12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қамидолла ИРМЕНОВ:«ӨМІРГЕ ҚАЙТА КЕЛСЕМ, ТАҒЫ ДА ДӘРІГЕР БОЛАР ЕДІМ»

Медицина – жауапкершілігі мол, жүгі ауыр салалардың бірі. Сондықтан үлкен білімді, өмір бойғы ізденісті, жоғары біліктілікті талап ететін мамандықты жоғары деңгейде меңгеру оңай емес. Осындай талапқа сай болып, Гиппократ антына адалдық танытып, ақ желеңді абзал жан атанғандарға ел-жұрттың құрметі зор. Сондай жандардың бірі, Ақ Жайық өңірінің медицинасын дамытуға, жаңа белеске шығаруға өзіндік үлесін қосқан азамат, Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Қамидолла Ирменовпен сұхбаттасқан едік.

– Қамидолла Мұтиғоллаұлы, денсаулық сақтау саласына қалай келдіңіз? Дәрігер болуды бала кезден армандадыңыз ба? Қиналған сәттерде бұл мамандықты таңдағаныңызға өкінген кездеріңіз болды ма?
– Мен 1961 жылы Орал облысындағы қазіргі Тасқала ауданының Екінші Шежін ауылында дүниеге келдім. Әдетте тұңғыш немерені атасы мен әжесі бауырына алады ғой. Мені де Зұлқарнай атам мен Ақмаңдай әжем өздерінің баласы етіп «меншіктеп» алды. Бүгінде жасы 86-ға келген әкем Мұтиғолла мен биыл 81-ге толатын анам Шолпан «атасы мен әжесінің баласы» деп икемдеген соң, көпті көрген, өмірдің талай белестерінен өткен аяулы жандардың тәрбиесінде өстім. Зұлқарнай атам мал дәрігері болды. Ол кезде ауылда дәрігер жетіспейтін, денсаулығына байланысты кінәрат туындағанда, не оқыс жағдайға тап келгенде ауылдастарым атамнан көмек сұрайтын. Балаларын да алып келетін. Өнегелі ісімен көптің құрметіне бөленген атам қолынан келгенше жәрдем беретін. Адам өміріне араша болу, алғашқы дәрігерлік көмек деген сол кездегі менің балалық санамда осыдан бастап қалыптасса керек. Сол атамның қызы, яғни Клара деген анамдай болған апам кәсіби дәрігер еді. Ақтөбедегі мединститутта еңбек етті. Жездем Орынбек Жамалбекұлы да осы оқу орнында дәріс оқыды. Екеуі де – танымал ғалымдар. Сөйтіп, 8-сыныптан бастап солардың қолында тұрдым. Енді, шын мәнінде, денсаулық сақшылары қандай болатынын жете түсіне бастадым. Апа-жездемнің сөздері, іс-әрекеттері, тұрмыс-салттары – бәрі ұнағаны соншалық, мектеп бітірген бойда мединститутқа оқуға түсіп, дәрігер боламын дедім. Сол сөзімде тұрдым. Мамандығым өзіме қатты ұнайды. Өмір болғасын біреулер өкініп «қап, бұл мамандықты қайдан таңдадым» деп жатады ғой. Менде ондай өкініш болған емес. Еліміз егемендігін енді алған елең-алаң шақта әлеуметтік жағдайдың төмендігіне байланысты басқа бағытқа кету туралы ойдың болғаны рас. Жасым 30-ға толар толмастан Орал облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері болдым. Балалар ауруханасында бұған дейін еңбек етпеген соң, әкімшілік жұмыстарға көп араласпаған соң біраз қиналдым. Ол кезде жалақы да аз. Отбасын асырау керек, үйдің үлкені болғандықтан, әке-шешеңді, бауырларыңды ойлайсың, бәріне көмектескің келеді. Бизнеске, сауықтыру орындарына қызметке шақыртулар түсті сол сәттерде. Табысы көптеу болғасын қызықтым. Дегенмен ойлана, қабырғаммен кеңесе келіп, осы салада қалғаным дұрыс деп шештім. Егер өмірге қайта келіп, мамандық таңдау керек болса, ойланбастан тағы да дәрігер болар едім.
– Бәрекелді, осыдан-ақ мамандығыңызға деген адалдығыңыз көрініп тұрғандай. Жоғарыда айтқан сөзіңізге қарап сіздің дәрігер ғана емес, ғылымға ден қоюыңызға да апа-жездеңізден алған тәрбие негіз болған сияқты…
– Әрине, мамандыққа деген махаббатты, адалдықты алғаш солардан көрдім. Абай атамыз «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» демей ме. Олардан үйренгенім көп. Өмірде азды-көпті жетістіктерім болса, атаанам мен осы апа-жездемнен алған тәрбиеден деп білемін. Бүгінде жездем қайтты, апам Алматыда тұрады. 1985 жылы медициналық институтты акушер-гинеколог мамандығы бойынша бітіріп, Оралға келдім. Жолдасым да гинеколог болған соң, өзім осы саланың басқа бағытына, яғни реаниматологияға бет бұрдым. Жалпы, бұл сала менің мінезіме сәйкес келеді. Адамдардың түрлі ауруына, жарақатына байланысты тез шешім қабылдауың керек. Одан бөлек терең білім қажет. Мәселен, гинекология, терапия, кардиологияларда, негізінен, бір бағыт болса, ал реаниматология жан-жақтылықты талап етеді. 1986-1992 жылдар аралығында облыстық перзентхананың реанимация бөлімінің меңгерушісі болдым. Осы саланы жете меңгерген соң, 2003 жылы Мәскеуде бұл бағытта кандидаттық диссертациямды қорғадым. Артынан докторлық диссертацияға дайындықты бастадым. Ол кезде жоғарыда айтқан балалар ауруханасының бас дәрігері едім. 2004 жылдан бастап облыстық ауруханаға, 2007-2017 жылдар аралығында облыстық денсаулық сақтау басқармасына жетекшілік жасадым. Уақытымның көбі ұйымдастыру, әкімшілік жұмыстарға кететін, ғылыммен айналысуға мүмкіндігім болмады. Осынау жайтты облыс басшыларына айтып, денсаулық сақтау басқармасы басшысы лауазымынан босатуын сұрадым. Алайда өтінішім қабылданбады.\ Соңғы жылдары сәл қолым босаған соң, ғылымға қайта ден қойдым. Өңірдегі денсаулық саласының жұмысын ұйымдастыру турасындағы докторлық диссертациямды қорғау бағытында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ғалымдарымен бірге жұмыс істеп жатырмын.
– Сәттілік тілейміз, еліміз тағы бір медицина саласы докторымен толығатынына сенеміз. Айтпақшы, сіз басқаратын Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі аталмыш университеттің Ақ Жайық өңіріндегі филиалы болып табылады емес пе…
– Рақмет. Өзіңіз білесіз, Үкімет тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда көптеген мемлекеттік мекеме-кәсіпорындар сенімгерлік басқаруға берілуде не жекеменшікке өтуде. Үш-төрт жыл бұрын біздің колледж де сондай тізімге енді. Мен колледжге директор болып келгенде осы әңгіме басталып жатты. Облыс басшылығымен бір кездескенде «Ғасырдан астам тарихы бар бұл оқу орнын жекенің қолына берсек, жағдайын, деңгейін төмендетіп алуымыз мүмкін. Ал С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университет сынды іргелі оқу орнына қосылсақ, ұтарымыз көп» деп ұсыныс айттым. Әкімдіктің қолдауымен университет құрамына ендік. Айта кету керек, бұл ЖОО холдинг болып табылады. Оның қарамағында түрлі оқу орындары, ғылыми мекемелер бар. Бұл колледжді жаңа сатыға шығаруға мүмкіндік береді. Нақтылап айтқанда, колледжді ғылыммен кіріктірілген оқу ордасы ретінде стратегиялық тұрғыдан дамытуға жол ашылады. Қазір осы бағытта тиісті іс-шаралар жүруде. Бір жыл бұрын колледж базасында аталмыш университеттің филиалын аштық. Енді студенттер ғана емес, жергілікті дәрігерлер, медбикелер Алматыға бармай-ақ, осы жерде оқып, білім-біліктілігін арттыра алады.

