп, маңдайы мен жауырынының ортасы терши бастады. Екі аяғы басып тұрған жеріне жабысып қалғандай, қозғала алсашы. Еріндері дір-дір етеді. Немересін жамандыққа қиғысы жоқ.
– Димаш, а Димаш… Көкетайым-ау, қайдасың? Айналайындар-ау, менің Дінмұхамедімді көрдіңдер ме?
Димаштың анасы Әсем «Арай» тігін компаниясының директоры болатын. «Кіші балаңыз ұшты-күйлі жоқ» деген суыт хабарды ести сала, үйіне жетіп келген. Жаманаттан жаны ышқынып, сопақшалау келген әдемі жүзі қуқыл тартыпты. Әшейіннің өзінде желді күнгі жапырақтай қалтырап әрең жүретін кемір келінінің қан-сөл жоқ сұп-сұр реңін көргенде кінәлі адамдай кемсеңдеп, жылап жіберді.
– Еркебұлан екеуміз дүкенге барғанбыз. Келсек… Димаштайым жоқ.
Жеті жастағы Димашты мектептен күтіп алу – әжесі Бұлбике мен ағасы Еркебұланның мойнында болатын. Сондықтан кемпір байғұс Димаштың сабақтан кейін ұшты-күйлі жоқ боп кеткеніне өзін айыпты сезініп, тап қазір қара жердің жарығы болса кіріп кетуге әзір.
– О, Құдай, немеремді қауіп-қатерден аман қыла гөр! Оны алғанша, мен сықылды кәрі қақпасты ал! Естимісің, о, Құдай!
Димаштың әкесі Сұлтан ә дегенде не істерін білмей абдырап қалған. Ұсқыны жаман үрейден әйелі Әсем екеуінде өң жоқ. Көрші-қолаң, ағайын-туыс, Димаш пен Еркебұланның дос-жарандарының отбасы дейсіз бе, түгел сүзгіден өтіп, аурухана біткеннің бәріне, тіпті, мәйітханаға дейін қоңырау шалды. Еш жерде жоқ. №13 деген санмен белгіленген (тағдырдың тәлкегін қойсаңшы бұл!) мектеп-гимназияның оқушысы Дінмұхамед Естібаев құмға сіңген судай жым-жылас. Көрдім-білдім деген пенде жоқ.
Ақыры амалы таусылған ата-ана полиция департаментіне кенжелерінің сабаққа кеткеннен қайтып оралмағанын айтуға мәжбүр болды. Арыз жазып отырған Әсем баласының қазанамасын хабарлап отырғандай сезініп көз жасын тия алсашы. «Ұлымды біреулер өлтіріп кетті-ау» деген жаман ойдан басын ала қашқанымен, көңілі полиция қызметкерлерінің «табамыз» деген сөзіне иланбай, бордай босай берді.
Тобық жұтқандай кеудесіне тұрып қалған күдік тегін емес екен, үйіндегі пошта жәшігінен табылған хатты көріп жаны мұрнының ұшына келді. Есік-терезенің бәрі үңірейе қараған үрей. Бойын әлсіздік жеңген Әсем бұрыштағы креслоға талықсып барып отыра кетті де, оқушы дәптеріне әдемі әріптермен жазылған хатты оқи бастады. Қағаз ұстаған саусақтарының икемге көнбей, дір-дір еткеніне де мән берген жоқ.
Хаттағы сөз даңқты детектив жазушының кітабынан көшіріп алғандай сауатты. Тілі де жатық. Соған қарамастан белгісіз «автордың» әр сөйлемінен тас қабырғадан ұрған ызғардай салқындық сезіледі.
«…Балаңыз сенімді жерде отыр. Оны ұрлаған біз. Егер ертеңге дейін қара пакетке салып, 10 000 және 20 000 теңгелік ақшалармен 500 мың теңге әкеп беретін болсаңыздар, одан артықтың керегі жоқ, балаңызға барлық жағдай жасалады. Тіпті, басынан бір тал шашы түспейді.
