Алқабилер институты – сот жұмысын жария өткізудің, төрелік алаңына халық өкілдерін тартудың мүмкіндігі. Зайырлы мемлекеттердің көпшілігінде алқабилер институты ертеден жұмыс істеп келеді. Ал Қазақстанда бұл жаңашылдық 2006 жылы «Алқабилер туралы» заңның қабылдануынан бастау алған болатын. Заңға сүйене отырып 2007 жылы елімізде алқабилер институты толыққанды жұмысына кірісті. Міне, содан бергі он жеті жылдың ішінде алқабилер соты үлкен өзгерістерді басынан кешірді. Дамыды, арнасын кеңейтті, ел ішіндегі танымалдығын арттырды.
Осы жылдар ішінде алқабилер институтының маңызын, мәнін түсіндіріп, халықтың оң көзқарасын қалыптастыру бойынша да ауқымды жұмыстар қолға алынды. Мұндай ақпараттық, насихат жұмыстарының басында отандық соттың тұрғаны ақиқат. Соттар «Алқабилер туралы» заңның тетіктерін таныстырып, басымдықтары мен артықшылығын түсіндіруде де белсенді рөл атқарды. Соның арқасында жыл өткен сайын ісін алқабилердің қарағанын сұрап, өтініш білдіретіндер қатары өсті. Бұған қоса, бұрынғы жылдармен салыстырғанда қазіргі кезде алқаби болуға ынта танытатындар санының да артқанын айта кеткеніміз жөн.
Әрине, жаңашылдықты халықтың бірден қабылдай бермесі белгілі. Алқабилер институты да алғашқы кезде көпшіліктің зор сұранысына ие бола қойған жоқ. Оның үстіне, әкімдіктер алқабилер тізімін жасағанда көптеген қателікке жол беріп, істердің созбалаңға салынуына, азаматтардың әуре-сарсаңға түсуіне ықпал етті. Алайда, «Көш жүре түзеледі» демекші, мұндай кедергілердің бәрі уақыт өте келе өз шешімін тапты. Соның арқасында алқабилерді іріктеуде де, істерді өз мерзімінде бастауда да жақсы нәтижеге қол жеткізілді.
Бұған қоса, заман талабына сай алқабилер соты қарайтын қылмыс түрлері көбейіп, алқабилердің құзыреті кеңейе түсті. Осы уақытқа дейін заңға бірнеше рет түзетулер енгізіліп, соның нәтижесінде бұрын алқабилер қарайтын істер 31 түрлі болса, енді оның саны 44-ке жетті. Кейінгі өзгерістің орын алуына Президент тапсырмасы қозғау болған еді. 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашады. Қазақстанда алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Біз бұл саланы одан әрі дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейтеміз. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өткені есімізде.
Президент тапсырмасына сай дайындалып, қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңына сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап алқабилердің қатысуымен қаралатын ауыр қылмыс түрлері көбейді. Осылайша биылдан бастап Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі, яғни, жүкті әйелдерді, кәмелетке толмағандарды қинауды қолдана отырып азаптаған деп айыпталғандар алқабилер сотына жүгіне алады. Сондай-ақ, 146-баптың 2, 3-бөліктері (азаптаулар); 188-1-баптың 2, 3, 4-бөліктері (мал ұрлығы); 293-баптың 3-бөлігі (қару қолданып бұзақылық жасау) бойынша істер де халық өкілдерінің қарауына ұсынылды. Бұған қоса, Қылмыстық кодекстегі 337-баптың 4, 6-бөліктері (заңсыз аң аулау); 346-баптың 2, 3, 4, 5, 6-бөліктері (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру) бойынша қаралатын істер де алқабилер құзырына берілді. Десе де, төтенше жағдайлар мен жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру қылмысы; бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы, конституциялық құрылыстың негіздеріне және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар; террористік және экстремистік қылмыстар; соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар; қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар; кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыстар алқабилер қарауына жатпайды.
Б.Бакирбаев,
Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы


