«AMANAT» партиясының Ақмола облысындағы филиалы жыл басынан бастап өңір тұрғындарына құқықтық, қаржылық кеңес беріп, бірқатар көмек көрсетті. Оның ішінде жұмыспен қамту, қаржылық мәселелер, басқа да өзекті сұрақтар қамтылған.
– Жылдың басынан бастап қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 3073 өтініш келіп түсті. Қарау қорытындысы бойынша 1957 өтініштің 64 пайызы оң шешілді, 34 пайызына түсініктемелер беріліп, консультативтік көмек көрсетілді, 2 пайызы жұмыс үстінде. Ең өзекті мәселелердің 5 негізгі тобына мыналар жатады: елді мекендердің инфрақұрылымы мәселелері (37%), әлеуметтік қамсыздандыру (18%), жұмысқа орналастыру және еңбек даулары (12%), тұрғын үй және жер телімдерін беру (10%) және халықты құжаттандыру (9%), – деп хабарлады «AMANAT» партиясының облыстық филиалы. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде азаматтарды бекітілген ереже кестесіне сәйкес қабылдау жүргізіледі. Жыл басынан бастап 2597 адам қабылданып, айтылған өтініштердің 72 пайызы, яғни 1857-сі оң шешімін тапты. – Жергілікті атқарушы органдардың басшылары 143 қабылдау өткізіп, 375 өтініш қабылдап, өтініштердің 59 пайызы оң шешімін тапты. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары 338 қабылдау өткізіп, 1064 өтініш қабылданып, өтініштердің 73 пайызы шешілді.
«Құқықтық көмек» жобасы аясында 78 тақырыптық қабылдаулар өткізіп, 236 азамат қабылданып, 53 пайызы қанағаттандырылды. Апта сайын адвокат, нотариус және медиаторлар қабылдау жүргізеді. Қарау қорытындысы бойынша азаматтарға ауызша заңгерлік кеңестер берілуде, сот құжаттары рәсімделіп, соттарда азаматтардың мүдделері қорғалуда,– деді «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы.
Берілген ақпаратқа жүгінсек, жыл басынан бері 38 шалғай елді мекендерде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді. Негізгі мәселелер: сумен қамту, жол жөндеу, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі. Әлеуметтік нысандар – мектептер, емдеу мекемелері және мәдениет ошақтарын салу және күрделі жөндеу, көшелерді жарықтандыру. Қарау қорытындысы бойынша азамат тарға ауызша заңгерлік кеңестер берілуде, сот құжаттары рәсімделіп, соттарда азаматтардың мүдделері қорғалуда. Оған қоса, ауқымды жобалардың бірі болып табылатын Президенттің тапсырмасы бойынша халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында басталған Аманат партиясы өңір тұрғындарына кеңес беруде. Ол облыстың барлық аудандарында жүргізіліп жатыр, әрбір адам қатыса алады. Тиесілі мамандар несие, депозит, заңгер мен қаржы тақырыбында пайдалы және нақты ақпарат пен кеңес береді. Партия филиалының мәліметі бойынша, Ақмола облысында 8200 адамды оқыту жоспарланған, бүгінгі күнде 2515 адам қаржылық сауаттылық бойынша білім алған. Партия филиалында өтініштер мен әр азаматтың жағдайы назардан тыс қалмайды. Оған қоса, Ақмола облысының Көкшетау қаласы мен Есіл, Жарқайың, Атбасар, Бұланды және Астрахан аудандарында болған. Су тасқыны кезінде партия мүшелері халыққа көмек көрсетіп, төтенше жағдайдың салдарымен белсене күресті. – Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен қатар, партия мүшелері, депутаттар мен «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері жергілікті билік органдарымен бірге су тасқынына қарсы қолға алынған шараларға атсалысты. Ақмолалық кәсіпкер депутаттар ауыр техникамен көмектесіп, арнайы есепшотқа ақша аударып, төтенше жағдай қызметкерлеріне ыстық тамақ жасап, құм салатын қаптар сатып алып, күн-түн демей халықпен бірге болды. Олар зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, мемлекет тарапынан көмек көрсететін арнайы комиссиялардың құрамында жұмыс істеуде. Гуманитарлық жүктерді жеткізуді ұйымдастырып, волонтерлердің жұмысын үйлестірді. Сонымен қатар, Көкшетау қаласындағы Достық үйінің жанынан ашылған гуманитарлық көмек жинау орталығына өңірдегі жаны жомарт азаматтардан азық-түлік, киім-кешек және тұрмысқа қажетті заттар әлі де келіп түсуде. Оларды «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері зардап шеккен тұрғындарға үлестіріп жатыр. Ақмола облысында 400-ден астам волонтер аянбай еңбек етті. «AMANAT» фракциясының депутаттары да қиындыққа тап болған өңірлерде, елдің ортасында жүрді. Депутаттар халықпен үнемі байланыста. Партия атынан сайланған депутаттардың басым бөлігі кәсіпкерлер болғандықтан, олар ең алдымен су тасқынымен күресті, атап айтқанда, өзендердің іргесін бекіту, құм толтырып, қаптармен жағалауды бекіту, ауыр техника жалдауға қаражат бөлу сияқты жұмыстардың алдыңғы қатарында жүрді. Мәселен, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Умар Шоназаров «Новопэк» полиэтилен қаптарын тігетін республикадағы ең ірі кәсіпорынмен бірлесіп 54 мың қап таратты. Одан бөлек 5 миллион теңгенің азық-түлігін, киім-кешек, резеңке етіктер таратып көмектесті, төтенше жағдай қызметкерлері мен еріктілерге арнап ыстық тамақ ұйымдастырды. Бұланды ауданында су кірген ауылдарға резеңке қайық апарып берілді. Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Руслан Шәмкенов Аршалы ауданы Жібек Жолы ауылы маңындағы өзеннің іргесін бекітуге арнайы ауыр жүк техникасын жалдауға 1 миллион теңге қаражат бөлді. Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Ғалымхан Саханов 5 миллион қаражат бөліп, төтенше жағдай кезінде қызмет етіп жүрген азаматтарға ыстық тамақ ұйымдастырды. Жалпы, ешбір депутат қиын-қыстау кезде сырт қалды деуге болмайды. Көптеген депутаттар өз қаражаттарына резеңке етік, ыстық тамақ, ауыз су алып беріп, көмек көрсетті. Есеп бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардағы «AMANAT» фракциясының мүшелері, яғни, біздің партиямыздан сайланған депутаттар жалпы сомасы 80 миллионнан астам қаражатқа гуманитарлық көмек көрсетті.
Бақыт МАХАМБЕТҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