Ақшаны Тұрар Рысқұлов атындағы саябақтағы «Дельфин» бассейніне күндізгі сағат 15.00-де әкелесіздер. Бассейннің көрермендер шығатын екі баспалдағы бар, соның оң жағындағысымен көтеріліп, пакетті жан-жақтарыңа алақтамай қоясыздар да, жөндеріңізге кетесіздер.
Ал енді ең бастысын еске сақтаңыздар!
Егер Сіз полицияға телефон шалып немесе олармен байланысып, «шу» шығаратын болсаңыздар; егер пакетті алуға барған адамды кімде-кім: күйеуіңіз, ініңіз немесе тағы басқа біреулер аңдитын болса, онда Сіз ұлыңызды бұдан былай көрмейтін боласыз».
Сөзін мәдениетті мақаммен «сіз» деп бастаса да мақтамен бауыздағандай халге түсірген суық сөздерді оқып Әсем тағы жылады. Енесі болса «өуһ» деп, өксіп-өксіп қояды.
«Егер Сіз бір шалыс қадам бассаңыз, яғни полициямен жасырын байланыссаңыз, сөйтіп біздің соңымыздан ізге түсу басталса, онда ұлыңыздың көз алдыңыздан ғайып болуына өзіңіз кінәлі боласыз.
Оның үстіне Сіздің олармен байланысқаныңызды біз бірден білеміз, ал ондай жағдайда ары қарай не болатынын өзіңіз ойлай беріңіз.
Егер Сіз бәрін біз талап еткендей орындасаңыз, онда сүйікті балаңыз Димаш ертең кешке аяқ-қолы дін-¬аман отбасыңызға оралады.
Осы айтқандарыма келіссеңіз, мына ШАРТТЫ бұлжытпай орындауға тиіссіз.
Бүгін түнде өзіңіз тұрып жатқан пәтеріңіздің подьезге жақын орналасқан бөлмесінің шамын 7 рет өшіріп-жағыңыз.
Сізге достық ақыл-кеңесіміз: ақымақтық жасамаңыз. Және соңғы айтар сөзім, ақша салынған пакетке осы хат жазылған қағазды міндетті түрде қосып салыңыз.
Балаңыздың жағдайы жақсы. Уайымдамаңыздар».
Әсем жазықсыз жанға кесілген өлім жазасы туралы үкімді оқып, содан жаны жиіркенгендей қолындағы қауырсын құрлы салмағы жоқ қағазды тыжырына тастай салды да, екі қолымен бетін басып, көз жасына булықты.
– Сабыр ет, Әсем. Димаш аман-есен депті ғой, оған да шүкір.
Сұлтан әйеліне басу айтып жұбатпақ болғанымен, көмейіне кесек кептелгендей қабағы түйіліп кетті.
Ағайын-туыс, көрші-қолаң жиылып, үй іші абыр-сабыр. Орталарында аһылап-үһілеп жиі күрсінген Димаштың әжесі Бұлбике апай отыр.
ІІ. Тұтқын
– Ур-ра-а-а-а!
Сарт етіп ашылған есіктен бір топ оқушы тысқа жүгіре шықты. Олардың соңынан зілдей сөмкелерін майыса көтерген қыздар көрінген.
Бұлар – Димаштың сыныптастары болатын. Оларды бүгін ерте таратты. Балаларды «уралатқан» әнтек қуаныштың сыры да осы – сабақтан ерте босап шығу еді.
– Димаш, жүр, біраз ойнап қайтайық.
Бұлардың мектептері қаланың қақ ортасындағы әкімдік ғимаратының дәл қасында. Ол жердегі мөлт-мөлт еткен тамшылары аспанға атылған субұрқақтар мен арабы кілемдей алуан түске боялған гүлзарлар Димаштың сүйікті орны.
