Алматыда Наурыз қалай тойланады?

Биыл Алматы тұрғындары мен қонақтары Наурыз мейрамын кең көлемде тойлайды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ашық аспан астындағы ауқымды концерттер, спорттық жарыстар, жәрмеңкелер мен түрлі іс-шаралар Көктөбе саябағында, Абай алаңында, Панфилов жаяу жүргіншілер көшесінде, Арбатта және Астана алаңында өтеді. Сонымен қатар, мерекелік іс-шаралар қаланың барлық ауданында ұйымдастырылады. Қала театрлары мен цирктері қайырымдылық қойылымын ұсынса, ірі концерт залдарында қазақстандық және шетелдік жұлдыздар өнер көрсетеді.

Алматыда Наурызнама аясында 100-ден аса іс-шара өтеді.

Астана алаңы

21 наурызда сағат 11:00-де Астана алаңында «Алматы – Наурыз құшағында» атты негізгі салтанатты концерт өтеді. Сахнада әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі, Майра Мұхамедқызы, Жанар Айжанова, Өмірқұл Айниязов, Жазира Байырбекова, Игорь Благородный, Төлеген Рахымбаев, КешYou тобы, Диная, AyaFunk және басқа да әртістер өнер көрсетеді.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының және «Жаңа ғасыр» театрының әртістері, «Алматы әуендерінің» солистері, «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі де концерттік бағдарлама ұсынады. Сонымен қатар, 21-22 наурыз күндері сағат 18:00-де осы алаңда танымал әншілер қатысатын екі күндік Juldyzdy Almaty кешкі фестивалі өтеді.

Астана алаңында спорттық ойындар, қолөнер жәрмеңкесі және отбасы мүшелерімен қатысып, қызықтайтын басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұнда мерекелік көңіл-күй сыйлайтын түрлі фотозоналар мен арт-нысандар да орнатылады.

Абай алаңы

21-25 наурыз күндері сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін Абай алаңында мәдени мұра мен заманауи технологияны біріктіретін NauryzFest фестивалі өтеді.

Республика сарайының алдында ерекше безендірілген киіз үйлер тігіледі. Рухани мұра киіз үйінде Абай, Жамбыл және Дина ойнаған музыкалық аспаптардың көшірмесі қойылып, концерт өтеді. Алматыға саяхат киіз үйінде қонақтар қаланың көрікті жерлерін виртуалды форматта тамашалай алады. Сондай-ақ, шебер Марат Бексұлтановтың қолынан шыққан небәрі 20 минут ішінде құрастыруға болатын Инновациялық киіз үй орнатылады.

Абай алаңында алтыбақан орнатылады, ұлттық ойындар мен түрлі жарыстар өткізеді. Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған арт нысандар да бой көтереді. 21-22 наурыз күндері кешкі уақытта алаңда белгілі әншілер концерт қояды.

Фестиваль аясында бірнеше күн бойы ауқымды қолөнер жәрмеңкесі жұмыс істейді. Қонақтар ағаш ою, зергерлік бұйым жасау, былғары өңдеу және киіз басу өнерін тамашалай алады. Киіз үйлерде шеберлік дәрістері ұйымдастырылып, қонақтар тоқыма тоқу, ұлттық ою-өрнекпен әшекей бұйым дайындау және қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарын жасау өнерін үйрене алады.

Панфилов жаяу жүргіншілер көшесі (Қабанбай батыр көшесінен Төле би көшесіне дейін) заманауи технология мен мәдени кеңістікке айналады. Кіреберісте ерекше әсер беретін LED-экранды арка орнатылады, ал Ғалымжан атты виртуалды аватар мерекелік бағдарлама туралы айтып береді.

Мұнда халық мультимедиалық қондырғы арқылы өзін ұлттық киім киіп тұрғандай көреді, цифрлық субұрқақта жүрекжарды лебізін жолдап, VR арқылы ежелгі дәуірге саяхат жасап, садақ ату сайысына қатысады, виртуалды шайқасты тамашалайды және Наурыз мейрамының тарихына үңіледі.

