Ерні кеберсіп жатып, оянып кетті. Тілі таңдайына жабысып қалған. Танауына қан иісі ме, әлде сүт пе, бір жеңсік ас келгендей болды. Айналасы қараңғы екен. Жан-жағын сипалап, иіс шыққан жерді іздеді. Екі тізесі қу ағаштай қатып қалыпты. Иілмейді. Орнынан тұра алмай, еңбектеп жатып қолы жеткен жерді қармады. Ілінді-ау, әйтеуір! Бұл бір қуанып, бір суынды. Сұп-суық зат қолын темірдей қарып барады. Сонда да бар күшімен өзіне қарай тартты. Шамасы келмеді. Қатып қалған ба, орнынан жылжымайды. Енді сүйретіліп жатып, өзі жетті. Бұрын мұндай тас түнектен түйме іздейтін қос жанары мына қараңғыға әлі үйренісе алмай әлек. Алақанын қарып бара жатқан әлгі зілбатпанды саумалап отырып, жоғары өрлеген. Бетіне жылымшы бірдеме тигендей болды. Бойы тіксініп, денесі қалшылдап кетті…
Бұл Коляның адам сойған ең алғашқы түні. Одан бері қанша апта, қанша ай өтті? Қаншама бейкүнә жанның қабырғасын қақ айырып, омыртқасын үзіп, жұлынын жұлып алды? Есінде жоқ. Ойласа, санынан жаңылады. Бір қызығы, ол жемтігін бас салып, қанын судай шашпайды. Көзіне түскен жанның бәріне пышақ ала жүгірмейді. Өзіне ұнаған адамды ғана аңдиды. Соның артына апталап, айлап түсіп жүріп, қармағына түсіреді. Басқа адам сойғыштар сияқты емес, Коля кісінің жасына, түр-түсіне де қарамайды. Ол өзінің құрбандығынан жеңсік иіс тапса танауы қанға бөкпей, әлгі адамның қыр соңынан екі елі қалмайды…
Коляның азан шақырып қойған аты бар. Бала күнінде үлкендер «Қалыш» деуші еді. Есейе келе «Коля» атанып кетті. Өскеменде туып-өсті. Бір жастан асқан кезі болу керек, анасын маскүнемдер пәтеріне кіріп, қан-жоса қылып пышақтап, өлтіріп кетеді. Бұл сол кезде марқұм шешесінің құшағында болған. Үлкендердің айтуынша, Қалыш екі күн – екі түн өлген анасының омырауын еміп жатыпты. Жансыз мүрдеден сүт шықсын ба, көршілері келіп бала мен ананы ажыратқанда, сәбидің езуінде қатқан қанды көбік болыпты.
Қалыштың әкесі анасының жылы өтпей жатып басқа біреумен бас құрады. Бұл ата-әжесінің құшағында қалған. Бірақ, өсе келе түр-түсі түсініксіз әлдебір бейнені іздейтінді шығарды. Оның кім екенін, не үшін іздейтінін өзі де білмейді. Бір қызығы, қасынан әйел өтіп бара жатса, бұл соның соңынан еріп, әлдебір жұпар иісті сағынатындай. Бала күнінде оның бәрі кешірімді, жарасымды еді. Тіпті, ауылдағы кейбір жас келіншектер топ-томпақ Қалышты құшақтап, көзінен, бетінен сүйіп жататын. Бұл олардың омырауына басын тығып, құшырлана иіскейтін-ді. Ер жете келе онысы ерсі көріне бастады…
Осыдан үш жыл бұрын Коляның ата-әжесі қайтыс болып, жас жігіт Өскеменді тастап, Алматыға жұмыс іздеп келді. Әйдік қалада екі қолға бір күрек табу қиынға соқпады. Қолайына жаққан шаруаны қайырып, тапқан азын-аулақ тиын-тебеніне күнелтіп жүрді.
Бір зауытта күзетші еді. Таңғы елең-алаңда кезегін ауыстырып, үйіне қайтады. Талғар жақтағы иесіз саяжайлардың бірінде тұрады. Автобусқа Саяхаттан мінеді. Күндегі әдеті бойынша сол жерге келді. Аялдамаға жеткені сол, екі иінінен әрең демалған автобус жүргелі тұр екен. Бұл да мінді, көлік те қозғалды. Адам көп. Жолаушылар бірінің үстіне бірі мінгесіп, әрең тұр. Қалыш та көп ішінде қысылып әлек. Бір кезде оның алпыс екі тамырын иітіп, алдыңғы жақтан бір жұпар иіс танауына талып жетті. Түні бойғы ұйқы меңдеп, бір жағынан бойын балқытып әкетіп бара жатқан анау жұпардың күші мұның еркін алып қойғандай. Нөпірдің ішін бұзып-жарып, автобустың алдыңғы жағына өтті.