– Сіз жетекшілік ететін колледж еліміздегі медициналық білім берудің бастауында тұрғанын білеміз. Бүгінгі таңда оқу орны мейірбике қызметін реформалау ісіне де белсене қатысып жатыр…
– Иә, 1916 жылы қазақ жерінде, соның ішінде Орал қаласында алғашқы рет болашақ дәрігерлерді оқыту басталды. Яғни колледжіміздің тарихы осы жылдан бастау алады. Өзіңіз білесіз, Еділ мен Жайық арасындағы аймақ ғасырлар бойы обаның ошағына айналды. Тек ХХ ғасыр басының өзінде екі мәрте ірі эпидемия болды. Бұл жағдай біздің өңірімізге эпидемиямен күресу, оны зерттеу, сараптау жұмыстарын жүргізу үшін дәрігерлердің келуіне жол ашты. 1912 жылы Орал губерниясында эпидемиолог, ғалым Григорий Кольцов келді. Бұл елде оба ауруының өршіп тұрған кезі еді. Жергілікті жердегі медициналық кадрлардың оба мен тырысқақ эпидемиясының алдын алуға, жоюға шамасы келмейтінін түсінген ол жоғары жаққа медициналық мектеп ашу туралы хат жолдайды. Соның нәтижесінде 1916 жылы Орал ауруханасының жанынан төрт жылдық фельдшерлік-акушерлік мектеп ашылады. 1923 жылы ол мектепті еліміздің сол кездегі астанасы – Орынборға көшіру туралы шешім қабылданады. Енді ол мектеп емес, Қазақ өлкелік медициналық техникумы деп аталды. 1929 жылы техникум Орал қаласына қайта көшіріліп, Орал медициналық техникумы болып өзгертілді. Техникумның 30-жылғы түлектері Павлодар, Қостанай, Ақмола, Қызылорда, Семей, Алматы, Орынбор қалаларына да жіберіле бастады. Бұл Орал медициналық техникумының маман
даярлауда сол кездері республикада маңызды рөл атқарғандығын көрсетеді. 1934 жылы техникум алғаш рет Қазақстан бойынша 17 тіс дәрігерін оқытып шығарды. Сөйтіп жаңа бөлімдер ашыла бастады. Мәселен, 1960 жылы фармация бөлімі жасақталса, 1975 жылы санитарлық-фельдшерлік бөлімге оқушылар қабылданады. 1989 жылдан бастап орта медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру бөлімі жұмысын бастады. Қазіргі таңда оқу орны – бес мамандық, жеті біліктілік бойынша жоғары білікті және құзыретті медицина қызметкерлерін дайындайтын елдегі алдыңғы қатарлы колледждің бірі. ҚР денсаулық сақтау саласындағы базалық оқу орны болып табылады. Бүгінде колледжде 1400 студент білім алуда. Түлектер тек Батыс Қазақстанда емес, еліміздің барлық өңірінде, тіпті көрші елдерде де сұранысқа ие. Міне, осыдан-ақ оның абырой-беделін көруге болатындай. Бітірушілердің жұмысқа орналасуы 90%-ға дейінгі көрсеткішті құрайды, еліміздегі, шетелдегі медициналық жоғары оқу орындарына оқуға түсетін түлектер қатары да жыл санап көбейіп келеді. 2014 жылы оқу орны еліміздегі алты базалық колледж арасында мейірбике ісі мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламасын енгізу туралы ДСМ сынамалы жобаны жүзеге асыруға қосылды. Яғни Болон жоғары білім жүйесі аясындағы бұл жоба бойынша оқығандар кіші академиялық атақ алып шығады. Өркениетті елдерде мейірбикелерге қосымша құқықтар берілген. Олар науқастың күтіміне, оны бақылауға байланысты жоспарлау және ұйымдастыру жұмысын жүргізуге, салауатты өмір салтын үйрету, пациент пен оның туыстарын психологиялық тұрғыдан қолдау сынды шаралар алуға өзіндік шешім қабылдай алды. Сөйтіп, дәрігердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді. Мұның бәрі медициналық көмек сапасына оң әсер етпек. Өзіңіз айтқандай, мейірбике қызметін реформалауға белсене қатысып жатқан колледж соңғы екі жылда еуропалық стандарттар талабына сай 93 түлекті дайындап шығарды. Биылғы оқу жылының соңында, бұйыртса, олардың қатары тағы да 139 түлекпен толықпақшы. 2016 жылы Жоғары медициналық колледж атанған оқу орны еліміздегі 84 медициналық колледж түлектерінің білім сапасын бағалайтын Ұлттық орталықтың рейтингісі бойынша 2017- 2019 жылдар аралығында алғашқы үштік сапында келеді.
