Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 16 қаңтарда қабылданған «Алқабилер туралы» Заңына сәйкес алқаби дегеніміз — соттың қылмыстық iстi заңда белгiленген тәртiппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы, ал алқабиге кандидат дегеніміз — Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiне сәйкес кейiннен алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн алқабиге кандидаттардың тiзiмiне енгiзiлген азамат.
Сотта алқаби ретінде қатынасу үшін іріктелген адам «Алқабидiң мiндеттерiн атқаруға кiрiсе отырып, өз мiндеттерiмдi адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелердi, дәлелдердi, iстiң мән-жайын назарыма алуға, ерiктi азамат және әдiл адам ретiнде iстi өзiмнiң iшкi нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемiн» деген мазмұндағы ант қабылдайды.
Алқаби – құрметті міндет бола тұрғанмен, кейбір азаматтары сотқа алқабидің міндеттерін атқару үшін шақыруларға салғырт қарап, сотқа келуден бас тартып, кейде тіпті сотқа дәлелсіз себептермен келмей жатады.
Сот белгілі бір азаматты сотқа алқабиге кандидат ретінде шақыру үшін оған сотқа келу туралы хабарлама жолдайды. Бұл хабарлама сот отырысы басталғанша 7 тәулік бұрын алқабиге кандидатқа пошта байланысы арқылы немесе сот қызметкері арқылы қолма қол табыс етіледі. Алқабидің сотқа келуі туралы хабарламаны алған азамат міндетті түрде сотқа келуі шарт, ал сотқа келе алмайтын ерекше жағдайларда бұл туралы сотқа сот отырысы басталғанша алдын ала хабарлауға тиіс.
Сотқа алқабиге кандидат ретінде шақырылған кейбір азаматтар қылмыстық іс бойынша сотталып жатырған адамдардың кейбіреулері бұрын бірнеше рет қылмыс жасап, түрменің дәмін татқан адамдар болғандықтан, өзінің жеке басының және отбасының, атап айтқанда балаларының, қауіпсіздігі үшін қорқып, сотқа қатысудан бас тартады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Бұл тұрғыда ешқандай қорқудың қажеті жоқ, өйткені «Алқабилер туралы» заңға сәйкес алқаби, оның отбасы мүшелерi және олардың мүлiктерi мемлекеттiң қорғауында болады. Егер алқабиден тиiстi өтiнiш келiп түссе, сондай-ақ алқабидің қауiпсiздiгiне немесе оның мүлiктерiнiң сақталуына қауiп төнудiң басқа да айғақтары анықталса, онда сот алқабидiң, оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктердiң сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажеттi шараларды қолданады.
Алқабиге кандидаттардың тізімін облыстың жергілікті атқарушы органы, яғни облыстық әкімдік, сайлаушылар тізімдерінің негізінде жасайды.
Алқаби өзiнiң iшкi нанымы бойынша iстiң мән-жайын өз бетiнше бағалауға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкiндiк алу үшiн сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға; процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоюға; заттай дәлелдемелердi, құжаттарды тексерiп қарауға, жердi және үй-жайларды тексерiп қарау iсiне, сот тергеуiндегi барлық басқа да iс-әрекеттерге қатысуға; төрағалық етушiге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етiлген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты, өзiне түсiнiксiз басқа да мәселелердi түсiндiрудi сұрап өтiнiш жасауға; сот отырысы кезiнде жазбалар жасауға құқылы.
Төрағалық етуші судья сот отырысы барысында алқабилерге қойылатын шектеулерді сақтамаған алқабиді сот процесіне одан әрi қатысудан шеттетуі мүмкін. Бұл жағдайда шеттетілген алқабиге айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салынуы мүмкін.
Алқабиге бюджет қаражаты есебiнен іс бойынша төрағалық етуші судьяның лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде, бiрақ алқабидiң сотқа қатысу уақытына барабар, оның негiзгi жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төленеді. Алқабиге кандидатқа (алқабиге) iссапар шығыстары да республикалық бюджет қаражаты есебiнен өтеледі. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқару уақыты еңбек стажын есептеген кезде есепке алынады. Алқабидiң мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi.
Лауазымды адамның, яғни жұмыс берушінің азаматқа сотта алқаби мiндеттерiн атқаруға кедергі келтiруі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер
жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының судьясы
Медиев Акылбек Эсенович