12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

АҚМОЛА ИНДУСТРИАЛДЫҚ АЙМАҚҚА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

Елдің экономикалық тұрғыда өсуін қамтамасыз етуде бірінші кезекте инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы аса маңызды бағыттардың бірі екені сөзсіз. Іргелі өндіріс орындары мен жаңа жұмыс орындарын құруда да инвестициялық қаржы ірі мәселелердің шешімін табуына жол ашады. Аграрлық саладан аграрлы-индустриалды өңірдің қатарына енген Ақмола облысында инвестициялық тың жобалардың көмегімен өңдеу өнеркәсібі өндіріс орындарының қатары жыл санап көбейіп келеді. Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше биылғы жылы елімізде өңдеу саласында 70-ке жуық инвестициялық жобалар пайдалануға берілмек. Оның ішінде 14,2 миллиард теңгені қамтыған бес бірдей ірі жоба Ақмола облысының аумағында жүзеге асырылмақ.

Мәселен «Unicorn Feed Limited» жеке Ақмола облысы компаниясының инвестициялық қаржысымен құны 6 миллиард теңге болатын сағатына 18 тонна құрама жем дайындайтын зауыт құрылысы жүріп жатыр. Бүгінге дейін зауыттың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, зауыт қаңқасы орнатылып қойған. Инфрақұрылымдық жолдары салынып, Даниядан арнайы құрылғы да жеткізіліпті. Құрылғыны монтаждау жұмыстары жүргізілмек. Биылғы инвестициялық қаржының есебінен өнім көлемін айтарлықтай ірі көлемде көбейтуге мүмкіндік алған зауыттың бірі Қосшы қаласында ашылған «IL-TOV» ЖШС-нің кәсіпорны. Мұнда тауық етінен шницельдер, котлеттер, митболдар, стрипстер мен наггетстер сияқты басқа да жартылай фабрикатты өнімдер шығарылып жатыр. Құны 3 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайтын бұл кәсіпорын елімізде тұңғыш рет 3 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қабілетті. Зауыт цехтарында еуропалық және жапониялық жетекші өндірушілердің заманауи қондырғылары орнатылған. Олар өнімнің аса жоғары сапалы болуына кепілдік береді. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының дерегінше осы жылдың ақпанынан мамырына дейінгі аралықта ғана 385 миллион теңгенің 560 тонна өнімін шығарған. Инвестициялық жоба Қазақстан ғана емес тұтас Орталық Азия елдерінде бірегей кәсіпорын.

Бүгінде 52 адам еңбек ететін құс етінен жасалған дайын жартылай фабрикаттарын шығаратын кәсіпорын алдағы уақытта отандық өнім үлесін ұлғайтып, нарықта шетелдік импорттың көлемін төмендетуді көздеп отыр. Зауыт директоры Сәния Омарованың айтуынша кәсіпорындағы негізгі шикізатты Макинск құс фабрикасы қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар жартылай фабрикаттық өнімдерге қосылатын дәмдеуіштер мен қаптамалар қазақстандық өнімдер.