Бұл алаңда кинетикалық туннель орнатылып, онда ұлттық ою-өрнектер қонақтардың қимылына сай қозғалады. Гастрономиялық аймақта робот даяшылар, аспаздар мен баристалар жұмыс істейді, ал интеллектуалдық «Ой-Думан» ойыны алматылықтар мен қонақтардың Наурыз туралы білімін тексеруге мүмкіндік береді. Бұл алаң 21 және 22 наурызда жұмыс істейді.

Кітап жәрмеңкесі, жазушылармен кездесулер және ұлттық ойындар

21-25 наурыз күндері Алматының Арбатында «Наурыз тойы – мерекем, салт-дәстүрім – берекем» атты ірі кітап жәрмеңкесі өтеді. Қонақтар жазушылармен, публицистермен кездесіп, ақындар мен дәстүрлі өнер шеберлерінің өнерін тамашалай алады. Жаяу жүргіншілер аймағының ортасында шатыр орнатылып, шеберлік дәрістері, ұлттық ойындар бойынша турнирлер және көрсетілімдер ұйымдастырылады.

Абайдың әндерін 5000 адам хормен орындайды

22 наурызда сағат 9:30-да Алматыда Наурыз мейрамына және ұлы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай ақынның әндерін орындау бойынша ауқымды хор перформансы өтеді. Оған белгілі солистер, Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының әртістері, музыкалық оқу орындарының студенттері және қала тұрғындары, жалпы саны 5 мынан аса алматылық қатысады. Олар Абай даңғылы бойында жиналып, «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» және «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін орындайды. Іс-шара Абай даңғылы бойында (Назарбаев пен Достық даңғылдарының арасында) өтеді.

Бұл перформанс жаңару мен бірліктің символына айналып, қаланы ұлттық мұра рухына бөлейді. Мыңдаған қатысушының дауысы үйлесім тауып, қазақ мәдениетінің рухани қуатын бейнелейтін ерекше музыкалық туынды тудырады. Бұл іс-шара Рекордтар кітабына енуі мүмкін.

Түркі әлемінің танымал жұлдыздары

Түркітілдес елдердің белгілі әртістері алматылықтар мен қала қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтайды. 22 наурызда сағат 20:00-де Almaty Arena сахнасында Түркі әлемінің мега жұлдыздары концерті өтеді. Оған Sadraddin, Mustafa Sandal, Roza Zergerli, Алексей Чумаков, Burak Özçivit және «Tynda Music» оркестрі қатысады.

20-25 наурыз аралығында метро бекеттерінде музыкалық перформанстар мен музей көрмелері өтеді. Сондай-ақ, қалада Наурызнама күнтізбесіндегі әр күннің идеологиясы мен мәнін көрсететін бірқатар тақырыптық іс-шара өтеді. Бағдарламада сенбіліктер, қайырымдылық акциялары, қойылымдар, ойындар және түрлі іс-шара бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарсылығынан кейін Құрылтай депутаттары мемлекеттік наградалар туралы заңды қайта қарады 

Депутаттар Президенттің ұсынысын қолдап, мемлекеттік наградалар туралы заңның жекелеген нормаларын жаңа редакцияда қабылдады.

Қарапайым суық тиюге ұқсайды: Дәрігерлер қауіпті инфекцияның таралып жатқанын айтты 

Инфекциясы бастапқыда суық тиюге ұқсап, кейін ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Елімізде 870 мың адам баспана күтіп жүр. Биыл қанша үй салынады?

Қазақстанда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 870 мыңға жетті. Бұл туралы құрылыс және өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаев үкіметтегі брифиңде айтты.

Қазақстанның АҚШ-қа экспорты күрт өсті 

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2,89 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,4%-ға көп.

Қазақстанда ҰБТ форматы өзгереді: Талапкерлерді қандай жаңалық күтіп тұр 

Қазақстанда жоғары оқу орындарына түсу емтиханының жаңа форматы әзірленіп жатыр. Ол талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, сыни ойлауын, цифрлық сауаттылығын, жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын және ақпаратты талдау қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.