– Алдағы уақытта колледждің бұл сапты бастап тұруына тілектеспіз. Енді жеке өміріңізге қарай ойыссақ, жоғарыда айтып өткеніңіздей, өмірлік серігіңіз де – осы саланың маманы. Перзенттеріңіздің арасында іздеріңізді басқандары бар ма?
– Жолдасым Елена көп жыл Орал қаласындағы №1 перзентханада акушер-гинеколог болып еңбек етті. Екеуміз де дәрігер болған соң, күні-түні, демалыс, мерекеге қарамастан, ауруханада кезекшілікте болуымызға не шұғыл шақырту түсуіне байланысты жұмыста жүретінбіз. Соны көріп өскеннен бе екен, ұлым Руслан бала кезден дәрігер болмаймын деді. Бүгінде ол Алматыда банк саласында еңбек етіп жүр. Біздің жолымызды біреуі таңдасын деген ниетпен қызымыз Әсияға үміт арттық. Ол сенімімізді ақтады. Мәскеуге барып өз еңбегімен бюджеттік негіздегі оқуға түсіп, медуниверситетті қызыл дипломмен бітірді. Артынан ординатураны да ақысыз оқып, үздік бітірген соң, Санкт-Петербургтағы медициналық клиника оны арнайы жұмысқа шақырды. Қазір сонда стоматолог, бет-жақ хирургі болып еңбек етуде.
– Өзгенің бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз, ал өзіңіздің бойыңызда ұнатпайтын қасиет бар ма?
– Шыншыл жандарды бағалаймын. Біздің сала үшін шындықты айту өте маңызды. Яғни кейбір әріптестеріміз ота кезінде не емдеу барысында жіберген қателіктерін өтірікпен бүркемелегісі келеді. «Өтіріктің арты – бір тұтам» демей ме, ол бәрібір түбі белгілі болады. Сол себепті өзім әрқашанда шындықты айтуға тырысамын. Ал шындықтың көзіне тура қарауға екінің бірінің дәті бармайды. Одан кейін тәртіптілікті ұнатамын. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртіпсіз басталған жұмыс жүйесіз аяқталуы мүмкін. Бұл да бәріне бірдей ұнай бермейді. Өзгеге ұнамайды екен деп отырмайсың ғой. Тәртіпке бағынып, өз міндетін адал атқарған жан опық жемейтіні анық. Ұнатпайтын қасиеттердің бірі – білмейтін нәрсесін білемін деп шығып, артынан өзгенің сеніміне қаяу түсіру, өзі де опық жеуі. Айтқан сөзіне тұрмайтын адамдармен көп байланысқым келмейді. Ал өз бойымдағы ұнамайтын қасиетім – сенгіштік. Кейбіреулердің айтқанына құлақ асуымның салдарынан өкінген кездерім болмай қалған жоқ. Өмірімнің отыз жылға жуық уақыты басшылық қызметте өтті. Қазір ойлап қарасам, кімге көбірек ұрысып, «отқа да, суға да» салсаң, солар, негізінен, қай кезде де қасыңнан табылады екен. Ал мықтап тұрып көмектескен, үміті үзілер тұста сол адам үшін шапқылап, тіпті жақсы қарым-қатынаста жүрген жандарға дейін қарсы шығып, жәрдем бергендер артынан сені танымай кететінін көрдім… Өмір үлкен мектеп қой. Көп нәрседен сабақ аласың, үйренесің. Ең бастысы, қай кезде де адам болып қалуың маңызды ғой. Басшылық қызметте жүргенде біреуді жұмысқа аласың, көмектесесің, артынан жұмыс барысында олқы істері үшін ренжіп не сөгіс беріп, тіпті жұмыстан шығаратын кездер болады. Сондай кезде кетіп бара жатқан адам өз қателігін түсініп, бұған дейінгі сыйластықты, жақсылықты біліп, ренжімей кетіп бара жатса, мұны жөн деп есептеймін. Жалпы, өмірде ешкімге зияныңды емес, мүмкін болса, пайдаңды тигізгенің дұрыс қой. Балаларыма да осы бағытта тәрбие беруге тырыстым.
– Қамидолла Мұтиғоллаұлы, ашық, жан-жақты әңгімеңізге рақмет. Сізге барлық істе табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан
Сәкен МҰРАТҰЛЫ 

Есть ли выход из трудового рабства?

Во всем мире торговля людьми остается глобальной проблемой, затрагивающей...

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...