– Біздің зауыт – қазақстандық жергілікті өнімді өндіруге және аталған саладағы импортты айтарлықтай алмастыруға мүмкіндік беретін мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан іргелі инвестициялық жоба. Компания Мемлекет басшысының импортты алмастыру туралы тапсырмасын жүзеге асырып жатыр деп айтуға болады, – дейді Сәния Омарова. Зауыт өнімдері негізінен Қазақстанның барлық ірі қалаларына жеткізіліп келеді. Сонымен қатар, болашақта жартылай фабрикат өнімдерді Ресей және Өзбекстан сияқты алыс-жақын шетелдерге экспорттау жоспарланыпты. «ILTOV» ЖШС-нің жаңа зауыты отандық құс шаруашылығы саласын дамытудың маңызды буынына айналып ел экономикасын дамытуға сонымен қатар салаға жаңа инвестиция тартуға ықпал етпек. Өңірде сонымен қатар жылына 31 мың тоннадан астам жарма өндіруге қауқарлы зауыт құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Құны 3,8 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық іргелі жоба «Qazaq food market» компаниясымен жүзеге асырылмақ. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, 30 адам жұмыспен қамтылған. Зауыт қаңқасының қабырғасын қаптау жұмыстары жүріп жатыр. Түркиядан арнайы қондырғы жеткізіліп, орнату жұмыстары басталып кеткен. Зауыт осы жылдың желтоқсанында пайдалануға берілмек. Басқарма ұсынған мәліметке қарағанда, Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспары шеңберінде индустриалды аймақтарға инфрақұрылымдарды өткізуге 2026–2028 жылдары республикалық бюджеттен 25 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Мәселен, Аршалы ауданында республикалық маңызға ие «Aqmola» индустриалдық аймағы құрылған. Қазіргі уақытта 30 гектар алқап болашақта 1000 гектарға дейін кеңейтілмек. Облыс әкімдігімен кіші өнеркәсіптік аймақ республикалық маңызға ие Аршалы ауданына осы «Aqmola» индустриалды аймақты орналастыру жоспарланған. Толық жоспар мен жобалық-сметалық құжаттама жасалғаннан кейін кіші өнеркәсіптік аймақтың жер учаскесі анықталмақ. Қаржыландыруға өтінім 2025 жылы берілмек. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшылығы агро-өнеркәсіптік кешендердің көктемгі егіс пен күзгі науқанды уақытында өткізуі үшін жергілікті бюджеттен 100 миллиард теңге қосымша қаржы бөлінетінін де жеткізді. Сонымен қатар, көктемгі және күзгі егін орағы жұмыстарына «Кең дала» жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы шеңберінде 383 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 37,5 миллиард теңге сомасында қаржыландырылғаны да аталып өтті. «Кең дала» бағдарламасының ең негізгі басымдығы мөлшерлемені төмендетуге арналған субсидияны рәсімдеуді қажет етпестен жылдық 5 пайызбен несиелеу болып отыр. Ең бастысы қарыздардың 85 пайызы «Даму» қоры арқылы сақтандырылуы. Фермерлерді қарыз сомасының тек 15 пайызы мөлшерінде ғана кепілмен қамтамасыз ету қажет. Несиелеуге өтінімді де енді банктер мен несиелік серіктестіктер арқылы ғана емес, сонымен бірге ӘКК, өңірлік инвестициялық орталықтар сонымен қатар тікелей корпорацияға да беруге болады. Қарастырылған қаражаттан «Көкше» ӘКК-ге көктемгі егіс науқаны мен егін орағын несиелеу үшін 5 миллиард теңге бөлу мәселесі де шешімін тапты», – дейді Ақмола облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова. Облыста сауда саласында да инвестициялық іргелі жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Мәселен, биылғы жылы сауда саласындағы жалпыұлттық пул шеңберінде жеке қаражат есебінен облыста 2,2 миллиард теңгеге 2 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Атап айтқанда Көкшетау қаласында жеке қаржы есебінен 1,4 миллиард теңге сомасына «KazRost Engineering» жеке компаниясының дилерлік орталығының құрылысы басталған.

Сондай-ақ облыс орталығында «Hyundai Kokshetau» ЖШС-мен автокөліктерді сату бойынша дилерлік орталығының құрылысы жүргізіліп, алдағы тамыз-қыркүйек айларында пайдалануға берілмек. Сонымен бірге, Көкшетауда «Central Place» ЖШС-мен құны 7 миллиард теңге болатын аумағы 33 мың шаршыметрді алатын тамақ өнімдерін шығаратын гипермаркетті заманауи сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал «Botai Development»акционерлік қоғамы 5,8 миллиард теңгеге жалпы ауданы 15,8 шаршы метрде сауда және ойын-сауық орталығының құрылысын бастаған. Аталған сауда және ойын-сауық орталықтарының құрылысын 2025 жылы аяқтау қарастырылыпты. Жалпы, кез келген саладағы инвестициялық жобаларда бастысы ел игілігіне қызмет етіп, елдің экономикалық әлеуеті мен халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етсе оның мемлекет үшін де маңызы зор болатыны анық….

Бетті әзірлеген Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ Ақмола облысы

Сотталғандар арасында діни сауаттылықты арттыру

2024 жылы 14 қараша ҚАЖ Департаменті #3 мекемесіне Дінді...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...

Сот ісін жүргізудегі қазақ тілінің қолданысы

Мінекей, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына 30...

Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезі

Ағымдағы жылдың 4 қазанында Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезіне...

Пробация есебіндегі жастар арасында үстел теннисінен жарыс өтті

Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен пробация есебіндегі азаматтар...