Бірақ ол күн сайын өзін сабақтан күтіп отыратын әжесін ойлап, қолға түсе бермейтін бос уақыттың қызығынан бас тартты. Оның үстіне үйіне ертерек барып әжесін таңғалдырғысы келген. Әже деген не болса соған таңырқағыш қой.
Жоқ, мені әжем күтіп отыр.
Бірақ қас қылғандай үйі құлыптаулы болып шықты. Үнемі күтіп отыратын әжесі де, ағасы Еркебұлан да жоқ. Алдынан шығып, ешкім есік ашпаған соң көңілі құлазып сала берді. Шіркін, өзінде басы артық бір кілт болғанда, ендігі үйіне кіріп, жылы жерде мультфильм көріп отыратын еді.
Димаш әжесін күтіп подьезде біраз тұрып көріп еді, қанша дегенмен күз мезгілі ғой, бойы тоңазып, денесі түршігіп, шолақ жең жейдесінің ішіндегі жіңішке білектері құс еттене бастады. Сосын аулаға шығып, күншуақтағы орындыққа жайғасқан.
– Сәлем, балақай!
Димаштың қасына келіп лып етіп отыра кеткен жігіт мұның атын сұрады.
– Димаш.
– О-о, жақсы ат екен. Дінмұхамед Қонаев атаңдай ел басқаратын боласың ба, әлде жас Димаштай әнші боласың ба?
– Білмеймін.
– Жә, інішек, оны болашақта көре жатармыз. Қазір жағдай былай. Саған бұл жерде жалғыз отыруға болмайды. Мен мамаңның тапсырмасымен келдім. Ол сені Әлия жеңгейдің үйіне апар, сол жерде отыра тұрсын деп тапсырды. Өзі кешке кеп алып кетеді.
– Сіз менің мамамды қайдан танисыз?
– О-о, атақты «Арай» комбинатының директорын кім танымайды! Мен сол жерде жұмыс істеймін. Қане, жүр кеттік, асығыспын.
Димаш бейтаныс жігітпен тез тіл табысып, шүйіркелесіп кетті. Аты – Марат екен.
Екеуі жолай саябаққа соғып, ондағы барлық атракциондарды тамашалап, компьютерлерде құмары қанғанша ойнады. Әткеншектердің қызығы өз алдына бір төбе. «Тәтті ертегі» кафесіндегі балмұздақтардың түр-түрі мен бал шырын сусындарын айтсаңшы, дәмі тіл үйіреді-ау, шіркін!
Сөздің қысқасы, өте көңілді демалыс болды. Димаш, тіпті, мамасы «апарып сал» деген Әлия жеңгесінің үйіне барулары керек екенін де ұмытып кетті.
Сөйтіп олар әрі демалып, әрі серуендеп дегендей, жаяу-жалпылай отырып «Көктем» аймағындағы Мараттың үйінің төрінен бір-ақ шықты.
«Әлия тәтейдің үйіне қашан барамыз?» деген Димашқа «үйге кіріп, кішкене демалып алайық» дей салды Марат. Әңгімешіл, балажан досының үнінен ешқандай жамандық байқалып тұрған жоқ. Оның үстіне үйіне келе салсымен Марат Димаштың шалбарын тазалап, топылиын жалтыратып тұрып шөткілеп, аяқ киім тұратын текшеге апарып қойды. Одан кейін Мараттың ағасы үшеуі тамақтанып алып, компьютердегі атыс-шабыс ойындарының қызығына кірісті.
Мараттың ағасы – Асқар да аңқылдаған ақкөңіл кісі екен, Димашқа фотоальбомдардағы туыстарының суретін көрсетіп, әсерлі сөзімен баурап алды.
– Қазір фотоальбом деген де ескілікті заттардың қатарына енді ғой. Оны, тіпті, ешкім есіне де алмайды. Ал онда балалық шақтың небір тарихтары сайрап жатыр. Қарашы, мына суретте мен Билікөлде балық аулап жүрмін. Анау қайықтағы әкем. Қазір жоқ. Көлік апатынан қайтыс болған.
