Қаржы институтының дерегінше, ақша базасы бірнеше пункттен қалыптасады. Оған айналымдағы қолма-қол ақша, барлық есептік және қазіргі есепшоттар, коммерциялық банктер мен басқа да қаржы ұйымдарының депозиттері мен теңгедегі шоттар кіреді. Сарапшылар елдегі ақша массасының өзгергенін дұрыс көріп отыр.
Биыл қаңтарда ақша массасы 44,7 трлн теңге болса, бір айдан соң бұл көрсеткіш 975,9 млрд теңгеге немесе 2,1%-ға азайған. Сарапшылардың айтуынша, елде ақша массасы Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің баланстық шоттарын шоғырландыру негізінде анықталады. Қаржыгер Расул Рысмамбеттің айтуынша, ішкі нарық пен айналымдағы ақша массасы арасындағы үйлесімнің бұзылуы инфляцияны күшейтіп жібереді. 2020 жылғы пандемия дағдарысы кезіндегі əлеуметтік төлемдер əлемдік нарықтардағы үйлесімділікті бұзды. «Қазір ішкі нарықтағы қаржының кемі 14 пайызы сұраныстан артық. Егер жағдай қалыпты болса, алдағы үш-төрт жылда сұраныс пен ұсыныс теңеседі деген үміт бар», – дейді ол. 2024 жылғы желтоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда ақша базасы 16,4%-ға, 14,6 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Көрсеткіш ақша массасына қарағанда екі есе жылдам –7,2%, 45,66 трлн теңгеге дейін өсті.
Сол кезде сарапшылар бұл жағдай теңге бағамына қысым көрсететінін, ақша-кредит саясатын қатаңдатуға алып келуі мүмкін екенін айтқан болатын. Қаржыгер Ілияс Исаевтың айтуынша, қысқамерзімді перспективада ақша базасының ұлғаюы инфляциялық күтудің артуына жəне теңгенің валюталық бағамына қысымның күшеюіне жол ашады. «Ұзақмерзімді болашақта ақша агрегаттарының өсуі экономиканың қызуын күшейтуге жəне ақша-кредит саясатының қатаюына алып келуі мүмкін. Себебі ЖІӨ-мен бірге инфляция да өсіп жатыр. Алдымен ЖІӨ, одан кейін инфляция өсіп жатыр. Біздің елде ақша массасының өсу жылдамдығы өнім шығарудың өсу қарқынынан 10 есеге озып кетті. Биыл Ұлттық банктің кəсіби біліктілігіне үлкен сын болғалы тұр. Үкімет бюджеттік мекеме қызметкерлерінің айлығы инфляция деңгейімен теңестірілетінін айтып жатыр. Бұл ішкі нарықтағы ақша айналымының теңгеріміне əсер етеді. Егер ақша массасын экономикалық ресурстар теңестірмесе, инфляция көтеріледі. Мысалы, елдегі нарықтағы ақша массасы 1 000 теңге болса, ал өндірілетін тауарлар көлемі 1 000 дана болса, онда тауардың орташа бағасы 100 теңге болады. Егер тауар өндірісі бұрынғы деңгейде қалып, Орталық банк айналымға қосымша 200 теңге шығарса, онда əр тауардың əділ бағасы 100 емес, 120 болады. Нəтижесінде, əрбір теңгенің сатып алу қабілеті қосымша ақша шығарумен бірге азаяды. Ақша жəне тауар массасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін ақша массасының ұлғаюы өндірістің өсуінен кейін жүруі тиіс», – дейді Ілияс Исаев.
Қытай немесе Түркияда басы артық қаражат кері қайтарылмайды, керісінше бизнеске бағытталатын көрінеді. Егер ақша массасы бизнесті дамытуға бағытталса, онда бизнес қосымша өнім шығарады, бұл нарықтағы тауар ұсынысын арттырады. Мұның соңы экономикалық ресурсқа əсер етеді, бизнес тауарды көп мөлшерде ұсынып, баға төмендейді. Ал біздің жағдайда Ұлттық банкте ондай мүмкіндік жоқ. Себебі ішкі нарық сенімді емес, бизнестің тəуекелі жоғары. Дəл қазір басы артық қаржыны бизнесте емес, Ұлттық банктің «асқазанында» сақтау əлдеқайда сенімді. «Себебі экономикаға құйылатын ақша тиімсіз пайдаланылса ақша массасы өседі, ал тауар саны өспейді. Онда тауар массасының үстінен ақша «егіздері» пайда болып, баға көтеріле бастайды. Мұндай жағдайда ҰБға инфляцияның қосарланған əсерімен күресуге тура келеді», – дейді сарапшы.
Аружан МАУЛЕНБАЙ, «Заң газеті»