2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем төлеу мерзімдері ұлғайтылады. Сондай-ақ алты немесе одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға жаңа мәртебе беріліп, жәрдемақы көбейтіледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, балалы отбасыларды мемлекеттік деңгейде әлеуметтік қолдауды жақсартатын келесі нормалар қарастырылып отыр:
Бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы бір жарым жылға дейін беріледі.
Бұл ретте, МӘСҚ-тен төлем алушы жұмысқа ерте шыққан жағдайда, оның мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде сақталатын болады. Жұмыс берушілердің олардың қызметкерлері үшін МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің мөлшері өзгеріссіз қалатынын атап өту қажет.
Сонымен қатар бала туылғанға дейінгі соңғы 2 жылда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6 айдан аз уақыт қатысқан ата-аналар жұмыс істемейтін адамдармен қатар республикалық бюджеттен төленетін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алады.
Арнайы наградаға ие аналар үшін жәрдемақы мөлшері ұлғайтылады.
Әлеуметтік әділеттілікті орнату үшін наградталған аналарға берілетін жәрдемақының мөлшері сараланатынбақ. Мәселен, «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналар үшін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Бүгінгі таңда 6 және 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей жәрдемақы алады. Бұл ретте 6 немесе 7-ден көп бала туып, тәрбиелеген көпбалалы аналарға құрмет ретінде наградталған аналар мәртебесі белгіленеді.
АӘК алатын отбасыларға азық-түлікті өз бетінше сатып алу мүмкіндігі.
Атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алатын отбасыларға азық-түлік жиынтығын өз бетінше сатып алу мүмкіндігін беру мақсатында АӘК алушылар қатарындағы балаларға қосымша төлем белгілеу арқылы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау жүзеге асырылады.
Сондай-ақ мүгедектігі бар балалар үшін қызмет көрсетумен айналысатын жеке көмекшілерге зейнетақы тағайындау кезіндегі жұмыс өтіліне қосу мақсатында 2023 жылдан бастап зейнетақы жарналары жүзеге асырылады.
Жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемдерге қандай өзгерістер енгізілді?
Отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әртүрлі өмірлік жағдайларды көздейді және МӘСҚ-тан жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемді, бала тууына, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақыны, мемлекеттік бюджеттен жұмыс істемейтін әйелдер үшін және МӘСҚ-тан жұмыс істейтін әйелдер үшін жәрдемақыны, көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға отбасының табысы есепке алынбай төленетін жәрдемақыны қамтиды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімімен айналысатын әйелдерге орташа айлық табысының 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделіп отыр.