– Үйде Марат екеуіңіз-ақ тұрасыздар ма?
– Жоқ, анамыз бар. Емделіп жатыр. Міне, мына суреттегі анамыз Айша.
Солай деді де Асқар қабырғада ілуілі тұған домбыраны алып Димашқа:
– Үйренгің келе ме? – деді жылы жүзбен күлімдей қарап. – Егер ондай ойың болса, алдағы уақытта менің домбыра үйрететін үйірмеме қатыс.
Димаш альбомды алып, Мараттың анасының суретіне бажайлай қарады. «Аналардың бәрі әдемі және бәрі бір-біріне ұқсас болады» деп ойлады ол Айша апайдың суретіне қарап отырып.
Марат пен Асқардың мұны жақсы көргендері сонша, теледидардан кино көргісі келсе де, копьютердегі ойындарды ойнағысы келсе де бұдан жанына не жақын, көңіліне не қажет екенін сұрап алады. Өзіне деген осыншама ықыластан басы айналған Димаш ұйқыға жатар кезде, Әлия тәтейі тұрмақ, ата-анасын да, әжесін де, ағасы Еркебұланды да ойлаған жоқ. «Саяхаттың» ұнағаны сонша, «үйге қайтам» деп ағайынды екеудің де мазасын алып, қыңқылдамады.
ІІІ. Қақпан
Көз жасы құрғап, күмән-күдігі мен қорқынышын сабырға жеңдірген Әсем баласын әлдекімдердің ұрлап әкетіп, енді соны «сатып ал» деп талап етіп отырғанын түсінді.
Хатта жазылған талапты да бұлжытпай орындады. Әуелі подъездің қасындағы бөлменің шамын түнде 7 рет өшіріп-жағып, шартпен «келіскендігін» білдірді. Ертесіне қара пакетке салынған 500 мың теңге ақша да «Дельфин» бассейніне көтерілетін екі баспалдақтың оң жақтағысының алаңшасында жатты. Бірақ…
Бірақ уәделі уақытта қара пакетті алуға ешкім келмеді. Сірә, қарақшылардың иісшіл тұмсығы бірдеңені сезіп қойса керек. Ал кешке қарай үйге кіріп келген Димашты көріп Әсем есінен танып қала жаздады.
– Димашжан, қайдан келдің? Полицейлер құтқарды ма?
– Ешқандай полицияны көргем жоқ, мама. Мен Асқар, Марат ағалармен бірге өзім келдім.
– Марат, Асқар дейсің бе? Оларың кімдер?
– Жаңа достарым. Түнде солардың үйінде болдым.
Баласының аман-сау келгеніне әлі де сенбей, оның басынан сипап, бетінен сүйіп, аяқ-қолдарын қайта-қайта ұстап көріп жатқан Әсемнің саусағына осы кезде Димаштың төсқалтасынан шеті шығып тұрған қағаз ілінген.
Тағы да қарақшылардың хаты. «Бұлар бізден енді не талап етіп отыр екен?» деген ойдан жүрегі секем алып, оқи бастады.
«Сіздер бізді алдап, алдын ала келіскен жерімізге бір топ «менттерді» топырлатып қойдыңыздар.
Бірақ, біздің адам «ғашықтардың» рөлін ойнап, өтірік сүйісіп тұрған ҰҚК қызметкерлері мен көше тазалаушылардың сары күртешесін киіп, саябақтың жолын сыпырған боп жүрген бір топ полицейлерді сезіп, баспалдақтың маңайына жолаған жоқ.
Сіздердің жолдарыңыз болды! Ал біз ұтылдық. Сіздің ұлыңыз үшін ініміз екеуміз 20 000 теңгеден астам ақша жұмсадық. Хош-сау болыңыздар!»
Әсем көз жасына ерік берді. Қуаныштың жасы. Күйеуін де, енесін де, Димашты да құшақтап сүйе берді. Сүйіп жүріп «Уһ, бәрі жақсы болды-ау ақыры» деп, тағы жылайды.