Танауына талып жеткен хош иістің иесін тапты. Ақсары, жүзінен нұры төгілген уыздай жас келіншек екен. Жақындап келіп, тұмсығын әлгі келіншектің шашына тықты. Адам көп болған соң ба, анау да қарсылық танытпай, жылы жымиып үнсіз тұра берген. Қалыш дәл солай қанша уақыт тұрғанын білмейді. Бір кезде сары келіншек орнынан қозғалып, есікке қарай беттегенде ғана бұл есін жиып алды. Қай жерге жеткенін түсініп жатқан жоқ. Әлгі хош иістің соңынан ерді. Көліктен түскенде байқады, өзінің үй жағына жақын маң екен. Жол бойында екеуден екеу қалған соң, бұл келіншекке тіл қатты…
Сол күнгі таныстықтың соңы бұларды тез жақындастырып жіберді. Жас келіншектің күйеуі жол апатынан қайтыс болыпты. Өзі осы Талғардың қызы. Аты – Салтанат. Күйеуінен бір қызбен қалыпты. Қалыш оған не үшін жақындап жүргенін өзі де анық білмейді. Ал жұпар аңқыған келіншек болса, жігітті жақсы көріп қалдыға жорып, бақыттан басы айналды. Салтанат та түнгі кезекте жұмыс істейді. Күндіз қолы бос. Бір күні Қалыш мұны саяжайдағы құжырасына шайға шақырды.
Қоңыр күздің май тоңғысыз әдемі шағы болатын. Қыз бен жігіт қолтықтасып келіп, шарбағы сынған, ашық-шашық жұтаң үйге тоқтады. Қалыш: «Салта, мен осында тұрып жатырмын. Уақытша бәрі. Үй жұпыны болғанымен, көңілім таза. Кел, қонақ бол» – деп, есігін ашты.
Жастар ұзақ отырды. Шай ішті. Шайдан соң, әйел кірген үйдің берекесі келіп, қазан асылды. Сөйтіп, бір-ақ сәтте иесіз саяжайда тіршілік тынысы пайда бола қалды. Салтанат шешесіне қоңырау шалып, бір жаққа баратынын айтып, алдын ала сұранып қойыпты. Онысы қандай жақсы болған. Арқаны кеңге салып ұзақ отырды. Сырласты, мұңдасты. Қалыш арасында жүгіріп барып дүкеннен қызыл шарап әкелді. Шараптың буы буынға түскенде, иесіз саяжайды махаббат елесі кезіп кеткен. Қалыш өмірінде әйел затын көрмегендей өлермендене, сондай бір құштарлықпен Салтанатты сүйіп, құша бастады. Төсек көрген әйелде тағат болсын ба? Еркектің құшағын аңсап, шөлдеп жүргенде өзімен құралпы зіңгіттей жігіттің өліп-өшкені бұған да майдай жаққан. Балбырап барып, талықсып кетіпті. Бір кезде көзін ашса, омырауында баладай жабысып бақырдай бас жатыр…
Содан бастап бұлар жиі кездесетін болды. Қалыш оңаша қалса, жас келіншектің омырауына жүгіреді. Емізулі бала дерсіз. Күндердің бір күні Салтанатты әлдебір еркектің қасынан көріп қалады. Өзін ұстай алмай әлгі жігітке қол ала жүгірген. Қой дегенге көне ме? Анау да бір жойт екен, Қалышты қан жалатыпты. Содан бастап Салтанат мұның ішінде бұққан алапат мінезінен қаймығып, кездесуге шықпайтын болды. Ал Коля болса, жас келіншекті аңдуды шығарды. Үйінен шыққанда, жұмысынан қайтқанда жолынан күтіп алып, мазасын алып жүрді. Икемге көнбеген соң, бір күні Салтанатты сүйреп отырып саяжайға алып келді. Әйел табиғаты күшке көнсін бе, қарсыласып бақты.
Салтанаттан айырылса, өмірі тозаққа айналатындай болған Қалышта сабыр қалмады. Алысып жүріп жас әйелді қылғындырды. «Ашу – дұшпан» деген рас екен, ойда-жоқта сағынышына айналған Салтошын тұншықтырып өлтіріп алды. Онысын өзі де байқамаған. Жұмарлап әкеліп төсекке жатқызды. Қос анарын ашып жіберіп, еміреніп тұрып бас қойсын… Қанша жатқанын білмейді. Көзін ашса, құшағында қатқан қайыстай болып сіресіп, денесі мұздай Салтанат жатыр. Сонда ғана өзінің не бүлдіргенін түсінді. Өгіздей өкіріп, кеміктей егіліп жылады. Одан қайыр бар ма?!
