12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Алқабилерге де жауапкершілік бар

Сотқа алқабидің міндеттерін атқару үшін дәлелсіз себептермен келмеген азаматтың заң алдындағы жауапкершігі туралы әңгіме қозғау үшін, әрине, халықтың бірі түсінсе, бірі түсіне бермейтін, «Алқаби» деген ұғым төңірегінде аз-кем айтып өткен жөн.

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 16 қаңтарда қабылданған «Алқабилер туралы» Заңына сәйкес алқаби дегеніміз — соттың қылмыстық iстi заңда белгiленген тәртiппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы, ал алқабиге кандидат дегеніміз — Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiне сәйкес кейiннен алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн алқабиге кандидаттардың тiзiмiне енгiзiлген Қазақстан Республикасының азаматы.

Сотта алқаби ретінде қатынасу үшін іріктелген адам «Алқабидiң мiндеттерiн атқаруға кiрiсе отырып, өз мiндеттерiмдi адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелердi, дәлелдердi, iстiң мән-жайын назарыма алуға, ерiктi азамат және әдiл адам ретiнде iстi өзiмнiң iшкi нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемiн» деген мазмұндағы ант қабылдайды.

Алқаби – құрметті міндет бола тұрғанмен, кейбір азаматтары сотқа алқабидің міндеттерін атқару үшін шақыруларға салғырт қарап, сотқа келуден бас тартып, кейде тіпті сотқа дәлелсіз себептермен келмей жататындары бар.

Сот белгілі бір азаматты сотқа алқабиге кандидат ретінде шақыру үшін оған сотқа келу туралы хабарлама жолдайды. Бұл хабарлама сот отырысы басталғанша 7 тәулік бұрын алқабиге кандидатқа пошта байланысы арқылы немесе сот қызметкері арқылы қолма қол табыс етіледі. Алқабидің сотқа келуі туралы хабарламаны алған азамат міндетті түрде сотқа келуі шарт, ал сотқа келе алмайтын ерекше жағдайларда бұл туралы сотқа сот отырысы басталғанша алдын ала хабарлауға тиіс.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 514-1-бабына сәйкес алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн азаматтың сотқа шақыру бойынша дәлелсiз себептермен келмеуi азаматтарға ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Сотқа алқабиге кандидат ретінде шақырылған кейбір азаматтар қылмыстық іс бойынша сотталып жатырған адамдардың кейбіреулері бұрын бірнеше рет қылмыс жасап, түрменің дәмін татқан адамдар болғандықтан, өзінің жеке басының және отбасының, атап айтқанда балаларының, қауіпсіздігі үшін қорқып, сотқа қатысудан бас тартады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Бұл тұрғыда ешқандай қорқудың қажеті жоқ, өйткені «Алқабилер туралы» заңға сәйкес алқаби, оның отбасы мүшелерi және олардың мүлiктерi мемлекеттiң қорғауында болады. Егер алқабиден тиiстi өтiнiш келiп түссе, сондай-ақ алқабидің қауiпсiздiгiне немесе оның мүлiктерiнiң сақталуына қауiп төнудiң басқа да айғақтары анықталса, онда сот алқабидiң, оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктердiң сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажеттi шараларды қолданады.

Алқабиге кандидаттардың тізімін облыстың жергілікті атқарушы органы, яғни облыстық әкімдік, сайлаушылар тізімдерінің негізінде жасайды.

Қазақстан Республикасының «Алқабилер туралы» Заңының 10-бабына сәйкес алқабиге кандидаттардың тізімдеріне алқабилердiң тiзiмдерiн жасау кезiнде жиырма бес жасқа толмаған; өтелмеген не алынбаған  сотталғандығы бар; сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп  таныған адамдар; судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi; наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар енгiзiлмейдi.

Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiнен қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамдар; өздерiнiң дене кемiстiгi немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар; алпыс бес жастан асқан адамдар; дiни қызметшiлер өздерiнiң жазбаша өтiнiшi бойынша алып тасталады.

Жергілікті атқарушы органдар алқабилердің тізімін жасақтау барысында кез келген азаматтан қажеттi ақпарат сұратуға құқылы. Ал азаматтар өз кезегінде жергілікті атқарушы органдарға өзі туралы дұрыс ақпарат беруге мiндеттi. Азаматтар жергілікті атқарушы органдардың сұрауы бойынша өздері туралы қажеттi ақпаратты бермегендері, сондай-ақ дұрыс емес ақпарат бергендерi үшiн Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 514-2-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады, яғни жеке тұлғаларға ескерту жасалуы немесе айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде, ал лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткіштiң оннан он беске дейінгi мөлшерiнде айыппұл салынады.

Алқаби өзiнiң iшкi нанымы бойынша iстiң мән-жайын өз бетiнше бағалауға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкiндiк алу үшiн сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға; процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоюға; заттай дәлелдемелердi, құжаттарды тексерiп қарауға, жердi және үй-жайларды тексерiп қарау iсiне, сот тергеуiндегi барлық басқа да iс-әрекеттерге қатысуға; төрағалық етушiге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етiлген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты, өзiне түсiнiксiз басқа да мәселелердi түсiндiрудi сұрап өтiнiш жасауға; сот отырысы кезiнде жазбалар жасауға құқылы.

Сондай-ақ алқаби сот отырысында  тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға; алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн, сондай-ақ, егер сот отырысында үзiлiс жарияланған немесе iстi тыңдау кейiнге қалдырылған жағдайда, сот талқылауын жалғастыру үшiн сот көрсеткен уақытта келуге; сотқа келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, төрағалық етушiге келмеудiң себептерi туралы алдын ала хабарлауға мiндеттi, iстi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кетуге; iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге; iстi қарау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға; жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ  кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес. Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, сондай-ақ өздеріне қойылған шектеулердi сақтамауы оған айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Төрағалық етуші судья сот отырысы барысында алқабилерге қойылатын шектеулерді сақтамаған алқабиді сот процесіне одан әрi қатысудан шеттетуі мүмкін. Бұл жағдайда шеттетілген алқабиге айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салынуы мүмкін.

Алқабиге бюджет қаражаты есебiнен іс бойынша төрағалық етуші судьяның лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде, бiрақ алқабидiң сотқа қатысу уақытына барабар, оның негiзгi жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төленеді. Алқабиге кандидатқа (алқабиге) iссапар шығыстары да республикалық бюджет қаражаты есебiнен өтеледі. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқару уақыты еңбек стажын есептеген кезде есепке алынады. Алқабидiң мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi.

Лауазымды адамның, яғни жұмыс берушінің азаматқа сотта алқаби мiндеттерiн атқаруға кедергі келтiруі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

                                Маңғыстау облысының қылмыстық істер

жөніндегі мамандандырылған

ауданаралық сотының судьясы

Медиев Ақылбек Эсенович

Татулық — ел тірегі

Татулық – қоғамның негізі, халықтың рухын көтеретін, мемлекетіміздің тұрақтылығы...

Алимент төлеуден жалтарғандарға жаза қандай

Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақстан...

Жаңа кассациялық сот

 Мемлекет басшысы 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қылмыстық, азаматтық...

«Е-апостиль электрондық қызметін қалай тез алуға болады

Шетелге шығу кезінде Қазақстан Республикасының аумағында берілген құжаттар басқа...

Как не стать жертвой финансовой пирамиды

Финансовая пирамида (также инвестиционная пирамида, схема или игра Понци)...