Көз жасының да жақсысы болады екен. Ол – көңілің елжіреген сәттегі тәубе жасы. Ол – жүрегіңді жаулаған кектің бәрін ұмытып, кеудең ашылып, бір кең тыныс алған шақтағы кешірім жасы.
Айтпақшы, ана ретінде мына заманға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «мейірімді» қарақшылардың әрекетін кешіре алар ма еді? Қайдам. Дәл қазір бұл туралы ойлап, пәлсәпа соғуға әл-дәрмені жоқ.
Ал Димаштың әжесі Бұлбике апай да немересін айналып-толғанып жаны қалар емес. Еркебұлан да бауырын әбден сағынып қалған екен, інісінің жанынан өбектеп шықпай жүр.
Димаштың ғана ойында түк жоқ. Сірә, ол өзінің бір тәуліктен астам уақыт бойы «тұтқын» болғанын сезбеген болуы керек.
ІV. Тергеушінің сыры
Шынымды айтсам, «кәнігі қарақшы» деп жүргенім ауыздарынан ана сүті кеппеген жасөспірімдер екен. Мен айтқандай есімдері де Марат пен Асқар емес, мүлде басқа. Бірақ қалалық соттың үкімі шықпайынша олардың аты-жөндерін жар салып, жария етуді жөн көрмей отырмын. Бәлкім, шытырман оқиғалы кітап кейіпкерлері сияқты құпия боп қалғаны да дұрыс шығар.
Тергеу кезінде көп жайға қанықтым. Олар бұл іске бұзақылығынан емес, тапшылық тауқыметін тартқандықтан барыпты.
Әкесі қайтыс болған, ағайын-туыс дегеннен мүлдем ада. Үйінде ағайынды екеуі ғана. Анасы аурушаң. Сүйектерінің бәрі қисайып кеткен. Емделмеген тәуібі, қаралмаған дәрігері де кемде-кем. Ал үнемі ем-дом алып отыруға мүгедектігі үшін берілетін азғантай ғана ақша жетпейді. Балалардың жанын жегідей жеп қинаған, міне, осы ана ауруының мәселесі екен.
Хатты оқыған кезде-ақ күдіктілердің сауатты екенін байқадым. Ондағы «сіз» деп басталып отыратын «сыпайылық» та таңғалдырмай қойған жоқ. Ойым алдамапты. Мектептегі оныншы мен сегізінші сыныптарда оқитын «қылмыскерлерімнің» оқу үлгерімдері кілең «4» пен «5» екен. Әсіресе, әдебиет, тарих, география және спорт сабақтарынан өте жақсы.
Сосын… «егер олар байлардың ақшасына көзінің сұғын қадаған тісқаққан қарақшы болса, онда неге бар болғаны 500 мың теңге талап етті?» деп ойладым. Тіпті, таңғалдым. Мұндай ақша Димаштың ата-анасы сияқты кәсіпкерлер үшін түк емес. Болар-болмас теңгеге бола басын бәйгеге тіккен неткен адамгершілігі зор ұрылар бұл?
Димаштың әкесімен де сөйлестім.
– Мен бұларды «қайтсеңдер де түрмеге қамаңдар» деп ешкімнен талап етпеймін. Ондай қатыгез емеспін. Уақтылы тамақтандырып, ойнатып, жақсылап күтіп-баққандары сонша Димашым оларға бір күннің ішінде бауыр басып қалыпты. Үйге қайтқысы да келмеген, әуелі.
– Судья сізбен ақылдаспайды ғой.
– Оның рас. Бірақ сот ауыр жаза қолданса, олардан болашақта жақсы адам шықпайды
– Мінез-құлықтары өзгеріп, қазіргіден де жаман боп кетуі мүмкін дейсіз ғой.