Оң-солын әлі толық танып үлгермеген жас жігіт әйелдің мүрдесін көміп тастаудан қорықты. Өлімге де қимайтындай. Есі де кіресі-шығасылы. Жансыз мүрдені бір апта ермек қылды. Күнде жұмыстан келе сала көрпе астында жатып иістене бастаған мүрдені ашып жіберіп, көз жасын көлдетіп, шандыр тартқан қос омырауға бас қояды…
Сол бір сүркейлі кештен кейін, Қалыштың жұпар иіске деген құмарлығы тіпті асқынып кетті. Көшеден танауына таныс иіс келсе, соның артына түсіп, есі ауысқан жандай меңірейіп, еміреніп кете беретін болды. Біреуіне қолы жетті. Ал қолы жетпегендерін Салтанатты қылғындырғандай қылтамақтан алып, саяжайға сүйреп әкелетінді шығарды. Тіпті, сол үшін Өскеменде қалған жаман жигулиін де алып келді. Жұмыстан кейін Алматы мен Талғардың арасына адам тасиды. Мақсаты ақша табу емес, танауын тесіп бара жатқан әлгі хош иіс. Көлікке мінген адамда артық қарсылық болмайды екен, бірден саяжайға тартады. Қандауыздың ісіне құнығып алғаны соншалық, кәнігі жаналғышқа айналды. Алдымен «олжасын» құмары қанғанша емеді. Содан кейін мүшелеп сойып, саяжайдың жертөлесіне тастай салады, тастай салады…
Алты ай қыста өз еркімен әкелгені бар, күштеп-зорлап жеткізгені бар, жеті-сегіз қыз-келіншекті жәукемдепті. Сонда да құмары бір қанбады-ау, пәтшағардың. Сол жылы көктемде бұл кезекті бір құрбандығын шырғалап, саяжайға жете бергенде қолға түсті. Қыстай құрыққа ілінбей жүрген. Күн жылынғанда күлімсі иіс шыққан соң, ары-бері өткен жолаушылар жергілікті әкімдікке хабарлапты. Әкімшілік қызметкерлері иісті індетіп жүріп, әлгі сүркейлі саяжайдың жертөлесіндегі қалың мүрденің үстінен түспей ме. Кісі танымастай кескілеп тастаған. Қолы – қол, бұты – бұт боп жатқан қалың мүрдеден ұраның ауызы жабылмай қалыпты. Көрген адамның иманы ұшатындай суық көрініс. Суық хабар жергілікті Полиция департаментіне жетеді. Олар қандықолды ұстау үшін саяжайды күзетке алған. Әлденеден секем алғандай, Қалыш апта бойы Талғар жаққа ат ізін салмай қояды.
Тағы да елең-алаң шақ. Саяжайдың төмен жағынан шоқалақтаған жаман жигули көрінді. Көлік тура тартып отырып өлік сасыған жаман үйге бір-ақ тоқтамай ма. Көліктен екеу түсті: біреуі ер, екіншісі әйел. Әйел қолқаны қапқан күлімсі иістен жиіркеніп, мұрнын басты. Манағы сүркейлі үйге аяқ басқысы келмей, кері шегінді. Қасындағы еңгезердей еркек оны қоярда-қоймай, орнынан тік көтеріп алды да желе жөнелді. Сол сәтте бәрін аңдып тұрған сақшылар сарт-сұрт қимылға көшті. Қыз көтерген еркекті біреуі мұрттай ұшырсын…
Қалыштың тергеушіге берген жауабын тыңдаған жұрт жағасын ұстады. Коля жұпар иіске құмарлығын, сол иістің жолында жанын беруге даяр екенін айтыпты. Қалыштың әңгімесін тергеушіден кейін психолог қыз тыңдаған. Оның сотқа берген жауабында бөгенайы бөлек мынадай бір сөйлем жүрді:
«Қалыш Батырбекұлы сәби күнінде ана мейіріміне, шешесінің ақ уызына қанбаған. Анасын маскүнемдер өлтіргенде, шешесінің өлі тәнін қан шыққанша емген. Содан адам бойында қанды сүтке, жұпар иіске деген құштарлық қалып қойған. Қалыш сол жұпар иіс пен қан татыған сүттің кермек дәмін есейгенше іздеген. Әйел атаулыдан сол иістің, сүттің дәмін іздеп, осындай қылмысқа барып отырған» – деп жазыпты.
Тағы да елең-алаң шақ. Саяхаттан тозығы жетіп, шоқалақтаған бір жигули шықты. Тізгінде азу тісін ақситып күліп, қасындағы қызға құмары ашылып бір жігіт кетіп барады…
Жарас КЕМЕЛЖАН