– Сосын ғой соттатқым келмей отырғаны. Одан да оқысын, жұмыс істесін, үлкен дәулетке еңбекпен қол жеткізсін. Үйленсін, бала-шағалы болсын. Бірақ күндердің күнінде олардың баласын да өздері сияқты ақшадан тарыққан біреулер ұрлап кетсін. Міне, сонда ғана олар Алла тағала мен ата-ана алдындағы кінәсін түсінеді. Бауыр еті – баласы үшін ата-анасының қандай азапқа түсіп, қандай қасірет шегетінін сонда ғана ет жүрегі езіліп отырып сезетін болады.
Димаштың әкесінің «Ананың қарғысы – боқ, әкенің қарғысы – оқ» деген сөзден хабары бар ма, жоқ па білмеймін, бірақ оның ойынан жүрегім мұздап кетті. Оған Асқар мен Мараттың «Димашты өлтірмек тұрмақ, оған қолымызды да көтере алмас едік. Ал хаттағы суық сөздерді ата-анасы қорқып, болмашы ғана ақшаны у-шусыз әкеп берсін деп жаздық. Бірақ олардың полицияға хабарлағандарына қарағанда сөздеріміз соншалықты қорқынышты боп шықпаған сияқты. Сірә, бізден дені дұрыс қарақшы шыға қоймас» дегенін айтқым кеп отырғам, бірақ айтпадым. Дұрысы айта алмадым.
Жас тергеуші үшін мұндай мінез керек пе, жоқ па білмеймін, бірақ тергеу барысында хаттамаға кірмей қалған тағы бір құпияны Димаштың әкесінен жасырып қалдым.
Неге екенін қайдам, Димаштың анасы Әсем де, әкесі Сұлтан да, «Ау, біздің Әлия деген туысымыз бар екенін, сосын пәтеріміздің бір бөлмесі подъездің қасына орналасқанын қарақшылар кімнен сұрап біліп алды?» деп неге бір рет ойланбады? Қайдан білейін, ойланса ойланған да шығар. Бірақ «отбасымыз жайлы ақпарат өз үйімізден шығуы мүмкін-ау» деп айтады дейсің бе тергеушіге? Міне, гәп қайда?
Оқиғаның ұшы қайда жатқанын Марат оқитын сыныптың журналынан Еркебұланның аты-жөні де сопаң етіп шыға келгенде-ақ жүрегім сезіп, қойын дәптеріме түртіп қойғам. Тіпті, екеуінің жұптары ажырамайтын дос екенін де айтып берген оқушылар.
Ал Сұлтан ағай болса өзінің үлкен ұлы Еркебұлан туралы ештеңе демеді. Баласының ұйымдасқан қылмыстық топтың (егер солай деуге келсе) «белсенді мүшесі» екенін білгісі де келмеді. Бірақ тергеу ісі созыла түскенде ол туралы білетін еді, сосын оны өкіне отырып мойындайтын да еді, бірақ абырой болғанда Марат пен Асқар оқиғаны ушықтырмады. Дер кезінде естерін жиып, Димашты үйіне аяқ-қолы сап-сау күйінде әкеп тастады. Ендеше «бұл қылмыстың бір жағында үлкен ұлыңыз Еркебұлан тұрған» деп ата-анасының жүрегін жаралағаннан не ұтам? Оның үстіне Марат та, Асқар да азамат екен, қысылтаяң сәтте Еркебұланды сатпады. Жеке бастарын арашалап қалу үшін «Бәріне кінәлі анау» деп оған қарай саусақтарын шошайтпады.
Шіркін, Димаштың әкесінің орнында болсам «күндердің күнінде олардың баласын да өздері сияқты ақшадан тарыққан біреулер ұрлап әкетсін. Міне, сонда ғана олар Алла тағала мен ата-ана алдындағы кінәсін түсінеді» деп қарғыс аралас философия соққанша, олардың анасына қаржы-қаражат жағынан қарайласып, ал анау үлкен жүректі екі ұлдың шалыс басқан қадамын кешіріп, тәрбиесіне кірісер ем…